Республикалық "Абай оқулары" өз мәресіне жетті
Бөлісу:
Абай облысында ұлы ақынның 180 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткізілген республикалық «Абай оқулары» іс-шараларының нүктесі қойылды. Бұл іс-шараға Қазақстанның түпкір-түкпірінен келген жастар Абайдың табаны тиген, мәңгілік тыныс тапқан топырақта бас қосты. Елімізде мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінен құралған бұл жастар шоғыры қатысқан іс-шаралар түйіні достық пен татулық, жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды дәріптеп, насихаттауға негізделген.

Фестиваль барысында жастар Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіне арқау болған Күшікбай батыр мазарына, «Абай жолы» эпопеясы авторының туған жері Бөріліге, Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенелеріне барып, онда кезегімен өткізілген викториналарға, зияткерлік кездесулер мен мәдени шараларға қатысты.

Ұлттық дәстүр мен тарихтың тереңінен тамыр тартқан бұл сапардағы көрнекілікті, мазмұнды тыңдалымдардан әрбір қатысушы ұмытылмас әсер алғаны анық.

Іс-шара соңында қатысушылар Абай музейі аумағында орналасқан «Абай және ұлдары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақын рухына тағзым етті. Осы салтанатты рәсімде Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов сөз сөйлеп, жастар арасында Абай мұрасының кеңінен насихатталып жатқандығы туралы айтып өтіп: «Құрметті жастар, сіздерді дана Абайдың туған топырағында қарсы алу – біз үшін зор мәртебе. Мемлекет басшысы жастарды қолдауды үнемі басым бағыт ретінде айтып келеді. Осы ретте біз жастарға Абайдың даналығын, ой тереңдігін және адамгершілік қағидаттарын кеңінен түсіндіруді мақсат еттік. Сіздер осы оқулар арқылы еліміздің әр өңірінен келгендер арасынан жаңа достар тауып, рухани азық алдыңыздар деп сенемін. Қатысуға келген әрқайсыңызға облыс әкімінің атынан шынайы алғысымды білдіремін», - деп бұл игілікті іс әрқашан жалғасын таба беретініне сенім білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сөз алған «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Тимур Жұмырбаев та өз сөзінде Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы маңызы туралы атап өтті: "Бүгінгі жастар Абай шығармашылығына қызығушылықпен қарап, оның идеяларын заманауи тұрғыда түсінуге тырысуда. Бұл – еліміздің рухани жаңғыруының нақты көрінісі. Абайдың ойлары – ұлт бірлігінің тірегі. Жастардың осы жолда бас қосуы – үлкен мәнге ие.»

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың осы фестивальге қатысушыларға арнайы құттықтау хаты оқылды.
Ұлы ақынның 180 жылдығы аясында жастарға арналған мазмұнды да ауқымды іс-шара осылайша өз мәресіне жетті.
Фотосуреттер Абай облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынды.
Бөлісу: