(әңгіме)
Джованни ұйықтай алмады. Жер апшысын қуырып, тепловоздың қуатты шамы қараңғы түнді қақ жара зымыраған пойыздың ішінде шайқатылып, түк көрінбесе де терезеге телміріп отыр. Пойыз доңғалақтарының дүрсілі өзі он шақты-ақ күн бұрын көзбен көрген Дубайдағы ат бәйгесін еске түсірді. Дабыл берілген сәтте қоршауларынан ытырыла шығып, жарыс жолына түскен тұлпарлардың тұяғынан шыққан дүбір осыған ұқсас еді.
Шыны керек, жер мен көктің арасын дүбірге бөлеп, аяғы жетпегендерге арман болған бәйгені көзімен көргеніне өзі де сене алар емес. Түсі сияқты. Бірақ, сол ат жарыстың тағдыр жолын кілт бұрғаны ойына оралғанда тағы да толқып: «Oh, lucky me» (жолым болды), - деді күбірлеп.
Қасындағы кісінің көзі ілініп бара жатқан, селт етіп басын көтерді де бұған «ұйықта» дегендей қолын жағына сүйеп, көзін жұмды. Сосын мұның шетелдік екені есіне түскендей «Sleep» деді жымиып. Бұл да жымиып, басын шайқады. Сөйтті де сансыз көп жұлдыз жылт-жылт еткен қап-қара аспаннан көзін алмай, отырды да қойды.
Қайта-қайта жаңбыр жауып, аспаны бұлттан арылмайтын қалада өскен ол бұрын-соңды мұнша көп жұлдызды көрмеген-тін. «Неткен сұлулық!» деп таңқалып отыр. Аспанның қап-қара болып, онда әлдекім шашып алған майда күміс тиындар сияқты жыпырлаған жұлдыздың бұдан әлдебір құпияны жасырғандай немесе алда күтіп тұрған бір қуанышты жайдан хабар бергендей жымың қағуы ерекше әсер еткен-ді...
Иә, бұл оның өміріндегі ғажайыпқа толы сапар болды – ұшақты кемеге, оны пойызға ауыстырып мініп, жүріп келеді, жүріп келеді. Жүрген сайын жол бітпейтін сияқты көрініп, діттеген жеріне жетуге асыққан жас жігіттің жүрегі алып-ұшады. Алдынан не күтіп тұрғаны белгісіз болса да...
Теңіз жағасында болғандықтан ба, бұл өскен қалада бірнеше күнге созылатын жаңбыр – үйреншікті жай. Адамдарының тіршілігі де осындай ауа райына ыңғайланған ба дерсің… Нөсер жауын болмаса, көбі сіркіреп жауған жаңбырды елең-құлаң қылмайды. Және жауынсыз күндерде де қолдарынан шатырлары түспейді.
Бұл да жаңбырдың қашан жауып, басылатынына мән бермейтін. Анасы болса, тамшылар, жаңбыр суына толып қалатын суағарлар, кемпірқосақ туралы әсерлене әңгімелеп бағушы еді. Оның өзін сөзге тартуға тырысып отырғанын түсініп, ықыласымен тыңдаса да, жаңбырға қызығушылығы оянған емес. Бірақ бір күні желдің бағыты өзгерді ме, әлде жауын үдей бастады ма, Джованни оның дыбысына еріксіз құлақ түрді: тамшылар терезенің жақтауларын сабалап, әйнекті тырс-тырс еткізіп тұр екен. Ұйқысынан да сол оятты: бейнебір жайпақ табаққа төккенде бытырай шашылатын бұршақ дыбысы құлағына келгендей… Қайдан естіп еді?
Төсегінде аунап жатып, тап осылай ұйқысынан оянса да тұрмай, жаңбыр тырсылын тыңдап жатқан сәт санасында жылт етті де жоқ болды. Орнынан атып тұрды… Қашан еді? Қашан?
Қанша ойланса да, есіне түсіре алмады.
Терезеден сыртқа көз салған – тамшылар әйнекті бойлай сырғанап, кинолардағы жылауық қыздардың көзінен аққан жастай бірін-бірі қуалай ағып жатыр екен. Жігіт терең күрсінді.
Не басылмай, не үдемей, ертеден кешке дейін жауған жаңбырға кішкентай кезінде онша мән бермейтін Джованни есейе келе ондай күндерде жер-көкке сыймайтындай аласұрып кететін болған. Қайта-қайта аспанға көз тігіп, сірескен бұлттардың көбесі сөгілуін асыға күтеді. Мына сұп-сұр аспан, сұп-сұр көшелерден сытылып шығып, өз қиялындағы, ойлай қалса, бойын жылылыққа бөлейтін сәулелі-шуақты жаққа безіп кеткісі келеді. Ол өлкенің атауын да, қайда екенін де білмейді, бірақ санасының бір қуысында мықтап орныққан сол картина ара-тұра көз алдына елестеп, бара-бара оны өңінде көргеніне сене бастады. Әлде түсі ме екен?
Джованниды айналасы «Джони» деп, ал анасы Эмма еркелеткен кезінде даусын ерекше созып, «Жан-нии» дейтін. Шақырғанда еркелеп, қасына жетіп бару – бала кезінен қалған әдеті. Ондайда анасы бауырына басып, қолына бір тәттіні ұстата қояды. Өсе келе баласының ұялып, тартыншақтайтынын байқап, мұны құшақтап, бір иіскеп қоятын болды. Екеуінің арасындағы түсіндіруді қажет етпейтін, есесіне жандарына шуақ сыйлайтын осы бір рәсімге үйреніп кеткені сонша, Эмманың даусы шықса болды, Джони елең етіп, еш ойсыз салып ұрып анасына қарай жүгіре жөнеледі.
Бірақ өткенде бір рет анасы өзін «Жан-нии!» деп шақырғанда тұла бойы дір ете түсті. Құлағы шыңылдап, аспан төңкеріліп түскендей күй кешіп, сілейіп, тұрған орнынан қозғала алмай, қатты да қалды. Әлденеден шошып кеткендей. Тап осы дауысты қашан, қай жерде естігенін есіне түсіре алмай, қатты қиналды. Күні бойы ойлағаннан басы мең-зең болып, қос қолымен солқылдаған шекесін қайта-қайта қыса берді, қыса берді.
Басының ауруы үдеп, шаршап, талықсып, әзер ұйықтаған. Түн жарымда құлағына «А-ии-аа-ан...» деп шыңғырған әйел дауысы келгендей болып, ұйқысынан шошып оянды... Бұрын бұл дауыс түу алыстан шыққандай, талықсып жететін, бұл жолы дәл жанында тұрғандай ап-анық, құлағының түбінен естілгендей болды.
...Әркімнің қуықтай бөлмесін жалдап, шаршаған Әмірбек пен Ханзада сол жазда кішкентай да болса үй салып аламыз деп шешкен. Бала бақшадан орын таба алмай, осыған дейін анасымен үйде отырған бала қолбайлау болмасын, әрі сүт пен айран, қаймақты тоя жесін деп ұлдары Әмірханды ауылдағы нағашы атасы мен әжесіне апарып берді.
Әмірхан – олардың тұңғыштары. Бір-бірін сүйіп қосылған, арқа сүйер ешкімі жоқ екі жасты есейтіп, бұған дейін беймәлім, ғажап сезім сыйлаған сәби. Елжіреп жақсы көріп, көзін біреуіне, мұрнын екіншісіне ұқсатып мәз болған жас ата-ана баланың атын қойғанда да екеуінің есімінен құраған.
Туғалы бір сәтке де көздерінен таса етпеген баланы басқа жаққа жіберуді ойлаудың өзі жүректерін ауыртқан соң алғашқыда қастарында қалдырғылары келген. Бірақ, бала шынымен қолбайлау екеніне көздері жеткен соң сол жазда ажырай тұруға мәжбүр болды. Бірақ он-он бес күнде бір барып, өздері де аунап-қунап, әрі балаларын сүйіп, мауықтарын басып қайтатын.
Еш қағажу көрмесе де ата-әжесінің үйінде көбіне томаға-тұйық жүретін Әмірхан әке-шешесі келгенде көзі жайнап, мүлде басқа кейіпке кіреді. Алғашында анасының бауырына тығылып, кім шақырса да бармай қойса да бірте-бірте алаңсыз сәби қалпына түседі. Біресе өзін алдарқату үшін атасы жиып берген асықтарын тізіп, мақтанса, біресе әкесін биенің бауырында тұрған құлыншаққа қарай сүйрейді. Атасы қызық көріп, күнде құлынның үстіне мінгізеді екен – сонысын көрсетпекші.
Ұлының қала балалары сияқты малдан қорықпай, құлыншақтың қасына үйіріліп келе беретініне кәдімгідей қуанған Әмірбек оны өзі атқа мінгенде алдына алып, біраз желдетіп қайтып жүрді. «Қазақ жылқы мінезді» дегенді естіп өскен ол, жылқы мен адамның бір бірін сөзсіз түсінетінін осы жолы түсінгендей. Әкелі-балалы екеуі қораға жақындағанда-ақ атасының күрең аты бұларды күтіп тұрғанын білдіргендей, аяғымен жер тарпып, оқыранатын. Әмірхан ноқтаға көнгісі келмей, тыпырлап тұрған құйттай құлыншаққа қарай саусағын шошайтса да, әкесі күреңнің жалынан сипап, ерттеп, оған кішкентай ұлын қонжита отырғызып, қорадан жетелеп шығатын.
Бастапқыда айтқаны болмағанға бақырып жылаған баласының күрең ауылдан шыға бере шоқыта жөнелгенде бірден басыла қалатынын, сәлден кейін арқасы ұстағандай еліріп, ересек адамдардай қиқулайтынын қызық көріп, бірнеше айналым жасайды. Оның осы қалпын, аттан түскісі келмейтінін көргенде әкесі мен атасы мәз болып, өздері бәйгеге шапқандай, айыздары қанып тұрғанмен, Ханзада аттан құлап қала ма деп, шыр-пыры шығып, баласы қолына тигенде ғана жаны жай тапқандай уһ дейді. Шоқытып келе жатқан аттың жүрісі баяулай берген сәтте оның ұшып барып, баласын ер үстінен аударып алып, ала қашатынына ренжіген Әмірбек бірде: «Көр де тұр, осы балам шабандоз болады!» деген еді.
Әмірханға екеуінің не деп жатқаны бәрібір – әңгіменің өзіне қатысты болып жатқанын бала жүрегі сезіп, екеуіне жабысып, сықылықтай күледі. Ата-анасы жаңағы ерегесті ұмытып, баланы кезек құшақтап, сүйіп жатқанда атасының:
- Поһ, шіркіндердің балажандарын... - деп күңкілдегенін құлағы шалған Ханзада ұялып қалды. Сосын үлкендердің көзінше Әмірханды айналып-толғануды қойып, бірақ, тасалау жерде құшақтай алып, бауырына баса: «Жә-ә-ним! Жә-ә-ни-им сол!» деп қайта-қайта сүйетін болды.
Бірде, үй салушылар ұзағырақ бөгелгенде, кішкентай жүрегі ата-анасын сағынғанын білдіргісі келді ме, Әмірхан атасы мен әжесіне барып:
- Жә-ә-ни-иим... - деді.
Атасы мен әжесі бір-біріне жалт қарасты. Күнұзаққа жол жаққа елеңдеп жүрген балаға көзі түскен сайын әжесі жаулығын көзіне апара берсе, атасы «Итті иесімен қина...» деп күбірледі. Сосын көрші үйден қалаға телефон соғып қайтқан. Әмірбек пен Ханзада хабар күтіп жүргендей, ертесіне-ақ жетіп келді. Анасы машинадан жүгіре шығып, мұны бас салып, ««Жә-ә-ни-им! Жә-ә-ни-им сол!» деп, балбыраған бетінен шөпілдете сүйе берген.
Анасының иығына басын сүйеп тұрып: «Зә-ә-ни-им шөль!», - деп қайталады Әмірхан. Үлкендер ду күлді. Сосын тілін қызықтап, қайта-қайта «Зә-ә-ни-им...» деп айтқызып, мәз болысты.
Екі аптада бала кәдімгідей ширап қалыпты – бұрынғыға қарағанда саны көбейіп қалған асықтарын тізіп қойып, көздеп атқанда ұшырып түсіреді. Тілі де тәп-тәтті – былдырлап әңгіме айтып, аузы бір жабылмады.
- Осы бала сөзуар болар ма екен? – деді қаладан келген қонақтарға сәлем бере келген көрші жігіт ағасы. – Тек тілінің мүкісі кетсе болғаны...
Ханзаданың «Ол не қылған мүкіс?» деп сұрағысы келгенін сезгендей атасы бұларға бір әңгімені күле отырып айтып берді.
Көрші үйдің баласы әскерден оралып, әке-шешесі өткен демалыста ауыл-аймаққа той беріпті. Той болғанда да ерекше той. Ауыл ақсақалдары балуан күрестіріп, желаяқтарды жарыстырып, гір тасын көтертіп, арқан тартып, әскерге шақырылатын жігіттер арасында кәдімгідей сайыс өткізіпті.
- Кітаптарда жазатындай-ақ той болды, тіпті кішкентай ұлдар арасында да асық атудан жарыс болды, - деді көрші де желпініп. – Әмірхан да қатысып, асықтарын көбейтіп алды. Тек ортаға шығарып, аты-жөнін сұрағанда, «р»-ға тілі келмей, атын «Әми-ян» деп күлкіге қалғаны болмаса...
- Оның несі күлкілі? – деді әжесі жаратпай. – Барлық баланың тілі солай шығады. Ертең-ақ айтып кетеді.
- Иә, - деді әжесін қоштаған Ханзада, - бұл – уақыт өте қалыпқа келетін нәрсе ғой...
- Соны айтам да. Қаншама дөкей бастықтар жүр ғой «ң»-ды айта алмай, нағыз күлкілі жай – сол, - деді атасы жас келіншектің қабағына бір қарап...
- Иә, - деді тағы да Ханзада үлкен кісілердің сөзіне араласуға ұялып. - Шындығында көршінің баласының «р»-ға тілі келмегенін айтып, күлгеніне намыстанып қалып еді.
Шәй дастарханынан тұрған соң баласын оңашалау жерге жетектеп апарып, бауырына басты. Сосын бетін өзіне қаратып, көзіне көзін қадады да:
Сенің атың – Ә-мір-хан! Ә-мір-хан! – деп бірнеше рет қайталады.
Кішкентай Әмірхан апасының бұл жолы әдеттегідей өліп-өшіп сүймей, өзімен үлкен адамша сөйлегенін түсінгендей басын изеді. Ханзада бекіте түсейін дегендей:
- Ә-мір-хан! Атыңды ұмытпа, ұлым! – деп қайталады тағы да.
Сол барғандарында әшейінде бұлар кетерде жайбарақат қала беретін бала жылап, анасынан екі елі айырылмай қойды. Біраз әуре болған соң атасы: «Баланы өксітпеңдер. Сағынышын бассын, бір-екі күнге апарып, ойнатып әкеліңдер», - деген соң, қалаға ала кетті.
Үйлерінің төбесі әлі жабылған жоқ еді. Жаз болған соң өздері сонда түней беретін. Бала тоңып қалар деп, Әмірбек шағындау бөлменің төбесіне брезент жауып, шеттерін қалың тақтайлармен бастырып қойды. Сол түні екеуінің өзін таласа-тармаса құшып-сүйгенінен титтей жүрегі рахатқа бөленіп, күлімдей жатып көзі ілінген баланы тәтті ұйқысынан сытыр-сытыр еткен дыбыс оятты. Жаңбыр жауып тұр екен. Тырс-тырс еткен дыбысты таңдана тыңдап жата берді. Ұйқысы қанса да жылы төсектен тұрғысы келмей, аунап жатқанында бөлмеге аяғын дыбыссыз басып Ханзада кірді. Көзін жұмып жатқан Әмірхан қасына келген анасы мұны құшырлана иіскеп, әдеттегідей «Жә-ә-ни-им!» дегенде мойнына асыла кеткен.
Бірнеше күннен соң үшеуі қайтадан ауылға қарай шықты. Қас қарайып қалған кез еді. Қаладан енді ұзай бергенде қарсы келе жатқан үлкен жүк машинасын орағытып басып озған көліктің жарығы көзді қарықтырып жіберді... Іле гүрс еткен дыбыс шығып, бұлардың машинасы қаңғалақтай ұшып, бірнеше рет аударылып түсті.
Әйнектерінің күлпаршасы шығып, артқы есік сарт етіп ашылып кеткенде доңғалақтардың жерді сызған құлақ тұндырар шиқылы мен соғылысқан көліктердің шақұр-шұқыры арасынан әйелдің қара түнді тіліп өткендей «Ә-мір-ха-аан!», «Жә-ә-ни-и-м...» деп ышқынған ащы дауысы естілді де тына қалды. Ханзада баласын құшақтаған күйі асфальт жолға тарс етіп құлап түскен еді...
- «Періштесі қаққан деген осы-ау», - деді «Жедел жәрдем» дәрігері кішкентай баланың жүрек қағысын тыңдап жатып.
Бала анасына таяу жерде, ауылдан кетерде атасы қолына ұстатқан бір дорба асықты құшақтай, бүк түсіп жатыр екен. Сірә, анасы ұйықтап кеткен баланы құшақтап отырған болуы керек, сол да соққының күшін азайтқандай...
Бұл кезде бірнеше «Жедел жәрдем» дәрігерлері беттері ақжаймамен жабылған адамдарды машиналарға қарай әкетіп бара жатты.
... «Жаан-нии!» деп шақырғанында баласының селк ете түсіп, сосын түрі бұзылып, мелшиіп қалғанын Эмма бірден байқады. Қасына келіп, мейірлене құшақтап, тыныштандыра бастады. Суыртпақтап сыр тартып еді, ұлы үндемей қойды. Күні бойы оны көзінің қиығымен бағып, әлдебір күлкілі жағдайларды айтып, көңілін аулауға тырысып бақты. Кешқұрым бұрыннан қалыптасқан әдетімен бірге отырып, комедия фильм де көрді. Баласы ара-тұра күліп отырса да кинодан кейін бәрібір тұнжыраңқы қалпына түсті.
Келесі күні ипподромға ертіп апарды – атқа құмар Джованни сүйікті жануарларын көріп, мына күйінен шығар деп үміттенген. Қателеспепті, ол жерде баласы кәдімгідей серпіліп, әсем жүрісті аттардың кекілін тарап, жалынан сипаған кезде жүзіне күлкі үйіріліп, бұрынғы қалпына оралғандай еді. Үйге келген соң қайтадан томаға тұйықталып, тіпті неше күн бойы қабағы бір ашылмады. Эмма жанын қоярға жер таппай қиналды.
Қаншама жыл бойы ішінде бүгіп келген, ешкімге айтпаған қорқынышы қылаң берді. Бала көтере алмаған соң асырап алған баласының жол апатына түскенін естігенде маман дәрігердің: «Ондайда мидағы майда тамырлардың үзіліп кетуі салдарынан ұйыған қанның белгісіз зардаптары уақыт өте білінуі мүмкін. Денсаулығында кілтипаны бар баланы асырап-бағу оңай емес», - дегеніне қарамай, оны бауырына басқаны, емдеу мекемелеріне өткізбегені, неше жыл бойы бір жағынан оның денсаулығы үшін, екінші жағынан заңға қайшы әрекетінің салдарынан қорқып өмір сүріп келе жатқаны көз алдынан зулап өтіп жатты...
Джонидың күрт нашарлаған хал-күйі өткеніне ойша оралтқан Эмма он бес жыл бұрынғы жағдайды көз алдына елестетіп, өкси күрсінді.
Ол Брайтон қаласындағы бақуатты отбасында, ата-ана мейіріміне шомылып, ештеңеден таршылық көрмей өскен еді. Қиындықтарға есейген шағында тап келді – сәтсіз махаббат, жасанды түсік, жалғыздық... бойындағы бар құлшыныс-қуатынан айырғандай, өмірге немқұрайлы қарайтын болған. Әрі қарайғы тағдыры да белгісіз еді – бақытына қарай әке-шешесі танымал психологқа алып барды... Содан кейін ғана Эмма өмір ағынымен ығып бара жатқан күйінен шығып, өткенді қайтармаса да, болашағын мәнді өткізбекке талпынды. Тұрмысқа шықты.
Жасы қырықтан асқанда қосылған күйеуі екеуі бала сүйе алмады. Ешбір дәрігер, ешқандай ем көмек бермеген соң күйеуіне «бала асырап алайық» деген, ол қарсы болған жоқ. Бірақ, бала асырап алу бұлар ойлағандай оңай шаруа емес екен. Өз елінде де, көршілес елдерде де бала асырап алу заңы тым қатал, ниеттенушілерге қойылатын талап аса қиын, мемлекет қазынасына құйылатын қаржы көлемі де қомақты болып шықты.
Ерлі-зайыптылар бұл талаптарды орындаудан қашпас еді, қиыны – бала асырап алғысы келетіндер бес-он жылдап кезекте тұратыны еді. Онда да баланың табылу-табылмауы неғайбыл екен. Мұны естігенде әсіресе Эмманың еңсесі түсіп кетті – ері екеуінің суи бастаған арасын бала жақындатады ма деген үміті үзілгендей болған.
Енді қайтпек керек? Жанталасып, ойы онға бөлініп отырғанда оп-оңай-ақ бала асырап алған танысы есіне түспесі бар ма? Ол мына сынақтардан қалай өткен сонда? Дереу хабарласты.
Сөйтсе, кез келген тұйық сияқты, бұл мәселеден де шығар жол бар екен. Бала асырап алу бұлардағыдай қатал емес елдер бар көрінеді. Солардың бірі – «Қазақстан» деген мемлекет. Рас, алыста, Ресейдің ар жағында, Қытайдың бер жағында жатыр. «Алыстығы ештеңе емес, мәселеңді оңай шешуге болады», - деді танысы сеніммен. Эммаға осы сөздер жеткілікті еді. Танысы берген мекенжайлар мен адамдардың аты-жөндерін қағазға мұқият жазып, сөмкесіне бірнеше бума көк қағаз салып, жолға шыққан.
Ол кішкентай бала алғысы келген еді. «2-3 жасар болса. Көзі көк, шашы сары болса» деген. Ат басын тіреп келген адамдар әуелі Алматы маңындағы бірнеше балалар үйіне апарды. Бастапқыда «таңдап алам» деген оймен келген әйел, басқа қалаларға да барып көргісі келетінін айтқан соң ертіп жүрген пысық жігіттер 5-10 сағаттық жолды артқа тастап апарып келіп жүрді. Бәрібір өзі іштей суретін салып алған балаға ұқсас ешкім табылмады.
Сосын «көзінің де, шашының да түсі маңызды емес, дені сау болса» дей бастады. Бір ай сергелдеңнен кейін «емдеп алуға болатын» баланы да алуға ықтиярлы екенін білдірді. Бірақ, орайы келмей-ақ қойды. Әке-шешесі ақыл-ойының жетілуі кемдігінен, не дене мүшесіндегі көзге ұрып тұрған кемістігіне бола қалдырып кеткен балаларды алғысы келмеді. Бірнеше рет бұл ұнатқан баланың ата-анасы бар болып шығып, заң бойынша ондай баланы ала алмайтынын білгенде тағы меселі қайтты.
Осылай, қиырдағы бейтаныс елге әкелген ойының орындалуына сенімі де, қаражаты да азайып, қайту жайын ойлай бастағанда аяқ астынан бір үміт пайда болды. Кезекті балалар үйінен шығып, қонақ үйге келе жатқан жолда мұны әр жерге апарып, балалар үйінің басшыларымен сыбырласып сөйлесіп жүрген пысықай жігіт астанадан бір күндік жердегі шағын қалада 4-5 жасар жетім бала бар екенін айтты...
Бала шынымен де тұлдыр жетім екен. Әке-шешесі көлік апатынан қайтыс болған, бала терезеден ұшып кетіп, аман қалған. Қол-аяғы бүтін, ішкі органдары да сау, бір ғана кемшілігі – сол оқиғадан кейін сөйлемей қалған, тілі енді-енді шығып келе жатыр.
«Тілі шығып келе жатса, мамандарға көрсетіп, жақсы логопедпен жұмыс істеп, емдетіп алуға болады» деп ойлаған әйел қасындағы жігітке басын изеді.
Тәрбиеші жетектеп әкелген бидай өңді бала мойылдай қара көзін қадап бұған ұзақ қарады. Эмманың жүрегі дір етті. «Аты кім екен?» - деп сұрады қасындағы жол бастаушыдан.
- Әмірхан, - деді тәрбиеші.
- Say it again... (Тағы да қайталашы), - деп өтінді Эмма.
- «А-мир-хан» деп буынға бөліп қайталады ол, осылай айтсам түсінікті болар деп.
- О, о, yes! - деді әйел, - жақсы ат екен! Бірақ мен Джованни дегім келеді, Джони!
Солай деп балаға күлімдей қарап, даусын әндете жаңа есімін қайталады:
- Джо-а-ни! О кей?
О, ғажап! Бағанадан бері айналасына үрке қарап тұрған бала әйелдің әндете айтқан үніне елең ете қалды. Бір басып, екі басып, өзіне ақсия күле қарап тұрған әйелге жақындап: «Ма-ма», - деді ап-анық.
Эмма баланың алдына тізерлеп отыра кетті...
Балалар үйіне келгелі өзі ғана түсінетін тілмен былдырлап, ара-тұра «дай» деп қана жүрген балаға тәрбиеші де, директор да ауыздары ашылып аң-таң қалып қарап тұр еді.
Асырап алуды ресімдеу Эмма ойлағаннан әлдеқайда тез өтті. Адамдар бұл түсінбейтін тілде сөйлесіп, арада жүрген адамға ол өзіне тақаған сайын қағазға жазған сомадағы ақшаларын санап беріп, бірнеше рет не жазылғанын білмейтін қағаздарға қол қойды. Кешке дейін бар шаруа бітіп, таңертең түскен поезбен кері қайтты. «Ғарыштық жылдамдық!» - деді Эмма күбірлеп, жалғыз кеп, балалы болып кететініне әлі де сенер-сенбесін білмей. Көзінің қиығымен қарап қояды: қасында Әмірхан-Джованни томпаңдап еріп келе жатты.
Ол ересектер, тілі, діні бір өз ағалары мен апалары, бар мәселені көк қағазбен шешіп, тағдырын басқа арнаға бұрып жібергенін сезген де жоқ...
Баланың бөтен ортаға үйренуі оңайға түспеді. Күні-түні бір бұрышқа тығылып алып, бұлар жақындағаннан шыңғырып жылай бастайтын. Бұл жай Эмманы «ана болдым» деген эйфориясынан тез-ақ айырды. Ана болу – баланы қуыршақтай киіндіріп, мақтанып, көше қыдыру емес, ана болу – баланың жанын түсіну, жүрегін қуанышқа бөлеу, жүзіне күлкі үйіру үшін еңбек ету екенін енді ғана түсіне бастағандай.
Ұлын ең мықты дәрігерлерге көрсетіп, бала тәрбиесімен айналысатын мамандардан кеңес сұрап, кітап ақтарып жүріп, біртіндеп, ана болу дегеннің не екенін ұға бастады. Бала күлсе бірге күліп, жыласа бауырына басып бірге жылады. Іші-бауыры езіліп, туа сала сонша қиындыққа тап болған баланы аяды. Бақытты болам деп қанша талпынса да тағдыры теріс айнала берген өзін де аяды. Небір ұйқысыз түндерді, ойына да келмеген сынақтарды бастан өткізе жүріп, баласы екеуінің арасына нәзік өткел салды.
Күйеуі ғана бұл сынаққа шыдай алмай, жан тыныштығын қалайтынын айтып, кетті де қалды. Небір қиындыққа шыдаған Эммаға бұл соққы тым ауыр тиді – есеңгіреп қалды. Бірнеше күн бойы мәңгіріп, бір нүктеге қарап отыра берген оған ес жиғызып, мең-зең қалпынан шығарған Джонидің өзіне үрке қараған көздері еді.
Бала асырап алғандар бұған құзыретті органдарға құжатын көрсетіп, тіркелуі керек екенін айтқан. Сонда белгілі бір жәрдемақылар беріледі екен. Бірақ өз мәмілесінің заңсыз жасалғанын білетін Эмма қорқып, ол жаққа аяқ баспады. Өзі сияқты бала сатып алған талайдың жауапқа тартылғанын естіген сайын зәре-құты қалмайтын. Ілуде біреулер сондай әңгіме айтып жатқанын естісе, қуыстанып, үн-түнсіз кетіп қалып жүрді. Ақыры, баласы кәмелетке жеткенше оған да, басқаларға да тіс жарып, ештеңе айтпауға бел буды.
Обалы нешік, баласына мейірімін төгіп, оны ешкімнен кем қылмай өсіруге тырысып бақты. Ана болу дегеннің қандай ғажап екенін шын сезінген болар, әйтеуір ұлының болашақта бақытты болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тастүйін бекігені рас. Бұл шешімге бала асырап алушылардың әңгімелеріне құлақ түре жүріп, ең алдымен адам бауырына басқан баланың алдында адал болуы керектігін түйсінген күні келген. Содан кейін өзі де «Басқа-басқа, ал бала асырап алуда Антуан де Сент-Экзюперидің Кішкентай ханзадасы айтатын «Өзің қолға үйреткеннің алдында жауапты болу» деген ұстанымы салтанат құруы керек», - дейтін болды.
Эмма асырап алынған баланың өз тағдыры, туған жері туралы білуге құқығы бар екендігін де сол қауымдастықтағылардан естіген-тін. Өзі бұл шартты жүрегі сыздай қабылдап, Джониге ақиқатты айтатын күнді үрейлене күтті: ұлы мұны кінәлап, ашуланып, тастап кете ме деп қорықты. Күн өткен сайын дүниедегі ең жақынына айналып бара жатқан баладан айырылып қалам деген ой ызыңдап, ұйқысынан айырғалы қашан... Солай болғанмен де іштей дайындалып, «Қазақстан» деген ел туралы ақпараттарға құлақ түре бастады. Ара-тұра естігендерінің кейбіреуін елеусіз ғана баласына айтып қоятын.
«Мұнда әкелген соң денсаулығы түзелді, ештеңеден кемдік көрмей өсті», - деп өзін неше жерден ақтаса да, Эмма ана болу бақытына адал жолмен жетпегені үшін ар азабын аз тартқан жоқ. Әсіресе, баласының бұл жақты қабылдамағанын ішкі түйсігімен сезгелі бері, шырт ұйқыдан оянғандай көп нәрсеге көзі ашылды. «Еркіндікке, қалаған жағына жіберемін, туған жеріне барса, тіпті жақсы», - деп ойлады сондай күндердің бірінде.
Бөлмесіне тау баурайындағы кең жазықта атпен шауып келе жатқан етегі желбіреген ақ көйлекті қыз бен жас жігіт бейнеленген картинаны іліп жатып, «Қыз қуу» деген ойын туралы әңгімелеп берді. Анасының сол ойынды өзі көргендей әңгімелегеніне ұлы таңырқай қараған. Мұны байқаған ол күле қарап: «Әдемі ғой?», - деді бар болғаны.
Тағы бірде Қазақстаннан келген өнерпаздардың концертіне ертіп апарды. Ұлының бір қыздың үстінен өз бөлмесіндегі картинадағыдай көйлекті көргенде селт ете қалғанын көзі шалып қалды. Бұрын көрмеген киімдерге, үні бейтаныс аспаптарға қызыға қарап, бұрын естімеген әуенді беріле тыңдап отырған баласына көзі түскенде: «Джонидің қаны бір ғой... Мен неге сонша елтимін?» деген ой жылт еткен...
Сол жерде таратылған дискіні Джони екеуі үйге келе салып көре бастады. Әсем табиғатпен астастырыла төгілген ғажайып музыканың баурағаны сонша, бірнеше қайтара көрді. Содан кейін ұлының бөлмесінен күмбірлеген домбыра мен жан тебірентер қобыз үні жиі естілетін болды...
Соңғы күндері Джони сол дискті қайта-қайта айналдырып қойып жүр. Бөлмесіне бас сұққанда экраннан көз алмай отырған баласының жүзі мың құбылып, әлденені есіне түсіргісі келгендей біресе көзін жұмып, біресе қабағын кіржитіп отырғанын көріп, іші қылп ете қалды.
Баласының кешелі бергі көңіл-күйін байқаған соң он бес жылдан бері Джованниді қарап келе жатқан отбасылық дәрігерді шақырды. Кезінде осы дәрігердің кеңесімен баланы тіл дамыту орталығына берген – Джони жарты жылда сөйлей бастады. Осы дәрігердің айтуымен ат спорты мектебіне апарған. Бірде шауып келіп атынан түскен ұлынан: «Атқа мінгенде өзіңді қалай сезінесің?», - деп сұрағанында, ол: «Қатты қуанам. Қанат бітіп, аспанда ұшқандай болам», - дегені бар. Енді сол сөзі еске түсіп, ипподромда көбірек болуы үшін баласын сонда жұмысқа орналастырса, мына күйден тезірек шыға ма екен деп дәрігерден сұрағысы келген.
Дәрігер ойланып қалды. Сосын Джонидің депресивтік жағдайы ұзаққа созылып кетсе одан шығуы қиындай түсетінін ескертіп, оған «сезім дүмпуі» деген амалды қолдану жөн екенін бипаздап отырып, жеткізді. Дәрі-дәрмектен гөрі мұндайда психологиялық жайлы жағдай, көтеріңкі көңіл-күй жақсырақ көмектеседі деп, саяхаттап келуді ұсынды. Ақыры баласы атты жақсы көрсе, атпен көбірек серуен жасалатын турларды таңдау туралы кеңес берді.
Эмма шешімді тез қабылдады, үш-төрт күннің ішінде жұмысынан сұранып, туыстарымен қоштасып, баласын алып Дубайға аттанды. Іштей бір оқпен екі қоянды атып алам деп ойлап қойды – онда мұндағыдай емес, күн ашық, әрі Джониге сол жақта өтіп жатқан ат жарысын көрсетпек ойы бар.
Эмма бұл бағытты бекер таңдамаған-ды – Біріккен араб әмірліктерінде ғасырда бір өтетін ат жарыс болатыны туралы жарнаманы күнде көріп жүрген. Дубай билеушісі негізін қалаған Dubai World Cup кубогы үшін әлемнің ең жүйрік тұлпарлары сайысқа түсетіні туралы Джони да біледі екен. Баласының жүзі жайнап кеткеніне сүйсіне қараған Эмма оған бұл жарысқа бүгінгі таңда ең мықты жүйрік ретінде ел аузында жүрген «Кабирхан» деген сәйгүлік те қатысатынын айтқанда, Джованни: «Иә, ол – ағылшын тұқымды ат қой!» деп анасын құшақтай алды.
«Ол – Қазақстаннан келген ат» деген сөз Эмманың тілінің ұшында қалып қойды. Неге айта алмағанын өзі де түсінбеді.
Бәйге қызығын көруге келген нөпір адамның ішінде бірнеше күн жүрген соң анасы екеуі қазақстандық жанкүйерлердің ортасына тап болды. Джони мұны анасы әдейі орайластырғанын білген жоқ. Эмма болса: «Өз ортасына қосылды, тіл табысып, сіңісіп кетер...» деген оймен келесі күні шаршап тұрғанын сылтауратып, қонақүйде қалды.
Джони ипподромға кіре бергенде бір кісі жылыұшырай келіп:
- Қайдан келдің? - деп сұрады.
Мұның түсінбей тұрғанын бірден байқап:
- Where are you from? - деп сұрағын қайталады. Англиядан келгенін айтқанда басын шайқап, әрі қарай кетті.
Бұдан кейін де ортасында алтын шапақты күн бар көгілдір жалаушалар ұстаған адамдардың ішінен бұған әлдене деп күле сөйлеп, қолын бұлғағандар көп кездесті. Джованни да олардың айтқандарын түсінбесе де ақсия күліп, сәлемдескен ишарат жасап қойды. Лек-лек болып келіп жатқандардың өзара сөйлескен, ауыздарынан шыққан сөздерінің ішінен біреуін ғана түсінді – «Кабирхан»! Оны көргісі келіп, аңыз-атты күтіп-баптайтын панажайға, жаттықтыратын алаңға, серуендететін жерлерге жөңкіліп барып жүргендердің ішінде Джованни өзін судағы балықтай сезінді.
Кабирхан қызғылт-сары түсті ат екен. Көпшіліктің назарына, у-шуға үйренген сияқты, қоршау сыртындағы адамдардың дабырасын елең-құлаң қылған жоқ. Күтуші маманның үстін бірнеше мәрте сабындап жуғанына, таза сумен шайғанына, кекілін, жалын әуелі сирек тісті, сосын жиі тісті тарақпен тарағанына риза сияқты – жұлқынып, қашқақтамады. Ноқтасын бір қыздың ұстап тұрғанына қарап, «өзі асау да емес болар», - десіп жатты сол жерде тұрғандар.
«Үш аяғы қысқа ақ шұлық кигендей, ал бір аяғына киюді ұмытып кеткендей екен», - деп күлімсірей ойлады Джони.
Ат өзінің әдемілігін сезетін сияқты. Жуындырып болған соң жетектеп әкетіп бара жатқан қыз қаумалап тұрған жұртты қуанышқа бөлеп, қоршауға жақындата алып жүрді. Кабирхан терісі жылт-жылт етіп, кекілі мен жал-құйрығы желбіреп, аяғын кербез басып алдарынан өтіп бара жатқанда, таңданған, сүйсінген дауыстардың ішінен ат тарихын білетіндер бірі-бірінің сөзін бөліп, қаттырақ дауыстап, әркім-ақ оның өз еліне қатысы бар екенін айтып қалып жатты.
- Ағылшын тұқымдас... біздің елде кең тараған...
- «Әкесі» – Калифорния Хром, біздің америкалық жүйрік...
- «Енесі» – Литтл Эмили, ол да осал емес...
- Иесі – Қазақстаннан! Тілек Мұханбетқалиев...
Джони елең ете қалды: Қазақстан? Анасы осы ел туралы бірнеше рет айтып еді ғой?
Атжарысты ұйымдастырушылар әлемнің желмен жарысқан жүйріктері қатысатын сайыстың қызықты болуы үшін дайындалып-ақ бағыпты. Ат спорты тарихын шертетін сурет көрмесі; Түрлі елдің ұлттық ойындары; Ұлттық спортты насихаттайтын фильмдер; Қатысушылардың атқа, түйеге, тіпті пониға мініп фотоға түсуі; Тіпті кезінде бәйге басын бермеген, қазір қосалқы топтағы аттарды тарап, үстіне ер салу, бірнеше айналым жетектеп жүруге рұқсат ету сияқты небір іс-шаралар бар екен. Бар болғаны билетін сатып алып, кезегіңді күтесің...
Джованни да бірнешеуіне кірді. Алғашқысында адамдардың үймелеп, көп жиналғаны ол жерде бір қызықтың өтіп жатқанын аңғартқандай. Сөйтсе, атқа отырып, шабудан бұрын оны күтіп-баптап, ерттеп, айыл-тұрманын тартуды... үйрететін шеберлік сабағы екен. Көп нәрсені бірінші рет естіді – бұлардың жағында бәрі басқаша. Сабақты өткізген атбегі әңгімесін кезінде өзі бәйгеші болғанынан бастап, сөзін «Ат пен адам дос болуы керек» деп аяқтайды екен. Джованни қызыға құлақ түрді.
Орта бойлы, артық еті жоқ шағын денелі адамның өз ісін жақсы білетіні көрініп тұр. Бәйгедегі жарыстың старт берілгенде емес, аттың соған дейінгі күтімінен басталатынын шегелей айтып, атты шомылдыру, тұяқтарын тазалау сияқты көп адамға қызықсыз болып көрінген жайларды тәптіштей баяндайды. Кезегі келгендерді ерінбей-жалықпай атқа қайта-қайта мінгізіп, түсіріп, ердің үстінде қалай отыруы керектігін өзі мініп көрсетті.
Бір кезде «Билет алған адамдардың ішінен бәйгеге қатысуды ойлап жүргендер бар ма?», - деп сұрап қалды. Қол көтерген 5-6 бозбаланы шақырып алып, оларға бәйгеге шапқанда тақымын қалай қысып, тізгінді қалай ұстауды, жарыс кезінде көп аттың арасында қысылып қалмауды, бастапқыда тізгінді тарта ұстап, ептеп босатуды... бәрін-бәрін түсіндіріп жатты. Сабылып бос жүрген адамдарға ол бір айтқанды мың рет қайталап тұрғандай көрінгенмен, бәйгеге шапқысы, атбегі болғысы келгендер ауыздарын ашып тыңдады. Атбегі олардың қайта-қайта қойған сұрақтарына жауап беруден жалыққан жоқ.
Келесі бір алаңдарда келушілер арасында садақ атудан, күресуден, гір тасын көтеруден, арқан тартудан, тіпті бақанға өрмелеуден жарыстар өтіп жатты. Бұған таныс емес ойын түрлері қаншама! Джованниге өзі құралпы жігіттердің тізілген кішкентай тастарды көздеп атып жатқаны қызық көрінді. Сайысушылар да, кезекте тұрғандар да көп екен. Кейбіреуінің қолындағы кішкентай дорбашыққа көзі түскен Джованни қасында тұрған бозбалаға:
- What is it? - деп қалды көзімен дорбашықты мегзеп.
- Асық! – деді жасөспірім, бұл көруі үшін дорбасының аузын кеңейте ашып, бір жағынан қызылды-жасылды асықтарының көптігіне мақтанғысы келсе де, екінші жағынан дап-дардай жігіттің «Бұл не?» деп сұрап тұрғанына іштей таң қалып. Іле оның ағылшынша сөйлеп тұрғанынан шетелдік екенін түсіне қойып, өзі де сол тілге көшіп, бұған жымия күліп қолын созды:
- My name is Kemel, I am from Kazakhstan!
- Giovanni. Or Johnny. And I'm from England.
Қол алысқан соң Кемел үзілген әңгімені жалғастырып, жалма-жан дорбасынан асықтарды біртіндеп шығарып, түсіндіре бастады.
Асық дегеннің малдың тілерсегінде болатын, буынға біткен шымыр сүйек екенін, барлық малдың асығы тек үлкен-кішілігімен ерекшеленетінін, пішіндері бірдей екенін айтты. «Тек жылқының асығы басқа пішінде болады», - деп саусағын шошайтып қойды.
- Мынау – менің сақам, - деді басқалардан үлкенірек, салмақтырақ асықты қолына алып. Бұл – басты асық. Сақаң мықты болса – тізілген асықтың бәрін ұтып алдым дей бер.
Сол кезде бұлар сайысып жатқандарға жақындай түскен. Бір бозбала қолындағы асығын екі саусағының арасымен айналдырып тұрып, шептегі жауынгерлердей қаз-қатар тізілген асықтарға қарай шиыра атып жібергенде, тап ортасынан тигізіп, жусатып тастады. Сақасын екпіндете қатты шиырған болуы керек, бірнеше асық бытырай ұшып, біреуі Джонидің дәл аяғының қасына топ ете түсті.
Еңкейіп, асықты қолына алған Джованниға ол біртүрлі таныс болып көрінді. Жып-жылы болып, алақанында жатқан асыққа қарағанында оны қолына бұрын да ұстағандай бір сурет жылт етті де жоқ болды. Алай ойлап, бұлай ойлап, есіне түсіре алмаған соң, асықты жүгіріп келген иесіне қайтара тұрып, сірә, кинолардан көрген болармын деп ойлады.
Ал адамды жатырқамайтын жаңа танысы, бұл кезде Джонидің іші-бауырына кіріп, біраз әңгіме айтып тастаған-тын. Бұның жалғыз жүргенін байқады ма, әлде өзіне де серік керек болды ма, әйтеуір, «жүр-жүр» деп үйіріп әкетіп, екеуі бірнеше алаңға кіріп шықты. Жол-жөнекей асықтың түр-түрі туралы тағы біраз әңгіме айтты.
- Бізде: «Бала кезде асықты жақсы ойнаса үлкейгенде көзі өткір, қолы мерген болады», - деген сөз бар деді бұған қарап. - Бұрынғы замандарда балаға кішкентай кезінен асық ойнатуын атам маған солай түсіндірген. Яғни, асық ойнату – көзі өткір, қолы мерген жауынгерді дайындаудың бастапқы сатысы. Ол – біздің халықта ер жігіт біліп, игеруі тиіс қасиеттердің бірі. Бірнеше ғасыр бұрын біздің жауынгерлер жауды садақпен жусатып, найзамен түйреген...
- Кемел, сенен бірдеңе сұрайыншы, - деді оның сөзін бөліп Джони, - асықты жігіттер ғана ойнайды ма? Ал садақпен қыздар ата ала ма сендерде?
- Ой, сен білмейді екенсің ғой, - деді даусын соза сөйлеген Кемел мұның ойын түсіне қойып. – Сен бізді Азиядағы басқа елдермен шатастырма. Қазақстан – қыздары еркін өскен ел. Жаугершілік заманда аға, әкелерімен бірге атқа қонып, қолына қару алған. Тіпті қыздардан тұратын мергендер топтары болған. Оларды да бала кездерінен атқа мінуге, садақ атуға үйреткен... Ал қазір садақшылардың әлемдік сайыстарында біздің қыздар – қай елдің спортшыларына да мықты бәсекелес.
Солай деп, ойына бірдеңе түскендей күлімдеген Кемел әңгімесін әдемі аяқтады: дорбасының түбінен кішкентай, сүп-сүйкімді асықты алып шығып, жаңа танысының алақанына салды:
- Міне, мына асықты бізде «шүкімайт» дейді, еліктің асығы осылай аталады, - деді. – Қарашы, сүп-сүйкімді емес пе?! Мұнымен қыздар кішкентай кездерінде «Бес асық» деген ойын ойнайды. Ал өсе келе садақ атып, бізбен жарысады. Солай!
Алақанындағы шүкімайтқа үңіле қарап тұрған шетелдік досын қуантқысы келіп, қасына тағы үш-төрт асық қосып беріп:
- Саған сыйлығым. Ойнап үйрен. Іні-қарындасыңа Қазақстаннан базарлық деп берерсің, - деді.
Дәл осы кезде сәлден кейін ат жарысының алдындағы іс-шаралардың басталатыны хабарланып, жиналғандар енді солай қарай жөңкілді. Үлкен экраннан бәйгеге шығатын аттардың ойнақшыған кадрлары көрсетіліп, тұлпарлардың аттары аталған сайын жұрт гу ете қалады. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған сәйгүліктер танаулары делдиіп, көздері жайнап, ауыздықпен алысқаны жұртқа ерекше әсер етіп, қандарын қыздыра түскендей.
Бұлардың секторындағы көрермен де экраннан көрсетіліп жатқан роликтерге мойындарын созып, әр кадр сайын қиқулап тұрған. Қоршау алдындағы биіктеу мінберге үстіне өткенде анасы екеуі барған концерттегідей оюлы, алтын зерлі шапан киіп, домбыра ұстаған жігіт шыққанда қиқу үдей түсті. Жұрттың бәрі телефондарын бастарынан жоғары көтеріп, сахнаға бағыттады. Джонни де қызық картинаны анасына көрсетейін деп, телефонына жаза бастады. Әнші:
Естілді дүбір алыстан,
Көрінді аттар жарысқан,
Шабыт алып шабыстан,
Ауыздығымен алысқан.
Шабандоздар да келеді
Жалға жатып жабысқан, - деп бір қайырғанда, айналасындағылардың оны қоштап, қошеметтеген қиқуынан аспан теңселіп кеткендей болды. Кейінгі шумақтарда шу одан бетер үдей түсіп, делебелері қозған жұрт ысқырып, айқайға басты.
Бір қызығы, Джонни әншінің айтқанын түк түсінбесе де тұла бойы шымырлап, аспаптың үніне елтіп, әншінің даусына жаны өрекпіп қосылғандай күй кешті. «Беу, шіркін!», «Бәрекелді!», «Ей, жаса, жаным!» деген қошемет сөздер миында жаңғырығып, жүрегі аузынан шығардай алқынды.
Жұртты ғажайыпты көруге осылай дайындап, алып ұшқан сезімдері шырқау шегіне жеткен кезде гонг үні естіліп, бәйге басталды.
Сарт етіп ашылған есіктен сыртқа дүр етіп, лап қойған сәйгүліктердің шабысынан аспан асты шайқалып, жер теңселіп кеткендей болды. Тұяқтардың дүңк-дүңк еткен дыбысы адамдардың дүрс-дүрс жүрек соғуымен үндесіп, алып атшабарда жиналған жұрт бір сәтте бір тілекті қауымға айналды. Талай жүйрік көліктің жер апшысын қуыра зымырағанына көзі үйренген адамдар тұлпарлардың қара жерді дірілдеткен шабысына теңеу таппағандай, аңтарыла қарап тұрып, бәрі зікір салғандай: «Ка-бир-хан! Ка-бир-хан! Ка-бир-хан!» деп қайталай берді.
Сол сәтте Джованнидің құлағына тағы да «А-ий-а-ан...» деп шыңғырған дауыс келгендей болды. Делебелері қозып, дүрліккен халық «Ка-бир-хан!», «Ка-бир-хан!» деп ұрандаған сайын санасының сонау түкпірінен жаңғырығып, құлағына жеткен «А-ий-а-ан...» деген үннен миы қайнап, бас сүйегі шытынап жарылып кетердей қиналды. Бұл не үн? Кімнің дауысы? Қашан естіп еді? Құлағы шың-шың етіп, жүрегі лоблыды.
Шеткерірек шығып, басын ұстап, жүресінен отыра кеткен.., өтіп бара жатқан бір әйел қасына тоқтады. Басынан сипап: «Балам, не болды?», - деді. Бұл басын шайқап, түсінбегенін көрсетті. Бірақ әлгі әйелдің әуезді дауысы жүрегін дір еткізді. Жұп-жұмсақ үніне елтіп, көзіне жас толды. Бейтаныс әйелге ризашылығын білдіргісі келген. Бірақ тілін білмейтіні, оның да түсіне қоймайтынын ойлап, бар болғаны «Thank you! Thank you!» дей берді.
Әйелдің ана жүрегі бірдеңе сездірді ме, жігіттің қасынан кете алмай қипақтап: «Ии, жа-ным, бір жерің ауырып тұр ғой!» деді. Джованни атып тұрып, өзіне әрі абдырап, әрі аяй қарап тұрған әйелді құшақтай алды...
Бұдан көз жазып қалған Кемел қоршаудың жанында не істерін білмей сасқалақтап қалған әйел мен булығып, көз жасына ие бола алмай өкси жылап тұрған Джониды көріп, түкке түсінбей аң-таң болса да, іле әйелмен тілдесіп, мән-жайды ұқты. Сосын жаңа досын арқасынан қағып, өзіне қаратты да жетелей жөнелді – жерлестері дәстүр бойынша Кабирханның жеңісін тойлауға жиналып жатыр екен, екеуі сонда барулары керек деп түсіндірді ол.
...Кабирхан бәйгеден озған күні бұлар тұрған қонақүй үлкен мереке алаңына айналды. Арқасында не кеуде тұсында «Kazakhstan» деген жазуы бар көк түсті жейде, кеудеше киіп, ортасында күн бейнеленген жалауша ұстаған адамдар бірін-бірі құшақтап, құттықтасып, мәре-сәре болды. Өзі құралпы жастармен тез тіл табысып кеткен Джованни осы күндері олардың көбі бастапқыда бұған өз тілдерінде сөйлегеніне таң қалып жүрген, бүгін ондайлар тіпті көбейіп кетті. Іштей «Сірә, қазаққа ұқсайтын шығармын» деп ойлап, онысына өзінің біртүрлі қуанып кеткендей болғанына басын шайқап қойды.
Бөлмеге жүзі бал-бұл жанып:
- Мама, Кабирхан озды! Төменде – мереке! – деп айқайлай кірген баласын бауырына басқан Эмма:
- Жүр онда, Кабирханның жеңісін біз де атап өтейік, - деп, Джониді төменгі қабаттағы мейрамханаға алып түсті.
Мейрамхана іші араның ұясындай гу-гу етіп тұр екен. Есіктен кірген әр адамды іштегілер тап соны күтіп отырғандай, шулап қарсы алады. Эмма мен Джониге де сондай қошемет көрсетіліп, ең құрметті қонағындай қарсы алған жігіттер: «Төрлетіңіздер. Бүгін – бәрі қазақстандық демеушілердің есебінен, қалаған тамаққа тапсырыс беріңіздер», - деп дастарханға жайғастырды. Үстел басындағылар бір-біріне торт, балмұздақ, аққайнар жіберіп, мәз-мейрам. Бағана атшабарда кездескен көзтаныстар да Джониге қол бұлғап, сәлден кейін бұларға екі құты беріп жіберіпті. Ашып қалғанда бұрын бейтаныс бір иіс кеңсірікті жарып, бұрқ ете қалды: бұл қымыз еді.
Бұрын-соңды мұндай молшылықты, дарқандықты, адамдардың бір-біріне деген ықыласын көрмеген Эмма айналасына таңырқай қарап, өзіне ілтипат білдіргендермен жайдары тіл қатысып отырған. Джони анасына көз алмай қарап, неше күннен бері көкейінен кетпей қойған сұрақты дәл осы кезде қойды: «Мама, мына жерде маған таяғандардың бәрі әуелі өз тілдерінде сөйлейді. Мен қазаққа ұқсаймын ба?»
Эмманың жүрегі шым ете қалды. Осы тақылеттес сұрақты он бес жыл бойы күтіп жүрсе де естіген кезде сасқалақтап, аузына сөз түспей қалды. Өзіне қадала қарап, жауап күтіп отырған ұлының көзіне көзі түскенде жүрегі сыздап, бір қуанып, бір мұңайды. Жанарына үйірілген жасты саусағының ұшымен іліп алып, Джованнидің көзіне тура қарады да:
- Ұқсайсың. Өйткені, сен – қазақсың, ұлым! - деді.
Джованни көзі алақандай болып, тіл қата алмай қатты да қалды...
Осы күннің боларын сезіп, күтіп, дайындалып жүргенінің пайдасы тиді: Эмма бірден бойын жиып, күлімсіреп, қасына келіп, баласын әдеттегідей құшақтап отырды. Сосын екеуі бөлмеге келгенде өзінің он бес жыл бұрынғы сапары туралы асықпай баяндап, қолына бір папканы ұстатты.
- Мынау – сенің құжаттарың, Джони. Әке-шешең сен аман қалған жол апатында қайтыс болған. Мен саған айтпай туыстарыңды біраз іздеп едім, таппадым. Сені заңсыз алғаным көп кедергі келтірді: ол жаққа қайта баруға да, өз елімде мойындауға да қорықтым. Менің өтінішіммен балалар үйіне барған адамға ондағылар «атасы мен әжесі бар деп естігенбіз, бірақ аты-жөндерін, мекен-жайын білмейміз» депті. Оларды іздеп табу – енді өзіңе байланысты.
Сен өскенде бар шындықты айтамын деп өзіме уәде бергем. Бұл жаққа сол уәдемді орындау үшін алып келдім сені. Еліңе еріп бара алмайтын болған соң, қандас туыстарыңмен мерейлі сәтінде таныссын дедім. Мені сөгесің бе, айыптайсың ба – өзің біл. Кешелі бері атшабарда танысып, араласып жүрген адамдар – сенің қандастарың, жерлестерің, қазақстандықтар.
Эмма құжаттарды ақтарып отырып, әкесінің аты Әмірбек, анасының аты Ханзада, ал өзінің аты Әмірхан екенін айтты. Құжаттағы жазуды саусағымен түртіп көрсетіп, баяғы жол бастаушы айтқандай «А-мир-хан» деп ежіктегенде ұлының көзінен жас парлап:
- Oh, that was it, - деді күбірлеп.
Сосын таңырқай қараған анасына қанша жылдан бері «А-иий-аан...» деп шыңғырған әйел даусы құлағына келетінін, бүгін де ат бәйгесіне жиналған жұрт «Ка-бир-хан!», «Ка-бир-хан!» деп шулағанда дауысты тағы естігенін, бұл жолы анық естігенін, ол анасының «А-мир-хан!» деген соңғы үні екенін енді ғана түсінгенін айтып жылап жіберді. Эмма қоса жылады.
«Ана махаббаты» деген құдіретке таңырқап, тамсанған ана мен бала – Эмма мен Джони бір жылап, бір күліп, түннің бір уағына дейін ұйықтамады. Болашаққа жоспар құрды. Эмма Брайтонға қайтып, Әмірхан тегін іздеп, осы жерден Қазақстанға жол тартатын болды.
Астанаға ұшақпен жетіп, одан кезінде өзі тұрған балалар үйіне бару үшін поезға мінген Әмірхан-Джованни доңғалақтардың дүрсіліне құлақ түріп келеді. Олар да мына сапарының ерекше екенін есіне салғысы келгендей, тіпті, «ді-гі-дік», «ді-гі-дік» деген дүрсілі «re-mem-ber» «re-mem-ber» («ұ-мыт-па», «ұ-мыт-па») деп «сөйлеп» келе жатқандай. Бұған ғана емес, бүкіл адамзатқа: «Ұмытпа! Атыңды ұмытпа! Тегіңді ұмытпа!» дейтіндей ме? Осындай ойлары да әсер етті ме, Джованни әлдеқашан күн батып, қас қарайса да ұйықтай алмады. Қараңғы купенің терезесінен сансыз жұлдыз жылт-жылт еткен түнгі аспанға қарап, отырды да қойды.
Кенет, күтпеген жерден, қап-қараңғы аспанның түсі бозара бастағандай көрінді. Бұл көзім талып кетті ме деген оймен, екі-үш рет кірпігін қағып, тіпті екі көзін қолының қырымен уқалап-уқалап жіберді. Жоқ, көзі алдамаған сияқты – аспан бұрынғыдай алқаракөк емес екен. Ол-ол ма, келесі бір сәтте бұл қадала қарап отырған жақтан көкжиектің қай жерде екенін байқатқандай болар-болмас сәуле себезгілеп, ол жарық секунд сайын жартылай шеңбер жасап баяу көтеріле бастады.
Жас жолаушы терезеге жабысып, тесіле қарады. Сәлден соң қою түсі азайса да, әлемді әлі уысынан шығармауға тырысқан қараңғылықты жарып өткен сансыз көп жебе-сәуледен шашырағандай әлдебір жалқын жарық пайда болды. Ол барған сайын ұлғайып, әлгі мың сан сәуле ұласып, жалғасып, сағымдана толқыған алқызыл шеңбер енді жер мен көктің арасы айқын көрінген көкжиектен маңғаздана көтеріле бастады. Бозбаланың мұндай ғажайып құбылысты алғаш рет көруі еді.
Ұшқыр поезд жер апшысын қуыра жүйткіп, сол ғажайыпқа қарай ұшып бара жатқандай көрінді – Ұлы далада Күн шығып келе жатты.
Жас жігіттің жүрегі лүпілдеп, бойын белгісіз бір сезім биледі. Неге екені белгісіз, мына тілмен айтып жеткізе алмас ғажайып сурет өзіне таныс сияқты көрінді. Бірақ бұрынғыдай емес, бұл жолы бас қатырып, қиналған жоқ – ол суретті туған жердің топырағын борпылдата кешіп, шапқылап жүрген сонау балалық шағында көргеніне еш күмәні жоқ еді.
Жүрегінің лүпілі рельстердің дүрсілімен үндесе соғып, енді болмаса кеудесінен шығып, діттеген жерге өзінен бұрын жетердей тыпыршыған Әмірхан Күннің алаулаған сәулесіне жүзін тосып, көзін жұмды... Алқызыл нұрдан шашыраған жұп-жұмсақ шуақты от өн бойына тарап, бойын балқытты. Ол – жадында сақталған анасының даусы мен әкесі бойға сіңірген атқа деген құмарлық тегін танытып, еліне беттеген жас жігіттің қолына бір дорба асық ұстатып жіберген атасын табам деген үміт оты еді...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.