Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ДРАМАТУРГИЯ
/
Сәбит Жәмбек. Шоқан боп сүйген жүрек (драма)...

13.08.2025 1193

Сәбит Жәмбек. Шоқан боп сүйген жүрек (драма) 14+

Сәбит Жәмбек. Шоқан боп сүйген жүрек (драма) - adebiportal.kz

Филолог ғалым, жазушы, драматург, Көкшетау университетінің профессоры Сәбит Жәмбектің «ШОҚАН БОП СҮЙГЕН ЖҮРЕК» атты монологқа құрылған публистикалық әдеби драмасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

ҚАТЫСУШЫЛАР: 

Шоқан – қазақ ғалымы, офицер

Айғаным – Шоқанның әжесі, Уәлиханның бәйбішесі

Х.Файызхан – татар оқымыстысы

Настя – Голицындер әулетінен, Шоқанның сүйіктісі

Дуров, Майков – Шоқанның орыс достары

М.Г.Черняев – Орыс армиясының полковнигі, Орта Азияны отарлаушы экспедициялық корпустың қолбасшысы

Шыңғыс Уәлиханов – Шоқанның әкесі, орыс армиясының полковнигі

Ибрагим Ибрагимов – татар оқымыстысы, Шоқанның досы

1 көрініс

Айғаным жалғыз. Сырымбеттегі Айғаным усадьбасы. Айғаным қалың ой үстінде. Шоқанның Петербургке сапары Айғанымның жүрегін мазалап, толғанысқа түсірген. 

Айғаным: Тағдыры талайлы халқының, алмағайып тағдыр жазған әулеттің үміт шырағы, ойға нәр, жүректе азық болған Шоқаным, шоқанжан да алыс сапарға кетіп бара жатыр. Петербор сапарына. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы, қоңыр боташым, қоңыр құлыным! Қайда жүрсең Алла қолдап, бабаң Абылайдың рухы жебей берсін әмәндә!

(Аз ойланып): Ой тұман, беймәлім күдік, болжаусыз сапар, ауыр жол! Жаратқан, көз қырыңды сала гөр! Тіл көзден, дұшпанның сұғынан сақта! Мұхамед Қанапия деген азан шақырып қойған есіміңді Шоқан деп еркелетіп атаған мен едім. Қазір орыс, қазақтың бәрі Шоқан деп атайды. Содан бері көз алдымда өсіп келе жатсын. Сегіз қырлы, бір сырлы сипатың достың да дұшпанның да назарында. Жігіттің сұлтаны дейтіндей сұңқар бітімің алыс, жақын қазақтың бәріне аян. Атақ дәрпің алыс жақын елдің бәріне тарап жатыр. Алла берген асыл қасиеттерің мен әплатандай ақылың сонау Петербордағы орыс оқымыстылары мен ақ патшаның өз құлағына жеткен! Тек өз әулетің, өз нәсілің емес, барша халқынның, барша еліңнің тұғыры, маңдайындағы жарқыраған жұлдызы болуға жазсын, иләйім!

2 көрініс

Сырымбеттегі хан әулеттің усадьбасы. Айғаным әжесінің жанында тізесін бүгіп Шоқан отыр. Қыр  бозбалаларынша қазақша жеңіл киінген. Үстінде жеңіл ақ көйлек. Қонымды бешпет киген.

Айғаным: Шоқанжан, өзің сынық, шаршаулысың ғой. Өзің ұйықтамағансың ба?

Шоқан: Әже, асыл әжем, бәрі де орынша. Петербор сапарына байланысты оны мұны реттейтін қағаздарым бар еді, соларды қарайын деп кештеу жатып едім. Уақыт тар. О жақтағы үлкен оқымыстылар мен ұлықтар алдында тиянақты есеп беруім керек.

Айғаным: Әйтеуір өзіңді шаршатып алмасаң болды. Бүкіл әулеттің тірегі де, үміті де өзіңсің ғой! Қайда жүрсең де амандығың қажет.

Шоқан: Қам жемеңіз, әже! Өмірдегі негізгі діттегенім жұмысымның тиянақты болып, мән маңызың артуында ғой. Елге келгелі сары қымыз ішіп, біраз жақсы болып қалдым. Шіркін, қымыз сусынына жететін ештеңе жоқ қой! Дәру сусын ғой. Уайымдамаңыз әже. Өзімді күтуге де уақыт тауып жатырмын. Көрші ауылдарға да барып, осындағы достарыммен, бір екі рет аңға да шығып қайттық. Қанқожа ағамның қобызда салған күйлерінде тыңдап, біраз жасап қалдым. Өзіңіз де көп уайымдамай бермеңіз. Сары уайымда адамға көп жақсылық әкелмейді ғой, әже. Саулық жайын өзіңізде ойласаңыз, әже! Біз жаныңызда еркелеп жүре берейік.

Айғаным: Көңіліне рақмет, Шоқанжан. Үлкен жолда жүргеннен кейін, саулығыңа ақау түспесін дейім де. Орта жолда болдырып қалған да  жақсылық емес. Бізді қойшы, осы өмірде асарымызды асадық, жасарымызды жасадық қой! Ащы-тұщысын таттық. Кешегі өткен ұлы нағашың Сарғалдақ қожаның шаңырағынан шығып, осы орданың шаңырағына келін болып аттағалы, құт берекені аз көргеніміз жоқ. Кешегі өткен таң Уәли шаңырағын шайқалтпай, құт берекесін сақтап, еселей беру қолымыздан келгені, Келмегеніне шара жоқ...

Қарағым, үлкен жолға аттанып бара жатырсың. Сені сынаушылар да, мінеушілер де, бетіңе көлгірсіп мадақтаушылар да көп табылар. Пенде атаулыны күнәдан пәк, қатеден шет деп болмас. Күдік-күмәні мол мынау талайсыз ғұмырда талайлар адасып, салдары суға кетпеді ме?! Бейопа тіршілікте талайлар ескексіз қайықта маңып, таяз суда қайырлағандай қайырсыз күй кешпеді ме?!

Сенің жөнің де, жолың да басқа ма деймін. Аналық жүрегім сезеді, болашақта еліңе жарық жұлдыз болатын ұлы жол ма деймін сенікі?!

Арғы бабаларың да құт дарыған, береке нәсіл еді. Арғы тарихты алып қарасақ, өзінің сайыпқыран сарбаздарымен, жаужүрек нояндары, ер жүрек баһадүрлерімен ат ойнатып, жарты әлемді дәргейіне қаратқан кешегі бабаң ержүрек Шыңғыс, Шыңғыстағы аузын арандай ашқан Қытай аждаһасы, қиғаш қабақ шүршіттердің  жымысқы саясатына, теріскейдегі орыс аюы Ресейдің өктем, озбыр саясатына мойын ұсынбай сұңғыла саясаткер ретінде олармен тіл табыса білген, қазақтың елін ел етсем, жерін жер етсем деп, бар күш жігер, қажыр қайратын аямай, бел суытпай, ат үстінен түспей, ат үстінен су ішкен, барлық ғұмыры жанталаста, арпалыста өткен, алтын тақтың үстінде, үш жүздің басын құраған артық туған кешегі  өткен бабаң ер Абылай қырық жылдай ел билеп, өзінің жарты ғасырлық билігінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан елге тыныштық, береке бірлік, құт дарытқан қазақтың әулие ханы, кешегі өткен атаң Уәли, өзінің парасатты билігімен елге ықпалды, аузы дуалы, сөзі уәлі болған әкең аға  сұлтан Шыңғыс - Міне, осылардың барлығы да өзің беттеген тұғыры биік жолдың шамшырақтары емес пе ?!

Шоқан: Иә, көкірегінде түйсігі, көңілінде сәулесі бар жан ұғатындай көп сөз айттыңыз. Патшаның әскери де қызметінде жүрген адамбыз ғой. Өзіңіз үміт еткен үдеден шыға аламыз ба, жоқ па, оны бір Алла, болашақ көрсетер. Бар мақсатым да, арманым да өзім туып өскен елге, халқыма қалтқысыз қызмет етсем деген ой мазалайды мені. Өз елімнің ешкімнен кем емес, асқақ бітімін, рухани болмысын, биік мәдениетін өзге жұрттарға, әсіресе, Еуропа, орыс жұртына танытып насихаттасам деген ой менікі. Өзіңізден нәр алған перзенттік жүрегіммен айтайын. Менің туған халқымның, қазақтардың өркениеті елдердің ешбірінен кем емес, ұлы мәдениеттің иесі екендігіне көзім кәміл жеткендей. Имандай шыным, әже! Қазақтарды бір кездері ұлы болашақ күтіп тұрғанына сенгендеймін.

Айғаным: Иә, Шоқанжан айтып отырғаныңның бәрі де дұрыс. Сенің туған халқына деген махабатынды мен де түсінемін. Көкірегіндегі түйсік қабілетің бойындағы парасат пайымың халқыңның болашағы туралы болжап айтып отырған сөздерінді менің де кәрі жүрегім аңдайды. Сол жолда болдырып, босап, тұяғың шайырылып, қанатың қайырылып, сағың сынбасын дейім де. Ол жолға әкету үшін де қуатты күш жігер, қайрат, кең төзім қажет. Өзіңді күтпейсің, құлыным! Денсаулығыңа бекем бол! Қырдың таза ауасын жұтып, өзіңді сары қымыздан ірікпе! Ала қағазды үнемі ақтара бермей, бір мезгіл сейіл серуен құр! Жиын тойларға бар! Халқыңның мұң мүддесін, арман тілегін түсін! Үлкендердің ұлағатты сөзін көкірегіне түй, данышпандық ойларын көңіле сақта! Иә, елден жырақ, алыс жер, шаһар тірлігі, үнемі топырақтан қол үзбе, еліңді ойдан шығарма,  халқыңның мұң мүддесі жүрегіңнің бір түкпірінде жатсын!

Шоқан: Әже, көп сөз айттыңыз. Сіздің көп ойларыңыз менің де ішкі ойларммен үндесіп жатыр. Айтқан ақыл кеңестеріңізді әмәнда еске алып жүремін. Халқымның мұң мүддесі, арман тілегі есімнен ешқашанда шықпақ емес. Ресей сияқты алып елдің қанатының астында отырсақ та, өзіміздің елдік арман тілекті, мұң мүддемізді, болашақ бағдар, жолымызды, өзіндік салт дәстүр, заң жаралғымызды, бабалар қалдырған ұлы мідениетімізді тіпті де ұмытуға болмайды! Еуропа, Ресей сияқты елдердің ғылыми мәдени жетістіктерін игере отырып, төлтума бітім, сара жолымызды айқындауымыз керек! Осы жолда соңғы демім біткенше еңбек етуден шаршамаймын, әже! Бабаларымның рухы жебеп, өзіңіздің маған артқан үмітіңізді, арман тілегіңізді алға апарсам деймін. Әже, батаңызды беріңіз маған!

Айғаным (Айғаным қолын жайып бата береді):

 

Жолыңды Алла қолдасың,                             

Жаманшылық болмасын.                           

Қызыр ата болсын жолдасын,

Жолынды кескен оңбасын.

Сәтті болсын істерің,

Жақсы болсын түстерің,

Жұмсақ болсын ішкенің,

Көрмеген жерді көріп қайт,

Ырзығынды теріп қайт,

Айдарыңнан жел есіп,

Желіп  барып, желіп қайт, Әумин!!!!

3 көрініс (Паралельді әлем)

Шоқан монологы: Әжем! Жан әжем! Қазір не істеп  жүр екенсіз?! Мені сағынып, торығып, ой-тұманына батып жүрсіз бе?! Қиналып, толқып жүргенімді сезіп, жаратқан Алладан медет тілеп, сыйынып жүрсіз бе?! Мен сізден қазір өте алыстамын әже! Дәл қазір мен сіздің мейірім-шуағыңызды жылылығыңызды аңсап жүрмін. Өткенде айтқан сөздерің есімнен кетер емес. Түсінер жанға өте лұғатты сөз айттыңыз. Дүниені қырық айналсам да, сіздей асыл әже табылар ма?! Әже, мен үшін ертең жауапты күн. Саяхатта көрген мехнат-азабымды, түн ұйқымды төрт бөліп, сарсылып отырып жазған еңбектерімнің ғылыми қауым алдында безбенге салынып, таразыланар,  сарапталар күні ертең. Бірінші жаратқан Алладан, екінші алыста жатқан өзіңнен медет тілеймін.

(Сол кезде сахна қараңғыланып, аппақ сәуле арасында аппақ кимешек киген, түр тұлғасы сәулетті, жүзінен мейірім төгілген Айғаным көрінеді.)

Айғаным монологы: О, қоңыр қозым, құлыншағым Шоқан! Сонау алыс Петерборда  қазір қандай күй кешіп жүр екенсің?! Жүрегім сезеді, қазір саған да оңай болып жүрген жоқ шығар?! Дос бар, дұшпан бар сыншыларың да көп шығар. Әулетіңнен қара  үзіп шығып, халқыңның арман-тілегін, мақсат-мүддесін сонау алыстағы жат жұрттарға таныстырып жүрген, жалғыз өзің! Осынау үлкен жолда, құлыным сағың сынбасын, тұяғың кетіліп, қанатың қайырылмасын! Алла жар беріп, Абылай бабаңның рухы жебей берсін әмәнда! Дос сүйініп, дұшпаның күйінетіндей еңбегің танылсын?!! Өзіңді жассынбай, дос тұтып жүрген жастары үлкен ғалым достарың әрдайым қолдай берсің! Еліңнің халқыңның мерейін әрқашанда үстем ете бер! Біздің тілек те осы! Күні түні жаратқан өзіңнің амандығынды ғана тілеймін, құлыным! Еліңе тез оралып, бізді қуандыруға жазсын!

4 көрініс

(Императорлық Географиялық Қоғамның мәжілісінен кейінгі үлкен бал. Жұрт дөңгеленіп билеп жүр. Бір шетте Шоқан мен оның ұстазы, татардың ағартушы-ғалымы Хұсайын Файызхан екеуі оңаша әңгімелесіп тұр. )

Хұсайын: - Шоқанжан, бүгінгі Қоғамда жасаған баяндамаң бүкіл Ресей мен шетелдің оқымысты қауымын дүр сілкіндіріп, үлкен жаңалық ашқан, салиқалы баяндама болды. Шынын айтсақ,  ғылыми ортада үлкен сілкініс тудырған зор оқиға болды. Дос сүйінді, дұшпан күйінді. Сенің баяндамаңнан кейін расында өзімді түркі халықтарының өкілі болып, туылғанымды зор бақыт деп сезіндім. Сен ғылыми ортаның қасқа мен жайсаңдарына түркі халықтарының әдебиеті, мәдениеті, өнері, рухани жан-дүниесі жайлы тамаша толғанысты ойларыңды жеткіздің. Сендей ұлдары бар түркі халқының болашағы да жаман болмас, сірә?!

Шоқан: - Хұсайын абзи, жылы сөзіңізге, лебізіңізге мың мәрте рахмет! Ғылым жолындағы ұстазым да, ақылшым да, ағам да өзіңіз! Сізге лайықты іні бола алсам жарады!

Хұсайын: - Шоқанжан байқадың ба? Қазір  саған үлкен де, кіші де сүйсіне қарауда, Әсіресе сүйкімді бикештер жағы! (Хұсайын көзін сығырайтып, Шоқанға қарап қулана күлімсірейді) Қалжыным ғой, Шоқанжан! Бірақ менің көзіме осы бикеш-бикештің өзіңе қарасы біртүрлі сияқты көрінеді. Ол жай құмарлық емес, өзіңді жан-тәнімен түсінген, шын сүйсінген, ынты шынтымен берілген, ынтызар, іңкәр жан сияқты. Сөзімді тыңдасаң, ақырын барып, танысқаның жөн деп  санап отырмын. Түбі өзіңді ұғатын, жан-дүниеңді түсінетін бекзат қыз тәрізді. Ренжімесең барып таныс! Кейін неге айтты демессің! Ағаңның бір ақылын ал!

Шоқан: - Хұсайын абзи, сіз мені қинадыңыз ғой. Сіздің алдыңызда абыржып тұрмын. Бір түрлі  ыңғайсыздау сияқты.  Сіз айтқан бикеш Голициндер әулетінен шыққан Анастасия Николаевна ғой. Бағана мәжілістегі баяндамадан кейін ерекше құттықтағандардың бірі осы қыз болды. Өзін сонда таныстырған. Ибалы, тәрбиелі, бекзат қыз екен. Білімге өте құштар екен. Сонысы ұнады. Сіздің сөзіңіз қамшы болып, расында танысқаным жөн сияқты. Тартынғаным дұрыс болмас. Аға ақылын алғаным да дұрыс. Қазір биге шақырып, танысам.

Файызхан: Шоқанжан, бүгінгі қоғамда жасаған баяндамаң бүкіл Ресей мен шетелдің оқымысты қауымен дүр сілкіндіріп, үлкен жаңалық ашқан, салиқалы баяндама болды. Шыңымды айтсам, ғылыми ортада үлкен сілкініс. 

5 көрініс

Санкт-Петербург. Шоқан жалғыз. Жүзінде сәл абыржу, толқу бар. Ішкі жан дүниесіндегі арпалысты ой сезімдері қияға тартып, шарпысу үстінде...

Шоқан: Иә, ертең императорлық географиялық қоғаммен Ғылым академиясының біріккен алқалы мәжілісі күтіп тұр. Оңай емес. Шығыстанумен түркологияның жілігін шағып майын ішкен, шет елмен орыс ориенталистиканың жаймен жайсаңдары қатыспақ. Олардың алдында сөз сөйлеу де оңай емес. Оларды қызықтыратын сауалдардар да аз болмас. Дайындық жаман емес. Баяндаманы екі үш рет оқып шықтым. Тілектес, дос-жаран адамдарда қолдау білдіріп жатыр. Солардың ішінде ұстазымдай, дос болып кеткен Хұсайын Фазылханмен, жанымдай досым Ибрагим Ибрагимович Ибрагимовтарды қайда қоясың!? Шіркін, есепті бағдарламады тезірек бітіріп, бір демалсам! Барлығын ұмытып, көңіл сергітер уақыт табылар ма екен!? Өткендегі кінәз Юсуповтардың сарайында болған бал, естен де көңілден де кетер емес! Сол балдың гүлі болған, періштедей үлбіреген тегі Голицындардың әулетінен шыққан Настяны ұмыту мүмкін бе!?

     Анастасия Николаевна, өзіңмен тағы да бір кездесу мүмкіндігі болар ма екен!? Кәдімгідей, ішкі сырдың барлығын жайып салсам! Арманым болмас еді-ау!

6 көрініс

 (Санкт-Петербург жағалауы. Голицындар әулетінің мекен жайы. Оңаша қонақ бөлмеде (гостинная) Шоқанмен Анастасия Николаевна).

Шоқан: Настя, өзіңмен танысқаннан кейін, тағы да кездесу мүмкіндігін жасағаныңа рахмет!

Настия: Оқасы жоқ Шоқан. Өзіңдей білімді азаматпен өзімде көптен бері сырласқым келіп жүрген еді. Соның орайын енді тауып отырмын. Тек қана білімді ғана емес, құпиясы да жұмбағы да мол Шығыстың әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын, өнерін, тарихын, бес саусақтай білетін, өзі де сол шығыстың ортасынан шыққан, білімді, оқымысты жігітті кездестірем  деген ой менің үш ұйыктасамда түсіме кірмеп еді. Жаратқанның осындай кездесуді бұйыртқанына мың да бір шүкір!

Шоқан: Настя, лебізіңізге рахмет! Әлбетте, осындай кездесуді менде көптен күткен едім. Сіздің мейірбан жүзіңіз, жымиған күлкіңіз, сол алғашқы көрген күннен мүлде есімнен шықпай қойды. Бір-екі рет түсіме де кірдіңіз. Әсіресе, сіздің кейпіңіз... Ақша бұлттардың үстінде жеңіл қалқып жүрген періште дерсіз... Сондай бір әсем де буалдыр әлем. Көңіл жетпейтіндей тұңғиық. Қол жетпейтіндей алыс. Сөйтіп жатып оянып кетем.

Настя: Қойызшы, Шоқан! Алдыңызда тұрмын ғой! (күлімсіреп) Періштелерді көру мүмкін емес. Ал мен көз алдыңыздамын. Қолыңызды тигізуіңізге де болады. (Настя Шоқанға қолын ұсынады. Шоқан Настяның қолын алып, аялап, сипап тұрып қалады)

Шоқан: Настя! Көзіме сене алар емеспін. Өңім бе түсім бе?! Түсім дейін десем, үлбіреген мүбәрак саусақтарыңызды, жылы алақаныңызды ұстап тұрмын. Өңім дейін десем, сіздей періште сипатты ару қолжеткісіз алыста тұрғандай бола береді. Осы сәтте өн бойымнан қандай сезімдерді, коңіл күйді бастан кешіріп тұрғаныма өзім де қайранмын, Настя!

Настя: - Сенемін, Шоқан! Мен де шынымды айтсам, өзі білімді, ақылды, Шығыстың дегдар бекзада жігітін Санкт-Петербургте кездестірем деп ойлаппын ба?!

Шоқан: - Лебізіңе рахмет, Настя! Өзіңізбен танысуым ғылымнан басқаны ойламаққа тарс бекінген тас жүрегімді ерітіп жібіргендей болды. Осының кілті өзіңізде сияқты, Настя! Сенесіз бе, мен қазір қанат байлап, ақша бұлттардың үстінде ұшып жүргендеймін.

Настя: - Шоқан, маған деген риясыз көңіліңізге, жүрек сырыңызға рахмет. Шынымды айтсам менің де көңіл күйім алабұртулы, өзгеше бір әлемде жүргендеймін. Сіздің үніңіз, жүріс тұрысыңыз, сөйлеген сөзіңіз мені бір сиқырлап тастағандай. Өткендегі Ғылым академиясының мәжілісінде сөйлеген сөзіңіздің әсерінен әлі де арыла алар емеспін. Менің ғана емес сол мәжіліске қатысқандарының көпшілігінің де жүректерін сіздің сөздеріңіздің әсері жаулап алған секілді. Зал дүркіреп қол соқты.

Шоқан: - Настя, маған десең шынайы ілтипатыңызды құп аламын. Көкіректен айтылар сөз, ақтарылар сыр әлі де көп сияқты.

Настя: - Шоқан, жаратқанның мені сенімен кезіктіргеніне әлі де болса ішімнен мың мәрте алғыс айтудамын. Шынымды айтайын, сізбен кездескелі мен өзгеше бір жан сияқтанамын. Дүниеге де өзгеше бір көзқараспен қарай бастадым. Осының барлығын, өзіңіз бойыңызда жатқан ғажайып бір қасиеттен көретін сияқтымын.

Шоқан: - Настя, менің бойымда да осындай сезімдер оянған сияқты.Сіздегі сезімді өз аузыңызбен айтып отырсыз Сезімдеріміздің үндестігіне шынымды айтсам таңқалып отырмын. Петербургте тапқан аққанат періштем сіз болдыңыз. Бұдан артық бақыттың маған керегі жок! Менің бұл бақытыма тіпті, патша тағы мен бүкіл дүние малы да жетпейтін сияқты. 

Настя: - Шоқан, сезімдеріміздің бір жерден шыққанына менде  шын жүректен қуанып отырмын. Өзіңіз сияқты шығыс бекзадасымен кездесу мен үшін ұлы бақыт, асыл қазына, қоймаға қол жеткізгендей болып отырмын.     

Шоқан: - Ілтипатыңызға үлкен рахмет, бүгін бір тығыз шаруам бар еді. Соған алаңдаулымын. Келесі кездесуімізді енді асыға күтетін шығармын. Сізбен кездескен бүгінгі күніме әлі де ішімнен мың мәрте алғысымды айтамын. Қош сау боп тұр, Настя-жан! Көріскенше күн жақсы! Есендікте жүздесейік!

Настя: - Сізде сау болып тұрыңыз, Шоқан. Келесі кездескенше саламатта болыңыз!

7  көрініс

Шоқанның Санкт-Петербургте аялдаған пәтері. Шоқанның жанында татардың ағартушы,үлкен оқымысты ғалымы Х.Файызхан. Екеуі оңаша.

Файызхан: - Шоқанжан, кешегі Императорлық Қоғамның мәжіліс залында жасаған баяндамаң ғылыми қауымның көңілінен шыққан баяндама болды. Дүйім жұртшылыққа өзіңді жақсы жағыңнан көрсете білдің. Аға ретінде шын қуанышты күйде болдым.

Шоқан: - Каюм абзи, ықыласыңызға мың мәрте рахмет! Сіздей ағалардың сенімі мен ықыласы мені ардайым қанаттандырып отырады.Толқыған, қобалжыған шақтарымда үнемі бір күш біткендей сезінемін. Сіз маған туысқан ағамдай болып кеткен адамсыз.

Файызхан: - Шоқанжан, маған деген туысқандық көңілің мені ардайым шат шадыман сезімге бөлейді. Ілтипатыңа алғыстан басқа айтарым жоқ.

Шоқан: - Каюм абзи, сіздердей өмір тәжіребиесі мол адамдардан біздің үйренеріміз мол ғой! Сіздердей тұлға біз үшін әрдайым үлгі-өнеге.Ұстазды ұлық тұту шығыс халықтарының қанында бар қасиет қой. "Шәкіртсіз ұстаз тұл, ұстазы жоқ адам бақытсыз" - деп жатады ғой.Сіздердей ағалардың барлығына не жетсін!

Файызхан: - Түркі халықтарының мәдениеті, тарихы, өнері жайында ойларың тамаша, батыл. Иісі түркі халқының баласы ретінде, кеудемізді үлкен қуаныш, шаттық кернеп отырды. Әсіресе, Қашқар сапарына байланысты бұрын еуропа жұртшылығы естіп, көріп білмеген туысқан ұйғыр халқының, ұйғырлардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті жайлы ой-пікірлерің, пайымдауларың ғылым үшін үлкен салмақты, құнды тұжырым, ойлар болып қалары ақиқат. Әйтседе Шоқанжан, қазақтарға деген талаптардың діни ықпалы, олардың діни санасындағы татаризм сипаттары сияқты ұғымдарды орыс, еуропа ғалымдарының сыңаржақ пікірлерінің салқыны, солардың жетегінде кету сияқты үрдіс қылаң береді. Бұл орыс мәдениетінде Византизм дәуірі прогрессивті болса, ал қазақтарда татаризм дәуірі регресті, реакциялы болып, пікірлеріңде айқын байқалып отыр. Шоқанжан, мен  кез келген ұлттың, оның  ішнде қазақтардың да тілінің таза болуын қалаймын. Сондықтан да, тіл тазалығы жөнінде айтқап пікірлеріңе қосылғанмын, ал рухани дүниеге байланысты жоғарыдағы ойларың әлі де болса қайта зерделеуді, пісіруді қажет ететін сияқты. Осындай үрдіс ойлар мен пікірлерге болашақта қайта айналып шығып, қайта ойланып, тоқталып, түйін, пікірлер жасайтын сияқтысын, Шоқанжан. Сайып келгенде біздер бір енені төл емген еліктің лағындай, бір ағаштың қос бұтағындай, қос арна тартып жатсақ та, жүрегі бір соққан туысқан халықтармыз ғой. Айырмашылығымыз біріміз егіншілікті кәсіп қылған отырқшы қыпшақтар болсақ, екіншіміз мал шаруашылығын өркендеткен, көшпелі түлікті құп көрген дала қыпшақтарымыз. Қайта айналып, үйіріліп келгенде түйісер жеріміз бір қыпшақ. Бір қыпшақтың балалары, перзенттеріміз ғой.

Шоқан: - Каюм абзи, еңбектерімізді бағалаған пікірлеріңізге үлкен рахмет! Түркі халықтарының поэзиясы, тарихы, мәдениеті менің сарқылмас асыл қазынам, мәңгілік азығым ғой. Одан еш уақытта жалығып, шаршап, сырт айналмасым өзіме аян. Бұл тақырыптан шет қалып зерікпесім тағы анық.

Файызхан: - Шоқаны бар қырғыз, қазақ, ұйғыр, татар, башқұрт т.б түркі халықтарын, шын мәнінде бақытты дер едім. Ғылымда еуропалық үстем идея өрлеп тұрғанда құдай тағаламның сендей ұлды маңдайымызға бұйыртқанына мың мәрте шүкіршілік айтамын. Біздерге бірлесіп, өз ой, өз үнімізді жат пиғылды ғылымдарға жеткізіп,  сыңаржақ ойларға   тосқауыл болуымыз қажет. 

Шоқан: - Әлбетте, әлбетте Каюм абзи. Сіздің бұл ойыңыз менің мақсаттарыммен тікелей үндеседі. Сіздің батыл ойларыңызды үнемі басшылыққа алуға тырысамын. Кей тұстарда еуропа ғалымдарының сыңаржақ ойларына малтығып, мүлт кететін тұстарым бар. Оны өзім іштей сеземін. Мысалға өзіңіз айтқан қазақтадағы татаризм дәуірін орыстардың Византизм дәуірімен салыстырған жерлерімде еуропа ғалымдарының өрістірінің салқыны терең толқыныс үстінде мені біраз жерлерге дейін бағдарымнан жаңылдырып, адастырып жіберетін сияқты. Ислам мәдениеті деген терең, өзекті, арналы мәдениет қой. Оны бірқалыпты реакциялық тұрғыдан көре бермей, оның өркениетті, прогрессивті жағын жарқырата ашу керектігін соңғы кезде қатты сезініп жүрмін. Алдағы уақытта бұл мәселелерге қайта айналып соқпақ ойым бар. Каюм абзи, сіз біздің халықтарымыз туралы үлкен шындықты айтып отырсыз. Шындығында қазақтармен татарлар кіндігін бірге байлаған, егіз, туыс халықтар ғой. Оларды айыра қараудың өзі, жаратқанның алдында үлкен күнә ғой! Бір әке-шешеден туылған егіз баланы қалайша бір-бірінен айыруға болады. Ақылға сыймайды ғой ол! Біріміз қырды мекендеген, яғни дала қыпшақтары болсақ, екіншіміз ойды мекендеген шахарлық, қалалық қыпшақтармыз. Болған біткені осы! Айырмашылығымыз тек осы ғана! Айырмай дөп басып, тұйіп айтқан ойларыңыз ғажап, Каюм абзи! Тағдыр сізге ұзақ ғұмыр сыйласын.Х алықтарымыздың бақыты үшін, аман сау боп, сәләматтықта жүре беріңіз! Каюм абзи, келесі жүздескенше есендікте көрісейік!

Файызхан: - Өзіңде есен сау боп тұр, Шоқанжан! Құдайым сені тіл көзден сақтасын! Еліңнің болашағы үшін тынбай еңбек ет! Келесі көріскенше!

8 көрініс

Санкт-Петербордағы орыстың белгілі ақыны А.М.Майковтың пәтері. Пәтерде А.М.Майков, Ш.Ш.Уәлиханов және С.Ф.Дуров бар.

Майков: - Шоқан Шыңғысұлы, жағдайыңыз қалай болып жатыр? Біздің Петербордың ауа райына үйрендіңіз бе? Кімдерді көріп тұрасыз? Жалпы, жұмыстарыңыздың барысы қалай? Сұраңыз, қолдан келген көмегімізді аямаймыз.

Шоқан: - Рахмет Апаллон Николаевич! Әйтеуір, бірдене қылып Петербург ауа-райына  үйреніп келе жатырмын. Жағдайым жаман емес. Осында университеттің тарих және филология факультетінің лекцияларын тыңдап, шетел тілдерін оқып үйренудемін. Ғылыми жұмыстарымды ретке келтіруге үлкен мүмкіндік алып отырмын. Бұл жөнінде ұстазым Семенов Тянь-Шанскийге айтар алғысым мол. П.Петрович жинаған этнографиялық және тарихи материалдарымды қорытып, өңдеу үшін ұзақ уақытқа Петербургке келуіме мүмкіндік беріп және Генерал-губернатор жанындағы қызмет орным сақталуын өтініп үлкен орындарға өтініш еткен.

Дуров: - Сенің ғылыми жұмысыңа қолайлы жағдай жасаған П.Петровичтің бұл ісі нағыз адамгершілік болған екен, Шоқан! Құдайшылығын айтыңызшы Апаллон Николаевич, көгершінім-ау, бұл дегенің ғылымға нағыз жан ашу ғой мен білсем.

Майков: - Айтпаңыз, Сергей Федорович! Петр Петровичтің бұл ісі нағыз ерлік! Шоқан Шыңғысұлы  Сергей Федоровке айтыңызшы!  Сіз бұл жерде үлкен ғылыми  жұмыс бітіріп жатыр дейді. Соның мән-жайын өз аузынан естиік. 

Шоқан: - Қымбатты достарым, осының барлығы Петр Петровичтің үлкен әкелік қамқорлығының арқасында атқарылып жатқан істер ғой. Жәй жатпай, осында орыстың шығысты зерттеуші ғалымдары, атап айтар болсам, орыстың географиялық қоғамы жазбаларының редакторы, профессор А.Н.Бекетов пен Азия департаментінде Е.П. Новалевский, Ф.Р. Остен-Сакен, Петербург университетінің Профессоры, Ресейдің Құлжадағы бұрынғы елшісі И.И.Захаровпен араласып тұрамын. Иван Ильичпен Азия департаменті жанындағы жоғары мектепте Орта Азияға баратын адамдарға түрік тілдерінен сабақ береміз. Пәтерімде В.В.Григорьев, В.П.Васильев, В.В.Вельяминов-Зернов сияқты белгілі шығыс зерттеушілері болып тұрады. Апполон Николаевич өзіңіз білетін орыс ақыны Яков Петрович Полонскиймен, публицист, сыншы Николай Николаевич Страховтармен де қарым-қатынасымыз жаман емес. Тау қопардым дей алмаймын. Азды-көпті істеп жатқан істерім осы, қымбатты достарым!

Майков, Дуров (екеуі де қоса қабат): – О,о, Шоқан Шыңғысұлы, бұдан артық қандай жұмыс тындыру керек! Өз-өзіңізді тым кішірейте бермеңіз. Жұрт бәрін көреді, біледі. Сыртыңнан естіп жатырмыз. 

Майков: – Шоқан Шыңғысұлы, ғылыми жұмыстар жақсы ғой. Бірақ, өзіңді, денсаулықты да ойлау керек! Жүзіңде жүдеушілік іздері де байқалады. Еліңді, далаңды сағынып жүрген жоқсың ба?! Сағыныш табы жүзіңнен мен мұндалайды. Қырдың таза ауасы мен шипалы сары қымызына не жетсін! Соларды аңсап жүрген жоқсың ба?! Сенің жағдайың баяғы Кавказдағы қыпшақ ханы Артыққа ұқсайтын сияқты. Туған бауырын еліне келтіре алмаған Саржан елшілерден қырдың жусанын салып жіберетін оқиға есіңде ме, Шоқан?

Шоқан: – Апполон Николаевич, есімде болмағанда. Бұл өзі бір жан тебірентерлік оқиға ғой. Тағылымды тарих! Менің жағдайымның да Артыққа ұқсайтынын дөп басып отырсыз. Өткенде Мақы мен Махмет келгенде, осы бір жайттар есіме оралды. Олардың қыр, ел туралы әңгімелері дәл Артыққа жіберген Саржанның жусанындай елге деген көкіректе тұнып жатқан сағынышымды Есілдің тасыған суындай бұзып-жарып өн-бойымды кернеп кеткені. Аполлон Николаевич, есіңізде ме, баяғыда ғылыми жұмыстар жазу үстінде Волынь жылнамасынан осы бір тағылымды оқиғаға кездесіп едім ғой. Сол сюжетті өзіңізге ұсынғаным қандай жақсы болған. Сіздің қаламыңыздан “Елшан” атты баллада өлең туып еді ғой. Өте сәтті туынды! Өз басым туған жерге деген сағынышты бейнелейтін бұдан әсерлі туындыны кездестіріп көрмеппін! Өткенде Сіз есіме түсіп, “Елшан” өлеңін оқып, мауқымды басқаным бар. Апполон Николаевич, сіздің шығыс сюжеттеріне жазған “Сахарада”, “Асқар тау мұздары”, “Елшан” өлеңдеріңіз өте құнды дүниелер біле-білген кісілерге. 

Дуров: – Шоқан, еліңді, қырмызыдай құлпырған дархан далаңды сағынғаның көрініп тұр. Дәм-тұзын таттық қой шіркін, қазақ даласының! Халқы қандай тамаша, меймандос, қонақжай! Шіркін, тағы бір болсам ғой деп армандаймын. Көкшетаудың табиғаты, ауасы қандай тамаша! Жиі түсіме кіріп жүр. Өткен шактарымды сағынамын. 

Шоқан: – Сол бір шақтарды мен де сағынып жүрмін, Сергей Федорович! Бурабайдың мақпал қою қара түні. Ақылбай (бұлағы) асуы. Әсіресе Біржанның әуелете салған әндері... Қазақтың ақтаңгер, саңлақ әншісі ғой Біржан! Құрдасымның сазды әуендерін сағындым. Түнгі алаудың жарығында отырып, ән тыңдап, жыр естіп, талай сырласқанымыз есіңде ме, Сергей Федорович! Естен кетпес, сырлы шақ еді ғой..!

Дуров (күрсініп): – Неге есімнен шықсын, сүйікті Шоқан... Естен кетер ме сол күндер..! Қалайша естен шықсын әсерлі сол бір күндер..! Түнгі оттың алауы... Құдайым-ау, неткен ғажап түндер..! Біржанның әуелете салған әндерінен сенің халқыңның ғажайып музыкалық дарынын, құштарлық пен сезімге толы романтикалық болмысын танығандаймын, Шоқан! Жастық шақтың әсерлі бір кезеңі, өмірімнің ұмытылмас алтын бір белесі боп өмір бойы есімнен кетпейтін шығар! Түсіме жиі кіретіндігі де сондықтан болар! 

Шоқан: – Алла-Тағала ғұмыр берсе, қамықпаңыз Сергей Федорович! Әлі біздің елге жолыңыз түссе, міндетті түрде Бурабайға апарып, Біржанмен жүздестірем. Шіркін, Біржан! Аспандағы аққуға үнін қосқан, хас өнердің нағыз жүйрігі ғой!

Дуров: – Иә, қазақ даласы тума таланттарға бай ғой! Солардың асыл өнері, сылқым, серідей сылаң қағып, сыңғырлаған сырлы үндерінің алмастай жарқырай беруіне, өнер деп қаққан қанаттарының қайырылмауына мүдделіміз. Солай емес пе, Апполон Николаевич! 

Майков: – Дәл солай, Сергей Федорович! Бұл халықтың болашағының жарқындығына мен де кәміл сенемін!

9 көрініс

Голицындер әулетінің кең сарайында мерекелік балл өткізілуде. Атақты княздар, граф, барон, генерал, офицерлер, ханымдар мен ханшайымдар екеуара дөңгеленіп билеп жүр. Шоқан мен Анастасия Николаевна бір-бірімен сөйлесіп келе жатады. Залдың ортасына келгенде екеуі бір-бірінің иықтарынан ұстап билей жөнеледі. 

Шоқан: – Анастасия Николаевна, екеуіміз кездескен әнеугі күннен бері менен тыныштық кетті. Отырсам да, тұрсам да есімнен бір кетпей қойдыңыз. Өткенде түсіме де кірдіңіз. Шынымды айтсам, ақыл-есімді түгел жаулап алған секілдісіз. 

Настя: – Құрметті Шоқан! Ынтызар көңіліңізге рахмет! Сіздің жан-сырыңызды көзіңізден, шынайы үніңізден ұққан сияқтымын. Алғашқы көрген бетте-ақ сіздің сезім күйіңізді дөп басқандаймын. 

Шоқан: – Жаным Настя! Періштедей жүзіңізді, сырлы үніңізді, күмістей күлкіңізді сағындым! Тіпті өн-бойымды өзіңе деген ұлы бір сағыныш кернеп тұр! Тілмен айтып жеткізгісіз! 

Настя: – Шоқан, бұрын сенсіз қалай өмір сүргенімді елестете алмаймын. Сенсіз өмірімнің түк мәні жоқ сияқты. Жаным Шоқан, менің сұрқай өміріме жарық сәуле түсірген, оны нұрға толтырған өзің екеніңді білсең ғой! 

Шоқан: – О,о, Настя, мына сөздерің мені қандай қуанышты сезімдерге, бақытқа бөлеп, зеңгір көктегі ақша бұлттардың үстіне шығарып жібергендей болды ғой! Сені осылай мәңгі сөйлетіп, тыңдай берсе ғой! 

Настя (назданып): – О,о, Шоқан, олай болмайды. Мен көп сөйлеймін деп әлім құрып құлап қалсам ше? Одан да сөйлемей-ақ бір-біріміздің жүзімізге қарап отырсақ та бақытты болар едік. 

(Осы кезде музыка аяқталып, жұрт орын-орындарына жайғасады. Шоқан мен Анастасия Петровна да оңашарақ бір бұрышқа жайғасып, әңгімеге көшеді). 

Шоқан: – Настя, соңғы кезде өзімді қайда қоярға білмей жүрмін. Аңсап, сағынып келген мен іздеген, қиялымдағы Петербург қайда? Білмеймін. Сағымға оранып, басқа жаққа көшіп кеткен секілді. Маған жат, түсініксіз бір өмір. 

Мына өлеңге құлақ түріп көрші:

В нашей улице жизнь трудовая:

Начинают ни свет, ни заря,

Свой ужасный концерт, припевая,

Токари, резчики, слесаря,

А в ответ им гремит мостовая!

Дикий крик продавца-мужика,

И шарманка с пронзительным воем,

И кондуктор с трубой, и войска,

С барабанным идущие боем.

Настя, қалай бұл көріністер таныс па? Кімнің өлеңі деп ойлайсың? Қазіргі дәуірдің мықты ақыны Некрасовтікі. Петербургтың сұрғылт шындығын дөп басқан. Бұдан артық айту, бейнелеу мүмкін емес. Некрасов әр сөзіне жауап беретін, поэзиясында жауапкершілік пафосы тұнып тұрған ақын ғой! Жауапкершілігі мен азаматтық тұғыры үндес өнерпаз. Бірақ, білесің бе, Настя, мен іздеген Петербург бұл емес еді ғой! Менің жаныма, "Люблю, Петра творения" деп келетін Пушкиннің "Мыс салт аттысындағы" Петербург жақын ғой! Ұлы ақын Пушкин шабытпен, салтанатпен жырлаған Петербург, Пушкин бейнелеген романтикалық Петербург, қиялымдағы жарқын сол Петербургті іздеп едім ғой! Қайда сол Петербург? Жауап берші, Настя!

Настя: – Рас айтасың, Шоқан. Сол Петербургты бәріміз де жоғалтып алдық қой! Аңсаймыз, сағынамыз. Бірақ қазіргі шындық мүлдем басқа. Басқа тәртіп, басқа адамдар. "О, люди, о, нравы, о, времена!" деп кезінде Цицерон да заманына таңдай қаққан ғой. Бұл Пушкиннің Петербургы емес қой, Шоқан. Қазіргі Петербург Некрасов пен Достоевскийдің Петербургы. Мүлдем басқа Петербург! Бұрынғы Петербургты жерден де, көктен де таппайсың. 

Шоқан: – Шынында, Настя. Петербург бұл үлкен қарама-қайшылықтардың қаласы ғой. Кезінде мұны Пушкин де дәл байқап, былай депті. Құлақ түріп, тыңдашы:

Город пышный, город бедный,

Дух неволи, стройный вид,

Свод небес зелено-бледный,

Скука, холод и гранит –

Все же мне вас жаль немножко,

Потому что здесь порой

Ходит маленькая ножка,

Въется локон золотой.

Сондықтан да Настя, маған сұрғылт Петербург емес, осы сұрғылт өмірді жарқыратып жүрген сіз сияқты ізгі жанның Петербургы, маңдайымдағы бақыт жұлдызын тапқан ыстық мекен іспеттес Петербург қажет! Мен оны тапқандаймын, аяулым!

Настя: – Шоқан, осы шынайы сөздерің өзің деп соққан жүрегімді елжіретіп жіберді ғой. Толқығаннан аузыма сөз түспей отыр. Петербург туралы тамаша толғандыңыз. Туған қалам ғой! Туған жерге не жетсін! Петр патшаның тастан қашап салған зәулім қаласы ғой. Петербург туралы Пушкиннің "Мыс салт аттысынан" артық сөз айту мүмкін бе?! Ол үшін Пушкиннен артық боп туылу қажет! Бірақ, бұл мүмкін емес! Ондай бақытты тағдыр тек Пушкинге ғана бұйырған! Алайда, Шоқан, білесіз бе, мен өз туған қаламды жақсы көрсем де әлденені жатырқайтын сияқтымын. Бір нәрсе жетіспейтіндей. Көңілім қоңылтақси береді. Бір нәрсені іздейтіндеймін. Бірақ, ол бұл жерде жоқ. Оның сырын енді ұғып жүрмін, Шоқан! Өткендегі өзіңнің туған халқыңның тарихы, мәдениеті, әдебиеті туралы шабытқа толы салихалы әңгімелеріңнен кейін, шынын айтайын, имандай сырым, Шоқан, мен нені аңсайтынымды, нені іздейтінімді түсінгендеймін. Шоқан, менің ынтызар көңілім тек сені ғана аңсап, сені ғана іздемейді екен. Мен сен туған халықтың албырт асау мінезіне, романтикалық болмысына, поэтикалық құдіретіне таңғалам! Сондықтан да сол халықтың еліне, жеріне, өзіне шын ғашық болып қалғандаймын! Оның тарихын, мәдениетін, әдебиетін сүйіп қалғандаймын! Соңғы кездерде осы сезімдердің шырмауынан арыла алар емеспін. Сол халықты көргім, араласқым, тіпті солардың етене бір перзенті болып кетсем деп армандаймын! Бірақ, қатал тағдыр оған көне ме?! 

Шоқан: – Настя, періштедей жүзіңнен, сыңғырлаған үніңнен айналдым! Сенің маған деген, туған халқыма деген риясыз көңіліңді аңғардым. Шынайы сезімдерің мені қатты толқытты. Қалтқысыз ілтипатың мен шын көңіліңнің, тамшыдай мөлдір сезімдеріңнің өтеуін қалай толтырарымды білмей отырмын. Тағдыр жазып, біздің елдің топырағына табаныңыз тисе, елмен, жермен таныстырып, өзіңді армансыз бір аралатар едім! Өзің армандаған, ғашық болған елді, жерді көрер едің! Әрине, бәрі бір жаратқанның қолында. Алайда мендегі бар мақсат-мүдде осы! 

Настя: – Аяулым, періштедей пәк көңіліңе, мен деп соққан жүрегіне рахмет! Дәм айдап, елдеріңе келсем, өзіңмен армансыз қауышсам, дүниедегі ең бір бақытты жан мен болар ем! Сол бір қуанышты күндерге дейін сау болып тұр, Шоқан!

Шоқан: – Сау бол, Настя! 

(Шоқан Настяны құшағына алып, маңдайынан өбеді. Настя Шоқанның салалы ұзын қою қара шашын салалап, сипалап тұрып қалады).

Шоқан: - Настя, тыңдашы! Мына әуендер адамның жан-дүниесін  баурап,  тереңіне қалай тартады десеңші?! Сезесің бе?! Нағыз керемет емес пе?! Мен Омбыда, кадет корпусында оқып жүргенде,  одан кейін де  еуропа, орыс  классикалық музыкасы шеберлерінің әуендерін тыңдаудан  бір жалыққан емеспін! Түсінесің бе, Настюша! Қандай ғажайып сәттер сыйлайды, бұл әуендер?! Адам қиялын көкке өрлетіп, сезімін бұлқынтып, көңіл-күйін ғажап бір әсерге бөлеп, әлдеқандай бір сырлы әлемге еріксіз ұмсындырып, қол бұлғап жұмбақ шақырғандай  болатынын қайтерсің! Түсінемісің, Настюша! Тілмен жеткізе алмайтын бақыт қой бұл!

Настя: - Түсінемін, Шоқан, түсінемін! Сенде оянған ғажайып  сезімді де, көңіл-күйіңдегі  ерекше бояуды да! Сендегі ерекше қасиетті де өзіңді алғаш көрген бетте-ақ түсіне қойғам! Шіркін, өнер дегеннің  қуаты ғаламат қой! Тек, жүрекпен ғана сезіп қоясың! Шоқан, мен де музыканы бала күнімнен жақсы көремін. Сенің музыканы ерекше түсініп, сезінуің мені қуанышқа бөлеп тұр! Жаратқанның  адамзатқа берген ерекше сыйы ғой, бұл!

Шоқан: - Настюша, сенесің бе?! Мен Омбы мен Петербургты айтпағанда Парижде болғанда, алғашқы  үш-төрт айда үзбей Париждың Үлкен Опера Театрының  қойылымдарының бірде-біреуін жібергем жоқ! 

Настя: - Шоқан, мен саған қайран қалам! Осының бәріне уақытты қайдан табасың?

Шоқан: - Ықылас, талап, сүйіспеншілік болған жерде бәрі де  болады, Настя. Париждегі Үлкен театрда  Гризи, Тальони, фанни Эльслер, Мейерберлерді тыңдадым. Әсіресе көп тыңдағаным Мейербердің «Гугеноптары» болды. Көңілімді ерекше  баурағаны «Фра-Диаволоның» Мошелес, Маурера, Фильд, Кальубреннерлердің музыкасы болды.  Бетховендегі өршіл леппен, Моцарттағы ойнақы, сыршыл үн баурайды. Глинканың «Иван Сусанины» мен Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті жан-дүниеңді жұмбақ әлемге бөлейтін ғажайып туындылар ғой!

Настя: - О,о Шоқан, Парижден қаншама тіл жетпейтін ғажайып әсер, сезім  алып қайтқаның байқалып тұр! Шынымды айтсам мен саған  қызығамын. Адам сезімінің шуақты да сәулелі сәттерін мәңгі бақи өшпес үнмен  бедерлейтін музыканың асқақ рухы қандай ғажап десеңізші! Сендей саналы да ойлы тыңдаушысы бар музыка өнері асқақтай бермек!

Шоқан: – Настя, сенің де  қара жаяу емесіңді үнің мен дүрсіл қаққан жүрегіңдегі сезімдер мен көзіңдегі жарқыл қаққан  ұшқындардан  байқап тұрмын. Шынында, Настя, музыка деген тұңғиық бір сырлы  әлем ғой! Мен музыкадағы  барлық жанрларды да ұнатып, сүйіп тыңдаймын. Мысалға Россинидің «Севиль шаштаразы» операсындағы граф Альмавивтің Розинаның терезесінің алдында  тұрып айтқан серенадасы жан-дүниемді  баурайды.  Ғажап! Гайдн, Моцарт, Чайковскийлер де әсерлі  серенадалар жазды.  Музыкадағы ойлы да  салиқалы жанр симфония ғой. Маған «вена классиктері» атанған, классикалық симфония  тудырған Гайдн, Моцарт Бетховендер ұнайды. Симфониялары күрес образына  толы Бетховен ше! Менументальды туынды болып табылатын Бетховен  симфонияларын терең драматизм, қаһармандық пафос ерекшелейді. Әсіресе, соңғы Тоғызыншы симфониядағы азат, еркін қуанышты адамзаттың жалпы бауырластыққа ұмтылған сезімдері ше!

Настя: - Шоқан, Шуберт әкелген симфониядағы музыкалық романтизм де тыңдаушыларына ғажап әсерлер сыйлайды ғой! Сол  туралы айтшы!

Шоқан: - О, не дегенің Настя, әрине, әрине. О, музыкалық  романтизм деген симфонияны ерекше байытқан жанр ғой! Шуберттің лирикалық поэмалары адамның терең, ішкі жан-сезімдерін өрнектеуімен есте қалады. Терең сезімдер  өз тұңғиығына тартуымен қызықтырады. Настя, симфониядағы музыкалық романтизм өкілдері Шуман, Мендельсон, Берлиоздар неге тұрады?! Әсіресе, француз композиторы Гектор Берлиози өзінің бағдарламалық симфониясымен тың сүрлеу  салмады ма?! Операдан Вердидің «Отеллосы» мен «Травиатта», Жорж Бизенің «Карменін» жан дүниемен қабылдадым. Ал, енді тәтті сезімдерге жетелейтін музыкалық этюдттер ше?! Музыкалық этюдттер Шопеннің таңғажайып  этюдттеріне ештеңе жетпейді! Міне, сөзімнің айна-қатесі жоқ, Настя! Тыңдашы, мынау жан дүниемізге себездеп құйылып тұрған тамаша әуендер Шопендікі ғой! Шопендікі! Сұрапыл, ғаламат әуендер ғой, тыңдай білгенге!

Настя: - Шоқан, айтшы, сен Парижде  тек қуана музыка әлемімен ғана танысып қоймай, әдебиет әлемімен  де танысқан шығарсың? Қандай  олжамен оралдың?

Шоқан: - О, Настя, оған сөз бар ма?! Мен өзім бала жастан ағылшын классиктері Теккерей мен Диккеністі сүйіп, оқыдым.  Орыс  әдебиетінде маған рухымен де  өмірімен  де жақыны, өзіне  тартатыны Лермонтов қой! Әсіресе Печорин  тағдыры мені қилы  ойларға жетелеп, тебіреніске  түсіреді. 

Настя: -  Шоқан, енді  байқап отырмын. Сенің түр-түсің Лермонтовқа  ұқсайтын сияқты. Ол да сен сияқты әскери адам болған ғой. 

Шоқан: -  Ұқсаса, ұқсайтын шығар. Маған орыс  достарымның көпшілігі солай  дейді.  Бірақ, сырт ұқсастық емес, оған рухыммен де  ұқсауым керек! Ал, енді  өзің сұраған француз дәуіріндегі  Корнель, Расин, Мольерларді  былай қойғанда  бертіндегі Дюма, Золя, Мопассандар қыруар қазына емес пе?! Осы жолы Парижде Андре  Шеньенің өлеңдерін, Мюссеннің ғажайып ертегілерін, Жозеф Делорманның  элегияларын, Шамфораның афоризмдерін  оқып, тәнті болдым. Ал, сүйікті  Настя,  мен француз әдебиетіне деген құштарлығымды ұлы Пушкиннің мына сөздерімен білдірсем:

Родился я под небом полунощным,

Но мне знаком латинской музы голос,

И я люблю парнасские цветы.

Настя: - О, Шоқан! Қымбаттым! Сен мені бүгін қандай тамаша сезімдерге бөлеп, ғажайып әсерге қалдырдыңыз! Ой мен сезімім кеңейіп, жан-дүнием байып қалғандай! Қымбаттым, рухани жолда үлкен биіктерге жете бер! Сәттілік тілеймін! Әрқашанда жолыңа тілектеспін, Шоқан!

10 көрініс

Санкт-Петербург. Бас штаб кеңсесі. Бөлмеде Шоқан мен орыс армиясының полковнигі Черняев М.Г. отыр. 

Черняев: Чокан Чингизович, сіздің бізге келгеніңізге өте қуаныштымын! Үлкен істің басына дәл келдіңіз. Сізді күткенімізге көп болды. Ғылыми жұмыстардан қолыңыз тимеді. Империяның мүддесіне қызмет ету кез келген офицердің абыройлы міндеті ғой! Ортақ істе орыс офицерлерінің бір-біріне көмек қолын ұсынуы қасиетті парыз емес пе, Чокан Чингизович! Бәрін көзі қарақты, білімді орыс офицері ретінде түсінуге тиістіміз деп ойлаймын. Империялық үкіметіміз үлкен іске бел буып отыр. Осы іске сіздің зор көмегіңіз, жәрдеміңіз қажет, Чокан Чингизович! Қарсы болмайтын шығарсыз деп ойлаймын. 

Шоқан: – Михаил Григорьевич, сіздің ойыңызды түсініп отырмын. Патша үкіметінің Орта Азияда өз саясаты бар шығар. Оның маған қажеті жоқ. Мен саясаттан аулақ, тыс адаммын. Менің ең бірінші көздейтін мүддем – ғылыми мүдде. Бірақ, мен Ресей мүддесі үшін шет қалып, теріс бұрылған жерім жоқ. Кешегі қиындығы мен қауіп-қатері мол Қашқар сапарынан бас тартпауым соның дәлелі. Сондықтан, Михаил Григорьевич, Ресей мүддесі ортаға түсетін болса одан мен бас тартпаспын. Алайда, сіз маған осы миссияның барлық қыр-сырын егжей-тегжейлі айтып берсеңіз. Мен соны сіздің аузыңыздан толық естісем деймін. Қанша дегенмен сіздер үшін ділі де діні де бөлек, жұмбақ, шет өлкеге аяқ басу оңай нәрсе емес. Өте үлкен жауапкершілікті тілейді! Әлемдік қауымдастық сіздердің әрбір қадамдарыңызды, аяқ басқандарыңызды біліп отыр.  Шалт қимылдап, артынан опық жеп жүрмеңіздер! Бірақ, мен сіздерге ақыл айтайын деп келгем жоқ. Сіздің өмір тәжірибеңізде, әскери шеніңізде менен үлкен ғой, Михаил Григорьевич! Сондықтан құлағым сізде, аса мәртебелі полковник мырза!

Черняев (көзін сығырайтыңқырап, жұма түсіп, алысқа көз салғандай, қолын сермей сойлеп кетеді): Оо, Чокан Чингизович, сіз білсеңіз ғой. Ресей империясы кең құлашты, үлкен іске қадам басқалы отыр! Империя алыс қиырларды бағындырғалы отыр! Біздің елімізді үлкен мүмкіндіктер мен көкжиектер күтіп тұр! Түркістан сияқты өркениеттен, мәдениеттен алыс, шет жайлап, қиыр жатқан елге Еуропалық мәдениет пен өркениет ұшқынын әкелмекпіз! Білесің бе, Чокан Чингизович, қаймана елге мәдениет ұшқынын шашпақпыз! Біздің миссиямыз ықылым замандағы Александр Македонский сияқты цивилизаторлық мәнге ие болмақшы, түсінесің бе, Чокан Чингизович! Сіз бен біз тарихта цивилизатор мәртебесін иеленбекшіміз! Бұл деген тағдырдың жазған үлкен сыйы ғой! Біз сізді жергілікті тұрғындардың тілін, ділін, мәдениетін түсінетін жан ретінде әскери тілмаш әрі кеңесші ғып алмақшымыз. Сіздің кандидатураңызды Бас штаб та, Батыс-Сібір генерал – губернаторлығы да қуаттап отыр. Біздің миссия қазақ даласының батысы мен шығысындағы Ресейдің шекара линияларын түйістіріп, қосу. Ал осы түйісетін жерлерде Қоқан хандығының зорлық-зомбылығы мен езгісінен сіздің қандастарыңызды, яғни қазақтарды азат етпекпіз! Біздің мақсатымызда осы азат ету саясаты да жатыр, Чокан Чингизович! Сондықтан да сіз біздің миссияның құрамында болғаныңызға тәңіріңізге мың рахмет айтыңыз!

Шоқан: – Михаил Григорьевич, шынында да үлкен империялық саясаттың мәселелерін қозғап отырсыз! Сіздің сөзіңізге қарағанда, Ресей бұл жерде үлкен цивилизаторлық рөлге ие болмақшы. Солай болса, жақсы ғой. Мен әрине өркениеттер тоғысуын, мәдениеттердің өзара жақындасуын әбден қолдаймын. Алайда бұл жақындасу, тоғысу бейбіт ықпалдасу, ымыраласу, бірін-бірі байыту, толықтыру сияқты өркениетті түрде жүрсе әңгіме тіпті де басқа болар еді. Ал олай жүрмей күш қолдану түрінде жүрсе, күш қолданудың арты қантөгіске апармай ма?! Оның арты мәдениеттерді, халықтарды жақындастыру емес, керісінше, бір-бірінен айыру, алыстату, бір-біріне дұшпан қылуға апармай ма?! Егер дәл солай болатын болса орыс офицері болсам да мені өзіңіздің мүдделесіңіз деп санамаңыз. Жолдарымыз екі басқа болмақ. Империяның саясаты кешегі Кавказдағы Шамильді, Қаджымұратты, Польша мен Литвадағы көтерілістерді, біздегі Сырым, Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай көтерілістерін басқан жазалау шарасына ұласатын болса, айтпады демеңіз, ондай миссиядан мен іргемді ажыратамын. Қантөгіс арқылы цивилизатор мәртебесін арқаламай-ақ қойдым. Ондай цивилизаторлықты өздеріңіз-ақ алыңыздар! Мені араластырмаңыздар! Қандастарымның пәле-жаладан аулақ бейбіт тірлігі маған өте қымбат! Сондықтан да мұндай жауапты іске кірісерде Михаил Григорьевич, жүргізер саясаттарыңызды сан соғып, қапы қалмау үшін алдын-ала ойластырып ап іске кірісіңіздер! Ертең тарих алдында қарабет боп, жауап беріп жүрмеңіздер! Біздің халықтар бейбіт, момын болғанмен жігерлі де намысты! Осыны ұмытпаңыздар!

Черняев: –  Оо, Чокан Чингизович, істі бастамай жатып, тіпті де ширығып кеттіңіз ғой! Біздің цивилизаторлық мәні бар миссиямызға әлден күдік келтіргеніңіз жарамайды ғой. Біз бұл іске тыңғылықты даярланып отырмыз. Халықаралық жағдайды да білеміз. Үнді мен Ауған жеріндегі Британияның тынысын да сеземіз. Миссияның құрамында қауіпсіздік мәселесіне байланысты шағын отряд та құрылған. Шетін оқиғалар орын алмас үшін. Қауіпсіздік қашан да қажет қой! Оңтүстік шектегі сіздің қандастарыңыздың көмегі өте қажет! Олармен тіл табысып, оқиғаны бейбіт сипатқа бұру сізге жүктеледі! Өз қайрат-жігеріңізді сол жерде көрсетіңіз! Күні бұрын байбалам сала беруге болмайды! Кейбір қандастарыңыз дұшпанымыз Қоқан хандығына іші бұрып, бізге дұшпандық көрсетсе, өзіңіз де білесіз, соғыс заңымен жазалаймыз! Өзіңіз де офицерсіз, соғыс заңын білесіз. Сосын сіз ақ патшаға ант берген орыс офицері екеніңізді ұмытпаңыз!

Шоқан: –  Михаил Григорьевич, әскери тәртіпті де, соғыс заңын да мен бес саусағымдай білемін. Оған қам жемей-ақ қойыңыз. Алдын-ала бал ашпай-ақ қояйық. Бірақ мені алаң ететіні халқымның амандығы, тыныштығы. Мен үшін дүниедегі ең қымбат нәрселер осылар. Ал орыс офицері болсам, офицер өзінің ар-намыс, мәртебе, абыройынан айырылып, басбұзар, қандықол қарақшы болсын деген үкім тағы жоқ! Айтпады демеңіз, Михаил Григорьевич, осыдан оқиға жоғарыдағыдай өріс алып кететін болса, осы бастан ескертем, менің жолым сізден мүлдем айырылады. Оған өкпелемеңіз! Хош-сау болып тұрыңыз, Михаил Григорьевич! 

Черняев: –  Сау болып тұрыңыз, Чокан Чингизович! Кездескенше!

11   көрініс

Сырымбеттегі Бүрлік  жайлауы. Шоқандар үшін арнайы тігілген  аппақ  он қанат үй. Үйдің ішінде Шоқанның әкесі полковник Шыңғыс Уәлиханов, Шоқанның досы, татар оқымыстысы Ибрагимов, Шоқан бар. 

Шыңғыс Уәлиханов (Шоқанға қарап):  - Шоқанжан, қалай демалып  қалған шығарсың. Қанша күннен  бері  жолсоқты болып келдіңіздер ғой. Мына Ибрагим мырза  да шаршаған шығар. Әлденіп, қуаттанып алыңдар. Петерборды білеміз. Сызды, ылғалды жер ғой. Әсіресе, құрғақ ауаға үйренген қыр адамына, қыр баласына жайсыз-ақ жер. Денсаулығыңа ақау тигізіп алып жүр ме?

Шоқан: - Иә, дұрыс айтасыз, әке. Сахарада өскен біздерге Петербор табиғатының жайсыз тиетіні рас. Алайда қыруар жұмыс, ғылыми қауым алдында  есеп беру сияқты жұмыстармен бәрінде ұмыттық қой. 

Ибрагимов: - Шыңғыс әбзи, Петерборда Шоқанжан несін айтасыз, бүкіл Еуропа мен орыс оқымыстыларын аузына қаратты ғой. Дос сүйсінді, дұшпан күйінді! Түркі, мұсылман баласының мерейі өсті.

Шоқан (ыңғайсызданып):  - Қойыңызшы, Ибрагим мырза. Жұртты  аузыма қаратам деген ой болған жоқ менде. Менікі жас кезімнен қолға  алған сүйікті ісімнің алдындағы  мақсат-мүдде ғой! Соның жолында бәріне де көнемін, төземін. Тіпті қауіп-қатері  мол Қашқар сапарына  да  басты байлап, тәуекелге бей байлап, аттанып кеттім. 

Ибрагимов: - Шыңғыс әбзи, Петерборда бәрімізде Шоқанға  тәнті болдық. Шығыс Түркістандағы  Кіші Бұхара   атанған  Қашқария өлкесі Еуропа  мен орыс  ғалымдарына  мүлдем  жұмбақ екен.  Шоқан соның барлығын  қолмен қойғандай, ғажап әңгімелеп берді. Императорлық Орыс География Қоғамының  мәжіліс залында  сүйсінген жұрт ду қол шапалақтап отырды.

Шыңғыс: -  А, а, а солай ма? Ибрагим мырза, Шоқанжан туралы  ол әңігмелер бізге де еміс-еміс  жетіп жатты. Баласы атқа шапса,  біздікі үйде  тақым қысқандық қой.  Сырттай сүйсініп отырдық. Әу баста бұл сапарға  мен де қарсы болып едім. Қауіп-қатері мол қиын сапар ғой. Уәлихан төренің  қанды істері бізге де мәлім. Адольф Шлагинтвейттің  дарбаза, дуалда  айлар бойы ілулі тұрған  басы туралы Еуропа, орыс ғалымдары қорқынышпен айтып, жүректері ұшатын, итжандары қасым болатын. Тек Шоқанжан, мінезіне  біткен қайсарлығына бағып, алған бетінен қасарысып, қайтпай қойды. Бабасы Абылайға тартқан қайсарлық, бірбеткейлік!

Шоқан: - Әке, менде бұл сапарға  көп ойланып-толғандым. Сапардың  өте қауіпті екенін жақсы сезіндім.  Бейшара Адольф Шлагинтвейттің тағдырынан  да хабардармын. Ол туралы  маған сапарға дайындаушылар мен орыс ғалымдары көп айтты. Сол қауіпті  біле отыра, мен бас тартпадым. Бір жағынан Еуропа ғылымына  мүлдем беймәлім  өлкені дүниеге  таныту болса, екінші жағынан  бала кезімнен құштар болған  саяхат қызығы мені ешбір  қауіп-қатерден  бас тартқыза алмады. Таңғажайып  істер мен шытырман  оқиғалар,  қауіп-қатері мол саяхатқа  деген құштарлығым, бәлки сонау  бала кезімнен құмарланып оқыған Жюль Верн мен Майн Рид романдарының да әсері  болса керек.

Ибрагимов: - Иә, ә, біле білгенге Шоқан баурымыз ғылым саласында  үлкен ерлікке  барып отыр. Дүйім ғылыми жұртшылыққа  беймәлім, жұмбақ өлкені танытып отыр. Петербор жұртышылығы Шоқанжанды хан көтеріп әкетті (аздап қуланып, көзін сығырайтып) Тіпті бір бекзат, сүйкімді, әсем бикеш ертелі-кеш Шоқанжанның қасынан шықпай қойды ғой!

Шоқан (қысылыңқырап, ақталғандай): - Туу, Ибрагим әбзи, сіз тіпті де қайдағы-жайдағы басқа жайларды айтып кеттіңіз ғой. Сіздің әсем бикеш деп отырғаныңыз Анастасья Николаевна Голицына ғой. Ол өзі өте бір білімді, ғылымға  жан-тәнімен берілген  жан екен. Мені тәнті еткені осы жағы болды. Жас қыздың бойындағы  білім мензердеге таңғалдым.

Ибрагимов: - Жарайды, қысылмай-ақ қой, Шоқанжан. Жастықтың  ісі бізге белгілі. Бәрі де басымыздан өтті, «сүйіскен жастар қате етпес» деген бар ғой. Жастық, серілік деген бір  дәурен ғой біле білсең!

Шыңғыс: - Әй, сендер жастықтың жайын қозғап кеттіңдер ғой. Ол жақтарыңда шаруаларым жоқ. Шоқанжанға сенем. Алды-артын абайлайтын бала ғой. Теріс іске ұрынбас. Мені мазалап тұрған, Шоқанжанның алдағы сапары. Бұл да оңай сапар болмайын деп тұр. Черняевпен әңгімеңді де естідім. Ол әңгімелерде еміс-еміс бізге жетіп жатты.

Ибрагимов: - Шыңғыс әбзи, бізде осы мәселеге бас қатырып отырмыз. Шоқанжан Петерборда бұл қайтты айтқан. Каюм Файызхан абзи бар, бәріміз  көп ойланып, көп толғандық. Иә, бұл да оңай іс, оңай шаруа болмайын деп тұр. Таразыға тағы да түркі халықтарының тағдыры түскелі тұр. Мұсылман жұрттарының алдағы болашағы бұл жөнінде  Шоқанжан біраз ырғасып, тартысқан  сияқты. Қоқан езгісі де бейбіт жұртты зәрезап қылып болды. Жығылғанға жұдырық деп оған енді орыс үстемдігі қосылайын деп тұр. Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі дегендей зардабын қара халық көрейін деп отыр. Шоқан мүддесі осы қантөгістің алдын алып, бейбіт мәмле арқылы Ресей қанатына алу ғой. Оны болашақ көрсетеді.

Шыңғыс: - Иә, Черняевтің  ой-пиғылын тану, ішкі сырын  аңдау қиынға соғайын деп тұр. Бас штабтың да жоспарын білмейміз. Әйтеуір Алладан тыныштық, шапағат күткеннен басқа амал жоқ. Күні бұрын бал ашпайық. Бұлардың сөзіне сене беру қиын. «Кәпірлердің тілі тәтті, ділі қатты» деген Шамилдің ұлағатты сөзін естен шығармайық. Қоқан езгісінде  көбіне  ұлы ата мен кіші атаның балалары отыр ғой. Бізге  ағайынның амандығы қажет. Шоқанжан осы  жағына назар аударарсың! Алла жар болсын өзің!

Шоқан: - Иә, әке, сапар оңай болмайын деп тұр. Күдігі мол, ауыр жол. Қалайда алаш  баласының  амандығы керек. Қоқан езгісі елдің сүйегіне жетіп, титықтатып отыр. Елдің амандығы қажет бізге. Черняевпен бұл  туралы қатты сөйлестім. Мен де өз бетімнен қайтпаспын. Алла таупих берсін. Ақыл-кеңесіңізге рахмет, әке, біз Ибрагим мырза екеуміз мына төмендегі ауылдарға барып, сейілдеп келсек.

Ибрагимов: - Шыңғыс әбзи, Шоқанжан дұрыс айтады. Сахараның ауасын сағынып қаппыз. Қазақтың сары қымызы мен бал етіне не жетсін! Ел тұрмысын көрсек.

Шыңғыс: - Ал хош! Жарайды, жарайды барыңдар! Ел-жұртты көріңіздер! Жолдарың оңғарылсын!

12 көрініс (паралельді әлем)

Сахнада қою қараңғылық. Бір кезде жарық сәуле түсіп, Айғаным көрінеді.

Айғаным (монолог): Құлыным, Шоқан! Үмітім ақталды! Петербор сапарың сәтті аяқталып, бізді қуантып тастадың. Еліңнің, халқыңның барша болмыс-бітімін алыс елдерге жарқырата жайдың! Дүйім жұртқа паш еттің!

Жарқыраған оқалы мундирге мәз болмай, білім қудың, ғылым іздедің. Еліңнің болашағы да, өмірдің мәні де ғылым, білімде екенін ерте түсіндің. Жаратқан Алла Тағала өзіңе зор, өлшеусіз талант берді. Сен де сол талантты болмас іске орынсыз жұмсамай, білім жинадың, ғылым игердің. Ол да Алланың берген зор шапағаты болар. Алдыңнан жарылқасын! Еліңнің болашағы, мақсат-мұраты жолында осы алған ісіңнен танба! Алдағы болашақ та, өмірдегі зор бақыт та осы жолда екенін ұмытпа! Менің қолымнан келетін тілегім де, батам да осы, құлыным! Жолың оңғарылсын! Бір Алла жар болсын!

Сахна қараңғыланып, жарық сәуле қайтадан пайда болады. Сахнада Хұсайын Файызхан көрінеді. 

Хұсайын: – Шоқан бауырым үлкен іс тындырды. Көңіл тынды. Жүрек қуанышты. Еуропа жұртшылығына түркі әлемін мәшһүр еттің! Қыршын жас болсаң да, бір ғалымның маңдайына бұйырар ғылыми еңбек жасадың. Сенің жасың үшін бұл аз жүк емес. Алдыңда әлі де сан-тарам жолдар жатыр. Қия бұлтарысы да, соқпағы да көп. Басқан ізіңді аңдитын, алды-артыңды кес-кестейтін дұшпандарың да аз болмас. Достарыңды талғай біл! Петерборда біраз оқымысты орыс достарың бар. Солармен достығыңды бұзба! Өзіңе бауыр, іні болып жүрген Ибрагимовтан айырылма! Бірің аға, бірің іні болып жүрген екеуіңнің тамаша, жарастықты достықтарыңнан татар мен қазақ сияқты егіз халықтың туысқандық, бауырмалдық көңілдерінің жарқын үлгісін көргендей болам! Осы туысқандық, достықтан жазбасын! Шоқанға тағы да айтар туысқандық көңіл парыз еткен ағалық тілектен шығар көкейдегі бір жүрек сырын айтсам деймін. Біздер, татарлар сіздерге, қазақтарға қарағанда патша бодандығына ертерек кірдік. Сондықтан Патшалық Ресейдің жай-күйін сіздерге қарағанда жақсырақ білеміз. Мәдени ықпалдастық, ауыс-түйіс бір басқа да, отаршылдықтың темір гүрзісі бір басқа! Әр нәрсенің де шегі болады. Сол мәдени ықпалға бір жақты, қатты беріліп кетпей, халқыңыздың өзіндік рухын, болмысын, ділін, дінін сақтаңыздар! Ол сақталса бәрі де сақталады. Біз, татарлар исламға беріктігіміздің арқасында дінімізді, ділімізді, тілімізді сақтап отырмыз. Ең бастысы – татарлығымызды сақтап отырмыз! Сіздерге айтарымыз да осы! Шоқан бауырыма үлкендік ағалық көңілмен айтар тілегім де осы! Алдыңда әлі талай ғұмыр бар. Кейін өзің бәрін ұғынарсың! Менің осы сөздерімді әлі талай есіңе аларсың! Еш уақытта да ұмытушы болма! Черняев сияқтылардың жаласынан, зарарынан сақтасын! Халқыңның игілігі жолында қызмет ете бер!  Әрдайым Алла қолдап, ісің оңғарылсын!

 (Сахна қайтадан қараңғыланып, бір кезде жарық сәуле астында орыс армиясының генералы Черняев көрінеді).

Черняев (монолог): Шоқан, сен таланттысың, білімдісің, үлкен ғалымсың. Жаратқан зор дарын берген! Оған шәгім жоқ! Бірақ сен бірдеңені білмей жүрсің, Шоқан! Сен қанша ғалым бол, білімді бол, Ресей империясының мүддесіне адал қызмет етуің керек! Сен де, сенің анау татар достарың Файызхан мен Ибрагимов те, Петербургтегі либерал достарың Майков пен Дуров та адасып жүр. Сендердің істеріңнен түк те өнбейді! Жай елес қуған қиялисыңдар! Ендігі заман біздікі! Орыс империясының мүддесі әрқашан да жоғары болуы керек! Сендерде соған табынып, бағынуларың қажет! Күштеріңді босқа ысырап етпей империяның адал құлдары болыңдар! Сендердің гуманизмдеріңнің түкке де қажеті жоқ! Керек емес! Орыс солдатының етігі Қазақстанды басып өтіп, Ауғанды аттап өтіп, Үнді мұхитының жағалауын басу керек. Біздің мүддеміз – ұлы мүдде! Сен осыны түсінуің қажет, Шоқан! Сен қанша данышпан болсаң да, бұратана елдің ұлысың! Болашақтарың өте бұлыңғыр! Оған мені кінәлама! Тағдыр  талайларыңа осыны жазса, мен не істей аламын! Айтпады демеңдер! Түбі менің осы сөзім шындыққа айналады! Империя мәңгілік! Болашақ біздердікі! 

 (Сахна қараңғыланып Черняев біртіндеп көрінбей кетеді. Сахнада Анастасия Николаевна көрінеді. Жүзінде сағыныш, мұң табы бар).

Настя (монолог): Жаным, сүйіктім, Шоқан! Мен қазір сенен алыстамын! Өте алыста, сонау Париждемін. Сен қазір қазақ даласында жүрген шығарсың? Екеуіміздің арамызды мыңдаған шақырым бөліп жатыр. Тұла бойымды өзіңе деген зор сағыныш пен аңсау кернеп тұр! Осыны сезінсең ғой, Шоқан! Сен де қазір мені ойлап, сағынып, аңсап, ойға батып, торығып жүрген шығарсың! Өкінішке орай, мен өзім аңсап, бір көруге зар болған қазақ даласына әр түрлі себептермен бара алмай, алыста зарығып, аңсағаныма жете алмай пұшайман күй кешкен бір мұңлық жанмын! Бірақ дәтке қуат ететінім кеудемде жаным тұрғанда өзім көруді мұрат еткен қазақ даласын, Шоқандай перзенті бар даланы қалайда бір көруге, оның жайсаң жандарымен жүздесуге белімді бекем буғанмын! Шоқан, сен халқыңды, далаңды өте қатты сүйесің! Сол сен сүйген халықты, даланы шынымды айтсам мен де қатты сүйіп қалдым! Сенің халқыңның жарқын болашағына сенемін, Шоқан! Сол жолдағы сенің арман-тілек, мақсат-мұраттарыңның орындаларына көзім кәміл жетеді. Жаратқаннан күні-түні өзіңнің аман-саулығыңды тілеп, жалбарынам! Қай заман болмасын ғашық жүректер бір-бірін аңсамай, іздемей тұра алмайды ғой. Дәл қазір менде саған деген ұлы сағыныш бар, Шоқан! Дәл қазір маған қанат бітсе, өзіңе тезірек ұшып барып, сағынған тілектің, зарыққан көңілдің, талыққан жүректің, тоятты сезімнің дегенін қылып, мауқымды бір басар едім! Мазасыз жүрек бір тыныш табар еді! Шіркін, осының бәрі қиялым болмай, тезірек орындалса ғой! Ол күн де бір күні туар әлі! Соған тезірек жетсек! Қайда жүрсең де аман бол, Шоқан! Сенің сүйенішің де, тірегің де, қорғанышың да екенімді есіңнен ешқашан да шығармағайсың, ұмытпағайсың, Шоқан! Аңсаған, сүйген жүректеріміз мәңгілік бірге соғады!

Шоқан (монолог): Настя! Сен сонау көз жетпес алыс қиырларда жүрсің. Мен де сенен шалғай, алыстамын. Екеуімізді жүрек сыры, сезім сырлары табыстырмап па еді?! Настя, сен тумысы бөлек кіршіксіз жансың! Ақылыңа көркің сай. Сенде көпшілікте кездесе бермейтін ерекше пайым мен зерде бар! Ерекше нәзік те, тәтті қылық бар! Мені тәнті қып, ынтықтыратын да осы қасиеттерің! Бір-бірімізді көрмегенімізге көп болды. Мен қазір үлкен толғаныста, қиналған ой үстінде жүрмін. Сен менің жан дүниемді жақсы білесің ғой. Мынау өмірде менің достарым да, дұшпандарым да көп! Сонау алыс Петербордағы Достоевский, Майков, Дуров, мындағы Потанин мен Колпаковскийлер, татар ғалымдары Файызхан мен Ибрагимовтар жан қиыспас достарым! Олар барда маған ештеңе қауіпті емес! Черняев сияқтылардан мен онша ыға қоймаймын! Менің Отанға, елге, туған жерге деген жүрегім таза, перзенттік парыз, міндетімді адал атқаруға тырысамын! Мен орыс офицері болсам да, ең алдымен туған халқымның, ұлтымның мақсат-мүддесіне қалтқысыз қызмет ететін елімнің туған перзентімін. Осы мүдде жолына жанымды пида етіп, қасықтай қанымды аямаймын! Оны Черняев сияқты арамза пиғылдылар ұғып алсын! Олар қанша өктемсіп, мықтысынғанымен әділеттік туының салтанат құратынына сенемін! Ерте ме, кеш пе ол күндер де туар әлі-ақ туғызар! Мен сол жарқын күндерге сенемін! 

Арамыз қанша алыс болса да менің жаным да, жүрегім де, сезімдерім де сенімен бірге, Настя! Сен де қазір мені ойлап, сағынып, торығып жүрген шығарсың? Жүрегім сезеді, сендегі ұлы сағынышты, іңкәр сезім мен махаббатты! Екеуіміздің кездесуімізді тағдыр жазбай тұр! Амал нешік... Тағдырға мойынсұнбасқа лаж жоқ! Жаным, Настя! Алда кездесеміз бе, жоқ па? Кесіп-пішіп айту қиын. Оны бір жаратқан Алла білер! Мәселе онда емес. Осы пәк махаббатымыз жұрт есінде қалып, ғазиз жүректердің санасында мәңгілікке жол тартып, болашаққа аңыз боп тарасын! Табысқан көңіліміз бен жүрегіміз келешек дәуірлерде де ғашық жүректерге нұр құйып, заманалар толқынында рухымыз мәңгілік жарасым тауып, жақұт тастай жарқырай берсін! Лайым, солай болсын!

13 көрініс

(Алтынемел. Биіктаста тұнжыраңқы  ой үстіндегі Шоқан. Жарық Шоқанға түсіп тұр).

Шоқан: -Иә, өмір деген осы! Көшкен керуеннің сүрлеуіндей  әлдебір, белгісіз жаққа жосылып бара жатқан дүние жалғанның сынаптай сууын  қарашы, ә! Ғылымға енді қол созып,  кадет корпусында оқып жүрген жылдар қайда?! Бәрі де кешегідей емес пе еді? Арманға қол созған  күндер қандай тамаша еді! Қашқар сапары да артта қалды. Енді ғылыми қауымның алдында үлкен есеп күтіп тұр! Оның жуапкершілігі де бастан асып жатыр. Түркі халықтарының  тағдыр талайын орыстыларына орыс, еуропа оқымыстыларына жарқырата жеткізу қажет!

Алмағайып уақыт. Халқымның басында ауыр  тағдыр тұр! Қалай жол тапқан дұрыс болар еді?! Осы бір ақжарқын, ақкөңіл, қонақжай тұла бойы, болмысы романтикалық құштарлық пен поэтикалық сезімге толып тұрған ғажайып халықтың бел баласы болғаныма тәңіріме мың мәртебе алғысымды айтамын! 

Ендігі осы бір бұла халықтың тағдыры не болмақ?! Алда не күтеді? Белгісіздік тұманы ма, әлде жарқын болашақ па?! Екі қапталды  көктей бекіністерін тұрғызып, қоршап тастады. Алда Орта Азия жері. Бұл темір қыспақтан шығу екіталай! Бір ғана үміт, бір ғана медеу бар. Ол осы жаңа қоғамның оқу-білім, ғылымын игеру болып табылады. Ендігі  таңда пешенемізге  не жазылғанына  көне бермей, неғұрлым өркениетті жолды таңдағанымыз дұрыс болар еді. Іс-түссіз жоғалып кетпей, жарқын болашаққа жетудің  бір кілті осы болар еді, ойлап қарасақ! Бір үміт, бір күдік. Қалайда жарқын сенімнен айрылмау қажет! Үмітсіз-шайтан деген.

Жаратқанның құдыретіне сенуден басқа жол жоқ!

14 көрініс 

(Қыс айы. Голициндер әулетінің қысқы мекен-жай сарайы. Каминде от лаулап жанып тұр.  Анастасия жалғыз отыр. Ол  бұл кезде егде тартқан. Жарық Настяның  бетіне түседі).

Настя: Иә, қаншама дәурен  бастан өтіпті. Тіпті де түс сияқты. Қас-қағым сәтте барлығы да  өте шықты. Ағын судай өте шыққан  адам ғұмыры-ай десеңші!  Сынаптай сырғыған уақытқа  не шара?! Не дауа?! Ай,заман-ай десейші! Көзден бал-бұл ұшқан жастық шақ!

Бәрі де  кешегідей еді-ау! Жастыққа мас болған бұла күндер, қайталанбас  әсерлер мен тіл жетпейтін сезімдер...

О, о! Ол кездегі Петербург! Өзінің барша  сәулетімен, сұңғат бітімімен, әсем көркімен көзді арбаушы еді-ау!

Қызылды-жасылды түсімен өзіне тартып тұрушы еді. Әлде жастықтың әсері... Сол көріністердің бәрі сағымға  оранғандай  буалдыр тартыпты. Түссіз  бір әлем сияқты...

Осы сағым-елестердің ішінде бір аяулы бейне бұлдырайды. Қанша ұмытайын-ақ десем де болмайды. Өзінің сол бір жымиған, жарқын жүзімен, мәңгілік жап-жас бейнесімен  көп жылдар  бойы  күндіз өңімнен, түнде түсімнен шықпай қойды. 

Ол менің мәңгі жас, мәңгі ғашық, аяулы сүйіктім Шоқаным ғой!  Рухтар әлемінде мені аңсап жүр ме екненсің?! Мен саған уәде еткен туған далаңа бара алмадым  ғой, Шоқан! Мені  кінәламассың! Бұралаң  тағдырдың жазуы  осы болды. Соңғы кезде түсімнен де көп шықпай қойдың. Әлде кінәлап, ренжіп жүрсің бе? (Осы кезде  рухтар әлеміндегі Шоқанға  жарық түсіп, ол Настяға ұмсынған күйінде сөйлеп кетеді. Баяғы жап-жас қалпы).

Шоқан: - О, о Настя, мен сонау қиырлардан  сенің мен туралы ойлап та, қамығып та отырғаныңды  көріп те, сезіп те отырмын. Біздің рухтар әлемінде ешнәрсе  қағажу  қалмайды. Әрбір жүректің  лүпілі, сезімнің күйі  бізге аян. Білем. Сен өзіңді  кінәлайсың. Далама  бара алмадым деп. Менде ондай жоқ. Мен  пәни өмірде жүргенде-ақ сені  кінәлағаным жоқ. Настя, сенімен қоштасып  кеткеннен кейін  талай бұралаң  тағдырды бастан кешірдім. Қайсыбірін айтарсың. Өмір бойы, ажал алқымына келіп, жан тәсілім еткенге дейін сенің аяулы да ыстық бейнең жүрегімнің түкпірінен еш уақытта кетпегенін білсең ғой! Жүрегімде   асыл бейненіңді  өмір бойы қастерлеп өттім.  Мен сол  үшін өзімді армансызбын  деп есептеймін. Рас,  халқым бақытсыз  жағдайда қалып бара жатты. Бірақ, дәтке  қуат етерім, мен халқымның  арайлап таңы ататын жарқын күндеріне сенемін. Халқыма деген үміт қалды артымда. Өзің қалайсың, Настя! Сонау бір жастық шақтың естен кетпес бұла шақтары, жарқын күндері мен тамылжыған түндері неге тұрады?! Екеуміз де бақытты едік! Тағдырға не шара! Біздің рухтар әлемі тіл жеткісіз ғажап! Кейде ойлаймын. Осы ұшы-қиырсыз кеңістікті, нұрлы әлемді екеуміз шарлап ұшып, қыдырып жүрсек пе, деп! Настя, бақидан пәниге көшерде саған  деген ұлы сағыныш, ұлы махаббат қалды артымда! Қазірде соны  сезініп тұрмын!  Мен сені мәңгілік іздеймін Настя! 

Настя: Бұл не өзі?! Құлағым шыңылдап кеткендей болды. Көз алдымда бұлдырағандай. Дәл сондағыдай сезім, сондағыдай  күй! Бәз баяғыдай! Апырау, Шоқанның үнін естігендей  болдым ғой! Тура сол! Аумайды! Иә, нақ сол дауыс! Анық Шоқанның дауысы! Ақылымнан  алжасқам жоқ. Сонау рухтар әлемінен тіл қатып тұр ғой, сүйіктім! Не шара, қазір онымен дидарласуға мүмкіндік жоқ!  Бірақ жанымды жылытатын бір үмітім, мен де көп ұзамаспын. Барармын рухтар әлеміндегі сүйіктімнің жанына. Бір тыншу табар! Сені өмір бойы  аңсап өттім, іздедім, сағындым. Сенен кейін еш жанға мойын бұрғам жоқ. Шоқан, саған белгісіз, маған аян бір сыр бар. Басқаларға жүрегім мұз болып қатып қалыпты. Сені ешбір жанға айырбастай алмадым. Тұрмысқа да шыққам жоқ. Саған деген адалдығымды өмір бойы сақтап келемін. Біздің өмірдегі ізімізді жалғастырар, сені мен маған ортақ бір белгі бар. Мынау өмірде соны дәтке қуат етемін. Соған ғұмыр тілеймін! Ал енді  сүйіктім Шоқан, ана дүниеде көп мұңайма! Кездесер күнімізге көп қалған жоқ. Ұзамай мен де барармын жаныңа! Рухтар әлемінде ақша бұлтардың үстімен ақ қанат періштедей мәңгілік ұшып жүреміз! Хош, хош, хош!

Шымылдық


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар