Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
«Кішкентай мемлекеттегі» үлкен тоталитаризм...

09.09.2025 433

«Кішкентай мемлекеттегі» үлкен тоталитаризм

«Кішкентай мемлекеттегі» үлкен тоталитаризм - adebiportal.kz

Егер жазушының қиялы ұшқыр болса, ғарышпен байланысқа түсуі әбден мүмкін-ау. Дзюнъитиро Танидзакидің «Кішкентай мемлекетін» оқығанда еріксіз осындай ойға қаласың. Мектеп оқушысы Нумакура құрған кішкентай мемлекет ішіндегі тәртіп пен заң біз білетін сталиндік тоталитаризмге айна қатесіз ұқсайды. Танидзаки сталиндік қана емес, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында өзге де елдердегі бірінен соң бірі бой көрсеткен тоталитаристік жүйенің қандай болатынын көзбен көріп білгендей жазып, содан сақтандырғандай әсер қалдырады. 

Былай қарасаңыз, сол уақытта Жапония ғана емес, бүкіл әлемде тоталитаризмнің өзі түгілі, елесі де жоқ еді. Жапония бұл уақытта Тайсе дәуіріне аяқ басқан ел  (жазушы бұл әңгімесін 1918 жылы 32 жасында жазған). Елде парламенттің, саяси партиялардың және азаматтық құқықтардың рөлі арта бастаған кезең. Кейін етек жайған жапондық милитаризм (әскери мақсаттарға басымдық беру) идеясы да осы аралықта енді-енді қалыптаса бастаған болуы мүмкін. Әйтеуір бұл уақытта жапон жұртына да, басқаға да тоталитаризм жат ұғым еді.

Ал енді Танидзаки жазған «Кішкентай мемлекеттегі» үлкен тоталитаризм сұмдық енді! Бұл оқушы Нумакураның класс ішінде құрған кішкентай мемлекеті. «Мемлекеттің» жоғары эшелонында «президент» Нумакурадан кейін «президенттің кеңесшілері», «судьялар», «қаржы министрі», басқа да министрлер, «марапаттарға жауапты тұлға», «агенттер», «барлау қызметі» дегендей толып жатқан өкілеттіліктері бар «лауазым иелері» жұмыс істеді. Олардың бәрі ай сайын «президент» тағайындаған «жалақыларын» алып отырады, қолдан жасаған ақшамен, әрине. Бұл ақша айыбы қолдан жасалды демесең, өздерінің «мемлекеті» ішінде кәдімгідей құнды ақша. Себебі, басында «президент» Нумакураның жарлығымен ата-аналарынан шын ақша алғандардың бәрі өздерінің ішкі «нарығына» барлық қажетті тауарларды сатып алып айналымға қосуға міндетті болды. Соның нәтижесінде «мемлекет» ішінде шынымен де үлкен нарық қалыптасты. Одан өздерінің қолдан жасаған ақшаларымен барлық тауарды сатып алуға болатын еді. Осылайша жасанды ақшалары құнды қағазға айналып шыға келеді. 

Бұл «мемлекеттің» ішіндегі тәртіп те темірдей қатаң болды. Сабақтан кешігу, сабаққа себепсіз қатыспау деген атымен жойылады. Нумакура оқушыдан сабаққа келмей қалған себебін баяндауды талап еткені аздай, айтқан сөзі рас па, жоқ па соны анықтау үшін өзінің «құпия агенттерін» жіберіп сол бойда тексереді. «Барлау қызметі» мектепке келе жатып ойын қызығына түсіп кешігіп қалғандарды, ауырып қалдым деген сылтаумен сабаққа келмегендерді дереу анықтап, өтіріктерін әшкерелеп беріп отырады. Тіпті, аурушаң Хасимотоның өзі сабақтан қалмағанына қарап оқушылар қандай қорқыныштың құрсауында қалғанын шамалауға болатындай.

 Сталиннің кезінде кеудесінде жаны бар адам жұмыстан себепсіз қалмаушы еді ғой. Диктатор басшының шексіз билігі ешкімді де, ештеңені де назардан тыс қалдырмай, бәрін қорқынышпен өз уысында ұстағаны сияқты, Нумакураның билігінен де бүкіл класс қорықты. Тәртіпті бұзғандар аяусыз жазаланды. Күмән туғызғандар арнайы бақылауға алынып, әр сөздері тыңдалды. 

Мұғалім Каидзиманың осы класта оқитын ұлы Кэйтароның өзіне «ұры» деген ауыр айып тағылған соң әкесіне амалсыз білетіндерін айтып жатқанда «онсыз да бәрі менен күдіктенеді! Қазірдің өзінде шпиондар үйдің айналасында тың тыңдап жүрген болар!» деп жылайтын жері бар. Осы жерінде еріксіз төбе құйқаң шымырлап қоя береді. Сталин заманында да арыстарымыздың әр басқан ізі аңдулы, әр сөздері тыңдаулы болып, осындай қыспақта өмір сүрді ғой. Сол ойыңа оралғанда Кэйтароның қорқынышы өз бойыңа көшкендей бойың түршігіп кетеді. 

Кейде билік басына келген бір адам бүкіл қоғамды өзгертіп жіберетіні белгілі. Нумакура билікті өз қолына алғаннан кейін бұл класта да бұрынғы құндылықтар түбегейлі өзгереді. Бұрын олар үшін білім бірінші орында болатын. Оқу үздіктері Накамура мен Судзуки оқушылар арасында үлкен беделге ие еді. Бәрі оларды білімділігі үшін құрметтейтін. Бірақ, соңғы кезде бірнеше жыл қатарынан оқу үздігі болып келе жатқан оқушылардың талантына бұрынғыдай ешкім тамсанбайтын болады. Керісінше, оқу үздіктерінің өзі Нумакураға табынып, соған қызмет етуге көшеді. Оқушылардың барлығында бір мақсат пайда болады – өздерінің Нумакураға адалдығын, шын берілгендігін дәлелдеп отыру! Қоғамда адамдардың барлық қарым-қабілеті, білім-білігі тек көсемнің көңілінен шығуға жұмсалатыны қандай өкінішті?! 

«...Сол күні Нумакура барлығы өзі үшін, тіпті мұғалімнен де қорықпастан, шын ниеттерімен құрбандыққа бара алатынына көзін жеткізді. Ең бірінші болып барлық кінәні өз мойнына алуға батыл түрде әрекеттенген Нода, одан соң Нисимура мен Намакура ең адал берілгендер ретінде көрсеткен ерліктері үшін Нумакураның мадақтауына лайық деп танылды». 

Қандай күлкілі, иә? Біздің мемлекеттік марапат деп әспеттеп жүрген сөлкебайларымыз да көбіне осындай «еңбектері» үшін беріліп жататыны жасырын емес қой. Балалардың ісі екен ғой бәрі!..

Қарап тұрсаңыз, авторитарлық қоғамның ең үлкен қасіреті бұл! Сондай қоғамда ғылым мен білім автоматты түрде екінші орынға ысырылып, билікке жағыну мен жағымпаздану алға шыққанын көзіміз көрді емес пе? Тіпті, жағыну мен жағымпаздану бойынша өзара жарыс та қызу жүріп жататын еді ғой. Осы дерт бойымызға әбден сіңгені сондай, бұл бүгінде біздің қоғамдағы жұмыс істеу дағдымызға, өмір сүру принципімізге айналды. Өзімізге қойылатын ең бірінші талап – басшыға көріне білу, жаға білу. Халыққа қызмет ету, өз жұмысыңды адал атқару деген әншейін баланың әңгімесі секілді әсер ететін болып қалды. Әр деңгейдегі басшылар өз кезегінде өзін тағайындағандарға көрінуге, соның көңіліне жағатын іс атқаруға тырысып жанталасады. Басқасының құны көк тиын, күл болмаса, бүл болсын! Өз принциптерін ұстану, саланы зерттеп жұмысқа жаңаша бағыт енгізу, бұрыннан қызмет атқарып келе жатқандардың тәжірибесін ескере отырып, саланы дамытудың жолдарын іздеу – өкінішке қарай, мұндай жұмыс дағдысы бізге әлі алыстау.

Әңгімедегі Нумакураның образы – бұл тоталитарлық биліктің жиынтық образы. Көзқарасы суықтау баланың болмысы жұмбақ, жан-дүниесі құпияға толы. Жиырма жылдай ұстаз болған Каидзиманың өзі оны қанша бақыласа да мінезін ұға алмайды. Оның осындай шексіз билікке қандай қасиетімен ие болғанын түсінбей дал болады. «Ол, сөз жоқ, бұл жүгірмектерге әмірін жүргізді, бірақ біртүрлі басқаша жүргізді» деп іштей таң қалады Каидзима. Иә, биліктің табиғаты сондай – жұмбақ, құпия! Сталин, Гитлер жұмбағын шешуге тырысқан қаншама туындылар жазылғанымен, құпиясын ашқан ешкім жоқ. Осы әңгімеде де Нумакураның жұмбақ болмысы сол жұмбақ күйінде қалады...

Енді осы шығарма жазылған уақытқа назар аударып, тарихқа шолу жасасақ, 1910-20 жылдар аралығында Жапонияда да басқа елдердегі сияқты жұмысшылар «ақырып теңдік сұрап» бейбіт шерулер өткізе бастаған. Жұмысшы таптың арасында белсенділер бой көрсетіп, биілікке кәдімгідей қауіп төндірген екен.

Танидзаки осы әңгімені жазғанда бұл қозғалыстар одан әрі қанат жая берсе, билік басына жұмысшы тап өкілі келсе қалай болады деген сұраққа жауап іздеп, қиялымен бәрін айна-қатесіз көз алдына елестетіп қағазға түсіргендей көрінеді. Себебі Нумакура да кедей отбасынан шыққан қарапайым тоқымашының баласы ғой. Автор оны «кеспірсіз түрі мен лас киімдері Нумакураның кедей отбасынан шыққанын әйгілеп тұратын» деп суреттейді. Иә, кедей тоқымашының баласы байдың да, бағыланның да балаларын өзіне сөзсіз бағындырып, шексіз биліктің иесіне айналады. Ешкімде жеке өмір деген қалмайды, бәрі бақылауда, бәрі қатаң қадағалауда жүреді. Қаршадай бала мұндай жүйені қайдан біледі? Әрине, диктатор билеуші қай елде де, қай заманда да болды ғой. Алайда, тыңшылық жасау, «қауіпті элементтерді» бақылауға алып, әр басқан ізін аңду, қоғамның барлық мүшесін беймәлім қорқынышта ұстау сияқты тоталитаристік жүйе тарихта Дзюнъитиро Танидзакидің «Кішкентай мемлекеті» жарық көргеннен кейін бой көрсетті. Мысал ретінде айтсақ, сол ХХ ғасырдың бас жағы мен орта шенінде КСРО-да, фашистік Германияда, фашистік Италияда, Солтүстік Кореяда, Қытай Халық республикасында бірінен соң бірі бұрын тарихта болып көрмеген біз әңгіме етіп отырған «Кішкентай мемлекеттегіден» айнымайтын тоталитаристік жүйе өмірге келді. «Википедиядан» сұрасаңыз да тоталитаристік жүйенің ең танымал диктаторлары ретінде осы елдердің басшыларын шығарып береді. 

Және бір қызығы, бұлардың бәрі де қарапайым, кедей отбасынан шыққандар. Мәселен, Италиядағы ұлтшыл-фашистік партияның жетекшісі, елдің премьер-министрі болған Бенито Муссолини қарапайым ұстаның баласы болса, Солтүстік Кореяда дәл осындай тоталитаристік жүйе құрған Ким Ир Сен ауыл мұғалімінің отбасында дүниеге келген. Қытайдағы темірдей тәртіптің атасы – Мао Цзэдунның әкесі ауқатты шаруа. Ал Сталин фабрикадағы қарапайым етікшінің баласы, фашистік Германияның көшбасшысы Адольф Гитлер болса, кедендегі қатардағы қызметкердің шаңырағында өскен бала екен.

Жәй әншейін сәйкестік пе, әлде заңдылық па, ол жағын ажыратып айту қиын, әйтеуір кедей отбасынан шыққандардың билік басына көп келуі осы ХХ ғасырда көбірек болды. Оған дейінгілердің арасында ең төменгі таптан шығып билік басына келгендер аракідік болар, бірақ тап ХХ ғасырдағыдай көп болмағаны анық. 

Осыған қарап Танидзакидің ұшқыр қиялы, терең түйсігі жаңа ғасырда болатын саяси өзгерістерді тамыршыдай күні бұрын тап басып болжай білген-ау деп ой түйесің.

 

***

 

Айта кету керек, бұл шығарманың қатпары әлденеше қабаттан тұрады. Біздің советтік санамыз ә дегенде әңгімені жиырмасыншы ғасырдың басында Жапониядағы мұғалімдердің ауыр тұрмысын, қиын әлеуметтік ахуалын арқау еткен туынды ретінде қабылдап қалуы мүмкін. Бірақ, байыппен ойланып көрсең, самурайлық кодекспен тәрбиеленетін жапон жұрты кедейшілікке, жоқшылыққа тап біз секілді жаны ауырып, жүрегі езілмесе керек-ті. Олардың бұған қатысты түсінігі мүлдем басқа. Сенеканың «Табиғаттың заңымен сәйкесетін кедейлік – үлкен байлық» деген сөзі бар еді ғой, жапондардың да кедейшілік туралы түсінігі осы төңіректе. Яғни, ешкімнің қыспағынсыз табиғаттың жазуымен кедей болу анау айтқандай қасірет емес. Сондықтан оларда жоқшылыққа төзімділік пен табандылық таныту қалыпты нәрсе саналады.

Ал біздің жағдайымыз бұдан бөлек. Біз деген қолдан әдейі жоспарлы түрде жасалған қырғын мен аштықтың құрбаны болған халықпыз. Адамзат тарихындағы алапат аштық еді ол! Адамдар бірінің етін бірі жеуге дейін барды. Осындай деңгейге дейін жабайылану адамзат тарихында бұрын-соңды болды ма десеңізші!? Сол аштықтың үрейі ұлттың санасына берік орнығып қалды. Ауыр тұрмыс, сіңірі шыққан жоқшылық туралы шығармаға аса сезімтал келеміз, жүрегіміз аяушылықтан езіліп кете жаздайды, әсіресе қазақтың әлеуметтік ахуалы баяндалған туынды болса, кейіпкермен бірге боздап кетеміз ғой. Санамыз Сенека айтқан түсінікті сіңіргенше бізде әлі қанша ұрпақ ауысуы керектігін болжап айту қиын. 

Осы тұрғыдан келгенде Танидзаки оқырманның сезімінде ойнауды мақсат тұтатын жазушы емес деп ой түюге әбден болады. Меніңше, ол кедейшілікті, жоқшылықты адамның ішкі психологиялық дағдарысы, рухани тоқырауының сыртқы көрінісі ретінде алған ба деймін. Бұл арада кедейлік адамның ішкі дүниесінің жалаңаштанып көрінуі, өзіне елеусіз қаншалықты деңгейде жұтандағанын білдіретін символ ретінде алынған. Өйткені басты кейіпкердің ішкі психологиялық қайшылығы күрделене түскен сайын жоқшылықтың құрдымына кете береді.

Шығармада басты кейіпкер Каидзиманың ішкі қайшылығы елеусіздеу басталады.  Ол басында ғалым болсам, өмірімді Жапония мен Қытайдың тарихын зерттеуге арнасам деп армандайды. Бірақ өзі сол арманына жету жолында ешқандай әрекет жасамайды, мақсатқа жету жолында күреспейді. Педагогикалық училищені ғана бітіріп шығып, бір жерге қарапайым мұғалім болып орналасады. «Осындағы еңбекақымен материалдық жағдайымды жақсартсам, кейін өз бетімше оқумен айналысармын» деп жұбатады өзін. Уақыт деген қатал сыншы – ол кімді күтуші еді?!  Сен уақытқа билігіңді жүргізбесең, уақыт сені өз иіріміне салып дөңгелетіп ала жөнеледі екен. Көп өтпей отбасын құрған Каидзима да сол уақыттың ырқымен өзінің бұрынғы армандарынан алыстағанның үстіне алыстай түседі. Барлық қарапайым адамдар сияқты барға қанағат, жоққа салауат айтуды үйренеді. Қатардағы мұғалімнің азғантай жалақысы жыл аралатып көбейе бастаған отбасын асырауға да аздық ете бастайды. Токионың талай ауданында мұғалім болған ол ақыры жеті баласы кедейшілікті қатты сезінбес үшін провинциялық қалаға қоныс аударуға мәжбүр болады.

Адам деген күрделі жаратылыс қой, кейде өзге түгіл өз жаны өзіне жұмбақ. Сонау 18-ғасырдағы көрнекті ойшылдардың бірі Григорий Сковорода «Адам көп артық нәрселерді білгеннен емес, ең қажеттісі: өзін жете білмегендіктің зардабын тартады» деген екен. Расында да, біз өзімізді өзіміз жақсы білсек, бұл өмір әлдеқайда жеңіл, әлдеқайда оңай болар ма еді?! Каидзиманың қателігі де осында еді. Ол өзін бала психологиясын жақсы білетін, жан-дүниесін терең түсінетін мұғалім санайтын. Әрине, біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол кез келген мұғалімнің өзі жайлы осындай ой түюі әбден орынды ғой. Әйтсе де, класқа Нумакура есімді жаңа оқушы келгенде бәрі керісінше болып шығады. Каидзима жиырма жылдай ұстаз болғанда ондай бала кездестіріп көрмеген екен. Бұл оқушымен қалай қарым-қатынас құрарын білмей, оның алдында өзі де түсінбейтін бір ыңғайсыздықты сезінген Каидзимаға қарап, ұстаздың кәсіби тұрғыдан әлі де толық жетілмегенін көреміз. Автор бәлкім бұл жерде адам баласының тіпті жылдар бойы айналысқан кәсібінде, мейлі көпшіліктің аузында жақсы маман аталса да, бәрібір ең шыңына көтеріле алмайтынын меңзеген болуы да мүмкін. Қалай дегенмен де біздің ақыл-санамыз өлшеулі, ал ғаламның ілім-білімі өлшеусіз ғой, тіпті бір саланың білімін толық игеруге адамның шамасы жете ме екен?

Қай жағынан алып қарағанда да тығырыққа тірелген Каидзиманың әр сәт сайын өз-өзіне сүйсіне беруі – автордың  шығарманың негізгі идеясына жасаған тұспалы секілді. Ең бірінші, аз уақытта бүкіл класты өзіне бағындырып үлгерген Нумакурамен жеке сөйлесіп, оның жүрегіне жол тапқандай болғанда ол өзіне өзі қатты сүйсінеді. Баланы өзіне көмекші қылып алғанда, «қалай дегенмен мектептегі көп жылғы жұмысым бір нәрсеге татитын болғаны да!» деп іштей масаттанады. Келесі күні-ақ Нумакурамен арадағы әңгіменің оң нәтижесі көріне бастағанда өзіне қатты көңілі толып, екі езуі екі құлағына жеткенше мәз болады. Оның өзіне сүйсінуі осылай жалғаса береді.

Иә, басында бәрі керемет болып көрінген... Класта темірдей тәртіп орнап, оқушылардың сабаққа қатысуы, үлгерімі де бұрынғыдан жақсарып, Каидзима іштей өзінің баланың жүрегіне жол таба білгеніне, Нумакураның ерекше беделін бүкіл класс үшін пайдалы іске жұмсай алғанына масайрап, мақтанып жүреді. 

Бірақ оның бұл қуанышы ұзаққа созылмайды. Оның мұғалім ретінде бар беделінен айырылғаны әңгіменің ең соңғы кульминациясында анық көрінеді. Мұғалімнің ең сенімді көмекшісіне айналған Нумакура кластағы өз билігін одан әрі нығайтып, Каидзима тағайындаған кластың топ жетекшісі «лауазымын» қысқартып, жұдырығы дәу баланы бақылаушы етіп қояды. Біртіндеп басқа да жаңа лауазымдар бекітіліп, ақырында «президент», «министрлері», өзге де қоғам мүшелері бар кәдімгідей кішкентай мемлекет құрады, өзінің ақша, тауар айналымын жолға қойып, лауазым иелеріне «жалақы» да тағайындайды. 

Ал бір кездері тентек баланы ақылмен өзімнің көмекшіме айналдыра білдім деп іштей масайраған Каидзима ақыр соңында өзі сол баланың – кішкентай мемлекеттің президентінің уәзірі болады, ашыққан емшектегі баласына сүт алып тұруы үшін.

Каидзима неліктен осындай жағдайға түсті? Қос өкпеден қысқан жоқшылық, бүкіл отбасына төніп тұрған ажалдың (өкпе ауруына шалдыққан жұбайы хәл үстінде, анасы мен баласы да науқас) кесірінен бе? Сондай тұжырым жасайын десең, Нумакураның кішкентай мемлекетіне қабылданған Каидзиманың «сәбиіме сүт алып тұратын болдым. Жоқ, қалай десең де, балалармен тілдесе білетін тәжірибем бар» деп өз-өзіне риза болуы – оқырманның назарын бірден басқа нәрсеге бұрады. Дәл осы арада барып жалпы Каидзиманың болмысы туралы ойланасың. Оның уақыттан ұтылғанын, содан кейінгі өмірінде өзін алдаумен күн кешкенін, тоқырауға ұшырағанын, не болса соған мәз болатын дәрежеге дейін төмендегенін түсінесің.

Шынында, әбден жер болған, жеңілген үй-ішімен ажалдың тырнағында тұрған Каидзиманың өзі жайлы осындай ой түюі – адамның ішкі «эгосы» тым өсіп кетсе қандай күйге жеткізетінін көрсетіп тұр. Бұдан қандай жағдайда да өзіне шаң жуытпайтын, қашан да өзі жайлы пікірі жоғары болатын адамның табиғаты менмұндалап тұрған жоқ па?

Меңдолла Шамұратов


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар