Дзюнъитиро Танидзаки. Кішкентай мемлекет

Бөлісу:

10.09.2025 270

Токионың байырғы тұрғыны Каидзима Масаёсиді екі жыл бұрын М. қаласындағы бастауыш мектептегі қызметке ауысырғанда, ол отыз алты жаста еді. Көнекөз кангакуся әкесінен (Кангакуся – феодалдық Жапониядағы қытайтанушы-ғалым. Қытай мәдениетін ұстанушыларды кангакуся деп атаған)  дарыған бала жастан ғылымға деген құштарлығынан ба екен, әйтеуір оның өмірі сәтті құрала қоймады.

Шынында да, Каидзима күнін әзер көріп жүрген байғұс болатын, онысына қазір өзі де көндігіп кеткен. Егер ғылымға қызмет ету туралы ойынан бас тартқанда, ол әлдебір дүкеннің қолбаласына айналып, сәл тырысса, одан тәп-тәуір саудагер шығауы мүмкін-тұғын. Ең болмаса, отбасын асырай алатын жағдайға жетіп, тым жақсы өмір сүруіне болар еді. Табысы аз, тіпті орта мектептегі оқу ақысын төлей алмайтын отбасының баласына ғылыми мансап туралы армандаудың өзі артық қой.

Ол бастауыш мектепті бітіргенде әкесі қолөнершілердің біріне көмекші бол деп қоймастан қақсаған. Алайда, Каидзима әкесінің айтқан ақылына құлақ аспай, Отяномидзадағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, жиырма жасында мұғалім болды. Сол уақытта оның айлық еңбекақысы шамамен он сегіз иен еді, әйтсе де оның өмір бойы қарапайым мұғалімдікті мүсе тұтпақ ойы болған жоқ, мектептегі жұмысым материалдық тәуелсіздігімді қамтамасыз етеді, сөйтіп өз бетімше оқумен айналысамын деп сенген-ді. Ол өз өмірімді Қиыр Шығыс, ең алдымен Жапония мен Қытайдың тарихын зерттеуге арнасам деп армандады, тіпті, уақыт өте келе, ғылыми атаққа қол жеткізермін деп те үміттенді.

Алайда, Каидзима жиырма төрт жасқа толғанда әкесі бақиға атанып кете барды. Әкесінің қазасынан кейін Каидзима көп өтпей үйленді. Сөйтіп оның бұрынғы армандары одан біртіндеп алыстай бастады.  

Бұған бір жағынан әйелін ес-түссіз жақсы көруі де көп әсерін тигізді. Күні бүгінге дейін бар ынта-шынтасымен ғылыммен айналысқан Каидзима әйелдерге тіпті көңіл аудармаған еді. Енді бұрын көрмеген отбасылық өмірдің қуанышы оны өз иіріміне барған сайын тарта берді. Бірте-бірте, барлық қарапайым адамдар сияқты ол да азға қанағат етуге көшті. 

Көп ұзамай қызы дүниеге келді, бұл оқиға жалақысы өскен күнге тұспа-тұс келген болатын. Осылайша Каидзима бұрын үлкен құлшыныспен ұмтылған арман-мақсаттарын қалай тез ұмыта бастағанын өзі де байқамады.

Осы аралықта оны басқа мектепке ауыстырды. Жаңа жерде ол айына жиырма иен жалақы алды. Көп өтпей оны Нихонбаси ауданына, одан соң Акасака ауданына жіберді. Он бес жыл әртүрлі мектепте мұғалім болып жүргенде оның жалақысы біртіндеп өсіп, ақырында айына қырық бес иен алып жүрді. 

Бірақ отбасының шығыны одан да жылдамырақ өсті, жыл өткен сайын жоқшылық қатты біліне бастады.

Арада екі жыл өткенде ұлы дүние есігін ашты, одан соң бірінен кейін бірі, іркес-тіркес болып тағы төрт бала өмірге келді. Ал өзі мұғалімдік қызметтің он жетінші жылында отбасымен провинцияға қоныс аударғанда, әйелі жетінші балаға аяғы ауыр еді.

Токионың байырғы тұрғынына провинцияға кетуге тура келді, өйткені отбасымен үлкен қалада өмір сүру қиынға соқты.

Оның Токиодағы соңғы жұмыс орны Ф. бастауыш мектебі еді, бұл Кодзиматидегі император сарайының батысындағы сән-салтанаты келіскен бірыңғай зәулім үйлерден құралған әсем аудан. Каидзиманың оқушылары негізінен ақсүйектер мен жоғары шенді шенеуніктердің балалары еді.

Осы мектепке барып жүрген оның өзінің балалары олардың арасында өте аянышты және сондай сиықсыз көрінетін. 

Кедейліктеріне қарамастан ерлі-зайыпты Каидзималар балаларын жақсы киіндіруге тырысты. Балалары: «Ана қыздың үстіндегідей көйлек керек!», «Осындай лента алып бергендеріңді қалаймын!», «Осындай туфли керек!», «Жазда курортқа барайық!» деп қыңқылдаған сайын ерлі-зайыптыларға ауа жетпей, жүректері қатты қысылатын. Оны үстіне Каидзималардың асырауында жесір қалған қарт аналары тағы бар емес пе... 

Именшек, мейірімді Каидзима отбасы алдында өзін кінәлі сезініп, үнемі жаны азап шекті. Ең абзалы, өмір сүру қиын Токиодан кетіп, тұрмысы жеңілдеу әрі үйдегілер өздерінің кедейшілігін қатты сезіне қоймайтын провинцияға барып тұру шығар...

Олар неліктен М. қаласын таңдап алды? Өйткені, оның әйелінің танысы, сол жақтың тумасы, бір сөзінде Каидзималардың ауысу туралы ойын қолдайтынын айтқан болатын.

Токионың солтүстігінен шамамен отыз ри (Бір ри – 3,927 км) қашықтықтықта орналасқан, елу мыңдай тұрғыны бар бұл қалашық өңделмеген жібек өндірісімен аты шыққан өлке. Каидзима Канто жазығының шет жағына, таулы жотаның дәл етегіне барып қоныстанды. Қалашықтың айналасында шетімен шеті жоқ тұт ағаштары өскен бақ созылып жатты.

Ашық күндері кез келген көшедегі қыш шатырлардың үстінен, көгілдір аспан аясында, өздерінің ыстық бұлақтарымен әйгілі алып таулардың сұлбасы менмұңдалайды...

Қала ішіндегі арықтармен ақырын сылдырлап ағып жатқан тап-таза мөлдір су, трамваймен жүре берсең бұлақтарға барып тірелетін қарбаласқа толы бас көшелері – осының бәрі провинцалдық қалашыққа өзгеше көрік беретін. 

Каидзима бұл жаққа табиғат-ана көктем лебімен құлпырып, қызылды-жасылды түске еніп жайнап тұрған мамыр айында отбасымен көшіп келді.

Канда кварталындағы Саругаку көшесінің лас аулаларындағы өмірге әбден бейімделіп қалған бұлар, бейне өздерін қараңғы, сасық апанның ішінен кенет таза ауаға алып шыққандай еркін тыныс алды.

 

* * *

Балалар ескі қорғанның жанындағы көгалда асыр салып, бөгетті жағалай өскен қалың шие мен сакура ағаштарының арасында, әдемі шоқ-шоқ лала гүлдері көмкеріп тұрған тоғанда тығылыспақ ойнады.

Ерлі-зайыпты Каидзималар мен алпыстан асып кеткен қарт анасы Токиода жерленген әкелерінің басына жылына бір рет барып тұрды. Бірақ провинциядағы жайбарақат өмірдің дәмін татып қалған олардың бірде-біреуі – қарт анасы да, ерлі-зайыпты Каидзималар да астананы сағына қойған жоқ.

Каидзима қызмет ететін мектеп қаланың шетінде, солтүстік бөлігінде орналасқан. Спорт алаңының ар жағында да сол тұт ағашы өскен бақтар созылып жатыр.

Ол әркез сыныпқа кірген сайын, терезенің ар жағындағы күн сәулесімен арайланған алқаптар мен бақтарды, ал одан әріректе күлгін тұман жапқан тау қатпарларына көргенде, еркіндіктің ерекше бір қуанышты күйін сезінетін.

Оған ер балалардың сыныбын тапсырды, бұл сыныпты ол үш жыл бойы оқытты. Мұнда астанадағыдай сәнді киінетін балалар болған жоқ. Алайда, қалашық түпкірде жатқан меңіреу елдімекен емес, ірі аудан орталығы болғандықтан, мектепте біршама бай ата-аналардың балалары да оқыды. Қабілетті оқушылар көп болды, арасында түзелмейтін тентектер де кездесті, олар неше түрлі тентектікті ойлап тапқанда астанадағы балалардан да асып түсетін. 

Осылардың ішінде ең алғыры екеуі: оның бірі жергілікті тігін фабрикасының иесі, банктің вице-президентінің баласы Судзуки, екіншісі «Гидроэлектрқуаты» фирмасы директорының ұлы Накамура. Бұл балалар сабақ үлгерімі бойынша үш жыл бойы сыныпта бірінші орын алды.

Дәрілік шөптерді сатумен айналысатын саудагердің ұлы Нисимура барлық бұзақылықты бастайтын бала саналатын. Ал келесі бала, Арита, дәрігердің ұлы, ол анасының етегіне тығыла беретін қорқақтығымен аты шыққан. Ата-анасы қатты еркелететіні байқалып тұратын: ол сыныпта бәрінен жақсы киінді. 

Каидзима балаларды жақсы көрді. Мектепте жиырма жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ол әр баланы бірдей қамқорлауға дағдыланды. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын балалар арасында оның ерекше жақсы көретін оқушысы болған жоқ.

Кейде оның дауыс көтеріп, қатаң жаза қолданатын кездері болып тұрады. Бірақ ұзақ жылдар бойы мектепте жұмыс істеп келген ол баланың жан-дүниесін жақсы түсінуге үйренген еді, сондықтан да ол тек оқушылардың ғана емес, әріптестері мен ата-аналардың да құрметіне бөленді. 

 

* * *

Бұл оқиға көктемде, сәуір айында болып еді. Каидзима жүргізген бесінші сыныптағы семестрдің соңында бұларға жаңа оқушы келді: аласа бойлы, көзқарасы суықтау толық денелі бала. Оның шамадан тыс үлкен басынан, төрт бұрышты қоңырқай бет-әлпетінің әр жерінен теміреткілер көзге шалынатын. Оны Сёкити Нумакура деп атады. Шамасы, оның тоқымашы әкесі Токиодан осында жаңадан салынған жібек иіретін фабрикада жұмыс істеу үшін көшіп келген сияқты. Нумакураның кеспірсіз түрі мен лас киімдері оның кедей отбасынан шыққанын әйгілеп тұратын.

Алғашқыда Каидзимаға бұл бала топастау және тәрбиесіз болып көрінген. Алайда, қысқа емтиханнан кейін, күтпеген жерден, оның үндемейтін, тұйық және суықтығына қарамастан, біршама зерек бала екені байқалды. 

Бірде Каидзима үзіліс кезінде спорт алаңында балалардың ойнын тамашалады. Балалардың мүмкіндіктері мен мінез құлқы сынып бөлмесінен гөрі спорт алаңында барынша толық ашылатынына оның көзі баяғыда-ақ жеткен.

Оқушылар екі топ «әскерге» бөлініп, соғысып ойнап жатты. Егер қарсыластардың күші тең болғанда бұл ойында тұрған ештеңе болмас еді. Бірақ, олардың бірінші тобы қырық әскерден құралса, ал екіншісінде бар болғаны он адам болды. 

Бірінші әскердің қолбасшысы жоғарыда айтып өткен дәріханашының баласы Нисимура. Ат болып тіркескен екі баланың үстіне қонған ол өз әскеріне үздіксіз айқайлап, бұйрық беріп жүрді.

Каидзиманың қатты таңқалғаны, екінші әскердің қолбасшысы жаңадан келген Сёкити Нумакура болып шықты. «Аттың» үстіне  салт мініп алған ол да, қаһарлы көздерін жарық-жұрқ еткізіп, қарсы жақтағы қалың әсердің қақ ортасына өршелене ұмтылған өзінің шағын әскеріне қатты айқайлап бұйрықтар беріп қояды – оның тұйықтығы қайда жоғалып кеткен десеңші!

Қызық ә, бұл Нумакура қай уақытта осындай танымалдыққа жетіп үлгерген? Оның сыныпқа келгеніне әлі он күн де өткен жоқ қой. 

Шайқас барысына бар ықыласымен балаша құмартқан Каидзима ойынды бұрынғысынан да мұқият бақылай бастады. 

Кенет Нумакураның шағын тобы бір мезетте қарсы жақтың қалың әскерін қуғынға ұшыратты, олар болса қатарлары араласып, жан-жаққа бытырай қашты. Нисимураның жауынгерлері бәрінен бұрын Нумакураның өзінен корқатындай көрінді. Олар біршама батыл шайқасты, алайда Нумакура «атының» басын соларға қарай бұрса болғаны, әлгілер қарсы ұрысқа шықпай қаша жөнеледі. Ең соңында Нумакураның қаһарлы көздеріне төтеп бере алмай, тіпті басқолбасшы Нисимураның өзі тұтқынға түсті.

Шайқас барысында Нумакура тіпті де жұдырық қолданған жоқ. Оның қажеті болды дейсіз бе! Ол өз әскерін «аттың» үстінде жүріп басқарып, жауға да боқтық сөздерді аямай боратты. Онымен қоймай... жаудың барлық қанаттағы бекінісін бұзып өте берді.

– Қанекей, тағы бір шайқасып көрелік! Бұл жолы бізде бар-жоғы жеті әскер болады. Сендерге осы жетеуі де жетеді! – Сөй деген Нумакура қарсы жаққа үш сарбазын өз еркімен беріп, екінші шайқасқа кірісті. Нисимураның армиясы тағы да масқарасы шығып жеңілді. Үшінші рет шайқасарда Нумакура өз әскерін бесеуге дейін қысқартты. Соған қарамастан, кескілескен қызу шайқастан кейін олар тағы жеңіске жетті.

Сол күннен бастап Каидзима бұл балаға мұқият қарай бастады. Сыныпта оның өзгелерден еш айырмашылығы болған жоқ. Ол мәтінді оқудан да, ауызша есеп шығарудан да жақсы үлгерім көрсетті, бақылау жұмыстарын да жақсы жазды. Сабақ үстінде Нумакура партаға шынтағын сүйеп, үнемі қабағын түйіп үнсіз отырады. Каидзима қанша бақыласа да бұл баланың мінезін ұға алмай-ақ қойды. Қалай болғанда да ол бүтін сыныпты мұғалімді тәлкектеп, келемеждеуге итермелейтін зұлым тентекке ұқсамады. Ол, сөз жоқ, бұл жүгірмектерге өзінің әмірін жүргізді, бірақ біртүрлі басқаша жүргізді.

Бір күні таңертең, әдеп жөніндегі сабақ кезінде, Каидзима балаларға Ниномии Сонтоку (1787 жылы туған жапон ғалымы, агроном, философ) туралы әңгімеледі. Оқушыларға әрдайым жұмсақ Каидзима әдеп жөніндегі сабақ кезінде ерекше қатал болып кететін. Сол күні таңертең этика бірінші сабақ еді: жарық күннің сәулесі бүкіл сынып бөлмесіне құйылып тұрды. Оқушылардың да бет-әлпеттері салмақты, зейіндері тек мұғалімге ауғандай.

– Бүгін мен сіздерге Ниномии Сонтоку туралы айтып беремін. Тыныш отырып, мұқият тыңдаңыздар, – деп Каидзима сөзін салмақпен бастады.

Сынып іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тіпті, қасындағы баламен сыбырласқаны үшін Каидзимадан үнемі сыбағасын алатын Нисимураның өзі бүгін мұғалімнің жүзіне мұқият қарап, есті көздерін анда-санда ғана жыпылықтатып қояды. Ниномии Сонтоку туралы қызыға әңгімелеген Каидзиманың дауысы терезеден де асып, сонау тұт ағаштары плантациясына дейін ап-анық естіліп жатты. Қатар-қатар парталарда міз бақпай отырған елу оқушы демдерін ішіне тартып, мұғалімнің әр сөзін зейін қойып тыңдады.

– Ниномии-сэнсэй Хатторидің үйін бұздырмай қалай аман қалып қалғанын білесіздер ме? Сэнсэйдің кеңесі «үнемдеу» деген бір ауыз сөзден тұратын.

Каидзиманың сондай бір құштарлықпен айтып жатқан әңгімесіне ештеңе кедергі болмап еді, кенет ол сыныптың түпкірінен болар-болмас естілген сыбырды құлағы шалып қалды. Каидзима қабағын шытты. Бүгін ақыры бәрі бірдей өздерін өте жақсы ұстап, мұқият тыңдап отырғанда, әлдекім бәрібір бос әңгімеге бұрылып кеткенін қарашы! Каидзима әдейі жөткірінді де, сыбыр естілген бұрышқа ренішпен көз тастап, сабағын жалғастыра берді. Құлаққа әзер шалынған сыбыр бірер минутқа тына қалды да, артынша қайтадан естілді. Бұл дыбыс бейне тістің ауырғаны секілді жүйкесіне тие берді. Бойындағы ашуы көтеріліп келе жатқанын сезінген Каидзима артына жалт бұрылды, сол сәтте сыбыр да пышақ кесті үзілді. Сыбырласып отырған баланы байқай алмай қалды. Оған дыбыс Нумакура отырған оң жақ бұрыштан естілгендей болды. Каидзима сыбырлап отырған сол екеніне күмәні қалмады.

Оның орнында басқа біреу, ең болмағанда шалдуар Нисимура болғанда, Каидзима көп ойланып жатпастан сазайын берер еді. Алайда Нумакураға ондай ескерту жасауға әлдене жібермеді. Каидзима бұл баланың алдында өзі де түсінбейтін бір ыңғайсыздықты сезінетін, ұрсуға тіпті дәті бармады. Баланың бұл сыныпқа келгеніне көп бола қойған жоқ қой, бәлкім содан да Каидзима Нумакурамен ашылып сөйлесуге әлі уақыт таппай жүрген болар. Олардың екеуара тілдесуі сабақ үстіндегі сұрақ-жауаппен шектелетін.

«Жарайды ендеше, ұрсып-сөкпей-ақ қояйын. Бәлкім, өзі де тынышталар», – деп ойлады Каидзима сабырлы қалпын сақтауға тырысып. Әйтсе де, мылжыңның еш қысылмай сыбырласқаны құлаққа анық шалына бастағанда, ақыры мұғалім де оның еріндері қалай жыбырлағанын байқап қалды.

– Сабақ басталғаннан бері күбір-сыбырын қоймай отырған кім ана жерде? Кім?! – Шыдай алмай кеткен Каидзима қолындағы шығыбымен үстелді ашулана ұрғылады. – Нумакура! Бүкіл сабақ бойы сөйлеп отырған сен бе? Сен бе деймін?!

– Жоқ, мен емес. – Нумакура орнынан аспай-саспай көтерілді, сосын жан-жағына қарап, күтпеген жерден сол жақта көрші отырған Нода есімді баланы қолымен нұсқап: – Сөйлесіп отырған мынау! – деді.

– Өтірік! Мен сенің сыбырласып жатқаныңды көрдім. Және Нодамен емес, оң жағыңдағы көрші Цураюкимен. Сен неге өтіріп айтып тұрсың?! Каидзиманың бойын бұрын-соңды болмаған ыза буып, қаны басына шапшыды. Нумакура бар кінәні арта салған Нода жуас, тілалғыш бала болатын. Нумакура оны қолымен нұсқап көрсеткенде Ноданың қорыққаннан көздері жыпылықтап, кешірім сұрағандай орнынан көтерілді. Нумакураға жасқана қараған күйі дірілдеген, әйтсе де сенімді дауыспен:

– Сэнсэй! Сөйлесіп отырған Нумакура емес, мен!

Балалардың бәрі Нодаға мысқылдай қарады. Нода шындығында сабақ үстінде өте сирек сөйлейтін балалардың бірі. Билігіне дандайсыған Нумакура үшін ол өзін құрбандыққа шалғаны ешқандай күмәнсіз. Бұл Каидзиманың одан сайын ызасын келтірді. Шамасы Нода сабақтан кейін Нумакура сазайымды беріп жүрер деп қорыққан-ау. Нумакураның бұл қылығы адам төзгісіз. Ол қатаң жазаға әбден лайық.

– Мен Нумакурадан сұрап тұрмын. Қалғандарың шуламаңдар! – Каидзима тағы да қолындағы шыбығын үстелге тарс еткізді. – Нумакура! Сен неліктен өтірік айтып тұрсың? Иә, өтірік айтасың! Мен сенің қалай сөйлесіп жатқаныңды көрдім. Шын ниетіңмен мойындасаң ғой, мен сені жазаламас едім. Бірақ сен өтірік айттың, онымен қоймай бар кінәні басқаға аударғың келеді! Ең жаман нәрсе осы! Мұны былай қалдыруға болмайды, әйтпесе сенен жөнді адам шықпайды!

Нумакура еш қаймықпастан Каидзимаға көзінің астымен қадала қарады. Кенет оның бет әлпетінде бұзық балаларға тән сұс пайда болып, бетпақ әрі қайырымсыз адамның кейпіне енді.

– Сен неге үндемейсің? Менің не айтып тұрғанымды түсініп тұрсың ба? – Әдеп жөніндегі оқулықтың бетін сарт еткізіп жапқан Каидзима Нумакураның партасына жетіп барды. Ол бәрін соңына дейін жеткізуге бекем бел буды, қажет болып жатса, қолындағы шыбықпен өтірікшінің сазайын да бермек. Оқушылар демдерін ішіне тартып тына қалған. Сынып ішінде кенеттен мұның алдындағы ахуалға мүлдем қарама-қайшы, дауыл алдындағы ауыр тыныштық орнады.

– Бұл не сонда? Неге аузын буған өгіздей үнсізсің, Нумакура? Мен саған қанша сөзімді шығын қылдым, ал сен болсаң әлі қыңырайып тұрсың! 

Каидзиманың қолындағы майысқақ шыбық әне-міне Нумакураның бетін осып өтуі тиіс кезде, ол қалың қабағын бұрынғысынан да қаттырақ түйіп, қарлығыңқы және сондай бір бетпақтықпен ақырын ғана:

– Сыбырласқан Нода-сан. Мен алдап тұрған жоқпын, – деді.

– Мақұл еңдеше! Бері кел! – Сөй деген Каидзима оның иығынан шап беріп, қаттырақ қысып ұстаған күйі жұлқып-жұлқып жіберді. Мұғалімнің түнеріп кеткен жүзі Нумакураға ешқандай аяушылық болмайтынын аңғартқандай.

– Бері қарай жүр! Істеген ісіңе өкініп, кешірімге лайық болғанша осы кафедраның жанында тұрасың. Егер қырсығуыңды қоймасаң – қараңғы түскенше сол арадан тапжылмайсың!

– Сэнсэй! – деп тіл қатты қайыра орнынан көтерілген Нода. Нумакура көз қиығымен Ноданы асығыс түйреп өтті.– Рас, рас айтам! Сөйлескен Нумакура-сан емес! Оның орнына мені тұрғызып қойыңыз!

– Қажеті жоқ, Нода. Сенімен кейін сөйлесемін. – Каидзима Нумакураны қайтадан өзіне қарай тартқылай бастағанда, тағы бір оқушы орнынан атып тұрды:

– Сэнсэй! – Бұл сотқар бала Нисимура едіДәл осы сәтте бұл баланың жүзінде өзіне тән әдеттегі бұзақылықтың ізі де болған жоқ. Оның көздері он екі жасар жасөспірім үшін тіптен таңқаларлықтай болып, қожайыны үшін жанын қиюға бар ержүрек, батыл, маңғаз уәзірдің көзіндей от шашып тұрды.

– Жетер! Мен сендерді жазалағалы тұрған жоқпын. Кінәлі Нумакура, өз жазасын өзі тартады! Сені ешкім кінәлап жатқан жоқ, сондықтан артық сөзді доғар! – Каидзима ашулана бұрқ етті.

Ол балалардың бәрі неге Нумакураны жақтауға жанталасып жатқанын түсіне алмады. Бұл балақай қалайша оларды осынша қорқытып-үркітіп тастаған? Бұл адам төзгісіз жағдай ғой!

– Қане, жаның барыңда тұр ана жерге! Мен саған бар дедім ғой! Неге орныңнан қозғалмайсың?

– Сэнсэй! – тағы бір бала орнынан көтерілді. – Егер сіз Нумакураны жазалағыңыз келсе, онда мені де жазалаңыз.

Каидзима таң қалды, өйткені мұны айтып тұрған сынып басшысы, оқу үздігі Накамура еді.

– Бұл не сонда?! – Сасқалақтап қалған Каидзима Нумакураның иығын қысып тұрған саусақтарын еріксіз босатып жіберді.

– Сэнсэй! Оның қасына мені де тұрғызып қойыңызшы! – бірінен соң бірі бірнеше бала орындарынан көтерілді. Олардың ізін ала «Мені де! Мені де!» деп бір ауыздан үн қатқан бүкіл оқушы Каидзиманы айнала қоршап алды. Оқушылардың бұл әрекетінен ешқандай арам ой байқалмады. Олар мұғалімді ыңғайсыз жағдайға қалдыруды тіпті ойламаған секілді. Әйтсе де, бәрі де Нумакураны құтқару үшін өздерін құрбандыққа шалуға бекем бел буғандары көрініп тұр.

– Аһ солай ма! Мақұл ендеше! Онда бәрің тұрыңдар! – Ызаға булыққан Каидзима айқайлап жіберуге шақ қалды.

Егер ол тәжірибесі аз, жас мұғалім болса дәл солай істер еді – өйткені жүйке талшығы үзілуге шақ тұрған. Алайда, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі оған бұл балақайларды соншалықты үлкен қарсылас ретінде қабылдауына жол бермеді. Десе де, мына шынашақтай баланың ерекше билігін көргенде ішінен қатты таңданбасына тағы лажы қалмады.

– Сендер неге бәрін өз мойындарыңа аласыңдар? Кінәлі жалғыз Нумакура ғой! Сендердің бұлай істеулерің дұрыс емес, – деді шын абдыраған Каидзима. Дегенмен, ол Нумакураны жазаламады.

Каидзима бүкіл сыныпқа ескерту жасаумен шектелуге тура келген осы оқиға жиі есіне түскен сайын еріксіз терең ойға батады.

Оның оқушыларының көпшілігі қарапайым ғана жасөспірімдер еді. Әдетте балалар дәл осы жасында ата-аналары мен мұғалімдерінің билігіне қарсылық көрсетіп жатады ғой, бірақ бұлардың барлығы Нумакураны өздерінің әміршісі санап, оған сөзсіз бағынды. Нумакура келгенше балаларды билеп-төстеген Нисимура ғана емес, тіпті оқу үздіктері Накамура мен Судзуки де әлде қорыққаннан, әлде шынайы берілгендіктерінен, дәл кешегідей оның орнына жаза тартуға әзір болды.

Жарайды, Нумакура күші мығым, батыр бола қойсын. Бірақ қалай дегенмен ол да өзінің құрдастары сияқты боқмұрын бала ғой. Сонда оның сөзі балалардың жүрегіне мұғалімнің сөзінен гөрі қалай тез жетеді?

Мектепте ұзақ жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанда Каидзима қиын да, бұзық балалармен бетпе-бет келген. Әйтсе де, Нумакурамен болған жағдайды ешқашан басынан кешіп көрген емес. Сонда бұл балақай бүкіл сыныпта осындай танымалдылыққа қалайша қол жеткізіп отыр? Барлық балаларды өзіне қалай бағындыра біледі? Каидзиманың көп жылғы тәжірибесінде еш уақытта мұндай жағдай болмаған.

Әлбетте, Нумакураның балалар арасында осынша беделге ие болуында тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Бірақ ол шынымен де бұзық және қатыгез болып шықса, онда, өз ықпалын пайдаланып жасырын түрде бүкіл сыныпты азғыруы, тіпті ең жақсы деген балаларды жаман әдеттерге итермелеуі мүмкін ғой. Міне, Каидзима осыдан қауіптенді.

Дегенмен, бақытына қарай Каидзиманың үлкен ұлы Кэйтаро осы сыныпта оқитын. Одан әр нәрсені ақырын суыртпақтап сұраған Каидзима өзінің қаупі бекер екеніне көзін жеткізді.

– Нумакура жаман бала емес, әке, – Кэйтаро әкесінің сұрақтарына артық ештеңе айтып қоймауға тырысқандай сенімсіздеу жауап берді.

– Солай ма? Бірақ мен оны ұрсып-сөккелі жатқан жоқпын. Қорықпа, маған бар шындықты айтшы. Жақында әдеп жөніндегі сабақта өткен жағдайды қалай түсінуге болады? Нумакура барлық кінәні Нодаға жабуға тырысты емес пе!?

Сонда Кэйтаро былай деді: «Әрине, Нумакура дұрыс істемеді, бірақ ол жолдасын ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келген жоқ. Ол өз «қол астындағылардың» адалдығын тексеріп көру үшін мұғалімді алдауға тырысты. Сол күні Нумакура барлығы өзі үшін, тіпті мұғалімнен де қорықпастан, шын ниеттерімен құрбандыққа бара алатынына көзін жеткізді. Ең бірінші болып барлық кінәні өз мойнына алуға батыл түрде әрекеттенген Нода, одан соң Нисимура мен Накамура ең адал берілгендер ретінде көрсеткен ерліктері үшін Нумакураның мадақтауына лайық танылды». 

Тындап отырса, Кэйтароның әңгімесі шындыққа келетіндей. Әйтсе де, ол Нумакураның қай уақыттан бастап осындай билікке қол жеткізгенін есіне түсіре алмады. Шамасы ол өзін ержүрек әрі қайырымды батыр ретінде көрсете білгендіктен бүкіл сыныпты өзіне баурап алған.

Нумакура сыныптағы ең күші көп бала емес екен. Керісінше, сумо күресі кезінде көбіне Нисимура жеңіске жететін көрінеді. Бірақ, Нисимурамен салыстырғанда, Нумакура ешуақытта әлжуаздарға әлімжетік жасамайды. Ол сумо күресінің айла-тәсілдерін білмейді, есесіне жұдырықтаса кеткенде Нумакураға тең келетін ешкім жоқ. Өткір мінез бен биік қадір-қасиет – міне, бұл кез келген қарсылас тізе бүгетін қасиеттер. Алғашқыда Нисимура екеуінің арасында біраз уақыт билік үшін күрес жүрген, алайда көп өтпей Нисимура жол беруге мәжбүр болыпты. Нисимура онымен қоймай Нумакураның үстемдігін қуана мойындап: «Мен екінші Тайко Хидэёси боламын!» депті. (Хидэёси (1536-1598; толық аты-жөні – Тоётоми Хидэёси) – Ода Нобунаганың (Сэнгоку дәуіріндегі Жапонның саяси және әскери қолбасшысы) уәзірі және сенімді серігінің бірі).*

 Шынында да, Нумакура өзіне де осы Ода Нобунаганың бойындағы қайырымдылық пен ержүректік қасиеттер тән еді. Тіпті, басында оған дұшпандық пиғыл танытқандар соңында оның бұйрықтарын орындауға көшкен. Тіпті, бұрынғы «атамандары» – Нисимураның өзі айдауында жүргізе алмаған оқу үздіктері Накамура мен Судзуки де Нумакураның ең сенімді уәзірлеріне айналған.

Кэйтаро да Нумакурадан именетін әрі оған жағынуға тырысатын. Алайда, Нумакура келгелі екі оқу үздігінің талантына ешкім сүйсінбейтін болса да, ол көңілінің бір түпкірінде Накамура мен Судзукиге деген құрметін жоғалтпаған. Бұдан соң сыныпта бірде бір бала Нумакураға қарсы келуді ойына да алмапты, барлығы бірдей оған өз еріктерімен бағынады. Рас, кейде оның талаптары қисынға келмейтін, дегенмен көбінесе өте әділ. Ол өз билігін асыра пайдалана бермейді, оған үстемдігін нығайтқаны жеткілікті болыпты. Ал әлсіздерге әлімжетік жасағандарды немесе ішмерездікке барғандарды аяусыз жазалап отырған. Сондықтан Арита секілді әлжуаздар осындай диктатураның орнағанына қуанған.

Ұлының осы әңгімесінен кейін Каидзима Нумакураны одан сайын біле түсуге құмартты. Егер Кэйтаро алдап тұрмаса, онда Нумакура шынымен де жақсы бала болғаны. Бұл балақайлардың ерекше көсемі тіпті мақтан тұтуға лайық! Кім біледі, бәлкім, қарапайым тоқымашының баласы күндердің күнінде ұлы адам болып шығар...

Әлбетте, бүкіл сыныпты оның ықпалына беріп қоюға болмайды. Бірақ балалар оған өз еріктерімен бағынады екен, сондықтан олардың арасына өктемдікпен кірісе алмайсың. Ондай тәсілдің жақсы нәтижеге жеткізуі неғайбыл. Жоқ, одан да Нумакураны мақтап көтермелегені дұрыс. Ол өзі әлі бала ғой, әйтсе де қазірдің өзінде әділдікті бағалай біледі. Мұндай мықты әрі бекзат мінез құрметке лайық. Оған тіпті қолдау көрсеткен абзал. Оның осы өткір мінезін дұрыс арнаға бағыттаса, бүкіл сыныпқа пайдалы болады. Осындай ойға бекіген Каидзима бір күні сабақтан соң Нумакураны өзіне шақырып алды.

– Мен сені ұрысқалы шақырған жоқпын. Сен кереметсің! Кез келген ересек адамның өзі мұндай мықты мінезімен мақтана алмайды. Бәрін өзіне үйіре білу кейде тіпті мұғалімнің өзіне қиынға соғады. Ал сен болсаң бұл міндетті өте жақсы атқарғаның сондай, менің өзіме ыңғайсыз бола бастады, – деді мейірімді Каидзима ағынан жарылып.

Ол міне жиырма жылға жуық уақыттан бері ұстаздық етіп келеді, бірақ сонда да сыныпты мына өндірдей жасөспірім секілді еркін басқара алмайтын. Тек бұл ғана ма десейші! Бүкіл мектептегі мұғалімдер арасынан жүгірмектердің қолбасшысы Нумакура секілді балаларға ықпал ете алатын адам табыла қояр ма екен.

«Міне, саған керек болса, – деп толғанды ол іштей, – бізді, мектеп мұғалімдерін, Нумакурамен болған жағдай бір нәрсеге үйретуі тиіс. Біз бәрібір балалардың өздеріндей бола алмаймыз. Біздің олармен ойнауға шынайы ниетіміз жоқ. Сондықтан да біз Нумакура сияқты беделге ие болуымыз екіталай нәрсе. Балалар сенің бойыңнан қатал мұғалімнің емес, өздері үшін қызықты достың бейнесін көру үшін барыңды салу керек».

– …Сондықтан сенің алда да балаларға нағыз адам болып қалыптасуына көмектескеніңді қалаймын. Жаман қылық көрсеткендерді жазалап, өзін жақсы қырынан көрсете білгендерді көтермелеп отыр. Бұл менің өтінішім. Әдетте, балаларды басқаратын адам оларды тентектікке еліктіріп, мұғалімге кедергі жасайды ғой. Бәріміз үшін пайдалы істің басында жүріп сен маған қандай көмек көрсететініңді өзің де болжай алмас едің! Қалай, Нумакура? Келісесің бе?

Бір жағынан таңдана әрі батылсыздау езу тартқан бала мұғалімге көзінің астымен сенімсіздеу қарады. Ақырында барып Каидзиманың өзінен не қалап тұрғанын ұққандай болды.

– Мен сізді түсіндім, сэнсэй. Бәрі сіздің қалағаныңыздай болады, – деп жауап берді ол, жадырай күлімдеп.

Иә, Каидзиманың мақтанатындай жөні бар. Қалай дегенмен ол баланың жүрегіне жол таба білетін. Нумакура секілді баланы ептілікпен ізгіліктің жолына бағыттай алды ғой. Егер Каидзима сәл қателескенде, оны қалпына келтіру мүмкін емес еді. Қалай десе де мектептегі көп жылғы жұмыс тәжірибесі бір нәрсеге татитын болғаны да! Каидзима осыны ойлағанда ақырын күлімсіреді.

Келесі күні таңертең-ақ Каидзима Нумакурамен арадағы әңгіменің нәтижесі өзі күткенінен де асып түскеніне көзін жеткізді. Бұл оның өзіне деген құпия мақтанышын екі есе арттырып жіберді. Сыныптағы атмосфера адам танымастай өзгерді: сабақ үстінде бәрі өздерін өте тәртіпті ұстады. Сыныпта құлаққа ұрған танадай тыныштық, балалар жөтелуге қорықты. Каидзима еппен Нумакураға көз салғанда, оның қойынынан кішкентай кітапшасын шығарып, сынып бөлмесін айнала шолып отырғанын байқады. Тәртіп бұзып отырған оқушыны байқап қалса, дереу сол бойда оның ата-тегін жазып алады.

         «Шынымен де солай ма...» – деп ойлады Каидзима екі езуі екі құлағына жеткенше ыржиып.

Сыныпта біртіндеп темірдей тәртіп орнады. Оқушылардың бет-әлпетінен болмашы қателік жасаудың өзінен қалай қорқатындары анық аңғарылып тұрды.

– Балалар! Соңғы уақытта сіздер неге тым тәртіпті болып кеттіңіздер, мен соны білгім келеді? Өздеріңді сондай тәртіпті ұстайсыздар. Мен сіздерге өте ризамын. Риза түгілі, аздап қорқып та тұрмын, – деп көздерін әдейі дөңгелеткен Каидзима өзінің танданысын білдірді.

Іштерінен тағатсыздана мақтау күткен оқушылар қуана күлімдесті.

– Егер алда да осылай жалғаса берсе, мен сіздермен мақтана бастайтын шығармынСоңғы уақытта тіпті басқа мұғалімдер де біздің бесінші сыныпты: «мектептегі ең үлгілі оқушылар!» деп мақтайтын болған. Директордың өзі сіздерге сүйсініп, үнемі үлгі қылады: «бұлар қалайша тәртіпті болып кетті?» деп таң қалады. Сіздер алда мені ұятқа қалдырмаңыздар, атымызға кір келмейтін болсын!

Балалар тағы да жамыраса күлді. Тек Каидзиманың көзімен көзі түйіскен Нумакура ғана болар болмас езу тартты.

* * *

Жетінші баласы дүниеге келгеннен кейін Каидзиманың әйелі күрт төмендеп, жиі төсек тартып қалып жүрді. Сол жылдың жазында одан өкпе ауруы анықталған еді. Алғашқы уақыттарда М. қаласындағы өмір Токиоға қарағанда жеңілдеу көрінген. Әйтсе де, жаңа туған нәресте жиі сырқаттанып, әйелінің де омырауы суала бастады. Қарт анасының да созылмалы демікпесі қатты асқынып, жыл өткен сайын ашушаң болып кеткендей. Сөйтіп өмір сүру біртіндеп қиындай берді, ал әйелінің сырқаты Каидзиманың отбасын тіпті қиын жағдайға қалдырды. 

Әр айдың соңында Каидзиманың ұнжырғасы түсіп кетеді. Енді оған олар Токиода кедей болса да, ауру-сырқаудан аман, қазіргіден жақсы тұрғандай көрінді. Отбасындағы бала саны көбейген сайын, қымбатшылықтың құрсауы қыса түсті. Бұлардың ай сайынғы шығындары астанадағымен теңесті. Бұл аз болғандай, енді әйелінің ем-домына төлейтін шығын тағы бар! Каидзима жас кезінде, тым болмағанда, уақыт өте келе көп табыс табамын деп үміттене алатын. Ал қазір алдан ондай үміт көрінбейді.

– Сенің мына қалашықты таңдағанын үлкен қателік болды! Есіңде ме, көріпкел бізге бұл қалада бәріңіз науқасқа шалдығасыңдар деп ескертіп еді ғой? Басқа жерге барайық деп мен де айттым! Ал сен болсаң мұны ырымшылдыққа балап күлдің де қойдың. Ал, не болды? Айтқаны айдай келді емес пе! – деп кәрі анасы зар қақсайды.

Ондайда Каидзима оған не деп жауап берерін білмей ауыр күрсінеді. Әйелі болса, бұл әңгімелерді мүлдем естімегендей түр танытып тіл қатпағанымен, көздері мөлтілдеген жасқа толып кететін.

 

* * *

…Мына бір оқиға маусым айының аяғында болып еді. Мектепте қызметкерлердің жиналысы өтті. Содан үйіне кешке бір оралған Каидзима көп күннен бері қызулап жатқан әйелінің жанынан баланың жылаған дауысын құлағы шалды.

«Тағы не жазды екен бұл…» – табалдырықтан енді ғана аттаған Каидзима кейістік білдіріп қабағын шытты.

Соңғы уақытта үй ішінде маза болмай кеткен болатын. Анасы мен әйелі үнемі балаларға ұрса беретін. Өздерінің ұсақ-түйек шығындарына бір сэн татырмайтынына ренішті балалар да ата-аналарына жиі қыңырайып қалады.

– Әжең сенімен сөйлесіп тұр ғой, ал сен болсаң құлағыңа да ілмейсің! Сен не, анам енді орнынан тұрмайды деп ұрлықпен айналысуға бекіндің бе? – ол әйелінің әлсіз жөтелден үзіліп шыққан дауысын естіді.

Шошып кеткен Каидзима ар жағында науқас жатқан фусуманы жалма жан ысырып ашып еді. Әжесі мен анасы мұның тұңғышы Кэйтараны екі жақтан қыспақтап, сұрақтың астына алып жатыр екен. Ол болса, тілін жұтып қойған адамдай, үн жоқ.

– Кэйтаро! Саған не үшін ұрсып жатыр? Мен саған онсыз да науқасы ауыр анаңды ретжітпе деп едім ғой. Сен үйдегі балалардың үлкенісің! Соны қалайша түсінбейсің?

Кэйтаро басын төмен салбыратқан күйі үнсіз тұра берді, ара-арасында есіне бір нәрсе түсіп кеткендей қайтадан жылай бастады.

– Оның жүріс-тұрысы күдікті, біртүрлі көріне бастағанына жарты айдай уақыт өткен шығар. Алаяққа айналып кеткеннен сау ма, өзі? – деді көзі жасқа толған әжесі Каидзимаға жалтақтай қарап.

Әрі-бері сұрастырғаннан кейін әжесінің алаңдауы тегін емесі белгілі болды. Осы айдың басынан бері Кэйтаро әлдебір жақтан тәттілер мен әртүрлі заттар әкеле бастапты. Ал оған ақша тек қана мектепке ең қажетті заттарды сатып алуға ғана берілетін. Бірер күн бұрын ол түрлі түсті бірнеше қарындаш алып келген. Бұған таң қалған анасы қайдан алғанын сұрағанда, ол қарындаштарды мектепте біреу сыйлады деп жауап береді. Алдыңғы күні үйге кешке қарай келген ол дәліздің бұрышына тығылып алып аузына бірнәрсе тыққыштап жатқанда, артынан байқатпай жақындаған әжесі немересінің қалтасы толы тәттілер екенін көріп қалады. Сөйте тұра, Кэйтаро соңғы кездері ұсақ-түйек шығындарға бұрынғыдай қыңқылдап ақша сұрай бермейтін болған. Бұл таңқаларлық жағдай еді. Көп кешікпей тағы бірнеше күдікті жайлардың беті ашылады. Сондықтан әжесі мен анасы алғашқы ыңғайлы мүмкіндікті қалт жібермей толыққанды тергеп-тексеруге мықтап бекінген ғой. 

Ақыры ондай мүмкіндік те туды: Кэйтаро жаңа ғана құны елу сэннен кем түспейтін үлкен желпуіш алып келіпті. Қайдан алдың деген сұрақтарға тағы да мектептегі бір жолдасым берді деген жауап қайтарған. Ал ол жолдасың қайда тұрады, оның ата-тегі кім, Кэйтараға бұл желпуішті дәл қай уақытта бергенін сұрағанда, ол басын төмен салбыратып, жұмаған аузын ашпаған. Жауап алу оңайға соқпады. Ақырында ол бұл заттарды сыйлыққа емес, сатып алғанын мойындады. Бірақ осы заттарды сатып алуға ақшаны қайдан тапқанын қалай ұрсып-сөксе де айтқысы келмеді.

– Егер сен ұрлық жасамасаң, артық ақшаны қайдан алдың? Жауап бер! Ал егер айтпайтын болсаң... – Сөй деген әжесі, өзінің сырқатын естен шығарып, ашу үстінде Кэйтароны сабауға шақ қалды.

Каидзима өзін үстіне біреу суық су құйып жібергендей сезінді.

– Кэйтаро, сен неге шыныңды айтпайсың? Егер ұрлап алған болсаң, тап солай айт. Саған ұнаған нәрсенің бәрі сенде болғанын мен де қатты қалаймын. Алайда, өзің де көріп жүрсің, соңғы уақытта біздің отбасымызда науқастанып жатқандар көп, сосын да сені қамқорлауға уақытым болмай жүр. Саған да ауыр тиіп жүргенін мен түсінемін. Бірақ, шыдау керек. Мен сені ұры, нашар бала дегенге сенгім келмейді. Иә, кейде бір нәрсеге елігіп кеткенде өзімізді ұстай алмай қалып, соны қаламасақ та, жамандық жасап қоятын кездеріміз болады. Бір жолға мен сені кешірейін, тек сен шындықты айтшы, өтінемін! Қане, әжеңнен кешірім сұра да, ешуақытта енді бұлай жасамайтыныңа сөзіңді бер. Кэйтаро, сен неге үндемейсің?!

– Әке, бірақ… Мен… мен бөтен біреудің ақшасын алған жоқпын! – Кэйтаро тағы да көз жасына ерік берді.

– Олай болса, қарындаштарды, тәттілерді, мына желпуішті қай ақшаңа алып жүрсің? Мен соны түсіндіріп бергеніңді күтіп тұрмын. Ерте ме, кеш пе шыдамның да шегі бар! Байқа, осылай қыңырая берсең, сазайыңды тартасың! Қане, мен жауап күтіп тұрмын!

Кэйтаро кенет еңіреп қоя берді. Оның еріндері жыбырлап бір нәрсені жиі-жиі қайталады, бірақ Каидзима одан ештеңе ұға алмады. 

Ол әрең дегенде естіді.

– Ақшаға сатып алдым, тек шын ақша емес, жалған ақшаға! – Кэйтаро өксік арасында осы сөздерді қайталаумен болды. Қалтасынан қолдан жасалған бағалы қағаздарды суырып алған ол көз жасы көлдей болып аққан бетін сүрткіледі. 

Әкесі бағалы қағазды тізесіне қойып, бүктеуін жазып қарады. Бір жапырақ кішкентай қағазға «100 иен» деп жазылған. Бұл жай ғана баланың ойыншығы болатын. Кэйтароның қалтасында тағы осындай жасанды бағалы қағаздар бар болып шықты. Олардың арасында құны елу, мың, тіпті он мың иен болатын «ақшалар» бар екен. Соммасы жоғарылаған сайын жазуы мен қағаздың көлемі де үлкейе береді. Қағаздың келесі бетінде, бір бұрышына «Нумакура» деген жеке мөр соғылған.

– Нумакураның мөрі ме? Демек, ақшаны дайындайтын сол ғой?

Мән-жайды түсінген Каидзима кеудесін кере бір тыныс алды. Бірақ бәрібір бір нәрсе түсініксіз еді.

– Иә, иә! – мақұлдай басын изеген Кэйтаро өкіріп жылауын қоймады.

Ақыр аяғында, кеш бойы Кэйтароны жұбатып, әрі бәрін бүге-шүгесіне дейін сұрап-тергеген Каидзима жалған бағалы қағаздардың қалай жасалғанын біле алды-ау. Міне, Нумакураның бақылаусыз билігі неге әкеліп соқтырды! Каидзима өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп, жүгірмектерді көсемдері арқылы уысында ұстауды ойлаған тәсілі тек қана пайдалы нәтиже бермеген екен. Мұғалімнен мақтау естігеннен кейін Нумакура тіпті шабыттанып кеткен ғой. Ол барлық оқушыларды аты-жөндерімен тізімдеп, әр күні балаларға мінез-құлқы, сөздері мен іс-әрекеттеріне өзінің жеке және сондай қатал өлшемдері бойынша баға қойған. Ол тура мұғалім секілді билік жүргізіп, сабаққа келмегендерді, қыдырып кеткендерді, кешіккендерді және сондай-сондай тәртіп бұзушылар жайлы мәліметтерді дәптеріне тіркеп отырған. Сабаққа келмей қалған себебін баяндауды талап еткені аздай, оқушы шынын айтып тұр ма, жоқ па, ол өзінің «құпия агенттерін» жіберіп, соны да тексеріп отырған. «Барлау қызметі» мектепке келе жатып ойын қызығына түсіп кешігіп қалғандарды, ауырып қалдым деген сылтаумен сабаққа келмегендерді сол бойда анықтап, өтіріктерін әшкерелеп береді. Бұдан соң ешбір оқушы алдай алмайтын болған.

Кэйтароның әңгімесін тыңдап отырған Каидзима соңғы уақытта сабақтан кешігушілер мен қатыспай қалатындар мүлдем болмағанын есіне түсірді. Тіпті, ыдыс-аяқ ләпкесі қожайынының ұлы, бет-әлпеті жүдеу, арық, аурушаң Хасимотоның өзі мектепте сабақтан қалмай, өте ұқыптылық танытты. Бәрі бірдей ыждағатты болып кеткендей.

«Міне, тамаша болды!» – деп қуанып еді сонда Каидзима…

«Агент» қызметіне он шақты бала тағайындалған. Олар әдетте жалқау балалар тұратын үйлердің айналасын торауылдап, басқан іздерін аңдиды, жүрген-тұрғандарын мұқият бақылайды. Жазалауға қатысты қатаң тәртіп бекітілген: талаптарды құлағына ілмегендер, ол мейлі топ жетекшісі болсын, тіпті Нумакураның өзі болсын, айыппұлға тартылады. Біртіндеп жазаның түрі де көбейіп, жазалау тәсілдері де күрделене түскен, оған қоса «агенттер» саны да арта бастайды. Енді құпия «агенттерден» бөлек лауазымды тұлғалар пайда болған. Мұғалім бекіткен топ жетекшісі лауазымы қысқартылған. Оның орнына жұдырығы дәу бір тентек бала бақылаушының рөлін атқарған. Сосын сабақтағыларды түгендеу журналына, спорт алаңына, ойындарға жауапты адамдар, сондай-ақ президенттің кеңесшісі, судья, оның орынбасары сияқты лауазымдар бекітіліп, жоғары мәртебелі лауазымдағыларға қызмет көрсететін шабармандар тағайындалған.

Президент болып, әлбетте Нумакура сайланған. «Шенеуниктер» арасындағы ең жоғары дәрежеге Нисимура ие болған – ол президенттің орынбасары. Үздік оқушылар, Накамура мен Судзукиді басында тым жұмсақ мінездері үшін ұнатпап еді, алайда олар біртіндеп Нумакураның сеніміне ие болып, кеңесшілер ретінде тағайындалған.

Нумакура одан әрі ордендер бекіткен. Оның бұйрығымен кеңесшілер ойыншық қалайы ордендерге шындыққа келетіндей атаулар ойлап тауып, онымен еңбегі сіңген бағыныштыларды марапаттап келген. Соған орай тағы бір лауазымға – «марапаттарға жауапты» адам тағайындауға тура келіпті.

Бір күні президенттің орынбасары кім болса да біреуді қаржы министрі етіп тағайындап, ақша басып шығаруды ұсыныпты. Бұл ұсынысты президент ризашылықпен мақұлдайды. Қаржы министрі болып сол бойда еуропалық шараптар дүкені иесінің ұлы Найто тағайындалады. Соңғы уақытта ол үйінен шықпастан екінші қабатта өзінің жеке екі хатшысымен құны елуден жүз мың иенге дейінгі қағаз ақшаларды басып шығарады. Дайын болған банкноттар президентке жеткізіледі, ол болса өзінің мөрін соғады, содан соң барып ол құнды қағаздар күшіне еніп, айналысқа түседі. Балалардың барлығы өздерінің атқаратын лауазымдарына сәйкес президенттен еңбекақы алып отырады. Нумакураның айлық жалақысы – бес миллион иен, президенттің орынбасары – екі миллион иен, министрлер – миллион, шабармандар он мың иен алады екен.

Капитал иеленгендер оны белсенді пайдалануға көшеді, сөйтіп сауда-саттық жолға қойылады. Нумакура сияқты байлар өздерінің бағыныштыларынан қалаған нәрселерінің бәрін сатып алады. Кейінгі кезде Нумакура қымбат ойыншықтарды иелерінен жиі тәркілей бастайды. Гидроэлектр компаниясы директорының ұлы Накамура ойыншық мысықты Нумакураға екі жүз иенге сатуға мәжбүр болады. Әкесі жақында Токиадан алып келген үрмелі мылтықты бес жүз иенге сату жөнінде бұйрық бергенде, Арита қарсылық көрсете алмайды.

Бастапқыда сауда-саттық мектептің спорт алаңында ғана аз-аздан жүрді. Содан соң біртіндеп ауқымы кеңейді, күн сайын сабақ біткен бойда бәрі парктегі көгалға немесе қала сыртындағы биік болып өскен қалың шөптің арасына, тіпті болмаса Аританың үйіне жиналады.

Ең соңында Нумакура заң шығарды: кім ата-анасынан уақ-түйектерге ақша алады, сол адам әртүрлі тауарлар сатып алып, «нарыққа» жеткізуге тиіс болды. Тіпті соңында президент шығарған ақшадан басқа ақшаны қолдануға тыйым салуға дейін барды. Нағыз ақшаға бірінші кезекте тұтынылатын тауарларды сатып алуға ғана рұқсат етілді. Бастапқыда мұны бәрі ойын ретінде қабылдаған-ды, бірақ содан кейін бір ауыздан «Нумакураның дана билігін»  мадақтауға көшкен...

Кэйтароның әңгімесін тыңдап болған Каидзима мынадай ұсыныс жасады: «нарыққа» түскен тауарлар неше түрлі екен. Кэйтаро жиырмадан астам тауар түрін санап шықты. Нақтырақ айтқанда: жазу қағаздары, жазба кітапшалар, альбомдар, көркем ашықхаттар, фотопленкалар, бататтар, еуропа тәттілері, сүт, лимонад, әртүрлі жемістер, балалар журналдары, ертегілер, акварельді бояулар, түрлі-түсті қарындаштар, ойыншықтар, дзори (сүйретпе аяқ киімдер), тэта, желпуіштер, медалдар, әмияндар, ас үйдің шағын пышақтары, автоқаламсаптар. Осылайша, айналымға неше түрлі тауар енді, бұл «нарықтан» қалағаныңды табуға болатын еді.

Кэйтаро мұғалімнің баласы ретінде Нумакураның ерекше қамқорлығында болыпты, сондықтан ақшадан таршылық көрмеген. Бәлкім, Нумакура Каидзималар отбасының ауыр жағдайын білгендіктен, оның баласына қайырымды азамат секілді кең пейілділік танытқысы келген-ау. Кэйтароның қалтасында үнемі кем дегенде миллион иен жүреді, былайша айтқанда ол «министрлермен» бірдей капиталға иелік еткен. Айтып отырса, әжесі көріп жауаптай бастаған түрлі түсті қарындаштар мен тәттілерден басқа да көп заттар сатып алған. 

Өзінің әрбір бастамасына сенімді Нумакура, қалай болғанда да, бұл ақшалар туралы мұғалім біліп қоя ма деп қауіптенген. Мұғалімнің көзінше қалтадағы ақшаны шығарып қоймау жөнінде барлығы сөз байласып, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоюды да бір сәт естерінен шығармаған. Бұл келісімді бұзған адам «заңға» сәйкес қатаң жазаланатын болды. Мұғалімнің баласы болғандықтан Кэйтароға үнемі күдікпен қарайтын, сондықтан ол қатты қобалжып жүрген. Міне, ақыры бүгін кеште ол өзін ұры деп айыптағанға шыдай алмай бәрін айтып қойды. Ол ұзақ уақыт үнсіз қалды, содан соң Нумакурадан қорқатынын айтып, егіліп қоя берді...

– Жылайтын түгі жоқ! Ұялсаң етті соған! Саған қолының ұшын тигізіп көрсін – мен оның сазайын тарттырамын! Бұл шынымен жетесіздердің ойыны! Қарсыласпа! Ертең сыбағасын беремін! Қорықпа, мен сенің айтып қойғаныңды білдіртпеймін...

Кэйтаро бар дауысымен еңіреп қоя берді:

– Онсыз да бәрі менен күдіктенеді! Қазірдің өзінде шпиондар үйдің айналасында тың тыңдап жүрген болар! 

Каидзима төбесінен тас түскендей біраз уақыт аңырап үнсіз отырып қалды. Ертең Нумакураны шақырып алып оның сазайын береді делік. Бірақ бұл іске қай жағынан кіріскен дұрыс? Қандай шара қолданады? Ол естіген жайтқа қатты таң қалып, ызасы келгені сонша, көпке дейін ойын жинақтай алмады.

* * *

Күздің соңына қарай Каидзиманың әйелі қан түкіріп, төсекке біржола танылды. Енді аяғына тұруы неғайбыл сияқты. Салқын түскенде анасының демікпесі жиілей түсті. Екі әйелге де М. қаласының таулы суық ауасы зиян тигізгені анық еді. Шап-шағын бөлмеде қатар жатқан екеуі кезек-кезек жөтелге булығып қалады.

Үйдің барлық шаруасы енді екінші кезеңдегі мектепте алғашқы жыл оқып жатқан үлкен қыздың мойнына түсті. Ол таң қараңғысынан тұрып үйге от жағады, науқастардың бас жағына дайын тамақ салынған үстелшелерін қояды, балаларды киіндіреді, содан соң ғана барып күстеніп, кебірсіген қолдарын асығыс сүрте салып мектепке құстай ұшады. Түс әлетінде, үлкен үзіліс кезінде қайтадан үйге жүгіріп, асығыс-үсігіс түскі ас дайындап кетеді. Ал түстен кейін кішкентай сәбидің жаялығын ауыстырып, жууы қажет.

Соны көріп шыдай алмаған әкесі қызына қолынан келгенше көмектесті: құдықтан су әкеледі, бөлмелерді жинайды, ас үйде тамақ дайындайды.

Отбасының басына түскен бақытсыздықтың шеті мен шегі жоқтай көрінді. «Өзім де, балалар да өкпе ауруын жұқтырып алуымыз мүмкін-ау, – деген ой Каидзиманы жиі иектейтін болды. – Қайтеміз онда, бәріміз бірге ажал құшармыз». Соңғы уақытта Кэйтароның кейде түнде терлеп, қоймастан жөтелетіні де оның мазасын қашырды. 

Осындай ауыр тұрмыс Каидзиманы күйгелек қылып жіберді, сабақта оқушыларға жиі ұрсатынды шығарды. Болмашы бір ұсақ-түйектің өзі оның ашуын туғызды, жүйкесі үнемі үзіліп кетердей болып тұратындықтан, аяқ астынан қаны басына шапшитын. Сабақ үстінде ол талай рет не істеп, не қойғанын білмей сыныптан шығып кете жаздаған.

Сондай сәттердің бірінде ол бір оқушының қалтасынан әлгі жалған ақшаны шығарып жатқанын байқап қалды.

– Мен кеше ғана осы үшін ұрсып едім, тағы да өз дегеніңді жасап жатсың ба! – ол оқушыға айқай сап тап бергенде, кенет жүрегі жарылардай дүрсілдеп, басы айналып кетті. Өзі құлауға шақ қалды.

Нумакура бастаған балалар оны бірлесіп титықтатуға көшті.

Кэйтаромен ешкім дос болған жоқ – шамасы, әкесіне бола шығар. Кейінгі кезде онымен ешкім ойнағысы келмеді, сосын да ол мектептен келген соң бостан бос тар үйде сеңделіп жүреді де қояды.

 

* * *

…Бұл қараша айының соңы, жексенбі күні түс әлетінде болып еді. Каидзиманың әйелі бірнеше күннен бері қызулап жатқанына қарамастан сәбиді қасынан шығармаған болатын, ап-арық қолының үстінде жатқан сәби әуелі қыңқылдап жылай бастады, ақырында біреу сойып жатқандай шырқырап қоя берді.

– Жылама, жылама! Күнім менің, қане, қоя ғой! Бай-бай, бай-бай! – Әйелінің шаршаңқы, әлсіз дауысы осы сөздерді есеңгірей қайталап, біртіндеп біржола өшті. Тек сәбидің шырқырай жылағаны ғана естіліп жатты.

Кішкентай көрші бөлмедегі жазу үстелінде отырған Каидзимаға баланың жылаған дауысынан құлағы шыңылдап, сёдзи (жылжымалы жұқа қағаз есік) дірілдеп тұрғандай көрінді. Көз алдында бөлменің қабырғалары қалықтап, басы айналды. Әйтсе де ол шыдап бағуға, орнынан тұрмауға бекінді.

«Қайтейін енді, жыласаң – жылай бер… Қашан өзің қойғанша күтуге тура келеді!» – деп әкесі де, шешесі де, әжесі де бәріне қолын бір сілтеп өзара келісіп осылай ойлап жатқандай көрінді. Әлі бірнеше күнге жетуі тиіс сүттен бір тамшы да қалмағаны бүгін таңертең белгілі болып еді. Бірақ үш ересек адамның жанына батқаны тек бұл ғана емес. Бүкіл үйде бүрсүгінге – жалақы алатын күнге жеткенше азық-түлік алатын бір сэн де қалмаған болатын. Үш ересек адам бір-бірін аяп бұл жөнінде тіс жаруға да дәттері бармады. 

Осындай кездері әдеттегідей үлкен қызы тәттілеу су дайындап, күріш быламықты қайнатып сәбиді тамақтандыруға тырысатын еді. Бірақ бұл жолы сәби оны жегісі келмей, бұрынғысынан да қатты шырқырап жылай берді. Осыны естіп отырған Каидзима сәбиді қолына алып басы ауған жаққа лағып кеткісі келді.

Басы айналып кеткенде аяғының астындағы еден қалқып бара жатқандай болды. Ол үстелден қалай тұрып кеткенін өзі де байқамай, бөлмеде мазаң күйде ерсілі-қарсылы жүрді де қойды.

«Солайын солай, мен дүкенге көп қарыз болып қалдым – бірақ онда тұрған не бар?.. Дүкен иесінің ұлы – менің оқушым. Егер қарызға сүт беруін сұрасам, ол әлбетте: «Жарайды, алыңыз. Өзіңізге ыңғайлы уақытта төлерсіз!» деп жауап береді. Бұлай өтініш жасау ұят емес. Мен тым сыпайысынып кетемін, бұл тіптен орынсыз!» Кенеттен басына келе қалған осы ойды ішінен қайталай берген ол бөлме ортасында тоқтаусыз айнала берді, айнала берді. 

Кешке қарай Каидзима үйінен шығып шарап саудагері Найтоның дүкеніне бет алды. Есік алдында тұрған дүкен сатушыларының бірі сыпайы амандасты, жүрісін баяулатқан Каидзима да оның сәлеміне күлімсіреп ілтипат білдірді. Кассаның артында, шарап бөтелкелері мен түрлі консервлер тұрған сөренің арасынан ол сүт құйылған бірнеше банкіні көзі шалғанымен, қасынан немқұрайлы кейіпте өтіп кетті де, үйге қарай бет бұрды. 

– Уа-уа! – сәбидің жылағаны алыстан естілді. Селк ете түскен Каидзима, бұл жолы қайда бет алғанын өзі бе білмей, кері бұрылды.

Таудан соққан суық жел, жақындап қалған қыстың хабаршысындай, тас жолдың бойымен ысқырына соғады. Өзен жағасындағы саябақта, бөгет астындағы оңашалау жерде бірнеше бала әлдебір ойынға қызу берілген.

– Жоқ, жоқ, Найто-кун! Неге алдап тұрсың? Бұлай болмайды! Бар болғаны үш бөтелке қалды. Жүз иеннен төлесең – ала бер!жиі ұстайтын

– Қымбат!

– Қалай қымбат? Өзің айтшы, Нумакура-сан!

– Дұрыс айтады! Найто алдап тұр. Арзанға сатып алғысы келеді – онысынан ештеңе шықпайды! Саудаласатын түгі жоқ. Сатып аласың ба, бұлай саудаласпа! – деген балалардың дауысы құлаққа шалынды.

Каидзима тоқтай қалды:

– Сендер не істеп жатсыңдар?

Балалар жан-жаққа қаша жөнелгісі келген, алайда Каидзима дәл қастарында тұрғандықтан, енді бой тасалау мүмкін емес еді.

«Ақыры көріп қойды, қылар қайран жоқ! Мейлі келсін!» – Нумакураның жүзінен осы ойы анық оқылды.

– Ал қалай, Нумакура? Мені өз тобыңа қосасың ба? Сендердегі базарда не сатылып жатыр? Бәлкім, мұғалімдеріңе ақшаларыңмен бөлісерсіңдер, сосын бірге ойнамаймыз ба?

Каидзима жымиып күлді, әйткенмен оның қан толып кеткен көздері ызғар шашып тұр еді. Балалар мұғалімдерінің осындай кейпін бұрын-сонды ешуақытта көрмеген-ді.

– Ал қане, ойнаймыз ба? Қорықпаңдар! Бүгіннен бастап мен де Нумакураның уәзірі боламын!

Нумакура таңданып, абдыраған күйі артқа шегіншектеп кетті, алайда тез есін жиып Каидзиманың қасына келді. Сәл үнсіздіктен соң ол мектеп көсеміне тән сенімді дауыспен:

– Сіз шын айтып тұрсыз ба, сэнсэй? Жарайды еңдеше, мұғалімге ақша берелік. Миллион иен дейікші... – Сөй деген ол қалтасындағы әмияннан жалған ақшаларды суырып алып Каидзимаға ұсынды. 

– Міне керемет! Мұғалім де бізбен бірге! – деді балалардың бірі. Қалғандары мәз-мейрам болып қолдарын шапалақтады.

– Сэнсэй! Сізге бір нәрсе қажет пе? Қалағаныңызды алыңыз! Табак, сіріңке, сакэ, лимонад... – деп айқайлады балалардың бірі, теміржол бекеті басындағы дүкеншіге ұқсап.

– Маған тек қана сүт қажет. Сендердегі базарда сүт бар ма?

– Сүт пе? Ол біздің дүкенде, ертең алып келемін. Сіз үшін мың иен арзанға беремін, – деді шарап саудагерінің ұлы Найто.

– Жақсы, жақсы. Мың иен – арзан ғой. Мен ертең сендермен ойнауға тағы келемін, сондықтан ұмытып кетпе, жарай ма! 

«Ал енді, – деді Каидзима өз-өзіне, – балаға сүт алып тұратын болдым. Жоқ, қалай десең де, балалармен тілдесе білетін тәжірибем бар».

Қайтар жолда Найтоның дүкенінің жанынан өтіп бара жатқанда, кенет батылданып ішке кіріп барды да, сүт сұрады.

– Гм…шынында да бағасы мың иен. Міне, ақша, өтінемін! – Ол сатушыға бағанағы жалған ақшаны ұсынды. Сол секундта, бейне қорқынышты түстен шошып оянғандай, ол көзін жиі-жиі жыпылықтатып жіберді. Беті де қып-қызыл болып кетті. 

«Қандай масқара! Ұят! Мен есімнен адасқан шығармын, мені ақымақ деп ойлайды-ау! Дер кезінде есімді жиғаным қандай жақсы болды, енді бәрін жуып-шаюға тура келеді!» – оның басында осындай ойлар жүріп өтті. 

– Бұл қайдан ақша болсын. Жай әншейін, қалжыңдағаным ғой! – деді, сатушыға қарап күліп жіберген ол. – Дегенмен, әлдеқалай жағдайға ала салыңыз, – деп сөзін жалғастырды, – отызы күні мен міндетті түрде қолма-қол ақшамен төлеймін!

 

1918

 

Орыс тілінен аударған Меңдолла Шамұратов

 

*Нобунага қаза тапқаннан кейін билік үшін тартыста қарсыластарды біртіндеп ығыстырып, іс жүзіндегі билеушіге айналды. Осылайша өзара алауыздықтың кесірінен қырыққа бөлініп кеткен Жапонияны біртұтас орталық мемлекетке айналдыру ісін жалғастырады. Төменгі таптан шыққан Хидэёси (әке-шешесі қарапайым шаруа болатын, оның – Токитиро Киносита деген «жабайы» есімі де осы тегіне байланысты шыққан) өзінің әскербасы және саясаткер ретіндегі ерекше қарым-қабілетінің арқасында Нобунаганың сеніміне ие болып, билік баспалдағымен жоғары өрлейді. Хидэёсидің жарқын тұлғасы мен мансап баспалдағындағы бас айналдырар табысы – феодализм дәуірінде Жапониядағы ерекше құбылыс болды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар