Әлқисса, Лев Толстойдан:
Бір күні Франциск бауыры Левпен жолға шығады. Жолда қар кешкен екеуі ойға батып келе жатып Франциск Левке жазып қой деп бұйырады: «О бауырым, жер бетіндегілерге үлгі боларлық ғұмыр кешсек те – біліп қой бұл шынайы қуаныш емес». Біраз жүріп тағы айтты: «Бауырым, Лев, бауырларымыз барлық тілдерді, ғылымды, болашақты ғана емес, жан мен ардың құпияларын да білсе – біліп қой бұл шынайы қуаныш емес». Олар тағы біраздан соң тағы тоқтап «Егер біз періштелер тілінде сөйлей алсақ, жұлдыздардың қозғалысын білсек, жер астындағы барлық қазыналарды ашсақ, құстардың, балықтардың, жануарлардың, адамдардың, ағаштардың, тастар мен сулардың өмір құпияларын танысақ та – бұл да шынайы қуаныш емес». Біраз өткен соң Франциск тағы айтты: «Егер біз барлық халықтарды дін жолына түсіріп, иман келтіруге күш салсақ та – бұл да шынайы қуаныш емес».
Содан соң Франциск айтты: «Шын бақыт, шын қуаныш – егер жолдан шаршап-шалдығып, үсті басымыз малмандай су болып, тоңып-жаурап, сүлдеміз құрып түн жамыла біреудің есігін түртсек, үйге бір түн паналатшы деп өтінсек – есіктің арғы жағынан «ей бейшаралар, елбұзарлар, елді алдап соғып, кедейлердің садақасын ұрлап жейтін арамзалар, кетіңдер» десе, бұған сондай көнбістікпен, мойынсұғын хәлде үйдің иесінің сөзі рас, хақ деп қабылдап ренжімей кетер болсақ – міне, бауырым Лев, осы шын қуаныш» деді.
Данагөй жазушы Лев Толстойдың осы бір жазбасы санам түбінде сақталып жата беріпті. Бір кездері бұл қандай қуаныш болушы еді деп байымына бармай қоя салыппын. Бірақ, уақыт – тәрбиеші. Ол кемеңгер Таласбек Әсемқұловтың шығармалараны қайта бас қойып оқып жатқанда көз алдыма сап еткені. Толстойдың айтып отырған қуаныш хәлі – бұл нәпсісін ауыздықтап, жүрек хәліне көшкен әулиенің хәлі еді. Осы бір қоңыр күй – Таласбек Әсемқұловтың өмірлік, шығармашылық күйіне сіңгендей. Жазушының қоңыртөбел өмірі мен қоңыр күйі – осы бір хәлді іздеу, осы бір хәлден барақат табу, бақыт табу секілді.
Кітап оқу – зияткерлік болса, таңдап оқу – кемеңгерлік. Танып оқу – кемелдік. Зерделеуге шығу – қазынаның қай тұста екенін білмей түйсікпен қазу. Зерделеушінің құбыласы – автордың құбыласына қарау. Өзінің ниетін аңдау. Таласбек бұлағы – құмарлыққа түскен қазбагерге жұқпаса да ләззатын сезіндіреді. Қазбагер – зерделеуші. Зерделеушіге өз ниетінің құбыласын танып алу керек. Қашан да ниетке қарауыл қою керек. Ниет өйткені, нәпсіге де құл. Таласбек нәпсісіне құл жазбагерге «өзінің диагноздарын жазушы» деп қана қарайды. Жазғандары «өнердің өтінде тұр ма, жоқ па, аңдасын» деп ескертпе береді. Оны қалай білеміз?
Лев Толстойдың айтпағы сол ма – дүниенің білімінің түбіне жетсең де ол қуаныш емес, нағыз қуаныш нәпсіңді жеңгенде, нәпсіңнен ұстем болғанда, нәпсіңді танығаныңда дейді. Таласбек шығармашылығын оқығанда осы бір түпкі қуанышты, хәлді аңдайсыз. Сіз қандай хәлде келсеңіз де - қабылдайды, сырласады, сұхбаттасады. Сондықтан, оның шығармашылығын терапия деп айтады көпшілік. Жан жазу, дерт жазу, жарақат таңу, шер тарқату, үлкен армандарды арқалау, ұлы мақсаттарды көру, ұлтыңды, әлем халқын сүю, жараталыс сыртына шығып өзіңе қарау, өзіңді сырттай бақылау, болмысың музыка екенін көру, шексіз қабілет иесі екеніңді тану, ешкім де еместігіңді көру, көз жасыңмен ғұсыл алу, әр сәт сайын тазару, өзің бар болсаң да жоқ екеніңді білу, асықпау, мүлдем асықпау... саябыр тартқан сабырлы һәл. Әр хәлде Құдайыңмен жауаптасу, әрбір жағдайды қайырлы, дұрыс деп білу, қателіктен өсу, күнәдан жетілу, адасудан адаспауды үйрену, жазудан жазбауды үйрену, айтудан айтпауды үйрену, ызадан кешірімге беттеу, көпшіліктен оңашалыққа қызығу, өзіңмен сырласуды абзал санау, ең абзал жаратылыс екеніңе шәксіз сену, бүкіл ғалам үшін кеудеңе жауапкершілік арқалау, қызметің – аманатты атқару деп білу, ренішіңді көбейтер сынақтарға шүкір айту, сөзсіз де көзсіз еңбектену, еңбекке сүйіспеншілікпен қарау, Алланы шексіз еске алу...
Таласбектану қайнарына бас қойған зерделеуші осы бір хәлдерді өткерсе керек. Кеудесі осы бәр сәттерден өткенін түйсініп кемеңгердің руханиятымен кездессе керек, жұбанса керек. Сөйтіп, шын бақытын тапса керек. Оның руханияты – қазақтың төл руханияты. Руханият – сөз жазушының әріптерінде емес, жүрегінде. Кітабында емес – жүрегінде. Кітап таңдау – кең жол. Кітабыңды табу – құбылаңды тауып алу.
Жолдас табу, ұстазға жолығу – бұйырған бақ. Кез келген қаламгер бір руханияттың жемісі болуы керек, бірақ қызылсөзді игерудің, сөз тізбектерін түзудің, әңгімешілдік мектебінің емес. Руханияттың мектебінен өсу керек. Өз ниетіне, өз пейіліне қарауыл қою үшін Таласбек секілді бәлкім емшектен шықпай жетім қалуы керек, болмаса ұстаз керек. Әсте, өз ниетіне ие адам баласы жоқ меніңше. Руханиятта жүрміз дегендер ұстаздарына, мектептеріне, өсіп шыққан ортасына қарасын. Егер ортасы, ұстазы да, мектебі де болмаса сөзсіз Таласбек Әсемқұлов мектебі – руханияттағы дәстүрлі мектеп, ол түбі құдайға жеткізер абзал мектеп.
Қойнауына бір бас қойсаң – кейін дүр-дүрмекке, жылтыраққа, алашапқынқа жүрегіңде қуаныш болмайтын қоңыр күй кешетін пендеге айналасын. Байқау ол бір шартты дүние, ал байқауға қатысуға бел байлау – зерделеуші болуға ұмтылыс – түбі сол руханиятқа апарады, руханият жолы кең, финалы о дүниеде жалғаса береді. Адамда бір-ақ жау бар, өз нәпсісі ғана. Осыны түсінбей – руханият ауылында өнер тудыру, тудырам деу болмайтын дүние. Таласбек шығармашылығы осыны түсіндіреді, тәрбиелейді, бәріне тел, тең қарайтын руханият. Қоңыртөбел хәл. Бақытты күй.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.