Құлтөлеу Мұқаш. Мышықай ұзақ мияулады (әңгіме)
Бөлісу:
Әуелгіде осы үйдің атауынан-ақ секем алып еді. Расында, «Дом 500 веселых» дегені біртүрлі емес пе...
Жанындағы әйелін пойыздан түсе сала вокзалда күтіп алған жамағайын қарындасына табыстап, іргедегі редакцияға жалғыз тартты. Бұлар үшін уақытша баспана тауып қойған жолдас жігітпен жолығуға асыққан. Алдында телефон арқылы тілдескен досынан әлгі «қызық» пәтердің кілтін алуы керек.
Төпелеп құйған нөсер кілт басылса да, түнерген Қарағанды аспаны арагідік шатырлатып, найзағай ойнатып қояды. Жаз мезгілі болғанмен күн сонша ызғарлы сезілді. Суық жауын перрондағы ығы-жығы жүргіншіні үрпитіп, тоңдырып үлгергендей. Тіпті, үсті-басы малмандай кейбірі түрі бозарып, дірдек қағып жүр. Алаңкөңіл өзінің де іші-бауыры мұздап, ғимарат сыртындағы ыпыр-жыпыр жеңіл көлік арасын қақ жара, еңселі баспа үйіне қарай емпелеңдете салды. Айнала төңіректен төнетін іркес-тіркес зәулім құрылыс өкпе қысып, еңсе езеді. Асфальттың жиектегі ойылған тұсы кілкіп жатыр. Кішігірім үй жұртындай іркінді су бетінде ағараңдаған өз бейнесін байқап, тым жеңіл шығыппын-ау деп қуыстанды. Жейдесі жұқа-тын. – Е, мұны қойшы. Шыдармыз бірдеңе қып. Бәрінен бұрын досымыздың орнын сипап қалмайық. Түскі үзіліске шығып ұстатпай кетер...
Бір қараса, лифтімен көтеріліп келеді. Бәрі ертеден белгілі жер. Мұндағы Журналистер үйі студент кезінен таныс мекемесі.
– О-о! Хош келдің! Ат-көлік аман ба? – Кішірек кабинетте қағазына шұқшиған отыздардағы бойшаң, сида жігіт мұны көре сала атып тұрды. Бұл да өзіндей тілші-тін. Үстел үстіндегі газет версткасын нұсқап, кешірім сұрайды. – Қырсыққанда, тура бүгін кезекшілікке тап болғанымды көрмейсің бе. Бұрылуға мұрша жоқ. Сонау жай бұл маңнан аса онша алыс емес. Бірақ ертіп апара алмай тұрмын. Кезінде талай жортқан қалаң емес пе, жиырма алтыншы кварталды білетін шығарсың?
– Иә, иә. Жобалап... Тек сен айтқандай үйді естімеппін.
– Хе-е... Естімесең, ертеңгі күні ғұмыр бойы ұмытпастай боласың әлі о маңды. Бес қабатты ұзын үй. Бергі бастағы есіктен кіресің. Сенікі екінші қабаттағы елу тоғызыншы коммуналдық пәтердің төртінші бөлмесі. Сырттың кілті – міне. Іштікі – мынау...
Тез-ақ тапты. Аядай аулада иінтіресіп, өзара жапсарлас орналасқан жайдың бірі көрінеді. Шағында атақты ақын Евгений Евтушенко тамсанып жырға қосқан Қарағандының қою күрең сырасына сусаушылар қатары қалың көрінді – қарсы алдындағы шағын сырахана дүңгіршегі түбінде топырлап жиырма-отыз қаралы адам жүр.
Төрт-бес қыз-келіншек құты толы сусынын ала сала үлкен үйдің шеткі есігіне жүгіре кіреді. Әрідегі кіреберістен де ыдысын ұстап, күркеге қарай желе басқан екі-үш сұлба қараңдады. Сыраны үйшік қасына қатар-қатар отыра қалып сіміруге кіріскендер де бар.
Бұл советтің жалқаулық, қыл қимылдатпайтын масылдық үшін жауапқа тартатын қатал заңына қарамастан, жұмыс күнгі мынандай «серуенге» қарап, үй тұрғындарының дені «Сырдың суы сирағынан келмейтіндер» екенін енді түсінгендей еді. Әсілі, «пятьсот веселыхтың» мәні осында ма деп түйген. Кілең қағылған-соғылғанды әдейі жинасаң да, мұнша жағасы жайлау, қамсыз-мұңсыз қауымды топтастыру қиын шығар.
Ұлты әралуан ері-әйелі аралас шоғырдың өңі тозыңқы. Ішкілікке бейім бикештің көбі әлем-жәлем боянуға неліктен әуес; тегінде, бұлар оңған реңін әрлеуге тырысады-ау деп топшылады. Бірақ бет-ауызды әлеміштеп қанша қызартсаң да, солғын ұсқын мен мөлиген көзді қалай жасырарсың? Тастақ алаңқай да жұлма-жұлма. Қотыр түскендей, ойдым-ойдым әр жердің ми-ботқасы шығып, лайланып жатыр.
Осы сәтте жаңбыр тағы бір төгіп өтті. Үйге кіргенінше бармақтай ірі тамшылар селдетіп, мұны да «шомылдырып» алды. Әлден мезгілде балшық шашыраған ақсұр шалбарының балағын қаққылап, іздеген бөлмесіне де жетті-ау. Әжептәуір кең екен, алайда мұндағы көрініс те кісі шошырлық. Жырымдалған перденің жұрнағы күйе-күйе. Терезе сатал-сатал. Төбенің бір бұрышын қалың өрмекші торы тұтыпты. Төрде ескілеу жалпақ кереует тұр. Іргедегі екі орындықтың шоңқайған біреуі «ақсақ». Не зор келген? Теуіп сындырған ба...
Шаң-шаң кішкене радиола дауыс күшейткішін қосқанында самбырлап қоя берді. Әдеттегіше Мәскеу жаңалықтары. Қайтадан баса салған. Майда топыраққа малып алғандай сынық айнаға қарайды. Осы қалың тозаңның астында уақыттың қаншама сыры тұмшаланып тұр-ау.
Қалай екенін, Лениннің бейнесі көзіне сонша жылы ұшырады. Қолдан салған картина емес – түрлі-түсті фотосурет көшірмесі. Сәл қисайып қалыпты. Портретті түзеп тұрып, еңкейе, сүзіле қараған көсемнің ойлы жанарынан мол мейірім шуағын сезінді. Осы кісіні аса қатыгез жан еді дегенге сенбейтіндейсің.
Одан қуықтай дәліз арқылы аяңдап ас үйге шығады. Әйнектен түскен әлсіз сәуле мен төбеде сығырайған жалғыз лампочканың жарығы бірталай ауқымды, күңгірт бөлмені жарытар емес. Талайдан сырланбаған еден әбден ескіріпті. Өңкиген екі ток пештің сырты – ағал-сағал май. Мұны да ешкім тазалауға талпынбай ма? Терезе де айғыздалған қалпында қала беретіндей. Еншілес мүлікті бәрі күнделікті пайдаланып жүргенімен, сірә, ешқайсы менікі деп санамайды...
Шірік картоптың, әлде борсыған қамырдың иісіндей жылымшы, күлімсі леп қолқа қапты. Дәретхана мен душ та ортақ. Есігін ашса, бұлардың да «реңі» әлгіндей. Аздап қорланды. Маған ендігі жетпегені осы еді, қой-и, құрысын, басқа жай іздейік деп кетуді ойлайды.
Ақырын күрсініп, состиып тұрғанында кенет қарақошқыл бұлт арасынан жарқ еткен күндей әлдебір бойжеткен сап ете түсті. Алакөлеңке сенек босағасынан көк-жасыл көзі қырық қырлы замартастай жалтылдап, аңтарыла қарап тұр. Қолындағы бес-алты айлық мышықайы қоса бақырайып, тосын мейманға керемет таңданатындай.
Бейтаныс ханым жаннан асқан дерлік өте көрікті еді. Шынында, сұлулықтың не құдыреті барын, бұл да өз-өзінен елеңдеп, жалтақ-жалтақ етті. Орта бойлы, маңдайы ашық ақсары қыз. Бойжеткен деуге де келмес, менен екі-үш жастай ғана кіші ме деп долбарлады. Иә, жиырма алты, жиырма жетілдерде. Ұзын жиренқоңыр шашын тымпита тарап, желкесіне түйіп алыпты. Күлгін ши барқыт халаты бойына құйып қойғандай қона қалған. Балтыры жалаңаш. Аяғына ілген шәркейі де жарасымды. Едәуір аңырды – жауынды күні көктен түскендей мұның шашы секиген кеспіріне таңырқады ма, кім білсін. Бір кезде марғауды томпиған әдемі саусақтарымен аялай сипап тұрып:
– Менің атым – Фая, – деді күбірлей. Баяу шыққан үнінде тылсым әуез бар. Бұл да есімін айтты. Бірақ жас бибінің сөзді анық естіген-естімегенін білмейді. Өзі де біруақ абдырап, күмілжіп қалған-ды. Ақырында қыз мұның жаңа көрші екенін пайымдағандай. Сергек сезімнің адамы секілді. Тек алтынмен әдіптеген зүміреттей тұңғиық көзі аясынан терең мұң табын да аңдап қалады. Ауыр тағдыры есеңгіретті ме екен? Тұрмыс тауқыметі де діңкелетпей қоймас...
Осы сәтте өзінің тұйыққа тіреліп, жіпсіз байланғандай күйін түйсінеді. Азырақ шыдап көрсек пе екен, дәл қазір қайда бара қоямыз деп тосылды.
Бертінде ашылған облыстық жастар басылымының жетекшісі әралуан себеппен біраз жұмыссыз қалып, ауылында жүрген тілші жігітке қызмет ұсынған-тын. «Маған орынбасар бол. Алайда үй мәселесі әзірге қиындау. Әйткенмен, көп ұзамай шешіледі», – деген соң салып ұрып жеткен беті ғой. Ал мынау – кезіндегі әріптес бауырының қысылтаяңда тапқан жері. Әлдебір танысының көптен босаған орны сияқты. Ол өзі ірге кеңейтіп, басқа пәтерге көшкендей...
Ертеңіне жұбайы мен қарындасы екеуі білекті сыбана кірісіп, бөлмені жуып, тазалап, эмульсиямен ақтап, жұмыртқадай қылды. Терезені жарқырата сүртіп, жаңа перде ілді. Еденге палас төседі. Төсек-жабдық, екі-үш орындығымен үстел, ыдыс-аяқ, шағын тоңазытқыш сатып алынды. Жұбайының:
– Көп байыздайтын орын емес. Кейінірек жөні түзу пәтер жалдайық, оғанша өзің жүре тұрарсың, – дегені көкейге қонды. Бұл да бір кезең оңашалықты теріс көрген жоқ. Әзірге шығармашылық шаруаға осы қолайлы шығар деді.
Көп өтпей «пятьсот веселыхтың» жай-жапсары айқындала түскен. Сөйтсе, бес қабат үй тұрғындарының жартысынан көбі арақ сатумен айналысатын көрінеді. Горбачевтің «сухой законы» орныққан соң ірі қала универсамдарында арақтың кезегі елу-алпыс метрге созылғаны мәлім. Оның өзінде тоғыз сом тұратын зәһарды жан басына екі шөлмектен ғана береді. Ал темекі атаулы, қалай екенін, дүкен сөрелерінен мүлде жоғалды. Есесіне қырық тиындық «Қазақстан» мен «Медеу» сигареті мынандай «қара базарларда» бес сомнан оңай табылатын. «Русская водканы» да он бес сомға қолма-қол аласың. Іздегендер арақ-шарап, шылымға қоса анашаны да осы жерден табатын сияқты. Міне, сондықтан мұнда жергілікті жұртпен бірге қанаттас Абай, Теміртау, Сораң, Шахтинскі шаһарларынан да шұбыратын тұтынушы үй тірлігін күні-түні қыз-қыз қайнатып жатады.
Журналист біртіндеп көршілерінің мән-жайына да қаныға берген. Сектордағы өзінен бөлек үш тұрғынның ең қарты – шүйкедей орыс кемпір. Жалғызілік. Солған жемістей әжім-әжім жүзі мен түбінде бір тамшы су қалмаған құдық іспеттес шүңірек көзіне қарап Октябрь революциясымен жасты-ау деп жобалап еді. Әлде сол төңкерістен бір-екі жас үлкен бе...

Кейуана дәлізге көп шыға қоймайды. Арагідік көрінген кезінде тұманда адасқан жолаушының алыстағы титтей сәулеге ұмтылатыны секілді, асхана бөлмесінің сатал-сатал әйнегі үміт отындай еліктіріп, сырахана маңайындағы ыбыр-жыбыр тірлікке телміре қарайтыны бар. Әлде біреулерін күдер үзбей көпшілік арасынан елегзіп іздей ме екен? Мүмкін қу заманның сұрқай сиқы үрейлендіретін шығар...
Тәптіштеп сұраған соң тілші жігіт Марфа есімді қырық бестердегі көршісіне бірталай жағдайын жасырмай айтқан. Отбасылығын, Қарағандыға не үшін келгенін түгел баяндады. Бұл әйел де, сырт кескінінен-ақ байқалатындай, ащы суға жуық болғанымен, келе-келе естілігі, қайырымдылығымен таңдай қақтырып еді. Адамгершілігі мол. Және жан баласына инедей қиянатының жоқтығына сай өзін төңірек түгел сыйлайды. Түрмедегі жалғыз ұлынан хат келген сәттерде қамығатыны болмаса, жайдары адам. Анда-санда қырықтардағы Еркін деген көңілдесі соғып тұрады. Ол дегенде Марфаның шығарға жаны басқа. Бүкіл үйдің «жамағатын» жусатып-өргізетін әйел сүйіктісі келгенде өкшесі жерге тимей зыр қағады. Тек тілші сол «Ерехасының» Марфаға деген қатынасын онша түсінбейтін. Үй-жайы бөлек адам мұны әшейін алдаусыратып, көбіне жеке мүддесіне пайдаланатын сияқтанады.
Кейде арқасына қалың шарф жамылып, етегі ұзын көйлекпен немесе балағы келте гүлді сәтен шалбармен жүретін Фая да баз-базда мышықайын құшақтап алып терезе алдында сырттағы өмірді қызықтап, ойланып отырар-ды. Ұлтын сұрамапты. Толық есімі Фаина ма, тіпті, Фатима болуы ғажап емес, осыны да қазбаламады. Әйтеуір, орысша сөйлейді. Марғауының да түсі өз әлпетіне сәйкес алажирен-ді. Оқта-текте иесінің қолынан босап, тік шаншыған құйрығының ұшы жел тербеген балауыз шам тіліндей сәл ырғала келіп, журналистің аяғына оратылады. Мұнысын Фая да теріс көрмеді. Сонадайдан мойнын қисайта қарап, күлімсіреп қояды. Бұ қыз, Марфаның айтуынша, өте жақсы адам. Балалар үйінде өскенімен, тумысынан бекзат. Қазір түрлі жағдаймен жұмыстан шығып қалған ба, әйтеуір, жолы кесіліп, күйзеліп жүрген тұсы. Тірлігінде жаңылыс басқан кезі аз еместей. Әрине, әрбір пенде баласы секілді мұның да қателесуге қақы бар. Неге жаңылысасың дей алмайсың.
Фаяның да көңілдесі бар дегенді етігенде бұл «е-е...» деп, кеудесін әлдене тырнап өткендей қабаржыңқырап қалады. Вован деген біреу дейді. Тәрізі, ол да әлдеқашан қырықтың қырқасына шыққан жан. Қыздың мына тұрып жатқаны да соның бөлмесі.
Фаяның ас үйде ұшырасқан сәтінде қасына таянып, «әңгіме айтшы» дейтіні бар-тын. Ашылып, ағынан жарылып сөйлескісі келеді-ау; бірақ бұл тайсақтап, сырдаң тартады. Ұзақ шүйіркелесуге мұршасы да болмапты. Газеттің қарбалас ісі алды-артқа қаратпай, диірмен қалағынша айналдырып әкетті. Әмбе ауылдағы үлкен шешелерінің қолында жүрген кішкене екі ұлын сағынады. Есі-дерті – соларда. Осылайша жүйткіген уақыт ырғағымен қас қарая сүріне жығылатын. Тамақтануға да шамасы келмейтін кезі жиі. Таң ата оянғанында үстел үстінде ақырын ғана тықылдаған сағат дыбысын естиді. Атып тұрып, даусын қосып, қайта жапқанынша баяғы радио:
– Раз-два, раз-два, три. Повторите за мной. Еще. Еще. Хорошо! – деп саңқылдап аэробика жаттығуларын жүргізіп жатады. Бұл:
– Хорошо так хорошо! – деп апыл-ғұпыл жуынып келіп, бір жапырақ нанға май жағып жеп, сыңар шыныаяқ шай ішіп алып редакцияға жөнейді. Ал демалыс күндері осы аралықта жұмысқа орналасып үлгерген келіншегімен жолығуға қарындасының шаңырағына тартады. Екеуі ауылдағы балаларының хал-ахуалын білу үшін телеграф үйін бетке алады. Өстіп қайтадан жазу үстеліне асығар еді. Жаңадан ашылған басылым қызметкерлері таптауырын сораптан қашып, мейлінше «тасадағы» жәйттерді ашуға тырысты. Өзі көбінесе тастанды сәбилер мен абақтыдағы әйелдер, жаңылыс басқан өзге де күрделі тағдыр-тәлей иелері, алғаш бой көтере бастаған рэкетирлер туралы қалам тартты. Осындай ізденісті ескерді ме, көп ұзамай облыстық жастар ұйымы мұны Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебінің екі айлық білім жетілдіру курсына жіберу туралы шешім қабылдаған. Жаңалығын Марфаға айтқанында, ол байғұс әпкесіндей бәйек болып, қатты қуанып:
– Жарайсың! Керемет оқиға! Тек Москвада тамақ қымбат көрінеді. Онда біздегі он сегіз тиындық бәліштің құны бір сомнан асады деп естідім. Күн көру оңайға соқпас. Сондықтан сен маған екі жәшік арақ алып кел. Тез арада айналдырып, жиырма сомнан сатып қаражат жасап берейін, – деді.
Кейде бұлардың да ас үйі у-ду жәрмеңке алаңына ұқсап кететіні бар. Ондайда сыраға бөккен көлденең қонақ дарылдап әнге басады, гүрсілдетіп музыка қойып, билейді. Анда-санда бұл да солармен саптыаяқ қағыстырып отырады. Көршілеріне сусын, балық әпереді. Осындай сәтте көзі сығырайып, Марфаның «еркесі» Ереха да жетіп келер еді. Өзінің атына сай қатты еркінситіні де рас. Жыртиып, кесірлілігі сұмдық. Бір жолы тыжырынып, алдындағы сыраны кері серпіп, Марфаға:
– Әй, мына «зәрді» сап-сары қылып қашанғы ішеміз?! Бар да, арақ тауып әкелші! Тапсаң, құмарыңды қандырамын, – деді.
Еркін әдетінше «Медеу» сигаретінің қорабын төбесінен жыртып ашып, түбінен шертіп қалғанында темекінің төрт-бес талы еденге шашылып түскен. Марфа тізерлеп, тоңқаңдап жүріп бәрін теріп алып, бір-бірлеп үрлеп, лезде жинап береді. Бұған қымбат шылымды да әперіп жүрген өзі ғой. Қу ішкілік қара қайыстай қатырып-семдіріп, инеліктей иіп тастаған бейшара көңілдесінің құшағына да зәру. Әйтпесе шағында мұның да айдай ару болғанын төріндегі фотосуреті әйгілеп тұрады. Қабырғадағы білектей бұрымы иығын жауып, жанары жарқырап, ақсия күліп тұрған жас сұлудың осы Марфа екеніне нанбайсың. Қазір сол кескіннің ізі де қалмағандай. Еркін болса енді оны аймалауы үшін ақы тілеп отыр. (Марфаны жүдете түскен баласының да жағдайы шығар. Жиырма бірде екен. Бозбала шағында шешесін ренжіткен біреуді буындырып өлтіріпті. Кейде бұған жылап отырып, ұлының хаттарын оқытады. Ол: «Көп уайымдама, мама. Әлі екеуміз бақытқа кенелеміз. Өзіңді дүниеде ешкімге теңгермей жақсы көремін» деп жазады).
Журналисті көпшілік жұрт бойдақ деп ойлайтын. Ас бөлмедегі отырыста отыз бестердегі бикеш:
– Көршің тәртіпті, жібі түзу жігіт тәрізді. Жасы нешеде? Менімен неге тұрмайды? Біздің үй ыңғайлы ғой. Әмбе таза, – деп құдды мұның билігі Марфада тұрғандай құрбысымен «ақылдаса» бастайды. Ал Марфа қайдағы біреуге қимады ма екен, әлгі әйелге сонша жақтырмай, ежірейе қарайды. Ахуалын білсе де, басының бос емесін айтпайды. Тіпті, бұл Ресейге біржола қоныс аударғалы жатқандай:
– Тапқан екенсің оңайшылықпен қолға түсе қоятын кісіні! Бұл жақында Мәскеуге аттанбақшы. Самолетке билеті де дайын, – деп төндіріп қояды.
Ақыры сөйтіп жүргенде «жұмбақ» Вованды да көрді-ау. Жалтырбас, сақалды адам екен. Тек мұның да нәсілін ажырата алмайды. Бидай өңді. Дембелше келген дәлдек танау. Бір қарағанда, малма тымақ, жуас секілденген. Қимыл-әрекетін пайымдап көрсе, есебі түгел қу. Атқаратын қызметі де осал еместей. Әлдекімнен жаңа көрші жайын естіген бойда жетсе керек. Келе төріне оздырып, қонақ қылып, шиша үстінде танысып, «тамырын басты». Бөлме жайнап тұр. Табанда – қалы кілем. Төбеде – абажадай люстра. Айнала сірескен қымбат жиһаз. Қолға түсе қоймайтын әйдік магнитофон... Жалтылдаған сувенир көздің жауын алады. Сезгір тілші мұның Фаяны «алтын торға» қамап, нақсүйер есебінде ұстайтынын аңдаған. Ойлағанындай-ақ, өзі де көп созбай «Фая – менің адамым. Аулағырақ жүр» дегенді сездірді. Бұл да қылтың-сылтыңға аса әуестенбейтінін, үйлі-баранды екенін айтқан. Анау сенгендей еді...
Көзінен зұлымдық оты ұшқындайтындай көрінді. Қасынан өткен марғауды қол сыртымен қағып жібергенінен-ақ рақымсыздығы білінген.
Вованды көршілерінің де онша жақтырмайтынын байқайды. Бірде дәлізде кемпірдің Фаяға:
– Құдай берген көркің бар. Ақылың да жоқ еместей. Жас өміріңді мына қуыста қор қылма. Өз теңіңді тап. Әйтпесе қартайғаныңды білмей, маған ұқсап не күйеу, не бала жоқ қаласың ертең сопайып... Анау қатыбезерді таста. Оның өз шаңырағы бар. Әшейін пайдаланып жүр сені. Қажет емес, – деп ақыл қосқанын бажайлап қалды. Фая үнсіз егіліп тұр. Өзі де біледі бәрін. Ең жанды жері. Басқа барар жер, басар тауы болмаған соң қорлыққа көнбеске лажы кәне.
Тілші осындай түрлі қысталаң, қайшылықты жағдайлар туралы өзі де талай толғанды ғой. Сыра дүңгіршегі бөлмесінің тура қарсысында орналасқандықтан, терезе жақтауына сүйеніп, жұрттың қимыл-қозғалысын талмай тамашалады. Соның бәрі – қаламға арқау. Пенде баласына тән қулық-сұмдық, алдау-арбау, опасыздық... Қызғаныш... Адалдық пен арамзалық арпалысының «көкесі» – осында. Масайған кезде осы тартыс күшейе түсетін секілді. Бір-біріне деген өкпе-нала, ашу-ызасы еселеп өршиді. Жасалған иттік еске түседі. Ескі жара тырналады. Аяқ астынан қан-жоса төбелес басталуы мүмкін. Кейде шыңғырып, әйелдер де жұлысып қалады. Ендеше еш қамсыз-мұңсыз деуге келмейді-ау бұларды. Және мың-миллион дүрмектің арасында жүрсе де мына ғаріп міскіннің бәрінің де жападан жалғыз екенін; бәрінің де көмескі бір жарыққа ұмтылып, өз бақытын іздейтіні жайында... талай ойланды.
Тақырыпты саусақтан сормайсың. Қала маңайы – бұрынғы Карлагтың орны. Қазір де біраз абақты бар. Содан жаңа босағандарды да осы төңіректен ұшыратар едіңіз. Спортта жолы болмаған соң амалсыз ішкілікке салына бастаған боксшылар, кеудесіне кек қатқан өзге де небір жаны жаралы ағайын сенделіп осында жүреді. Мәселе мәніне дендеп, сыр тарту үшін бір сәт солармен қатар отырып «дәм» татуыңа тура келеді. Кәдімгі қан майданның алғы шебіндей от пен судың жиегі. Дүние сарсаң. Қауіпті меже.
Кейін бағамдаса, «Дом 500 веселых» деген үйлер Одақтың түкпір-түкпірінде кездеседі екен. Қазақ мұндай орынды «жын-ойнақтың ордасы» дей салар ма еді. Бір ғажабы, милиция күресуге күші жетпейтінін біліп тартына ма, осыншалық азғындық-тозғындыққа көз жұма қарайтындай. Тіпті, кейде бұл жағдайға қатысты «Тимеңдер. Білгенін істесін!» деген өкіметтің құпия қаулысы бар ма деп те күмәнданады.
Фаяға жуи қоймағаны рас. Алайда бірде... екеуі жұлдыздар аясындағы алып әткеншекте қойындаса тербеліп жатты. Кеудесі бір басылып, бір көтеріліп, оттай денесі алаулаған ол талықсып, үздіге сыбырлайды:
– Қаттырақ қысшы. Тамағымнан сүйші!
Ең жақын жұлдыздың нұры екеуіне ғана төгіліп тұр. Биіктегі бұларды өзге ешкімнің байқай алмайтыны қандай жақсы.
– Қойшы, жігітің бар емес пе. Ыңғайсыз ғой.
– Ол менің жігітім емес, – дейді алабұртып...
Көзін ашып, есін жиса, бәрі елес екен. Мұндай масқараға қалай тап болдым деп қара терге түсіп, жүрегі аузына тығылған-ды. Сөйтсе, редакциядан түнделетіп шаршап келіп қисайғанында көзі ілініп кетіпті. Шам да жақпапты, ілгек те ілінбеген.
– Жүрші, менің қасымда отыра тұршы. Масайған біреулер есік қағып қоймайды. Қатты қорықтым...
Анадайда босағадан бетіне фонарь жарығын түсіріп тұрған Фая екен.
Кенет оны біреу арғы жағынан жұлқи тартып әкетті. Вован келген секілді.
– Ах-х! – деп қалды қыз.
Әлден мезгілде марғаудың қатты бажылдауынан түршігіп, дәлізге шықса, қожайыны Фаяның «сазайын» беруге кіріскендей.
Бұл жайда ахылаған, ухілеген дыбыс бірауық көшеге де естіледі.
Кей түндерде, тіпті, бүкіл үй ыңқылдап, ыңырсып тұрғандай көрінетін. Өйткені мұнда тән де сатылады. Кейбіреу жан-жақтан сол үшін де жиналады...
Мұның Мәскеуге күнібұрын билет алып қойғаны рас-тын. Әрі-бергі жолға жүз он екі сом көрінеді. Со кездегі орташа айлық көлемі. Бірақ жоғары мектеп курсы туралы сөздің аяғы біртіндеп сұйылды. Көп өтпей комсомол түгілі, Одақтың өзі тарап тынды. Жетпіс төрт жыл дәурен кешкен советтің де ғарасат сәті жетіп, кендір арқан қыл мойынға таяған екен де.
Қарағандыда бәлендей көп бөгелмепті. Әйткенмен, сол қысқа мерзім аралығында бірқатар тартымды дүние жазды. Оны кейбір республикалық газет дереу көшіріп басып жататын-ды. Ұнатқандықтан шығар.
Ұзамай орталықтағы жастар басылымы Алматыға жұмысқа шақырған.
Кетерінде Ленин портретіне қимағандай, ес білгеннен танитын күн көсемді аяғандай тесіле қарап тұрды. Бұ кісі том-том еңбегінде қоғамдағы неқилы келеңсіздіктің мән-маңызына бойлап бақты ғой; күндердің күнінде кейінгі «ізбасарларым» қаншама қан мен тер төгіп құрған мемлекетінің түбіне жетіп тынады деп пайымдады ма...
Әйгілі Рим империясының күйреуі қарсаңында да, қандай заңдылығы бар екенін, әлгіндей азғындық пен аярлық шырқау шегіне жетті деуші еді.
Фаяның ішпейтіні, темекі иісін ұнатпайтыны есіне түсті. Оның кереуетінің бас жағындағы шкафтан екі-үш шетел классигінің кітабын байқап қалған-ды, ендеше көп оқыған болып тұр. Өзі, содан неге тартына бердім, әлгі үйде, тіпті, әуелде сол үшін қалған жоқ па едім деп ойлап қояды. Шынында да, шамадан артық сыпайыгершіліктің қолайсыздық туғызатыны секілді, шектен тыс адалдықтан-ақ ақымақ болмадым ба деп күдіктенді. Одан: «Өй, қой, ардан аттау қай ұшпаққа шығара қойсын, осы өгіз-аяң тірлікке ештеңе жетпейді. Өзіңді алдағанмен, Құдайды алдай аласың ба» деген тоқтамға келеді.
Ал анау мышықайдың сонша мияулағаны не – жаны ышқынып, иесін қызғанды ма? Әлде қоймай зарлауы СССР деген алып елдің күйреуіне көрінді ме екен?
Бөлісу: