Сұраған Рахметұлы. Жошы хан (миниатюралы сүріктеу)
Бөлісу:
Жазушы, драмагерлердің бірсыпырасы өткен тарихтың ең күрделі де өшкін сүрлемдеріне қарай қалам тартып жүргенін байқаймыз.
Бірегей қаламгер Думан Рамазанның аршыны да алысқа тартқан. «Жошы хан», «Керей – Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан» секілді атақты тағылымды түренге атсалысады, ылғи да алға қарай талпынып келе жатқан мәшһүр бапкер таланттың жазбалары қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Оның қаламынан туған «Жошы хан» тарихи драманы жұрт жылы қабылдады. Мазмұны бай тауариһаттың ең өзекті жағынан өлшеп, өзіндік өрнегімен кейіпкерлерді сомдап көрсете алатын және биіктен көрініп жүрген қарымды қаламгер кім? - десеңіз: Ол – Думан Рамазан.
Жошы ханның жолында...
Тарихи драма деген ұғымның аясы аса кең, өлшемі өте биік, өрісі өндірде тұратын һаракет. Ендеше уыстай ғана сахнаға сиысқан далалық көшпелі ғұрыптар сөз өнерімен өрімделуі де бір қиян. Тарихи классикалық ұстыны тым әріден жалғасқан көркемдік сана мен диалогтің бүтін құрылымын тектеу де солай ауыр салмақты. Түп негізі көнегректік ойын түрі – тарихи драманы таңбалаудың машақаты да өте бұлдыр шалғайдан. Мінеки біздің көз алдымыздан өтіп жатқан, ғасырдан ғасырға ұласқан ұлы бір әлем: Ұлы Шыңғыс қағанның, жалпы ғаламдық тауыриһаттық сыры мен сипаты болмақ. Драмагер (драматург), белгілі жазушы, қылап көсемсөздің түренгері Думан Рамазан осы күдір жолды таңдап алған. Жошы дәуірі һәм одан бұрнағы Шыңғыс қағанның қиян-кескі заманын талдауға оның «дәті» барғаны да таңғайып!? Тарихи драма – Жошы хан. Тауыриһаттағы қара Темүжіңнің Шыңғыс қаған болғанға (1206) дейінгі ғұмырының құжағуыры һәм ХІV ғ. «Моңғолдың құпия топшаңы» түп-түгел, соңыра тағы ХІV ғ. ширегіндегі Ел ханның тұсындағы жазба парсы тіліндегі Рашид ад-дин (1247-1318) есімді ғұлама мөрлеген үш томнан тұратын бізге жетпеген беймәлім тарихи деректер кезінде оның ғазиз басын жұтқаны бар. Соның тауыриһаттық пәлсафа негізінде жазылған бағасы сом-сом алтынға тең құндылық – «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы» 279, 309-311) және Мәмлюттер тұсында ең ғажайып энциклопедиялық ғажайып жазба қалдырған Мысырдың данышпаны Шиһаб әл-Дин Әбу-л-Аббас ибн Әли әл-Уәлһашәнди (1355-1418) еңбектерін біршама түгендеп, іштей әбден саралағаны байқалады. Таңдалған тақырыптың өзегіндегі өрімдер: сол кездегі өмірдің көзге ұрып тұратын негіздемелері мен философиялық түйімдері өте нәзік түзімделеді. Шыңғыс қағанның алтын ұрықтарының қарапайым да қиғылықты өмірі байтақ түземнен басталып, бар бақуаты ғаламға қарата ашыла артқан сойқан талас-тартысты тұстардың бейнесі кейіпкерлермен шебер әдіптеледі.
Ерекше кейіптемелер кеңісі...
Бірінші кейіпкер Шыңғыс қаған. Әрине қағанның қасындағы Жебе ноян мен Отшығын есімді Шыңғыс қағанның інісінің сөздері Хорезмді иеленіп, Мұхаммед шахтың өлі денесін тауып, Жалаладдинді тықсыра қуып тастағаны туралы өркөкіректене сөйлеген тұстары көрінеді. Бірнеше диалог арқылы 1220 жылғы Шыңғыс қаған сарбаздарының өте жойқын шабуылынан хорезмшахтардың талқандалуы мен Мұхаммед шахтың өлімі, Үргеніш пен Хиуа шәһерлері түгелдей Жошы ұлысы Алтын Орданың құрамына енген тарихи жеңісті кезеңді еске салады. Мысалы драмадағы мына бір шешім ерекше:
Шыңғыс қаған: Барлық мұрагерінің көзі жойылмаппа еді?!
Отшығын баһадүр: Жалғыз осы ұлы тірі қалыпты.. Қашып бара жатқанда арқасына жебе қадалып, атқа міне алмайтын болған соң бір үңгірге жасырын қалдырған екен. Өз адамдары ұстап берді. Шақар екен, азу тісін ақситып, кəдімгідей айбат шегеді.
Шыңғыс қаған: Жыртқыштың тұқымы емес пе?! Кəне, көрейік, бөрінің бөлтірігін!
Екі қарауыл Жалаладдиннің он үш жасар ұлын алып кіреді. Ол Шыңғыс ханды ала көзімен атып, безірейе қарайды...
Үстірттегі Үргенші, Әз-Замахшари, Хазарасп (Hazorasp), Ақ теңіз, Ақ тау, Қара таудадағы Дешті-Қыпшақ аймағына дейінгі аралықтағы оқиғаның елесі үзік-үзік оқиғалармен кейіптеледі.
Сахнадағы көрінбейтін сахаралық елестер...
Шыңғыс қағанның тарихтағы ең керемет төрт ірі жорығы – Алтын Жинь елін жаулағаны, Таңғытты талқандағаны, Хорезмді иеленгені, Қидандарды қырғаны. Мұндағы Жүрчиндердің құрған Алтын мемлекеті 1115-1234 жылға дейін астанасы көне Жунду (Zhongdu) жалайырдан шыққан жаңжұң Мұқылайдың қарамағында болды. Әрине драманың ішкі шеңберінен көрінетін оқиғаның бірі де осында. Егер бұл оқиғаны түгендейтін болса драма мән-мағынасыз болатыны белгілі. Парсының ежелгі Хорезм шахы, кемел ғұлама Әбу Әли ибн Сина өмір сүрген тарихи орталықтағы кент оңай берілмес еді... Аузынан от бүріккен Хорезм шахтың тақ мұрагері ғұмыриятында өлмес Мәңгіберді атанған жұлын шах: Шыңғыс шапқынынан бұрын Жалал әд-Дүния вад-Дин Әбіл-Мұзаффар Мәңгіберді ибн Мұхаммед атанған ежелгі жаужүректі – Уәніштегін әулетінен (Ануш-тегін anustigin). Жалаладдин Мәңгіберді Қорасанды қорғап бір өзі 70 мың ғаскер жинаған адамзаттық деңгейдегі ұлы сайыскер. Оның ағалары Әмин әл Мүлік, Темір әл Мүлікпен қоса қарлұқтың ханы Азам-Мүлік, ауғанның атышулы Мұзафар-Мәлікпен одақ құрған әккі. Тарихи майданда Шыңғыс қағанның ақылшысы ғұлама Шигихутуг (1180-1260) қолымен соғысқан майдан өнерінің сайыпқыранының қолды болуына бек разы қағанның бейнесі негізі жете сомдалған. Алайда майдан даласындағы Жалаладдиннің 70 мың ғаскері мен Шыңғыс қағанның 30 мың қолының бетпе-бет сайысының теңсіздігі сөз болар болса, ол: – ХІІІ ғасырдағы соғыс өнерінің ерекше бір құпиясы көрерменнің көкірегіндегі сауал болып қала береді. Хорезімді 1219-1225 жыл аралығындағы 6 жылда алуы: Жошы, Шағадай, Өгедей, Толай қолдарының біріккен майданының нәтижесі. Драмада бұлай болуы, аз сөзбен меңзелуі өте тиімді. Бірінші көріністегі Шағадай мен Жошының бейнесі осы драманың кілті немесе коды: Екі бірдей алтын ұрықтың түпкі ниеттері көрінеді. Көрермендерді өзіне тартатын алтын сүрлеу де осында Әсіресе жалынды Шағадайдың ішкі диссимуляциясы күрделі әрі анық берілген. Мысалы:
Шағатай: Жошы, Үргенішті қоршап тұрғанымызға бір айдың жүзі болды. Өз еріктерімен беріледі, елші жіберейік деп қоймап ең...
Жошы: Шағатай, ал, сенің айтқаныңнан не шықты? Бас-көз жоқ, қайта-қайта лап қойғаннан не ұттық? Қаншама сарбаз қазылған орда қалды... қаншасы қайнаған майға қурылды... Қорғанның қабырғалары биік, қалың... Тас атқыш құралдарды қақпаларға бағыттайық дегенді тыңдадың ба?!
Шағатай: Елші жібереміз деп уақыттан ұтылдық. Біз жауап күтіп отырғанда, олар қамалды тас бекітіп алды. Келген бойда ес жиғызбай бассалу керек еді... сені бекер тыңдаған екенмін.
Жошы: Болары болған соң, бұның енді не сандырақ. Жә, ырылдасқаннан енді ештеңе өнбейді?! Қаған əкеміздің бұйрығын күтейік.
Санадағы өрілген сөз – сахнада...
Думан Рамазан бұл ретте «Жошы хан» драмасы арқылы тарихи тұлғалардың бейнесін ашып, бұрмаланған тарихи жадтарды қайта жаңғыртуға жан-жақты даярлықпен кіріскендігі көрінеді. Әлеуметтік шағын микродеңгейден басталатын оқиғалар бүткіл Еуразия кеңістігіне қарай шарпиды. Кешегі тарихи оқиғалардың желісінен бүгінгі саяси әлеуметтік күрделі жағдаяттарды көреміз. Қарапайым қағидаттан қатаң санамен өрілген диалогтардың, хан Ордадағы бақталастықтың түгелі – Шың қағанның қаһарлы бейнесінің алдында ерекше көшпенді ғұрыптық құрметті ретпен, өте нәзік бояумен сызылады. Біз тарихи драмаларды салыстырмалы түрде терең тұшыну мен еске тұтынудан бірсыпыра алыстап (санасыздықтың басты сипаттарымен – РС.) қалған жұрт екенімізді түсінейік дегім де келеді кейде. Баяғы неміс ойшылы Фридрих Шиллердің (Johann Christoph Friedrich von Schiller 1759-1805) «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясын көрген едік. Әсіребатысқа көзсіз еліктемеген талантты жазушы десе де ауыр көне классикалық қойылымдардың тамаша ауанынан да айналып өтпеген. Ал, батыс пен шығыстық үлгіге тән шедеврлікке ден қойған драмагердің ой қорытып, сөз саптауы да, ой баптауы да өте сарабдал, үзігінің түзімі үйлесімді. Әрине, Думан Рамазанның қаламұшынан тамшылаған тарихи өрімдердің қазақтың сахара сахнасында өзгеше қойылуы да түптің түбінде өз алдына бөлек әңгімеге арқау болары хақ. Ал, Жошы ханның қатыны, бегімі Бектейміштің ерекше бейнесінің бір тұстары болашақта нақтылана түсер деп ойладық. Сахнадағы қойылым мен режиссерлік түрлі шешімдердің арғы мағынасынан көрерменнің дәлме-дәл сезінетін жай-күйі тым шәрағаттылау болғанымен ХІІІ ғасырдың тарихын өте терең қызықтаушылар тарапы оны қалт жібере қоймайды. Сол үшін де драманың барлық құрылымынан Дешт-Қыпшақ даласында өткен аңыз сықылды ұлы жорықтар сұлбасынан аларымыз өте мол.
Отчигон баһадүрдің образы
Шыңғыс қағанның ең кенже інісі, яғни Есүкей мен Өэлүң қатынның сүт кенжесі Отчигон ноян қаған ағасынан мыңбасылық мәртебеге ие етілген қастерлі әрі киелі сетерлі жаңжұң. Мұндағы кейіпкерлердің ішіндегі кейіпті персонаждардың ең ұтымды адами жолдағы образын да осы Отчигон ноянан көруге болады. Бізше от иесі шаңырақтың егесі деген мағына. МҚШ-дегі деректер бойынша Отчигон (Отшығын – от иесі кенже) шешесі мен он түмен ғаскерімен жорыққа беттегені айтылады. Шыңғыс қаған тауыриһатындағы Жошыға ең жақын үзеңгілес болған тұлға. Алайда жорық кезінде Ұлы қағанның тұңғышы мен кенжесінің бір бағытта болуын драмагер анық көрсетуді мақсат етеді. Жошы ханға берілген қолының саны анық емес. Құпиясы көп МҚШ-дегі бір құпияның өзі осы экспозициядан (exposіtіo) көрінеді. Шағадайға (1183-1243) 8000 түтін, ортаншы Өгедейге 5000, Толайға 5000, Қасырға 4000 ғаскер түтіні санымен: немерелері Әлчидай мен Белгүтэйге 2000 санды ғаскер егелікке, еншілікке берілген делінеді (МҚШ УБ,. 2017. 243). Бұл ұланғайыр майдан даласының бір пұшпағын әрине өктем Жошы хан барынша билеп-төстеді. Драманың барлық тынысы тып-тыш жатқан Қыпшақ даласының көне сүреулерін сүйреп алдыңа әкелгендей. Байбота Қошым-Ноғай шайыр жандүниесімен бүй деген: – «...Саф самал есті тербелтіп қияқты ғана, тар шанағына Жошы хан ерітіп ыстық қорғасын құйған домбыра сияқты дала...» Сонау замандағы көне Қырымдағы Солхатты қорған Қырымның 40 батырының әуезі құлаққа келетіндей бір ескі үн!
Құлан қатынның құбылымындағы сыр...
Драмада Жошы мен Шыңғыс қағанның өзара сөздері де бір ишаратқа құрылады. Жошы Шыңғыс қағанның 25 жасында көрген тұңғышы. (Ванчинбалдың Инжаннаш: «Ұлы ием Шыңғыс қаған қара жылқы жылы 1162 жылы немесе көкектің 16-сы күні тал түсте (морь цаг: 11 сағ. 40 мин.- 13 сағ. 40 мин.) туды...) Алайда Жошы туралы қағанның отбасындағы әңгіменің бәрі Бөрте (1161-1230) қатынның өмірімен өзектеседі. Драмадағы кейіп Құлан қатынның (1185-1225) қағанмен аралық қарым-қатнасынан жинақы диалогтар беріледі. Дайр усунның ең таңдаулы сұлу қызы Құланды 1204 жылы Меркітті алғанда көрген аруы немесе кішілікке алған жары. Бөртенің өзі қағанға ризашылығымен мақұлдаған ұрғашы. «Өз еркіңіз қаған ием бұ бәрі... Еліңізде ұрғашы көп қыраным. Іздесеңіз алдыңыздан шығады... Қамыстыкөл аққу, қаздың тұрағы, саусағыңыз талағанынша атасың да қырасың... Ошарлы елде арулар көп қыраным... Өзіңізге бұның бәрі түгел мұралық... Артық болсаң жаман көп, тартық болсаң жақсы көп заман... Өңір қабат болса тоңдырмас, Өзегі қабат есілген арқан берік болар...» («...Эрэг мөрөнд хун галуу олон гэнэм Эрхийгээ чинэтэл намнахаа Эзэн минь мэдэх буй за, Энэ их улсад Эмс охид олон гэнэм Эрэн аваачихыг, Эзэн минь өөрөө мэднэм зэ...») – деп мақұл көрген Сары кері қараң деген жерде орда тіккен ерке тотай: Бөрте өжіңнің күндесі Құлан қатынның бейнесі де өте өзекті. Бұны қаза берсең тереңдей бермек.
Шегініс жасайық сәл ғана...
Шыңғыс қаған 1162 жылы көкекте туып, 1227 жылы қыркүйекте 65 жасында Көк теңгірге бақиға ауысқан. Тұла бойы тұңғышы Жошы оның 25 жасында жарық дүниеге туды. Жошының есімі Шошы болды деген дерек бар. Жошы ханның (1187-1227) 1227 жылдың наурыз айында қылыштай 40 жасында, қаған әкесінен 6 ай бұрын дүниеден көшті. Оның өз кіндігінен 17 бала қалды. Үлкені Орда, екіншісі Бату, інісі Берке, Берке-Шері, бесінші ұлы Сибан (Шибан), Таңқұт, Буал, Шылауын, Сұңқар (Шоңқар), Шымбай, Мұхаммед, Өдір, Тоқа-Темір, 13-ші баласы Құтлық Темір, Сенгүм т.с.с. Екі қызы тағы бар. Жошы хандығы 1227 жылдан бастап, 1357 жылға дейінгі 130 жыл. Жошы хандығының, яғни Алтын Орданың іргесі бекем болған 130 жылда Жошының мұрагері Сартақтың баласы Ұлашы 1227 жылдан ордадағы ошаққа ие болған. Соңынан Жошының баласы Бату 1237-1255, Жошының баласы Сартақ 1256-1257, Жошыұлы Берке 1257-1266, Батудың баласы Мөңкетемір 1266-1280, Тодмөңке 1280-1287, Мөңкетемірдің балалары Төлебұғы 1287-1291, Тоқта 1291-1312, Өзбек 1312-1341, Өзбекұлы Жәнібек, Бердібек 1357. Алтын Орданың аумағы аса кең болды. Орыс жазарманы Э.С.Кульгин бұл туралы: Алтын Орда аумағы Ертіс дариясынан шығыс түстіктегі Дөң дариясының төменгі тұсы, оңтүстігі – Дербент (Дағыстан) пен Әрран (шығыстағы Әзербайжан), батысы – Волга (Еділ) дариясы Бұлғарға дейінгі аралықты қамтиды деп жазған-тұғын (Кульгин Э.С. «Цивилизация Золотой Орлы-Монгольская Империя икочевой мир». Улан-Удэ, 2004. Стр.183). Шығыстан батыс аралықтағы қашықтығы 61600 шақырым (верст), оңтүстіктен солтүстікке шейін 44000 шақырым аралықты бір уыс микро (шөкім) сахнаға сыйғызу мүмкін де емес.
Шыңғыс қаған мен немере Бату
Жошының да, Батудың да кейіпті образи мейірімін драманың бір келісімінде жақсы береді. Қаһарлы қаған, қайырлы Жошы және бала Батудың қолына ұстатқан қанжармен тұтқынға қарап тұрған сәті! Ысырапсыз қантөгістің алдында жатқан ғұмырдың елесі... Жошының өлімі қаған әкесінен болды деген аңыз драмада тек ішкі құпия лепемен ғана ишаралап көрсетіледі. Драмагер бұл арқылы қарапайым логикамен қандай да бір қуатты мемлекет басшысы күшті болудың, айбарлы болудың тәлімін Шыңғыс қаған арқылы паш етсе, ұлылықтың бір жағы мейірім мен аяушылықта болатынын да жақсы көрсетеді. Бұл диалогтің бір есебі – драмадағы Шыңғыс қаған мен Құлан қатынның арасында болған шап-шағын эпизодта да көрінеді. Эпизолтың өз дейтіні бар құдырет! Жалпы бүтін болудың немесе қазақтың «екі жарты біріксе – бір бүтін» болады деген құлықсаналық кілт (код) осы тұста анық меңзеледі. Шыңғыс қаған немересі Батуға қарата: «...жауларыма осылай қатігез болмасам, құдыретті күшке айналар ма едік?!» дейді.
Үштаған диалог несесе вermuda
Тағы да бір ерекше ұсыныстар мен кейіпті кеп: Шағадай мен Жошының арасындағы репликада (replico) шиеленісті қағанның алдына әкеліп көлденең тартуы. Бұл жердегі кеңеске болашақ қаған Өгедейдің де қатыстырылуында мән бар. Шағадайдың: «Жошы – хақ мұрагері болуға лайық емес!» деген астарлы сауалы да қызықты!? Шыңғыс қағанның «неге?» деген сауалын режиссер бөлекше үн, бұрын-соңды әшкере болмаған бояумен әрлеп көрсетеді. Драманың өн бойындағы бір ерекше тұлғаны еске алмаудың өзі қиянат. Жорық жолында Еуразияның жер жаһанына аты мәшһүр тарихтағы салт атты майдангерлердің маңдайындағы жұлдызы Тарғытай Құрылтұқ тайшылардың арғы жақын тумасы Жұрғадай Жебе ноян. Шыңғыс қағанның күлігінің мойнына жебе қадап жаралаған мергеннің түйдек-түйдек образы туралы болашақтағы сыншылар айта жатар... Хош!
Ниет
Думан Рамазан Жебе арқылы Жошы ханның алдындағы тарихи жорықтың бір қырын ашады айпаралап. Енді осы тақылеттес қосымша кейіпкерлермен түгел келісу, көрісу үшін өткен тауыриһаттарға бару керек іркілмей. Алтын Орданың жұрты қалған Қыпшақ даласының оң бүйіріндегі бір бура қыраттан Кетбұға (1150-1230) жыраудың әлдебір күйінің сарыны естілгендей... Менің алдымда жаюлы жатқан 8 көріністі драманың соңғы әлетіндегі баптарда әбден екшелген сегіз дәуірді еңсерген қарға тамыры әмбеге аян әулиелердің кейпі тұрды... Әрине ХІІІ ғасырдан бүгінге дейінгі көш жолының алтын сорабы... Бұндай әмірлі әуселелі драманы мемлекеттің бағалауы тіптен жөн.
Сөзімізді тұжырып айтсақ, дарынды жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драматургиялық шығармалар жинағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық.
Сұраған Рахметұлы,
Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Бөлісу: