Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
«Абай жолы» эпопеясындағы көркем шындық пен тарихи...

15.09.2025 43

«Абай жолы» эпопеясындағы көркем шындық пен тарихи шындық 12+

«Абай жолы» эпопеясындағы көркем шындық пен тарихи шындық - adebiportal.kz

«Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының ұйымдастырумен өтіп жатқан «Қаламгерлер ұстаханасы» жобасы аясында, белгілі алаштанушы, абайтанушы ғалым, жазушы, публицист Тұрсын Жұртбай ағамыздың «Көркем шындық пен тарихи шындық» хақында кезекті лекциясы өтті. Лекция тақырыбына сай «Абай жолы» эпопеясындағы оқырман арасына тарап кеткен кейбір келеңсіз, теріс түсініктер туралы ашалап, анықтап түсініктеме жасап өтті. Төменде қаламгер лекцияның маңызды-маңызды деген жерлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Көркем әдебиеттің қадір-қасиеті ең алдымен оқырманның талғамымен өлшенеді. Талғамсыз оқылған шығарма әдебиеттің шынайы мәнін төмендетіп жібереді. Ал көркем шығарманы терең түсініп оқу – адамның жеке дүниетанымына ғана емес, ұлтының сана-сезімін оятып, мақсат-мұратын айқындауға да ықпал етеді. Сол себепті көркем әдебиет – өнердің, адамның жан-жүйесін тәрбиелейтін күш деп есептеледі.

Бүгінгі күні біз көркем әдебиетті қалай түсінеміз, қалай қабылдаймыз? Ондағы мәтіндердің астарында, бейнелерде, қақтығыстарда, дамуда, шешімде қандай әсер бар? Бұл – өзі бір үлкен ғылым. Әсіресе, ұлтымыздың басты рухани қазынасына айналған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын қалай түсінеміз? Өкінішке қарай, әдебиеттанушылардың біразы «Абай жолындағы» Абайды тарихи өмірдегі Абайдың дәл өзі деп қабылдайды. Алайда ол олай емес. Мен өз лекцияларымда үнемі айтып отырамын: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» бір сынық сөйлем тарихи-өмірлік шындық күйінде алынбаған. Роман-эпопеядағы әр сөз көркем шындыққа негізделген».

Мәселе –  оны біз қалай түсінеміз. Тарихи шығармаларды талдағанда біз үш бағытты айқындап алуымыз қажет: Тарихи шындық, өмірлік шындық және көркемдік шындық. Осы үшеуінің ара-жігін ажыратып, саралай отырып, шебер өрілген шығарма - «Абай жолы». Бұл туынды – осы үш шындықты қатар тоғыстырған теңдессіз шығарма. Қазақ әдебиетінде мұндай деңгейге көтерілген өзге туынды әлі де жоқ.

Көркем шындықтың басты талабын не орындайды? Ол – көркем идеяны. Көркем идея осы үш шындықтың өрімін анықтап, биік деңгейге көтерді. Көркем шындыққа, көркем идеяға көтерілмеген шығарма, шығарма емес! Қандай тарихи шығарма болсын, ол көркемдік тұрғыдан жазылуы тиіс. Яғни өнердің тілімен жазылуы тиіс. Ал көркем идеяға бағынбаған, көркемдік шешімге жете алмаған шығарма –  әлсіз, шикі шығарма. Мұндайда мәселе автордың қуаты жетпеді ме, әлде заман жеткізбеді ме, әлде өзге жағдайлар бар ма –  ол бөлек әңгіме.

Мен сіздердің уақыттарыңызды алмау үшін терең талдауға бармай, негізгі белгілерді ғана атап өтемін. Бірақ айтарым: көркемдік шындық – ең биік шындық. Өйткені оның бойына үш сала –  тарихи шындық, өмірлік шындық және көркемдік шындық тоғысқан.

Мұхтар Әуезовтің өзі де 1957 жылғы «Литературная газетіне» берген сұхбатында: «Абай жолынан» өмірлік шындық іздейді. «Ана кейіпкер андай еді, мына кейіпкер өмірде бұлай болған», -деп айтады. Мен оған емес, тарихи шығармаға қойылатын талаптың заңымен жүрдім», - дейді. Мынадай әдемі  тұжырымы бар: «Өмір біткен жерден көркем шығарма басталады», - деген. Әуезов соған сүйенді.

Осы пікірді айтқызған жағдайдың бірі – 1957 жылы «Абай жолы» «Лениндік» сыйлыққа ұсынылған кезде, сол тұстағы Әуезовтің ізін баққан, аса тегеурінді интеллигенттерден тыс, сол тұстағы романдағы кейіпкерлердің бейнелері арқылы танылған адамдардың ұрпақтары үлкен арыз жазып, сотқа береді. Сонда Жоғарғы соттың бір мүшесі Әуезовті шақырып алып: «Бізде бейбіт келісім деген қағида бар. Сізге соны қолданайық. Сотқа берген адамдарды жинап, сізбен кездестіріп, кеңесіп мәмлеге келтірейік. Әйтпесе «Лениндік сыйлықты» ала алмай қаласыз», - дейді. Содан кейін үлкен беттесуден соң бұл мәселе тиылған. Шығарма жазудағы көркемдік шындық пен тарихи шындық, өмірлік шындықтың арасындағы қайшылықтың қиындығы Әуезов өміріндегі ең бір күрделі тұсы болып, ортақ мәмілемен осылай түйінделген.

Тарихи шығармаға қойылатын жеті түрлі талап 

Бірінші. Кей тарихи кейіпкерлердің аты-жөні, ата-тегі, жалпы өмір баяндық сипаттары шындықпен қамтылуы керек. Мысалы, Абай – Ибраһим, Құнанбайұлы.

Екінші. Кейіпкердің туған және қайтыс болған жылы дәл көрсетіліп, шығарманың бастау және аяқталу шекарасын белгілеуі керек.

Үшінші. Кейіпкердің сыртқы келбеті, дене бітіміндегі ерекшеліктері бұрмаланбауы керек. Мысалы, Құнанбайдың бір көзі соқыр деген тарихи дерек бар. Ал қазіргі жазып жүргендей: «Екі көзі жайнап жүрді», - деп жазу шындыққа қайшы. Сол сияқты Абайды: «Ұзын бойлы», - деп сипаттауға болмайды, себебі дене бітімі нақты тарихи шындыққа сай сақталуы керек.

Төртінші. Ұстанған діні бұрмаланбауы керек. Дін оның рухани иманы. Оны өзгертуге болмайды. Қаншама жерден: «Батысым шығыс болып кетті. Шығысым батыс болып кетті», - дегенмен, ол Абайдың дін туралы көзқарасы емес. Өзінің ақыл-ой парасат көзқарасы, тәлім-тәрбие өресі болып танылады.

 Бесінші. Оның отбасындағы тағдырлы жайлар шындықпен жазылу керек. Әуезов Абайдың өмірінде болған жағдайдың бәрін қамти алмады. Ресми түрде Абай неше әйел алды. Мәселен Еркежан романға кірмей қалды. Қазақ Женпидағы кездесуде өзі мойындағандай: «Абайдың көп әйел алуын социалистік  реализмге  қалай кіргізе аламын, соның амалын таппадым», - дейтіні бар. Бала-шағалары толық айтылуы керек. 

«Абай жолының» алғашқы нұсқасында айтылған Тұрағұл елу бірінші жылғы басылымнан кейін сызылып тасталды. «Алашордашы» Тұрағұлды кейіпкер етіп алды», - деп Тахауи Ақтанов баяндамасында айтқан еді. мен Тахауидан сұрасам: «Басқа амалым қалмады. Сол баяндамамды комиссия үш рет қарап шығып, осы сөзді кіргізді», - деді. Соның нәтижесінде Тұрағұл Абайдың баласы болмай шықты. Оны өшіріп тастаған.

Алтыншы. Қоғамдық формация толықтай сақталу керек. Абай феодализм  мен соңында капиталистік-буржуазиялық қарым-қатынастың жік арасында тұрады. Осыны анықтау үшін Құнанбай образын қоғамды екі жаққа бөліп тастау үшін пайдаланды.

Жетінші. Тарихи шығарманы жазғанда табиғат көріністеріне ерекше мән беру керек. Мысалы, «Шыңғыстауда қарағай өсіп тұрған еді, басында шың тұрады», - деп суреттемеу керек. Немесе: «Абай есекке мініп жүрді», - деп жазбау керек. Өйткені есек Шыңғыстауда өмір сүрмейді. Қыстың күні тұяғы үсіп өліп қалады. Немесе: «Пальма өсті, банан жеді», - деп жазылмайды. Табиғаттың тұрқы сақталуы керек. Бүлдірген тере ме, жидек тере ме, ол басқа жағдай. Қосымша, жалпы өркениеттің, ғылым мен білімнің прогрестің сол тұстағы ең соңғы жетістіктерін ғана пайдалануға мүмкіндік бар. Одан асырып жазуға болмайды. Мысалы, Абайды самолетқа,  ұшаққа отырғызуға болмайды. Бірақ қиялымен, ойымен көкке ұшырып, қиялдатуға болады. Міне, осы жеті ерекшелік сақталса, шығарма өзінің толық тарихи сипатына сай деп есептеледі. Одан өзге жағдайдың барлығы да жазушының идеясына, көркемдік шешіміне, содан туындайтын заңдылықтарға байланысты. 

Жазушының идеясы не? Әуезов өзінің «Абай жолы» туралы айтқанда: «Менің басты идеям, ұстанған мақсатым – Абай арқылы қазақтың ұлы даналық ойымен бірге, қазақтың бүкіл дәстүрін дүние жүзінің халқының алдына ұсыну, таныту. Сол үшін барлық тарихи шығармаға тән талапты орындай отырып, еркіндікті пайдаландым», - дейді.

Тарихи, өмірлік шындықтарды көркем шығармаға емін-еркін пайдаланған Әуезовтай жазушы жоқ. Бәрін Абайдың өсіп-өнуіне пайдаланды. 

Бірінші. «Қодар-Қамқа оқиғасын» Абай көрген жоқ. Әуезов күнделігінде «Абай «Қодар-Қамқа оқиғасын» естіген болуы мүмкін», - деп жазады. Мен қолда бар деректерді салыстыра отырып есептегенде, бұл оқиға 1834-37 жылдардың төңірегінде болған. Яғни, ол кезде Абай туған жоқ. Бұл оқиға неге керек болды? Романды бірден көшпелі өркениеттің қақтығысына әкеліп Абайды сергіту, сілкіндіру үшін керек болды. Көркем шығарманың міндеті не? Тітіркендіру, ойландыру, сілкіндіру, толғандырып отыру. Бұл тарихи шындықты Әуезов біліп отыр. Онда түйенің өркешіне дарға асылған «Қодар-қамқа» сияқты оқиға 1914 жылы қазіргі Тарбағатай өңірінде де болған. Яғни, феодализм тұсында ондай оқиға көп болған. Әуезов оны көркем шығармадағы Абайға қажет боп тұрғандықтан, оны алып келуге толық қақысы болды. 

Екінші. Бөжейдің асында Абай Алпамыс болып сәт сайын өсіп кетсе де, ол  асты басқарып жүруі мүмкін емес. Бөжей 1850-51 жылы қайтыс болған. Бес жастағы Абайдың жорғаға мініп, табақ тартқызып, асты басқарып, үш жүзге атын алғаш шығаруы еш мүмкін емес. Бірақ феодализм заманында ас беру бар. Әуезов шығармада ас бергізу арқылы қазақтың дәстүрін, Абай және басқа кейіпкерлері арқылы өзге халыққа көрсетіп тұр. Өзге халық түгіл осы оқиғаны оқыған кезде бізде сеніп қаламыз. Абайдың ондай ас беріп, той басқаруы өмірінде бірнеше рет болған. 

Үшінші. «Мұсақұл соғысын» Абай көрген жоқ. 1846 жылы Құнанбай Адольф Янушкевичті ертіп, алып жүрген кезде Янушкевич жазады: «Құнанбай бесіктегі ауырған баласын ешкінің майымен майлап жазып алды. Және ол ру арасындағы бір қақтығыс болғандықтан асығыстықпен еліне кетіп қалды», - дейді. Сол «Мұсақыл соғысы» 1846 жылы күзде болады, ол кезде Абай бір жасқа енді ғана толған еді. Қандай да болмасын Абай – Бөжей мен Құнанбайдың ортасындағы дауға Байсал мен Сүйіндікпен  қосылып екі араға ағайын бола алмайды. Алайда сол бір Тобықтыны беске бөлген қақтығыс қырық алтыншы жылдары өткендіктен де, ол қақтығысты Абай басынан кешіру керек болды. Сондықтан Әуезов бұл оқиғаны Абайдың он төрт, он беске, яғни 1860-63 жылдары өткендей ғып жазып отыр. Менің ойымша, осы үш оқиға да өзінің көркемдік шындығын толықтай ақтайды. Бұған Әуезовтің еркімен істелген өзгертулер мен мұқтаждықпен, тіпті ең соңында атылуға дайындалып, Мәскеуге 1951 жылы қашып барып, сол жақта өзгерткен кей шындықтарды жатқызуға да  болады. 

Өмірлік шындықтың бұрмалануы

Ал енді өмірлік шындығы бұрмаланған кейіпкерлер туралы айтсақ. Абай және Базаралы арасы. Базаралы екі рет итжеккенге айдалады. Екеуінде де сот үкіміне себепкер болған – Абай. Себебі, Абай болыс болғанда ант берген: «Мен елдегі ұрлыққа, барымтаға, ескі дәстүрлерге тыйым саламын!» - деген.

Себебі, Құнанбайдың ұлдарына қарсы шыққан Базаралы батыр әрі сері атанса да, шектен шығып кететін жерлері аз болмаған. Такежанның сегіз жүз елу жылқысын бір түнде айдап кетіп, өзеннің бас-аяғын қан жоса қылып сойып тастаған адамды Абай ақтауы керек пе сонда? Сол үшін бір рет ит жеккенге айдалады.

Екінші реткі сотталу себебі былай болды. Шығыстауда сиқырлы сұлулар туады да тұрады. Біреу Тоғжан болса, екіншісі жиырма жылдан кейінгі туған Зағипа. Сол Зағипаны ұзатайын десе, Базаралы не өзі алмай, не елге бергізбей, бүкіл Шыңғыстың әр төбесіне барымташы қойып ұзаттырмай қояды. Ақыры Зағипа құсалықтан өледі. Мұнымен қоса Абайдың да іші кекті болатын жері бар. 1864 жылы Құнанбай Меккеге кеткенде алқа-қотан отырған Құнанбайдың ұлдарының қонысының ортасында тігулі тұрған Нұрғанымның үйіне келіп ап: «Ал, не істейсің!?» - дегендей Базаралы бір ай жатып алады. Сонда Абай: «Әттеген-ай! Түбінде осы басынғаны үшін Базаралыны түйенің соңына жетектетіп, бір тартқызармын!» - деп өзіне ант берген. Шындығында да екінші рет Базаралы ұсталғанда түйеге екі қолын байлатып жаяу айдатқан екен. Ал түйе қалай жүреді, лықсып алға кетіп, бесікше тербеліп жүретін жануар ғой. Жүз тоқсан шақырым қолыңды байлатып, түйенің артынан  жүріп көр. Не болады? Сонда жолай Еркежанның әкесі көріп, Абайдың бұрынғы уәдесі есіне түсіп, Зереге келіп: «Уа, құдағи, бір бұйымтайым бар, Базаралыны мына азаптан құтқарыңызшы. Бір имандылық жасаңызшы», - дейді. Зере тыйым салып, Базаралының қолы шешіледі, Абай әжесіне қарсы сөз айта алмайды. Бұл қателік пе? Жоқ, қаталдық па? Оны бір Алла біледі. Осы Базаралы «Абай жолында» кедей, батыр, аңғал тіпті Нұрғанымның өзі Құнанбайға: «Егер әйел болсаңыз, сіз де Базаралыдан бас тартпас едіңіз», - дегізгендей ғып суреттейді.  Бұған себеп, бірінші кітап біткеннен кейінгі 1941 жылғы талдау, сонымен 1944-47 жылғы арадағы талқылаулар дәлел. «Базаралы – кедей қалай да жағымды кейіпкер болу керек. Кедейдің есесін қайыру керек. Онсыз екінші кітап шықпайды», - деп 1943 жылы жазылып біткен екінші кітап 1947 жылы жолдама алады. Осы өмірлік шындықтан аулақ тағы бір кейіпкер – ол Әйгерім бейнесі. Екінші кітап жазылып біткеннен кейін, КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсыну кезіндегі талқылауға қойылған мәселелер айтылады. Әлжаппар Әбішев талқылау бітер ең соңғы күні таңертең Әуезовке келіп: «Кедейдің қызы Әйгерімді жағымды кейіпкер етіп жасаңыз, әйтпесе мына «Абай жолы» романына обал жасайсыз. Ділдә, менің апайым. Ол байдың қызы, апайым болса да аямаңыз. Жағымсыз мінездері соған жатқызыңыз», - дейді. Сонда Мұхтар айтты дейді: «Мен Ділдәні қалай жамандаймын. Абайдың өрісін ашып, алдын кеңейткен. Үрім-бұтақ, бүкіл ырыс Ділдәнің алдынан шығып отыр ғой. Ана жолай, көш жөнекей ұл тауып Мамай мен Ырғызбайды соғысқа итермелеген, одан кейін де жүрісін тыймаған, көлденең бала тапқан Әйгерім ғой. Ондай жексұрын әйелді қалай Абайдың сүйіктісі жасаймын. Абайға обал ғой, жаның ашуы керек қой. Сен неге түсінбейсің?» - деді маған. Ойланып қалдым да, бәрібір солай істеңіз дедім. Ақыры Сәбит Мұқанов қаулысын шығарып, «Кітап шықпасын!» - деп кетіп қалды. Іле қайтадан партия жиналысын ашып жіберіп: «Қайтадан талқылайық», - деп, Әуезовті «Бұлар шындап кетті, онсыз болмайды», - деп көндіріп, Базаралы мен Әйгерім образын өзгерттік, - дейді. 

Өмірілік шындығы бұрмаланған адам ол – Оразбай. Ол шындығында Абайдың ең жақын қамқоршы, мейірімді, кең адам болған еді. Оны бүлдірген Оспан еді. Оспан Абайға: «Мен не баланың қызығын көргем жоқ, не байлықтың қызығын көргем жоқ, ең болмаса биліктің қызығын бір көрсетші Абай, өтінішім осы!» - деп бауырына салып алған Абайдың баласы Әубәкірдің бетінен сүйіп, солқылдап жылап келді дейді. Абай: «Жарайды, жарайды!» - деп еріксіз көнеді. Сонда Оразбайлар болыстыққа таласқан бес болысы кімдер болды? Тек қана Құнанбайдың балалары болды. «Осы да әділеттілік пе», - деп Абайға айтып, Оразбай қатты ренжіп көшіп кетеді. Кейін Абайға қамшы тигенде де сексен ақ ботаны әкеп: «Бізден кетті, біздің болыс», - деп кешірім сұраған да Оразбай. 

- «Сүйінші, сүйінші, дұшпанымыздан құтылдық», Абай қайтыс болыпты деп қаралы хабарды жеткізген өзінің інісі болса да жатып кеп сабап: «Мен Абаймен айтыссам, артымда сөзім, атағым қалады. Абай қазақтың Абайы емес пе? Сол үшін сүйінші сұрайсың ба?», - деп көңіл айтуға барыпты. Оразбайдың Медеуден туған Саниязбекке Тұрағұлдан туған Ақлия айттырылған еді. Мен Ақлия апамен сөйлесіп ұзақ сырлас болдым. Сонда Ақлия Оразбайды: «Атам», - дейді екен де, Абайды: «Әкем», - дейді екен. «Абай әкем қайтқаннан кейін біз бір адамнан қамқорлық көрген болсақ - ол Оразбай еді», - деген еді Ақлия апай. Ал егер Әуезов Абаймен бір байды айтыстырып қоймаса, онда роман шықпайды. Социалистік реализмге келмейді. Еріксіз өзінің досын тіресетін адам етіп қойды. Абаймен тең дәрежедегі тартысатын адам керек. Абай өсеу керек. Бір таудан бір тауға, бір биіктен, келесі биікке көтеріліп отыруы керек. Сол үшін Мұхтар Әуезов Абайды Құнанбай, Оразбайлармен қағыстырып, таластырып келесі биікке шығарып отырды. Бұл көркем шындықты жасаудың өзіндік бір тәсілі десек те болады.

Тағы бір мәселе Құнанбай образына қатысты. Біздің кезіміздегі әдебиеттер болсын, жоғары оқу орындағы әдебиетте болсын, осы екі мыңыншы жылдардағы әдеби кітаптар да: Құнанбай жағымсыз кейіпкер ретінде ұсынылды, талданды. Тіпті өмірде де: «Абайдың әкесі қатал, арамза, діншіл еді», - деп танылады. Ол үшін  мынадай үш мысал айтайық. Бірінші, Құнанбайдың қаталдығы «Қодар-Қамқа оқиғасына» байланысты айтылады. Қодар жалғыз ұлы қайтыс болған соң, келініне қол салып, үйленіп алады. Шын болған оқиға. Сонда аға сұлтан Солтабай: «Сен өзгеге тыйым сағанша өз бауырыңдағы жыландарыңа тыйым салмайсың ба?», - дейді. Сұрап көрсе, шындық болып шығады. Егер де атасы мен келіннің қойындасып жатқанына, үйленіп алғанына тыйым салмаса онда Құнанбайдың аға сұлтандығынан не пайда? Ұрпаққа не дейді? Бұл қылық бүгінгі моралға да жат болып саналмай ма? Егер де атасы келініне, келіні атасының бетіне қарамай бұл әдет болып жалғаса берсе, ұрпақ азып кетпей ме? Тыйым салу керек болды. Сол үшін де Әуезов осы оқиғаны бірінші кітапқа кіргізген. 

Егер де жоғарыда айтылған жеті өмірлік шындықты сол қалпында сөйлетпесе, онда Абай романы не болар еді? Етекбасты шығарманың бірі боп шығар еді. Әуезовтің ұлылығы сол осы өмірлік шындықтардың бастарын қосып жіберіп, көркем шындықтағы өзгеше роман жазып шыққаны еді. 

Екінші. «Әмір мен Үмітейдің оқиғасына» байланысты: «Ғашықтыққа қарсы еді», - дейді Құнанбайды. Менің ойымша, Құнанбай дұрыс істеді. Құнанбай ол істі – ар-ұяты, ұжданымен, аталық сезімімен істеген. Қараңыздар, Әмірдің әкесі Құдайберді, Құдайберді кімнің баласы? Құнанбайдың бәйбішеден туған үлкен ұлы. Ал Үмітейдің әкесі Ысқақ, Ысқақ кімнің баласы? Құнанбайдың Абайдан кейінгі ұлы. «Жетім қалды ғой», - деп Әмірді бауырына басып жүрген еді. Ал ол екеуі  болса бар дәстүрді бұзып жүріпті. Құнанбайды былай қойғанда, егерде өз баламыз үйдің ішінде төсектің  басымен байланысып жатса не істер едік? Ар-ұждан, қыз тәрбиесі, ұл тәрбиесі қайда қалады? Оны неге Құнанбай жазалмасақа? 

Еркелетіп сал-сері қылып жіберген Әмір, Мұхамеджанның Майбасары екеуі намаз оқып отырған Құнанбайдың алдында келіп: «Дауысы қандай атамның, атам да сал-сері болған ғой», - деп құран оқып отырған Құнанбайды мазақтап, жарысып ән салады. Сол кезде теріс батасын береді. Егер де осындай бейбастақтыққа тыйым салмаса не болады? Біздің қазақтар, ағайындар болып бірінің баласы бірінің үйінде өседі. Егер бұлай болса ағайындық қайда қалады? Егер біз үшін бұл ұят болса, ал Құнанбай заманында ол – өлім еді. Егер Құнанбай оған тыйым салмаса, онда Құнанбайдың билігі, адалдығы, иманы қайда қалады? Осы жерінде тағы да Әуезов Құнанбайдан жағымсыз образ жасай отырып, сол өмірлік шындықтағы тыйымды, көркем шындық арқылы халыққа жеткізіп отыр. Мұны оқырман түсініп отыр. Тіпті Абайдың өзі сол романның ішінде, «Әмір мен Үмітейдің оқиғасын» естігенде: «Абай да қатты шіміркеніп басын шайқай берді». «Ол Айғыздың сіңлісі еді, Құнанбайдың туған немересіндей боп жүрген баласы еді», - деп астарлап, екі-үш бет бұрын түсініктеме беріп кетеді. Оқырман талғамы осы секілді өмірлік шындықтарды іздене оқып, өздері анықтап шешуі керек. 

Үшінші. Құнанбайға артатын міні: «Ол діншіл, орысшыл еді», - дейді. Ол кайдан көрінеді, Құнанбай Меккеге барып, сол жақта қалмақ болады. Бірақ «Орыс-түрік соғысы» басталып кетіп, алпыс жылқы айып төлеп еліне қайтарылады. Ауылына қайтып келсе, ауылдың маңы қаптаған жылқы, мылтықтары шошаңдаған орыстың солдаттары дейді. 

- Бұл не дүрлігу болды? - деп сұраса: 

- «Орыс-түрік соғысы» басталып, соған қарсы мал, ақша жинап жатырмыз. Соған үндеу жасап, қол қойып жүрміз, - депті. 

- Кім оны басқарған? - десе,

- Абай, - деп жауап беріпті. Содан кейін Құнанбай Абайды шақырып алып, ұрсады ғой. 

- «Мына орыстар түріктерге не істеп жатыр? Мен көріп келдім ғой. Дін мұсылманды құртып, Стамбулды басып алып, халқын шоқындырмақ. Тоқтат мынауыңды» - дейді. Сонымен ол жиын тоқтатылады. Бірақ жазылған хат, түпнұсқасы осы күнге дейін архивте сақтаулы. Міне, Құнанбай осы үш тыйымды ұстанады. Ал енді осы үш тыйым үшін Құнанбайды, кейіпкер Құнанбай емес, Абайдың әкесі болған 1804 жылы туып, 1885 жылы қайтыс болған Құнанбай Өскенбайұлын жауыз, сұрқия, діншіл деп өмірін көрсетуге болмайды. Абайдың өмірбаянына байланысты нақты айтқанда Құнанбай осындай адам еді деп айтуға болмайды. Абайдың өмірбаянына қатысты айтылған шын деректер романдағыдай емес. «Абай жолын» оқыған кезде Абай мен кейіпкерлер арасындағы оқиғаларды мұқият талдап қарау керек болады. Мен өзімше Абайдың жаңаша өмірбаянын жазып шықтым. Соның ішінде Әуезов білмеген емес, білген жайларға да тоқталдым. Абай Құнанбайұлының өмірі мен Әуезовтің «Абай жолы» романы эпопеясындағы Абай образын шатастырмау керек. Жалпы жағымсыз кейіпкер дейміз. Осы Құнанбай жағымсыз кейіпкер бола ма, сонда? Жағымды кейіпкердің түрі Базаралы мен Әйгерім болды. Ол қалай? Ол көркем идеяға бағынады. Ал Әуезов не істесе де, қандай тәсіл қолданса да, жеті шартты орындай отырып, романды – қызықтырып, тебірендіріп, шіміркендіріп отырып Абайды дүниежүзілік ұлы бейнелердің біреуіне шығарды. Абайдың өмір шындығын түсінбей, «Абай жолын» түсініп оқу еш мүмкін емес.

Келесі жағымысыз кейіпкер Әзімхан туралы

«Абай жолын» бес-алтыншы сыныптан бастап жылап отырып оқыдық қой.  Сегізінші сыныпта екінші рет қайтадан оқыдым. Бесінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін тек ғана Абай туралы шығарма жаздым. Ішіндегі жағымды кейіпкерлер туралы барлығын жазып бітірдім. Содан мұғалімге барып: 

- Жағымсыз образ туралы жазсам бола ма? - деп сұрадым. 

- Кім туралы жазайын деп едің? - деп сұрады. 

- Әзімхан туралы жазғым келеді, - дедім. Ойланып тұрып, тұрып алды да: 

- Сен оқырмансың. Өз ойынды жеткізуге әбден еркіндігің бар. Әдебиетші, жазушы боламын деп жүрген адамсың, жаз, - деді. 

Жазып бердім. «Құдакелді, шығарманы оқыдым. Талқыламай-ақ қояйық бес», - деді. Екі-үш айдың айдан кейін ол Жәңгір мұғаліміз декретке шығып кетті. Содан Ақлима мұғалім келді. Біздің мектептің директоры, совхоздың директорының бәріне, «Ай», -деп сөйлейді, сөйтсек олардың әкесін оқытқан кісі екен. Жаңа мұғалім келген соң мен жағымсыз образ «Әзімханды» қайтарып жазып бердім. Оқып алып: «О. Қайыршы, қайдан шығардың бұны, кім қане?», - деді. Абайдың жолын оқып алғаннан кейін буын-буының босап, көз алдында Абай тұрады ғой. Бірақ төртінші кітаптың соңында бір жиналыста кілең:  Оразбай, Сүйіндік, Шәке Бәрі отырады. Сонда галстук таққан, қара шекпен киген сөйлеп отыр дейді. «Қазақ 1898 жылғы санақ бойынша бүкіл қазақтың саны алты миллион бірдеңе жүз мың. Маңғыстауда мынадай, Ақтөбеде мынадай, солтүстік уезінде мынадай, Ақмола уезінде мұнша қазақ. Қарқаралыда мұнша қазақ. Өзбекстанда, Түркістанда мұнша қазақ бар, Соның үшін бізде жер биігі, ел биігі, сайлау биігі, тіл биігі, дін биігі қолымызда болу керек. Сол үшін күресуіміз керек. Оған буржуазия деген болады. Мына байлар сендер буржуазиясыңдар. Ат салысып сол күрестің басында тұруың керек. Әйтпесе қара шекпенің шұлғауы болып күтесіңдер, сендер», - дейді ғой. Сонда бір жағымпаз ақырын шығып кетеді де, оңаша үйде отырған Абайға барады. Абай сұрайды:

- Ия, не деп жатыр? - дейді. Анау сөйлеп жатыр, Абай тыңдап, тыңдап алып: 

- Е, ол төрешік қой, төре ғой. Ол байлармен сөйлесіп отыр ма? Елім, жұртым, жерім деп отыр ма? Ия, сол байлардың қамын жейді. Елім, - дейді, жұртым, - дейді, ол төрешік қой», - деп, кекетіп күліп теріс қарап кетті дейтін жері бар еді. Осы жерін оқығанда кеудеме тікен шаншылып өтті. «Қалай? Қара шекпеннің айтып отырғаны дұрыс. Абайда халық үшін күресіп жүрген жоқ па еді? Қалай қарсы болады, көре алмай ма», - деп, ары ойлап, бері ойлаймын ғой. «Бұл олай емес. Жазушы жіберген қателік. Әуезов дұрыс жазбаған. Әйтпесе екеуінің де ойлағаны, бір жұрт бір ел. Демек Әуезов Әзімхан образынан қателік жіберген. Әзімхан жағымды кейіпкер», - деп аяқтаймын шығарманы. Ал, содан Ақлима мұғаліммен талас басталып, соңы әдебиет үйірмесіне салды. Дау ұлғайып мектеп көлеміндегі талқыға ұласып кетті. Ең соңында:

- Әзімхан деген кім, тапшы өзің? - деді, бүкіл сыныптың мұғалімдері қатысып отыр. Әзімхан Семей облысында жоқ. Біз білмейміз дейді бәрі.

- Тап әйтпесе, сенің әдебиеттегі бағаң екі, - деп, әр аптаға бір-бір екіден, он екі екі қоя салды.

Жиналыс бітіп шығып бара жатсам, Жәңгір мұғалімнің жолдасы математик Төкен Ғабдуллин «Ай, білмесең неге жазасың? Сәкен Сейфуллинаның «Тар жол, тайғақ кешуін» оқымайсың ба», - деді. Кітапханашы апайдан «Тар жол, тайғақ кешуді» алып алдым да, таң атқанша оқып шықтым. Сөйтсек, Әзімхан дегеніміз Әлихан Бөкейханов. «Абай жолындағы» тура осы сөзді бәрін айтып тұрғаны Әлихан Бөкейханов екен. Келесі шығармада: «Әлихан Бөкейханов былай деген, ол туралы Мағжан деген ақын былай деген екен.  Бұлар Алаш еді», - деп қосып едім. 

- Енді Мағжан шықты ма, деп Мағжанды жазғаннан кейін ата-аналар жиналысын шақырып мені мектептен сегізінші сыныпта шығарып жіберді. Бірақ, интернатта болғандықтан интернаттың директоры Тәбарак мұғалім: «Таңертең сабаққа бар, шығармаса сабаққа қатыса бер. Сені сабақтан шығарғанмен, сен интернат кеңесінің мүшесісің. Ешқандай жазаң жоқ. Біз сені шығармаймыз», - деп жа мені толық сабақтан шетте алмады. Тек жаңа жылдан соң Мейірханов директор болып келгеннен кейін, мен қайтадан сабаққа қатыса бастадым.

Әуезов көркем идеяны жағымсыз кейіпкер арқылы кіргізіп жіберді. Алаштың идеясын жағымсыз Әзімхан арқылы өткізіп жіберіп тұр. Әуезовтің ұлылығы осы. Сондықтан оқырман кітапты ізденіп оқып, астарына үңілмесе ол шығарманың сыры да, шыны да ашылмай қалып кете береді».


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар