«Білте шамның жарығы» – түскен кезде түбіне...»
Бөлісу:
Жас автор Абай Аймағамбеттің «Білте шамның жарығы» атты көркем шығармалар жинағына 20 әңгіме, бір повесть еніпті. Осының ішінде «Жүлдегер», «Жазушы», «Жолаушы Шәріп» деген әңгімелері бір кейіпкер Шәріптің оқиғалары болғандықтан, повесть боларлық дүние екен дедік.
Тыраштық пен өлермендік
Шәріп бейнесі – танымал болуға құштарлық, сол жолдағы өлермендіктің трагикомедиясы. Жазудағы шынайы шеберлікке жетуді емес, өз ауылдастарының мойындауын көбірек аңсайтын атаққұмар да ақкөңіл адамның өзінің ғажайып талант екеніне сенетіндігі, соған өзгені де сендіргісі келетіндігі, бірақ, «ел мені жазушы деп таныса» деген арманы сол күйі құйрық-жалын ұстатпай қойғаны юморымен берілген. Өзінің тас жарар талантына сеніп, ұлдарынан тартып алған «кабинетінен» шықпай, тоқтамай жазып, онысын аудандық, облыстық, республикалық басылымға бұрқыратып жіберуден шаршамайтын жазғыш кедейліктен сіңіріне ілініп отырса да, айнала қарыз болып, былтыр жеп қойған екі жіліктің ақшасы мойнында тұрса да соны төлеу үшін кәсіп іздемейді, еңкейіп шөп басын сындырмайды, өзін «тек жазуға келген адаммын» деп мойындауынан танбайды. Өз талантын шын көріп, соған сеніп өмір сүретін, еңбегінің өтеуін тек марапатпен өлшейтін, қоғамдық бағалауға тәуелді, жазушы деген атақ үшін кедейлікке де, күлкіге де, күллі кедергілерге де көнетін Шәріпке бір жағынан күлкің келеді, бір жағынан аяйсың. О баста Құдайдан берілмегенді қуамын деп қаншама адам жүр...
Бұндағы диалогтар тартымды:
«Үшеуі бас қосса болды бір-бір саптыаяқ сыра алады. «Сыр айтқанда болады сыра тәтті» деп Шәріп мақалдатып, жазушылық мақамына салып әңгімесін бастайды.
– Осы сен не жазасың? – дейді көршісі.
Шәріп сырасын ұрттап, тұщынып отырып, сәл үнсіз қалған соң барып:
– Проза, – дейді маңғаз дауыспен.
– Әх-әх, менің қатынымның атына ұқсайды, әх-әх, – деп күледі Таңқау езуі көбіктеніп.
– Сенің қатыныңның аты кім еді?
– Көрші болып тұрып менің қатынымды білмейсің бе? – деп Таңқау әлдеқандай болсын.
– Білем ғой.. есіме түспей қалды…
– Ұят қой… көрші тұрып қатынымның атын білмейсің…
– Айтшы енді… құдды Ерке Есмаханның байы сияқты кергідің ғой?
– Аты… Пәтима ғой…
– Проза мен Пәтиманың қай жері ұқсап тұр, Таңқау көке? – дейді үндемес Дәріп көзін дөңгелетіп.
– Екеуі де П-дан басталмай ма? – деп Таңқау екі көршісіне кезек-кезек қарайды.
Ондай кезде Шәріп «Сендер тым арзан әңгіме соғасыңдар. Маған әдеби орта керек, ренжімеңдер» орнынан кілт көтеріліп, кете барады.
– Әй, менің балам да бірдеңе шимайлайды. Соған барсаңшы, – деп Таңқау мұның артынан тарқылдай күледі».
***
Біресе жүлдегер болдым деп кеудесі аяққаптай болып, ауылдан танауы желпілдеп жетіп келгенде жүлдегер бұл емес, бұнымен аттас біреу болып шыққаны, одан келесіде республикалық байқауда «миллион алдым» деп қуанып, онымен ортадағы пысықтар алдап соғып, «одақтағы және комиссиядағы жанашыр ағаларыңды ризаламайсың ба» деп миллионның орнына 150 мың теңгені ғана місе тұтқаны... Әдебиеттің айналасы толайым сондай деуден аулақпыз, дегенмен автор Абай қазіргі әдеби процестегі адам таңғалатын парадокстерді, ар мен атақ, талант пен таныстың айқасын жеп-жеңіл бейнелеген.
Шәріптің басында болған күлкілі оқиғалар арқылы қазіргі әдеби ортадағы пысықтық пен таланттың бәйгеге түсуін, әдеби сыйлықтың әділет өлшемі болудан алыстап бара жатқанын, көп жағдайда жүлде алудың шарты – одаққа мүшелікке кіру, ағалармен жақсы болу, таныс табу екенін, үздік шығарма емес, «өзіңді әдемі ұсынудың» озуын астарлап яғни әдеби ортаның ішкі «инсайдын» ашып берген.
Бәрінен бұрын ебіл-дебілі шығып жұмыста жүретін, күйеуінің талантына шүбәсіз сеніп, жазғыш күйеуі үшін мектептен ақ парақ ұрлап келетін мұғалім Жұмакүлді аяйсың. Ешкім сенбегенде, Жұмакүл ғана күйеуінің арманына жанын салып сенеді, ел күлгенде ол ақтап алады. Ол – көрінбейтін жанкештіліктің бейнесі. Автор арманшыл еркектің соңынан еріп, шын өмірдің барлық ауырлығын өзі көтеріп жүрген ауыл әйелінің көнбістігін көрсете білген. Күйеуі «тез жет, қаланы аралатам» деп шақырып алып, одан ақшасы таусылып қалған күйеуінің Жұмакүлді күтіп алған бойда қайта пойызға мінгізіп, әйелдің ештеңе көрместен, тіпті кафеге кіріп бір шыны шай ішпестен кері қайтып бара жатқан эпизод сәтті шыққан. Алматыға барып қайттым деп барады ғой енді ауылға! Құдайдың жексенбісінде де тыным көрмей мектепке шауып бара жататын Жұмакүлдің тынымсыз еңбекке жегілгенде не үстінде бір көз тоқтар көрікті киімі де жоқ. Соның өзінде Шәріп «былтыр бұл жүлдегер атанғанда мектеп директоры құттықтап шыққан, сонда Жұмакүлдің сағатын көбейтем деп уәде берген, осының бәрі менің арқам» деп ойлаудан танбайды.
Халықаралық сыйлықты алып, бомж болып өлу мүмкін бе?
Абай Аймағамбеттің жазушыны кейіпкер қылуы бұл бір емес, басындағы әңгімесі ет пен терінің арасындағы желігі жатқызбай жүрген «жазушы» жайлы болса, «Бес күнді күту» әңгімесі – шын талант пен дүниелік қажеттіліктің қайшылығын көрсетеді.
Жазудың рахаты мен мехнатын қандай көлемдегі жүлдеден де артық көретін жазушы жайлы бұл әңгіме – шын таланттың биіктігін ғана емес, қоғамның ол биіктікті бағаламауын да ашып көрсетеді. Бұл – жалғыздық, өнерге адалдық және ақыр аяғында трагедия. Құдайдан келген талантты адам ақшаны жазуға кедергі келтіреді деп есептейді, содан да халықаралық сыйлықты алғанда өте қомақты ақшаны қайырымдылық қорына аударып жіберіп, өзі біреуге жалданып жұмыс істеуге барып жүріп ақыры үсіп өледі. Бір жағы ойланып отырдым, қазір сондай жазушы бар ма екен? Біз көрген жас ақын-жазушы жігіттер шетінен пысық, менеджерлігі дамып кеткен, келісімге келгіш, мәміле жасағыш, бірдеңе жазар-жазбаста бәйгеге салып, онысы қолма-қол жүлде алып жатады.
Мүмкін, жанкештілікпен жазып жатқандар бар шығар, бірақ, тап осылай жүлдеден бас тартып жатқандарын байқамадық. Автор осы арқылы «шын таланттардың эгосы басқа, өмірді қабылдауы, сезінуі атақ пен дүниеден әлдеқайда биік тұрады, ол тіпті көпір астында үсіп өліп қалғанның өзінде – өзіне адал болып өтті» дегенді айтқысы келген шығар, несі бар, бұл ой маған да ұнайды.
«Классиктің ақиқаты»
Ең керемет ұнағаны – «Классиктің ақиқаты». Абайдың бұл әңгімесі – қазақ әдебиетінің көлеңкелі шындығын көркем бейнелеп берген әдеби-философиялық миниатюра десем, қазір кәсіби әдебиетшілер «артық бағаладың» деп өкпелемес. Өйткені бұнда «жазушы – әдеби жүйенің ішіндегі билік орнында және жүлде – әділеттің өлшемі емес, жақындық пен пайда құралы» деген бүгінгі «шындықтар» айтылады. Яғни жазушы тек көркем образ ретінде емес, қоғамдық ар-ожданның айнасы ретінде тұр.
Сөйтіп өмір бойы әдеби әділетке қарсы іс-әрекеттер жасаған жазушы өлерінде бар шындығын жазып, тазарып кеткісі келеді. Өмір бақи кем талантты мақтап жүлде бергізіп, атақ әперіп, сыйлыққа іліктіріп, сөйтіп қарымтасына сый-сияпат алып, талай рет шын таланттының алдынан керме байлап сүріндіріп, әділетке қиянат қылған үлкен жазушы өмірінің соңында өзінің біліп істеген, көңілжықпастықпен жасаған қателіктерін, істерін түгел тізіп роман жазады. Оның романы – ақиқаттың кешігіп шыққан даусы сияқты, бір адамның өкініші арқылы бүтін бір буынның күнәсін ашатын шығарма болары анық. Соны жазып, арылып болғасын әзірлеп қойған уды ішіп қата қалмақшы. Ол кітапты бастырамын деп баспаға 20 млн. теңге берген кезде өзі қолдаған кем талант інісі кедергі болады, бастырмайды. Оны естігенде жүрегі шыдамай байғұс шал өліп кетеді. Қолжазба жоғалады. Бірақ, ақиқат түбі ашыларына сенейік. Автордың өзі де содан үміттендіреді, шындық кешігіп болса да, келуі тиіс қой. Автордың сендіре баяндағаны сондай, атақты жазушының мойындауы бір адамның ғана емес, бір дәуірдің ішкі дауысы, яғни, аға буынның жас буын алдындағы әдеби, рухани кінәсін мойындауы деп қабылдағың келеді екен.
Кейіпкері мықты! Біздің өзін ғана ойлап, қолынан келгенше «жүйе» құрған «әдеби көсемдердің», өлерінде ғана «адам» болуға ұмтылған бейнелердің жиынтығы, яғни тек реалистік бейне емес, аллегориялық кейіпкер болып шыққан.
Баяндауы қарапайым. Диалог жоқ деуге болады, эмоцияны ішкі ағыс арқылы береді. Бұл – әңгіменің атмосферасын күшейтеді.
«Директор»
Ал, енді «Директорын» оқып рахаттанып күлесің. Қазақы ауыл өміріндегі жұмыс, абырой және билік деген ұғымдардың айналасында өрбитін, күлкілі, бірақ ішкі иірімі терең, қызық психология көрінеді. Мектеп директорлығы – бір қарағанда қарапайым қызмет, бірақ ауылда ол ең беделді орын. Бұл үшін күрес – өзін дәлелдеу емес, өзгені ығыстыру бәсекесіне айналған. Әсіресе, қазақы ауылдарда осындай оқиғалардың болып тұратынына күмәніміз жоқ. Ауылдағы жалғыз беделді жұмыс орны мектеп директорлығы ғой, ол орынға кім отыратыны ауыл адамдары үшін Илон Масктің жаңалығынан да маңызды. Бұнда кеңестік санадан қазіргі қоғамға жалғасқан кескіндер бар.
Автор бұл комедияны ирониямен, шынайы диалогпен береді. Бірақ дәл осы күлкі бізге ащы сұрақ қояды: ауылдағы руханиятты, интеллигенцияны емес, қызмет пен креслоны басты құндылыққа айналдырып жіберген ортадан не күтеміз?
Бәрін айтып қойсақ, оқырманға қызық емес. «Білте шамның жарығы», «Құрбанәлінің құдіреті», «Көпір», «Директор», «Қызғаншақ кемпір», т.б. әңгімелерінің бәрінде ауыл адамдарының мінезі, қалыбы, дүниені танып-білудегі көзқарастары со күйінде берілген.
«Садақа» деген әңгімесін оқып отырып, «егер мен де өліп қалғаннан кейін өзімнің садақама тап осылай келіп кете алатын болсам ғой» деп ойлап кетесің. Өзінше экзистенциалды психологиялық күй деуге болатын бұндай форма Тұрысбек ағамыздың «Мен жындымын», Самал Шәймерденованың «Мәйіт» әңгімесінде бар. Ал енді «Миллионыншы тұрғын» повесін қойылым ретінде қоюға болар еді. Осындай жетістігі бар автордың келешегінен көп дүние күтуге болады деп ойлаймыз.
***
Осы жерде бірер ескерту. «Бес күнді күту» әңгімесінің ішінде «Бір сәт бәрін ұмыту керекпін» деген сөйлем бар екен, Абай сияқты сөздің қадірін білетін авторға бұндайға мұқият болу керек. Жалпы біз тілдің өзі мінез екенін ұмытпауымыз керек, әсіресе, прозада әрбір сөз көңіл-күй ғана емес, кейіпкердің бітім-болмысы мен автордың ішкі мәдениетінің көрінісі. «Автобустар сапырылыса тоқтап жатқан аялдаманың артындағы кафені нұсқап, соған барайықшы деп сылқылдап көріп еді» дегендегі «сылқылдап» деген сөз де өз орнында тұрған жоқ. «Сылқылдап» – әдетте күлкіге, жеңіл-желпі қимылға қатысты қолданылады.
«Жаза»
Абайдың «Жаза» деген әңгімесі детектив шығарма. Инспектор қастандық жасалған бизнесмен өлімін тергейді. Автор ширақ, оқиғаны бірден жедел дамытып әкетер тәсілді таңдаған. Әңгіме сәл кино сценарийге ұқсап кетеді, кадрдан кадрға секіріп, оқиғаға еріксіз жетелейді, жіптің ұшын шығарып қояды да, оқырманның ойын сан-саққа жүгіртеді, оқиға тез-тез дамиды, бұл жағынан динамикасы жетелеп отырады. Қылмыстың ізіне түсу барысы классикалық детектив құрылымына сәйкес, қастандық, күдікті, тергеу, қайтадан күмәндану... бәрі бар.
Марқұмның қалтасынан шыққан хаттағы жазуды сол бойда басқа біреудің жазуына ұқсатқанынан мүлт кетті ме дедік, бір жазуды көресің де, дереу оны басқа біреудің жазуына ұқсата қоясың, ол қалай? Сөйтсек, гәп басқада екен: «инспектор Нұрлыбекті бұрыннан таниды, оны жұмысқа өзі кіргізген». Біздіңше, дәл осы тұсы оқиғаны әлсіретіп тұр. Мүмкін, сәйкестік шығар, бірақ бәрібір де сюжетке жасанды кірістірілген деталь сияқты. Рахима асылып қалды. Нұрлыбек өліп қалды. Олардың әрқайсысына бөлек іс қозғап кетуге болар еді, автор оларды сол бойда ойыннан шығарып тастағанына қарағанда асыққан сияқты. Дегенмен айран-асыр қылатын жері бар, күдіктілер тез табылып, бәрі сәтті аяқталды дегенде істің өңі теріс айналып кетеді. Бұнысы енді сәтті. Тек бір сұрақ – ай өткен соң, телефонның вибрация беруі шынайылықтан алыс. Ай бойы батареяның бітіп қалмауы – техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Бұл – детальға мән бермеу. Ең жақсы қуаты барының өзі бес күннен аспайды.
Автор Алинаны үлпілдетіп періште кейпінде аяғына дейін ұстап отырды, онысы сәтті де, детективте күдіктілер біреудің құрған сценарийінің құралы болса, онда шын қылмыскер оқырманның күтпеген кейіпкері болуы тиіс. Дегенмен, сюжет аяқталғанда көп нәрсе жартылай айтылған күйде қалды. Мүмкін, автор «жауабы ашық» финалдық тәсілді қолданған болар дедік.
***
Сыншы емеспіз, оқырман ретінде пікір білдірдік. Біз бүгінгі жас авторларды оқу арқылы өз буынымыздың үнін таныту ғана емес, әдеби кеңістікті кеңейтуге ұмтыламыз.
Жалпы бүгінгі проза қандай болуы керек, оның негізгі белгілері қандай деген сұрақ бәріміздің ішімізде жүр және оған дәл, нақты жауапты да осы деп айта алмауымыз мүмкін. Біздіңше бүгінгі проза – кешегі романтикаға толы әдебиеттен бөлініп шығып, шындықтың жүзіне тура қарауға мәжбүр, өз заманының, өз қоғамының, өз адамының айнасындай болуға тиіс. Бүгінгі прозада кейіпкердің ақыл-ойы емес – ішкі дағдарысы, оқиғаның өзі емес – оның адам жанына түсіретін сызаты маңызды (біздіңше солай). Және қалай болғанда да бүгінгі әңгімеден бүгінгі күн, осы уақыт, біздің өзіміз, біртүрлі мінез-әрекеттеріміз түгел көрініп тұруы тиіс.
Бүгінгі прозаның өкілі Абай Аймағамбеттің әңгімелері – шынайы проза әдемі сөз емес, өмірдің шындығы екенін еске салады. Әлеміштеп боямайды, артық айтып не кем түсіп жатқанын байқамадық. Формалық жағына келсек, көркемдік құрылым мен баяндау тәсілі дәстүрлі, сонысымен жақын, жылы ұшырайды. Уақытпен үндестік бар, бүгінгі қазақ қоғамы мен адамының болмысын бейнелейді. Кейде шымшып, кейде күлдіреді. Бірақ ең бастысы әр кейіпкердің дауысы, ішкі драматизм бар – өзімізді көрсетеді. Өзіміздің басымызда, көз алдымызда болып жатқан оқиғаларды осылай шебер өріп әңгімелегеніне риза болдым. Мектеп бітіргелі ауылды жөндеп көрмегесін баяғы Тынымбай ағамыз суреттеген қазақы адамдарды, әңгімені майын тамызып айтатын, ет жеп шыққан соң ен тағып қойған кәлөшін іздеп жатып, «ессіз қағыр» деп сөйлейтін кемпір-шал ауыл-елде қалмағандай көрінетіні бар, ал Абай оларды тауыпты. Абай байқағыш, жақсы әңгімелейді. «Шалым түсіме кірді» деп елді жинап құдайы тамақ бере беретін, бірақ, шалының жас кезінде басқа сұлулардың көңілі кеткен оқиғасын айтқанда қызғанып, шамданып, көтере алмай қалатын «Қызғаншақ кемпірде» бүгінгі ауылдағы кей адамдарды шырамытқандай болдық. Бұл жазушының шеберлігі. Иландырады. Және автор оқырманға не істеу керегін үйретпейді, шығармадағы өмірді сезіндіреді.
Бөлісу: