Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мемлекетімізде ресми аталып өтіле бастаған "Ұлттық кітап күніне" орай “100 кітап” сауалнамасына өз үнін қосты.
Құрметті достар, биыл алғаш рет аталып өткенін білесіздер. Мұның түпкі идеясы былтырғы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдан басталады. Мемлекет басшысы @tokayev_online озық ойлы ұлт болу туралы айта келіп, оның бір кілті осы кітап оқу дағдысында жатқанына тоқталған болатын. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша 23 сәуір “Ұлттық кітап күні” болып бекітілген еді.
Кітап оқу өз алдына, қандай кітап оқу деген мәселе де өте маңызды дүние. Бұл ретте, кім нені оқып жатыр, мен не оқимын деген сұрақ алға шығады. Оқырмандар арасында кітап алмасу мәдениеті де бар екенін білесіздер. Жазушыларымыздың да қолға түсе бермейтін кітапты бір-бірінен аттай қалап, сұрап, тіпті “сұрамай” алып жататыны туралы да естеліктер де аз емес. Мұның бәрі, түптеп келгенде, адамзаттың кітапқа құмарлығын ғана емес, кітапқа деген талғамын да көрсетеді.
Жақында желіде @kalkamansarin_ бастамасымен бастау алған әдеби эстафетаны @kairatzholdybaiuly-нан алып, жалғастырып, мен де бүгін eGov арқылы сүйікті кітаптарымды ұсындым:
1. Абай. Қара сөздер жинағы;
2. Мағжан Жұмабаев. Өлеңдер жинағы;
3. Мұхтар Әуезов. «Абай жолы»;
4. Жыраулар поэзиясы. «Бес ғасыр жырлайды»;
5. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер»;
6. Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы»;
7. Әбіш Кекілбаев «Үркер»;
8. Дулат Исабеков «Қарғын»;
9. Максим Зверев «Кладовая чудес»;
10. Төлен Әбдік «Парасат майданы».
Әдеби эстафетаны жалғастыру үшін, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы – Қошанов Ерлан Жақанұлына @koshanov_online , Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке, Ұлттық музей директоры – Берік Әбдіғалиұлына @abdygaliuly, белгілі журналист, блогер – Өркен Кенжебекке @orkeni жолдаймын.
Құрметті кітапсүйер қауым, сіздер де жалпыхалықтық сауалнама қатысып, eGov порталы арқылы сүйіп оқитын 10 кітабыңызды ұсына аласыз. Сауалнама нәтижесі қазақ руханиятындағы тағы бір атаулы мереке – “Абай күні” (10 тамыз) жарияланады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.