«Құмыра пайғамбар» хиссасы

Бөлісу:

28.07.2025 2228

(Т.Әсемқұлов жайлы бір үзік сыр...)

 

«...Міне, көне тарихшылар «Арғы түріктердің патшалары ғалымдарға кітап жаттатты» деп елеусіз ғана айтып кеткен бір ауыз сөздің тасасында осындай сыр, осындай тарих жатыр. Тұтас кітаптарды жаттау, еске сақтау, әлемдік апаттың қарсаңында ғана пайда болған амал ма? Жоқ. Ұлаңғайыр кітапханаларды жадында сақтаған «Кітап-Адамдар» қашанда болған...».   

                                     Таласбек Әсемқұлов

Жер жаһанды түгел топан су басып, күллі адамзат баласының алтын қазынасы сумен бірге шайылып кеткен ақырзаман жайлы әпсананы бәріңіз де білесіз ғой. Қым-қуыт аңыздың бір шеті  қадым заманалар қабатында жатқан  Құмыра пайғамбар хиссасына тірелсе, енді бір сорабы Нұх пайғамбар есімімен етене байланысып жатады. Бұл жердегі топан суға қатысты адамзаттық апат Нұх пайғамбар кемесіне тікелей тиесілі болғандықтан, біз ең әуелі ол аңызды емес, ел жадысынан елеусіз қалған Құмыра пайғамбар хиссасы хақында  қысқаша  сөз шығындауды дұрыс деп санадық. Хикаяның қысқаша мазмұны мынаған саяды.  Ықылым заманда бір басына  он сегіз мың ғаламның бар білімін жинаған Құмыра деген пайғамбар болыпты. Елдің патшасы сол Құмыраны өзіне  уәзір етіп тағайындапты. Осы кезеңде елдің еңсесі мен мерейі қатар өсіп, нағыз гүлстанға айналыпты.  Күндердің күні болғанда, кесімді мезет толғанда  патшаның татар дәмі түгесіліп дүниеден озыпты. Сөйтіп, патша тағына оның ең кіші баласы жайғасыпты. Осы күннен бастап  Құмыраның басына қиямет күн орнай бастапты. Жас патша  тым ақылсыз екен дейді. Қасындағы уәзірлерінің қияс сөзіне еріп, Құмыраны небір сүргінге салып, ол аз десеңіз, жер астындағы терең зындан түбіне тастап, үстіне соқа жүргізіп, егін салыпты. Құмыра осылайша жер астында мың жылға жуық мекен етіпті. Ең қызығы, Құмыраның қолында  бір ішірткі дәрісі бар екен дейді. Соны бір иіскесе болғаны бір жылға жуық тоқ болып, еш тамақ татпай отырады екен. Осылайша күн артынан күндер өтіпті. Жұмыр жер  үстін небір зұлым хан мен сұлтандар билеп, елдің әбден шырқын кетіріпті. Бірде халыққа мынадай сұмдық нәубет келіпті. Елдің бәрі аяқ астынан су қараңғы соқыр әрі ештеңе естімес саңырау індетіне ұшырай бастапты. Анасы ұлын, ал ағасы өз қарындасын еш көріп, естімейтін болғандықтан, бүкіл қауым адам аузы барып айта алмас небір былық пен күнәға батыпты. Сол кезде ел ішінде халықтан қағаберісте жүретін, тек бір құдай деп жүрегін  жақсылыққа шабақтаған ізетті бір жан болыпты. Бір күні Жаратқан Ие сол жанның көкірегіне сәуле дарытып бүй деп аян беріпті: «Еліңнің мұндай кеселге ұшырауының басты себебін айтайын. Осыдан мың жыл бұрын бұл төңіректе Құмыра деген бір кемеңгер адам жасаған еді. Ізгілігі мен тазалығының айрықша белгісін айтайын, төрт тарап, он сегіз мың ғалам  ілімін білсе де ештеңені де білмеймін дейтін кішіпейілдігі еді. Сол сәруәр жанды  бір зымиян патша зынданның жеті жерінен құлып салып, жер астына тастаған еді. Осы қарияны қайыра жер астынан  шығарып, шын қадіріне жетсеңдер ғана  мына нәубаттан толықтай құлантаза құтыла аласыңдар. Әйтпесе іс насырға шауып, бәрің де жер үстінен тып-типыл біржола жойылып тынасыңдар». Айтқандай-ақ, аянда көрсетілген елдімекенді тектей келсе, шынымен-ақ қырық құлаш зындан ішінде қария әлі тірі отыр екен дейді. Құтыға құйған дәрісін соңғы рет иіскеп тауысып, өзі де өлер шақ мезетіне тақаған сәті екен. Осылайша Құмыра пайғамбар әзер дегенде жер астынан шығып, қайыра халқымен қауышыпты. Қарияның  келуімен халықтың  құлағы мен көзі қатар ашылып, елдің бақ пен берекесі артып, мол дәулетке кенеліпті.

 

*** 

 

Міне, қария тәмсілдің бір нұсқасында (вариантында) күллі дүнияның кітабын тауысқан кемеңгер, енді бір нұсқасында пайғамбар есебінде суреттелген хикаяның ұзын-ырғағы осы ғана. Оқырманға түсінікті бұл әпсананы қайыра қозғап, сөз шығындап отыруымыздың астары мынада жатыр. Әуелі, мәтін ішіндегі архитектоникалық жүйе құрылымын барынша анықтап, предметке сіңіп кеткен мәнді табу.

 Ілгеріде жазғанбыз. Бұл орайда тағы бір қаперлеріңізге сала кетудің еш сөкеті бола қоймас.  Біздің метафизикалық тағанымыз әпсана мен аңыздар, ертегілер мен хикаялар қабатынан тұрады. Кез келген ұлт аталған  осы құндылықтарынан тамыр үзіп, ондағы  жасырылған сырлар мен символдарға түсініктеме бере алмаған сәттен бастап, нағыз құлдырау кебін басынан кешіреді. Аңыз бен әпсана тек өткен шақ туралы өмірбаян емес, ол – адам нәсілінің махаббат пен ғадауатының жансебіл майданы барда онымен бірге туындайтын құбылыстың өзі. Біз де қазір аталған аңыз ішіндегі бір  кейіпкер ретінде өз рөлімізді сомдап жүрміз десек, еш  асыра айтқандығымыз емес. Бұл жағынан келсек, аңыз өткен шақ елесінен  гөрі адам мен қоғам ахуалының бүгінгі айнасы мен шын көрсеткіші десек те келеді. 

Айталық... «Ерте, ерте, ертеде бір тәкаппар әм мақтаншақ патша өмір сүріпті. Оның қыруар дәулетке ие өзі мен балаларын сөз етпегенде, бір есер інісінің қисабы жоқ қатыны, алтынмен апталып, күміспен қапталған небір зәулім сарайлары болыпты. Оның бермесіңді тізеге салып тартып алатын ожар қылығына қай мықтының болсын жүрегі дауалап,  еш қарсы келе алмаған көрінеді.  Әгәрәки, кім де кім бетіне жел болып тисе, ол жазғанның шыбын жанына ешкім де араша бола алмаған екен». 

Дәл қазір  ақ қағаз бетіне осылай етіп дерек түсірсек, бұл енді қып-қызыл өтірік пе? Айтыңызшы, бұл  аңыз да, әпсана да емес, нағыз ақиқаттың өзі ғой. Бұл отыз жыл бойы  (біздегі) ел билеген әулеттің әрекеті мен әуресі еді. Біз отыз жыл бойы осы аңызды өз көзімізбен көрген кейіпкерлер болдық. Керек десеңіз, отыз жыл бойы осы аңызды бірге жасастық десек те болады... Жарайды, бұл патша әулетінің тасыған мейманасы мен өз әуресі дейік, ал қарапайым халық ше? Оның рухани ахуалы нендей жағдайда еді?

Ендеше Жак Дерриданың деконструкция тәсілінің негізінде аңыз астарындағы шөгінді шындықтарды тағы бір қозғап, ықылым замана қабатында қалған қария сөз сынықтарынан бүтін бір мозайка құрастырып шығарар болсақ, аңыз астарындағы «ақиқаттың» мүлде басқа екендігін көреміз. Ол Құмыра хикаясында баяндалғандай сөзсіз соқырлық пен кереңдік індеті еді. Сонымен бұл нендей соқырлық пен кереңдік болды. Енді соған қарай жылыстап көрейік.

 

Эсхатология немесе 1990 жыл

 

1990 жыл. Ақыры алып империяның аяғы көктен келді. Империя емес-ау, тұтас кеңес адамының үміті мен сенімі биік  құз басынан құлады дегеніміз әлдеқайда дұрыс секілді.  Рас, сол кезеңде коммунизм идеясы табынушы икона елесінде еді. Енді сол сенген идеямыз қасқырға жем болған  ит құйрығындай қарға шаншылып, мазақ пен келекенің нағыз өзіне айналды. Дәл осы сенген үміттің дәрменсіз әрекетіне кеңес адамы ішқұса болып қатты қапаланды.  Ел ішінде жаппай хаос орнады.  Мен бұл жерде совет адамы бұған дейін (майрағай да тайрағай) ғажайып өмір сүрді деп отырған жоқпын. «Аузымыздан ақ май ағуға аз ғана қалды. Сәл шыдасақ, нағыз жұмақ орнайды» деген балаң сенімнің тас тиген әйнектей талқан болғаны жайында ғана айтып отырмын. 

Үміт – өмірдің екінші аты. Оның күйреуі мен қирауы адамзат баласы үшін  ақырзаманға пар. Енді сол «ақырзаман» аспаннан құлаған алып тас я алапат жер сілкінісінен емес, адамның өз қолымен жасалды. 

Әрине, пенде баласы үшін ең ауыры да осы-тұғын. Сол кезде шыбын қанатынан да құнсыз адам ғұмыры мен қисапсыз орын алған  ауыр қылмыстарды,  бастысы, рухани мағынасыздыққа ұрынған сана ішіндегі ұлы дағдарысты сөз етсек, біраз жерге баратынымыз анық. 

Бұл аянышты ахуалдың реалды көрінісі режиссер Серік Апырымовтың «Ақсуат» (Қиян) фильмі арқылы кадрде аз да болса бедерленгендей болды. 

1990 жылғы ауыр ахуал әлеуметтану ғылымында толыққанды зерделеніп, ғылыми баға берілді десек, мұнымыз енді қып-қызыл қиянат болар еді.

Осылайша, жыл артынан жылыстап күндер өтіп жатты...

1993 жыл. Қыркүйек айы. Жабағы бұлт жөңкіген күздің жауынды күндерінің бірі болатын. Біз Баян-Өлгей топырағынан Атамекеніміз Қазақстанға  қоныс аудардық. Келген жеріміз – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қара үңгір қыстағы. Екі жыл ен далада совхоз малын баққан біз енді қырдан ойға қарай жылыстап ел ішіне кірдік. «Көгедай» ауылына қойылған бұл атау біздің арғы ата-бабамыздың есімі-тұғын. Атамекен деп асықтырып, ат басын бұруымызға осы бір есімнің көп әсері болды десем, еш артық айтпаған болар едім. Бәлкім, қан тартты, аруақ жебеді, біздің үй дәл осы ауылға келіп біржола мекен тепті. 

Міне, қызық содан кейін басталды. Біз тау мен сайын далада еркін жүріп ештеңенің де байыбына бармаған екенбіз. Сол кездегі Қазақстанның кез келген ауылындағы ахуал Серік Апырымовтың «Ақсуат» фильміндегі жағдайда еді. Жаппай жұмыссыздық, ұрлық пен қарлық,  араққа кеңірдегінен мелдектеп кесел іздейтін азамат,  міне, осы көріністердің  бәрін ойлап кетсем, әлі де жаным жабырқап кетеді. Біз бейне бір апатты жерге келген адамдардай едік. Сол кездегі шеттен келген қазақтың ішкі жанайқайы мен қос көзіндегі кіреуке мұңы менің есіме әйгілі таэквондашы Мұстафа Өзтүріктің әлемтапырық жүзін есіме салады. Мұншалықты үрей мен қорқақтық қарақұрдымына жұтылған  болмысқа шынымен-ақ қайран едік. Бұл енді ешқандай да табалау емес (Керісінше, кеше ғана қаңғырып келіп алып, бүгін кесек турап отырған түріңе болайын деп өкпе сайласаңыз тағы да өзіңіз біліңіз). Қайталап айтайын. Бұл келеке емес, керісінше түсіну мен мойындауға тән табиғи сезім еді. Бұл үш жүз жыл бойы бодан болған халықтың өз болмысынан айнып, шықпаған шыбын жаны қалған қуыс кеудесінің қамырықты көрінісі еді. Оқиғаны қолдан құрастырып еш нәрсені жалған жазып отырған жоқпын. Сол кезеңде бір мемлекетті айтпағанда, бір аудан көлемінде жасалып жатқан ірілі-ұсақ қылмыстарда еш қисап жоқ болатын. 

Осы орайда бір түйір ғана мысал келтіре кетейін. Небары сегізінші сынып оқитын мектеп оқушысын зорлаған қылмыскер оның  қой ауызынан шөп алмас ата-анасына бар-жоғы бір бұзаулы сиыр беріп, істеген қылмысынан құлантаза құтылып кетті (Сонда тоқсаншы жылдары адамның ары мен құны бір бұзаулы сиырға дейін құлдырады дейміз бе, не дейміз мұны). Кейін әлгі адам (қылмыскерді айтамыз) көп ұзамай  қарасын батырып қалаға тайып тұрды. Айта берсек, жазуға қолың, ойлауға жүрегің дауаламас мұндай дүниелер шынымен-ақ көп еді. Мұның бәрі жоғарыда жазған Құмыра пайғамбардың  адамдықтан аттаған ел-жұртының бейне бір  қайталанып, қалып алған көрінісі-тұғын.

Осылайша, аңыз ішінен балалаған аңыз араға ғасырлар салып, қара жер үстінен  қайыра қылаң берді десек те болатындай. Тоқырау мен үмітсіздікке толы 1990 жылдардың рухани дағдарысының әлгі  Нұх пайғамбар топан суынан бір мысқал да кемдігі жоқ болатын. Топан су не, тұтас түнек шеңгелдеген рухани су қараңғылық не бәрібір емес пе? Ал қиратқыш, кембағал санамыздың қылмысына сөз жетпейтін. Қызық, сап-сау тұрған тамаша ғимарат енді бір айналып келгеніңде  тамтығы қалмай үлкен үйінді болып жататын.

Ауылдың алма бақтары мен абат жерлері бомба түскендей бір-ақ күнде жайрап қалды. Енді мынаны қараңыз. Есігі қопарылып, төбесі  ортасына түскен мәдениет үйлері мен кітапханалар ішінде күн ыстығынан үйездеп ауылдың сиырлары тұратын. Айтыңызшы, кітапхана мен мәдениет үйінің мал қораға айналғаны қалай десеңіз де  ақырзаманға пар қасірет қой.

Бұл, шынтуайтына келсек, кітапхана мен клубтың емес,  кісілігіміз бен ішкі мәдениетіміздің де тұтас төңкеріліп, тыржалаңаштанып қалғандығының шын көрінісі еді. Испанияның азамат соғысында толассыз бомбаланып қатты күйреген Герника қаласына қатысты  Пабло Пикассоның әйгілі туындысы бар. Сол салынған «Герника» суретіне қатысты немістің әлдебір оқалы офицерінің: «Мынаны сіз салдыңыз ба?» деген сауалына ұлы суретшінің «Жоға, оны салған сендер ғой» деп ащы кекесінмен жауап қататыны бар еді ғой. Дәл сол секілді осы бір  аяр көріністер біздің  кембағал санамыз салған сүркей  «суреттер» еді.

...Содан кейін ел ішіндегі саяси әрі рухани дағдарыстың салдарынан болар, өмірдің баянсыздығын (эсхатология) бетперде етіп, молдалар қауымы мінбеге көтерілді. Ел бақсы-балгер жағалап шын тентіреп кетті. Осылайша қараша халық бұл үмітсіздік пен мағынасыздықтың орнын арзан қиялмен болсын алдарқатқысы келді. 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басы шынымен-ақ жалпы жәмиғаттың дінге жаппай мойынұсынған мезеті болды (Оның ішінде өкірген молла есебінде өзіміз де жүрдік). Осы шақтарда тоңған кеудемізді жылытатын бір үміт сәулесі жүрегімізде бүр атып оянғандай еді. Ол не десеңіз, тәуелсіздікке деген халықтың ішкі құрметі мен шын ынтызарлығы еді. 

Ал ары қарай отыз жылдық ғұмыр шежіресі қалай жазылып, қалай өрістеді, мұның бәрі түп-түгел сіздің де көз алдыңызда өтті. Кейде маған сол бір 1990 жылғы үмітсіздіктен туған эсхатология елесі біздің санамызды әлі де кезіп жүргендей болады да тұрады. Оның өзіндік себептері де жоқ емес еді. Ол сана түкпірімізді аш қозыдай  айналсоқтап неге түртіншектей береді? 

Сондағы қалыптасқан теріс констатация неліктен орын алды, оның бүгінгі біздің жадымыздағы бейсана әсері қандай? Біз бұл сұрақтарға әлеуметтік  баға беріп, саяси иллюстрация жасап, одан толықтай арылуға кешенді шара қабылдамақ тұрмақ,  айтудың өзінен ат-тонымызды ала қаштық...

Неге қаштық?  Бәрі де түсінікті деп ойлаймын. Бұған отыз жыл бойы исі қазақтың  көзін «нұрға» қарлықтырып, рухани зағип жасаған оспадар қоғам аталған кемшіліктерге ем-дом жасамақ тұрмақ, ойлауға мұрсат бермеді емес пе? Өйткені «нұрлы» заман дәуірінде бізде бәрі де ғажап, бәрі де гүлстан-тұғын. Ал әлгі тоңған кеудемізге түскен ұлы үміт сәулесінің күн санап күңгірт тартқаны жайында ойлап кетсем, қарадай зығырданым қайнап,  көзтостағым жасқа шөпілдеп кетеді…

 

         «Кітап адам...»

 

Жоғарыдағы жайдың бәрі осы бөлімнің әлхиссасы үшін ғана айтылып отыр. Әрине, тәуелсіздіктің алаң-елең шағындағы бастан  өткерген ахуал ауырлығын  оқырманға жіті сезіндіру үшін де осы бір  кіріспе бөлімді жазуға шын мәжбүр едік. Мақалаға себепкер – эрудит қаламгер, жан-жақты талант иесі Таласбек Әсемқұлов.  Кейде осы кісінің өзі де ұлы сәуегей жан ба деп ойлап қаламын. Ол бір жағынан өз тағдыры мен мақсатын ақ қағаз бетіне саналы түрде бәдіздеп кеткенге ұқсайды. Мұны айтып отырғаным, автор «Аңыз жайындағы аңыз» атты көлемді мақаласында Құмыра хикаясы жайында оқырманға мол дерек қорын ұсынған екен. Бұл маған бейне бір қаламгердің өз өмірі  туралы айтып отырғандай әсер еткендігін де еш жасырғым келмейді. Бір жүздескенімізде «Қисапсыз көп оқыдым. Көзімді кітапқа, құлағымды қария күйге беріп  әбден тоздырдым» деген еді жарықтықтың өзі. Осы сөзінің өзі бейне бір Құмыра жолын  жүрегімен таңдап, оған тағдыр-тәлейі ретінде шын мойынсұнғандай көрінетін. Мәселе адам есімінде емес,  миссияда ғой. Ол не үшін мұншама көп оқыды? Не үшін «Кітап адамға» айналды? 

Меніңше, жер бауырлап қалған ұлтының  кісілік пен мәдениеттен кеткен есесін өз тұғырына қондырып,  жаңа сана ағысына тән формация үлгісін қалыптастыру үшін. Құмыра, бәлкім, біз ойлағандай адам есімі емес,  астары мен айтпағы бар жасампаз идея болуы да мүмкін. Бәлкім, жеті қат жер астына түсіп тұншыққан ұлт рухының  ішкі  бұлқынысы да болар. Сол намыс мен кие бір кездері сүркей заманнан үркіп тарих парағына тығылған десек, ендігі келер екінші Құмыраның да  кітап культінен жаралып, әлгі кенен қазынасын арқалап, қараша халқымен  қауышары айдан анық еді. Міне, осындай алтын қазынасын адами құндылықтармен суарған сәруәр білімге біздің қоғам шынымен-ақ зәру еді. 

Бірақ реалды өмірде XXI ғасыр өз күнтізбесін көрсетіп  тұрғанымен, сана көрсеткішіміз орта ғасырдың  құй-батпағында еді.  Қос-қостан қатын алу... Асаба айқайлатып, оны дүрілдетіп тойлау... Атақ пен алғысхаттар жарысы... Міне, Жаратқанмен де жасырынбақ ойнауға бір арланбайтын, жасанды нұрға көзі қарлыққан меңіреу қоғам қай Құмыраны болсын бұл кезеңде еш танымас  еді. Таныды дегеннің өзінде шын нарқына бойлап жетпес еді. Осы ахуалды М. Лермонтовтың «Құрт ұялып еш қорықпай, Ер бетіне салды ойнақ» деген жалғыз-ақ ауыз өлеңімен суреттеуге болады. Сөйтіп, осынша кенен білімі мен керемет өнері бола тұра кейіпкеріміз де  Құмыра кермегінің ащы запыранын тартты. 

«Талтүс» романында бір кейіпкердің: «Адамның шын бағасын біліп айтқан сөз еш мадаққа жатпайды» дейтіні бар еді ғой. Сөз жоқ, тамаша пайым... Сонымен Әсемқұлов әлемінің сыры қандай? Біз бұл жазбамызда Таласбек есіміне көзсіз табынып, мадаққа май тамызғалы отырған жоқпыз. Тұлға танымының мәні мен мағынасын зерделеп, «содан тапқан шын асылымызды» оқырман қауымға ашалап айтсақ дейміз. Міне, бар діттеген мақсатымыз да осы. Оның әрбір жазбасы жоғары шек пен биік дәргейге пар. Арзан айқай мен жалған эмоциядан ада парасат ішінде жетілген жазуы Құдайға жақындаудың жүрегіңе төселген бейне бір жайнамазы іспетті. Ол жазған дүниенің осалы аз.  Мұның себебін автор «...Жаман жазу – Тәңірінің алдында кешірілмес күнә»  деп түсіндірер еді. 

Таласбекті оқығанда жетілген шындық пен биік өре жайында көп ойланасың. Әр жазбасын парақтай отырып, жаныңды шабақтаған  ауыр ойларға жауап іздейсің. Сонымен әр адамның өз шындығы мен дербес танымы болады десек, әлгі «шындық» атулыны адам қандай  өре мен талғамда пайымдайды, міне, мәселенің бәрі де соған ғана байланысты екендігін ұғасың. Қиянат пен әділетсіздіктің о басында бөгде біреудікі секілді болып көрінгенімен, оған дер шағында тосқауыл  етпесең, енді сол қиянаттың сенікі болып ауысып кететінін түсінесің. Демек, шындық пен дербес көзқарас атаулы тұлға талғамына қарай ұдайы түлеп, түрленіп отырады деп байлам шығаруға болады. Автор өнер мен эстетика тақырыбы аясында үздіксіз толысуға тән осы бір жетілген  талғам мен өре жайында көбірек жазды. Бұл талғам тезімен қарасақ, дүниенің бәрі адамның ішкі рухани түлеуіне қатысты. Себебі дүниені көз емес, көкірек бағамдайды. Әрине, бұл жердегі мәселе бір заттың  есім-сойы мен атауы хақында емес,  ішкі мәні мен мазмұны турасында. Адамға жетілген жазу да  кейде ғибадат орыны іспетті. Өйткені пенде баласы ғажайып бір сөйлемнен, я салынған ұлы сурет туындысынан шын ләззат алса,  жетілген құдайшылық пен нағыз  кісілікті де  осы өремен бағамдауға болады. Бір ғана балама пікір келтірейін.

 «...АДАМ ЖҮРЕГІНЕ ЖАЗЫП ҚОЙҒАН ҚҰДАЙДЫҢ ӨЗ КІТАБЫНДАЙ ШАРИҒАТ КІТАБЫ БАР МА?»  Француз жазушысы Бернарден де Сен-Пьерден Лев Толстой, ал Толстойдан Әлихан Бөкейхан тәржіма еткен осы сөйлемнен артық дүниеде нендей ақиқат болуы мүмкін? 

Айтыңызшы, адам кеудесіндегі зар мен наладан артық Құдайдың қандай «аяты» болуы мүмкін? Алланың ақиқаты – заманның шындығы... шыбын жаныңның шыңғырысы...

Адам кеудесіндегі нағыз төл, түпнұсқа  Құран осы ғана. Бөгде болмысқа тән  басқа халықтардың өз аяты мен ақиқаты  жайлы ештеңе де айта алмаймын. Дәл қазір менің туған елімнің сөйлемеген тілі, жер бауырлаған рухы, меңіреу билігі «хадис» пен «аят» есебінде. Себебі шыбын жанымның шыңғырып, қан жүрегімнің қиналғандағы күбірі мен сыбыры тек осыны ғана меңзейді. Жүрек сыбыры  қашанда аятқа пар.

Демек, қос құлақты қағып тәу етер құбыламның шын «Қағбасы» да  осы деген сөз. Неге мен кеудемді қарыған өз шындығыммен емес, өзге шындыққа тәу етіп, тасбих тартуым  керек? Неге мен өз еркіндігім мен бостандығымды «елбасы», «көшбасшы» іспетті жарымжан, жасанды ұрандар әміріне билетіп, өзімді көсемге мойынсал  құл мен күң есебінде құлдыратуым керек.  Ұлтымның ақиқаты (аяты) – оның отар санасы мен жаншылған рухының үні. Одан  арашалап алар нағыз  «пайғамбар» – төл танымнан жаратылған  азат зердемнің  айнымас мінезі  ғана. 

Тағы да қайталап айтайын... Мен үшін бостандықтың бір жұтым ауасы пайғамбарлыққа пар. Әрине, ол үшін де рухқа естияр білім мен жетілген парасат керек. Сол рух пен ұжданды ұдайы шынықтырып отыратын ізетті жазба керек. Неге дейсіз ғой? Себебі біздің өмірде бар, тірі екеніміз, ауа жұтып топырақ қозғаумен ғана емес, ойланумен, ізденумен үнемі өзгерумен ғана анықталмақ.  Міне, сана сілкінісі дейсіз бе, жетілген жазу дейсіз бе – осының бәрі Таласбек танымында тұр.

Фридрих Ницше бір жазбасында: «Мен – жүрек пен ақылға қойылған бомбамын», – депті. Осы жердегі «бомба» түсінігінен балалап  шығады ғой. Бала кездегі басынан кешірген бір оқиғасына қатысты Таласбек Әсемқұлов бүй деп сұхбат беріпті: 

«...Мен өте ізденгіш бала едім. Аммиак селитрасы деген болады. Соны керосинге қосса, бомба болады екен. Оқып, таңғалдым. Бір күні балалармен ауылдың сыртындағы қоймаға барып тығылмақ ойнадық... Байқап қарасам, қапқа формулалар жапсырылған, «аммиак селитрасы» деп жазылып тұр екен. Былайша айтқанда, ауылдың сыртында жүздеген тонна бомба жатыр. Шүберек тауып алып, аммиак селитрасынан бір келідейін салып алып, үйге әкелдім. Үйде бір мал дәрігері тастап кеткен шағын ғана ағаш қобдишада кішкентай кір тастары бар еді. ...Сөйтіп, 98 грамм селитра өлшеп алдым да, 2 грамм керосинді, дәл энциклопедияда айтылғандай өлшеп алып, екеуін қосып, араластырдым. Қып-қызыл бірдеңе пайда болды. 

...Ауылдың сыртына барып, жарды ұрып-ұрып ішіне бомбаны салып, атып жібергенімде жер солқ ете қалды...» 

Аталған оқиғадан соң артына үш әріптің түскендігін, ауылды аяғынан тұрғызған әлгі  атышулы оқиғаны ол былайша түйіндейді. 

«...Осы жағдайдан кейін ауылда мені кішкентай Менделеев деп атап кетті. Бірақ мен химик болғаным жоқ, ер жете гуманитарлық бағытты таңдадым», – дейді. Біз бұл сұхбатты жайдан-жай келтіріп отырған жоқпыз. Бұл жердегі «бомба» да бейсана мәселесі. Тұлғаның ішкі импульсі... Таласбектің сол «бомбасы» бұла күшінің қалыпқа сыймаған алғашқы көрінісі еді. Есесіне ол ендігі «бомбаны» гуманитарлық, оның ішінде әдебиет саласында сынады. Сол «бомбасын» түрлі трюизмдер мен сірескен стереотиптер қағидасына маталған енжар жүрек пен сана ішіне жарды. Содан шығар, көп теориялар  төңкеріліп, алуан өтіріктер көз алдымызда жайрап қалды. Оның әр жазбасы сана жалқаулығына қойылған алапат бомба десек еш асылық айтқандық емес. Осы жайды ойлағанда  Еркін Ібітановтың мына бір  екі шумақ  өлеңі есіме түседі.

Кей бастың қалқасында,
Кей бастар таса қалған.
Кей бастың «арқасында»,
Кей бастың шашы ағарған.

Қорашы, қоңдысы бар,
Ожары, оңдысы бар.
Байқаңыз кей бастардың,
Ішінде бомбасы бар.

Мінекей, сөз соңына да жақындап қалған секілдіміз. Осы орайда автордың жоғарыда «Аңыз жайындағы аңыз» атты мақаласынан эпиграф ретінде алынған  жазбасын тағы бір қаперлеріңізге сала кетейін.

 «...Міне, көне тарихшылар «Арғы түріктердің патшалары ғалымдарға кітап жаттатты» деп елеусіз ғана айтып кеткен бір ауыз сөздің тасасында осындай сыр, осындай тарих жатыр. Тұтас кітаптарды жаттау, еске сақтау, әлемдік апаттың қарсаңында ғана пайда болған амал ма? Жоқ. Ұлаңғайыр кітапханаларды жадында сақтаған «Кітап-Адамдар» қашанда болған...». 

Иә, Құмыра текті «кітап адамдар» қашанда болған. Бұл жердегі сөз болып отырған «...тұтас кітаптарды жаттау мен еске сақтау» ұғымының астарында  көп ишара жатыр. Өткен өмір мен көне тарихты ұмыту тұтас таным мен сана сәулемізді сөндіру деген сөз. Сол кезде су қараңғылық пен кереңдік індеті жайылып, жер үсті  күнә мен қиянатқа белшесінен батады. 

Ештеңені де ұмытпай еске сақтау мен одан қорытынды шығару ең әуелі адамзат амандығы мен оның келешегі үшін керек. Испан философы Джордж Сантаянаның «Тарихтан еш тағылым алмағандар сол тарихты қайталауға қайта бұйырылады» деп қатаң ескертіп отырғаны да осы. 

Аңыздағы апат астарынан біз  қиянат пен Құмыра текті ізгі жандардың өзара тайталасын көреміз. Демек, тайталас бар жер де ақырзаман мен аңыздың да бар екендігін бағамдаймыз. Адам болмысы аңызбен бірге жаратылған, содан болса керек, аңызбен астасып  кеткен  адам ғұмыры одан еш  бөлініп кете алмайды. Ал апат пен «ақырзаманға» келсек, ол – адам рухының ішкі қияметі.  Рухани құлдырауы...

Сондай шақтарда Құмыра текті «Кітап адамдар» адам ұяты мен зиятын қорғауға келеді. Заманның терісінен соққан  жел жағына шығып қорған болады. Адасқан ақыл көшінің бағытын түзеп, оң жолға түсуіне шын жәрдем етеді. Тұлғаны заман шиеленісі мен одан шыққан ұлт кермегі жасайды десек, сол кермектің соры мен көлеміне байланысты адам талантының да аумағы анықталады (Таласбектің «Өнерді сор ғана көтереді...» деп отырғаны да  сол ғой). XX ғасыр басындағы көшкен кие мен кеткен есені айтпағанда, 1990 жылдың шиеленісінен  Таласбек танымының кермегі жаратылды. Елдегі сол тығырыққа ем іздеген ол құтқарушы Құмыра таңдауының жолына түсті. Әрине, Құмыра қазынасы халықтікі еді. Сол қазынаның соңына түсіп, нарқына жеткеннің сана қақпағы ашылып, жетесіне мол сәуле түсті. Ұстаз танымын ұлағат тұтқан кіші буын  ұлы сәуледен сақайып, рухани таған тартты. 

Су дедік, топан дедік... Биылғы көктемде еріген қар суы да ел ішін сұмдық дүрбелеңге салды. Қанша мал суға кетіп, қанша жан баспанасыз қалды. Әрине, бәрі де табиғи апаттың кесірінен дерсіз. Бірақ біз, керісінше, бұл дүрбелең таным мен түсініктің, ең бастысы, сол екеуінен туған енжарлықтың өз лаңы дер едік. Бұл да білген, бағамдай алған адамға сана мәселесі. Әйтеуір осы судың Абайдың «Масғұт» поэмасындағы «жынды жаңбыр» ишарасымен бір байланысы бар секілді көрінеді де тұрады. «Білмеген у ішеді» дейді қазақ.  Абай хакім осы бір сана дағдарысын «Масғұт» поэмасы арқылы кең көлемде зерделеп, классикалық тәпсір жасаған-тұғын. Рас, адам білместігі мен енжарлығының топан судан еш айырмасы жоқ қой. Оның әр жазбасы сана ішінде малтыққан сол білместігіңнен туған көр жер, көне көзқарас «топанынан»  құтқаруға келген бейне бір  Нұх пайғамбар  кемесі секілді. Қайыра айтайық, әр жазбасы қараша жұртын қараңғылық пен топаннан құтқаруға келген пайғамбар кемесі сынды. 

Ал хас жүйрік, сом талант екендігі даусыз еді.  Ақанды зарлатқан Құлагердің қу тағдыры мен алдына  ақыл мен парасаттан қара салмаған оның да жүйрік  тағдырының бәлендей еш айырмашылығы жоқ болатын.  Бақсақ, екеуі де  енжарлық пен іштарлық мерезінен туған елдің міні.  Амал нешік...

Енді алаш жұртын ғазиз ердің асыл аруағы жебесін дейміз...

Бөлісу:

Көп оқылғандар