Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Өркениеттік өлшем: сана дағдарысының қазіргі сәті...

02.09.2025 660

Өркениеттік өлшем: сана дағдарысының қазіргі сәті 14+

Өркениеттік өлшем: сана дағдарысының қазіргі сәті - adebiportal.kz

        Шындықтың сөзі құлаққа ұдайы жағымсыз естіледі...

(Лао-Цзы)

Бүгін білім күні. Мектеп табалдырығын аттаған ендігі жас ұрпақтың рухани құндылығы мен ішкі мәдениеті қалай болуы керек? 

«Мен жастарға сенемін» депті Мағжан.  Ал, осы өлеңнің толыққанды орындалу критерийлерін ойлап жүрген біреу  бар ма? 

Жақсы, әлгі жас бала «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты...» болуы үшін сіз бен біз олардың ата-анасы, ұстазы, әрі  басқарушы билігі ретінде нендей жауапкершілікті мойынымызға алуымыз керек?

Мінекей, қазақ социумның қазіргі сана ағысын өркениет өлшемінде қарастырған шағын ғана үшбу жазбамды назарларыңызға ұсынып отырмын.

 

Өркениет исі адамзат ақылының жетістігі ғой.  Осыған шын илансақ, адамзат нәсілін құрайтын кез келген ұлттың  кісілік келбеті мен ішкі мәдениеті де сол өркениеттің стандарттары мен талаптарына сай болмағы ләзім.

Әлемдік стандарт дегеннен шығады. Біздегі, басқаны айтпағанда, бала тәрбиесі, оларға ата-ана ретінде қалдыратын материалдық мүлік те, тым болмағанда, жапон мен немістің жауапкершілігі мен әділетіне жақын келуі керек емес пе?

Ендеше ұл-қызымызды үйлендірер болсақ, қаншама қаражат шашып ұланасыр той тойлауымыз, сосын әр баланың басына үй алып беру үшін бір ғұмырымызды тіршілік дәртесіне жегуіміз қай өркениеттің қағидасына сай келер екен!?

Демек, бұл  тыраштануымыздың түбі  қайда жатыр? 

Мұндай жалған жұбаныштарға жүгінуіміздің мәнісі не? 

Фрейдке сенсек, мұндай әрекеттердің себебі адамның өз-өзіне сенімсіздігінен туындайды.

Жалпы адам баласы өмірінің ащы кермегін ғана реалды шындық деп есептеп, соны өз ұрпағым көрмесе екен деп ойлайды .

Ашығын айтайық, аштық пен жоқшылықты біздер (үлкендер) көрдік екен деп, енді  оны жас ұрпақтың санасына таңуға болмайды ғой

Қайыра айтайын, бұл жетіспеушіліктер, бар болғаны, сіз бен біздің ғана ішкі үрейіміз. ...Қазір мүлде басқа уақыт. Материалдық дүниенің емес, ақыл ой жарысының нағыз бәсекесі туды. Ендігі адамның үй мен машина іспетті материалдық дүниелермен мақтануы, сондай-ақ оны жас ұрпақ санасына тықпалауы, шынымен-ақ, дегредация дейміз. 

Ендеше осы уақытпен бірге өзге құндылықтардың  түзілгенін, соған сай көп көзқарастарымыздың көнергенін де есте ұстағанымыз абзал болар.

Жоғарыда тәрбие дедік... 

Айталық, біздегі авторитаризмнің алғашқы тағаны баланың ата-анаға «қарсы» келмеуінен басталады. 

Жалпы, бала атаулы әке мен шешесінің бар мінін бір кісідей білсе де, оған кері үн қатуды өзіне абыройсыздық санайды. Бұл жерде біз «қарсылық» ұғымын  үлкеннің жағасынан алу тұрғысынан емес, плюрализм пайымы,  еркін пікір алмасу мәдениетінің бізде  қалыптаспағаны жайында айтып отырмыз. 

Баланы жеке тұлғадан гөрі жекеменшік (ұлды шежіре жалғастырушы нысан) ретінде көретініміз де өтірік емес қой.

Ең өкініштісі сол, «үлкенді сыйлау» тәрбиесіне «үлкендеріміз» қанша жерден қателесіп отырса да еш үндемеуіміздің  кіретіні...

Мінекей, не десеңіздер де біздің тәрбиеміз осы. 

Сонымен еркін пікір, плюрализм секілді азаматтық қоғам құндылықтары тек қоғамнан ғана талап етіп қарап отыратын дүниелер емес, бұл әрбір жанұяда өркен жайып, таған тартуға тиіс мәдени құндылықтар емес пе? 

Бұл жағынан келсек, өркениет атаулы алуан мемлекеттердің ғана емес, түрлі мәдениеттердің де адамзаттық мазмұнға ауысқан масштабы десек те болады.

Ал адамзат өлшеміне томпақ біздің бойдағы әлгідей келеңсіздіктер қайдан туындап отыр? 

Ашығын айтсақ, мұның себебі беделге ғана тәу ететін авторитарлық сана, сондай-ақ қалалық мазмұнға бейімделе алмаған көшпелі мәдениетіміз бен менталитетімізде жатыр.  

Ұлт мінезі мен дағдысы да  ұзақ ғасырлар қабатында қалыптасқан дүниетаным негізінен шығады ғой. Сол дүниетаным дағдысын бір сөзбен ғана  «ұлт болмысы» деп атасақ та болады.  

Енді аталған осы дағды, көне сүрлеумен жүре беретін болсақ, қазақтың келешегі жарқын болады  дегенге бәс тіге алмас едім.

Байқай алдыңыз ба, салт-дәстүр қағидаларынан өлердей қорқатын, ұлттың өз-өзіне ғашықтығы мен рушылдығы да көбіне «жеңілген мәдениетке» тән. Жеңілген мәдениетің этнос санасын шырмауықша матаған  мұндай бейсана әрекеттерін жіпке тізіп жазар болсақ, біраз жерге баратынымыз анық. 

Реваншиз (кек алу), «кезінде «Алтын орда» секілді алпауыт ел құрғанбыз» іспетті импералистік пейіл де алжыған адамның жастық шағындағы мағынасыз желігін айтып құр мақтанған әрекеті секілді. 

Бір жағынан, экономикасы тек қазба байлыққа негізделген халықтың  етін ауыртып еңбек етпес масыл психологиясы да жеңілген мәдениетке жұдырық есебінде. Әрине, жеңілген мәдениеттің де өз «УАЙЫМЫ» бар. 

Сол «УАЙЫМНЫҢ» бірі – ұрпағына кәсіби білім беріп немесе өндірістік кәсіпке үйретуден гөрі материалдық  мұра қалдыруға деген зор талпынысы дер едік. Өкінішке қарай, Нобель сыйлығының иегері Кайлаш Сатьяртхидің «Егер сіз кедейлікті бір ұрпақ ішінде толыққанды жойғыңыз келсе, балаға  тек білім беріңіз» қағидасы бұл жерде еш ескерілмейді десек те болады.

Осы жерде төмендегі мына бір сөйлемге баса назар аударғаныңызды шын өтінген болар едік.

ЕНДЕШЕ ЖОҒАРЫДАҒЫ АТАЛМЫШ «УАЙЫМДАРДЫҢ» ӨЗІ АДАМ ТОЙЫМСЫЗДЫҒЫНА ЗОР ТӘБЕТ АШАТЫН, КЕРЕК ДЕСЕҢІЗ ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТОРЫНА АСТЫРТЫН ҚАЛАУЛАР ТУҒЫЗАТЫН АХУАЛ ЕКЕНДІГІН ДЕ САУ АҚЫЛЫҢЫЗ СЕЗІП ОТЫРҒАН БОЛАР.

Ал сіз бен біз еліміздегі жемқорлық неге жойылмайды деп қайта-қайта зар қағамыз? 

Бұған енді еліміздің заң үкімдері шын кінәлі десек, қаншама лауазымды жандар топ-тобымен (осы заң негізінде) түрмеге тоғытылып жатса да неге жемқорлыққа қатысты сот шешімдері оң нәтижесін бермей отыр?

МЕНІҢШЕ, МӘСЕЛЕНІҢ БӘРІ БІЗДІҢ МӘДЕНИЕТТЕ ЖАТЫР. 

ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, МӘДЕНИЕТ ҚАБАТТАРЫНДА ЖАТҚАН МҰНДАЙ БЕЙСАНА, ӘРІ ТҰТЫНУШЫ ТАНЫМ НЕГІЗІНДЕ ТУЫНДАЙТЫН МЕРЕЗ, МЕНТАЛЬДІК, КӨЗГЕ КӨРІНБЕС «ЖЕГІ ҚҰРТТАРДЫ» ЕШКІМ ДЕ ЕЛЕГІСІ  КЕЛМЕЙДІ. 

Демек мұны заң шеше алмайды екен. Ол енді бесенеден белгілі болды.

Ендеше бұл ахуал ұлттың ой жосыны мен  дүниеге деген қөзқарасы толықтай өзгеріске түспей еш нәтиже бермейді дегенді білдіреді. 

Мейлі келіс, келіспеңіз, көшпелі мәдениеттің күні батты.

Қазақтың  тоған судай борсыған ойлау жүйесіне қозғау салып, сана қуатын арттыратын жаңа когнитивті философия керек деп зарлап жүргеніміздің де себебі осы-тұғын. Саяси корпус кресло мен лауазымды (дұрысы, тек биліктің өзін ғанақызғыштай қорғамай, керісінше халықты осындай кері регреске әкететін мерездіктерден барынша қорғағаны дұрыс. Бұл мемлекеттің  ұзақ жылғы стратегиялық жобасына, керек десеңіз Президенттің жыл сайынғы жолдауының негізгі тапсырмасына айналса құба-құп болар еді. 

Әрине, біз бұл ойларды барынша сығымдап тек тезис түрінде ғана қағаз бетіне түсіріп отырмыз. Санадағы түрлі трюизмдердің кері әрекеті мен елді есейтпеу ережелерінің түп-тамырын анықтап, оны ғылыми тұрғыдан сараптау кезек күттірмес мәселе. 

Есті билік мұны қажет деп танып, іс-тәжірибе жүзінде жүзеге асырамын десе, біздегі сана дағдарысының ментальдік, сондай-ақ перспективалық даму жолын зерделеген кешенді еңбек жазуға дәл қазір кіріскен болар едік…

Сонымен сіз мұны дұрыс түсініп отырсыз деп ойлаймын.  

Бар мақсатымыз – ұлттың мәдениетін сөгіп сүйегін жасыту емес, кез келген кемшілік пен жарақаттың түп-тамырына тереңдеу арқылы оның оң шешімін табу. 

Жалпы қазақтың болашағы бар ма? Бар деп батыл айтуға болады. 

Бәрі де ұлттың өзгеріске деген ерік жігері мен интеллектуалдық әлеуетіне байланысты. 

Ең бастысы, адамның мемлекетке деген адалдығын ішкі мәдениет пен білім ғана анықтай алады

Ғабиден Мұстафин ақсақалдың: «Білімім жеткен жерге дейін адалмын» деп  отырғаны да солТобықтай сөздің түйіні де осы...

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар