Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ардақ Үсейінова. Жалғыздық сарыны...

21.05.2025 767

Ардақ Үсейінова. Жалғыздық сарыны

Ардақ Үсейінова. Жалғыздық сарыны - adebiportal.kz

Күңгірт сахна. Төбеден түскен әлсіз жарық күміс тозаң шашып тұрғандай әсер қалдырады. Өзен жағалай қоныс тепкен шағын ауылдың көрінісі. Соғыстан кейінгі жұтаң тартқан ел іші. 

Жадағай ауылдың өмірі жазушы Рахымжан Отарбаевтың қаламына арқау болып, «Айсырға» атты әңгіме туған. Оны белгілі режиссер, Рахымжан ағаның шәкірті Мұқанғали Томанов инcценировкасын жазып, «Құсалық» деген атпен Жамбыл облыстық А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының сахнасына алып шықты. Былтыр. Қаңтар-ақпан айларында. 

 «Айсырға» - автордың ертеректе жазған шығармаларының бірі. Әйтсе де кешегіден көп өзгере қоймаған бүгінгі қоғамның түйткілі, тыныс-тіршілігі есіп тұр. Туған мекенінен жер ауып, жырақ кеткен грузин жігіт Коконың тағдырын арқау еткен «Айсырғаның» оқырманына айтары көп. Кейіпкерінің болмысы, мінезі, сағынышы, жан азабын шағын әңгімеге өте шебер сыйғызған.

Соғыстан аман оралған Коко туған жерде өзін қайғы-қасірет қана күтіп тұрғанын білмейді. Анасының өмірден озғанын естіп есеңгіреген ұл жалғыз қарындасының қайда кеткенін таппай аласұрады.

Күнге қарай құбылып, аунап сала беретін жылпос, күштіге жағыну үшін қатыгездікке де баратын кейіпкер мұнда да бар. Сол «сатқын» бүкіл ауылдастарын ғана қанқақсатады. «Әжемнен қалған мұраны ешкімге бермеймін» деген Коконың қарындасының құлағынан айсырғаны жұлып алады. Өзін қуғынға түсіріп, вагонға тиеп, белгісіз жаққа жібереді.

Ауыл ақсақалы бұл оқиғаны Кокодан жасырып қалады. Алайда барлық шындықты білген солдат әлгі жылпостың жасаған қылмысына қатысты үкімді өзі шығарады. Кейін сотта әлгінің жасаған барлық қылмысының беті ашылады. Бірақ ағайын-жұрт үкімді өзінше шығарған Коконы туған мекеннен жер аударуды ұйғарады. Әкеден қалған жалғыз тұяқ екенін ескеріп, қашан өздері хабар беріп, елге келуге рұқсат еткенше, «келмеймін» деген уәдесін қоса алады.

Коко туған жерден жырақта жүріп, күніге поштаға барып, хабар күтуден танбайды. Қарындасымды да бір кездестірермін деген үзілмес үміті тағы бар. Екі сағыныш кеудедегі жүректі жан төзбес азапқа салады. Ақыры бір хабар күтіп жүріп, үзіледі.

Сахнада осы оқиға кері бағытта өрбиді. Коконың туған жерден не үшін кетуге мәжбүр болғанын сұрамастан, «жан азабы бар жан» деп қарап, сырттай қамқорсыған моп-момақан тұрғындары бар шағын ауыл. Сол ауылда майданға жалғызын жіберіп, соңынан келген қара қағазды құшақтап қалған қарттар көп. Желкілдеп өсіп, жайқалып бүр ашар шағында «жесір» дейтін қарғыс-таңбаны арқалап қалған өрімдей жас келіндер. Ойын баласы болып асыр салмайтын, таң атқаннан «әкем келіп қалар» деп өзеннің арғы жағына қараумен күн батыратын жеткіншектер. 

Иә, жеткіншектер. Зар заманның зілмауыр салмағына жаншылып кетпей олар да жетілер-ау. Бірақ олардың ұрланған балалық шағын кім қайтарып береді. Жалғыздан қалған жалғыздар содан да күлмейді. 

Осы ауылда күн сайын пошта жәшіктерін сан ақтарып, жүз төңкеріп бір хабар күтетін Коко бар. Өз ауылынан, елінен жырақта жалғызсыраған, жақынын сағынған Коконың жан азабы бар.

Осы азап көрерменнің жандүниесін жанши түседі. Ауыр ой еңсені көтертпей, сан сауал менмұндалап, кейіпкерлермен бірге тіршілік кешкізеді. Оу, бұл кім?  «Көке ме?», «Коко ма?», «оның жан баласы білмес қандай сыры бар?» сұрақтың жауабын іздеп, сарсаңға түседі. 

Сан сауалдың жауабы соңына қарай айқындалады. Барлық сауалдың жауабы соңында түйінделеді.

Режиссер Мұқанғали Томанов жазушының кейіпкерлерін де, ойын да символикаға құрған детальдармен жеткізеді. Сөзі аз, ой да, арман да, азап та – іс-әрекетке құрылған.

Режиссердің шешімдері ойландырады. Апырай дегізеді. Түпсіз тұңғиыққа тартады. Ал жазушының айтары, айтпақ болғаны оқырманын одан әрі тереңге тарта түседі. 

Коконың жан төзгісіз жан азабы... Ол тыныш қана өтіп жатқан күндерден рахат іздемейді, аман жүргенін де көңіліне місе тұтпайды. Елегізіп туған елден хабар күтеді. Күн сайын пошта жәшіктерін ақтарып-төкеріп хат іздейді. Мұның бар-жоғын ойлап жатқан ағайын-жұрты бар ма, жоқ па, онда шаруасы да жоқ. Бәрібір күтеді. Күтуден жалықпайды. 

Салып ұрып бара салуға ауыл ақсақалдарының алдында берген уәдесі бар. Уәде. Намыс. Осы екеуі оны жат жерге жіпсіз байлап тұр.

Жазушының бала кезден бірге өскен досы Таңатар Дәрелов ауылда темірден түйін түйген ұста, жоқтан құрап, жыртықты жамап, кәдеге жарататын грузин жігіті болғанын айтады. «Өзімен-өзі оңаша, көп сөзге жоқ, саяқ жүретін. Спектакльде Мыңжылқының бейнесінен Рахымжанды көргендей болдық. Ойын қумай, ой бағып өскен бала ғой. Тура біздің ауылдың адамдары, өзіміз өскен орта», - деп естелік айтады Таңатар аға.

«Айсырға» сөз жоқ реалистік шығарма ғой. Спектакльде режиссер жазушының бар ойын, сезімін дәл жеткізе білген. Десе де, көрермен әрі оқырман ретінде маған бұл әңгіменің астарында аздаған сарказм жатқандай сезілді. Коконың өмірде болғаны рас, оның жалғыз қарындасын іздеп, туған ауылынан хат-хабар күтіп, құса боп көз жұмғаны да рас. «Мыңжылқының» - Рахымжан ағаның балаң жүрегіне өшпестей із қалдырған осы оқиғаны көркем әңгімеге айналдырғаны да, рас. Әйтсе де, жазушы осы «Айсырға» арқылы халқымыздың қандай қиянатты болсын кешіргіш, бәріне бірдей төрін ұсынатын шектен тыс дархандығын, кең жүрегін айтқысы келгендей. Беткеұстарларын баудай түсірген көсемнің кім екенін біле тұра тұтас ұлтты жеккөрмейтін қазақ қашанда кешірімшіл ғой.

Бәлкім, Коконың қарындасының есімі шынымен де Сулико шығар. Мүмкін Коко да әділетсіздік көріп, өзі үшін әділ, басқаға қатал шешім қабылдаған болар... Дегенмен... Жақында ұлттық арнадаған Алаш арыстары туралы түсірілген көркем фильмді көріп отырып, Сталиннің папиростан көк түтінді будақтатып, бөлме ішін әрі-бері кезіп жүріп, «Сулико» деп әндеткенін естігенде тағы да ойға шомдым. Мүмкін, кездейсоқ ұқсастық…

*  *  *

Аманатқа адалдық. Уәдеге беріктік. Қаумалаған көптің ортасындағы жандүниенің жалғыздығы. Жазушының қай шығармасында осы бір әр адамға талғап қана қонатын қасиеттер әр қырынан көрініс тауып жатады. Соның бірі – бар-жоғы 4-5 беттік «Жалғыздық» әңгімесі. Шағын ғана дүниесінің көтеріп тұрған жүгі ауыр. 

Жазушы Рахымжан Отарбаев тіршілігінде жан баспаған жұмбақ әлемі – жалғыз аралына кетіп қалғысы келетінін жиі айтып жүрді ғой. «Жалғыздығында» сол бір жан қалауының сарыны бар. Таңдамалысына енген осы әңгімесінде мынадай диалог өрбиді. Онысы диалогтан гөрі жалқы бір сәттегі қайыққа қатар мінген жандардың жалғыз-жарым монологына келіңкірейді негізі.

« – Құлақтан жастай қалғанмын... Жалғыз үй, жесір қатын, жетім құлын боп, тіршілік кешіп жатырмыз. Шүкірі таусылмаған бір қауым елміз, - деді сампылдап. Маңдай әжімі жазылып, ұл мен қыз күлістік атты. Суға сыңар аяғымен бойлап тұрған нар қамыс үкілі басын тербеді.

– Ал отырыңыздар! Қараңғы түсіп кетер.

Таяуын ағыстың ық бетіне құлаштай салған. Қайратына не берерсің, жаңқа қайық қарсы бетке жын қаққандай жөңкілді.

«Дүниеге сыңар кіндік боп жаратылған тек сен емессің, дегісі келген. – Анау әупілдек, мынау моланы дара құшып жатқандар... Сосын..» Саңырауға айқайласа, толқында билеген жаңқа қайық аударылып түсердей қорықты.

– Қатып ұйықтап қалыппын, - деді өзеннің орта тұсына келгенде ентігіп. – Түсім бе, елес пе, бір кішкене қара домалақ кекілді бала «Апа, тұр! Мен келдім, апа!» деп жұлқылап оятып жіберді. Көзінде кіреуке мұң бар екен... – Сосын мұның жүзіне жалт қарап, есіне әлдене түскендей, әлдекімді шырамытқандай қимылсыз қалды. Жүйіткіген жаңқа қайық тағы да ықтай бастады. – Қап, мына өр суын қарашы, әл бергісі жоқ».

Өзендегі қақпақыл қаққан жаңқа қайық – қақпалық қаққан тағдырың секілді. Айтары көп, жауабы да белгілі әлгіндей диалогтардың талайын тыңдап келеміз. Шындық екеніне, жанның сыры екеніне көңіл бөлетіндер аз. Әйтеуір, көкейге түйер ілкі бір сәттегі осындай монологтарды жел көтеріп кетіп жатыр...

Жаңқа қайықта қанша жолаушы болса да, жалқы бір сәтте бәрі жалғыз. Жалғыз, дара келіп қонған жан алқа-қотан жүрген орта да жеке қала береді. Қай-қайсың болса да, жалғызсың. Дүние керуені дәуренге толы кезде жалғыз емес едім дейтін болар, әлдекім. Бірақ, жалғыздық – өзін ұмыттырмайтын, іздетіп әуреге салмайтын ақиқат. «Адам қай сәттен бері жалғыз?» деген сұраққа жауап іздеп сарсылғандар өзді-өзін жұбатқысы келетіндер ғана. Өйткені жалғыздық қашаннан бері жалғыз иесімен бірге өмір сүріп келеді. Әлімсақтан бері солай. Альберт Камюдің сөзі де осыны растай түседі: «Адам о бастан жалғыз, ол өзінің ойы мен сезімдерін өзі ғана түсіне алады, жалғыздықтың бастауы – адамның өзінде». Жазушы Рахымжан Отарбаев қысқа ғана әңгімесінде осыны әсіре әсірелемей өте шебер жеткізеді. Жалғыз жанға деген аяушылық сезімді мелдектетіп жатпайды. Мақсаты ол емес екенін, еңіретіп ешкімнің етегін жасқа толтырмай-ақ, ақиқатты алқындырмай-ақ айтқанынан түсінесіз. Мүсіркегенде не... әркімнің басында бар күй. Айналаң аяғаннан ақиқат өзгермейді. 

 « – Жеті түнде сескенбейсіңдер ме? – деді келіншек жағаға шыққасын даусын бәсеңдетіп. Иегімен өлі ауылды нұсқайды. Қолтығының астынан жетім құлын кісінеді. Үні жіңішке шықты. Уызына жарымай, емізікпен сүт ішкен жетімнің даусы қайдан жуан бола қойсын?..

– Рақмет! Ол қарақшысы жоқ жұрт қой».

Әңгіме кейіпкердің жалған дүниенің қызығынан жалыққан, өзімен-өзі қалып ой терген, жалғыздығын іздеген сәтте үзіледі. Әрі қарайғы ойды қалай алақашқың келсе де, өз еркің. Оқырманның еркі. Адамның Жұмақты тастап, жерге түскен шақтан бергі көлеңкедей қыр соңынан қалмаған Жалғыздығы. Жалғыздығын ұмытқан сәтте адамдығынан да айырылғанын пенде біткен ойлай бермейтіні несі осы, дейсіз оқып біткен кезде іштей.

Жалпы өмірде маңдайы тасқа тиіп, толқын кешіп, жар жағалап жүргендердің өзін жиі жалғыз сезінетіні бар. Бірақ, бұл басқа жалғыздық. Ол көңіл-күйдің уақытша бір ауаны ғана. Ал ғалымдар «жалпы адамзат баласының когнитивтік санасында әрдайым түпкілікті орын тепкен психикалық қалып-құбылыстың бірі – жалғыздық» деп анықтама берген Жалғыздық мүлде бөлек. Ол жалқы біткен жанмен бірге жасап, жетер жеріне жалғыз кеткенге дейін адамнан іргесін аулақ салған емес. 

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығы» да – осы. Айтқаны ақиқат, шынтуайтында адам баласының бәрі жалғыз. Жан жалғыз өйткені. Шығар сәтте де жалғыз кетеді. Жазушының «Жалғыздығы» адамзаттың мәңгі жалғыз күйін солай жеткізеді. 

Осы жерде тағы да сахна туралы, тағы да спектакль туралы айтпай кетуге болмас. Жазушының «Жалғыздығын» режиссер Мұқанғали Томанов сахнаға шығарған. Алғашқы жолы Алматыда көргем, М.Өтемісов атындағы академиялық театрдың гастрольдік сапарында. Спектакльде мынадай бір эпизод бар. «Анам қалған жерде қаламын» деп кесіп айтқан кейіпкер чемоданын ақтарып, керме жіпке екі ақ жейдесін жайып қояды. Туған мекенге бір оралып соқпаған ұлға өкпелі ананың рухы тоң-теріс жүріп, дәл осы сәтте елжіреп кетеді. Елжіреп келіп, мейірім мелдектеп тұрып, екі жейденің ортасына перзентінің бала күнгі жөргегін іліп кетеді. Кермедегі екі жейденің арасы алшақ тұрған. Ортада жөргек. Бұрын кейіпкердің көңіл түкпірінде шыр етіп дүниеге келген сәттен ақ жөргекке орап алған сәби шақ пен есейіп, күндердің бір күнінде жетер жеріне жететін кезге дейінгі аралық кезеңінің ортасында бір бос кеңістік тұратын үнемі. Сол кеңістік енді толғандай, өшкені жанғандай керемет күй орнайды. Эпизод ішкі эмоцияны үнсіз-ақ жеткізеді. 

Жақында «Жалғыздықты» тағы бір көрудің сәті түсті. Атырауда. Жазушының өз жұртында, өзі қызмет еткен, өзі басқарған М.Өтемісов атындағы академиялық театрда...

Көз алдымда өзен жағалай қоныс тепкен таныс ауыл. Ауыл дегенім, жай ғана бергі жағы. Жұрты көшіп, ошағы қалған жұрт. Сахнадағы декорация да сол «Құсалықтағыдай». 

Күрең түсті күңгірт ауыл. Күміс тозаңын шашқан әлсіз жарық. Өңкей сұр киінген адамдар. Әуелгіде байғыз, әлде қарғалар ма дегенмін. Алғаш көргенде. Санам төңкеріліп түскендей болған сонда. Ой қуып, режиссердің шешімінен ілмек іздеп...

Кейіпкердің күні таусылуға шақ қалған. Ананың рухы соны жақсы сезеді. Сағыныш жүрегін кернесе де, ұлының арғы дүниеде жүре тұрғанын қалайды. Жүрек шымырлатар көріністердің бәрі – үнсіз. Сөз жоқ. Есесіне актерлардың шебер ойыны.

​Түбі тесік қайықта жанталаса ескек ескен жалғыз ұл ендігі бір сәтте дәрмені қалмай қайыққа құлап түседі. Ананың рухының ұлым аман болсыншы деген арпалысы – еріксіз көзге жас үйіреді. Үйіреді деген бергі жағы. Үнсіз еңіретеді. Ұлдың қолындағы ескек сусып суға түсе береді. Жым-жырт тыныштық орнайды. Келесі сәтте азап-шерді арқалаған тәнді тастап, азат шыққан жанның жан рахаты.

Бас кейіпкерді сомдаған актердің шеберлігінің шырқау биікке шыққан сәті де осы. Азат жанның жан рахатын соншалықты сұмдық дәл жеткізу – әй, басқаға бұйырмайтын шеберлік шығар.

Спектакльдің өн бойынан режисерлік шешімдердің өзі асқан шебердің ой-тұжырымы екенін көрсетеді. Халықаралық театр фестивалінде «Үздік спектакль» деген атқа бекер ие болмағанын түсінесіз. Тіпті сахнадағы сұрғылт бояуға дейін көңілдің күйін дәл жеткізіп тұрды.

Сөзі аз. Актерларының әрбір іс-әрекетінің өзі сөйлеп тұрған қойылым туралы қаламгер Мереке Құлкенов Рахымжан Отарбаевтай хас таланттың қаламынан туған дүниенің оқырманы мен көрерменін осылай азапқа салмауы мүмкін емес. Бас режиссер Мұқанғали Томановты Рахымжан Оралдан қоймай жүріп, театрға әкелген. Талантты тани білді. Міне, сол Томанов ұстазына мынадай ескерткіш қойыпты. Үндемеген актерларына дейін үнсіз сөйлетіп қойған», - деп баға берді.

Ал әдебиеттанушы ғалым, публицист, зерттеуші Мақсат Тәж-Мұрат спектакль туралы, спектакльге арқау болған жазушының әңгімесі жайлы былай дейді: «Дәстүрлі реализммен жазатын жазушылардың арасында тосын стильмен жазып кететіндері де болады. Марқұм Рахаңның «Ыстықкөл» элегиясы, «Бас» мистикалық декапитация романы және «Жалғыздық» атты шығармасы сондай стильдік тосын дүниелер еді. 

«Жалғыздық» - «әңгіме» деп айдарланғанымен, екіжарым беттен тұратын метонимиялық новелла. Өзеннің арғы бетінде төмпешік боп жатқан анасы Шәменге ( Шәмсияға), оның рухына арнаған автор, оқиғасы да сол өзі көрмеген анасына деген баланың, әңгімеде есейген азамат ұлының көкірегіне шемен боп байланған сартап сағынышына құрылған. Оқиға дейтін оқиға да жоқ – бергі бетте тұрып, арғы бетке қайықпен өткісі келген бас кейіпкердің өң мен түстің арпасында жүргендей хәлі. Дұрысы, әдеби шығарманың өзінің қалай өрістейтінін көрсететін, әдеби текстің табиғатын зерттейтін метабаяндау тәсілі қолданылған.

Ал енді бар ма, осы метабаяндау тиісінше заманауи метапроза шеңберінде орындалған. Яғни, кереғар екі нүктенің ара-жігінде бір мезгілде теңселіп тұрады. Оған қоса осы шақтың шегарасын алдағы бұлдыр, перспективасыздық шегімен алмастырып жіберетін метамодернизм принципі де байқалады. Басқаша айтқанда, сен жақындаған сайын алыстай беретін, шексіздікке жұтыла беретін, кісіні ақыры сағым құштыратын адам тағдыры. Ғажабы сонда, модернизм мен постмодернизм  арасындағы тербелісті толқулардан –осцилляциядан 2009-2010 жылы ғана сыншыл дискурс ретінде жасалған метамодернизммен Рахаң қашан, қалай танысып жүр, әлде бұл замана желімен келген интуициялық сублимация ма, мен осыны түсінбей-ақ кеттім.

Мұны қоюшы-режиссер Мұқанғали Томанов ағатсыз ұққан сыңайлы. Жалпы сахнаны заманауи иммерсивті театр деуге келмес, десе де, декорациядан, бутафориядан спектакльдің интерактивті театр ыңғайында ойластырылғанын қапысыз сезініп отырасың. Сахнаға шығып отырып, камералық жағдайда, дәл қасынан, яғни жақыннан көрдік. Сегіз актёр, екеуі бас рөлде – автор (Бекет Зинуллин) және оның анасы (Гүлдана Көшербаева). Гүлдананың көзіндегі жас жылтылына дейін байқап отырдық, Бекет те таза кейіпкержанды актер екенін көрсетті.

Актерлар Рахаңның шерін, бала шақтағы жан жарақатын, содан туған алақайғысын жақсы білген. Шәмен анасы Қиғаштың бір саласы Шарон (Шора) өзені маңындағы Ағашүй деген бес зілмәңкелі ауылда пермінің құсын суға батырмаймын деп жүріп қарасуға кетіп оқыстан қаза болған ғой. Қасымғали ағамыз кейін Хибат дейтін әйелге үйленіп, Майыр деген ауылға көшкен. Рахаң туған шешесінен кішкентай кезінде қалып, ана мейірімінің жылуын көрмей өскен. Спектакль, міне, осы жан жарақатын аша алған».

Жан жарақаты демекші, спектакльде мынадай тағы бір эпизод бар. Қаумалаған өңкей сұр адамдар жолаушының чемоданын ақтарып, кітап өртейді. Жүрек шымырқанып кететін, ыза ма, әлде өкініш пе бір сезім бойды билейтін, еріксіз көмейге өксік тығылатын сәт. Автордың талайлы тағдырында әсіре «ұраншылдардың» жазушының кітабын өртегені болған жағдай. Өкініш пе? Өзекті өртейтін өкініш...

Спектакль аяқталғанда жолаушы әлгі өртелген кітапты қабірдің басындағы құлпытас секілді ағашқа апарып өз қолымен шегелеп қағып қояды. Осы бір екі сахнадағы үнсіз әрекет көп нәрсені сөзсіз жеткізіп тұр. Жазушы біткен өмір-көшінде тек кітап, қағаз жинайды. Бар жиған байлығы сол. Сол қазынасын алып әлдекімдердің, сөз қадірін білмейтін біреулердің өртегені жанға бата ма? Қатты батады. Ал құлпытасқа кітабын қағып қоюуы – артымда сөзім қалды дегені емес пе? Рахымжан ағаның «Көрген-баққан» күнделіктерінде: «Ұлым Ермерейге аманат айттым. «Құлпытасыма сурет жасатсаң, жарты жүзімді сал» деп. Жартысы жоқ. Өйткені бұл өмір маған шын келбетімен қарамады. Мен де анық жүзімді көрсетпедім. Өкпе де, өкініш те жоқ. Шындығы сол!» деп жазған естелігі бар. Е, дүние! Бұл жалған кімге шын келбетімен қарады екен?!.

Әлем әдебиетіндегі мәңгілік тақырып – Жалғыздықты жапон жазушысы Юкио Мисима «Алтын ғибадатханасында» басқаша өреді. Жалғызсыраудың себебін жалығумен байланыстырады. Өмірден баз кешкізген жандүниенің ішкі қайшылықтарынан іздейді. Ал Рахымжан аға: «Расымен Жалғыз еді... Елегізіп аспанға қараған. Шексіздіктің шеруіне ылғи жалғыз шығатын ай да айналаға күміс тозаңын төгіп тұрды» деп түйеді жалғыздықтың Жер-дүниенің жаратылысына тән екенін меңзеп.

Отарбаевтың «Жалғыздығы» өңкей сұрғылт тартып тұрады. Күміс тозаң деп суреттеп – сүреңсіз сұрқай дүниенің өзіне бір сәулесін төгеді. Арғы жағында ананың перзентім адам болса екен, аман болса екен деген арманы, ананың сол  бір аңсар арманын арқалап келе жатқан ұлдың аманатқа адалдығы жатыр.

«Құсалықтан» - «Жалғыздыққа» көшкенде сахнадағы таныс ауыл деп бекер атап өткен жоқпын. Тараз сахнасы мен Атырау сахнасындағы ауылдың арасында бір байланыс жатыр. Ол әдебиет пен өнердегі «Жалғыздық» сарыны. Ортақ өзек. Режиссер Мұқанғали Томанов бір сөзінде «Рахымжан ағаның шығармаларынан триптих қойсам» деген арманын айтып қалды. Триптихті түйіндейтін жазушының қай шығармасы болар екен! Күтіп жүрміз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар