Лирик ақын Исраил Сапарбай өмірден өтті

Бөлісу:

18.07.2025 1036

Халық жазушысы, Алаш жұртының ардақты азаматы, көрнекті ақын Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. 

Исраил Сапарбай  1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында туған. 

Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң, бірнеше жыл Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген.

1973-1975 жж. Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. 

1976-1983 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан. 

1984-1985 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985-1992 жж. «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997-1998 жж. Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің І хатшысы, 1998-1999 жж. Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.

Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты. 

Шығармалары: «Аққу арман», «Раушан ғұмыр», «Бозқараған», «Қызыл-жасыл дүние», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Қызыл жел», «Ғашықтың тілі», «Бармақтай бақ» «Махаббат пен Ғадауат», т.б.

***

Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға!

Қасымхан Бегманов, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары: 

Бүгін таңнан суық хабар жетті... Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді. Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады. Биыл қазақ әдебиетінің алыптары, кезінде інілері болып соңынан ерген асыл ағаларым - Дулат Исабеков (20.12.1942 - 21.02.2025), Темірхан Медетбек (06.05.1945 - 10.05.2025), енді міне, Исраил Сапарбай (15.05.1941 - 18.07.2025) бірінен соң бірі өмірден өткені менің жаныма қатты батып, жүрегім ауырып  отыр. Алапат қайғы санама енді ғана жеткендей күй кешіп отырмын. Сол Кеңсайға, алыптардың қасына енді Исраил ағам да  кетіп бара жатыр. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасымен бірге ағамыз қатты ауырып жатқанда, ауруханаға барып,  үнемі хабар алып тұрдық. Соңғы барғанымызда күбірлеп, ақырын өз өлеңін оқып жатты… Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай, мөлдіреген жақұттай поэзиясы, мәңгі өлмес сырлы, мұңлы жырлары қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің  бірнеше театрларында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр. Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға, жан аға, Исраил көкем менің… 

...Ағамыздың қонақасы, жаназасы, асы қайда өтетіні жайлы қосымша хабарлайтын боламыз.

 

 Исраил Сапарбай. Қардаш

Қанбазарда жүк артқан арбасына

Қандасыма:

Қайылмын қардашыма.

Тастұғырды қайтейін қатып қалған,

Жастығыңды салсаңшы жамбасыма?!

 

Қас-қабақтың арасы қарыс қадым:

Жастығыңды жауымдай жаныштадым!

Қайрап өткен қылышын қараспанға

Қайда кеткен кешегі Арыстаным?

 

Қайда кеткен кешегі Ертүрігім?

Ертүріктің бөпесі — Бөлтірігім?!

Ес-түсінен айрылған Еуропаның

Естен шығып кеткен бе «дерті» бүгін?

 

Ал, өзің ше?

Өкініш іште өле ме?

Іште өле ме, жоқ, әлде, күш бере ме?

Анадолы ақ сүтін жерге сауып,

Алыстағы Атажұрт түске ене ме?..

 

Қас-қабақтың арасы қарыс аттам,

Арын сатқан оңбайды әлімсақтан.

Біз екеуміз гөзелміз «гөйгөйі» көп,

Біз екеуміз өзенбіз жарыса аққан.

 

Өзен барып құйылар Телегейге!

Телегейде адасар кеме кейде...

Менмендігім түбіме жетті дей бер,

Мейман емес, баласаң мені өгейге.

 

Көлгірсісе көзіңде жалған әлем,

Көресіңді көресің онда менен!

Майдагердің «мақамы» маған мәлім,

Саудагердің үйіне қонған емен!

 

Кісімсіген немеде кінәрат бар,

Мұрағат бар маңдайда мына қатпар...

Төсегімді төрге сал!

Төбебидей

Төрден көрге қазақпын бір-ақ аттар!!!

 

Тылсым түн

 

Жер неге қимылдайды, теңселмейді?

Теңселгенмен, бәрібір, ел сенбейді.

Қимылдасын,

теңселсін,

тербетілсін..,

Ертелі-кеш ғайыпқа енсем, мейлі...

 

Қимылдасын,

теңселсін,

тербетілсін:

Жеті түннің қойнында Жер де тылсым!

Екі көлден аумайтын екі көзім

Шексіздікке телмірсін, шерге тұнсын.

 

Шерден өзге не қалды Шермендеге?

Есіңді жи,

Ей, Ажал, ербеңдеме!

Қара түнді жамылып, қам-қайғысыз

Жатып алсам деп едім көр кеудеде.

 

Үнсіз, Күнсіз неге аспан үңірейді?

Үңірейген дүние тым үрейлі.

Афсана ма, аңыз ба, кім біліпті,

«Анау» жаққа кеткендер тірі дейді...

 

Өтірікке сенемін,

Шынды қайдам...

Сұмдық ойдан бір басым—күллі майдан!

«Мені алмасаң өзің біл, жанымды алшы...»

Одан өзге не тілер құл Құдайдан?..

 

Бір тылсым күш жетелеп әлдеқандай,

Жер мен көктің арасын жалғағандай.

...Неге қалғып кетпейін,

Кірпік ілмей

Әлди айтып отырса Алла анамдай...

 

Жалғыздық 

 

Басқа адаммын мен бүгін,

Басқа адаммын:

Жанарымды ашқылтым жасқа малдым.

Басылмайтын өксігі жылағанмен,

Ашылмайтын есігі тас қамалмын.

 

Көлгірсіген көбік сөз кімге керек?

Кешегіден бүгінім мүлде бөлек.

Нәрестедей нәрәнжу жүрегімді

Кімге бөліп,

Берейін кімге бөлеп?

 

Жүрегімді берейін ен-тегінге,

Сол ғой менің тектім де, тентегім де!

Безер болсаң...

Қайтып бер иесіне,

Азар болса «гөйгөйді» шертемін де...

 

Басқа адаммын мен бүгін,

Басқа адаммын:

Жанарымды ашқылтым жасқа малдым.

Өлмей, талмай күн кешу қандай қиын

Қасқырлардың ішінде,

Қасқалардың?..

 

Керегі жоқ ешкімнің жалғыз жанға!

Тәнім, жаным талықсын таңғы ызғарда.

Керегі жоқ!

«Сен үшін өлемін...» деп

Қатырмасын басымды бал қыздар да.

 

Таза-тақыр безінсін дос та менен,

Әдірем қал сен де, енше, асқақ әуен!

Жазмышымның бедері—Таңбалытас,

Көзден таса қалмайды тастағы ӨЛЕҢ!..

 

Жантәсілім

 

«Қасым қимылсыз жатты. Көзі аспанға қадалған...»

   Сырбай Мәуленов

 

«Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...»

Дені қашқан денеде дегбірсіздік дертеді.

Әлімсақтан ақиқат аманаты Алланың:

Тірі жүрген пендеге өлу де бір серт еді...

 

«Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...»

Өлім деген – Ақиқат,

Өмір деген – Ертегі.

Тағдырына таңылған,

Тамырына тараған

Табылар ма, жалған-ай, 

Тарыдайын дерт емі?

 

...Үй ішінде білте шам өлімсірей жанып тұр,

Таңға жетпей жарықтың өшетіні анық-дүр.

Аңдып келген Ажалға айласы жоқ Ақынның

Ат басындай жүрегі әлсін-әлсін соғып тұр.

 

Ақын жатыр төсекте айрылғандай тіл-жақтан.

Шындық шіркін осы ма шыңырауға шым батқан?

Дімкәс дүние алдында дірмән де жоқ, дәт те жоқ:

Еңсе еңкіш,

Бой бүкір,

Жұрт қабағы зіл-батпан.

 

Ат басындай жүрекке қолын созды сұм Ажал,

Сұрқай түннің қойнына көлеңкесі сұлаған.

«Біттім...» деді білте шам өзі жұтып өз тілін,

Жақсам етті шырақты?!

Тапсам етті бір амал?..

 

«Қыстың желі ызғырып, терезені шертеді...»

Қатты жапқан есігін қайта келіп серпеді!

«Болдым...» деді ұлы Ақын өзі жұтып өз демін,

...Өлім неткен қатігез?

Өмір неткен келте еді?..

 

Қоңыр әуен

 

Достан да, дұшпаннан да қалған көңіл

Аңсап жүр аққулы әуен, арман көлін...

Күнгейге Күнікейдей қызды ұзатып,

Танакөз тағдырымды таңнан көрдім.

 

Қайталап маңғаз мұңын «Маңмангердің»

«Қайран-ай, қайта оралмас жалған!..» дермін.

Доңыз жеп, қоңыз терген Қодарқұлға

Келмейді Баянымды қолдан бергім.

 

Дабысы жер мен көкті жарған жердің

Дарақы Жапалағын жардан көрдім.

Байғыздың мұңын кешіп бағзы бірде,

Баянсыз махаббатты тордан көрдім.

 

Қорланса қолы жетпей Қорланға ердің,

Қозымды қоңыр мінез қолдан көмдім...

Қаңғып жүр ұрынарға қара таппай

Қайырсыз бұл қазақтан қалған көңлім.

Бөлісу:

Көп оқылғандар