Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Мақсат болу үшін идея керек......

10.09.2025 63

Мақсат болу үшін идея керек... 14+

Мақсат болу үшін идея керек... - adebiportal.kz

Халқымыздың кемеңгері Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген екен.

Бірақ осы керектерді іске асыру үшін әуелі басқа «керектер» де керек. Олар – материалдық болмыстан басқа, рухани тұрғыдағы керектер. Өмірдің негізі рухани болмыс болғандықтан, рухани тұрғыдағы керектер алдыңғы қатарда болуы керек. Оларға ең әуелі, Абай көрсеткен ынта-жігер, қайрат, ой-өріс деңгейі тәрізді адамның ішкі дүниесін білдіретін адами құндылықтар жатады. Адамның ішкі дүниесі оның бүкіл өмірінің тірегі болып табылады. Бұл тірексіз қандай құнды керек болса да орындалмай, ол не қиял, не болмаса ұран деңгейінде ғана қалады. Керекті біліп, оны  көрсету, әрине, оңай, ал іске асыру қиын. Мәселе – оны іске асыруда. Керектерді іске асыру үшін ең әуелі арнайы құрал, не болмаса әдіс керек. Яғни, керекті іске асыратын механизм керек. 

Бүгінгі жағдайымызға келетін болсақ, қазір еліміз өркениеттің синусоидалық дамуының төменгі өтпелі кезеңінде отыр. Әзірше бұл кезең қашан аяқталып, еліміз қашан өркениеттің тура жолына шығатыны белгісіз, бұлыңғыр. Барлығы өзіміздің ой жүйеміз бен соған сәйкес іс-әрекетімізге байланысты. 

Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарын үйлесімге келтіру арқылы бұл үрдісті тездетуге болады. Жан құмары оянса, адамдардың өмірге деген құштарлығы шыңдалып, өседі. Атеистік дәуірден өткен халқымыздың жан құмары әлсіреп, жүрек көзі жабылған. Жан ұйқыда болғандықтан, одан шығатын ерік те, қайрат-жігер де әлсіз. Бұл әлсіздік жан құмары түгілі, тән құмарын қанағаттандыруға да мүмкіндік бермей отыр. Өркениеттің екі қанаты болып табылатын жан құмары мен тән құмарын осылай әлсіретіп, елдің құлдырауын тоқтата алмай отырмыз. Нәтижесінде өркениетіміздің материалдық құндылығы да, рухани құндылығы да жетілмеген. Жан күйзеліп, көкірек көзі жабылған соң адамның ынта-жігері әлсіреп, қайрат ұшталмай, түтігеді. Адамдардың мінезі осылай өзгеріп, қой мінезді болып, айдағанға көнгіш болады. Алдына қойған мақсат та жоқ. Абай ілімі бойынша жоғары мақсаты жоқ адам малмен тең. Осылай заман ағымынан шыға алмай, иленген пенде тіршіліктің зардабынан шығу жолын таба алмай, тығырыққа тіреледі. Оның өмірі бақытсыз, шырғалаңға толы. Өмірде ол жел айдаған қаңбақ тәрізді. Замана оны бірде ойға, бірде қырға қуып, сергелдеңге салады. Бұл мүшкіл халден халықтың намысын бір бағытқа жұмылдыратын Ұлттық идея арқылы ғана шығуға болады. 

Ұлттық идеяның керектігі бүгінгі айтылып жүрген «Мәңгі ел» идеясын іске асыру үшін де керек. Бұл идея ежелгі түркі заманынан келе жатқан халық арманы. Ұлы арманды іске асыру жолы да ұлы болмақ. «Мәңгі ел» деген сөз – еліміздің ұзақ өмір сүруін білдіретін болса, онда әрбір адам, халық та соған сай жетілген болуы шарт. Жетілген адамдар ғана мықты мемлекет құрып, ел мәңгілікті бола алады. Мәңгілік – тек қана жоғары жетілген, қуатты халықтың ғана үлесі. Бұл табиғи заңдылық. Әлсіз халық мәңгілік ел бола алмайды. 

Ата-бабамыздан келе жатқан бұл «Мәңгі Ел» ұлы арманын басқаларға жалтақтаумен емес, еңсемізді көтеріп, өзіміздің ұлттық намысымызды нығайту арқылы ғана құра алатынымыз белгілі. Қазіргі өтпелі кезеңде еліміз үшін Ұлттық идеяның маңызы осы мәселе үшін де зор болып отыр. 

Сонымен, ұлттық идея еліміздің бүгінгі өтпелі кезеңнен шығуы үшін ғана емес, халықтың ежелгі «Мәңгі ел» арманына жетуі үшін де керек. 

Бірақ бұл ұлттық идеяны қалай қалыптастырамыз? Оны қайдан алуға болады? Бұлар, әрине, өте маңызды сұрақтар. 

Ұлттық идеяның негізі – ұлттық намысты өсіру.

Суға батқан адам өлімнен өз күші арқылы ғана құтыла алады. Біздің жағдайымыз да осыған ұқсас болып отыр.  Сырттан ешкім келіп көмектесе алмайды. Біз тек қана өз күшімізге сеніп, өзіміз қимыл жасауымыз керек. Халықтың күш-жігерін бір мақсатқа шоғырландыру керек. Ол үшін бүкіл халық болып қабылдайтын ұлттық идея керек. Ұлттық идея ғана бүкіл қазақты бір мақсатқа жұмылдыра алады. 

Жалпы алғанда, әрбір идея мақсат береді, ал мақсат күш-қуат, қайрат-жігерді өсіреді. Қайратты адам мақсатына оңай жетеді. Мақсатсыз жетістіктің болмайтыны белгілі. Мақсат болу үшін идея керек. Идея болмаса бұл тығырықтан шығу ұзаққа созылып кетеді. 

Жүрек көзін ашып, адамды қарабас тіршіліктен жоғары көтеріп, өркениеттің өрлеу жолына бағыттайтын жалпы ұлттық идеяның маңызы осындай. 

     Досым Омаров абайтанушы, теолог


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар