Кеше Б.Саттарханов атындағы cпорт кешенінде небары жиырма жасында Олимпиада чемпионы атанып, қазақтың көк туын әлемге желбіреткен даңқты боксшы Бекзат Саттарханов жайлы жазылған жазушы Бейбіт Сарыбайдың деректі романының тұсаукесері өтті. Шараны жазушы Өміржан Әбдіхалық қаламгерге тән қасиетпен тамаша жүргізіп отырды. Бейбіттің бұл туындысы чемпионның тек шаршы алаңдағы жетістіктерін ғана емес, оның бокстан былайғы болмысы мен жан дүниесіне үңіліп, адамдық қасиеттерін ашуға талпынған еңбегі десек те болады.

Игілікті іс-шара барысында әсем ән де айтылып, мың бұралған би де биленді. Осы көркем шығарма жайлы идеяның авторы, әрі демеушісі «BELES» құрылыс компаниясының президенті Махат Төрәлі өзінің ақжарма тілегін айта келіп, Бекзаттың анасына пәтер кілтін сыйлады.

«Мен Бекзатты студент кезімнен-ақ үлгі тұттым. Ол бізден екі курс жоғары оқыды. Ерекше қарапайым жан болатын. Оның әрбір жекпе-жегі намысымызды қайрап, рухымызды оятатын. Бекзат бізге жеңістің де, кісіліктің де қандай болатынын көрсеттіп кеті. Күн өткен сайын оның бейнесі аңызға айналып барады. Бекзат – біздің мақтанышымыз, сондай-ақ рухымыздың символы», – деді кәсіпкер.
Кештің басты қонағы – Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыгүл Саттарханова ұлының есімін ұлықтап, рухын ардақтаған туынды авторына және жиналған жұртқа өзінің аналық жүрекжарды лебізін жеткізді.

Шара барысында, Сенатор Нұртілеу Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, әуесқой бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы (1999), Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, даңқты боксшы Болат Жұмаділов, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты Баян Хасанова, жазушы Қанат Әбілқайыр сөз сөйлеп, кітапқа қатысты өз ойларын ортаға салды.

Кітап авторы Бейбіт Сарыбай келген қонақтарға өз алғысын айта келіп, сөзін былай деп түйіндеді.

«Бекзат нағыз ақын еді. Бірақ көпшілік оның бұл қырын біле бермейді. Мен осы кітабымда қазақ жігітінің көркем бейнесін ғана емес, сондай-ақ оған ғашық болған қазақ қыздарының жиынтық образын да жасағым келді. Кейіпкерге Жібек есімін бердім. Бәріңізге мәлім, Жібек – ескі эпостар арқылы жеткен қазақ қызының ұяңдығы мен нәзіктігінің символы. Бұл арқылы мен Бекзаттың ішкі әлемін, оның махаббатқа толы жүрегін ашқым келді», – деді.
Осы тұсаукесер барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты Баян Хасанованың аталған кітапқа байланысты жасаған баяндамасын қысқартпай, толыққанды беруді жөн санап отырмын.

«Бекзат» романындағы архетиптер
Әдебиеттану ғылымында «архетип» ұғымын алғаш рет айналымға швейцариялық психолог, философ, әлеуметтанушы Карл Густав Юнг енгізді делінеді. Дегенмен бұл түсініктің тарихы сонау антикалық заманнан бастау алатынын К. Юнгтің өзі «Архетиптер және ұжымдық бейсана» еңбегінде жазады. Ол «Архетип» деп аталмағанмен ежелгі құдай ілімі жайлы туындыларда Құдай бейнесі контекстінде кездеседі.
Әдебиеттанудағы «архетип» – қайталанатын сюжеттік желі, мінез-құлық моделі, кейіпкерлердің әмбебап образы. Юнг теориясына сүйенсек, адам өз тобының ұжымдық жадында, мифтерде, ұлтының мәдениеті мен тұрмысында, салт-дәстүрі мен ғұрыптарында сақталған осы бір құбылыстарды бейсаналы түрде өмірге қайта әкеледі. Оны сан түрлі жолмен құбылтып, есім-сойын, түр-түсін өзгертіп, уақыт пен кеңістікке басқаша мән үстегенмен, біз оның түп төркініне үңілу арқылы архетиптер екенін жазбай танимыз. Бұл құбылыстар бізге мифтік сарындар, архетиптік баяндаулар арқылы символдар, бейнелер, оқиғалар немесе кейіпкерлер түрінде жеткен. Ұжымдық тәжірибеден туған бұл модельдер адам жадының бейсаналық түкпірінде сақталып, уақыт өткен сайын трансформацияланып отырады.
Ал мұның әдебиеттану ғылымындағы көрінісі – қаламгер осы таңбаларды түрлі шығармаларына арқау етіп, оқырманына таныс әдеби архетиптер қалыптастырады.
Мұны айтып отырғанымыз, жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты деректі романындағы архетиптік сюжеттік желілерді, кейіпкерлер мен бейнелерді талдамақпыз. Шығарманы талдау барысында біз Карл Густав Юнгтің «Архетиптер және ұжымдық бейсана», Кристофер Букердің «The Seven Basic Plots: Why We Tell Stories», Нортроп Фрайдың «Сын анатомиясы» атты еңбектерін негізге аламыз.
Архетип тұлға тағдыры туралы шығармалардың бәрінде дерлік кездеседі. Себебі архетиптер – адамзаттың жүріп өткен жолының ізі. К.Г. Юнгтің пікірінше, архетиптер адамның мінез-құлқы мен шығармашылық өніміне тікелей ықпал етеді. Архетиптік бейнелер әртүрлі мәдениеттер мен дәуірлерде кездесіп, символдық мәнге ие болады. Сонымен қатар, архетиптік талдау шығармалардың жасырын мағыналарын ашуға көмектеседі.
«Бекзат» деректі романы қазақтан шыққан олимпиада чемпионы, қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдырған Бекзат Саттархановтың балалық және жастық шағы туралы ғана емес, арман қуған балаң ұлдан әйгілі чемпионға айналу жолы, кедергілерді жеңіп, арманына ұмтылған бір жас жігіттің тағдыры туралы шығарма. К. Г. Юнг еңбегінде архетиптердің бірнеше түрін сипаттайды және оларға анықтама береді. Алдымен «Бекзат» романын талдау барысында кездескен, К. Юнг сипаттаған архетиптердің кейбірін қарастырайық.
Ана архетипі. К. Юнг бойынша «Ана архетипімен аналық қамқорлық, мейірім, жанашырлық ассоциацияланады. Әйелдің сиқырлы билігі, даналығы мен сана аясынан тыс рухани экзальтациясы, түйсігі мен импульсі, өсуге, ұрпақ өрбітуге оң ықпал ететіннің бәрі» сол образдың архетип екенін анықтайды. Шығармадан мынадай диалог келтіріп көрейік:
– Әй, қатын, тағы не бүлдіргенсің? – деді. – Осылай болып қалды. – Осылай болып қалды деп түс көргендей отырғаныңа жол болсын. Білмей қалатындай бірінші балаң ба еді? Неге ертерек келмедің? – Өзім де кеш білдім. – Кеш білдім деп өтірік айтпай-ақ қой. Бала тапқым келді десеңші. – ... – Жоқ, саған рұқсат бере алмаймын. Ертең туып жатып өлесің сен қатын. Менің басым екеу емес, жасанды түсік жасаймыз. – Қалай жасаймын, бұған алты ай болды, кәдімгідей адам болып қалды ғой. – Кеш келген өзіңнен көр. Баяғыда сылп еткізу керек еді... – Жоқ, кешіріңіз, бұл шешіміңізбен келіспеймін. Өлсем де осы баланы дүниеге әкелемін. – Міне, батыр қатын. Ерлік жасағың келеді ғой. Ондай ақымақтықты қой, айналайын. Маған амандық керек. – Сізге керегі басыңыздың амандығы ма? Оған қам жемеңіз. Бәрін өз жауапкершілігіме алып, қолхат жазып беремін.
Бұл ұрпақ өрбіту жолында өз өмірін құрбан етуге дайын қамқор ана – Сырлыкүлдің бейнесі. Одан әрі шығарма өрбіген сайын біз Сырлыкүл образының «ана» архетипі үдесінен шығатынына бірнеше мәрте куә боламыз. Оның жамандық сезетін түйсігі, баласының жолындағы жанқиярлығы, шешім шығарудағы бірбеткейлігі – бәрі соған дәлел. К. Юнг «ана» архетипіне қатысты бейнелерді саралай келе: «ана архетипі өзінің шексіз көрінісімен ерекшеленеді. Маңызы жөнінен бірінші орында – шеше, әже, ене, өгей шеше, одан кейін қандай да бір қарым-қатынастағы кез келген әйел. Олар бала күтуші, алыс туыс болуы мүмкін», – дейді. Осы ойды негізге алсақ, Бекзаттың Әсия атты мұғалімінің образын да «ана» артехипіне жатқызамыз.
Одан бөлек, Юнгтің пікірінше «ана» архетипімен тек тікелей әйел образы ғана емес, қасиетті жерлер мен киелі мекендер: туған жер, туған қала, университет, ел, аспан, жер, орман, теңіз – яғни адам бойындағы ізгі сезімді оятып, махаббатты дәріптейтін символдардың бәрі ассоциацияланады. Бұл негіз шығармадағы бас кейіпкердің ауылын, нағашы жұртын, ондағы өзі жақсы көретін өзенді, мектебін, үйін, спорт мектебін, намысын қорғайтын облыс пен кейін бүтін мемлекетті – яғни туған отанды осы «ана» архетипіне жатқызуға болатынын дәлелдейді.
«Данагөй» архетипі. К. Юнг христиан, даосизм философиясынан тапқан «мән» ұғымы адамның бейсанасында әзелден бар дейді. Ол оны Ницщенің «Заратуштрасынан», адамзаттың түсінен, ісінен, өмір туралы түсінігінен, ізгілік пен зұлымдықтан, құдайсыз бен құдайшылдың мінез-құлқынан іздеген. Олардың бәрі әлдебір мәңгі өлмес құдіретті күшке барып табан тірейді, өмірден мән іздейді деп түйіндейді. Ол мұны ағартушы, ұстаз, шебер, психопомп деп әртүрлі атауға болатынын айтады. Бұл бейнені немесе құбылысты шығармада поэтикалық фигурадан да маңызды – уағыз, өсиет не ғақлия іспетті дүниемен ассоциациялайды. Ол қазіргі адамның ең ежелгі ойлау жүйесінің жемісінен туған архетип.
Жазушы Бейбіт Сарыбайдың қиялынан да «Бекзат» шығармасы арқылы осындай бейнелер өмірге келген. Асқақ арман жолындағы жас спортшының Олимп шыңын бағындырғанша жанында болып, таланты мен болашағына сенім артып, ақыл-кеңес беріп, үкілеп баптаған барлық жан, оның ішінде – әкесі Сейілхан, қос ағасы, жаттықтырушылары Қадыр, Нұрлан, Анатолий Визирякин, боксшы Ермахан, досы Арман т.б. өмірінде алдынан шыққан әрбір ізгілік таратушы, тіпті кей тұста Бекзаттың өзі де «данагөй» архетипінің жүгін арқалаған.
Архетиптік сюжеттік желі. «Бекзат» романының сюжеттік желісі қазақ халық ауыз әдебиетіндегі батырлар мифімен сарындас. Ежелгі ертегілер мен жырларда батырдың тылсымға толы туу тарихы, көз ілеспес жылдамдықпен өсуі – (бұл романда да автордың уақыты өте жылдам өтеді, жылдар тез сырғиды) және ер адамның психологиясына тән өзіне кеңістік іздеп, жер-әлемді бағындыруға ұмтылуы (шығармада Бекзаттың чемпион болуға ұмтылуы арқылы көрініс табады), ерлікке бастайтын сапары, сол сапарында алдынан шыққан кедергілер мен оны еңсеру, махаббат оқиғасы мен оның машақаты – бәрі көркем мифтер мен ертегілерде кездесетін таныс мотив. Бір ғана «Ер Төстік» ертегісіндегі Төстіктің өмірге келу хикаясын алайық. Халықтың қиялында ол ұзақ жыл бала көтере алмаған анасының «төстік» жеуімен тікелей байланысты болса, «Бекзат» романында бас кейіпкердің дүние есігін ашуын автор Сырлыкүлдің бала көтеру денсаулығына қауіпті екенін біле тұра, түсіндегі аянға сенім артып, шешім қабылдауымен байланыстырады.
Архетиптік сюжеттер – фундаментальді, қайталанатын хикая модельдері, адамның базалық уайымы, конфликттер мен арман-мұраты. Ағылшын жазушысы Кристофер Букер «The Seven Basic Plots: Why We Tell Stories» атты 2004 жылы жарық көрген еңбегінде әлем әдебиетінде үнемі қайталанып отыратын «жеті негізгі сюжет» бар дейді.
Солардың ең алғашқысы – қаһарман сапары. Қаһарман қарапайым адамдар өмір сүретін әлемді тастап, алыс апарға аттанады. Жолында түрлі сынақтарды өткеріп, одақтастары мен жауларын кездестіріп, мақсатына жетеді немесе жеңіліске ұшырайды. Сол сапар барысында оның ішкі әлемі өзгереді, ақылы толысып, кемелдене түседі. Сөйтіп үйіне жаңа серпін, жаңа күшпен, біліммен оралады. Мұның классикалық мысалы өте көп. Ал қазіргі әлемдік жасөспірімдер әдебиетіндегі Дж. Толкиннің «Сақиналар әміршісі», Дж. Роулингтің «Хәрри Поттер» сияқты бестселлер шығармалары осы сюжеттік желі негізінде жазылды деуге болады.
Бейбіт Сарыбайдың кейіпкері Бекзат та өзінің асқақ арманы жолында осы ізбен жүріп өтеді. Оның одақтастары жақын туыстары, ұстаздары, достары болса, дұшпандары – жолындағы жеңілістер мен кедергілер. Бекзат өзінің чемпиондық сапарын сәтті аяқтайды, мақсатына жетеді, еліне Олимп шыңын бағындырып оралады, бірақ шығарма соңында өлімге душар болады. Алайда «Бекзат» романында архетиптік сюжеттік желі қайталанғанмен, туынды соңындағы өмір шындығына негізделген көркемдік шешім шығарманы классикалық хикаялардан ерекшелеп тұр.
Белгілі канадалық әдебиеттанушы Н. Фрай «Сын анатомиясы» атты еңбегінде әдеби шығарма бейтаныс әрі немқұрайды табиғатты архетиптік формаларға айналдыру үшін адам қиялынан туған, адамзат қалауы мен қажеттілігін қамтамасыз етуді көздейтін «толыққанды әдеби әлем» дейді. Ғалымның зерттеуінше бұл әдеби әлемде төрт радикал миф бар. Осы төрт миф жылдың төрт мезгіліне, яғни табиғаттың цикліне сәйкес келеді.
Н. Фрай – архетип концепциясын әдебиеттануға толық енгізген ғалым. Ол архетиптерді, Юнгтің ұжымдық бейсанасымен байланысын жоққа шығара отырып, әдеби шығарманың тұрақтылығын қамтамасыз ететін құрылымдық элемент деп қарастырады. Оның теориясына сүйенсек, архетиптер – типологиялық бейнелер немесе қайталанатын паттерндер: нарративті құрылымдар, типтік образдар, символдық мотивтер. Н. Фрайдың айтуынша олар – мәтін мен мәдени кеңістікті өзара байланыстырушы (Нортроп Фрай, «Анатомия критики»).
Фрайдың архетипті талдауға арналған бір әдісі сюжетке негізделген. Ол әдебиетті комедиялық, трагедиялық, романтикалық және ирониялық деп бөлуді ұсынады. Комедиялық сюжетті «көктем» деп атайды, себебі шығармада проблемалар ғажайыптың көмегімен шешіліп, жаңа әлем пайда болады. Тарихи кейіпкерлер мен сюжеттер өзгеріссіз қалады. Романтика «жаз» мезгілімен ассоциацияланады. Себебі әдетте романтикалық шығарманың әлемі тым идеалды, ал бас кейіпкер таңғажайып қабілетке ие. Ал трагедияны ол күзге теңейді. Өйткені жыл мезгілі адамның қалауынсыз ауысып, табиғат өлетін маусым осы – күз. Трагедияның соңында оқырман кеудесінде бостық, өкініш қалады. Өйткені Фрайша айтсақ, әлгіндегі таңғажайып қабілетке ие бас кейіпкердің өзі тағдырдың жазуына, Құдайға қарсы келе алмайды. Ирония мен сатираны қыс мезгіліне теңейді, өйткені бұл – адамның идеялын, құндылықтарын, иллюзиясы мен қиялын тас-талқан ететін жанр.
Дегенмен Н. Фрай әрбір жанрды осылай суреттей келе, кейбір шығармалар әртүрлі жанр элементтерін бойына тоғыстыратынын мойындайды. Біз де «Бекзат» романын талдай келе, бұл шығармада романтикалық, комедиялық, трагедиялық элементтер барын ескеріп, оған жанрлар тоғысынан туған туынды деген баға бере аламыз.
Сөзімізді қорытсақ, Бейбіт Сарыбайдың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс» романы сюжеттік желісі бастауын сонау мифтен тартатын ұлттық архетиптік символдарды бойына жиған қазіргі жасөспірімдер әдебиетінде өзіндік орны бар шығарма деп айта аламыз. Бұл айтылғандардан өзге, «Бекзат» романында ит, жылқы, персона, су сияқты Юнг анықтаған архетиптік символдар да ұшырасады. Ал оны толықтыра зерттеу болашақ әдебиеттанушылардың еншісінде дейміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.