Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ДРАМАТУРГИЯ
/
«Қаллеки театры» жаңа маусымын «Абаймен» ашты...

11.09.2025 233

«Қаллеки театры» жаңа маусымын «Абаймен» ашты 12+

«Қаллеки театры» жаңа маусымын «Абаймен» ашты - adebiportal.kz

Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі қазақ халқының рухани тарихымен біте қайнасып жатыр. Дегенмен оның ғұмыры тек шығармашылық табыстар мен ағартушылық ойлардан тұрмай, үлкен қасіреттер мен жеке бас трагедияларына да толы болды.

М.Әуезов пен Л.Соболевтің бірігіп жазған «Абай» спектаклі 1940 жылдан бері театр сахнасына қойылып келеді. Бір қызық жері – осы алғаш сахнаға көтерілген Абай бейнесін тұңғыш рет қазақ ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі - Қалибек Қуанышбаев сомдаған еді. Абай тағдырын сахнада сомдаған тарлан тұлғаның атына қашан театр аты берілсе, содан бері: «Сахна өнерінің Қалибек Қуанышбаев шыққан ең биік шыңы – Абай рөлі», - деп бағаланған «Абай» спектаклі де «Қаллеки театрында» үздіксіз қойылып келеді. Сол үрдіс, сол сабақтастық жалғасын тауып, кеше, Астана қаласындағы «Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры» өзінің отыз бесінші маусымын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай» спектаклімен ашты.

Отыз бесінші маусымының ресми ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қатарлы лауазымды тұлғалармен бірге, елге белгілі қаламгерлер қауымы қатысты.

Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдерінен өрілген спектакль, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы желісі негізінде қойылды. Айдар мен Ажардың дауынан басталатын спектакль, Абай өмірінің соңындағы ең ауыр трагедиясын сахнаға алып шығады.

Негізгі тартыс – Оразбай мен Абай арасындағы қайшылықтан басталады. Оразбай дәулетті, ықпалды, бірақ кертартпа көзқарасты адам еді. Ал Оразбайдың жақтасы Нарымбет бауырының жесірі Ажарды әмеңгерлік жолмен алмақ болады. Бірақ Ажар Нарымбетті ұнатпай, Абайдың сүйікті шәкірті Айдарға қашып кетуі істі ушықтырады. Жастардың бұл қадамы ел салтына қайшы саналып, үлкен дауға айналады. Бірақ Абай жастардың махаббатын қорғап, олардың еркін таңдау құқығын жақтайды. Абай дау кезінде арғы атасы Кеңгірбайдан бастап биліктің тек жауыздық пен қатігездік жасап келе жатқанын, Еңлік-Кебектің тағдыры не болғанын ортаға салып, жастардың таңдауының дұрыс екенін дәлелдеп, үкім шығаруға себепші болады.

Бұл жеңіліс Оразбай бастатқан топтың сағын сындырғанымен ішкі кегін ұлғайтып кеткен еді. Абайға қастандық ойлаған Оразбайлар оның тағы бір шәкірті Керімді азғырып, оған у қосылған шақшаны береді. Ал өнер жарысында үнемі Айдардан ұтыла беретін Керім ол уды Абайға емес, жеке бас қызғанышы мен мойындай алмауының шырмауынан шыға алмай, енді ғана үйленіп, бақытына жеткен Айдарға береді. Абай трагедиясының басы осы Айдар өлімінен бастау алады. Абайдың қабырғасын қақыратып кеткен Айдардың қазасынан соң: «Болашағым!» - деп жүрген сүйікті ұлдары Әбіш пен Мағаштың қатарынан мезгілсіз өлім құшуы, Абайды мүлде есеңгіретіп тастайды. Сахнаға шыққан әр актердің осы атмосфераны барынша шынай әрі жан тебірентерлік шеберлікпен сомдап шыққаны сонша, көрермендерді кино көргендей иіріміне тартып алып кетіп отырды. Ұл ойшылдың қилы өмірінің соңындағы ауыр тағдыры көз алдымыздан тағы бір  мәрте өткендей болды. Әбішпен бірге аһ ұрып, Мағашпен бірге майып болдық. Бойымыз бір ысып-бір суып, Абай болып қайта тірілдік. Сахналық әрлеуі, дыбыс үйлесімділігі, актерлердің шеберлігі бәрі де талай жылдық тәжірибе мен еңбектің жемісі екенін айғақтап тұрды. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында тағы да қос Абайдың бейнесі ортаға шықты. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін  – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдады. Жалпы саны алпыс бес актер қатысқан бұл қойылым Абайдың қасіретке толы өмір жолын терең тебіреніспен бейнелеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Осылайша, «Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры» өзінің отыз бесінші маусымын ұлы ақынның мәңгілік рухына құрмет көрсеткен «Абай» спектаклімен ашып отыр.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар