Асылбек Ихсан. Құмалақ
Бөлісу:
Әңгіме
Қасым темір сөрелерде самсаған бүйірлі ұзын мойын, иықты қысқа мойын, сары, көк, күлгін сұйық толы үлкенді-кішілі торсықтай әйнек құмыралардың бірін еппен ғана алып үстеліне қойды. Лаборант қыз тоңазытқыштан зүбаржат түстес қобдишаны алып келді. Қасым қобдишаны еппен ашып, ішіндегі құтыдан сәбидің шынашағындай шыны түтікпен инокуляция процедурасынан өткен қоймалжың сұйықты сорып алып тілдей шыныға тамызып, иммерсионды микроскоптың резеңке ұяшығын оң көзінің ұясына дәлдеп, жапсырып алды да шыныда жыбырлаған микроорганизмдерге үңілді...
Компьютерге зерттеу деректерін жазып, одан микроскопқа қайта шұқшиды. Бүгінгі зерттеулері сәтті болды. «Тфу, тфу!..» Биоматериалдардағы микроорганизмдер өсіп-өніп, «құрттап», «колония» құра бастапты. Енді аурудың негізгі қоздырғышын табу керек. «Жауыз» вирусқа қарсы айдап салу үшін қолдан тудырылған «мейірімді киллер» вирус барлық тәжірибеген өтті, енді қарсыласын жұтып қою ғана қалды. Амандық болса, бір ай көлемінде зерттеудің бас-аяғы жиналып, екі жылға созылған зеттеудің нүктесі қойылар. Үстелде жатқан көзілдірігін киіпбелін жазып орындықтың арқасын сықырлата шалқайды. Ыңылдап ән салды. Бірнеше жылғы еңбектің нәтижесі төбе көрсеткендей...
Қабырғаға жапсыра қойылған кісі бойы көне сағатқа қарады. Антиквариат дүкенінен алып келген өзі еді. Кішігірім ағаш шкафқа пара пар маятникті сағат тілі түскі ас уақытына жылжып келіп қалыпты. Қасым эластан желеңін, полиуретан қалпақ, қолғабын шешіп дезинфикациялайтын жәшікке салды да зертхана бұрышындағы кісібойы сейфке келді. Сейфтің үстіндегі төртбұрышты шыныны қолына алды. Сулық қағазбен шаңын сүртті. Биіктігі, көлденеңі бір сүйем әйнек кубтың ішіндегі түйенің құмалағындай нығыз домалақтанған боққа, артқы аяғын құмалаққа артып, тоңқайған боққоңызға қарап ұзақ тұрды. Бұл – Олуватсин досының сыйы еді...
Осыдан екі жыл бұрын Шығыс Африканың бір елінде жұқпалы вирус тарап, ғылыми зерттеу тақырыбы сай келгесін денсаулық министрлігі Қасымды аттандырған еді. Қасымды аэропорттан сол елдің жетекші микробилогі Олуватосин күтіп алды. Он төрт сағаттың үстінде қозғалмай отырудан әбден шаршаған Қасым шамаданын сүйретіп әуежай алдына шығып құрыс-тырысын жазып тұрды. Іштен шұбырып шығып жатқан адам нөпірін жарып жүгіріп келе жатқан Олуватосинді көріп қол бұлғады. Skype арқылы екі-үш рет байланысқа шыққандары бар, екеуі ескі таныстарша шүйіркелесе кетті. Зертхана ел астанасы Мбабанегеден жүз шақырымдай жерде екен. Олуватосиннің пикапы күрең шатырлы үйге келіп тоқтады. Ауласына ағаш, гүл еккен, үш бөлмелі шағын үй екен. Қабырғалары таудың қалақ тастарынан қаланып, төртбұрыштап кесілген бөренелер қарақоңыр түске боялыпты. Ағаш үстел, орындықтар қойылған терассаны қабырғадан үш метрдей соза жапқан шатыр көлеңкелеп тұр. Жерден тізебойы биік пластмасса тұрбаның ұшына орнатылған бармақтай түтікше өсімдіктерге су бүркіп зыр айналады. Конструктивизм стилінде салынған жинақы, шағын үй Қасымның жүрегіне жылы тиді.
Англияның жоғарғы оқу орынын бітірген Олуватосин мырза Эсватинигнонге елінің жетекші вирусологі. Бұл елде жұмыс түске дейін. Олуватосин Қасымды түскі астан кейін ел аралатып, халқының салт-дәстүрімен, фольклорымен таныстырды. Бір күні екеуі сафари-паркке келді. Қасымның қызыл кітапқа енген ақ мүйізтұмсықты алғаш көруі. Бұл ақ мүйізтұмсықтың жер бетінде қалған соңғы еркегі екенінен хабары бар еді. Genome research журналы ғалымдардың хайуанаттар паркін мекен еткен қаны басқа сегіз мүйізтұмсықтың етінен ет кесіп алып, тұқымы құрып бітуге айналған ақ мүйізтұмсықты клондау үшін қажетті отыз жыл бойы еңбек еткендерін жариялаған. Егерде тәжірибе сәтті өтсе (бұл үшін генетикалық жағынан туыстас емес жануарлар табылса, оң нәтиже күте беруге әбден болады) ақ мүйізтұмсық тұқымы популяциясы сақталар еді. Фотоаппаратын сырт-сырт еткізген Қасым сібір жүндес мүйізтұмсығының генін клондап 14-18 мың жыл бұрын жер бетінен жойылып кеткен тағы жануарды тірілтіп табиғатқа жіберсе деп қиялдады. Қазақ даласында мүйізтұмсықтар жүрсе...
Кенет жердүниені қарқырата арыстан ақырды. Кең кеудеден шыққан қаһарлы да сұлу үн тордың аржағындағы пенделерге африка даласының шын қожасы кім екенін ескерткендей... Дауысұлғайтқыш құралын ауызына тосқан ұлттық парк қызметкері туристер алдында сөзін жалғастыра берді: – Саваннада еркін жүретін піл, керік сияқты шөпқөректі жабайы жануарлар қуаңшылық кезінде су, шөп іздеп жүздеген шақырымға кетеді. Жол-жөнекей ағаш басын шалып жеген жеміс, шөптерінің дәндері тезегімен топыраққа түсіп, әртүрлі өсімдік түрлерінің Африка даласында таралуына сеп болады...
Олуватсин төбесі ашық жайдақ көлігінің газын басып-басып жіберіп, құйғыта жөнелді...
Жер танып, өз жолын өзі табуға үйреніп қалған Қасым қолы боста азық-түлік базарын аралайды. Күйдіріп, жандырып жүріп осы елдің небір таңсық тамағын жасауды да үйреніп қалды.
Ғалымдар зерттеу жұмыстарымен ел орталығынан алыс ауылдарды аралады. Қасым жергілікті халықтың виолончельдің кең шанағынан боздап шығатын қою үніне келетін сұлу әуенін тыңдай бергісі келеді. Әсіресе әндеріне ғашық... Бірте-бірте, ойын жеткізе алатын дәрежеде тіл сындырып, тіл жетпеген кезде ым-ишарамен ұғысуды үйренді. Екеуі жол бар жерде пикаппен, жол жоқ жерді жол дорба арқалап жаяу кезді. Шағын шатыр құрып далада түнейтін кездер де болды. Қасымға әсіресе сырт жұртпен араласпай, өздерінің дәстүрлі заңы, әдет-ғұрыпымен ну орман арасында өмір сүріп жатқан кісікиік тайпалардың тұрмысы қызық еді. Ондай кезде өзін UNESCO-ның қызметкеріндей сезінеді. Олуватсиннің арқасында еркін тілдеседі. Бірнеше фильмге жетер материал жинап алды... Әр тайпаға келген сайын Олуватсин Қасымға қарап қойып «Бұл тайпада қалыңдықтың құны он сиыр... Ал, мына тайпада бес питонның терісі, қырық ешкі...» дегенді жиі айтатынды шығарды...
Бұл елге сапар Қасымға Құдайдың ерекше сыйы болды. Сурет галереясын аралап, көрме біткенді құр жібермей бірнеше картина сатып алды. Қасымның Африканың мәдениетіне ынтық болуына Поль Гогеннің картинары ықпал етті. Жалындаған аптап, булыққан қуат тұнып тұратын картиналарды көрген сайын Қасымды жаратылыстың ілкі құпиялары шақыратын... Африка құрлығы туралы телехабарларды тапжылмай отырып қарайды.
Олуватосин бір күні сыраханада отырып жылады. Күректей аппақ тістері ақсип үнемі кұліп жүретін досының бетін жуған жасты көріп Қасым үнсіз қалды. Олуватосин өз тілінде бірдеңелерді айтып-айтып тастап, қос қолдап басын қысып ұзақ отырды. Жергілікті халықпен ауызекі сөйлесіп, тіл сындырып қалған Қасым досының бір сөзін де түсіне алмады. Жасқа тұншығып отырып өксік аралас балп-бұлп еткен бір дыбыстар толассыз шығып жатты. Арасында көкірегі қарыс айырыла күрсінеді. Олуватсин кенет орынынан атып тұрды. Ұрынарға қара табалмағандай жұдырығын түйіп, жан-жағына алара қарап тұрды да теңселе басып барға беттеді. Шолақ қайырып, барменге тез-тез бірдеңе деді. Екі бөтелкені жонглёрше қақпақылдап басынан айналдыра лақтырып жіберіп қағып алып, ту сыртына жытырып жіберіп қолтығынан шығарып ойнатып тұрған анау зып еткізіп қалтасынан бірдеңе алып Олуватсинге бере қойды. Олуватсин ұқыптап бүктеген қағазды жазып, ішіндегі ақ ұнтақты үстелдің үстіне төге салды. Жұқа қағазды екі бүктеп алып, қолы қолына жұқпай ақ ұнтақты қыр арқалап жиды да, үстелге еңкейе беріп құшырлана иіскеді. Ақ ұнтақ шаңсорғыш тартқандай кең танауға сорылып жоқ болды. Отырып-отырып кенет қарқылдап күле бастады. Күлкісі біртүрлі күйініштен шыққан ащы күлкі. Қасым үн-түнсіз орынынан тұрды. Досын жәйіне қалдырды да такси шақырып үйіне қайтты.
Бір кезде есік қағылды. Касым жатып қалып еді Олуватсин екенін сезіп есік ашты. Кофе дайындады. Кофесін ұрттап қойып Олуватсин әңгіме бастады.
***
Алаңқайда алау жанып тұр. Алаңқайдың күн шығыс жағы ну орман да күнбатыс жағындағы ағаштардың арасы шашылып жатқан ірілі-ұсақты үшкір тастарға толы. Алау жанында келіншегімен Олуватсин тізерлеп отыр. Екеуі де тыр жалаңаш шешінген, тек белдеріне жапырақтан алжапқыш ілген. Үсті-бастары ақ бояумен алабажақ боялыпты. Абенидің қос анарына қып-қызыл жоса жағылған. Кіндігінің үстіне қалақ тас байланған. Тасты қара бояумен көмкеріп, ащы ішектей шұбатылтып, шұбарлапты. Екеуінің көздерінің астына сойдақтатып екі елідей қызыл бояу жүгіртілген. Бастарына қоғаның собығындай бірдеңе жапсырып, құс қауырсынын қалқитыпты.
Арқасына ақ бөкен терісінің жұрынын байлаған, мойынына жыртқыш аңдардың азуынан алқа таққан бақсы даңғырасын ұзақ ұрғылап жер тепкілеп билеп жүріп, тері дорбасынан зорман сияқты әлдебір аңды суырып алып көз ілеспей шапшаң қимылдап бауыздап жіберіп, ұртын толтыра қанын сорды да отқа бүрікті. Бұл – ата-баба аруағына және қасиетті күшіген ана аруағына бағыштап қан шығару еді. Жер тепкілеп тыпырлап билеп келіп Абенидің кіндік тұсындағы тасты асасымен ұрып кетеді. Бір кезде қып-қызыл шоқты жалаңаш қолымен көсіп алып өзі тілдесіп жүрген әлдебір аруақтармен бірде ақыра сөйлеп, бірде ыңырсыған дыбыс шығарып жан-жаққа шаша бастады. Найзасын оңды-солды сұққылап сұрапыл бір шайқасқа кірісті. Бұл қасиетті ғұрып екі күнге созылды. Үшінші күні аруақ-пірлерінің дәрежесі ең жоғарғысы – боққоңыз құдайларына жүгіну церемониясы басталды. Бұл өте қасиетті, әрі орындауы аса күрделі өте қауіпті ғұрып болатын. Бұл ғұрыптың алдында Боққоңыз құдайларына деп алтын, күміс, темір ақша шашылады. Бақсы Олуватсин мен Абенидің алтын, күміс әшекейлерін, бар ақшасын тиындарына дейін сыпырып-сиырып отқа тастады. Екі күн бойғы селкіл, жер тепкілеу ойыншық екен – бақсы бойына әлдеқайдан алапат күш бітіп адам бойы биікке секіріп билей бастады. Орманды жаңғырықтыра ақырды. Бір кезде жаны шығып кеткендей сұлық қалды. Асасына сүйеніп біраз тұрды да басын қақшаң етіп көтеріп алып, көзі ақшиып аспанға қарады. Отты айнала сүметіліп, ілбіп, сүлдесін сүйретіп ұзақ жүрді. Ерлі-зайыпты екеудің жанына келіп өлімсіреген түрмен бірдеңе деді. Жан-жағына найзасын сұқаңдатып, орындарынан көтерілген екеуін қорғаштап тастың тасасына жетелеп апарды. Олардың ұлы дәретін жаялықтай жапыраққа орап алып келіп отқа тастады да, төбеқұйқаны шымырлата шыңғырып жіберіп алауды айнала құйын-пері бір іс бастады. Бірде маймылша шыңғырып шоши қашып, бірде арыстанша ақырып жалындаған отқа тап беріп, шоқты жан-жаққа шаша найзасын сұғып-сұғып алады. Олуватсин мен Абенидің білегін пышақпен тіліп қанын алақанына ағызды да шоқ болып қоздап жатқан тезектеріне тамызды. Сол мезетте бейне бір оқ-дәрі жарылғандай жалын аспанға атылды. Бақсы әлдебір сұйықты ауызын толтыра ұрттап алып отқа бүркіп-бүркіп жіберді де сылқ түсті. Алаңқайда тымық, мамыражай күй орнады. Олуватсин мен Абени еңселерін зілбатпан салмақ басып, қыбыр ете алар емес. Бақсы сүт пісірім уақытта есін жиып екеуіне таяқ ала жүгірді. Ерлі-зайыпты екеуді пикаптарына жеткенше төмпештеді. ***
Қасым Олуватсиннің суып қалған кофесін алды да жаңадан кофе қайнатты.
– Бақсы екеуіңді неге ұрды...
– Абенидің шешесі ағылшын қызы еді.
– Абенидің әкесі африкалық емес пе?
– Біздің көне дәстүр бойынша өзге нәсіл тұрмақ, өзге тайпамен некеге тиым салынған. Бала тұрмауы – боқ қоңыз аруағының қан араласуына қарсы болуынан деді бақсы.
– Өзің соған сенесің бе?
Олуватсин үндемеді.
Кофесін үстелге қойды да қалтасынан темекі алды.
– Біздің тайпада боққа байланысты екі тәртіп қатаң сақталады – адамның қасиеті ұлы дәретінде деп нәжісті аяқасты қылмайды. Боқты отқа салуға болмайды – аруақтар қиналады, рухың әлсірейді.
– Бақсы Абени екеуіңнің боқтарыңды неге өртеді?
– Өзге аруақты аластады. Абениді енді тек әкесінің аруағы қорғайды.
Олуватсин кеудесін кере темекі түтінін ішке тартты.
– Ағылшындар бізді жер бетінен жойып жібермек болды.
– Оны білем.
Олуватсин темекісін мыжып сөндірді.
Терең дем алып, кофесін асықпай ұрттады.
Шықшытының бұлшық еттері ойнады.
Қатуланып, сабырлы болуға тырысты, алайда иегі кемсеңдеп, қолы дір-дір етті.
Қасым байқамаған сыңай танытты.
– Мен Абениді сүйемін. Онысыз өмір сүре алмаймын.
– Абени көрікті, ақылды.
Олуватсин кофе тостағын қоя салып, тоңазытқыштан сыра алды. Біреуін Қасымға ұсынды. Қасым кофесін көрсетіп басын шайқады. Олуватсин шыны бөтелкенің қақпағына алақанын төсей беріп, сақинасымен іліп алып ашып жіберді де сыздықтатып іше бастады.
– О-о! Мұздай екен – деді ерінін бір жалап алып. – Абени екеуіміздің шаңырақ құрғанымызға бес жылдан асты. Абени қайта-қайта түсік тастай берді. Алғаш көтергенде УЗИден баламызды көріп алып, бесігін даярлап, жөргөгіне дейін сатып алып, болашақ сәбиіміздің бөлмесін көңілді түске бояп, бұрыш-бұрышқа ойыншықтарды самсатып қоятын едік. Қуаныштан жүрегіміз жарылардай еді. Үш-төрт түсіктен кейін күдер үзіле бастады. Маңайдағы бақсыларға түгел бардық. Абени депрессияға ұшырады. Терезелерге қара перде тұтып, тасқараңғы бөлмеде күні-түні жатып алатын болды.
Олусватсин қабырғадағы картинаға жақындады. Тойған қозыдай сәбиін арқасына орамалымен таңып алып, ешкі бағып жүрген келіншектің іші томпиып тұр. Қасым Олуватсиннің картина алдында неге байланып қалғанын түйсінді.
– Коллекционерсің бе?
Ешкі баққан келіншектің басына тартқан алқызыл орамалы, сарыала, жасылала көйлегі, аспан мен жердің от шашқан бояуларынан аптап леп келіп тұрғандай.
– Біздің Астанада қыста қырық градус аяз болады.
– Қырық градус?!
– Белуардан қар түседі.
– Көргім келеді.
– Абени, ұлың үшеуіңді шақырамын.
– Ұлың үшеуімізді...
– Бес ұлың, үш қызың болады...
– Рас айтасың ба?..
– Осы картина Астанада аяз қатты болған кезде отбасыммен жылынуға жақсы болды. Сендерді жазда шақырайын ба?
– Жо-жоқ! Қыста шақыр. Аппақ қар көргім келеді. Неше балаң бар?
– Әзірге бір ұл, екі қыз.
Қасым үстелінің тартпасынан әйелі мен балаларының фотосуретін алды.
Ойыншыққа алданған сәбидей жадыраған Олуватсиннің көздері қайта мұңға толы. Қасымның көз алдына алақандай мөлдір көзі шүңірейіп, қаз мойыны шілтиіп, екі иіні салбырап, әбден жадап-жүдеп, адам аярлық күйге ұшыраған Абени келді. Досының қайғылы жүзіне қарап отырып Қасымның ойына бала тұрмаған әйелді елде қалай емдейтіні түсті...
Қасымның таң қалғаны – халқы алпыс миллионнан сәл асатын елде он екі мемлекеттік тіл бар екен. Қойнауы табиғат байлығына толы елде тыныштық болғаны кейбір сырт күштерге қолайлы емес. Үкімет құрамы бірыңғай бір тайпа өкілдерінен болса іште наразылық күшейеді. Сылтау табылады –мемлекет басында өз көсемдері отырғанын қалаған ірі тайпа өкілдері тіл мәселесіндегі теңсіздікті желеу қылады, базарда ақшасынан желінген саудагердің байбаламы да іздегенге сұраған... Бұл жолы да бірнеше ірі тайпа арасында қанды қақтығыс басталып кетті. Олуватсин қырғынды бастаған Мбганго тайпасынан екен. Үкімет ғалымды отбасымен қауіпсіз жерге көшірді. Қасымға елге оралуға кеңес берді. Қарулы жасақ әуежайға шығарып салды. Толқу басылғанда қайта шақырамыз деді...
***
Қасым Олуватсин еліне қайта оралғанда екі-үш асым түйе етін ала келді. Вирусологияның зерттеу материалдары, арнайы құралдар салынған сандықты кеден қызметкерлері тексермейді. Министрліктің мөрі басылған құжатқа мұқият қарайды да ауызы мөрленген жүкті өткізуге рұқсат береді.
Қасым келген күні-ақ Олуватсиннің үйіне барып түйе етін асып берді. Өркештен де қосты. Қамырды өзі илеп, алақандай-алақандай етіп кесіп қазанға салды. Пиязды мол турап, сорпа кесеге тұздық жасады. Сорпасына құрт қосып өз қолымен Абениге ішкізді. Түйе етіне тойып, қою сорпаға қанған Абениді төсекке салды да көрпесін қымтап қолын жайып білетін дұғысын оқып, «Бибі Бәтима пірім, қолдай гөр!..» деп күбірледі. Олуватсин екеуі терассаға шықты. Жарты сағаттан кейін кірсе Абени пора-пора терлеп жатыр екен. Қас-қабағы жазылып, қол-аяғын созып, балбырап ұйықтап жатқан әйелінің рахаттанған түрін көріп Олуватсин қыстыға жылап жіберді. Қасым қабағын түйіп, жұдырығын көрсетті. Екі иығы селкілдеп, мырс-мырс жылаған досын қолтығынан алып ақырын ғана бөлмеден шықты.
Материал түгел жиналып болып, бар жұмыс зертханада өтіп жатты. Ғалымдар демалыссыз жұмыс істеді. Зертхана жанындағы кафеден ауқаттанып диван, диван-креслода көз шырымын алады да әркім өз үстеліне барып зерттеу нәтижелеріне шұқшияды. Су термостаты, ауа термостаттарын қосып, алдарындағы аквариум тәрізді төрт бұрышты әйнекке бекітілген резеңке жеңге қолдарын тығып инкубаторға үңіледі. Қараңғы түскенше отырады. Олуватсин ғана ерте қайтады. Осылайша үш-төрт ай да зу етіп өте шықты. Бір күні түскі ас үстінде Олуватсиннің қатты толқып отырғанын көріп әңгімені өзі бастады.
– Көзің жанып тұр ғой...
Клиникаға бардық.
– Иә...
– Абени қауіпті кезеңнен өтті. Сәбиге енді қатар жоқ. Бес айдан кейін... тойлайсыңдар... деді...
Олуватсин ырымдады ма, қатты толқығандікі ме көзін төңкеріп төбеге қарап үнсіз қалды.
Тоғыз ай тоғыз күн көтеріп Абени босанды – ұл туды. Бұл кезде зертханада да өрмектің жүзі ауған еді – зерттеу жұмыстары оң нәтиже беретіні анық болып ғалымдар бел шешті.
Қасым Олуватсиннің ұлының шілдеханасында болды. Түпкі бөлмеге кәрі жасы аралас әйелдер жиналып сәбиді интеэзи* қосылған суға шомылдырды. Сәбиге ат қоюда бөлмеде әкесі мен шешесі ғана қалады екен. Бір кезде есік ашылды да Олуватсиннің басы көрінді. Қасымды ымдап шақырып алып, құлағына сыбырлап қазақтың өзіңе ұнайтын есімін айтшы деді...
Тайпаның жыршысы терезелердің пердесін түсіртіп, қараңғы бөлмеде сәбидің ата-баба аруақтары туралы ұзақ жырлады. Аруақтар баланы өмір бойы жын-пері, пәле-жаладан қорғайды. Ғұрып соңында бәрі асығыс-үсігіс жиналды да жүгіріп отырып орманға барды.
Тайпалары ғұрып өткізетін алаңқайға келді. Сәбиді ұлы дәретке отырғызып, сап-сары тоңғағын қойтастың үстіне қойып, тасты айнала бүлкіл қаға жүгіріп, ән салды. Бақсы дорбасынан әлдебір аңның қу жауырынын шығарып сары тоңғақты жұқалап жақты да, күн көзіне тосты. Көзін сығырайтып ұзақ қарады. Тапжылмай күтіп тұрған әйелдерге қарап күлімсіреп басын изеді. Сары тоңғақты тас үстінде домалата илеп құмалақ жасады да, кокос сияқты әлдебір жемістің тастай қатты домалақ шаттауығына салып, кендір сияқты шөппен шырмауықтай шырмай орап, ең биік ағаштың басына ілді. Сәбидің уыз аралас сап-сары тоңғағы адам баспайтын, ит жемейтін биікте болуы керек. Салт бойынша ағаш басына әкесі шығуы тиіс, Олуватсин баламның дүниеге келуі сенің арқаң деп Қасымды шығарды. Абени түйе етін жегеннен дертінен жазылды дегенді естіген бақсы Қасымды айналып біраз жүрді, таяп келіп бетіне үңілді. Үшкіріп-түшкіріп күбірледі.
Қасымға бақсы ұзақ қарады.
Олуватсин мен Абени Қасымсыз өңештерінен тамақ өтпейтіндей дастархан жайып қойып күтіп отырады. Қасымның таң қалғаны сәбиді қырқынан шығару салты. Түсте үйге бір топ ауыл әйелдері келді.
Кіл тоқбалтыр, аяқ-қолы балғадай науша бойлы, аршын төс келіншектер. Шиыршықталған жіңішке болат сым сияқты қалың шаштарын төбелеріне түйіпті. Жыртақарыс мойындарына қабат-қабат ілген моншақтары аяқ басқан сайын әсем тербеледі. Білектеріндегі піл сүйегінен білезіктері қолдары қозғалған сайын құмығыңқы сылдырлап қоңыр әуен төгеді. Аса сәнді киініпті – тоты құстың қауырсынындай жалт-жұлт еткен жібек көйлектерінің етегі қозғалған сайын сусылдап көз арбайды. Аяқтарында зүбаржат, ақық тастардан көз салынған эбен ағашынан ойған аласа тақа сандал. Әйелдер сампылдап сөйлеп жүріп, аспалы бесікке бөлеген сәбиді шешіп алып, мойынына жыртқыш аңдардың азуы, сойдиған тырнағы ілінген тұмар, маржан моншақтар тақты. Ұйқыдағы сәби төбеге қарап жымиып, шалықтады. Бір кезде оянып тоқтық тартып тоқ өмірдің салтанатын жырлады. Буылтық-буылтық аяғын тебініп, қолын қанатша қағып талпынды. Құйтақандай тілін шығарып уілдеді.
Бір кезде өзін құшағына алып, емшегін ауызына сала бастаған келіншекке «сен кімсің...» дегендей ұзақ қарады да әйелдің мойынындағы моншақтарға қолын созды. Біреуі емізіп жатқанда басқа келіншектер ән салып отырды. Көмейді қырнап шығатын сәл қарлығыңқы, қамырықты қою қоңыр үн, кейде мұңылы, кейде асқақ, өр дауыс Қасымның көз алдына адамзат нәсілі тараған құтты бесік саналатын Африка даласын, халықтың ғасырлар бойы ар-намысы тапталған ауыр қасіретін, көнбіс тағдырын, азаттық пен бақыт күні туған зор қуанышын, айбарлы, өршіл рухын әкелді. Келіншектер әнін айта жүріп аспалы бесікке келіп сәбиді кезек-кезек емізді.
Олуватсин бала емізу дәстүрі – әке-шеше бөлек болса да бір-біріне деген қамқорлық ортақ, әр ананы өз анасындай қастерлеу, әр баланы өз баласындай сүю, бір тайпа елдің ананың ақ сүтімен туыстасуы деп түсіндірді. Бұл дәстүрді бірден танып, африкалықтардың дүниетанымына табынып отырған Қасым басын изеді.
Бала емізушілерді Қасым досының үйінен бала еңбектегенше көріп жүрді.
Олуватсиннің «үйіңе барам, күт...» дейтіні жәй айта салған сөз екеніне, айтып алып, ойында ештеңе жоқ өз шаруасымен жүретініне Қасым үйреніп кеткен. Қасымның еліне оралар күн жақындағанда Олуватсин айтқан бойда жетіп келетін болды. Екі күн досының үйіне қонды. Қатты қиналып жүрді. Қиналғанын жасырған болады. Онысы басын жасырса аяғы көрініп тұратын сәбидің тығылыспақ ойнағаны сияқты. Тайпа көсеміне айтып біздің ең сұлу қызымызды алып берем, қалсайшы деп қалжыңдайды. Онысы қалжыңнан гөрі жалынышқа ұқсап кете береді. Қасым досының он сиырды неге айта беретінін енді түсінді...
Олуватсин Қасым аттанар күні үйге келді. Қасым заттарын жиып, шамаданға салып жатқан. Олуватсин сөмкесінен мұқиаттап оралған төртбұрышты зат шығарды.
– Еліңе барғанда ашарсың. Саған тосын көрінуі мүмкін. Бұл – менің тағдырым. Тек, оттан сақтарсың.
Әуежайда Қасымның сөмкесіндегі затты ашып қараған шекара қызметкерлері Қасымға бір қарады, Олуватсинге бір қарады. Бір-бірімен таңдана сыбырласты да генералдан бұйрық алғандай сап түзеп қалшиып тұра қалысты. Қасымға аса құрметпен бас иіп, өте беріңіз деген ишара жасады.
Елге қайтқасын Олуватсин екеуі ZOOM арқылы жиі хабарласып отырды. Зерттеу жұмыстары нәтижелі болып, бұлар шығарған препараттың көмегімен елдегі вирус біржола жойылыпты. Ұжымдық ғылыми еңбек халықаралық ғылыми ортада жоғары баға алды.
Қыста Олуватсин мен Абени ұлдарын алып Қасымға қонаққа келді. Қасым мен Олуватсин шаңғы тепті, үкі ойып, балық аулады.
Бір күні шәй үстінде Қасымның келіншегі Мәдина көршілерінің бесік тойына шақырғанын айтты. Әйелдер мен кішкентай балалар ғана қатысатын тыштырмаға Қасым Олуватсин отбасын ала барды.
Бұлар кіргенде бесікке салу басталып кеткен екен. Сәбидің әжесі Қатипа апай бесікке жанаса тізе бүкті. Қолындағы кәмпит, құрт, печенье салынған ағаш табақшаға қолын салды.
– Ал, тыштырмаға келіңдер!
Әйелдер бесіктің астына қолдарын сұғып, түбегі салынатын тесікке алақандарын жая қойды. Қатипа апай тесіктен тәттілерді төкті.
– Тышты ма?
– Тышты, тышты! – Әйелдер шу ете қалды. Мәдина Абениді жетелеп бесіктің жанаса отырды. Мәдина Раймонд-Рауанды қолына алып сәбидің құйттай алақанын тесікке тоса қойды.
– Тышты ма?
– Тышты! Тышты!
Жиналғандардың қалталары тыштырмаға толғаннан кейін, бесікке қызыл мақпал жабылды. Жасы сексенге келген Зейнет әже бесікке мініп алып «Шу, жануар! Шу!» – деп бөлме ішін айнала шапты.
Жылдар өтіп жатты. Олуватсин мен Абени Раймонд-Рауаннан кейін төрт ұл, үш қызды болды. Олуватсин «Қасым, сен тегін адам емессің ауызың дуалы екен, әулиесің...» дейді. Раймонд-Рауан ер жетіп Калифорния университетіне түсті.
Қасым ертең сенбі деп түнімен кино көріп, таң алдында көз ілген. Жайсыз түс көрді. Ну орманның арасында жүгіріп келеді. Бетін тікенек осып тастаған. Орман таусылмайды. Белгісіз үрей басты. Бір кезде жуан, зәулім ағаштың түбінде тұр. Ағаштың ұшар басында шаттауық ілулі. Ағашқа ұмтылды. Өрмелегісі келді. Аяқ-қолы зілдей. Шаттауыққа қолын созды. Шаттауықтың қырық қабат жібі үзіліп, соңғы тінге ілініп тұр. Кенет дауыс естілді. Олуватсиннің дауысы. Алаңдады. Дауыстың қай жақтан шығып жатқаны белгісіз. Оянып кетті. Сағатқа қарады. Екі-ақ сағат ұйықтапты. Душқа түсіп сергіп алды. Әйелін, балаларды оятып алмайын деп аяғының ұшынан басып, ас үйге өтіп жұмыртқа қуырды. Шәйін ішіп отырып, залдағы маска есіне түсті. Жаңа өтіп бара жатып көз қиығымен байқап қалды – сандал ағашынан ойып жасалған маска қисайып тұрған сияқты болған. Залға өтті. Маска шынында да қисайып қалыпты. Екі елі, ауыр, шынтақ бойы масканы еппен түзеп қойды. Олуватсиннің отбасымен келгенде әкелген сыйлығы. Балконға шықты. Бүгін көктемнің алғашқы күні. Айнала көгере бастапты. Жұмысқа барғысы келді. Жұқа пальтосын киіп үйден шықты.
Қоңыраудың түймесін басты. Ар жақтан сүйретіле басқан аяқ дыбысы естілді. Вахтер әйелден кілт алды. Бір күш зертхана бөлмесіне тартты да тұрды. Жан баласы жоқ. Әр басқан қадамынан дәліз жаңғырығады. Сейфке келді. Сейф үстіндегі әйнек кубқа қарап біраз тұрды. Бір заматта кубтың ішіндегі құмалақ қозғалып кетті. Әрлі-берлі домалап, әйнек қабырғаға соғыла бастады. Боқ бір елідей көтеріліп зыр айналды. Әйнек кубтың ішінде құйын тұрды. Зыр айналған боқ бара-бара көзге көрінбес жылдамдықпен айнала бастады. Қасым қалшиып қатып қалды. Алапат құйын кубты көтеріп кетердей көрінді. Тарс етіп жарылатын сияқты. Қасым кейін шегінді. Бір кезде бәрі сап тиылды. Куб ішінде күлдей шашырап күбір жатты.
Кенет дорылдаған дыбыс естілді. Сілейіп тұрған Қасым басын көтерді. Боққоңыз бөлме ішін айнала ұшып жүр. Бір-екі рет Қасымның тұмсығын жанап өтті. Төбесін айнала ұшты. Боққоңыз төбесіне қонса бір жамандық болардай Қасым мойынын ішіне тартып, құнжиды. Боққоңыз бір кезде терезеге жақын айналып ұшып жүрді де желкөзден шығып кетті. Бөлме ішінде мүлгіген тыныштық орнады. Сағаттың тырсылы да естілмейді. Қасым сағатқа қарады. Көне сағаттың қысқа тілі – 8-ге, ұзын тілі – 5-ке келіп тоқтап қалыпты. Қақпағын ашып қайта жүргізейін деп ойлап қолын соза берді де қайта тартып алды. Біресе әйнек кубтағы күбірге, біресе сағат тіліне қарап Қасым біраз тұрды.
Қала сыртына шықты. Жолдан бұрылып тоғайға кірді. Көлігін сөндіріп, жүк салғыштан күрек алды. Құлаштай тақтай шығарды. Машинаның алдыңғы орындығында жатқан әйнек кубты қолына алды. Биыл қар қалың болды. Қар суы сіңген топырақ жұмсақ екен. Белуардан келтіре шұқыр қазып, әйнек кубты ақ матаға орады да шұңқырдың түбіне қойды. Асықпай көмді.
Томпайған топыраққа тақтай шаншыды. Тақтайда: Олуватсин Мнгеногга
Туған жылы: 11.11.1974- жыл
Қайтыс болған уақыты:
10.07.2025. Сағат: 08.05-те деген жазу тұрды.
Соңы. (интеэзи* – дәрі шөптер тұндырмасы).
Бөлісу: