Әр қара сөз – тұтас бір дүниетаным

Бөлісу:

21.07.2025 2948

Қазақ руханиятының тұғыры биік тұлғасы Абай Құнанбайұлының қаламынан туған «Қара сөздер» ұлттың ар-ожданы мен зердесінің айнасы сияқты. Оның ойлы, сырлы, философиялық тереңдікке құрылған бұл мұрасын халыққа жақындатудың, замана үнімен үндестірудің сан түрлі жолы бар. Бірақ сол жолдардың ішінде дәстүрлі қара өлең формасымен Абай қара сөзін қайта сөйлету бұрын-соңды қолға алынбаған тың бастама, ерекше батыл қадам.

Осы орайда, Абайдың 45 қара сөзін қазақы қара өлең үлгісінде жаңаша өрнектеген ақын, әдебиеттанушы Әлібек Шегебаймен оның жақында жарық көрген «Қара сөз қара өлеңге айналғанда...» атты кітабы жайында әңгімелесіп, әдебиет сүйер қауымға ұсынуды жөн көрдік. 

– Әлібек аға, жақында жарық көрген «Қара сөз қара өлеңге    айналғанда...» атты кітабыңыз құтты болсын! Бұл еңбекте сіз Абай Құнанбайұлының әйгілі 45 қара сөзін қазақтың қара өлең ұйқас-өлшемімен өлең етіп қайта өрдіңіз. Мұндай бұрын-соңды болмаған ерекше жобаға қалай тәуекел еттіңіз? Идея сізге қалай келді, күтпеген жерден туындады ма, әлде ұзақ уақыт пісіп-жетілді ме?

 – Рақмет! Абай – қазақтың маңдайына біткен бағы, ал оның шығармалары – ұрпақтан ұрпаққа жететін рухани азық, мәңгілік мұра. Сол себепті хакімнің қара сөздеріне ден қою, оларды бүгінгі заманға лайықтап, жаңа форматта ұсыну – мен үшін шығармашылықтан бұрын азаматтық, рухани жауапкершілік болды десем, артық айтпаймын.

Абайдың 45 қара сөзі – қазақ руханиятының темірқазығы, терең философиялық ой мен тағылымға толы ғибратты дүниелер. Мұндай мол мұраны қара өлеңнің қарапайым, бірақ жүрекке жылы, ұлттық реңкі айқын үлгісімен қайта ұсыну – әрі үлкен жауапкершілік, әрі ерекше тәуекел болды.

Абайдың қара сөздерін өлеңге айналдыру идеясы маған 2019 жылы келді. Бұл – жай ғана шығармашылық ізденістен туған ой емес, өмірлік бір нақты сәтпен байланысты. Сол жылы мектеп оқушылары арасында өтетін «Абай оқулары» байқауларының біріне қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысқан едім. Сонда балалардың қара сөздерді жатқа айтуға тырысып, бірақ оның мән-мағынасына бойлай алмай, кейде тіпті түсінбей, жаттап алғанды ғана айтып шыққандарын байқадым. Сол сәт мені қатты ойландырды.

Өйткені Абайдың қара сөздері – тілдік тұрғыдан ғана емес, мазмұны жағынан да аса терең, күрделі туындылар. Тіпті ересек адамның өзі бір оқығанда түгел меңгере алмайды. Ал мектеп жасындағы бала жаттап алғанымен, мағынасын толық ұқпаған соң, оны жүрекпен жеткізе алмайды. Осы жайт мені қатты толғандырды. Сол жерде өзіме: «Неге осы терең ойды балалар мен жастарға ыңғайлы етіп, жүрекке жақын қара өлең өлшемімен жеткізіп көрмеске?» – деген сұрақ қойдым. Осылайша бұл идея алғаш рет көкейіме ұялап, уақыт өте келе үлкен жобаның бастамасына айналды.

 – Бұл жобаны бастар алдында бір жылға жуық ойланып жүргеніңізді естідік. Ақыры 2020 жылдың басында алғашқы қара сөзді өлеңге айналдыруды бастапсыз. Сол кездегі жағдайға көз жүгіртсек, әлемде пандемия басталып, карантин енгізілген уақыт еді. Жалпы, сыртқы тыныштық пен оқшаулану шығармашылыққа қалай әсер етті? Алғашқы қара сөзді өлең жолдарына түсіре бастаған сәтіңіз есіңізде ме?

 – Есімде, бұл 2020 жылдың көктемі болатын. Ол сәт бүкіл әлем үшін де, әрбір адам үшін де тосын, күрделі кезең болды. Пандемия басталып, күнделікті қарбалас тіршілік кенет баяулап, адамдар оқшауланып, өзімен және ішкі дүниесімен бетпе-бет қалған уақыт еді. Сол сәт мен үшін шығармашылықпен терең айналысуға, ой қорытатын, ізденетін ерекше мүмкіндікке айналды.

Бір жыл бойы осы жоба туралы көп ойланып жүрген едім. Өйткені Абайдай дана тұлғаның қара сөздеріне қол тигізу, оны басқа бір формада ұсыну – үлкен жауапкершілік, тіпті тәуекел еді. Осы ойдың өзі көп уақыт бойы жүрексіндіріп жүрді. Бірақ, 2020 жылдың наурыз айында, нақтырақ айтсам, бір кеште бірінші қара сөз өздігінен өлең боп төгіле бастады. Сол сәт әлі күнге дейін есімде. Жазып отырып, өзім де бір ерекше күй кештім. Жолдар бір-бірімен өзара үйлесіп, ой мен ырғақ үндесіп кетіп жатты. Жан дүниемде «міне, басталды» деген сенімді үн естілді.

Пандемия кезіндегі сыртқы тыныштық, уақытың молдығы, көңілдің сыртқы дүниеден ішке бұрылуы – осы шығармашылық идеяның нақты іске айналуына жол ашты. Бұл кезең жүрек пен ойды сабырлы, терең бір толғанысқа жетелесе, екінші жағынан, адамның бойындағы нағыз қажетті дүниелерді – рухани ізденісті, шынайы сөзге, иманға деген ықыласты қайта тірілткен сияқты.

– Бес жылға созылған үлкен еңбектің барысында қандай қиындықтар кездесті? Әрине, Абайдың қара сөздері өте терең ойлы, астарлы туындылар. Олардың кейбірінің мазмұнын өлеңге сыйғызу оңай болмаған шығар. Мәселен, 38-ші қара сөздің діни-философиялық мағынасы ерекше ауыр болғандықтан, сіз оны өлеңге айналдыру кезінде шығыстанушы ғалымдармен ақылдасқаныңызды бір сұхбатыңызда айтыпсыз. Сол сияқты, ең күрделі деп есептеген қара сөз қайсы болды және жалпы тығырыққа тірелген сәттерде оны қалай еңсердіңіз?

– Иә, бұл еңбектің ең ауыр тұсы – Абай ойының тереңдігімен қатар, оны поэтикалық формада жоғалтпай жеткізудің қиындығы болды. Әр қара сөз – тұтас бір дүниетаным, философиялық концепция, өмірлік ұстаным. Оны қара өлеңге сыйғызу – бір жағынан тілдік шеберлікті талап етсе, екінші жағынан мағыналық дәлдікті, рухани жауапкершілікті талап етеді.

 Әсіресе, сіз атап өткен 38-ші қара сөз – расымен ең күрделі, ең салмақты мәтіндердің бірі. Онда Абайдың Алла туралы танымы, дін мен адам арасындағы байланыс, иманның үш түрлі мағынасы секілді терең діни-философиялық ұғымдар қамтылған. Мұндай тақырыптарды өлеңге айналдыруда өз бетіңше ғана ойлап жазу жеткіліксіз. Сондықтан осы сөзді өлеңге түсірерде мен белгілі шығыстанушы, теолог мамандармен де кеңестім. Абайдың сол сөздегі ислам мазмұнын дұрыс тани білу, оны бұрмаламай жеткізу аса маңызды болды. Тек 38-ші сөз ғана емес, 13-ші, 27-шы, 32-ші қара сөздер де – философиялық салмағы зор, мағынасы көп қабатты дүниелер. Ондай сәттерде мен үнемі Абайдың өз үніне қайта оралатынмын. Қара сөздің әр сөйлемін, әр сөзін қайта оқып, «осы ойды Абай қандай мақсатпен айтты, қандай көңіл күйде жазды?» деген сауалмен ұзақ отырған кездерім көп болды. Ол – нағыз ішкі диалог, іштей ұстазбен сырласу сияқты еді.

Ал шығармашылық тығырыққа тірелген сәттер аз болмады. Кейде бір сөзді 2-3 апта бойы іштей пісіріп, бірақ қаламға түспей қояды. Ондайда асықпауға, күшпен жазбауға тырыстым. «Асықпаған арбамен қоян алады» дегендей, әр сөздің өз сәті, өз уақыты бар екенін түсіндім. Ең бастысы – сабыр мен табандылық. Сол екеуі мені жолдан тайдырмай, шығармашылық жолымды жалғастыруға көмектесті.

– Қара сөзді өлеңге айналдырудағы әдіс туралы сұрағым келеді. Сіздің айтуыңызша, бұл жұмыста қара сөздердің мағына-мазмұнынан ауытқымау басты мұрат болған екен. Өлең форматына көшіру қара сөздің негізгі ойын дәл жеткізуге кедергі келтірген жоқ па?

– Шынында да, бұл жұмыстағы басты қағида – Абайдың түпкі ойын, мазмұндық өзегін, рухани мәнін өзгеріссіз сақтау болды. Қара сөздерді өлеңге айналдырғанда, мен үшін ең бірінші орында – формадан бұрын мазмұн тұрды. Егер өлең ұйқасы немесе буын саны Абайдың ойын дәл жеткізуге кедергі келтіретін болса, мен ондай жолды қабылдамай, қайта жазуға тырыстым. Себебі, бұл жоба – шығармашылық эксперимент қана емес, Абай мұрасына деген үлкен құрметтің көрінісі еді.

Өлеңге айналдыру кезінде ең қиыны – қара сөздердің логикалық құрылымын, терең ой тізбегін жоғалтпай, оны қара өлеңнің өз ырғағына сәйкестендіру болды. Қазақтың қара өлеңі – өзіне тән шымыр, көркем өрілген формасы бар дәстүрлі үлгі. Ал Абайдың қара сөздері көбіне философиялық эссе, ой толғау, күрделі синтаксистік құрылымдарға толы.    Осы екі форманы шебер ұштастыру  негізгі шығармашылық сынақ болды.

Кейбір жерде ойды қысқартуға тура келді, кейбір жерде оны ұйқаспен жеткізу үшін балама сөздер табуға тура келді. Бірақ қандай өзгеріс болса да, ол Абайдың айтпақ болған түпкі мағынасына титтей де нұқсан келтірмеуі керек деген ішкі талап болды.

Мысалы, Абайдың 32-ші қара сөзінде білім-ғылым мен ақылдың мәні терең талданады. Осы сөзді өлеңге түсіргенде, мен сол ғылыми ұмтылыстың, талаптың, еңбек пен ақылдың рөлін айнытпай жеткізуге тырыстым. Кейде бір жолды  бірнеше рет қайта жазып, мағыналық дәлдік пен өлең формасының үйлесім табуына көп уақыт жұмсадым.

Жалпы айтқанда, өлең форматы қара сөздің мазмұнын бұзып, кедергі келтірді деп айта алмаймын. Қайта, сол мазмұнды тереңірек түсіну үшін мен өзім де қайта ойланып, қайта пайымдадым. Бұл өзім үшін де үлкен мектеп болды.

Ең бастысы – мен бұл өлеңдерде Абайдың өз ойын, өз үнін бұзбай, жаңа формада сөйлетуге тырыстым. Оқырман сол ойды өлеңнен тапса – менің мақсатымның орындалғаны.

– Жаңа кітаптың құрылымы ерекше екенін атап өтіпсіз, онда Абайдың  қара сөзі мен сіз жазған өлең түріндегі баламасы қатар берілген. Оқырман бірден қара сөз бен өлең нұсқасын салыстырып қатар оқи алады. Жалпы, прозалық мәтінді поэзия тілінде қабылдау оқырманға қалай әсер етпек? 

– Иә, бұл кітаптың құрылымын ойластырғанда, ең басты ниет –  оқырманға Абайдың қара сөздерін тереңірек түсінуге, әрі оны жаңа қырынан қабылдауға мүмкіндік беру болды. Қара сөз бен оның өлеңге айналған баламасының қатар орналасуы – жай ғана эстетикалық әдіс емес, бұл – оқырманмен арадағы шығармашылық диалог.

Салыстырмалы оқу тәсілінің бірнеше нақты артықшылығы бар деп ойлаймын. Абайдың қара сөздері – кейде тілдік тұрғыдан ауыр, мазмұны күрделі философиялық мәтіндер. Кейбір оқырман үшін оны бірден қабылдау оңай болмауы мүмкін. Ал сол ойдың поэзия тілімен, яғни, қарапайым әрі ырғақты формада берілуі сол мазмұнды жеңіл әрі әсерлі түрде қабылдауға жол ашады. Өлең – ойды жүрекке тез жеткізетін құрал. Яғни, оқырман қара сөзді оқып, түсінбей жатса, өлең нұсқасы арқылы соның мағынасын интуитивті түрде қабылдай алады.
Сонымен қатар қара сөзді оқып, артынша өлең нұсқасына көшкенде, оқырман екі стиль арасындағы байланысты сезеді. Бұл – тек салыстыру ғана емес, сол ойдың поэзиялық формада қалай жаңғырып тұрғанын көру. Кейде бір сөздің немесе бір сөйлемнің поэзиядағы көркем түрленуі оқырманның жүрегіне ерекше әсер етуі мүмкін.
Өлең тілі сезімді қозғайды. Ал сезім арқылы келетін таным кейде ақылмен келген білімнен де тұрақты болады. Қара сөздегі бір ой өлеңде оқырманның жүрегіне тереңірек жетуі мүмкін. Бұл – сөз өнерінің сиқыры.

Сондықтан мұндай құрылым – оқырманға таразылау мен салыстыру еркіндігін береді. Бір жағынан түпнұсқаға құрмет көрсетіледі, екінші жағынан – соны жаңа формада сезіну мүмкіндігі жасалады. Бұл – Абайды жаңаша оқу, және оны сол қалпында сақтау деген ұстаным.

– Әдеби орта бұл жаңалықты қалай қабылдады? Сіздің бұл еңбегіңізді көпшілік «Абай мұрасын тың тәсілмен тәпсірлеп, оған жаңа ғұмыр сыйлағандай» деп бағалап жатыр. Әріптестер, ақындар, әдебиеттанушылар тарапынан қандай пікірлер естіп жатырсыз?

– Шыны керек, бұл жобаның әдеби және ғылыми ортада қалай қабылданары – мен үшін де үлкен сауал болды. Себебі, мұндай қадамға ешкім бұрын барып көрмеген. Ал жаңалық – әрқашан екіұшты: бірі қолдайды, бірі сынауы мүмкін. Сондықтан  өзім де іштей күмән мен үміт арасында жүргенімді жасырмаймын. Әсіресе, Абайдай ұлы тұлғаның шығармасына жақындау – қасиетті жерге аяқ басқанмен бірдей ғой, ондайда адам екі есе жауапкершілікпен ойлайды.

Қазір кітаптың баспадан шыққан алғашқы даналарын ғана қолыма алып отырмын. Әлі ел арасына кең таралып үлгерген жоқ. Дегенмен, осы жоба аясында жазылған өлеңдерімнің бірнешеуін кезінде әлеуметтік желіге  жариялаған едім. Кейбір әдеби сайттар сол өлеңдерімді көшіріп басып, елдің назарына ұсынып жатты. Сол арқылы оқырман тарапынан көптеген жылы пікірлер, қолдау сөздер, ризашылық лебіздер айтылды. Әрине, бірен-саран сыни көзқарастар да болды. 

Осыдан кейін бірнеше облыстық, аудандық кітапханалар мен мектеп мұғалімдері хабарласып, «Бұл кітап бізге керек дүние екен. Жастарға Абайды жақындатудың бір жолы – дәл осындай еңбек қой» деп пікір білдіргендері болды. «Жас оқырмандарға ұсынып, үйірмелерімізде пайдалансақ бола ма?», – деген өтініштер де түсіп жатты.

Әдеби ортада да әріптес, қаламдастарым мен аға буын ағаларымнан жақсы лебіздер естіп жатырмын. Бір ақын ағамыз: «Сен Абай қара сөздерінің поэзия тіліне де көне алатынын дәлелдедің. Бұл – үлкен жаңалық», – деді.

Ал бір әдебиетші ұстазымыз: «Бұл – дидактикалық прозаны көркем поэзиямен түсіндірудің үлгісі. Бүгінгі ұрпаққа ойды жүрекпен жеткізудің тапқыр жолы», – деп баға берді.

Осы секілді пікірлер мен үшін – жай мақтау емес, шығармашылық серпін беретін үлкен демеу. Әрине, алда әлі де талқыланады, сарапталады. Бірақ бастысы – бұл еңбек әдеби процесске үн қосып, Абай мұрасын өзге қырынан танытуға сеп болып жатыр. Мен үшін соның өзі үлкен қуаныш.

– Абайдың қара сөздері бұрыннан мектеп бағдарламасында оқытылып келе жатқан жалпыға мәлім шығармалар ғой. Енді оларды өлең үлгісінде оқу жастар үшін түсініктірек, қызықтырақ болады деп ойлайсыз ба? Жалпы, бүгінгі жас буын Абай мұрасын қаншалықты бағалайды?

– Иә, Абайдың қара сөздері – қазақ мектептеріндегі, тіпті бүкіл рухани білім беру жүйесіндегі іргелі мәтіндер. Бірақ мойындауымыз керек, кейде сол классикалық дүниелерді жастар тек міндетті оқу ретінде қабылдайды. Өкінішке қарай, тереңіне бойламай, тек жаттап алып өте шығатын жағдайлар да аз емес. Бұған бір жағынан, мәтіннің күрделілігі, екінші жағынан, қазіргі оқушының қабылдау ерекшелігі әсер етеді.

Сондықтан менің мақсатым – Абайдың қара сөздерін жеңілдету емес, сол терең ойды жастарға жүрекке жақын тілмен жеткізу болды. Өлең – қазақтың қанына сіңген өнер. Бала күнімізден естіп өскен қара өлең, жыр, терме – бәрі біздің рухани қабылдауымызға әсер еткен құралдар. Демек, сол өлең формасы арқылы Абайдың терең ойын жеткізу – жастар үшін де, жалпы оқырман үшін де түсінікті әрі әсерлі тәсіл болуы мүмкін.

Меніңше, бүгінгі жастар Абайды бағаламайды емес, бағалай алмайтын, не болмаса толық түсініп үлгермейтін күйде. Уақыттың, өмір салтының, ақпарат ағынының жылдамдығы да әсер етпей қоймайды. Бірақ соған қарамастан, жастарда Абайға деген қызығушылық бар, тек оны дұрыс арнаға бағыттау қажет.

Егер олар Абайды поэзия тілімен оқып, соның ішінен өз өміріне, өз болмысына сай бір ой тапса – онда ол шығарманың өміршеңдігі дәлелденгені. Осы тұрғыдан алғанда, өлең үлгісінде ұсынылған қара сөздер – Абайды жаңаша оқудың, жаңаша сезінудің бір кілті болуы мүмкін.

Мысалы, өткен жылы студенттермен өткен шығармашылық бір кездесуде осы өлеңдерімнің бірнешеуін оқыған едім. Сонда бір студент: «Мектепте оқыған кезде қара сөздерді толық түсінбейтін едім. Сіздің өлеңдерді тыңдағанда бәрін түсініп отырғандаймын» ,– деп пікір білдірді. Мұндай пікірлер – мен үшін әрине, үлкен марапат.

Сондықтан мен өлең формасы Абайдың қара сөзін жастарға жақындатудың бір жолы деп сенем. Бірақ ең бастысы – форма емес, оның ішіндегі рух пен ойдың шынайылығы. 

– Абай мұрасынан өзіңіз не түйдіңіз? Осы жобаны қолға алғаннан бері хакім Абайдың әлеміне бұрынғыдан да терең бойлағаныңыз анық. Бір сұхбатыңызда «Абайы бар ел ешқашан адаспайды», – деген едіңіз. Шынында да, Абай сөзі – халқымыздың рухани темірқазығы. Енді сіз Абайдың әр қара сөзін өлеңге айналдырған соң, оның ой-толғамдарынан жаңаша қандай тағылым алдыңыз? Жеке шығармашылық тәжірибеңіз тұрғысынан Абай феноменіне деген көзқарасыңызда өзгеріс болды ма?

– Бұл жобамен айналысқан бес жылдың ішінде мен тек өлең жазған жоқпын – мен Абайдың рухани әлеміне сапар шектім. Оның әр қара сөзімен бірге отырып, бірге ойландым, іштей сөйлестім, кейде келістім, кейде түсінбей тоқтадым, бірақ әр сөзінен, әр жолынан терең бір сыр, мәңгілік мағына іздедім.

Абайдан түйген ең басты нәрсем – адам болудың биік өлшемі. Ол үшін тек білім жеткіліксіз, тек еңбек аздық етеді. Абай үшін адам – рухани тіршілік иесі. Ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің тепе-теңдігіне жетпей, толық адам болу мүмкін емес. Осыны мен бұрын тек идея ретінде түсінсем, бұл еңбекті атқарып отырып – оны жан дүниеммен қабылдауға мүмкіндік алдым.

«Абайы бар ел ешқашан адаспайды», –  деген сөзіме қазір бұрынғыдан да бекем сенем. Себебі Абай – мәңгілік бағдар. Оның қара сөздері – уақытпен шектелмейтін рухани координаттар жүйесі. Қай ғасырда өмір сүрсең де, адасқанда Абайға жүгінсең – жолыңды табасың. Ол – моральдық компас.

Жеке шығармашылық тұрғыдан алғанда, Абай мені ұстаз ретінде қайта тәрбиеледі. Бұрын поэзияны көбіне көркемдік, эмоциялық қуат ретінде қабылдасам, Абай арқылы поэзияның парасатты ойды, терең танымды жеткізудің құралы екенін анық сезіндім. Бұл – менің шығармашылық көзқарасыма үлкен өзгеріс әкелді. Енді мен үшін поэзия – тек көркем сөз ғана емес, жауапкершілік.

Былайша айтқанда, «Қара сөзді» өлеңге айналдыру – тек әдеби жұмыс емес, рухани мектептен өту болды. Бұл жол – мені өзгерткен жол. Енді менің көзім жетті: Абай – өткеннің ақыны емес, болашақтың ұстазы.

– Өз шығармашылығыңызға көз жүгіртсек, сіз поэзияға 1990-шы жылдары келдіңіз, «Алакеуім» (2001), «Әйнекке түскен Ай сәуле» (2003) секілді жыр жинақтарыңызды оқырман жақсы қабылдады. Ол кітаптарыңызда сіздің өзіндік үніңіз, лирикалық толғаныстарыңыз көрінді. Бес жыл бойы классикалық прозалық мәтінді өлеңге айналдырумен айналыстыңыз. Өз өлеңдеріңізді жазу мен бөгде шығарманы (әсіресе аса қадірлі Абай сөздерін) өлеңмен қайта жарыққа шығарудың шығармашылық процесінде қандай айырмашылықтар бар екен?

 – Мен әдебиетке еліміз Тәуелсіздік алған 90-шы жылдары келдім. Алғашқы жинақтарым – «Алакеуім» мен «Әйнекке түскен Ай сәуле» – менің ішкі әлемімнің, жастық шақтағы лирикалық тебіреністер мен дүниетанымдық ізденістерімнің көрінісі болды. Ол кезде мен тек өз жанымның үнін, өз ішкі түйсігімді тыңдап жазатын едім. Поэзия – мен үшін жүрек қалауымен жазылатын шынайы күйдің, таза эмоцияның тілі болды.

Ал енді бес жыл бойы Абайдың қара сөздерін өлеңге айналдыру – мүлде басқа үдеріс. Бұл – өз ойыңды емес, өзгенің – әрі ұлы адамның – терең, күрделі ойын өлең формасында қайта жеткізу. Мұнда тек шабыт емес, ең алдымен жауапкершілік, шектеу мен дәлдік бар. 

Өз өлеңдерімді жазғанда  менде толық еркіндік болды: ойды қай бағытта өрбітем, қандай бейнелерді қолданам, қандай ырғақ пен стиль таңдаймын – бәрі өз еркімде. Абайды өлеңге айналдырғанда – мен еркін емеспін. Мен оның ойын бұзбай, бұрмаламай, дәл жеткізуім керек. Бұл жерде шығармашылық еркіндік емес, рухани тәртіп пен мәтінге адалдық алдыңғы қатарда тұрады.

Өз өлеңімде мен ішкі дауысымды тыңдаймын. Жан дүниемді ақтарам. Ал Абайды өлеңге салғанда, мен Абайдың дауысын тыңдадым, оның логикасын, философиясын, стилін ішкі дүниеме сіңіріп барып қана өлеңге көшірдім. Бұл – автор болудан гөрі түсіндіруші, тілмаш болу секілді жұмыс.

Былайша айтқанда, бұл екі шығармашылық процесі – екі түрлі әлем, бірақ екеуі де мен үшін қымбат. Бірі – менің жанымның үні, екіншісі – рухани борышымның көрінісі. Екеуі де мені адам әрі ақын ретінде дамытты. Абаймен «бірге жазу» арқылы мен өз поэзияма да жаңа талаптармен қарауды үйрендім: тереңдікке ұмтылу, сөзге немқұрайлы қарамау, ойдың тазалығына мән беру – бұл Абайдан үйренген ең үлкен сабақтарымның бірі.

– Алдағы жоспарларыңыз туралы сұрағым келеді. Бұл көлемді жобаны табысты аяқтадыңыз, енді тағы қандай шығармашылық мақсат-мұраттарыңыз бар? Оқырмандарыңызды алдағы уақытта тағы қандай жаңалықпен қуантасыз?

– Бес жылға созылған бұл үлкен жобаны аяқтау – мен үшін әрі шығармашылық жеңіс, әрі үлкен жауапкершіліктің жүгін сәл де болса жеңілдеткен сәт болды. Бірақ, әр істің соңы – жаңа ізденістің бастауы. Бұл еңбек менің рухани әрі шығармашылық көкжиегімді кеңейтіп, өзімді жаңаша тануға, жаңа бағыттарға көз салуға себеп болды.

Абай қара сөздерін өлеңге түсірумен қатар, соңғы жылдары өзімді ерекше толғандырған тақырып – еліміздегі қасиетті жерлер мен әулие, әмбиелер жайындағы халық аңыздары мен киелі хикаялар. Әсіресе, Түркістан өңіріндегі әулиелі мекендер, олардың төңірегіндегі рухани мифтер мен тарихи әфсаналар – менің бала күнімнен жаныма жақын, көңіл түкпірінде тербеліп жүрген дүние.

Соңғы уақыттары мен осы бағытта көптеген өлең-әфсаналар, хикая-жырлар жазып келем. Оның ішінде: Түркістандағы Ясауи ізі қалған жерлер, Сайрам, Отырар, Қаратау өңірлеріндегі әулие-әмбиелер мен зиярат орындары, халық жадында сақталған аңыздар мен киелі оқиғалар – барлығы да менің поэтикалық дүниетанымымда ерекше орын алып, жыр тіліне айнала бастады. 

Бұл – жай ғана жер мен мекенді суреттеу емес, рухани кеңістікті өлеңмен шежірелеу. Біздің халқымыздың дүниетанымында әулие-әмбиелерге, киелі орындарға деген көзқарас – сенім мен тарихтың, таным мен тағылымның тоғысқан тұсы. Осы тақырыптағы өлең-аңыздар мен рухани жырларды бір жинаққа топтастырып, толыққанды әдеби-көркем еңбек ретінде оқырман назарына ұсыну – алдағы нақты жоспарларымның бірі. Жинақтың ерекшелігі – ол тек поэзиялық еңбек емес, сонымен бірге тарихи, танымдық, рухани-ағартушылық мәнге де ие болады деп ойлаймын.

Қасиетті мекендер мен аңыздар жайлы жыр – бұл тек жер мен атауға тағзым емес, ұлт жанының географиясын сызу. Егер Абай қара сөздері – рухтың биігі болса, ал әулиелер мен киелі мекендер – сол рухтың тамыры, топырағы. Осы екеуін тоғыстыра отырып, мен өз шығармашылығымда қазақ руханиятының тұтас картасын жасауға талпынып жүрмін. Ал ол жолдағы ізденіс жалғасады, бұйырса, оқырманмен тағы да осындай еңбектер арқылы қауышамыз.

– Шығармашылық жолындағы еңбегіңіз жемісті де табысты болсын. Оқырмандарыңызды әрдайым жаңа туындыларыңызбен қуанта беріңіз. Әңгімеңізге көп рахмет!

Бөлісу:

Көп оқылғандар