КӨКСІЛ – АУА ТҰРҒЫНЫ...

Бөлісу:

30.07.2025 3189

Элегия до # минор – өмір таусылғанда

 

Бір досым бар еді менің.

Ал оның жоқ екен досы...

 Ерлан Жүніс 

 

Сүбе қабырғамды суырып әкетеді, сонда өзің жайлы ішім боздап отырып сөз жазам деп ойладым ба екен, жаншығар дос!? Алматының бір шетінде, Боралдайда «Батыс» деп ат қойылған, күні батқандардың мәңгілік мекеніне келіп «Мақсот Ізімұлы 27.07.1960 – 9.07.2025» деген оқтың тіліндей қысқа жазулы тақтайшаңа қарап тұрып, жарқын сөздердің қалқасына жасырынған шын өмірің, шынайы тағдырың жайында ойға батып тұрам деп кім ойлаған?! Жат көше, жат үй, жат қалада «өлеңнің шертіп қылын бір, өзін өзі жылындырып», қалың топырақты тарс бүркеніп жатқан өмірдің өгей пендесі – бұл ғаламды өз еркімен талақ етіп кеткен жаралы жолбарыс – «көл-көсiрім, кермиығым, жезкигім, беу-беу, сөз түйінім» жайында айтарға қапелімде айналайын ана тілімнен сөз таба алмай қалып, екінші тілде былайша жазамын деп:

«Могила N... на одном из алматинских кладбищ. 

Здесь покоится Он. Сегодня сорок дней, как он умер, не дожив до 65 лет 18 дней. 

Тут явно не богемный «Кенсай-2», простой и скромный погост. Могила его расположена на краю обрыва; внизу, превозмогая брошеные тетрапакеты, силится набрать скорость слабый ручеек. Издали, внизу раскинуты серые силуэты заводских модулей, где собирают корейские авто. Справа от кладбища величаво высятся  горы Алатау, под сизым дымком смога – город, которого когда-то приехал завоевать Он, вчера ещё провинциальный журналист и начинающий писатель. Всё-же рядовой журналист, прозаик, переводчик, которого необъятнаяродина так и не смогла признать.

Как просто петь оды ушедшим. И камень немой навещать. Как сложно живых, надоевших, любить, принимать и прощать...» 

Әдетте, сөздің ретімен «Алланың қалауына өкпе жоқ» яки «Марқұмның бақилық екінші өмірі басталды» деп жатамыз ғой. Қайдам, о жақты көріп қайтып келген ажалды пендені көрмедік. Менің білетінім бір-ақ нәрсе: шымылдық түсірілді, сахна жабылды, енді ол адам марқұм. Шабаш, бәрі де бітеді. Кісінің өмірі біреу, жалғыз. Сондықтан болар, адам аунап кеткеннің соңында, артында қалған білетін жұрт іштері алай-түлей болып отырып, оның дүние тіршілігіндегі өмірін өзі білетін ескен желдей, көшкен селдей ғұмыр сәттерін біртіндеп, орайымен еске түсіріп отыратыны. Мен де сөйттім. Елу жыл кейінге ойша шегініс жасадым. 

 

***

1977 жылы әріппен сөз буындырғандар төңіректейтін журфактың есігін екінші рет тықылдаттым. Никольск базарына таяу универдің физфагының оқу корпусында емтихан тапсырып тұрмыз. Есіктің көзіне ентелеп, шүпірлеген топ іштен шыққан үміткерлерге сұрақтың бір-ақ түрін қояды: неше алдың? Біреуі көзінен ұшқын атып, енді біреуі көңілсіздене атап өтіп жатыр. Бір мезгілде, есікті серпе ашып, маңғұл қазақтары айтатын жойпан қара шықты. «Есіктен мұрын кірді, Есақамнан (Есенжол Қыстаубаев) бұрын кірді» демекші, жарылқаушы құдайым бас пен мұрын пазылымен жарылқаған-ақ екен өзін. «Неше алдың? Неше алдың?!» – жан-жақтан қарша бораған сұрақтарға жауап берместен бәрімізді қиғаштау біткен тұнжыр қара көзімен бір-ақ атты да, безіп жөнелді. «Құлады!» дестік бір ауыздан.

Шынымен де құлапты. Мен де – екінші рет конкурста жарты балл жетпей қалып, намыстан жерге кірердей болып елде қайттым да, екі жыл стажбен және партия қатарына өтіп, шшсс деп тістеніп, келер жылы қайта келдім. Студент ретінде тіркеу рәсімінде Темір декан – Темірбек Қожакеевтің маған студенттік билет ұстатып тұрып, «Бұл Тәжімұратов осы жерді құртқан қу ғой» деп кеңк-кеңк күліп күліп алып, соңында «Маладес!» деп қолымды қысатыны сол жолы ғой. Ал менің алдымда, әліпбилік тізім бойынша шақырылғандардың біреуін «Изимов дей ме?! Әй, осы сен ойғыр емессің бе?» деп қағытты (мұндай текті ат-есімді балаға ұйғыр халқы тағындыратынын біз қайдан білейік)... Көзімді уқалап жіберіп қайта қарасам, ойғыр пәмілді бала – баяғы қара жойпан. 

«Топырақпен сіңген достық еді ғой сіздердікі» деп, жаназасында балдызы Алтынзер айтпақшы, қанжығаласа қатар туғанымыздың үстіне екеуміз де терлігі терге мелдеген елдің тумасы болып шықтық. Мен үнемшілдеу, сықпырлау шеркеш, ол жаугершілікте найзасының ұшы алтын, ал жайшылықта жайсыз жатқан нәрсе-қараны «көрсетпей сұрап алып кететін» жіткірлеу ысық халқының адал сүт емген перзенті екен. Кейінгі бес жылда білгеніміздей, керісінше, қолындағысын сұңқардай шашып бөлісетін атымтай жомарттың өзі, хабитус бойынша бұғындысыз еркек, ер мінез жігіт. Және де, бір көргенге түсі суықтау ол іштесе келгенде нағыз мейірбан жүректің иесі болып шықты. 

Содан ба екен, екеуміз бірден бөлектеніп, бірге жүрдік. Сол күндері екеумізді толықша келген, аяғы жерсоғарлы бір жігіт үйірсектей бергесін, оны да жанымызға қосып алдық. Қазірде әукей боп кеткен, беталды мақтан сөйлей беретін, ол күнде жолдас десе етігін жүре сұғынатын Өлмесхан Болатбеков. Жаңақорғаннан, өткірлігі тас жарады, лауылдап жанып тұр – алдында коммунист деп топ старостасы етіп сайлаған менің орнымды тартып алып, комсоргтікке түсіріп тастады. Майлы, қайта жақсы болды, соған бола достығымыз үзілмеді. 

Бірінші курста Мақсот екеуміз студсовет Болатбек Омаровтың тізесі бата тиіп, жатақханадан қуылдық. Уақытында кастеляншадан төсек-орын алмай, жайдақ кереуетте түнеп жүргеніміз үшін (Өлмесхан әпкесінің Көктөбедегі жер үйінде тұратын). Пәтер іздеп кеттік, қара күз келіп қалған, берекет бергір осы Өмекең тап бір өзі далада қалғандай аяғынан таусылып жүріп, Комсомол мен Исаевтың қиылысқан бұрышынан бір бөлмелі пәтерден орын тауып әкелді. Жасында зияли әкесі репрессияға түсіп, өмірдің күйігі қаққан бейбақ апамызбен бір бөлмеде кампан болдық, оның жайын «Кәбиса жыл» эссемде мөлдіретіп жазғанмын. Ақыры қақаған қыста қуып шықты, тегін жалдап қойған Өміш риэлторымыз тағы да жалбырақтап-жалбақтап қаланың екінші қиырындағы «Алатау» колхозынан подвалдағы бір бөлме тауып әкелді, одан соң – «Горный гиганттағы» орыстың үйінің төле қабаты, сосын Көктөбеге барар жолда Заводская көшесінде, ең соңында Татаркада тұрдық, үшінші курста мен сол жерден үйленіп, бөлек кеттім, бірақ Мақсотпен, Өмішпен арамыз сәл алыстағаны болмаса, үзілген жоқ. Екеуі де мен үйленгенде, алақаншық боранға қарамай ит өлген жердегі Мақаттағы тойға мені алып келісті. Екеуміздің атымызды ажырату үшін Максқа «Сары Мақсот» дейтін ат тағындырып едім, ал кісіге жанама ат берудің нағыз шебері апам марқұм «Жырық Мақсот» деп кетті. Мұның да жайын курстасымыз Темір Құсайын туралы жазған «Ақ көңілдің ат-арбасы тозбайды» эссемде келтірдім. 

Бес жыл, Мақсоттың сөзімен айтқанда, «жарау атқа жайдақ мініп, шылбырды сүйретумен» өтті. Өміш екеуіміз лимонад ішіп мас болсақ, яки омарһаямшылап «мөлдір шарапты қасиетін ластамай» жұтсақ, Макс қанасынан тасып, гүлді кесемен төңкеріп, шалқайып, төстеп ішеді екен. Менің ес-жадым таңдамалы-талғамалы, яғни өзіне қажет емес нәрсені «жесткий диск» сақтай бермейді, бірде, «Ана тілі» газетінде жүргенімде баяғы Комсомол – Исаевта пәтерде тұрғанымыздан шығарып, алашшыл қайраткердің қызы Манал апай жайында жазбақ болып, көмекке Максті шақырдым. Ербекет-ау, кабинетімде бір-екі сағат отырып, сол күндерді қолмен қойғандай етіп айтып берді. Егер сол естелік болмағанда «Кәбиса жылым» ойлағанымдай шықпас еді. Кейін әлеужеліні ерттей бастағанымда, бір күні өзімнен өзім желігіп, студенттік шақтағы Алматының сыраханаларын жазғым кеп, тағы да көмекке Максты шақырдым. Мә, әңгіме-естелігімен тағы да бүткіл пивнушкаларды аралатып шықты. Әсіресе, біз ең жиі барып тұрған әйгілі «Шахта» – Коммунистік проспект мен Құрманғазының түйіскен бұрышындағы төле қабатта орналасқан сырахананы сүгіреттегені, күнде алдымыздан жымыраң қағып шығып, «Мальчики-одуванчики!» деп қарсы алатын швабдралы қызғын орыс апамыз, барда түксиіп тұратын не әзербайжан, бәлки бухар еврейі Мәмед жайында айтқандарын естіп, есте сақтау қабілетіне қабағат қайран қалдым. Жалпы журналистерге есте сақтаудан, зердеден, аналитикадан тұратын когнитивті машық тән ғой, ал бірақ Мақсоттың жады ұлан жасындағысын да ұмытпайтын нағыз феноменальды жад еді. Орыстар айтатын «Хороший друг знает все твои истории, а лучший друг помог тебе их написать» дейтін сөз осы жерде дәл

Оқуды бітіріп, жан-жаққа бытырадық. Ертерек үйленген мен Алматыда қалдым, бойдақ Өміш еліне қайтты, үйлене қоймаған Мақсот та жазғы тәжірибе өтулерінде бауыр басыңқырап қалған Оралға, облыстық газетке кетті. Бәріміз де бірден тәуір өріс алдық, өрге шаппасақ еңіске құлдиламадық әйтеуір. Әсіресе, Мақсоттың бірден айқұлақтанып танылған шағы Орал дәуірі еді. Облыстықта өткізген алты жылда ол құйылтып тұрып жазды. Сүйегiне сөз сіңген елдің баласы екенін танытты. Очерктер, (шын мәнінде көркем очерктік проза), фельетондар, ала-шоласында прозалық әңгімелер... Әсіресе оның «Көзің көріп, қолың ұстамасын», «Желке неге қышиды?» қатарлы фельетондық дүниелерін «Орал өңірінің» Есенжол Қыстаубаев секілді ардагерлері әлі күнге ауыздарының суы құрып отырып әңгімелейді. 

Сол еңбегі еленіп, көп ұзамай үй алды. Төңкеріске дейін салынған ескі, бірақ сүйегі берік, жазда салқын, қыста жылы екі бөлме кәделі мекен-жай. Айтқандай, үйленіп, балалы болғаннан кейін кірді ол пәтеріне. Өй, өзі де, Цой жырлаған «Күн есімді жұлдыз» еді ғой – харизма, магнитизм жетіп-артылады, Шархан Қазығұлдың ол туралы сүгіретті сөзімен жіберсем, «тестестероны сыртқа ұрып тұрушы еді». Үлкендеу «баталовтық» тұнжыр көздерімен қиялай қарағанда қандай қыз-келіншегің де парт етіп сынып қалатын. Дәлірегі, Ай астында арқыраған алшаңкер өр құлық, өпірем мінез жанына жетіп келгенде небір шу асауың қолтығының еті дірілдеп тұра қалушы еді-ау, жарықтық. Ақыры, әлгі арқыраған алшаңкері педучилищеде оқып жүрген Раисаға жетіп тоқыраңқырады...

Ол әлгіндей дершағында жүре тұрсын, ал комсомолдың орталық комитетінде жастар баспасөз құралдары секторын меңгеріп отырған маған сол бір күндері «Осы, досымды жаныма неге алмаймын, мұнда әдеби орта бар, кітап шығарып көзге көрінбей ме? Оның үстіне, редакция да қызметін өсірмей қойды ғой» деген ой түсті. Марқұм, сөзімді жерге тастамаушы еді, келісімін алған соң «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Есенғали Раушанов марқұммен сөйлестім, ол бөлім меңгерушілігіне шақырды. 1989 жыл болуы керек, ұмытпасам елін, өскен ортасын, отырған үйін қимай шегіншектеген Раисаны көндіріп, үйді өткізіп, қылтиып көрінген қос бүлдіршінін жетектеп Алматыға келді. Алматы –1-дің аржағындағы 1-Пятилеткада бір ойғырдың үйінде тұрды, одан орталықтағы Айсұлу Қадырбаева апасының бос тұрған пәтерін сағалады, ең соңында Жандосовтың бойындағы «Нұрлан» жатақханасын ұзаққа мекендеді. Келгесін көп ұзамай Одақ тарап кетті де, үй алып берем деген жоспарым іске аспай қалды. Үйсіздіктен, жоқшылықтан таспадай өріліп, тақтайдай сыдырылған жанбақы тірлікпен алысып бақты. Бірақ өр мінез марқұм сонда да тіс жарып, сыр бермеді. Мұндайда әйелге де көп нәрсе байланысты ғой. «Жаман қатын байына жалғыз атын сойғызар, жақсы қатын жолдасын жоқтан құрап тойғызар» демекші, Раиса марқұм еш сыр бермей, қыңқ деместен кетті. Кейде отырып ойлаймын, жылы орнын суытып, Алматыға алып келгенім қате болды ма деп. Оралдан кеткен соң жерден өкшесі көтерілген Антей сияқты көп ештеңе жаза да алмай қалды ғой. Әйтеуір жанының терең түкпірінде бір жоғалтулар басталғандай еді. О кезде қырық жамау, қырық пышақ жанының бұл астарына мән беріп қарамаппын. Досымның әмбеге дархан ақ жүрегінің аржағына үңіліп, Байдалы бише айтқанда, «Қайрат деген қыран бар, қайғыға тізгін бермейтін, қайғы деген жылан бар, өзекті шағып өрлейтін» деп әсте ойламаппын да. Сөйтсем, өмірдің оны еркелетпегені былай тұрсын, тағдыры қида-қида екен ғой. 

Ол кезде жамандық аяғынан шала қоймаған мен, мұның бәрін соң білдім. Бүркемей, ашықтап жазайыншы. 

2023 жылдың шіліңгір шілдесінде Атырау облыстық музейі ұйымдастырған этнографиялық экспедицияның құрамында Мақсот өскен өлкеде, Ойыл өңірінде болдым («Ойылұлы» дейтін бүркеншік аты содан шыққан). Негізі, туып-өскен жері Аққора, бұрынғы «Қызыл ту» колхозының бөлімшесі, Бүйректің құмының дәл кіреберісінде жатқан ауыл, Макс сонда бастауышты бітіріп, одан әрі кеңшар орталығындағы онжылдықты интернатта жатып түгескен. «Қызыл ту» бүгінде Жасқайрат ауылы деп аталады, Аққорамен екі араны су орып кеткендіктен ол жаққа бара алмадық та, Жасқайраттағы білетін үлкен кісілерді төңіректеп, сөз тердім. Өзі айтып отыратын Келдібай, Мұхтар сынып достары балықта жүр екен, Сая (Зоя) жеңгесін көрдім, одан оны-мұны ескі заттар алдық, «Мақсот берме деп айтты» деп, күбісін бермей қойды. Мені шалқамнан түсіре жаздаған нәрсе – сондағы бір үлкендеу кісінің әңгімесі (аты-жөнін ұмыттым). «Е, Мақсот өзіміздің ауылдың баласы ғой. Әкесі де осы жасқайраттық, руы шеркеш» деп бастап келе жатыр еді, сол жерде отырған ысық рулы бір экспедиция мүшесі, көбейгір қанына тартты ма, әңгімені бөліп жіберіп, әлгі кісіні басқа тақырыпқа қақпайлап әкетті. Мен құлап қала жаздадым. Ойпырмай, өмір бойына оны ысық деп келдік қой, өзінің де ылғи айтатыны – изык сарматтар, король Артур, онекі саңлақтың «үстелі», одан қалды – Қырғызстандағы Ысықкөл (Ыстықкөл емес), Талғардағы Ысық көлі (Есік көлі емес) һәм Ысық баба мазары, Ысық өзені, тағы басқа емес пе еді?! Ақыры, реті келгенде тағы бір сыныптасы, өздері Тхи дейтін Тыныштық Бисембаевтан әлгі әңгіменің анығын сұрадым. Біледі екен, әкесінің аты Баянғали деді, осы жердің тумасы, шеркеш, ертеректе Орынбор жаққа кетіп қалған, Мақсоттың анасына сол жақта жүріп үйленген. Сол арада Мақсоттың өз әңгімесі ойыма сап ете қалды. Әкемнің сойы Нұрмұхамедов, Орынбор жақта қалған, ағам болған екен, шешеммен айрылысқанда ол бесте, әкем алып қалыпты. Ал шешем үш жасар мені алып, елге қайтып келіпті деуші еді ғой. Өткенде Бақытбек Қадыр үшбу әңгімеге дерек қосты: бір жүздескендерінде Мақсот оған әкесін бір рет көргенін айтыпты. Сірә, Орынбор жақта, мұртты, тұжырып сақал қойған еңгезердей кісі екен, мен әкеме тартыппын деулі, бірақ маған ол әңгімені айтпады. Тхидің айтуынша, анасы келгесін Мақсотты төркініне (ысықтар) тастап, аудан орталығы Миялыға кетіп, сол жақта жаңадан тұрмыс құрған. Бір түсінбейтінім, әкесін үнемі іздеп отыратын, Орынборға барсам, әкемді таба алар ма екенмін деп менімен ақылдасып отыратын Макс әлденеге анасын бірде-бір рет аузына алмайтын...

Лермонтовты зерттеушілер оның жетім өскен балалық шағын, содан алған жан жарасын, психологиялық комплекстерін де ізерлейді. Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағында» да осындай жағдайлар жеткілікпен берілген. Әдебиетімізде Ақбергенге дейін де мұндай үлгілер болды, соның бірі де бірегейі –  Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» дейтін шағын сюрреалистік әңгімесі, дәлірегі, элегия. Рахаң бұл шығармасын өзінің кішкене кезінде пермінің үйрек-қазын судан өткізем деп жүріп қарасуға кетіп өлген анасы Шәменнің (Шәмсия) рухына арнаған. Мақсотпен осы шығарма жайында пікірлескенімізде ол «Мен де Рахаң сияқты жалғызбын ғой, мен де сондай бірдеңе жазсам (ремейк)» деп қалатын. Ал Рахаңдікі сыңар кіндік ұлдың өң мен түстің арасында жүріп, анасын аңсаған ұлы сағыныш, ұлы күйік, ұлы жалғыздық. «Ширек ғасырдан бұрын қызылөкше боп өскен қырына, кешкен кемді күн қызығына, шешесінің мұны тоса-тоса тозаң боп кете жаздаған моласына бір соға алмаған» жатбауыр жетімектің алақайғысы. «Расымен Жалғыз еді... Елегізіп аспанға қараған. Шексіздіктің шеруіне ылғи жалғыз шығатын Ай да айналаға күміс тозаңын төгіп тұрды»  – Рахаңның үшбу соңғы сөйлемдері Мақсоттың да кеуде қалтарысында үнемі бебеулеп тұрды десек, адаса қояр ма екенбіз?! Ол да Рахаң сықылды жалғыздықтан кейіпкерлерімен ғана сөйлесіп жүрсе өзі білсін. 

«Құдай сүйген құлын иә жетім қылады, иә жалғыз қылады, иә жарлы қылады» деген сөз бар ғой, соған екіұшты ғана сенемін, тіпті өтірік деуге аузым барады. Одан да қазақтың өзге бір даналығына – «Алтын құрсақ әйелдің ішінде бесігімен ұл жатады, арманда жүрген еркектің ішінде ат басындай шер жатады»-сына қол қойсам-дүр. Рахаң да, Мақсот та сырттай көптің қормал ішінде жүріп, «жалғыздық көрер жерім жоқ» деп өздерін алдаусыратқанымен, шын мәнінде болмаған балалық шақтарын ұмытам деп ұмыта алмай, ішті іріткен шер, жегідей жеп жантақтаған ойдан арыла алмаған күйі кетті.

 Өңге тірліктері –  бастарының ішінде өздеріне өздері әлденені дәлелдеуді маңызды деп тапқан бала көңілдің гештальтын жабу ғана. Карл Юнгтің бір сөзі бар: әр адамның ішінде тым қорқынышты, тым ұят, бәлкім тіпті өзін қорлайтындай әлдебір патологиялық құпия жатады және адам соны көзінің қарашығындай жасыра қорғаштаумен өтеді; әлгі құпия сырлар жерленген күйінде жатқан кезде, олар өз иесінің саналы өмірін әсте-әсте, бірақ табанды түрде улап, уын жаюмен болады. Құдай біледі деп айтайын, Рахаң мен Мақсоттың санасы «жалғыздық» дейтін сондай бір уға уланып өтті-ау. Өз тағдырларына өздері уланды олар. Осы тұрғыдан келгенде, ол екеуінің және Ақберен сияқты өзге де шығармашыл тұлғалардың өмірі – адам үрлеп, культке айналдырған ойдан шығарулардың емес, нағыз, болған жан жарақаттарын бастан кешкен (кейде құтылған, көбінесе құтыла алмаған) тұлғалардың біздің дәуіріміздегі психологиялық ғамалының (тәжірибесінің) сәулеленуі дер едік. Алайда, осынау зор жалғыздықты мен кезінде жеткілікті түсінбеппін. «Ағам бар еді мір тілді, / Жағам бар еді, жыртылды» (Сәкен Иманасов) деуден аспаппын. Құдайшылығын айтайын, Мақсоттың прозаны тастап кетуінің де себебін ұқпай, сол үшін де өзіне қатты ренжігенім бар. Негізінде, бір жағынан өнерлі – бар жағынан өнерлі демекші, Мақсот о баста жазушылыққа өлеңмен, эпиграммаларымен өріліп кірген сияқты. Тіпті мөлдіретіп салған картиналарын да осы қатарға қосар едім. Оралда жүргенде жазған усойқы памфлет-фельетондары, көркем очерктерінен, қаламынан кейінірек қорытылып шыққан «Көк көрпе қимылдай берсін» (Мақаш Тәтімовпен сұхбат), (Қасым Қайсеновпен интервью) сықылды таза журналистік дүниелерінің өзінен 1970-жылдарғы модерндік ұлттық прозамызға тән жоғары талғам, жетілген жазу ұшқын тастап тұрушы еді. Алғашқы прозалық жинағы – қоянның жонындай ғана «Аяқталмайтын әңгіме», кейінірек 2000-жылдары «Бедеріндей кестенің» деген атпен қайта жарияланатын болған кезде, көлемі баспа берген ауқымға жетіңкіремей қалып, мен отыра қап «Шындықты бірге іздескен» дейтін эссе жазып, соны алғысөз ретінде беріп едік. Әдебиеттің ірі өкілі туралы жазғаннан кішірек өкілі туралы жазу қиынырақ қой қайтсе де, бірақ сол жолы мені бұл міндеттің үдесінен прозашы Мақсот Ізімұлының қашанда қазақ жазушыларының кіші эпосы – ауыл тақырыбынан табылып отыратын стихиясы алып шықты. Соның ішінде, жинақтағы оншақты әңгіменің гүлтәжі – «Аяқталмайтын әңгіменің» пошымы қазақ насыр сөзінде үнемі кезіге бермейтін әңгімелесу драмасы, оның ішінде жалғыз кейіпкердің монологы болатын. Кәдімгі, Ойтаңның үйде отырып кеудесіне даналық жинаған көп қариясының біреуі, әңгімесінің арқауы –  туған ауыл, туған жер, сондықтан да оның айтарының түбі болмайды. Әдебиеттің теориясы бойынша кейіпкер ылғи ойланып-толғанып сентенция төге бермей, әрекет етуі керек. Алайда Мақсот кейіпкерінің әрекетсіз сөзі сөздегі әрекетке айналатыны сонша, оқыған кісіні еш жалықтырмай, елпең қақтырып отырады. Өңге әңгімелерінен де шымыр сюжет, шиеленіскен характер таба алмайсың, дегенмен, олардың әдеби-көркемдік тіні қалың, қарапайымдау ғана. Сюжет өте детальды, суреткерлік жағынан егжей-тегжейлі және соған шүбәсіз сенесің. Өмір шындығының өзі сөйлеп тұратын, идеясы образдардың өз табиғатынан туындайтын нағыз дала эстетикасы.

Мақсоттың сол қалақтай кітабындағы кәделі дүниелердің бірі – «Жол ұзақ еді, жер шалғай» әңгімесі кезінде жоғалып-табылған әңгіме. Мақсот, негізінде, Алматыға ауысқаннан кейін прозаик ретінде қатты өскелеңдеді, ой сабақтап, жазу машығы кәсіби деңгейге көтерілді, соның жемісі – «Ойтаң хикаялары». Қолжазба күйінде «Ана тілі» баспасына тапсырылғанының соңында, қаракезік қиын 1990-жылдары баспа жабылатын болып авторына қайтарып берілген. Сол папкіні Макс Рахаң ағасы екеуі «жүз қой айдап келе жатып», Алматының көшесінде алаулатып отқа жағып жіберген. «Кімге керек, кім оқиды бұл шатпақты?!» деп (бұл уақиғаның жай-жапсары менің «Кафка, Мақсот және алапат бір өрт» ныспылы катастрофалық эссемде суреттеледі). Бірақ, қария тауарих ғайыптан тайып, болашақ ұрпаққа бір әңгімесін сақтап қалған екен – сол ілгеріде айтылған «Жол ұзақ еді»-нің қолжазбасын Раиса марқұм үй жинап жүріп тауып алады да, тығып тастайды (кейін «Бедеріндей кестенің» кітабында жарияланды). Содан кейін-ақ Макс прозаны біржола тәрк етті. Біздің прозалық комьюнити бір талантты мүшесінен қапия айырылды, орнына жылдар аралатып, есейіңкіреп барып мен келсем де, осының өзі жанр үшін үлкен жоғалту еді. Ерболат Қамен ініміз қандай ұңғыт, менің жоғарыдағы хикаямды оқып шығып, «Мақсот ағам кітабының қолжазбасын өртеу арқылы энергетикасын тоқтатқан екен» деді. Осы сөз – сөз. Ойымша, проза ғана оның ешкімге бағынбайтын өр рухын ауыздықтай алатын еді, соны Макстың өзі қолдан құртты. «Ойтаң хикаяларын» жалынның сумаң тілі жалмағаннан кейін-ақ онымен бірге бойынан талант та, әдеби стратегия да қоса кетті. Құдай өзі берген талантын өзі қайтып алды. Не істейсің, бұл өмірде кісінің мінезі мен өмір салауатынан артық нысанаға дөп тиетін ештеңе жоқ. Мінез – адамның хас тағдыры. Нендей өкініш... 

Жоғарыда Ай мүйізді серкешім Оралда жүргенінде, судан шыққан сүйріктей шеркеш сұлуына мекіреніпті деп едім ғой. «Алғыншы алсаң ару ал» деп Абыл ақын қандай жақсы айтқан десеңізші, Раиса Макске күйеулерін жамандап, тағдырына шағынатын хатундардың сортынан емес, еркектің жоғын бар қылатын, барын зор қылатын сұрыптан жолықты. Жиреншеге Қарашаштың қазасын естірткен шақта, шешеннің сүйеніп отырған қамшысы сабынан шарт етіп сынып кетіпті – «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» дейтін мәтелдің шын қасіреті сондай. Раиса қатты ауырып, көруден қалып, соның алдында Мереке Құлкенов ағамыздың араласуымен Иманғали арқылы берілген пәтерлерін де көре алмай, қабырғасын сипап жатып үзілді. 

«Раисадай жардан айырылып, / Қанатың ерте қайырылып...» деп келетін Ғайсағали Сейтақ ақынның сөзі ащы рас, асыл жарының кетуі Мақсотқа өте ауыр тиді. Сырттан еді ғой, соның өзінде тіпті менің өзіме сыр алдырған емес, бір рет қана үйінде тұрып жатқан қарындасының ас әзірлей алмайтынын айтып, «Раиса тамақты мың құбылтып отырушы еді ғой» деп, көз жанары біртүрлі бұлдырап қалды. Бірақ маған айтпаған сырын Раисаның інісі Дархан Самиғуллинге  ақтарады екен, оны кейін Дарханның жазғанынан білдім. Келген адамға өзі салған сүгіреттердің ішінен Раиса екеуміздің портреттерімізді алып шығып көрсетеді екен және Раиса суретін көрсетіп тұрып, сағынышын жеткізе алмай, «Қандай алтын адам еді!» дейді екен. 

«Еркек бола тұрып бір әйелді бақытты ете алмадым»  – Рахаң айтты дейтін осы сөзді Темір Құсайынның да, Мақсоттың да адресіне бағыштауға болар еді. Рахаң осылай дегенде кейінгі Сәулесін айтты ма, әлде алғыншы Зинасын еске алды ма, ол шындықты ағамыз қара қабырғасының астында ап кетті. Десе де бір нәрсенің басы ашық болуы, ол – бұл үшеуінің де сабадан асырмас қайран өмірде әйелден, зайыптан жеңсігі тарқамай кеткендігі. Адами жылуға, нағыз, шынайы сүйіспеншілікке мейірлері қанбай, құшырлары сөнбей кеткендей болады да тұрады бұлар. «Нет женщин нелюбимых. / Невстреченные есть. / Проходит кто-то мимо. / Когда бы рядом сесть» дейтін өлең жолдары бар ғой. Сол айтқандай, Мақсот Раисаның орнын баса алмаса да, оған жақын келер адамды ұшыратқандай еді, алайда тағы да сол қарғыс атқыр мінездің – «дағыстански» мінездің үйлеспеушілігі... 

Мақсоттың денесі жатқан моргке келген Гүлшараны көрген Мұрат Қожамқұлов ініміз «Сол жолы жеңгейдің көзінен мөлтілдеген жақсы көру жасын көрдім» деп еді, мен осыған сенемін, себебі, Раисаның соңын үш жыл күтіп, Гүлшарамен бас қаусырғанында екеуін Алматының бағзалынан өз қолыммен аттандырып салған мен кейін онымен Астанада да бірнеше мәрте кездестім –  аңқылдаған жап-жақсы-ақ келіншек, бірақ не шара, бірге тұра алмады. Мұрат осыны орысша бір ауыз сөзбен түйіндеді: «роковая любовь»... Жазмыштан озмышы жоқ сүйіспеншілік дейміз бе... 

Белгілі шындық: кісінің жанында, маңайында қанша адам топырлап жүрмесін, ол іштегі алақайғысын, шерін бастан жалғыз өзі өткереді. Соның ішінде, «Ең тұрлаулы махаббат, сені... сені сағынам» (Жұмекен) дейтін жалғыз-ақ тұрлаулы сүйіспендік азабын да. Абай не деген терең «Тәңірі қосқан жар едің сен» деген. Мақсот та сол тәңірі қосқан жарына – үшбақиға асыққан сияқты ғой. Бір кезде, қателіктен, қолынан абайсыз ұшырып алған Раисасымен қайта қауышу үшін бір бағытқа – соңғы бағытқа билет алғандай болады да тұрады...

 

***

 

 Дәл есімде жоқ, қай жылы бір шаруамен Астанаға жол түсті де, қонаға Қосшыға, Мақсотқа бардым. Қашанғыдай ебіл-дебілі шыға құрақ ұшып қарсы алды. Былқытып асып қойған етін жеп, төсекті залға қатар салып, түнді таңға ұрып әңгімелестік.  Паоло Соррентиноның «Жастық шақ» дейтін фильмі бар. Философиялық драма, ескі екі достың өтіп бара жатқан өмірді, жасаған қателіктерін, сүйіспеншілік сезімдерін еске алулары және кәртейген шақтарын ойлап қамырығуы. Альпі бауындағы бай-бақуатты курортта жатып, екеуі осынау құс қанат ғұмырда не нәрсе маңызды екенін талқылайды, уақыт алға өңмеңдеп зулап бара жатса да адамның ішкі долығы өзгермейтінін айтады. Мақсот екеуміздің сол жолғы соррентинолық кездесуіміз соңғы жолығысуымыз екен, одан кейінгілері уатсаппен. Ондағы жазбаларымыз телефонымды соңғы ауыстырған 2022 жылғы 22 қарашамен басталады да, 2025 жылғы 18 мамырмен аяқталады. Қайтыс боларынан он сегіз күн бұрын соңғы рет жазысыппыз. 

Соррентино фильміндегі екі достың бірі зейнеткер, композитор, екіншісі әлі кино түсіруден қол үзе қоймаған режиссер. Ал менің телефонымның қатирасында сақталған Мақсотпен екеуара әңгіме-дүкенімізге қарасам, ол әлгі екеуінің алдыңғысы екен де, мен соңғысы сияқты екенбіз: ол жазудан қол үзген, мен болсам, керісінше, егдергенімде кержорғамды міндім. Бірақ жазысқанымда соны айтып жігерін жану яки өзің баптаған қыранның қауырсынын тұтатып қою үшін емес, оның боламын деп бола алмай қалғанының және неге бола алмай қалғанының себебін түсінбекке жазған тәріздімін. 

Сайып келгенде, біздің шамамыз жететін жалғыз іс жазу ғой, әлем біткен әлдекім болуға ұмтылып жатқанда ешкім болмауың, Құдай жарылқай салған анадай қабілет-қарымдарыңмен ортаңды ойып тұрып орын алмауың қалай деймін. Бұны не деуге болады деп қыжыртамын. 

Жасы келген кісі өзіне ермек табуы керек, дүние жүзінде дүз пайыз адамның ішінен сегіз пайызы ғана алпыс беске жетеді екен, міне, сен, шүкір, соған алқынбай келдің, енді бас қамшыны – 60-80 жас дегенің, ойбүй, сезімің мен ақылың қатар аттай шауып тұрған ең өнікті алтын шағың, дер шағың ғой. Аударма дейсің бе, оу, оның жанбағар кәсіп қой, ышқырдан бит сыққандай нәрсе және аудармаларыңда сен екінші, үшінші орындасың. Өзіңді көпке танытар әлеужеліге де ер-тоқыммен плотно отыруды қойдың, оқымаған әуесқой сүгіретші болғаныңмен, өз талғамың, өз ресурсың бар «мазняші» едің, кәсіби художниктер сені сол үшін де ұнататын, мен сендердің «мазняларыңды» онша түсінбеймін, ал сүгіретшілікті арнайы оқыған Бақытбек ініңнің (Қадыр) айтуына қарасам, соңғы жылдары, сірә, көңіл-күйіңе байланысты, бояуларың божыраңқырап қалыпты, одан қалды уақытыңның көбін айдаладағы бір үнділермен онлайн шахмат ойнаумен өткізесің. Ал айтшы, кәне, «Шахмат ойнау психологияға ойнау емес, күшті жүріс жасау» деп кеткен кім еді? Айтайын, өзіңнің пұтиең Роберт Фишер дөдең. 

Анау қарбыз бас, шоңмұрын, қаба сақал, жауқабақ, шомбал ер тұлғаңды көріп, талай кинорежиссер характерлі рольдерге таптырмайтын типаж екенсің деп өзіңе табан астында ғашық болып қалады. Ер Махамбет осындай-ақ болған шығар деп тамсансады, келіспей қойдың бірде-біреуіне. Аманхан Әлім марқұмға жазғаның сияқты пародия, эпиграмма өлеңдерің –  таза стёб, өзің тапқан бөлекше жанр, неге соны одан әрі дамытпайсың?! Кітабыма иллюстрация жасашы деп талай өтініш еттім, қолымнан келмейді, ұят болады кәсіби сүгіретшілерден деп одан да бас тарттың. Осы өзің, менің жазғаныма малта сорғандай тамсанып отырасың, ал сенің оқырмандарың анда-санда ошаң ете қалатын комменттеріңді оқып әлеммен сырласқандай болдық дейтін несі?! Менің жын-шайтандар жайлы «Ғайып әлем. Әдеби сублимация» эссеме фб-да жазған комментіңді көріп, менің өзім тегіс жерде тәйкемнен түсе жаздадым емес пе?! «Мәншүк» кітабымды, «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» повесімді қандай етіп редакциялап бердің, қаламы суымаған нағыз прозаиктің қолтаңбасы әліге дейін қарап тұр, демек прозаны әлде де өміріңе көзотаға етуге шамаң қаптал жетеді, т.б. деп мозгісін итеремін да.

Сондағы қарсы уәжі: өй, қазір жазудан пәтуа кетті ғой, бүгінде проза деп жазып жүргендері жаңбыр жауып өткендей ғана әсер, көшірінді дежавю. Осылай, қарсы шеп құрып алып болмай қойды. Мен де шарт-пұрт кетпедім, жалғанда жолдастықты, достықты сақтау қиын ғой. 

Сосын мынадай ойлар келді. Құс жеткен жеріне қонады дейді ғой, досым осы сарқылып қалмады ма екен?! Содан қаламынан ерқашты боп, кертабан жалқаулыққа түсті ме? Бәлкім, тіпті біреудің өскелеңдегені, өскені біреудің тоқтап-тоқырауына әкеле ме екен?!

Бірақ жалқаулыққа бой ұрып алды дейін десең, соңғы оншақты жылдың жүзінде етпеттеп жатып том-том кітап аударды ғой. Бір әйел айтады екен, күйеуім бұрын темекісінің күлін қасында жатқан менің құлағым ішіне түсіретін, темекіні қойғалы құлағым ішіне түкіретін болды деп, сол айтқандай, біздің Мақует жанына жолап кетсем, құлағым ішіне аудармамен түкіретін.

 Және соларында сөздің шұрайын табу, тілдің, аталымдардың ұғымдық мағынасын бұзбау, кенересін кеңейту бойынша көп еңбектенді. Осы жолда тіпті перфекционистке, оның ішінде түзелуден кеткен овер-очиверге айналды. «Павлик Морозовымның» жанрын айқындай алмай қиналған шағымда «хұснизән хикая» деген анықтауыш ұсынды, хұснизәні «көркем ой тоғысқан» дегенді білдіреді екен, құрсын, хикаяңды әзер қабылдап жүрген плебс хұснизәніңді қайтеді?! Немесе мен «болуы тиіс» деп жазсам, ал «болуға тиіс» деп түзетіп, соны дәлелдеп бағады. Онда тұрған не бар? «Жо, сен олай деме олай етсең біз де үйренген бір-екі нәрсесін болдым-толдымға балап, сөздің маңызын тастап, самалын алып жүрген «керосин» аудармашылар болып қаламыз. Бұлардың сырт көзге байқала бермейтін сауатсыздығы бар: әсіресе, бір сөйлемнің ішінде өткен шақтағы етістік пен ауыспалы шақтағы етістікті қатар қолданып, ығыр қылып жібереді», т.с.с.

О, хосподи! Cоны да cөз деп, оқып отырғанымда етістік тексеріп мені жын қағып па, жарайды, қолынан жазу келмегесін аудармаға кеткен біреу-міреу айтса түсінікті, ал мында – Мақсот Ізімұлы!.. «Жо-жо, сен тағы да олай деме, Мақсат Әнесұлы, сөзбе-сөз аударса саптағы солдаттай сіресіп қалады ғой, сөйтіп, стиль селкеулігіне ғана емес, ұғым (мазмұн) жұтаңдығына да ұрындырады», т.с. с.

Сұрағыңа қанша күш жұмсасаң, алар жауабың да сол жұмсаған күшіңе дәрежелес шығады дейтін физиканың ескі заңы бар ғой. Сол айтқандай, жоғарыдағы тәжіке кезінде досымнан жөндемі жауап ала алмауымның кілтипанын Драйзерді одан да асырыңқырап аударып жіберген Нора Гальға (Гальперина) жұрт осының неменеге керек деп жабылғанда, Нораның қайтарған жауабынан, көп кейін көзіме түскен сөзінен таптым. «Мен орыс тілінде жаман жаза алмаймын» депті тәржімеші өзін араша талағандарға. Бұл – мыйларында қан жетіспейтін шала-пұлаларға таланттың өзіндік реакциясы екен ғой. Мақсот та аударма өнерінде Нора Галь сықылды бөлектеу талант еді және осы жерде біз аударманы өнер деп әдейі нығырта айтып отырмыз – Мақсот Ізімұлы тәржіме ісіне мен ойлағандай кәсіп деп емес, прозаға қарағанындай өнер деп қараған екен ғой. Прозаны тастап кетуі де өзіне сенбеушіліктен бұрын оны киелі, қасиетті өнер деп ардақтауы болып жүрмесін. 

Мақсоттың жойқын еңбекпен жасалған үлкен еңбектерінің ілкісі 2002 жылы 10 мың данамен жарық көрген «Толковый словарь юридических терминов» – «Заңи терминдердің түсіндірме сөздігі» болуы керек. 

Мұнда құқық терминдерін орнықтыруға, сол арқылы тілдік-стильдік тұрақтылыққа жетуге, мемлекеттік тілді шынайы ресми қарым-қатынас құралына айналдыруға басымдық берілген. Терминдердің орысша-қазақша нұсқалары тізілген, әрқайсысының ғылыми анықтамасы, кәсіби түсіндірмесі келтірілген. Жалпы алғанда, соңғы отыз жылда Мақсот Ізімұлының қаламымен Фредерик Старрдың «Ұмытылған ұлылық. Орталық Азияның Араб шапқыншылығынан Әмір Темірге дейінгі алтын ғасыры», Юваль Хараридің «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы», Бертран Расселдің «Батыс философиясы», Лю Цысиньнің «Үш дененің жұмбағы», «Тас түнек» қатарлы ондаған еңбек қазақша сөйледі. Олар арқылы ол шын мәнінде Ұлттық аударма бюросы мен «Мазмұндама» жобасын тақырдан көтеріп, тұғырға жеткізушілердің бел ортасында болды және жүрдек қаламынан «Батыс Қазақстан облысы», «Құрманғазы», алты томдық «Қазақстан» сынды энциклопедиялар мен энциклопедиялық басылымдар түзілді. Бір ғана адамның шеберлігінің арқасында қаншама әлемнің есігі ашылды алдымыздан. Ала топылы ағайындардың сөзімен айтқанда дабдабабозликсіз, дабырасыз, бірақ күніге маңдай терін үгіп тынбай еңбектену, тау тұрғызғандай тауқымет. Ал енді соның өтеуіне не берілді? Дым да. Нөл глория. Тым құрыса төс белгі жоқ. Жазушылар одағының мүшесі ғана. Таммат тамам. Дәурен Берікқажыұлының «Ақтық сапар гүл құшақтап шықты ақын, / Шықпаған еш шетелге» дегені осы жерге дәл.

Мұндайда тым қарапайымдылық адамның өзіне қарсы жұмыс істейді деп жатамыз. «Өмірде жүзеге аспайтынды сұрап қыңқылдай бермеу, міне, бұл ең жақсы өмір – Хемингуэй» деп көсемсиміз. Ешқандай марапаттық регалийдің болмауының жалғыз-ақ себебі – жалтылдап, көзге түсіп жүру керек, кәделі жерлерден қалмау керек, маңызды контактілерге спирт жағып, жылтыратып тұру қажет, ал ол мұны жасамады дейміз. Нешауа, күндердің күні оны ғиззат-құрмет өзі-ақ іздеп табады, тек күту жөн. 

Бірақ Мақсот өліп бара жатса да ешкімнен атақ-үрмет сұрамайтынын бәріміз білетінбіз. Беріп жатса, бас тартпас еді. Мен солай деп ойлаймын. Ал өзінің бұл дүниеде бар екеніне кешірім сұрағандай болып, біреулердің алдына бару, өзін танып-мойындауды емес, жазушы, қаламгер атануына рұқсат сұрағандай бөтеннің алдында бас ию... жоқ, мұндайға біз білетін Мақует басын кесіп алса да бармас еді.

Еңбегінің жанбауын, еленбеуін, дәрпі шықпай қалғанын оның өзі ойламады деп кім айтты сізге? «Жанарынан былғанып үлгермей, бақиға кетіп қалатын баланы көретін едім» деп рухани інісі Дәурен Қуат жазғандай, ол шын мәнінде көңілін сезімге көбірек билететін үгілгіш, үгілмелі, тіпті арсысында боркеміктеу жан еді. Музасы неге тастап кетті? Сірә, арман қанаты қайырылып, арман түбі көрінгенде, өмірге өкпесі қабындап, тіршілік кешуден тауаны шағылып, сағы сынып барып, шаршап, өзіне мейірбандық таныта алмаған сол өгей шіркіннің жалына енді жабыспай-ақ қояйын деп шешті білем...

(Жалғасы бар)

Бөлісу:

Көп оқылғандар