Жаңа жыл табалдырықтан аттағаннан бергі уақытта қазақ әдебиеті мен мәдениеті, өнері дамуының алтын дәуірі болған ХХ ғасырдың екінші жартысында шығармашылық ғұмыр кешкен біршама айтулы тұлғалар өмірден озғаны өкінішті.
Тумақ бар жерде өлмек бар бес күндік жалғанның ақиқаты – Абай хакім айтқандайын: «Алдыңғы толқын ағалар, Артқы толқын інілер, Кезекпенен өлінер, Баяғыдай көрінер», - екендігі анық қой.
Қазақ әдебиетіндегі алдыңғы толқын ағалардың бірі, «Мен өзім – Ер Өмірдің ұрпағымын! Алашта – Зейнолла ақын атым мәлім», - деп жырлаған айтулы ақын, шебер аудармашы Зейнолла Тілеужанұлы да сексеннің үштен асқан шағында пәниден бақиға аттанған екен.
Сонау тұрған – Тарбығатай етегі:
Ақындар мен батырлардың мекені.
Таз тауынан аспанына қол созсаң,
Қаңғып ұшқан бұлтқа қолың жетеді!
Бөктерінде Ойшілік пен Құлбабас,
Ақсуаттың кең жазығы етегі...
Одан әрі: Түйемойнақ, Қызылтас...,
Қызылтастың жықпылдары кешегі,
Ел басына күн туғанда бабамыз –
Қабанбайға пана болған деседі! –
деп өзі жырлағанындай, ақын Зейнолла Тілеужанұлы 1942 жылы 29 ақпанда Тарбағатай бауырында, бұрынғы Семей (қазіргі Абай) облысы, Ақсуат ауданына қарасты «Қызылқайың» ұжымшарында дүниеге келді. Жастай өлең-сөзге бейім өскен жас Зейнолла әкеден ерте жетім қалып, анасының қамқорлық, тәрбиесінде өседі. Бұл туралы ақын өзі былай деп толғанады:
Сипамай әке қолы тұлымымды,
Өмірдің болып өстім ұлы мұңды.
Сен бір күнсің көкжиек асып кеткен,
Ерте батып, төге алмай жылуыңды.
Алатын тоның жоқ деп айып қылып!
Берді анам – етігіңді қайып тігіп.
Өзім сыйған партаға етік сыймай,
Атыңды жаздым алғаш әріп қылып.
Соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі арқаржалақ жүдеу-жадау кезеңнен Шəрипа ананың жанкештілігі арқылы аман өтеді. Ақын өз жырларында анаға деген махаббат, перзенттік парызды өтеу жолындағы ұрпақтық жауапкершілікті арқау еткенін көреміз:
Албырттық кейде ақылға қосылмай көп,
Жағымнан өмір ұрса тосындау кеп!..
Анамның ақырғы тал қара шашы,
Қорқамын ақ шашына қосылды-ау деп.
Әдебиет әлеміндегі өзінің лайықты орнын табу арманын жүзеге асыру үшін ару астана Алматыға аттанатын көптеген жас таланттар сияқты, бозбала Зейнолла да Алатаудың баурындағы әсем қалаға арман жетегімен жетеді. Бұл қадамы сәтсіз болмайды. Арманшыл жас жігіттің жұлдызы осында жанады.
Жасындай жарқылдаған жайдан қалған,
Өткен күн қайта оралсын қайдан маған!
Қыздарға үш тиындық су әперіп,
Басында Көктөбенің сайрандаған, -
деген жастық жалауын тіккен жылдарды өткізіп, 1968 жылы ҚазМҰУ-дің филология факультетін бітіріп шығады. Бұдан соң журналистік, аудармашылық саласында шығармашылық ғұмыр кешкен ақын әр жылдары «Жетісу» газетінде, кинематография комитетінде, «Жаңа фильм-Новый фильм», «Еңбек таңы» журналдарында және Мәдениет министрлігі жанындағы шығармашылық үйінде қызмет атқарады.
Күндерді алдап өлеңмен,
Жылдардан жанда сыз қалды.
Жылату оңай болғанмен,
Жұбату қиын қыздарды...
Қиыннан қиыстырып, мазмұн мен пішін іздемесе де, қазақтың қарапайым өлең үлгісімен қаламынан шынайы мөлдір жырлар тудырған ақынның алғашқы өлеңдері республикалық жас ақындардың 1969 жылы жарық көрген «Жас керуен» атты жинағына енеді. Бұдан соң әр жылдары «Лебіз» 1971, «Толағай тау», «Ой ағысы», «Сарыарқа», «Махаббат дастаны», «Аспанға көшкен ауыл», «Күнге табынғандар» атты жыр кітаптары оқырманға жол тартады. Орыс тілінде жарық көрген «Солидарность» атты ұжымдық жинаққа да ақын өлеңдері енген.
Менің дағы күйі қашып жырымның,
Талай рет қарауылға іліндім.
СОКП-ні қойғаннан соң мақтамай,
Үйірімнен құландай боп қуылдым, -
деп жазуына қарап Зейнолла ақынның пролетарлық әдебиеттің уралы дүбір-дүрмегіне ләппайлап үн қоса қоймаған ақындар қатарында болғанын аңдаймыз.
Бай жинаған көп күнгі,
Балам менде мұра жоқ!..
Қынаптағы көк сүңгі,
Ер мұрасы – бір-ақ оқ.
Жортуылда жолдасқа,
Білек алма,
Жүрек ал!
Жау алдында қолдас та,
Жаманыңды –
Сүйеп ал!
Жарымастың қалағын,
Жалайтұғын күшік көп.
Ақ пейілдің шалабын,
Балға балап,
Ішіп кет!
Өмір сүріп мақтанба,
Адам болсаң,
Тірі бол! Сүйегіме дақ салмай,
Намысыңнан бұрын өл!
«Батырдың өсиеті» атты осы өлеңнің өзін ақынның өмірлік ұстанымы десек болатындай. Арғы-бергі тарихты бір-бірімен қопара ұштастырып, бүгінгі ұрпақтың санасына сәулелей жырлайтын ақынның жырларында елге деген еміреніс пен жанға жылылық есіп тұрады:
Алтай таудан ақырғанда Құлтегін,
Жаңғырығы Ақеділге жетеді!
Соның бәрін аңыз қылып Арқадан,
Аңқылдаған аңызақ жел еседі.
Тарбығатай өр шыңдарын бөктерлеп,
Қара бұлттар наймандарша көшеді!
Поэзияда өндіре жазған ақын Зейнолла Тілеужанұлы шығармашылығының тағы бір өнімді саласы – аударма. Шетелдік ақындардың көптеген туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен еңбегі бір төбе. Отандық көркемөнердің өткен ғасырдағы жұлдызы жанған саласы болса, ол – одақтас республикаларда түсірілген немесе шетелдік көркем фильмдерді өте жатық етіп аударып, тамаша дубляждап қазақ көрерменіне ұсынуы десек болады. Зейнолла Тілеужанұлы – жүзге тарта көркем фильмді қазақ тіліне тәржімалаған шебер аудармашы.
Саналы ғұмырын ұлттық әдебиет пен өнердің дамуына арнаған қазақтың қарымды қаламгері, айтулы ақыны, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Зейнолла Тілеужанұлының есімі талғаммен жазылған өрелі туындылары арқылы қалың елімен бірге жасай бермек.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.