Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Соғыс. Қазақ прозасы...

16.05.2025 1822

Соғыс. Қазақ прозасы 14+

Соғыс. Қазақ прозасы - adebiportal.kz

Жүсіпбек Қорғасбек Абай TV-ден жүргізетін «Үркер» телехабарында отырмыз. Жазушы Заря Жұманова, педагог Сәлима Жұмағалиева және осы жолдарды жазып отырған пақырыңыз. Кезекті хабар майдангер жазушы, ақын Әбу Сәрсенбаевқа арналды.  Заря, Сәлима, Жүсіпбектің бір сағат аңқылдаған атамыз жайында әр ойқастап, бері ойқастап, шерткен әңгімелерін тыңдап отырғанымда есіме алыста бұлдырап қалған балалық шағымның үзік-үзік сәттері түсті. 

...Екі сордың арасына қыстырылған тақыр – сортілдің үстіне, жер тістеген мық бұйырғынның қалыңына салынған аядай мұнайшылар ауылы – Қошқарда бір емес екі кітапхана бар-тын: бірі мектептікі, екіншісі поселкелік. Кітап қоры жағынан бірінен бірі өтеді: қазақша шығармалар, әлем, орыс классиктері және көпшілігі өзіміздің тілге сықитып тұрып аударылған. Әсіресе, соғыс жайлы туындылар жойқын көп. Сол иісі көңірсіген «соғыс» кітаптардың арасынан өзіме өте және мөте әсер еткені – жерлес жазушымыз Әбу Сәрсенбаев шығармалары. 

Гурьевтен екенін білемін, бірақ өз атам (шеркеш) екенін ол күнде маған кім түсіндірген, әйтеуір абонентпен үйге әкеп, бірінен соң бірін қылғытам да жатам: «Батырлардың ізімен», «Офицер күнделігі», «Қарға тамған қан»... Біріншісі эссе сипатты кітап екен, екіншісі – майдан естеліктері, сондағы ой-толғаулары, ал «Қарға тамған қан» – повесть, соның ішіндегі ұлттық прозамыздағы соғыс тақырыбына арналған терең мазмұнды туындылардың бірі. Онда майдан шындығы, адамның соғыс жағдайында күйзеліске түсуі, сүйте жүріп өз бойынан өршілдіктің, қайсарлықтың, тіпті ерліктің рухын таба білуі психологиялық жіткірлікпен суреттеледі.

Тізеден қан кеше жүріп адам боп қалу, адамдық қасиетті сақтау, ар-ождан маркасын биік ұстау, рухани беріктік... осыларды аңғарған кезде қазіргі мамыражай бейбіт заманда жекелеген, – бәлкім, тіпті көптеген, – замандастарымыздың өмірлік драма, тұрмыстық проблемаларға шыдамай морт сынып, бөтелкеге, апиынға ұрынып жатқандарын ойлап, күйікті ойға кетесің. 

Басты кейіпкер – соғыста жүрген қазақ офицері (автордың өз бейнесіне жақын), майдан даласында қар үстіне тамған қанға қарап тұрып, терең толғаныстарға беріледі. Сол бір тамған қанның әсерімен бүткіл бір халықтың басынан өткерген бейнеті, қайғысы мен қасіреті, батырлығы мен батылдығы көз алдына келеді. «Қарға тамған қан» – символ. Ол бір адамның ғана емес, бүткіл елдің төгілген қаны, ұлттың төгілген қаны. 

Ал «Офицер күнделігі», бір есептен, Константин Симоновтың «Өлі-тірілерін», Сергей Алексеевтің «Соғыс туралы хикаяттарын», Борис Васильевтың «Тізімде ол жоқ еді»-сін, Жекен Жұмахановтың «Майдан дәптерін», Қасым Шәріповтің «Майдан күнделігінен» шығармасын еске салады. Солар сияқты тек өз басынан өткергенін жазады, деректерге, құжаттарға сүйеніп жатпастан шыңылтыр да әділетті қосекпінділігімен (интонациялармен) береді айтарын. 

Әлем әдебиетінде, жалпы, соғыс прозасының жағдайы қалай және олар өзге тақырыптардан несімен оқшауланады? Қашанғыдай, мұндай жерде алдымен еуроамерикан цивилизациясы ойға оралатыны өзінше бір заңдылық болып кетті ғой. Қарап отырсаңыз, Батыс әдебиеті бұл жағынан келгенде де, тақырып, стиль, интонация, т. б. бойынша сала-сала, сан қырлы, алуан сипатты: антимилитаристік, пацифистік шығармалар, соғыс және әлем, оның ішінде осынау алмағайып кезеңнің өзінде бүр жарудан өзін тоқтата алмайтын махаббат және достық сезімдері, адамсүйгіштік, адамзатқа үміткершілікпен қарау, тозақтың өзінде де адамдық атын жоғалтпау, Жаратқан адам баласына сыйлаған ең асыл сыйлық – өміріңді, ғұмырыңды кәделеу және соғыс әкелетін қасіретке әйел көзімен қарау… 

   Сонда-дағы есімізге неміс жазушы Эрих Мария Ремарк, оның «Өмір сүру уақыты, өлім құшу уақыты», «Батыс майданда өзгеріс жоқ» және американ қаламгері Эрнест Хемингуэйдің «Соғыс жайынан», «Қош бол, қару!» шығармалары алдымен оралады. Ремарк Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан кісі, оның ішінде Батыс майданда болған. Демек, жазушы көргенін, сезгенін, түйсінгенін жазған. Оның қаламынан араға он жыл салып қорытылып шыққан «Батыс майдан»-ында қаламгер соғыс қатыгездігіне жиырма жасар солдаттың көзімен қарайды. Қазірге дейінгі ең өткір, ең терең пацифистік және антимилитаристік туынды болып есептеледі «Батыс майдан», бірақ жазушы өзін «саясаттан тыс тұрған адаммын» деп санаған, сірә, бұл сөзімен ол өзін антимилитарист қылған соғыста бастан кешкен жан күйзелістері дегенге бет нұсқайды.

Бір қызығы, Эрнест Хемингуэйдің осы соғыс туралы жазған «Қош бол, қару!» романы да Ремарк романымен бір жылда – 1929 жылы жарық көрген. Бұл да көбінекей өмірбаяндық шығарма – авторы итальян майданына жіберілген американ әскери құрамасында қызмет еткен. Осында жүріп жараланып, госпитальда медбике қызбен көңіл қосқаны, сірә өз өмірінен алынған шығарма арқауы. Хемингуэй «зая ұрпақтың» ағылшын әдебиетіндегі алғашқы және таңдаулы кітап өнімі болып саналатын бұл туындысында мұнда соғысты реалистік тұрғыдан, қатаң, қатыгез түрде бейнелейді. Бейшара аңқау балалар зеңбірек оғына жем болған зұлматта өлгені өліп, аман қалғаны бойларынан қалай безбүйрек қатігездік талқанын өзіне тән бейтарап «айсбергтік техника» көмегімен керемет береді, сөйтсе отырып автор өзінің де, оқырманның да көңілінде соғыс кезінде де кісі махаббат сезімін бастан кешіп, жеке тұлға ретінде өсіп, өскелеңдей алатындығына саңылау қалдырып, алдағы жарқын өмірге үміт сыйлайды. Қысқасы, шығарма «Соғыс және Сүйіспеншілік» дейтін қос тақырыпты қатар қозғайды. 

Батыс прозасында соғыс және махаббат тақырыбына сондай-ақ Кристин Леннестің «Тордағы құс», Хезер Морристің «Освенцимдік тату салушы», Ян Вишневскийдің «Бикини», Ромен Гарийдің «Батпырауықтар», Энтони Доррдың «Бізге көрінбес әмбе жарық сәуле», т.б. туындылар арналған. Тұжырып айтқанда, бұл шығармалар махаббат, сезім, жақсы көру – бір сәттік, қысқа жан тыныштығы жайынан – өткені де, келешегі де жоқ жан уазы жайынан сыр шертеді. 

Антимилитаристік көркем шығармалар қатарынан американ жазушысы Курт Воннелуттың «Нөмірі бесінші қырғын, немесе балалардың крест жорығы» бестселлерін атау жөн. Бұл да өмірбаяндық туынды, автор немістерге тұтқынға түсіп, Дрезденді «кілемдік» бомбылау кезінде көргенін, сезінгенін мөлдіретіп жазады. Туындының ерекшелігі, автор онда кейіпкерлерін «біздікі» – «бөтен» деп бөліп жатпайды, немістер де, американдар да мағынасыз абсурд соғыстан әбден қажыған адамдар ретінде суреттеледі.

Бірқатар шығармалар соғыстан кейін ұлттық кінә сезімі әсерімен неміс қаламгерлері тарапынан жазылды. Мысалы, Ханс Валладаның Берлиндегі сұмдық» повесі, десе де, бұл бағыт бойынша Бернхард Шлинктің атақты «Кітап оқушы»-сы үздік тұр.

Батыста соғыс тақырыбындағы шығармалардың денін яһуди жазушылар жазған. Себебі белгілі: сірә, Екінші дүниежүзілік соғыс пен Холокост тақырыбын көтермеген еврей қаламгері жоқ шығар және осы орайда олардың қаламынан қорытылып шыққан дүниелер ауыр күңгірт сипатта рефлексиялануымен бірден көзге ұрады. Бұл тақырыпта Владислав Шпильманның белгілі «Пианист», Итурбенің «Аушвицтегі кітап сақтаушы», Томас Кениллидің мәшһүр «Шиндлер тізімі», Мег Клейтонның «Лондонға бет алған соңғы пойыз», Бен Элтонның «Екі бауыр», Джоди Пиколттың «Хикаяшы әйел», Майкл Шейбанның «Ай нұры», Диана Аккерманның «Хайуанат бағы қараушысының зайыбы», т. б. толып жатқан шығармаларды айтуға болады. Эрих Мария Ремарк өзін француздық гугенот текті деп көрсетеді. Алайда, кезінде нацистер оның Ремарк деген тегін кері оқып, Крамер (еврей пәмілі) деп тапқан еді.

Марта Келлидің «Қыз» повесі іспетті шығармаларды соғысқа әйел көзқарасы ретінде бөлек топтауға болады. 

Батыста, сондай-ақ соғыстан кейін дүниеге келмеген, соғысты көрмеген қаламгерлер жазған көркем шығармалар аз емес: Люси Эдлингтонның миллениал буынға бағыттап жазған «Алқызыл лента» романы 2019 жылмен белгіленсе, ағылшын прозасындағы соғыс тақырыпты таңдаулы туындылар қатарындағы Уильям Стайронның «Софидің таңдауы» романы 1977 жылы жарық көрген. Осы екі аралықта Ури Орлефтің «Құстар көшесінде» (1981), Лоис Лодридің «Жұлдыз сана» (1989), Джон Бойнның «Ала пижамды бала» (2006) және Джудит Кеердің «Гитлер алқызыл үйқоянды қалай жымқырып кетті» тәрізді шығармалар жарық көрген. 

Жалпы, Батыстағы әдебиет пен өнердің «мәдени үлгілері» нақты тарихи дәуірлерге негізделген. Соның ішінде, олардағы «тақырып», «символдар», «адамдардың өзін ұстауы», «сезім әлемі» сияқты ұғымдар, мәселен, рыцарлық саңлақтық, өлімнен сескену, сүйіспеншілік, соғыс тәрізді концепттер өре басын Батыс мәдениетіндегі кесек белес – Қайта өрлеу дәуірінен алады. Осы кезеңнен еуроамерикан өркениетінің мәдени тарихы – histoire culturelle басталады. Ал бұл ұғымның тағаны – әлеуметтік қиял, елес дүниесі. Орыс әлемінде бұл басқа, онда ұжымдық ментал алдыңғы орында. Ол ментал өркениеттен де бұрын тұрады, бұл сөз әсіресе соғыс тақырыбына да қатысты. Осы мақаланы жазуға дайындалып отырғанымда пабликтердің бірінен бір ресейлік оқырманның пікіріне кез болдым. Онда ол соғыс тақырыбындағы Батыс прозасын қарастырған кезінде ресейлік «лейтенанттық прозаны» алыстан емескі болса да елестететін туындылардан Ремарктің жазғандарынан басқа ештеңе де ұшыратпағанын, әлгі тақырыптағы туындыларды оқығанда әйтеуір бірдеңе жетпей,  жұтынып қала беретінін жазады.

 

***

Айтса айтқандай, славян жазушыларының соғыс тақырыбында, соның ішіндегі Екінші дүниежүзілік соғыс (Ұлы Отан соғысы) жайында жазғандары өте мол және солардың дені, үздіктері майдангер қаламгерлердің қаламынан туған. Мұны пабликтердегі «Ұлы Отан соғысы оған қатысушылардың көзімен. Топ–10» тізімінен де көруге болады: 

1. Борис Васильев. Ол тізімде жоқ еді.

2. Константин Симонов. Өлі-тірілер.

3. Виктор Астафьев. Қарғыс таңба басылып өлгендер.

4. Юрий Бондарев. Ыстық қар.

5. Василь Быков. Сотников.

6. Виктор Некрасов. Сталинград окоптарында.

7. Василий Гроссман. Ғұмыр мен тағдыр.

8. Даниил Гранин. Менің лейтенантым.

9. Владимир Богомолов. Ақиқат сәті.

10. Константин Воробьев. Мәскеу түбінде қаза болды.

Бұлардан бөлек Алесь Адамовичтың «Жазалаушылар», Юрий Бондаревтің тағы бір шығармасы «Батальондар өздерін атауды сұрайды», Эммануэль Казакевичтің «Жұлдыз», Федор Панфёровтың «Күйрегендердің елінде», Шолоховтың «Олар Отан үшін шайқасты», Борис Васильевтің «Ал бұл жердің тамылжыған шапағы», Александр Бектің «Волоколам тас жолы», Василь Быковтың тағы бірнеше шығармасы – «Атар таңға аман жетсе», «Ұялас қасқырлар», «Ескерткіш тұра» және Ал. Фадеевтің «Жас гвардия», Илья Эренбургтың «Боран», Анатолий Рыбаковтың «Арбат өрендері» роман-повестерін атау жөн.

Соғыстан кейін туған ресейлік жазушылардың ішінде майдан тақырыбына қалам тартқандар азбыншы – өз басым ондай кітаптардан Валентин Пикульдің «PQ-17 кеме керуеніне жан аза» дейтін шығармадан өңге туынды таба алмадым. Әйел жазушылардың да бұл тақырыпқа қалам тартуы сирек екен: Вера Панованың «Серіктері», сосын Светлана Алексиевичтің «Соғыс әйел кейіпті емес» эссе кітабын осы қатарға қосуға болар, одан басқа – тәммат тамам.

Дәнді қауызынан аршып алар болсақ, жоғарыдағы әдебиет көркемдігі, әлеуметтік жүгі жағынан алақұла екенін бірден айту керек. Іштерінде соғысты идеологиялық тұрғыдан қарастырып, соған сәйкес мифке, мифологияға, патриоттық, пафостық клишеге айналдырып жібергендері аз емес. Мысалы, «Жас гвардия», «Боран» т.б, тіпті ілгерідегі ТОП-10-ның ішінде жүрген Борис Васильевтің Брест қамалын қорғаушылар жайлы повесі түп тереңінде соғысты қаһармандандырады ғой. Десе де, майдангер орыс, украин, беларусь жазушыларының көпшілігінің қаламы майдан шындығын көрсетуге келгенде теткіп көрмеген. Майдан көрген, жалын кешкен бұл қаламгерлер соғыстағы ерлікті жазумен қатар ондағы нас, лас нәрселерді, жанға батқан ауырлықты және адами өлшемге тіпті де сай келмейтін теріс қылықтарды ашып көрсетеді, сол арқылы қанқасап соғысты әсте романтикаға бөлеп көрсетуге болмайтынын ұқтырады. Мәселен, Юрий Бондаревтың «Ыстық қарының» сюжеттік арқауы кіші командир өмірінің екі-ақ күні,  бірақ сол екі күннің оқиғасы арқылы аузын арандай ашып келген соғыстағы өлімнің жайы асқан турашылдықпен және шынайы суреттеледі. Бұл шығарманы оқып отырғаныңда, өзіңнің тірі болып жер басып жүргеніне мың қатта шүкіршілік айтасың. Немесе, өз басым ТОП-10-ның басында тұруы керек деп білетін (және «мұртты көсем» – Сталиннің өзі ерекше ілтипатқа алып, авторымен үш күн оңашаланып арақ ішкен) Виктор Некрасовтың 1946 жылы жарық көрген «Сталинград окоптарында» повесі нағыз «окоп шындығы» алға жайылған бірінші туынды деуге ауызымыз барады. Бұл повесті оқырман қауым салғаннан ұнатты, ал сыншы қауым салғаннан сын сырығының ұшына орнатты. Лейтенант Керженцевтің майданда бастан кешкендеріне күтпеген жерден сталиндік сыйлық берілгенше автор «бүкілхалықтық өшпес ерлікке» қара күйені аямай жаққаны үшін ағаш атқа теріс мінгізілді. Василий Гроссманның «Ғұмыр мен тағдыр» романы да хрущевтік кезеңде осының аяғын құшты: адам баласының еркіндікке, бостан өмірге табиғи құлшынысы суреттелген, соңыра әлгі ұмтылысы аяққа басып тапталған кезде тоталитарлық режимге шарасыздықпен өшігуі бейнеленген. Осы тектес терең психологиялық көріністері үшін заманында әйгілі толстойлық «Соғыс және әлеммен» теңестірілген шығарма антикеңестік деп танылып, 1961 жылы айналымнан алынды. Даниил Гранинның «Менің лейтенантымда» соғыстың адам миында сәулеленуі суреттеледі. Окоп өмірі.

Бас кейіпкер – екі ойланбай шайқасқа кіріп кете беруге дағдыланған жас лейтенант кейін, мосқал тартқан шағында сол бір қаһарлы күндерге ойша шегініс жасап, ол күндердің арғы, түпкі себептерін саралайды, немісті жау деп қана қабылдаған бұрынғы түсінігінен арылады және өлім кездейсоқ болудан қалған, тірі қалу кездейсоқтыққа айналған әлеметтен өзінің қалай ғана тірі шыққанына қабағат қайран қалады. 

   Тірісінде «күштілер мен тістілерге» бас имей өткен өр жазушы Владимир Богомолов аз жазды, бірақ саз жазды. Солардың ең шоқтығы биігі – «Ақиқат сәті» («1941-дің тамызы» деген екінші аты бар) романы, әлемнің елуден астам тіліне аударылған бұл шығармасында майданда қарсы барлау органында (СМЕРШ) қызмет атқарған автор қалай неміс легиондарын аулағанын, оларға шынын айтқызған «ақиқат сәттерді» керемет шынайылықпен береді. Соғыс атыс-шабыс, бірін-бірі өлтіру ғана емес, соғыс – қылыш пен қылыш айқасардан бұрын алдағы ұрыс тағдырын мыйда шешіп қою екенін ұғындырады. Константин Воробьевтің «Мәскеу түбінде ажал құшқандар» повесі көре-біле ажал аранына жіберілген өрімдей курсанттар өмірінен алынған. Цензура қайшысының астында туралып, әупіріммен «Новый мир» журналында жарияланған бұл туынды да соғыс шындығын күлбілтесіз көрсеткені үшін кісәпір сынның оқ боранынан Твардовскийдің беделінің арқасында әрең аман қалады. Ал енді аталмыш ондықта үшінші реткі санмен тұрған, негізінде бірінші орында орналасуы керек шығарма бар. Ол – сібірлік майдангер, қаламгер Виктор Астафьевтің «Қарғыс таңба басылып өлгендер» романы. Шынтуайтында, соғыс жайлы емес, ажал оғы бұршақша себелеген тажал ұрысқа қадам басып енгендер жайындағы барынша шыншыл туынды. Абсолютті шыншылдық, боямасыз бейнелеулер, тәураттық жаһаннам жанында әншейiн ертек болып қалатын ажалды ессіздік, ащы да мағынасыз, мәнсіз өлімдер. Осы жерде автор үскірік атып тұрған идеологиялық тоқпаққа қарамастан, соғыс кезіндегі (объективті түрде өз тұсындағы) билікті сын садағымен түйрегенін айту жөн. 

Беларусь жазушыларынан жоғарыдағы тізімге майдангер жазушы Алесь Адамович кірмей қалған – соғыс тақырыбына жеті шығарма арнаған оның қаламынан роман-дилогия мен бес повесть туған. Әсіресе «Жазалаушылар» повесі шыншылдығымен ерекшеленсе, «Мылқау» повесіне беларусь қызы мен неміс солдатының сүйіспеншілік тарихы арқау болған. Рейтингте тағы бір беларусь қаламгері Василь Быковтың белгілі «Сотников» повесі ғана аталыпты, ал негізінде майдангер жазушы соғыс тақырыбына одан басқа «Атар таңға аман жетсе», «Оның батальоны», «Ұялас қасқырлар» және «Ескерткіш тұра» дейтін тағы төрт баян арнаған.

Біз бұл жерде мұндай тақырыпты шығармалардың бір бөлігін ғана қамтыдық, ал олардан өңге батыл, көркем туындылар (мысалы, Бауыржан Момышұлына күшті әсер еткен А. Марченконың «Звездочётый» романы) да аз емес славян майдан әдебиетінде. Ал бізде, қазақ прозасында бар ма осындай туындылар?

 

***

Әлем тарихындағы ең алапат апат – барша мәдениетке өңге тарихи уақиғалармен салыстырғанда ең сұрапыл әсер еткен Екінші жаһан соғысы тақырыбы қазақ жазушыларын да айналып өтпеді және ол жоғарыдағы Батыс және славян халықтары әдебиетінде болғандай ең алдымен жаны олжа майдангер жазушылардың қаламымен жасалды. Соғыс біте іле-шала жазылып, жарық көрген отымыздың алды, суымыздың тұнығы, сірә Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» (кейін «Күткен күн» деп аталды) романы. Жас кіші офицер Есейдің көзімен баяндалған Балтық майданындағы соғыс жағдайы және бұл шығарма мерзім жағынан жалпы «лейтенанттық прозаны» бастап тұрған Виктор Некрасовтың «Сталинград окоптарында» повесімен бір мұғдарда жазылып, сәл кейін жарық көруі ой саларлық.

Одан кейін, әлбетте, Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндері» еске түседі. Мәскеу үшін шайқас,  Панферов (Панфилов) дивизиясы жауынгерлерінің жанқияр шайқасы. Көлемді роман, негізгі идеясы – сырт жаудан Отанды қорғау. Өмірде момын, қарапайым көрінген адамдар шешуші айқаста мүлде өзгеріп кетеді, көзсіз ерліктің ерен үлгісін көрсетеді, т.б. деп келетін нарративтер. Политруг Клочковтың (Василий Кусков) «Шегінер жер жоқ, соңымызда – Мәскеу!» шақыртқы ұраны, капитан Мұрат Арыстановтың (Бауыржан Момышұлы) батыл да жігерлі қимылдары, қысқасы. Осы мұғдардағы Ғабит Мүсіреповтің батыр Қайырғали Смағұлов өмірін арқау еткен «Қазақ солдаты» романы да бейне бір деректі шығармадай оқылады. Қасым Қайсеновтың «Жау тылында», Әди Шәріповтің «Сары тон», «Партизан қызы», Сәуірбек Бақбергеновтің «Белгісіз солдаты», бұлар да майдангерлердің кешегі соғыста көрген-баққандары қағазға түсірілген деректі дүниелер. Бауыржан Момышұлының «Мәскеу үшін шайқасы» да жанры жағынан автордың өзі айтқандай, қазақ әдебиетіндегі алғашқы әскери мемуар, дегенмен, көркемдік тұрғыдан алғанда оған Александр Бектің өзіне дейінгі «Волокалам тас жолы» повесі, ондағы Баукең әңгімесімен берілетін майдан шындығы, соғыс психологиясы белгілі бір дәрежеде әсер еткені байқалды. Ол жағдайды Тахауи Ахтановтың мерзім жағынан «Қаһарлы күндерден» көп кейін, яғни қаламгер шығармашылық жағынан төселген, кемеліне келген кезінде жазылған «Шырағың сөнбесін» романына да қатыстырып айтуға болар еді. Онда жау тылында қалған жас қазақ келіншектің жан дүниесіне әрі барлау, әрі талдау жасалады. Адамдардың әбілет соғыс жағдайында да жанын жүдетпей, жадағайланбай, адамшылық қалпынан айнымауы сараланады. Десе де, роман таза майдан шындығына құрылмағанын, ең алдымен адамдарға соғыс салған ауыртпалықты (негізінен тыл жағдайында) көрсететінін айту жөн.

Жас кездерінде тылда соғыстың салған лаңын көріп өскен жазушылардың шығармалары (Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майданы» сияқты) қайткенде де «майдан диалектикасы», «окоп шындығы» емес екені анық қой. Оқ-дәрі иісін иіскемеген Әлжаппар Әбішевтің 1945 жылы жарық көрген, соғысты мифологиялаған «Жас түлектер» романы тәрізді шығармаларға тіпті сөз жоқ… 

Неге бұлай? Қазақ әдебиетінде, соның ішінде прозамызда Батыстағыдай антисоғыстық болмаса да, майдан шындығын ашқан, содан өрелі ой өрбіткен шыншыл шығармалар неге жоқ? Әрбердесін бүкіладамзаттық апат – кешегі соғыс славян жұрты ғана емес, жалпы КСРО құрамындағы ұлт республикаларына да бірдей қасірет әкелді емес пе, аз ұлттар да сол қан майданда жаппай ерлік көрсете жүріп, Ай мен Күннің аманында жекелеген саясаткерлердің жүрегіндегі қыңырлықтардың кесірінен миллиондаған жанның өмірін қиған тозақының себебін ашып, салдарын түптегісі келмеуі мүмкін емес қой?! Сонда да неге жазылмады ондай дүниелер, әлде жазылса да көктей қырқып, дүрдие үңіліп бір тажал тұрған ба төбелерінде?! 

Көп елене бермейтін бір факт. Майдангер жазушы Дихан Әбілевтің өмірінен. Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасы құрамында, саяси бөлімдегі қызметімен майдан барып, Калинин майданында соғысқан Дихан атамыз бір күні дивизия газетіне «Майданбек» дейтін поэма жазып шығарады. Онда нәзік жанды лирикалық бас кейіпкері окопта отырып, «Осы соғыс неден шығады екен, адамдар бірін-бірі неге ғана өлтіреді екен, неге қан құмар болады екен?» деген сияқты терең пәлсапалық ойларға шомады, қолындағы бесатарының сұп-суық ұңғысына жиіркене қарап та жібереді. Аяғы сұмдық: ақын дереу полк партия ұйымының жиналысына түсіп, мәселесі майшаммен қаралып, партия қатарынан шығарылып, атышулы «штрафбатқа» жөнелтуге шақ қалады. Одан кейін Дихан ақынның мұндай тақырыпты анадайдан айналып кеткені айтпаса да түсінікті. 

Осыған ұқсас оқиға соғыстан соңғы алғашқы жылдары Әбу Сәрсенбаевтың да басында болыпты. 

Сол тұста жарық көрген бір кітабы (сірә кейін түзетіліп-күзетіліп шыққан «Қарға тамған қанның» ілкі нұсқасы) цензуралық мәшін астына түсіп, туралып қалған. Жалғыз данасы қалған екен бір кісінің қолында, ол автордың өзіне көрсетіп тұрып бермей қойыпты (берсе өзі де, авторы да бір бәлеге ұшырап қалады деген қорқыныш). 

Міне, солай. Мәскеуде Некрасовтың, Богомоловтың, Гроссманның басына үйірілген қара бұлт, одан тұрған жел Алматыға дауыл боп жетіп, құйын тұрғызған. «Окоп шындығы» шығармаларды жаңа өне бастаған шағында тамырына балта шауып, көктей қырыққан. Қазақ жазушылары қатты қайбарып, беті қайтып қалған. Әлгіндей қаны сорғалаған шындық кітаптар жазылмаған, олардың желісімен К. Симонов. В. Васильев, В. Быков, В. Некрасов, В. Гроссман, В. Богомолов, К. Воробьев шығармаларының желісімен түсірілгендей фильмдер түсірілмеген. Оны айтасыз, бізде кешегі соғыс жайлы жөндемі, ащы ән де жоқ. «Қазақ киносы кеңес дәуірінде қырғыз яки өзбек киносы сияқты көкке самғай алмады. Қазақстан идеологиялық шылауға қатты түсірілді, сондықтан, кинодағы жарқын тұлғаларымызды есептемегенде, бізде орасан көп мөлшерде тапсырыспен өндірістік және тарихи-революциялық сипаттағы киноленталар түсірілді» – кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның осы сөзін айны-қатесіз әскери прозамыз жөнінде де айтуға болады. Тосын жағдай: Юрий Бондаревтың белгілі «Батальондар өздерін атуды сұрайды» дейтін антитезалық атауға ие повесінің уақиғасы Сталинград майданында, қазақтардан жасақталған әскери құраманың тікелей қатысуымен өткен, алайда осы жайындағы көркем шығарманы да, фильмді де рецептер жазып-түсірді. Бұл – біздің ұлт ретінде біркелкіленуімізге де жасалған үлкен соққы, тіпті бүгінге дейін ескі мұржаның көлеңкесіндей ербиіп, жанымыздан қалмай келе жатқан кемдік, қорлық комплексі…

 

***

Ал енді, бұдан кейін, әдебиетіміздегі әскери тұтқындар, дезертирлер, жауға пенде болуға мәжбүрлеген қандастарымыз (сатқындар) хақында әлдебір шығарма күтудің өзі шетіндік болар еді. 

Орыс және беларусь әдебиетінде соғыс кезіндегі сатқындық тақырыбында біршама шығарма жазылды. Солардың алғашқысы Михаил Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгімесі деу керек шығар – майданда шопыр болып қызмет атқарған Андрей Соколов Дрезден концлагерінде екі жыл болып, ақыры одан қашып шығып, майдан шебі арқылы кеңес жағына өтеді, яғни алдына таңдау тартылғанда патриоттық сезімі үстем түсіп, жауға жанын жалдаған жалдап атанудан өзін сақтап қалады. 

Келесі шығарма – Юлиан Семеновтің «Текетірес» романы (1979 жыл), неміс жағына өтіп кетіп, вермахтта агент және диверсант болған Николай Кротов жайлы шытырман оқиғалы детектив. Бұдан кейін Олег Смысловтың бертін «Литрес» баспасынан «Сатқындық антологиясы» сериясымен шыққан Власов және власовшылдар жайлы «Сатқындар мен жендеттер» инфороманын айтуға болады. Осы жылдары жарық көрген тағы бір туынды – Федор Владимировтың «Сатқындықтың бағасы» кітабы (2006 жыл), ол да Юлиан Семенов шығармасы секілді, жауға қызмет еткен сатқын агент жөнінде.

Бір назар аударарлық нәрсе, соғыстағы адам психологиясы, соның ішінде өмір мен өлім белдескен сәтте таңдау жасау мәселесіне татар-башқұрт жазушылары көбірек қалам тербеткен екен. Башқұрттың майдангер жазушы Денис Исламовтың соғыстың алғашқы айларындағы Кеңес әскерінің шегінулер кезіндегі жауынгерлердің толқуы зерттелетін «Мәскеу юлы» романы (1968), сондай-ақ А. Хакимовтың «Ақсақ қаншық» повесі (1976) және көрнекті башқұрт ақыны Мұстай Кәрімовтың «Қара сулар» дастанында сатқындықтың табиғаты, қорқақтық – сатқындық – жаза үштағаны ізерленеді. Осы орайда, бір қызығы, аталмыш күрделі тақырыпқа жоғарыда аталған славян және түркі текті қаламгерлердің барлығынан да бұрын жазуды жаңа бастаған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың баруы. Оның Жәмиладан бір жыл бұрын, яғни 1957 жылы жарық көрген шағын «Бетпе-бет» повесі бүткіл кеңес әдебиеті көлемінде сатқындық (дезертирлік) проблемасын арнайы қаузауымен және Фредерик дейтін кейіпкері Италияда пойыздан секіріп, әскерден қашып кететін «Қош бол, қарумен» бір ізді басуымен таңқалдырады: онда бас кейіпкер – он сегізге енді толған Жұмабай деген жас жігіт әскер қатарына алынып, әскери составпен майданға бара жатқан жолда шанышқыдан қашқан сазандай жырылып вагоннан қарғып кетеді де, ауылына барып жасырынып жатады. Айтматов осы жерде тағы да кеңес әдебиетінде бірінші рет дерлік өз кейіпкерін адамнан моральдық, имандылық қасиеттерді толық және дәлме-дәл таныту талап етілетін өмірлік қиын ситуацияға қояды. Қояды да, ілгерідегі қорқақтық – сатқындық – жаза дейтін үшбұрышты – соңғы жаза мәселесіне әкеп тірейді. 

Яғни авторлық позиция айқын: итке – ит өлім. Себебі осы масқара уақиға (ел көзімен қарағанда) тұсында бүкіл қырғыз ауылы бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп, бір ұжымға, объективті түрде повестің бас қаһарманына айналады. Қатаң, қатқыл, мәмілесіз кейіпкер. Бүткіл халық, ел болып, әділ, азаттық соғысы кезінде жеңіс үшін құрбандықтың қандайынан болса да тайынбай отырғанда әскер қатарынан қашып келген сужүрек дезертирді ата жауы – «ит пәшестен» кем көрмейді, кем көрмегені былай тұрсын, немістен де жаман, демек, ондай адаммен бір ауылда бірге тұру, бір ауамен тыныстаудың өзі – қылмыс. Бұл – үкім. Шағымдануға жатпайтын түпкілікті, салмағы қорғасындай ауыр, бірақ керек үкім.

Осы моральдық тақырып жойдасыз елеусіз қап кеткен «Бетпе-беттен» жиырма сегіз жыл өткенде, яғни 1974 жылы жарық көрген Валентин Распутиннің «Жадыңда жүрсін жаңғырып» повесінде жалғасын тапты. Андрей Гуськов, ол да дезертир, Новосібірдегі госпитальдан майданға барар жолда сол маңдағы туған деревнясына бір-екі күнге барып кетпекші болып пойыздан түсіп бұрылады да, қайтуға бес-алты күн кешігіп қалғандықтан, бәрібір дезертир атанып жазаға тартылатын болғасын ауылына таяу тайгаға жасырынып, бас сауғалайды. Солай бірнеше жыл. Бірақ онысы, әзиз жанын седеттеп сақтауы, айналып келгенде, бас кейіпкердің моральдық тұрғыдан өлуіне алып келеді. Әскерден, өлімнен қашып келген ол, өлуден өлгендей қорқатын ол, ақыры кінәсі жоқ келіншегінің, құрсағындағы шаранасы бар әйелінің қайғылы ажал құшуына себепкер болады. Сонда да өзінің бойындағы тірі қалудың, өмір сүрудің аңдық түйсігін еңсере алмай, тайгасында бұқпантай өмірін кеше береді. 

Шынтуайтында, адам жанының терең білгірі Валентин Распутин «Живи и помни» шығармасында Шыңғыс Айтматов бір кезде бастап, жеріне жеткізе алмай кеткен үлкен имандылық проблемасын – сатқын өзін ғана емес, өзгелерді де сатады, ендігәрі ол сатпайтын, ол айнып кетпейтін ештеңе қалмайды деген ойды аяғына жеткізіп түйіндейді. Айтматовта кездесе бермейтін распутиндік соңына дейін жеткізу, әбден иін қандырып барып тиянақтау – міне, кезекті рет біз осы жағдаймен ұшырасамыз. 

Осы жағдайды содан бұрын (1969 жылы) беларусь жазушысы Василь Быков «Сотников» повесінде көтерген еді. Онда тұтқынға берілуге мәжбүр болған екі жауынгердің – Сотников пен Рыбактың алдында тұрған күрделі моральдық дилемма – берілу керек пе, берілмеу керек пе, берілгеннен кейін жау жағына шығу керек пе, шықпау керек пе дейтін таңдау жолын суреттей келіп, автор тірі қалу яки жеңу масһаласынан бұрын алға адамды аңға айналдыра жаздаған қияметте адам боп қалу мәселесін қояды. Сатып барып тірі қалу керек пе, әлде ажал жастығына адалдығын сақтап бас қойған жөн бе? Жазушы ұстанымы осы екі арада кейіпкерлерімен бірге сынапша толқыса, повесть желісімен фильм түсірген («Возхождение») Лариса Шепитконың үкімі айқын да нақпа-нақ: Сотников – әз-әулие адам, ал Рыбак... ол енді барып тұрған Иуда. 

Енді тоқып келе жатқан өрмегімізге оралайық. 

Қазақ әдебиетінде де осы «сатқындық» мәселесі неге көтерілмеген? Неліктен жоғарыдағыдай кесек, ойлы дүниелер жазылмаған? Қырғыз прозасында бар, тіпті елден бұрын қозғалған ол, ал бірақ көрші жатқан біз ауызды қу шөппен сүртеміз. Бізде, қазақта сатқын болмады ма, дезертир болмады ма? Жоқ, болған, болғанда да әкесін танытып болған. Біздің Атырау жақта, Жылой жерінде кезінде әскерден қашқандарды даладан, көл ортасындағы аралдардан, Үстірттің медиен құладүзінен топ-тобымен ұстаған, кейбіреулері жылдап ауыл маңында жер астын үңгіп мекен қылып жатқан яки үйінің астынан іншік жасап жатқан жерлерінен табылған. «Пленге түскіштер» жағынан да кенде емеспіз: сан жетпейді, топырақ жетпейді демей-ақ қояйық, сонда да кейінгі болжамды есеппен жауға қызмет қылған қандастарымыздың дәл емес мөлшері жиырма төрт мыңның қарамы, ішінде еріктілерден жасақталған «Түркістан легионы», абвер құрған, ұйымдастырған агентуралық-диверсиялық топтарда жүлделі тыңшы атанғандары қаншама...

Сөйте тұра, осы тақырыпта бізде бірде-бір шығарма жоқ, әдебиет бетіне қалқып шыққан. Неге? Тәураттан бастап сатқындық – күнә. Қабыл, Иудалардан бастау алатын жүзіқаралық.  Шекспирдің «Лир короліне», Пушкиннің «Полтавасына», Гогольдің «Тарас Бульбасына» қарап отырсаңыз, таза сатқындардың галереясы дерсің. Бізде де сау сиырдың қиы емеспіз – «Батыр Баян»..., Кенесардан бір түнде айнып кеткен Сыпатайлар..., т.б. 

Ал бірақ дәл кеше күндей күркіреп өткен соғыста осындайға барғандар туралы шығармаларымыз жоқ. Негізі, 1950-ші жылдары Қалтай Мұхамеджанов, Берқайыр Аманшин қатарлы қаламгерлеріміз жауға пенде боп, арғы бетте қап кетіп, бізге қарсы идеологиялық майдан жүргізген қандастарымыз хақында пьесалар жазған көрінеді, бірақ сахналанбағасын, әрі тасқа басылмай қалғасын қолымызда он екі бір нұсқасы жоқ солардың, әйтеу «Жат елде» секілді аттары ғана еміс-еміс.

Ә, ұмытып барады екем ғой, «Үлкен Түркістанның» күйреуі» Серік Шәкібаевтың атаққа шыққан деректі повесі. Бірақ онда арғы бетте бізге қарсы әрекет еткен қандастарымыз іреп-сойылып, шетінен адамзаттың қас дұшпаны ретінде суреттелетіндікен ол да бүгінгі күннің биік талабына жауап бермейді. 

Меніңше, ілгеріде өзіміз айтқан, Мәскеудегі жел бізде боран тұрғызып, құйын ойнатады деген образ осы жерде де дәл – нағылса да, «Майданбекті», «Қарға тамған қанды», бізге беймәлім өңге де шыншыл, шындықшыл шығарма жазғандарды бірден төбесінен гүрзімен бір қойып талдырып тастағандықтан, бұл күрделі де қызықты тақырыптың қазақ әдебиетіндегі өрісі кесіліп, толықтай тоқырауға ұшыраған. Қараңыз, славянның «окоп шындығы» әдебиеті кейінірек қалай болғанда да жарық көріп, тіпті «Жадыңда жүрсін жаңғырып» сияқтылары әспеттелудей әспеттелді: Распутин сол үшін 1987 жылы мемсыйлық алды, 2008 жылы фильм, фильм-спектакль түсірілді, тіпті опера жазылды. Ал біздің прозада бұрын да, қазір де тілін тістеген үнсіздік. Вермахттың обер-лейтенанты Әлихан Ағаевтың тағдыры шытырман оқиғалы шығарма ретінде жазуға да, фильм қылып түсіруге де сұранып-ақ тұр, тіпті соларды «Сатқындық анатомиясы» деп те айдарлауға болады, алайда бір күндікке еліккен кітап нарығымыз да, оңай оспақ комедиялармен желіккен кинематографымыз да мәу дейтін емес.

Рахымжан Отарбаевтың «Сатқын» дейтін әңгімесі бар. Радиоқабылдағыш жасап алып, сонымен түн баласы тыйым салынған «империалистік» зиянкес радиостанцияларды тыңдағаны үшін «Отанға сатқындық жасау» бабымен сотталған жас жігіт жайында. Соңында анасы сот мәжілісі үстінде:

– Менің балам сатқын емес! Сатқын сендер! Бәрін саттыңдар! Түгелімен! – деп, жан даусы шыға шырылдайды... 

Кітап та сатқындық жасай алады дейді екен ғой. Онда айтылған ой, идея оқырманды өз қорасына алдап кіргізіп, оның соңы кісіні адастыруға әкелсе, ол да сатқындықпен бір бәс көрінеді, астағифирулла! Сондықтан, келген жерімнен доғарайын.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар