Бодаухан Тоқанұлы. Мешел Қожекеұлы - эпик ақын болған.

Бөлісу:

28.07.2025 1391

Қазақ әлемінің күншығыс бөлігінде, Алтайдың арғы бетінде өмір сүрген қазақтар арасынан әр кезеңде сөз өнерін кие тұтқан шығармашылық иелері көптеп шыққан. Солардың бірі – ақын Мешел Қожекеұлы. 

ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басқы бөлігінде өмір сүрген Мешел ақын турасындағы мәліметтер аз. Филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлы «Монғолиядағы қазақ әдебиеті» атты еңбегінде: «Еліміздің жазба әдебиеті халық революциясы жеңген соң барып дамығаны мәлім. Ендеше Ақтан Бабиұлына дейінгі ақындарымыздың көпшілігі ауыз әдебиеті өкілі болды. Яғни олар шығармаларын кез келген жерде, кез келген жағдайға байланысты ауызша шығарып, оны басқа жұрт, кейде ақынның өзі жатқа қайталап, көпке өз атынан таратып отырды. Бұл құбылыс елімізде ХІХ ғасырдың ортасында басталды…», - деп атап көрсеткен болатын және Мешел Қожекеұлы шығармашылығын да осы сипатта қарастыруға болады. 

Мешел Қожекеұлының өмірі мен ышғармашылығы туралы ҚР Жазушылар одағының мүшесі, журналист, жазушы Бодаухан Тоқанұлымен сұхбаттасқан едік.

- Мешел Қожекеұлының есімі ХХ ғасырдың ортасына дейін Алтайдың күншығыс бетіндегі қазақтар арасында «Мешелдің айтқан өлеңі», «Мешелдің жыры», Мешелдің айтысқаны» деген тұрғысында біршама белгілі болған екен. Қазіргі күні әрине, уақыт өз дегенін істегені анық. Ақынның жырларын айтпақ түгілі, есімін білетіндер де аз болар. Мешел ақынның шығармашылығы, шыққан тегі, өмір жолы туралы біршама ізденіс жасаған екенсіз. Ақынның шыққан тегі туралы деректерді бөліссеңіз?

- Біздің қолда бар дерек бойынша Мешел Қожекеұлы қазіргі Баян-Өлгий аймағының Делуін өлкесі мен оған қанаттас ҚХР-дың Шыңжан өлкесінде өмір сүрген адам. Шыққан тегі жағынан керейдің қарақас руынан. Белгілі әдебиет зерттеуші Қабидаш Қалиасқарұлы «Халық ақындары» атты еңбегінде: «Мешел аса кедей адам болған. Тіпті кейбір көнекөз қариялардың айтуынша, басында үйі, бауырында қазаны жоқ панасыз, жанында жары, артында ұрпағы жоқ, ел ішін адақтап, өнерімен күнелткен жанға ұқсайды», - деп жазған екен. Бұл деректе біршама шындық бар десек те, Мешел ақын туадан кедей, панасыз болмаған. Мешелдің әкесі «Қожеке молла» атанған, қарақас руындағы байлығымен, моллалығымен аты шыққан әйгілі адам болған. Мұны Мешелді көзімен көрген делуіндік көне көз қариялардың сөзі дәлелдейді. Және ақынның өзі де бір сөзінде:

Арымақ пен семірмек – көңілден-ді,

Мылтықтың түзулігі темірден-ді,

Ала жылқы тұсында ақын болған,

Мешекең қойып кеткен елірген-ді, - 

деп, өмірінің балалық, жастық кезеңінде әке дәулетінің буына мастанған есер кезінен хабар беретіні бар. Алалы жылқы айдаған Қожеке бай, молла баласын жастайынан діни оқуға берген. Бірақ діни оқудан гөрі өлең-жырға жаны құмар Мешел бала кезінен-ақ, ақындығымен елге танылған. Ақын өзінің бір өлеңінде: 

Көжеге бидай қандай, тары қандай?

Өлеңді айта берсем дарығандай,

Сабақ ұқпай өлеңді айтасың деп, 

Аузымды әкем менің қарығандай, - 

деуіне қарағанда, Мешелдің жастайынан-ақ дін күтіп немесе мал жиғаннан гөрі сал-серілікті, өлең-жырды жаны қалағаны анық.

- Мешел ақынның қай жылдары өмір сүргендігі турасында нақты деректер бар ма?

- Ол заманның адамдарын нақты осы жылы туды деп айту оңай емес қой. Дегенмен түрлі оқиғалар мен деректерге қатысты болжамдауға болады.

Мешелдің жас шамасы, қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны туралы дэлуіндік Ықылас Сенбайұлы атамыз (1981 жылы 72 жасында қайтыс болған) кезінде: «Мешелді Байекеңмен (Ташыұлы Байқоныс) жасты деп еститінмін. Байекең қайтыс болғанда 10 жаста едім», - деген-ді. Ал, Байқоныс бабамыздың 61 жасында қайтыс болғанын балалары Түспек, Құтбай аталарымыздың аузынан талай естіген едім. Олай болса Байекеңмен жасты Мешел ақын 1858 жылы туған болады. 

«Мешел Байекеңмен жасты екен, екеуі бірге жылқы бағыпты. Бір жолы түнде Байекең қостан адасып кетеді. Сонда құрдасы Мешел:

Байекең тоқым салды сұр шолаққа,

Шақырып байғұз қонар қу молаққа.

Күндіз көрген жерінен түнде адасып, 

Құдайым амал бар ма су қараққа, - 

деп өлеңге қосыпты», - 

деп әжеміз Разия Бітірқызы да айтып отыратын.

Ал, Мешелдің қайтыс болған жылы туралы Ықылас Сенбайұлы атамыз: «Мешелде қатын-бала болмаған, ел ақтап жүретін. Мәжі деген ағасы, Нұржамал деген қарындасы болған. Мен 19 жасымда Алтайдан асып келдім. Сол жылы күзде Мешел Қобда бетінен қарындасыма хабарласамын деп Алтай асып кеткен. Сол кеткеннен қайтып оралмады. Көктемде Мешекеңнің қарындасына бармағанын естіп, жолда үсіп өлген, немесе ұры-қарақшылар тонап, жазым болдырған шығар деген жорамал жасадық. Содан бері, міне, 49 жыл болды», - деген-ді. Олай болса Мешел 1928 жылы 70 жасында қайтыс болған деп болжаймыз. 

- Мешел ақын шығармашылығы қаншалықты сақталып жеткен? Яғни ХХ ғасыр жүзінде баспа бетінде жарық көрген?

Мешел ақын да өзге тұстастары сияқты өлеңдерін суырып салып айтып жүре берген. Оны құймақұлақтар бірден жаттап алып, ауыздан ауызға таратып отырған ғой. Ақын шығармашылығына келсек, ел аузында сақталып, баспа бетінеде жарық көргендері: «Тауданбекпен айтысы», «Қызыл бұзаумен айтысы», «Саяқ қоймен айтысы», «Үш жүз» атты қысқа дастаны және бірнеше шумақ өлеңдері ғана. Осы біраз дүниелерінің өзінен Мешелдің от тілді, ойы орамды ақын екені байқалады. Әсіресе толық сақталмаған «Үш жүз» атты дастаны – нағыз көркем, құнды дүние. Әрі шығарма оқиғасының тарихи шындыққа дөп келуі – ақынның сұңғыла, шежіре адам екенін көрсетеді. Сөз саптауы, поэтикалық көркемдігі жоғары. Дегенмен бұл шығарманың сол замандағы ақындарға тән еместеу болып сезілетін өзгеше ой толғамы, асыл теңеулерге қарап, мүмкін бұл жыр Мешелдің өз шығармасы емес, басқадан жаттаған жыр ма екен дегенде ой туатыны да жасырын емес. Мәселен жырда ағайындас керей, уақ рулары туралы:

Кәпірге қарап тас атқан,

Жауынан жерін босатқан,

Қарсыласқан дұшпанға,

Жердің құмын асатқан,

Енді кетті күшіміз,

Оттай күйді ішіміз, 

Кеткен дәулет келмейді,

Ұйқыда көрген түсіміз, - 

деп толғайды.

Немесе:

Қазақ өсті өркендеп,

Төре жүрді шөлкемдеп,

Төреден сұрап ақылды,

Алдына қойды «серкем» деп.

Немесе:

Төре өсімі түйедей.

Қазақ өсті шиедей, 

Біріне-бірі құтты боп,

Жұғымтал болды күйедей, - 

деген жолдардың көркемдігі, ойы хас шебер ақын екендігін байқатып тұр. Бірақ жоғарыдағы бір шумақтық өлеңдедің өзіндегі «Мылтықтың түзулігі темірден-ді,» «Жыртық қос секілденер дала заңды», «Көжеге бидай қандай, тары қандай?» деген сияқты жолдардың көркемдігі тұрғысында сол замандағы ақындардың қолданыс аясын ескерсек, Мешел ақынның сөз саптауы атақты Ақыт ақыннан кем түспейтінін аңғарасыз. 

Осы «Үш жүз» дастаны менің бала күнімде елге танымал еді. Қызығып әкемнен жаттап едім. Кейіннен «Шұғыла» журналына бастырдым. Қазір нұсқасы қолымда жоқ. «Үш жүз» дастанын қайтадан жарыққа шығарып, зерттеу қажет деп білемін. Қобда бетте қалай десек те бұл дастан Мешелдің есімімен байланысты болып айтылады.

- ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген көптеген ақындар өзінің айтыскерлігімен ел есінде қалғаны белгілі. Жоғарыдағы мұраларына қарап, Мешел ақынды да өз дәуірінің суырыпсалма айтыскер болды дей аламыз. Ақынның айтыс өнеріне қатысты тоқталып өтсеңіз? 

- Мұнда ескерерлігі – Мешелдің әкесі де ақын болған адам. Оған Мешелдің бала күніндегі атақты айтыс ақыны Тауданбек Қабанұлымен айтысындағы:

Әкемді кәртейгенде жеңіп кетіп,

Жүр едім бір қысқалы тақымымды, - 

деген жолдары дәлел бола алады. 

«Монғолиядағы қазақ әдебиеті» атты кітабында: «Тауданбектің Мешелмен айтысы да кездейсоқ болады. Дөңтай қажының қызына етік тіге келіп жатқан үстіне бір күні ертемен қажының жылқышысы келіп кіреді. Кейін Мешел ақын атанып, «Үш жүз» атты толғауы және бірталай айтыс, өлеңдерімен белгілі болған Мешел бұл кезде уыздай жас бала екен. Әкесі Қожеке де ақын адам екен, бірде Тауданбекпен айтысып жеңіліп қалады. Әке қарымтасын қайыруды аңсап жүрген Мешелдің дәл бұл жолы айтыса қою ойында жоқ еді. Мешел сырттан кіргенде Тауданбек етікті бітіріп қызға қаратып бір-екі ауыз өлең қайырады. Қыз ондай өнерге жоқ екен, жауап қайыра алмай: «Ақын аға, осы жігіт сізбен әттең бір айтыссам деп жүруші еді», - дейді. Қыз өзін құтқарумен қоса, Мешелдің өнерін сынауды да ойласа керек. Мешел мен Тауданбектің айтысы осылай туады», - деп жазады зерттеуші ғалым Қабидаш Қалиасқарұлы.

- Қобда бет қазағындағы поэзия туралы сөз болғанда Тауданбек Қабанұлының есіміне соқпай кету мүмкін емес. Тауданбек Қабанұлы (1830-1908) – ақпа-төкпе ақындығына қоса, қолы шебер етікші, әйгілі саятшы адам болғаны белгілі. Қазіргі Шығыс Қазақстан өңірінде туып-өсіп, кейіннен Қобда беттегі қазақтар арасына барып тұрақтаған әйгілі ақын Тауданбек Алтайдың төрт тарабындағы көптеген ақындармен сөз сайысқан. Солардың қатарында Мешел ақын да болған екен. Осы жөнінде тоқталып өтсеңіз.

- Мешел мен Тауданбектің айтысы Қабидаш Қалисақарұлының 1970 жылы басылған «Халық жырлары» кітабына (194-бет) енді. Бұл жинақта айтыс Тауданбектің жеңісімен аяқталады. Алайда, бұл айтыс жөнінде Мешекеңді көзбен көрген біздің ауылдың қариялары өзгеше айтатын еді.

Таудекең Мешелдің суырыпсалмалық қарымын сынау үшін бірден оны қысымға алғанын көреміз:

Сүйгенім қой ішінде – ісек-тұсақ,

Бір бала келе қалдың сүйіп ұсақ.

Тарбиған қос танауың көріксіздеу,

Кезіккен Далакөлде сайтанға ұқсап. – 

деп дүрсе қоя береді. Бұған Мешел де ыға қоймайды. Тауданбек ақынға табан астында жауап қайтарады:

Тауданбек, білуші едім, ақыныңды,

Сен іздеп таппадың ба жақыныңды.

Әкемді кәртейгенде жеңіп кетіп,

Жүр едім бір қысқалы тақымыңды. – 

деп Арқаның ардагерін ашық айқасқа шақырады. Осылай қызып жүре берген айтыстың бір әредігінде Мешел ақын Таудекеңе «бас мінесу» жасайды:

Таудеке, білуші едім ақыныңды,

Және жоқ деп естуші ем ақылыңды.

Кенеттен осы арада өліп кетсең,

Кімге тастап кетерсің қатыныңды, - 

деп әбестік танытқандығын – оның үлкен ақын алдындағы тәжірибесі аздығына саямыз. Талай ақынды сөзбен тұсаған тәжірибелі Тауданбек ақын қайдан сөз таппасын:

Сұрасаң, менің атым – Тауданбекпін,

Соғады өлеңімнен өктеп екпін.

Сен бала ол жағыма бара алмайсың,

Сен тұр ғой әкеңе өткен, менің тепкім! - 

деп Мешелдің өзі түгілі әкесін де айтысып жеңгенін есіне салады.

Мешел де қарап қалмай, Тауданбекті сөзден сүріндірудің жолын іздейді. Сөйтіп ол Таудекеңнің кәсібі мен тегіне тиіседі:

Таудеке өлең айтып, қылдың талап, 

Керейдің үйір болдың басын санап,

Есіріп неменеңе мақтанасың, 

Отырсың әлі күнге жұлық жалап, - 

деп етікшілікті кәсіп еткенін, осы елге келіп сіңгенін тілге тиек еткенде, Мешелдің бұл сөзіне шамданған Тауданбек қолындағы аударғышын балаға қарай жіберіп қалыпты. Мешел қашып тысқа шықса, белдеуде бір ала ат тұрады. Бұл осы кісінің аты болар деп ойлаған Мешел сырттан:

Үстіңде бір мешпетің қара ма еді,

Астыңда мінген атың ала ма еді?

Айтылған әзіл сөзге күйіп-пісіп, 

Айтысар сенің теңің бала ма еді? - 

деп өлеңдетеді. Сонда ауылдың үлкендері: «Ұят болады, болды енді», - деп, Мешелді қуып жіберіпті деседі. Біз естіген бұл айтыстың ұзын-ырғасы осылай еді. Айтыстың дәл қай жылы болғаны белгісіз болғандықтан, дөп басып айту қиын. Тарихққа жүгінсек, Таудынбек Мешелден 11-12 жас қана үлкен сияқты. Сондықтан бұл айтыс Мешелдің бала кезінде кездейсоқ айтылыпты деу де нақты қисынға келе бермейді ау деп ойлаймыз. 

- Мешел ақынан жеткен айтыстар мен өлең-жырларға қарағанда әзіл-оспаққа бейім адам болғаны байқалады. Бүгінгі күнге сақталып жеткен өзге қандай өлеңдері бар?

- Қабидаш Қалиасқарұлының өз кітабында Мешел ақынға қатысты «жылқы баққан» деген дерегі рас. Расымен де әкесінің дәулеті өзі өлген соң шайқалып, құрып кеткендіктен, өзгенің малын бағуға мәжбүр болғаны анық. Мешелдің өз басына мал бітпеген адам. Ол күнкөріс үшін көп жыл қарақастың үкірдайы Тілеудінің жылқысын бағады. Жылқышылардың қосбасы – Тілеудінің немересі Шағатай деген жігіт болған екен. Бірде олар Алтайдың Сайқын деген жерінде жылқы бағып жүреді. Еріккен жылқышылар әрнені сылтау етіп, табан астында сөз тапқыш, суырып салма ақын Мешелге өлең айтқызып ермек қылады екен. Бір күні жылқышылар төстік қақтап жейді. Қосбасы Шағатай маңындағыларға: «Егер осы отырысымызды өлеңге қоспаса Мешелге төстіктен бір жапырақ та бермейміз!» - деген ұсыныс айтады. Сонда Мешекең былай деп өлеңдете жөнеледі:

Сайқынның жылқы бақтым кенересі,

Шағатай – Бәлекеңнің немересі, 

Жақсы атаның баласы сөйте ме екен,

Жолдасын алалаған неменесі? - 

Мұндағы «Бәлекең» деп отырғаны – Тілеуді үкірдай. Соңына ерген рулы елді Алтайдың күн бетінен Қобда бетіне әкеліп қоныс иелендірген Тілеуді үкірдайды жұртшылық «Бәлекең» деп құрметтеген екен.

Мешелдің Шағатаймен бірге көп жыл жылқы баққанын, кедей болғанын мына бір өлеңдерінен де білуге болады:

Мінезі Мешекеңнің бала заңды,

Жыртық қос секілденер дала заңды,

Жылқыға жылдамырақ келмедің деп, 

Шағатай шығарды ғой жаназамды.

Атады Таңғыт төре насыбайды,

Мешекең барлық сырын жасырмайды,

Жылқының аздығына шара бар ма?

Болдым ғой Шағатайға басы байлы.

Шағатай мың жылқыны бағып жүрсің,

Сайқынның көк тезегін жағып жүрсің,

Ала дөнен жоғалғалы бір ай болды,

Жоқтамай әлі күнге нағып жүрсің?

Мешелдің осылайша әр түрлі жағдайда айтқан әзіл-оспақ өлеңдері көп болғанымен, ел аузында сақталып бізге жеткені – тым аз. Солардың бірі – жеңгесіне арналған әзілі. Мешелдің ағасы Мәжінің әйелінің аты Нұржан екен. Мешелдің Нұржан жеңгесін әзілдеген:

Тұмауды жақтырмайды ел «бырқылдақ» деп, 

Нұжанды жақтырмаймыз «жырқылдақ» деп,

Соғымға ту биені сойғызып ап,

Мәжіні қоя берді жылқы бақ деп. - 

деген өлеңі де бар. Ертеректе өмір сүрген адамдардың бір естігенді есте сақтау қабілеттері жоғары болды ғой. Мешекең сияқты ақындардың өлеңдері осылай сақталды, жұқанасы ғана бізге жетті. 

Мешелдің баспа бетінен жарық көрген бір қақпай өлеңдері, жоғарыда айтылған әзіл айтыстары, «Үш жүз» дастанының сыртында кезінде ел аузында қалған, сол кездегі халықтың тұрмыс-тіршілігін жырлаған, ел басқарған амбы, үкірдай қатарлы лауазым иелерін сынаған «Қолыма қалам алып, пақыр жаздым» деп басталатын ұзақ толғауы да болған. Біздің әкеміз мұны да жартылай жатқа айтатын. Көлемді жырлар шығарғанына қарап Мешелді эпик ақын болған деуге негіз бар. Ақынның жырлары ел аузында жатталып, қағазға түсіп, әлдебір сандықта сақталып жатуы да мүмкін ғой. Осы тұрғыда тек Мешел ақын ғана емес, өзге де шығармашылық иелерінің туындыларына үнемі сұрау салып келе жатқан жайымыз бар. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, кейде қолымызға ескі күндерден сыр шертетін дүниелер түсіп қалып та жататыны бар. Әсіресе кешегі коммунистік дәуірде жұртшылық діни кітаптарды жасырын сақтап ұстады. Араб қарпімен жазылған әдеби кітаптар, қолжазбалар да көбінесе сол кітаптармен бірге сақталды. Мұндай сақталған дүниелер халық арасында әлі де баршылық.

- Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихындағы әр кезеңде өмір сүрген ақындарымыз – өз дәуірінің үні ғой. Олардан жеткен азды-көпті туындыларда өзі өмір сүрген заманның алуан дерегі бар. Мешел ақынның шығармашылығын да осы тұрғыда қарастырып, зерттеп келе жатқан еңбегіңіз жемісті болсын!

Бөлісу:

Көп оқылғандар