Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Қаламгер, Қайым-Мұнар Табеев дүниеден озды......

11.09.2025 205

Қаламгер, Қайым-Мұнар Табеев дүниеден озды... 14+

Қаламгер, Қайым-Мұнар Табеев дүниеден озды... - adebiportal.kz

Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қайым-Мұнар Табеев дүниеден  озды... 

Қаламгер 1956 жылы 5 мамырда бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы , Аягөз ауданы «Шолпан» кеңшарында дүниеге келген. 1981 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік Заң университетінің аспирантурасын социолог-заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. 2002 жылы Алматы мемлекеттік басқару институтында, 2004 жылы ҚР Президенті жанындағы қызмет академиясының мамандықты жетілдіру курсында оқыған. Журналист, жазушы және қоғам қайраткері. Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазақстан Жастар Одағы және Қазақстан Журналистер Одағы сыйлықтарының лауреаты. 

Шығармашылық жолын 1981 жылы республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі Ұлан») газетінен бастап, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» , «Егемен Қазақстан» газеттерінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі міндеттерін атқарды.  Ол Желтоқсан оқиғасы жайында ең алғаш болып басылым беттеріне мақала жариялаған қаламгер.

Жазушының «Шырқа, керней» («Жалын», 1983), «Ар өлшемі» («Жалын», 1984), «Қатарда жүр қарт солдат» («Қайнар», 1985), «Халық қалаулылары» («Қайнар», 1987), «Байғазы» («Жалын», 1989), «Алматы. Желтоқсан – 86» («Шабыт», 1991) жинақтарында деректі әңгімелері жарияланды. 

«ХХ ғасырдың обасы» («Қазақстан», 1989), «Үш күннің дерекнамасы» («Дәуір», «Науан хазірет» баспалары, 1993), «Мұзда жанған алау» («Дәуір», 1993), «Қайсар рухты қазақ» («Атамұра», 1994), «Қазақтың желтоқсаны» («Дайк-пресс», 2006) іспетті көптеген кітаптары жарық көрген.

Қазақ әдебиеті мен баспасөзінің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгердің ет жақындары мен туыстарына порталымыздың атынан қайғыра көңіл айтамыз.

Марқұмның алды жарық, арты қайырлы болсын!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар