«Ортақ жүрек...»

Бөлісу:

22.07.2025 839

Кеңшілік Мырзабеков жайында

 

Әр толқында бір иірім, әр иірімде бір үйірім, сол үйірімнің ұйытқыма қалтқысы болады. Сол сияқты орманның орамында да, адамдардың арасында да бір ныспылы нысана болады. Егерде, әдебиет иірімін толқынға баласақ, онда соғыстан кейін туып, тәуелсіздікке ат басын тіреген поэзия сандалдарын еске алсақ, соның ішіндегі үйірлі ұйытқының бірі және бірегей тұлғасы Кеңшілік Мырзабеков деп толық сеніммен айтуға болады. Алпысыншы жылдары өлең өлкесіне қадам басып, тоқсаныншы жылдары толысқан, арыны да, ағысы да, арнасы да, мінез-құлқы да тосын,  Кеңшілік пен Жарасқаннан, Несіпбектен бастап, Ұлықбек пен Есенғалидан, Тыныштықпен етегін жиған бұл толқынның атақ-мәнсабы да алдыңғы аса қуатты және мәңгілік даңқты Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Жұмекендердің апайтөстеріне маңдайын соғып, кейін қайтқанмен де, кері кеткен жоқ, сол парасат иіріміндегі үйірімге айналды. 

Алдыңғы толқынның легімен жарыса екпіндеп, тізгін қағыстыра тақымдап, қадау-қадау аз шоғырдың арасын толтырып, алдыңғы лекті ілгері демеп, делебесін қоздырып, кейінгі толқынды ілестіре өздері де өрекпи ұмтылып қазақ поэзиясын бүгінгі құдіреті күшті рух деңгейіне жеткізді. Егерде, өткен кезеңдердегі өлеңнің даму деңгейін, тақырыбын, түрлік, буындық, ырғақтық, бейнелік, емеуіріндік, астарлық, пафостық, ішкі иірімдік, тұспалдық, рухани сілкініс пен тебіреніс, түңілу мен  торығу, тіпті, қарғана ашыну сияқты жандүние құбылыстарын жеткізудегі ерекшеліктерді салыстыратын болсақ, онда осы толқынның тұсында қазақ поэзиясының құлақ күйі барынша толысқан толғау күйге айналғаны анық танылады. 

Иә, олар көп дауысты, көп үнді, бірінің дауысын бірі алмастырып, қазақ поэзиясын симфониялық деңгейге көтерді. Өкініштісі, сол толқынның дара тұлғасы анықталмағандықтан да, олардың басын қосып, ортақ сыпаттарын анықтап, баға берілмей келе жатыр. Ал, оларсыз қазақ өлеңінің бар қасиеті толық ашылмайды. Бүгінгі аспанға ұшып, жерге түсіп, алқынып, аптығып, жанын қонақтататын ұя таба алмай, дегбірі қашып жүрген   қазақ өлеңінің  бір тыныстар тамыры сол толқынның өкілдері болып табылады. 

Солардың ішіндегі, ақындық қуаты, поэтикаллық әлемі, жазу мәнері, тілдік бояуы,  ақындық мінез-құлқы жағынан алғанда ерекше дараланатын тұлға, ол – үнемі шамырқанудан жазбайтын шабыт иесі Кеңшілік Мырзабеков болатын. Оның өзі де, сөзі де, мінезі де ақыншалыс еді. Оның тумысынан біткен бұл шалкез бітімі бірін-бірі толықтырып, арқаландырып, адуындатып жіберетін. Үнемі ұқыпты киініп, басын  шалқақ ұстап, кеудесін алға шығара бой түзеп, көзін белгісіз бір алыс көкжиекке қадап, жирен бұйра шашын саусағымен тарамдап қойып, мойнын бір шұлғып ап, бір қолымен мықынын ұстап, аяғын сүйрете шалқақтай басып, жараған бураша жан-жағына сес тастап, сол қолын сілтеп қалып, сәл шайқала түсіп, Мұқағалидың: «Ақын кетіп барады көшеменен» – деген өлеңін еске түсіріп келе жатқаны үнемі менің көз алдымды көлбең қағып тұрады. Мына шабынған бура сияқты айбынды сұсы оның сөзсіз ақын екенін танытатын. Өзі де солай ойласын деп бұл ғадетті машық еткен, көңіл-күйіне айналдырған сияқты көрінетін. 

Ол бұл ғадетінен өмір бойы жазбады. Өлең оқуға мінбеге көтеріліп бара жатып та (Ал, оның мінбеде қара сөз сөйлегені есімде жоқ), түсіп бара жатып та, қарсы алғанда да, шығарып салғанда да, міндетті түрде, осы қимылдарды қайталайтын. Тіпті, оңаша екеуден-екеу сөйлесіп тұрғанда да сол қолын жеңін соза көтеріп, шашын бір сипап барып, бір шалқайып ап әңгімесін бастаушы еді. «Қарағым-ау, сол...», – деп білегіңнен ұстағанда да кәдімгідей мыти қысатын. Кеңшіліктің осындай ақындық мінез-қасиеті, өлең жазу және оқу мәнері, мінбедегі өзін-өзі еркін ұстауы әдеби ортада оның мысын да, десін де басым етті.  Аяғын соза аттап, кеудесін шалқақ ұстап, сол қолын сермеп қойып мінбеге көтеріліп бара жатқанда мұхиттың толқынын жара жүзген желкенді қайықты елестетуші еді, өзгені білмеймін, әйтеуір, маған солай көрінетін. Әлде, тұңғыш көрген кезімдегі ақындықтан дәмесі бар он сегіз жасар бозбаланың көңілінде сақталып қалған әсері ме екен? Ол да мүмкін.

Ол – Кеңшіліктің аты өрттей қаулап та, лаулап та келе жатқан кезі болатын. Университеттің әдеби кешіне жас ақын-жазушылар кездесуге шақырылды. Бес жүз адамдық сарай лық толды. Бірінен-бір өткен жас перілер. Назарымыз, Оралхан (Бөкей) мен Кеңшілікте. Екеуі де кеудесін кере шалқақ ұстап, бастарын бір сілкіп қойып, бірінен кейін бірі мінбеге көтерілді. Сөздері де, өздері де жанға ыстық қан құяды. Кеңшілік мінбеге көтеріліп, сол қолын бір сермеп қойып, «Әубәкір!» –  деп бір жөткірініп ап, оқи жөнелді. 

Әуелден жалқы, әкеден жалғыз әулеті,

Әубәкір әуей, ақ көңіл жігіт, әулекі.

Албарда қой көп, ауласы той боп жататын,

Он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті…

Дауысы күңірене созыла күңгірлеп, сөзін де соза мәнерлеп, екі қолына кезек еркіндік беріп, азан айтқандай баурап, студенттерді ұйытып алды. Бір қарасаң – Әубәкір әулекі жан сияқты, ал шын мәнінде трагедиялық туынды. Бойыңды да, ойыңды да шіміркентеді. Содан кейін  әйгілі «Көк өгізді» оқыды.

Өлеңді бұлай жазуға да, дәл осылай оқуға да болады екен-ғой. Көз алдыма соқа сүйреткен көк өгіз емес, «цоп-цобалаған» Әубәкір пақырың да емес, құйқасы бырт-бырт үзіліп, туырылып түсіп жатқан сайын дала... шексіз көк аспан... сағым ораған аңызақ... құнары кетіп, құлазыған  жазық келді. Тың көтереміз деп бүкіл қазақ жері эрозияға ұшырап, аспан да, жер де тозаңға айналып, көзіңе құм құйылған төрт-бес жыл бұрынғы көрініс елестеді. Әубәкір аптапқа қарамай көк өгізге бишік иірумен келеді, ал, көк өгіз соқаны сүйреп... су іздеп келеді. Өзгені қайдам, мен Кеңшіліктің «Көк өгізін» осылай қабылдадым, осылай түсіндім. Содан кейін де неше рет тыңдасам, соншама рет сол әсерден арыла алмадым. Тілі қандай тұщымды, тотияйын сияқты танымыңның таңдайын ояды. Міне, ақындық құдірет деген осы. Ішінде тың көтергендердің «шаңды жорығына» ашық қарсылық жоқ, бірақ, ішкі тегеуірінді қарсылық бар. «Бұл Әубәкір мен Көк өгіз қай ғасырдан кеп мінбеге шығып тұр?» – деген жүргізушіге, Кеңшілік: «Ұзынағаштан!» – деп жүргізуші ұстаздың туған жерін айтып саңқ ете қалды да, қайқаң басып, шашын бір сипап, сол қолын сермеп қойып мінбеден түсе берді. Біз қашан Оралханның қасындағы орнына барып отырғанша тік тұрып қол шапалақтап қошамет көрсеттік. 

Сонда ғана мен, осыдан бір жыл бұрын жас жазушылардың республикалық кеңесіне қатысып келген ақын Мерғали Ибраев ағамның: «Алматы – жас ақындардың баспанасыз астанасы екен. Кеңшілік деген сұрапыл жас ақын бар екен. «Далиып жатқан көк аспан, шалқайып жатқан шылапшын» – дейді. Қандай теңеу! Ана жұқа қаңылтыр көк ала шылапшынды жұқа ақ жолақ бұлтты аспанға теңеп тұр. Бұдан өткен әсірелеу болмайды», – деп тамсана айтқаны есімде. Өзім де қыратты далада, көгілдір ала шылапшынды көріп өссем де, шындығын айтайын, бұл теңеуді бойыма тоғыта қоймадым. Араға отыз жыл салып барып Торғайдың тостағандай дөңгеленіп, көкжиекпен көмкерілген, төбеңнен күн шақшия төнген, бұлттары шымқай жұқа Аспанды көргенде барып, Кеңшіліктің сол бір бозаң тұстағы ақындық шалығына таң қалдым. Әрине, көгілдір шылапшынды бүгінгі оқырман көз алдына елестете алмас, ал біздің есімізде, тура Торғайдың тылсым көк аспаны сияқты шымқай көк қаңылтыр ыдыс болатын. Ал, Кеңшілік болса, әдебиетке өзінің «Көк өгізін» жетектеп кіріп, өлең әлемінің ғарышына көтерілді.

Қалай жанына жақын тартып, бауырына басты, неге өзімсіне ой бөлісті, оның себебін нақты айта алмаймын. Алдыңғы лектің соңынан ерген толқындардың ағысы білінбей араласып кететіні сияқты, біз де жылұшырап жүздесе бастадық

Сәлем беруші – мен, алушы – ол. Өзінің ұлы далалық поэтикалық әуен-мәнерімен баурап алғаны сондай,  оның лирикалық өлең жазуға құлқы жоқ шығар деп ойлайтынмын. 

Бірде, Несіпбек екеуміз «Жалын» журналына шыққан Кеңшіліктің:

Қарағым, біздің баста да,

Қарлығаш-дәурен көп тұрмас. 

Қанатсыз қалсақ – масқара,

Қанаты барлар жақтырмас, – 

деген өлеңді оқығанда қатты таң қалғанымыз бар. Кезекті бір бетпе-бет ұшыраса қалғанда аман-саулықтың орынына осы өлеңді оқи жөнеліп ем: 

– Солай, қарағым. Бұл саған да айтылған сөз. Ширақ жүр, сергек бас. Көтер иықты. Бір рет басындырсаң, мойның мәңгі мойынтырықта қалады, – деді «Көк өгіздің» терминімен. Тағы да күтпеген әсер. Мен болсам ғой, мұны ғашықтық лирика деп жүрсем, емеуіріні мүлде басқа боп шықты. 

Поэзияның тылсым емеуіріні деген сол, әне. Ол – кеңдікке, шексіз кең көк аспанға,  сағымдардың құлашының өзі орауға жетпейтін шексіз көкжиекке, көзге көлеңкесі түсетін бұтасы жоқ құлан иен далаға, бірін-бірі шексіздікке жетелеп бара жатқан құланиек  төбелерге, төбеқұйқасы жыртылған қыраттарға шексіз және ессіз құмартумен өмір сүрді. Көз алдында, жан түкпірінде, қиялында тек сол шексіз кеңістік қана тұратын. Соншама кеңістікті кеудесіне сиғызып, костюмін иығынан асыра жамылып, саумал самалға омырауын аша  тербетіліп маңып бара жатқан бейнесі менің көз алдымнан әлі де кетпейді.  Бұл «тербеліс» – тегін тербеліс емес, өлеңнің буына бусанып, сайын даланың бір түп жусаны мен бір түп қарағанына, бір уыс бетегесі мен андызы кепкен тозаңды  Торғайына теңеу, ырғақ, мағына іздеп, дала симфониясының әуенімен тербетіліп бара жатқан тербеліс. Мүмкін, қаршадайында тағдырдың қара суығына ұрынып, балаң денесін ызғар қарыған,  әдептің өлім кебінін жамылған он алты жастағы өспірім туралы:

Он алты жас. Алыс ауыл. Апрель.

Бұзылған жол. Өкпек шығар – нәті жел.

Ақшам. Іңір. Көз байланып барады

Бір боз бала қақпа айналып барады.

Ойлайды ол: “Сұп-сұр қақпа мына дәу,

Қырсық болды-ау, ұят шығар сығалау”.

Ойлайды ол: “Сылтау етіп сәл затты,

Ең болмаса, күл төгуге шығар-ау”.

Ойлайды ол: “Бүгін айдың нешесі”

Соғады өкпек кеткендейін есесі!

Қараңғыда қақырайды қатқан тоң.

Құйттай ауыл әлдеқашан жатқанмен

Шуылдайды интернаттың көшесі.

Он алты жас. Алыс ауыл. Апрель.

Тәтті ұйқыда, қатты ұйқыда жатыр ел.

Сұр қақпаның ауласынан сөнді шам

Ойлайды енді ереңгі кеш сәтін ол.

Сен де ойлашы, он бес-жиырма жыл бұрын

Мұндай қорлық көрген жоқ па ең, “құлдығым, –  деген байғұс байқұз баланың зар-мұңы тербетіп бара жатуы да мүмкін-ау.

Мүмкін. Нағыз ақындар күй талғамайды ғой. Олардың еркін – еркін ой билейді.

Өлеңдерінің де еркін, ұзақ, толғау мәнерінде болып келуі де сондықтан. «Менің өлеңдерім ұзақ, бірақ, кітаптарым бойшаңдау жұқа келдеді, Тұрсынжан-оу», – дейтін күліп өзінің өлең шумақтарының созылыңқы буындарына байланысты қалыңдата төртбұрыштап қаттауға симайтынын емеуірін етіп. Бұл – Серікбай Оспан, Серік Тұрғынбек, Бақтыгерей Ысқақ төртеуінің жұбы жазылмайтын шақ еді. Сырттарынан «Торғайлық төртеу» деген аттары шыққан кез. Төртеуі де келісті, жарасты, жомарт, ақкөңіл жігіттер еді. Осы төртеуі де мені өзімсіне бауырына тартып, еркін ұстады. Оның үстіне, төртеуінің әрі ағасы, әрі ұстазы Ғафакеңнің – ақын Ғафу Қайырбековтің қолтығына кірген соң (он бір жыл «Жұлдызда бірге істедік), тіпті үйірлесе түстік. Әзіл де, шын да, көңіл де ортақ болды. Осы төрт ақын жігіт 1988 жылы менің «Алашорда» қайраткерлерін ақтау ісіне қатысқанымның құрметіне Торғайға арнайы апармақ болды. Мен де оларды Абай еліне апаруға уәде бердім. Өкінішке орай, Ер Жәнібектің тойына жүздеп шақырылғандардың ішінде көзге ілінбей қалдым. Ал, Кеңшілікті «Мәдениет және тұрмыс» журналының фототілшісі В.Мыльниковпен бірге  ауылға ертіп барып, бір апта Шыңғысты аралатып, Ырғызбайдың тұқымы Ниязбек дегдардың арнайы сойылған қойының басын ұстатып, ризашылығын айтып жеткізе алмайтындай етіп, Алматыға шығарып салдым. «Мен қыратты-шоқылы, таулы жердің қадірін белмей келген екем. Толық сезіндім. Тынысым кеңіп қайтып барамын» – деді. Өкінішке орай, бұл екеуміздің қол ұстасып шыққан соңғы сапарымыз болды.

Ол, шындығында да, болмысымен, кең кеңістік үшін жаратылған тұлға еді. Тымырсық тобырдан, даңғаза дудан, қыбыр-жыбырдан, сыбырдан бойын аулақ ұстап, ондай ортадан қалайда тез сытылып шығуға тырысатын. Оны мен кейін сыр ашып сөйлесе бастағанда білдім. «Онсыз қалай өмір сүруге болады. Мен қашанда Алматының теректерінің ұшына жоғары қарап, көк аспанды көріп жүргенді ұнатамын. Кеңістік болмаса қыстығып кетемін. Тымырсық отырыстан тұншығып кетемін. Ондайда атып тұрып өлең оқи бастайтыным сол», – дейтін.

Ол өзінің бұл мінезін табиғи көрсетуге тырысатын. Алайда асау арыны сөзінің екпінінің буырқанысынан  озандап дараланатын. Әлі есімде, Кеңшілік бұла еркіндіктен бойын тарта бастаған кезде, жиырма  бестен асқан шағында екеуміз Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бірге жұмыс істедік. Бұл Қастек Баянбаевтың: «Жетісуда істейді он бір ақын, Газетті біреуі жоқ оңдыратын», – деп «өлеңдететін» тұсы. Кеңшілік өзін сондай ұқыпты, салмақты, байыпты ұстады. Қыры сынбаған костюм-шалбар, ақ көйлек киіп, ала галустік тағып, партиялық тәртіпке төзіммен көнді. Көндікпеске амал жоқ, үйлі-баранды болды, енді баспана керек. Ондай мүмкіндік «Жетісуда» бар. Содан күзге қарай менің үйлену тойым болды. Екі жүз елудей адам тура төрт топқа бөлінді. Әр қайсысының өз ортасы бар, араласуға еш қисыны жоқ. Әсіресе, Рымғали Нұрғалиев ұстазым: «Қазақтың төртінші жүзі» – деп атаған шағын да болса үкімет тізгінін ұстаған, Әсетті, Шәкерімді, Ахаңды – Ахмет Байтұрсыновты көзі көрген ардагер қариялардың, дерлігі қайын жұрттың меймандары, десі басып тұрды.  Мұзағаң – Мұзафар Әлімбаев, Қабдеш Жұмаділов, Рымғали Нұрғалиев  ағалар бастатқан еркін ойлы ғалымдардың дуы бір әлем. Ал, орталарындағы «Жетісу» газетінің партиялық этиканы ұстанған қызметкерлері тым-тырыс.  Және... Кеңшілік текті ақынтекті шығармашылық иелері. Әр топтың өз сөзі, өз әні, өз биі, өз беделділері, өз мінездері бар. Әр ортадан сайланған, кезегімен ауысып жатқан асабалар да бастарын бір мәмілеге келтіре алмай әуре боп жатқан кезде ... қолында ақ қағаз ұстаған Кеңшілік орнынан тұрды да аспан айналып жерге түскендей зор дауыспен азандата-озандата жөнелді.  «Лә-илла-һа – ил-лалла!» – деп қарияларды, Респубикалатып редакция қызметкерлерін, өлеңімен жазушы-ғалымдарды өзіне қаратып алды да, арасында ««Лә-илла-һа – ил-лаллап!» қойып,  жұртты тыныштандырып, өзіне қаратты. Содан кейін барып той бір арнаға көшті. 

Зады, мына «тымырсық кеңістікке» Кеңшілік тұншығып кетсе керек. Сөйтіп, өңі кіріп еді. Білгенге, бұл да бір тәуекелі жауапты мінез еді. Өзгені былай қойғанда, Облыстық парти комитетінің органының қызметкерінің жұрт көзінше сөзін «Бісмілла» мен «Лә-илла-һа – ил-лаллап!» бастауы, ол кезде, қызметтен қуылумен аяқталатын.  Ол екі парақ жазуды маған әкеп берді де, орнына отырды. Сол сөздің сарғайған сартап қолжазбасы менде сақталып қалыпты. Мақтан үшін емес, өзінің қызметін бәске сап, ақындық мінезімен «төрт жүздің» басын қосып, тойдың дұрыс өтуі үшін тәуекелге барған Кеңшіліктің рухына деген ризалығымды білдіру үшін және оның ақындық мінезін аша кету үшін сол «Батаны» сол қалпында ұсынамын. 

«Лә-илла-һа – ил-лалла! Мұхамед расул алла! Бисмиллаһи раһман-и рахим! Уа, халайық!

Советтік Социалистік Республикалар Одағында Тұрсын атты тағы бір қаламгердің шаңырағы уығын қадап отыр. 

Жүздеген жүзді жинап, 

Ақ дастархан ас-тұзын силап, 

Ақ тілектердің тұздығын тыңдап, 

Ақ жүректердің жылуын санап отыр. 

Қайырлы қадам болсын, 

Гүл тұнған қадам болсын.

Махаббатқа екеуі де адал болсын. 

Машахат маңайынан һарам болсын. 

Жақсыдан өнеге тисін, 

Ата-ана немере сүйсін. 

Иә... Иә, айтпақшы, 

таяудағы бес жылдықтың бірінде, 

Қазынадан өздеріңе кереге тисін! 

 

Лә-илла-һа – ил-лалла! Мұхамед расул алла! Бисмиллаһи раһман-и рахим!

Әмина айналайын, ақынға әрқашанда жақсы жар бол, 

Мұз-ағаң жазғандай, Ақ-Сұңқар бол. 

Ақынның жүрегін сенің қабағыңа берсін, 

Ақынның пейілін ақ дастарханың мен тағамыңа берсін. 

Ақындар тілейтін бар жақсылықты сенің жолыңа берсін. 

Ал, ақын жігіт, соларын төкпей-шашпай сенің қолыңа берсін. 

 

Лә-илла-һа – ил-лалла! Мұхамед расул алла! Бисмиллаһи раһман-и рахим!

Уа, Тұрсын! Мінезді, өр, маңғаз Тұрсын, 

Сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз, Тұрсын, 

«Жетісуға» күнде мақала жаз, Тұрсын, 

Жеті жұртқа арнап күніне өлең жаз, Тұрсын. 

Мұның бәрі бүгінгі ортақ тілек, 

Мен ойлаймын жүрекке жол тапты деп. 

Ортақ сезім, ортақ ой, ортақ пиғыл, 

Осы емес пе, құдай-ау, ортақ жүрек. 

Тұр, әрине, көмейге бәрі келмей, 

Көтерем мен бұл тосты дәрі, емдей. 

Адам – Ата, Хауа – ана алдына кеп,

Адалдығын ақтарған сәбиіндей! 

 

Бисмилла-һи рахим,

Шықсын, Тұрсын, ірі атың. 

Лә-илла-һа ил-лал-ла, Мұхаммед расул-алла – деп, Бата берді Кеңшілік деген бір ақын. Әумин. Алла-һу акпар!

19 қыркүйек, 1974 жыл».

 

Топты бейберекет еркіндіктен тосылдырып, бір арнаға түсірген осынау «Батаның» мен үшін орыны ерекше. Әйтпесе, әңгімесі мен әзілі басқа, салты мен дәстүрі басқа, жас мөлшерлері мен замандары алшақ, тіпті, партиялары да басқа осынау   меймандар қайда, кімнің тойында, кімдермен отырғандарын елемей, «төрт жүзге» (Кеңшілік «Жүздеген жүз» дейді соны емеуірін етіп) бөлінген күйі тарқар ма еді, кім білсін?!.. 

Тәубе, Кеңшіліктің «Батасы» қабыл болды. Бұл күнге де аман-есен, берекемен жеттік. Осы батада айтылған «жүрек ортақ» деген сөзді сол тойдан қалған байғазы және екеуара дос ниетіміздің белгісі ретінде қабылдап, естелігіме тақырып етіп қойдым. Ал, «ортақ жүректен» оқшау сөз шықпайды.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар