Көкбөрі Мүбарак. Айнадағы әділ сөз

Бөлісу:

17.07.2025 3056

Әсия есікті жапқанда, бөлмеге жүгіріп кірген тыныштықтың қарсаңында жігіттердің бір-екеуі ғана терең күрсінді. Қалғандары меруерті түскен көздерін төмен салды. Ешкім де еңліктің мүсініндей қатып, ләм-мим демеді.
Олардың құлағына пілдердің арасында жасырынып жүріп келе жатқан бағбан қыздың күлкісіндей бір әдемі күлкі естілді. Әсия еді. Ол кіреберіске қайта оралып, есікті көңіл айнасындай жеңіл ғана итеріп ашқан болатын. 
– Әй, сендерге бір қызық айтайыншы,- деді ол, қулана жымиып,- Парижде оқып жүргенде бірде ұстазым менен сұрады: «Сен қазақсың ба?»- деді. Мен «Иә-ә» дедім. Ол бірқазандікіндей шаншыма мұрынды басын шайқап, айдын көлдің ізгі көрінісіндей маған жымиды да: «Қазақтар неге поэзияны ғана жырлайды да, прозаны қор қылады?»- демесі бар ма?! 
Жігіттер бір-біріне жалтақтап қарап қалды. Әсия сөзін сабақтай түсіп олардың көз-инелерінен өткізе бастады: 
– Сөйтіп тұрғанда, ұстазым үстел үстіндегі түрік шайы бар кесені алды да, оны ұстап отырып айтты: «Қара, мына кесе - поэзия. Ол нәзік, әдемі, бірақ сынғыш. Ал мына үстел - проза. Сен кесесіз де өмір сүре аласың, бірақ үстелсіз - жо, жоқ!»
Алтынға айналғысы келіп тұрған Әсия тағы да сәл кідіргенде, жүзінде Қалдығайтының құмынан қалған бала мінезі ойнады.
– Сол кезде мен жымиып тұрдым да, ұстазыма айттым: «Жоқ, monsieur(мырза), қазақтың прозасы да бар. Бірақ бізде сол үстелді өрмекшінің торындай жіп-жіңішке етіп жасайтындар көп. Сәл жел соқса, сирағы сынып құлап қалады!»
Сол сәтте ұстазым тістерін шақырлатып сындырардай қатты күлді. Күлкісі әтештің таң нұрына араласып әлемге шашыраған дауысындай-ақ шашырады. Ал мен сол күлкіні көріп тұрып, өзімнің бұл жаққа алғаш келгенде Париждегі кішкентай, төбесі шыныдан жасалған жатақхана бөлмеме қалай кіргенімді, жаңбырлы кештерде Марсель Прусттың маңдайындай маңдайымды аспанға тосып көшеде жалғыз жүргенімді, Виктор Гюгоның ізі қалған кофеханаларда таңға дейін кітап шимайлағанымды еске түсірдім.
Сол сәттен бастап менің жүрегімде бір ой туды. Қазақ әдебиетіндегі сыншыларға да, жазушыларға да, ақындарға да ең бастысы - батылдық пен тазалық керек.
Әсия кенет залға қарай еңкейіп, табалдырықта тұрса да, біртүрлі мөлдір көзқараспен бәріне қарады. 
– Сендерге шын айтамын,- деді ол дауысын жел жұтқандай бәсеңдетіп,- мен Франциядан қайтқанда ең бірінші жасаған түйір ісім - Алматыда кішкентай ақ мысық асырап алдым. Ат қойдым - «Сыншы». Ол қазір менің жазып отырған мәтіндерімді тырнап жібереді, қаламымды алып қашады. Кейде үстел үстіндегі кітаптарды қағып түсіреді. Бірақ содан кейін мен өз мәтінімді қайта оқып шығамын да, «мысығым дұрыс сынапты» деп, қайтадан жазамын...
Сөзінің соңын күле айтып, Әсия бір сәтке көзін қою күрең шайдай мөлдіретіп, көңілденіп кетті.
– Нағыз сыншы кейде сен ойлаған адам емес, дәл сол кішкентай мысық секілді болады,- деді де, қолын көтеріп,-  Ал менің қайтқым келеді, «Сыншым» қазір үйде ашуланып отырған шығар...
Ол жымиып бұрылып бәріне қайырыла бір қарады да кетпекші еді. Сол сәтте залдағы жігіттердің ішіндегі ең үндемей отырған біреуі ауыр күрсініп:
– Пах, Әсия... Мына сөзің мысыққа айналып кеудемізді тырнап өтті ғой...- деді.
Қалғандары да ішінен «иә» деп мойындап, балбалға айналған денелерін түгелімен қозғай алмай бір-біріне қарады. Қалған жұрт оның бұлт түнеген кеудесіне шарасыз қарап, ақ тұманға аяғын ағат басып кіріп қалған адамдай тосылып-ақ қалды. Сол сәтте бәрінің бақырын ашқан көзінде бір сәтке болса да мамығы жұмсақ, бірақ тырнағы өткір ақ мысықтың бейнесі ойнап өтті. 
Әсия үстел шетінде сызылып отырған күйі, сәл еңкейіп, ақ қыпша белінен біреуге ұстатардай бір майысып алып, үстелге қарай таянып сөйледі. Жасыл пальтосы оның денесін матамен емес, сезіммен қаптап тұрғандай тартымды етуде. Оның даусы жұмсақ, бірақ қоңыр үнінде терең ойдың көлеңкесі бар. Көзінің ішінде талай кітаптың сөзі, талай қаланың шамы, талай адамның жүзі Асанқайғыдай сенделіп жүріп өткен.
– Сендер «сыншы» дейсіңдер ғой... – деді ол, көзілдірігін баяу шешіп, соның шүперегіне сүртіп, – Нағыз сын дегеннің маңдайының қандай болатынын көрдім. Біздің қазақ әдебиетінде үш жанрға да бірдей жүйрік кәсіби сыншы жоқ қой...
Сол сәтте ортадағы Ерік ширақ қозғалып, орнынан сәл көтеріліп кетті де, күле сөйлегенсіді: 
– Әсия, сенің сөзің ұстарамнан өткір-ақ!-деді қатулана түсіп,- Бірақ бізде сыншы жоқ деуге келмейді ғой. Қаншама ағаларымыз, тәтелеріміз оңына келген қаламгерге оңнан боратып, солына келген қаламгерге солдан боратып сын мақалаларын жазып жүр. Қазір жұртқа жұмыртқадай жағу қиын. Оларға да оңай емес, ақ ханша...
– Иә-ә! -деді Әсия созыла үн қатып, маңдайын көтеріп, кірпіктерін көбелек қанатының қағысымен қағып қызықтатты. 
Самыратымыз бұл әсемдікке алданған жоқ, Ерігін қостап сөйлей жөнелді: 
– Иә, мен де ойлаймын, сен тым қатты айтып тұрсың. Сыншы да - адам. Оның да өз жанын, тіршілігін ойлауы, алабарыстай арпалысуы бар емес пе? Бәрі сенің мысығың сияқты «тырнау» үшін өмір сүрмейді ғой...
Мынау мірдің оғы енді қатты кетті. Әсияның жұқа пальтосын тесіп өтіп, шырқын бұзып өтпесе болды ғой. 
Әсия баппен тыңдап отырды. Мұндай талас-тартыстың талайын таптап, таңданыссыз қарауға үйренген бе, қыздың жүзінде сабырлы мысқылдың ізі жылт еткен. Сол кезде ол көпшілікке мысығындай қулана қарады. 
Жігіттердің бірі, соғылғанын қарбыздай жаратын қошқар басымен теңселіп отырған, қалың, бұйра шашын артқа қайырған Дәурен сөзге араласты: 
– Сосын, Әсия жан, мына нәрсені де ұмытпа. Сыншы - ақын да емес, жазушы да емес. Олардың стилі жаңашыл болсын дейсің, бірақ стилі тым «қызық» болса, оқырман түсінбей қалады. Бізде қауызына қауын сыймайтын қарапайым оқырман көп қой...
Әсия сәл жымиып қойды да, қандыкөз қыранның көзіндей қызылкүрең шәйін қасығымен араластырып отырып тыңдай берді.
Ерік қос шынтағын үстелге Хан-Кененің мылтығының дүміндей нығыздап тіреп: 
– Сенің мысығың сияқты тырмалап, сығалап атып сынай берсек, әдебиетте достар қалмайды. Жазушылар сыншыдан қорқып, шаян тигендей шыңылдап жүрсе не істейміз? Әдебиеттің алауын әлсіретіп алмаймыз ба екен? Соны ойлаймын. 
Бұған залда отырған басқа жігіттер де сыбырлай қостап, «иә-ә» деген созалаң қаққан үндер қоғадай қатар өсіп шықты. Бірі тіпті алмасқа уланғандай ауыр күрсініп, өмірін өбектеп отырған орындықтың арқасына шалқая кетті.
Жігіттер оқтарын атуы атып алсада, арыстанның қаншырына қарағандай тіксініп, қайырыла шабар ма дегендей қыздың жүзіне қиыстап қарады. Әсия болса бағы ашылған адам екенін танытып баппен сөйлей берді:
– Бізде көбісі әдебиеттанушы ғана. Прозаны балдызындай жақсы білсе де, поэзияға келгенде бұралып талып сүрінеді. Проза, поэзия екеуіне құлаш ашқандар драматургияға олақтау. Бұл қандай қалтақтық, тәйірі?! Көңіліне жаққанын немесе жерлесін ғана бұлт шетіне көтеріп жатады. Ал жұлқынып жас тұлпар шықса, оның мінезі асау ма, әлде жат жердің топырағынан жаралған ба, міне осының өзі қитығына қырықаяқтай тиіп, үндемей қиянат жасап, үнсіз жеп қояды-ау! Үнсіз жеп қояды-ау! 
Әсияның жанары жасқанбастан алыстан сыр тартты. Париж көшелеріндегі ескі кітап дүкендері, кафедегі даулы пікірталастар, әдебиет кештері көз алдына келіп, Қазанғаптың көңілінен шыққан - «Көкілінен» су ішіп кеткендей болды.
– Поэзия мен прозаның кесегін көмейіне қатар кіргізгендер драматургияға келгенде қақалып қалады. Егер, «бағана айтқандарыңдай бізде марғасқа, маңғаз сыншы бар» дейтін болсаңдар, оның мақаласын шет тілге аударып, әлемнің ең үздік он әдеби басылымына беріп көріңдерші. Жай басылымға емес, ең үздік ондыққа! Олар баспайды, мен соған сенемін...- деді Әсия даусын иленген лайдай тындырып. 
Ерік созып алған сөзінің ішегінен жөргемін өре түсті: 
– Бір жағынан, бізде оқырман саны тауықтың алдына шашқан жемдей жетерсіз. Әлгінде өзің айтқандай, шет тілдерге аударып, әлемдік деңгейде сын жариялау үшін үлкен нарық, қолдау қажет-ау! Ал бізде сын мақалаға шайқалатын қаламақы да мардымсыз. Айызы қанып айранын жұтпаған соң, осыдан кейін кім батыл болсын?
Қыз көзілдірігін қайта киіп, шөңкедегі лимон тілімін шәйіне салып жіберді.
– Ерік, рахмет пікіріңе! 
Бізде көбісі орысша оқығанын қазақшаға мипалау ғып жеткізеді. «Улисс» романын кім толық оқып шықты? Әлемде әдеби тәсілі ең көп шығарма ғой. Біздің сыншылар соны жіліктей алмайды. Үйінде ет жіліктей алмайтындар, қағазға келгенде қасиеті тайып қазаққа не керек екенін ұмытып қалатын. Көбіне автордың өмірбаянын, шығармашылық ұстанымын айтып қаңғылестеп кетеді.
Ерік те, басқа еңіреген ерлер де жібектей жұмсарып, жым-жырт тыңдап қалды. Бірінің ерні құрғап, екіншісінің қасы жыбырлады. 
– Қазақ әдебиетінде мынадай бір үрдіс бар: орысша оқығаныңды  сылдырмақтатып болсада қазақшалап жеткізсең, момын жұрт оңай алданып, «сыншы» деп қабылдайды. Он жыл, он бес жыл шыдасаң, «кәсіби сыншы» боп кетесің. Ешкім алдыңа түспейді. 
Сонда не ақын емес, не жазушы емес, не анық сыншы емес, бірақ сыншы атанып, ана газетте, мына сайтта жүріп, әйтеуір әдеби басылымдар мен ұйымдардан тұрмыс қорегін айырып өмір сүретін жігіттер де бар. Обалсынам. Бірақ, сол бағы ашылмаған байкелеріміз біздің қасиетті әдебиетіміз атынан сөйлегенде құрт-құмырсқа араласып кеткен тортты елестетем. 
Әсия сәл тоқтап, қолындағы қасықпен баяу шәйін араластырып отырды.
– Мен олардың көбін «әдебиеттанушы» деп қана қабылдаймын.
Шәйін осы араластырып отырғанында, жұмсақ, сұйық шәйін емес, адамдардың қорытылмаған ауыр ойларын араластырып отырғандай сезінді өзін. 
– Егер, қазір әдеби сынды дамытқым келіп, біреудің прозасын алып, «Ол осы шығармасында мынадай ой айтқан екен» деп жапырақтай жайылып кетсем ол әдеби сын болмайды. Сенесің бе? 
– Сенем, -деді Жазушылар Одағының «Он күндік әдеби шеберлік курсына» биыл екінші рет келіп отырған Абай, -Жаңашылдық туралы айтып отырған боларсыз, әпке? 
– Әдеби сын жаңашылдықты күтеді. Сыншы әр мақаласын шығармасын құбылтып жазатын қағілез жазушы секілді жаңа стильде жазуы тиіс. Оның стилі ешкімге ұқсамауы керек. Егер жазғанынан жаңа шамның жарығы байқалмаса, ол жалаңаяқ сыншы ғана.
Әсия терең бір күрсініп, Абайға, және оның айналасындағы Дәурен, Ерік қатарлыларға қарап, әрі қарай сөйлеп кетті:
– Әдеби сыншы болу үшін көп кітап кемірмей тұрып, ең әуелі сезімтал адам болуың керек. Адамның жанын оқи білуің керек. Бір қыздың жігітке қаншалықты лайық екенін, ол екеуінен туған баланың болмысының қалай боларын, қартайғанда екеуінің қалай толысатынын да сезіп(Қалыңдық таңдап жүрген Абай бауырына арнап айтқандай қабағын көтеріп қойып), басшышыққа басы байланар адамның жарамды-жарамсыз болатынына дейін көрегендік танытып, адамдарды баулып тәрбиелей алатын адам болуың қажет. Сыншы - адамдарды алыстан оқитын әулие секілді көзге түссе ғой, -содан соң сәл кідіріп,- Адам танитын сыншылығы болмаған адам қоржын-қоржын кітаптарды кеміргенімен, көбік сөзінен көрінер майы жоқ болып, көлмегінен көп ештеңе шықпайды. Аздап әулиелігі болмаса боқ қарын ағайлардың қазақ әлемінің еңсе көтеруіне пайдасы жоқ. 
Әпекеміз саусақтарымен үстелді тықылдатып, «Maison Bonnet» шеберлерінің қолынан өткен, сусиырдың мүйізімен жиектелген көзілдірігін бассейнде жүргендей саусағымен қайта-қайта түзеді.
– Сыншы батыл болуы керек, -деді саусақтарын тыныштандырып, ернін жымырып біржолата батылдыққа көшіп,- Батыл сыншы жақсы қаламгерді арашалайды, жаманды әшкерелейді. Ол марапат алғандардың қолтығының астында жүріп қолаңына айналмайды. Ол атағы жоқ алыптарды табады. Немесе бір бозбаланың он бесінде жазған шимайының жалғыз текстінен жақұт табылса, соны жарқыратып алып шығады. Осындай томар басы талғамға толған ұлдарды тәрбиелеп әкеткені қандай жақсы!
– Міне, нағыз сыншы сол! Бәріміздің де сол болғымыз келеді ғой, -деді Абай бір қомданып қалып. 
Әсия орнынан баяу тұрды да, қолындағы шәйді іше алмай, үстел шетіне қойды. Жігіттердің оған телміре қараған көзқарасы оның жанарына қаз-қатар кірпік болып шаншылып жатқандай. Оның жанары жігіттердің белін қылышты кірпіктеріме кесіп өтердей болып бір-бірлеп шолып шықты. Сол сәтте зал ішінде ауыр тыныштық орнап, бәрінің көңілінде Эдисоннан келген бір ауыр сұрақ ілініп қалғандай болды.
Сосын ол бағана кетерінде алуды ұмытып кеткен оюлы кәжекейін қайтадан алып есікке қарай бұрылды. Бірақ табалдырықтан шықпай тұрып, артына бұрылып, жай ғана:
– Сендер нағыз сыншыны көргілерің келсе, ең әуелі өз жандарыңа сын айтып үйреніңдер,- деді де, пальтосының белін буынып, қызыл бұйра аранадай қиыла қарап, сыртқа шығып кетуге қамданды. 
Ал аздан соң, ал аздан соң, Жазушылар Одағының ғимаратының жасыл жолағын пальтосына сіңіріп Әсияның өзі әлдеқашан сыртта, «Гоголяның бойы - көк шалғын» деп, кешкі Алматы көшелерінде жеңіл аяғымен қалықтап кетіп бара жатқан еді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар