Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
«Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз...»...

10.09.2025 182

«Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз...»

«Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз...» - adebiportal.kz

Ақын Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан» поэмасы таңдаулы 100 кітаптың тізіміне енген екен. Биыл туғанына 105 жыл толып отырған ақынның бұл поэмасы күйдің құдіреті, Құрманғазының биік рухы, Исатай мен Махамбеттің арманы жөніндегі поэма. Еркіндік мұратындағы шығарманы оқыған оқырман кісен мен бұғау тек Құрманғазының аяғына салынған темір емес, сол заманда халықтың еркіндігін тұсаған отарлық жүйенің бейнесі екенін ұғар еді. Аңғарсаңыз, ақын осы поэмасында бір үлкен сұрақ қояды:

«Қылмыс бопты қай заманнан 

адал адам ақ тілесе?», – дейді.

Біздіңше, поэманың өзегі – осы бір риторикалық сұрақта тұр. Шынымен де еркіндік тілеу, елге бақыт тілеу неге қылмысқа айналуы тиіс? Бұл сұрақ қазақ тарихындағы қасіреттердің мәнін көрсетіп, сол кездегі жүйенің зорлықшыл табиғатын әшкерелейді. Әділет пен азаттықты аңсаған адам қуғындалған қоғамда әділетсіздік бәрібір де салтанат құра алмайды, оның да жеңілетін күні болады деген ой тұспалмен берілген. 

Кеңестік елдегі сияқты қанқұйлы саясат тағы қай елде бар? Бір Сталиннің қолдан жасаған зобалаңы қаншама мемлекет, қанша миллион адамның тағдырын өзгертіп жібергені шошитын нәрсе. Мына мысалды еске түсірейік. Соғыс өрті шалғанда бүкіл кеңес одағы болып отан қорғаймыз деп төрт жыл бойы жан алып, жан берісті. Халықтың бергені, құрбан еткені, жоғалтқаны көп. Санаса басындағы шашы жетпес оған. Бірақ, сол соғыстан жаны олжа болып аман қайтса да мүгедек болып оралғандарды Сталин көргісі келмеді. Олар көп еді. Миллиондар. Сталин үшін керексіз болды. Мүгедек адам соғыстан кейін тұралаған елді көтеруге, ауыр еңбекке жарамайды деп оларды адам санатына да қоспаған. Осылай басынан жарақат алғандар, қолы не аяғы шолақтар, көзден айрылған, қол-аяқсыз қалған, бейнебір самаурын секілді домаланып қалғандар... арақ ішіп, қол жайып Мәскеу көшелерінде, көпірлер астында, ескі барактарда толып жүретін болған. Бірде Сталин «көшенің сәнін бұзған міскіндердің көзін құртыңдар» деп тапсырма береді де, бір түнде Мәскеу көшелерін, метроны кезген мүгедектердің бәрін жиып-теріп алыс түкпірдегі  баяғы ескі соборларға, анда-мұнда апарып тастаған. Бұндай «тазарту» жұмыстары әлсін-әлі жүргізіліп отырды. Соның өзінде бүкіл совет елімен бірге сол мүгедектердің өзі:

Сталин  – наша слава боевая,

Сталин –  нашей юности полет.

С песнями, борясь и побеждая,

Наш народ за Сталиным идет…, – деп Сталинді мадақтаудан танбаған. Өйткені сана басқа еді.

Ал сол, қайтыс болғанда бүкіл он бес одақтас үлкен держава еңіреп жоқтаған Сталиннің жасаған озбырлығынан сорлаған құрбандықтарды санап тауыса алмайсыз. 1932 жылғы аштық, 1937 жылғы репрессия, соғысқа алынып, қарусыз-дымсыз өз әскерінің шабуылына ұшырап «хабарсыз кеткендер», қарсы жаққа тұтқынға түсіп, келген соң қайтадан сотталып, өмірі тозаққа айналғандар... қаншама құрбандық?

Бірақ, қазақтың құрбандық беруі тек сонымен бітті ме? Жоқ, бұл жалғаса берді. Біз Тәуелсіздік тарихын Желтоқсан оқиғасынан бастасақ, оған қатысқан жастар, денсаулығын жоғалтып, рухы сынып, өмірде ештеңеге жарамай қалғандар, өзінің атына жағылған қара дақтан құтылам деп өлгенше әділет іздегендер, сол кездегі саяси билікпен көзқарасы сәйкес келмегендіктен де жер аударылып, немесе кенеттен қайтыс болып кеткендер, Жаңаөзен, Қаңтар оқиғасындағы шейіт болған, азап шеккендердің бәрі де құрбандықтар. Олар көп... Біз оның біреуін білдік, біреуін білмедік.  Білдік дегеннің өзінде, олар жасаған ерліктің бірін дәріптеп, бірін ұмыттық, ал еркіндікті толық сезінудің орнына оны ұранға айналдырдық. Мұндай оқиғалар ұмытылмай, тарихи әділеттілік пен реабилитация жұмыстары жүргізілуі тиіс.

 

«Мен  – қазақпын» пафос емес, тарихтың өзі жаздырған шығарма

Үлкендер біледі, жақында Астана жұртшылығы алдында лекция оқыған классик жазушы Төлен Әбдіктің әңгімесінде де бұл жайлы айтылды, алпысыншы жылдар кеңестік саясаттың жаңа бағытымен ерекшеленді. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, тап баяғыдай емес, ішінара демократиялық бостандықтың белгілері де байқалғанға ұқсайды. Бірақ, Компартия билікті өз қолында сақтап, халыққа ой еркіндігін толық бере қоймаған, Хрущевтің жеке басқа табынуы күшейген кезең. Бұл дәуірде кеңес  елінің ғылым мен техника саласында жетістіктері болғанымен, қазақ халқы үшін тың игеру саясаты оңайға түспеді (Бұның зардабы қандай екенін сол кездегі жазушылар анық түсініп, шығармаларын жаза бастағанын білеміз, бүгінде үздік үлгі ретінде танып отырғанымыз да осы шығармалар). Осы 1960 жылдары Қазақстанның солтүстік аймақтарын біріктіріп, «Целинный край» құру қазақ халқының еркінен тыс жүргізілді. Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді. Ресей мен Украинаның ішкері аймақтарынан сотталғаны бар, от басқаны бар, түрлі халықты көшіріп әкеліп, қоныстандырып, қазақ жерінде ұлттық құрам өзгерді. Енді қазақ өз жерінде азшылыққа айналып, тіліне қысым жасалды. Қазақ мектептері жабылып, орыс тілінде білім беру күшейтілді. Тіл тұрмыстық деңгейде ғана қолданылып, тарих бұрмаланды. Халық шындықты емес, үстем саясатқа ыңғайланған жалған тарихты оқуға мәжбүр болды. Бұл ұлттық тұтастыққа соққы болды. Осындай  жағдайда жазылған «Мен қазақпын» поэмасында  ақын қазақтың тағдырын ойлап, ұлттың жоғалуға шақ қалған тілін, дінін, дәстүрін сақтап қалуға үн қосты. Шығармада «қазақпын» деген сөз қарапайым этникалық анықтама емес, мыңдаған жылдық тарихы бар халықтың өзін-өзі тану ұраны ретінде көрінеді. Поэма ұлттың намысы мен қайсар рухын бейнелей отырып, сол дәуірдегі саясатқа рухани қарсылық білдіреді. Ақын тарихтың ауыр кезеңдерін сипаттау арқылы халықтың бәрінен өткен, сонда да сынбаған, жоғалмаған қайсарлығын көрсетеді. Ол заманда ашып айтуға болмайтын, десе де тың игерудің зардаптары, қазақтың өз жерінде өгейсігені, тілдің мешеулікке ұшырауы – бәрі шығарманың астарлы мағынасына тірек болғаны анық.

 

Жұбан және желтоқсан

 

Қасіреттің бірнеше қабаты көрінген, содан да терең үңіліп, зерделеуді қажет ететін тақырып болса да, біз бұны желтоқсан айында болып өткен бір оқиға секілдендіріп жай ғана, жеп-жеңіл айта саламыз (тегі ұмытшақ халықпыз). Қазақ жігіттерін ұрып-соғып, қыздарының шашынан сүйреп қорлау – халықтың ең жанды тұсына жасалған соққы. Осылай  қазақтың намысы тапталып, ұятына қол сұғылды. Халықтың қызы қорланған жерде бүкіл елдің ары тапталады. Сонда бір-бірін қолдап алаңға шыққан қазақ жастарының бейбіт үнін күшпен басып-жаншу үшін өрт сөндіргіш машиналар, қабаған иттер мен ауыр сүйменді қолданып, қару мен күшті аяусыз жұмсаған билік қандай билік болған? Өз халқын жау көріп…

Қазақ жастары өз жерінде, өз астанасының алаңында қан-жоса болып таяқ жеген осы қатігездікке іші-басы күйзеліп шамырқанған Жұбан ақынның Желтоқсан оқиғасының шындығын айтуы – сол кезең үшін тосын жағдай еді. Өйткені Колбиннің әр сөзіне басын шұлғып, қол шапалақтаған ортада ресми ұстанымға қарсы сөз айту – адамның өмірде жеттім-ау деген дәрежесі, мансабы тұрмақ, өміріне қауіп төндіруі мүмкін еді. Сонда...1920 жылы дүниеге келіп, аштықтан қалжыраған елдің жайын көріп, елмен бірге тым жұпыны кездерді бастан өткерген, одан от пен оқтың ортасында майдан кешіп, кейінгі жылдары әртүрлі қызметте сый мен құрметтің біразын көрген Жұбан: «өмір сүргеніме өкіндім» депті. «Когда я узнал о том постырном событии и последствиях его, я не скрою, очень сожалел, что дожил до такого дня».  Бұндай сөз ар мен ұяттың салмағын жоғары қойғанда айтылады. Ақынның үнсіз қала алмағаны – егер әділетсіздікке үнсіз ортақтасатын болса, өз арынан айырылатынын түсінген болу керек. 

 

«Қыздарды шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен?»

Қайыммұнар Табеевтің «Мұзда жанған алау» кітабындағы Жұбан сөзін келтірсек: 

«Айтылғанның қасiреттi көрсеткiштерiнiң бiрi – желтоқсанның 17-сi мен 18-iнде Алматыда болған оқиға… Бiрақ, естiгенiмдей, өрт сөндiрушi машиналарды – су атқылағышты, арсылдаған иттердi, рәзiңке тоқпақтарды айлалы арандатудың құрбаны болған жас жiгiттер мен қыздарға қарсы ойланбастан асығыс ала жүгiрудi қостаймын десем, онда өз арымның алдында, сiздердiң барлықтарыңыздың алдыңда ақ-адал болмас едiм. Менi мына мәселелер толғандырады: өкiмет органдары тәртiптi қалпына келтiруге көмек көрсетуге шақырғандардың және жуасытушы құралдармен қаруланғандардың бәрi етегiне намаз оқыған интернационалист екенiне бiздiң көзiмiз жете ме? Олардың арасында тәртiпсiздiкке қатысушыларды ызаландырып, ашындыру үшiн алауыздықты қоздырған жаны да, қолы да таза емес адам болмады ма екен? Көзiмен көргендердiң айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Ақырында сонан кейiнгi күндерi қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тiл тигiзу, қоқан-лоққы жасау солардан шығып отырған жоқ па екен? Мен осындай ұят оқиға және оның артынша не болғанын естiгенде жасырып қайтейiн, осы күнге дейiн өмiр сүргенiме өкiндiм. Иә, қоғамға қарсы кез келген бас көтерулердi түбiрiнен қиып отыруды толық жақтаймын. Өйткенi, демократия – анархия емес. Солай болғанмен де, (демократияға – авт.) тiптi кiнәлiлердi де оған деген сенiмнен айырмау керек. Бiз олардың жасаған әрекеттерiне ғана емес, сондай-ақ олардың азаматтық болашағы үшiн де жауаптымыз. Алматыда болған оқиғаға баға берiлдi. Сонымен қатар, менiң ойымша, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне, Колбин жолдас, Сiздiң өзiңiзге республикада интернационалдық тәрбие және ұлтаралық қатынастар мәселесi қалай шешiлiп жатқанын әлi де мұқият, сан-қырлы талдау керек… Соңғы айтарым. Кейбiр басшы жолдастардың республикадағы қазақ жастарының жоғары оқу орындарындағы саны айталық, орыс студенттерiнен көп екен дегенi – кiнәлағандай, тiптi, тиiстi министрлiкке ескертудей естiледi. Ал, олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда көп болмақ? Бұның бәрi – ұсақ-түйек емес, тiршiлiк мәселелерi, лениндiк ұлт саясатының мәселелерi. Оны көзге iлмеу дегенiмiз – советтiк өмiр шындығына ерiктi немесе ерiксiз түрде шiркеу түсiру…»

Бұл жерде Жұбан ақын тәртіпті сақтауды жақтай отырып, сонымен бірге жастарды да азаматтық болашағынан айырмау керектігін ескертеді, бұл  – кеңестік биліктің логикасына қарсы айтылған гуманистік ұстаным. Оның қазақ жастарының өз елінде көп болуын айыптаған пікірге қарсы тұрып, «олар Қазақстанда көп болмағанда, қайда көп болмақ» деп қайырғаны бір қарағанда қарапайым сөз болғанымен, ұлттың өз жеріндегі орнын қорғағаны. Бұл – әділеттің, логиканың, намыстың сөзі.

Әрине, Желтоқсан оқиғасының қаһармандары, батырлары аз емес. Батырлықты бір адамға телу ниеті жоқ бізде. Десе де, ол кезден де естелік жетерлік. Мысалы, жазушы Садықбек Адамбековтің: «Жұбан – Жұбан боп туып, Махамбет боп өлді» деген сөзі қалды. Немесе Қадыр Мырза Әлидің: «Колбиннің алдында қыршынынан қиылғандарды қорғап сөз айтқан бір ғана ақын болды. Ол – Жұбан Молдағалиев. Ол Жазушылар одағында өткен жиналыста Колбиннің алдында өз ойын ашық айтты. Осының бәрін немен тынарын сезіп тұрып, біліп тұрып, солай істеді. Батыр болуға тиісті азамат еді. Батырлық істеді. Жылдар бойы жүрегін қысып келген запыранын құсып тынды. Ондай батылдықтан кейін оның тірі жүруі ақылға сыймас еді»  – деп жазғаны да кітабында тұр.

 

Біз еркіндікті қалай түсінеміз?

Жұбан Молдағалиев өзінің «Ерікті тақырыптарға толғаныс» деген соңғы мақаласында: «Біз жұмсаған күш-жігердің, ынта-ықыластың бәрі бірдей салтанат, бәрі бірдей самғау бола берген жоқ. Ірі-ірі сәтсіздіктерге ұшырадық, қателіктерге ұрындық. Айтайын дегеніңді айта алмай, көлеңкеңнен үркіп, қателесуден қорыққан жерде демократия да жоқ. Кешегі күндердің қатал сабақтары осыны сипаттайды» деп жазған екен. Бұл сөздер сол Жұбан ақынның буыны сенген, көсегемізді көгертер деп үміттенген совет елінен көңілі суып келе жатқанын көрсетеді.   Ақынның «айтайын дегенін айта алмай, өз көлеңкесінен үркіп, қателесуден қорқып» өмір сүруден де қажығанын, бір еркіндікті аңсайтынын байқауға болады. бірақ, ол  өздері үшін тым асқақ болған совет елінің даңқы ескіріп, ақыры тарап кеткенін, қазақ елі өз алдына тәуелсіздік алғанын көре алмай кетті. 

 

Жұбан тұспалдап, керексініп отырған еркіндік – саяси декларация емес, адамның өз еркін сезінуі. Ол – билікке тәуелсіз түрде ойлау, шындықты айту, әділетке ұмтылу. Еркіндік пен тәуелсіздік – бір-біріне қанаттас ұғымдар. Бірақ олардың шынайы мәні сыртқы саяси ұрандардан гөрі адамның ішкі дүниесінде анықталады. Оның мазмұны әр азаматтың бойындағы еркін ой, дербес көзқарас, кісілік биіктігі арқылы ашылады. Шын мәніндегі тәуелсіздік адамның бойынан басталмаса, мемлекеттің тәуелсіздігі қағаз жүзіндегі белгіге айналады.

Бұны неге айтып отырмыз? Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Не өзгерді? Айнаға қарап айтайықшы.  Біз ұлт ретінде басынан талайды кешкен, тіпті бір кезде Ресейге өз еркімен қосылғанын үлкен дата ретінде тойлаған ел едік. Неге? Себеп те, фактор да көп. Уақыт сондай еді дейміз. Жарайды, ол кезде шынымен тәуелді едік. Тәуелсіздік алғалы ше? Мүмкін, ішінара өзгерген де шығармыз, кей нәрсені дауыстап айтуға еркіміз жеткен де шығар, өзіміздің кім екенімізді тануға деген ниетіміздің өзі аз жетістік емес шығар, дегенмен, біз еркіндік ұғымын шын сезіндік пе? 

Отыз жыл бойына бір адамды көсем тұтып («Абылай үш жүздің басын қоса алмағанда, қазақтың басын сіз қостыңыз» деп аспандатты бір «серкелер»), қырық жыл бойы бір жүйеден шықпай, Желтоқсан таяғанда бірдей түс көріп келе жатқанымыз (Қазақстан жұртының жартысы түсінде орден-медаль алып жатқанын көреді) біз әлі де бір тұйық шеңбер ішінде емеспіз бе? Соңғы жылдары байлардың байыған үстіне байып, несиенің шырмауында қалған қарапайым халықтың ішкі бостандығының әлсіреуі байқалады. Үндемеу мен үрейдің ұлттық мінезге айнала бастауы – бұл рухани тәуелділіктің көрінісі. Адамдар айналасына бей-жай болған жерде немесе қорыққан жерде ой тоқырайды, ой тоқыраған жерде рух семеді, рух семген жерде тәуелсіздік те жай ұран болып қалады. Біз еркіндікті иелендік, бірақ еркін ойды иелене алмадық. Ой еркіндігі, ар-ождан еркіндігі, әділетті қоғам құру мүмкіндігі дегеннің шынайы мағынасын толық түсіне алмай келеміз.

«Иемдену» ме, әлде «Болу» ма?

 

Эрих Фроммның «Еркіндіктен қашу» еңбегінде: «адам еркін болған сайын жауапкершілікті көбірек сезінеді, ал көпшілік осы жауапкершіліктен қорқып, қайтадан «жалғыз құтқарушыға», бір жүйеге, бір билікке тәуелді болуға ұмтылады. Демек, еркіндіктің ең үлкен жауы – қорқыныш» деген ой айтылады. Осы тұрғыдан қарасақ, біздің қоғамның еркіндігі әлі толық емес. Себебі біз жаңаша ойлап, еркін қабылдаймыз деп жүргенімізбен, санамызда тәуелділік психологиясы сақталып қалған. Осыдан да көп жағдайда өз пікірімізді айтуға қорқамыз, өзгеше ойлауға батыл жетпейді, тіпті билікке қарсы көзқарас білдіруді мемлекетке құрметсіздік деп қабылдаймыз. Бұл – Фромм айтқан «еркіндіктен қашу» құбылысының көрінісі. Фромм «еркіндіктен қорқудың» бірінші белгісі – авторитаризм дейді.  Ол дегеніңіз бір «құтқарушыға» байлану, біздің ендігі тағдырымыз тек соның қолында ғана деп жауапкершілікті соған тапсыру. Өз бетінше жол іздеудің орнына үнемі сүйенуге әуес болу, сол саяси көшбасшыдан, ұйымнан, дәстүрден, тіпті көпшілік пікірден пана іздеу. Бұндайда шешімді ешуақытта өзі емес, сыртқы күш қабылдайтыны белгілі. 

Екіншісі – деструктивтілік. Өзіндегі ішкі әлсіздікті жабу үшін айналаны тегіс сынап немесе қиратуға бейім мінез. Кінәні ылғи басқаға артады, ол неге олай болып тұр, мәселе неден деп талқылау орнына жоққа шығару басым болады.

Фромм айтатын үшінші белгі – автоматондық конформизм. Бұл көпшіліктің пікір-көзқарасына жұтылу, көпшілікке ұқсап кету, ішкі «Менді» өшіру. Әлеуметтік желідегі трендтен қалмай, «жұрт солай ойлайдыға» ілесу. Бұл тұп-тура біздің қазіргі мінезіміз. Тек «не қаласам, соны істеймін» деңгейінде қалса, ол Фромм айтқан еркіндіктен қашудың түріне айналады.

Мәселен, біз әлі де бір көшбасшыдан құтқарушы күтетін болсақ, еркіндікке жете алмаймыз. Біз әлі де биліктің кемшілігін, жетпей жатқанын сынаудан қорқып, әділетсіздікке үнсіз көнсек, еркін емеспіз. Фромм айтқандай, шынайы еркіндік адамның өзіндік «Менін» сезінуінен басталады. Ол үшін жеке тұлға жауапкершілікке баруы керек. Ал жауапкершіліктен қашқан қоғам еркіндігін жоғалтады. 

Біз тәуелсіз елміз деп мақтанамыз, бірақ өз тағдырымыз үшін жауап беруге келгенде әлі де әлсізбіз.

Біз неге шетімізден атаққұмармыз? Неге таққан орден-медальдарымызды жайып көрсетуге құштармыз? Патшадан алған грамотасын киіз үйінің төріне іліп қоятын аталардың ұрпағы болғанымыздан ба? Әйтеуір бірдеңені иеленгіміз келіп тұрады: мәртебе алғымыз келеді, атақ керексініп, сылдырмақ жинаймыз. Өйткені «болудың» өзі қиын, оның шарты басқа, болу үшін адам ащы терін шығаруы керек, ол деген шеті мен шегі жоқ еңбек. Егер біз боламыз десек, тоқтамай ізденіп, іштей өсуге, мағынаға, шынайы қарым-қатынасқа ұмтылар едік. Ал, иемдену оңай. Міне көріп отырмыз, біздің қоғамда лауазым, марапат, атақ деген нәрсе  мазмұннан әруақытта жоғары, осыдан келіп еркіндік өлшемі бұрмаланып отыр. 

 

Егер сен от болсаң, лаулап жан,

Бықсықта жылу жоқ, түтін көп.

Күл-күбір, қоқсықтан аулақ жан

Жалының көрінсін бүтін боп.

(Ж. Молдағалиев).

Еркіндіктің жолы ауыр. Жауапкершілік әкелетіндігі үшін. Міне, осы жауапкершіліктен қорыққандықтан да адам мифке, билік культіне, ностальгияға жүгінеді.

 

Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –

Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары.

Желтоқсан дедік, ол заманның жастары келешегіне алаңы болғандықтан да алаңға шығып еді. Бүгінгі жастар өз келешегіне алаңсыз болуы үшін елден кеткісі келеді. Дұрыс делік, бұл жаңа уақыт, жастардың шетелге барып білім алғанын, көргенін, танығанын қолдаймыз. Бірақ, мұнда тек жай миграция емес, ұлттың болашаққа деген сенімнің дағдарысы жатыр. Білімді, қабілетті жастар шетелге ғылым мен технологияда, өнерде, кәсіпкерлікте мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін кетеді, осылай өз мемлекетіне емес, басқа мемлекетке қызмет етеді. Олар кері қайтпай қалып қойып жатыр. Себебі, білімді, талапты жастарға өздерін кең ауқымда көруге біздің елде мүмкіндік жоқ. Таныссыз жұмысқа кіретініне олар сенбейді. Магистратура, докторантураға түсуде де сыбайластық ролі барын олар біледі. Жемқорлық барда ештеңе өзгермейтінін түсінеді. Ішкі ортада әділетсіздік, сыбайластық, жемқорлықтың тамырланып кетуінен олар өз еңбегін бағалайтын, әділдік пен мүмкіндігі бар жерге барады. 

Ал шетелге құлпынай теруге баратын жастар о баста кредиттерін төлеу үшін тәуекел еткендер. Үш-төрт жылдап өзге елде жұмыс күші болып жүргендерді білеміз. Қарызын жабу үшін, отбасына көмек үшін, яғни амалсыз кетеді. Олар не үйреніп келеді? 12-13 сағат бойы бел жазбай жұмыс істейтін төзімді, көнбіс болуды ғана үйренеді.  Сонда елде көбіне еңбекке көнбіс, бірақ ой еркіндігі мен кәсіби әлеуеті толық ашылмаған буын қалады деген сөз. Бұл болашақ үшін қауіпті. 

Көріп отырмыз, жемқорлық тек экономикалық емес, моральдық дағдарыс туғызып отыр. Бұл жағдайда болашақ қандай болып көрінеді? Егер тап осы жағдай тап осы күйінде жалғаса берсе, қоғамның болашағын былай елестетуге болады: интеллектуалды жағынан әлсірейді, бәрін ақша, тамыр-таныс шешеді, тендерді оны мақсатына сай пайдалану үшін емес өз құлқыны үшін  жеңіп ала беретін болса, ешқандай да ғылыми, мәдени серпіліс болмайды. 

Шешім қабылдайтын, саясат пен ғылымды өзгертетін жастар елден кете берсе, елде көбіне еңбекші табы қалатын болса,  біз сол баяғы бір ескі құраммен, ескірген принциптермен отыра береміз. Әлеуметтік теңсіздік, моральдық шаршау дегендер айтпаса да түсінікті. 

Елдің болашағы тек төзімділікте емес, идея мен еркін ойда екенін біз түсінуіміз керек. Егер талантты жастардың кетуі тоқтамаса, біз билік не ұсынса да көнбіс, бірақ жаңашыл ойдан кенде қоғамға айналу қаупін көреміз. Сондықтан қоғамдық санада «кету ғана жол» деген түсінікті өзгерту қажет. Бұл үшін жастарға ел ішінде таңдау бар екенін нақты мысалдармен көрсету маңызды. Жастардың ел ішінде өзін жүзеге асыруына жағдай жасау үшін ең алдымен әділетті орта қажет: бәсекенің ашықтығы, еңбектің бағалануы, жемқорлықсыз білім мен жұмыс.

Мемлекет сырттағы жастарға «оралудың мәнін» ұсынуы керек. Бұл тек жалақы емес, сенімді жүйе. Мысалы, ашық гранттар, ұлттық жобалар, ғылыми орталықтар, жаңа технологиялық аймақтар т.б. Бізге азаннан кешке дейін бітпейтін саяси науқанмен айналысқанша жастардың құқықтары мен белсенділігіне құрмет көрсетіліп, қоғам саяси талаптарды репрессия емес, диалог арқылы шешуді үйренуі керек. 

Сөзіміздің соңын Жұбанның қос шумақ өлеңімен тәмамдасақ дейміз.

 

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,

Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,

Жаза алатын дүниелік дастандарды,

Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

 

Атымның да кеше ғой танылғаны,

Оған дейін не таңба таңылмады?

Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –

Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары.

(Ж.Молдағалиев)

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар