Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Жүз кітапты қалай насихаттаймыз?...

03.09.2025 258

Жүз кітапты қалай насихаттаймыз? 12+

Жүз кітапты қалай насихаттаймыз? - adebiportal.kz

«Жүз кітап» сауалнамасы бойынша таңдалған кітаптарды жалпы халыққа қалай насихаттауымыз керек? Мақала осы жөнінде ой қозғайды.

 

Әлемде кітап оқу қарқыны артуда

«Кітап – білім бұлағы» дейді халық даналығы. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» немесе «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріпті» де айтқан – халық. Ендеше адамзаттың саналы қоғамы үшін білім қаншалықты өзекті болса, оны тасымалдап жеткізудің, сақтаудың құралы кітаптың да маңызы соншалықты зор. «Артық білім – кітапта, ерінбе, оқып көруге!» - деген Абай хакімнің сөзі де рас. 

Заманауи кітаптың тарихы шамамен Қазақ хандығы құрылуымен тұспа-тұс басталғаны белгілі. Ақпараттық дәуір аталған ХХІ ғасырда да кітаптың адамзат өркениеті өміріндегі орны биік қалпында қалуда. Рас қазіргі күні адамдар өзіне қажетті ақпараттарды заманауи жылдам технологияларға негізделген құралдар арқылы алады. Бірақ бұл – кітаптың заманы өтті, оқылмайды деген ұғымға негіз бола алмайды. Жапония, сияқты ертеңін ерте ойлаған елдер жас ұрпағының кітапқа асық, гаджеттерден қашық болдыруға анық ден қойғанын көреміз. Гаджеттер – адам өмірі үшін аса қажетті электронды құрылғылар болғанымен, адамның адам болып қалыптасуындағы кітаптың маңызы ерекше екендігін әр түрлі ғылым саласы дәлелдеп үлгерді. 

Әлемдегі ең кітапқұмар ел ретінде 2024 жылы АҚШ пен Үндістан танылған екен. Бұл – кітап оқуға жұмсалатын жалпы уақыт көрсеткіші бойынша нәтиже. Сондай-ақ кітапқұмарлықты анықтаудың өзге де көрсеткіштері бойынша Ресей мен Қытай да көшбасшылық деңгейден көрінген екен. 

World Population Review және CEO World Magazine зерттеулері бойынша 2024 жылы АҚШ-тың бір тұрғыны 357 сағатын, ал Үндістан тұрғыны 352 сағатын кітап оқуға жұмсаған.

Ал 2021 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша күн сайын немесе аптасына бір реттен кем емес мәрте кітап оқитындардың үлесі бойынша РФ пен ҚХР тұрғындары үздік нәтиже көрсеткен. 

АҚШ-тың бір тұрғынына шаққанда 10-15 кітап оқылған болса, екінші орындағы Ұлыбританиядағы бұл көрсеткіш – 7-11. 

Бір айта кетерлігі – 2024 жылы АҚШ-та кітап басу ісі қарқын ала бастаған. Мұның өзі жалпы әлем жұрты кітапқа көңіл бөлу тұрғысындағы тартымды индикатор екендігі анық. 

Кітапқұмар мемлекет атану үшін әлемдік тәжірибеде мемлекет пен ондағы халықтың бақуаттылығы ең маңызды орында емес те екен. Мысал үшін бос уақытында кинотеатрға бару, алыс-жақынға саяхаттауға мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін демалудың ең тиімді тәсілі кітап оқу деп қарастырылады екен. Тек мұны адамдарға насихаттап, кітаптың қолжетімділігін барынша арттыру қажет. Үгіт-насихат пен кітапқа қолжетімділіктің арқасында өз халқын әлемдегі ең «кітапқұмар» ел ете білудің айқын мысалы – кешегі Кеңес Одағы болатын.

Қазақстан ең кітапқұмар елдердің бірі бола алады

Әлемдік кітап оқу үрдісінен Қазақстан кейіндеп қалуы тиіс емес. Бұған мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деген еді. Кеңес Одағы – әлемдегі ең кітапқұмар елдің бірі болғаны, дәл осы кезең – кітап оқырмандарының алтын кезеңі ретінде тарихта қалғаны белгілі. Қазақ халқы да кітап оқудан сол тұста ешкімнен кенде қалған жоқ. Қазақ жазушылары мен ақындарының кітаптары ондаған, тіпті жүздеген мың тиражбен басылып шығып оқырмандарына жөнелтіліп жатты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан басталған зор өзгерістер, экономикалық дағдарыс т.б. факторлар кітап жазу, тарату, сату, оқу дейтін тізбекке үлкен өзгеріс әкелді.

Президент тапсырмасын іс-жүзінде орындау мақсатында ҚР Үкіметінің 2024 жылы 29 маусымдағы Қаулысының негізінде Қазақстанда жаңа мереке –Ұлттық кітап күні пайда болды. Жыл сайын 23 сәуірде атап өтілетін бұл мереке халық арасында кітап оқуды насихаттауға септігін тигізеді.

Мұның өзі – қоғамның, соның ішінде жастардың мәдени, рухани жетілуіне жасалған маңызды қадам болды. 

Ұлттық кітап күні аясында қаламгер – баспагер – оқырман яғни кітапты жазушы, басып таратушы, сатып алушы жәрмеңке аясында бас қосып, өзекті мәселелерді бірге талқылауға қол жеткізілді. Жәрмеңке аясында оқырмандармен кездесу, шетелдік, отандық әріптестермен тәжірибе алмасу, кітап саудасын қыздыру – мұның бәрі де қазақстандықтарды кітапқұмар ел болдырудың үлкен мүмкіндігі.

«100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы – өміршең жоба

Қазақстандықтарды кітапқұмарлар елі болдыру жолында нақты іс-әрекетке көшудің мысалы – «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы болды.

«Кітап – ұлттың жады» деген ұран аясында үш ай бойы «Электронды үкімет» инфрақұрылымы арқылы өткен бұл сауалнамаға 100 мыңнан астам адам қатысып өз таңдауын жасаған екен. Сауалнамаға қатысушылар EGov.kz ресми сайтында орналасқан арнайы формаға өтіп, әдебиеттің әр түрлі жанрларында (проза, поэзия, фантастика, публицистика, тарихи роман, т.б.) жазылған туындылар арасынан өзі лайықты деп таныған он кітапты белгілеп қалдыруы тиіс болды.

Ұлттық сауалнаманы өткізу барысында қатысушыларды ынталандыру үшін ұйымдастырушылар түрлі ынталандырулар да жасалды. Атап айтқанда алғашқы 1000 қатысушы Meloman-Marwin желісінен сыйлық кітапқа ие болды. Және арнайы аталымдар бойынша да қосымша сыйлықтар берілді. Мұның өзі аталған сауалнамаға деген халықтың қатысу белсенділігі мен қызығушылығын арттыра түскені анық.

Қазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мен төл әдебиетімізді дамыту үшін Ұлттық құрылтайдың бастамасымен жүзеге асқан сауалнама жобаның негізгі ақпараттық демеушісі – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы болды және еліміздегі өзге де басылымдар мен ғаламторлық бұқаралық ақпарат құралдары да барынша насихаттады. «Әдебиет порталы» да бұл үрдістен шет қалмай, басты парағына ұлттық сауалнаманың кьюар кодын орналастырып, науқанға өзіндік дем берді.

Сонымен үш айға жалғасқан 100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасының қорытынды нәтижесі Абай Құнанбайұлының туған күні, 10 тамызда Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында жарияланған болатын.

«Жүз кітап» тізіміне қандай кітаптар енген?

Жалпыұлттық сауалнама аяқталып, таңдау жасалған жүз кітап жарияланған соң оларды жыл бойы насихаттау, талдау жұмыстары жүрілетін болады. Бұл үдеріс басталып та кетті.

Сонымен таңдау түскен 100 кітаптың 92-сі қазақ, 8-і орыс тілінде екенін көреміз. Кітап авторларының жасы – 61-180 жас аралығын қамтиды. Авторлардың 25-і ортамызда шығармашылықпен шұғылданып жүр. Жүздіктің ішіне алты әйел жазушының туындылары енген. Төменде таңдалған жүз кітап жанрлық топтамалары бойынша жіктеп көрсетілді:

1. Поэзиялық туындылар (өлеңдер мен поэмалар)

Абай Құнанбайұлы – «Өлеңдері мен қара сөздері» (лирикалық өлеңдер жинағы және ғибратты қара сөздер)

Шәкәрім Құдайбердіұлы – «Еңлік-Кебек» (махаббат тақырыбындағы эпикалық дастан, поэма)

Мағжан Жұмабаев – «Мен жастарға сенемін» (патриоттық рухтағы лирикалық өлең)

Ілияс Жансүгіров – «Құлагер» (эпикалық поэма)

Сәкен Сейфуллин – «Асау тұлпар» (өлеңдер жинағы)

Әбу Сәрсенбаев – «Ақша бұлт» (өлеңдер мен балладалар жинағы)

Әбділдә Тәжібаев – «Аралдар» (өлеңдер жинағы)

Қасым Аманжолов – «Дариға, сол қыз» (лирикалық махаббат өлеңі)

Қалижан Бекхожин – «Кешкі жаңғырық» (өлеңдер жинағы)

Хамит Ерғалиев – «Шер толғау» (өлең-жырлар жинағы)

Жұбан Молдағалиев – «Кісен ашқан» (тарихи тұлға Құрманғазыға арналған поэма)

Сырбай Мәуленов – «Алыс кетіп барамын» (өлеңдер жинағы)

Қуандық Шаңғытбаев – «Ар» (өлеңдер жинағы)

Ғафу Қайырбеков – «Жұлдызды тағдырлар» (өлеңдер жинағы)

Мұқағали Мақатаев – «Аманат» (ақынның соңғы өлеңдер жинағы)

Сағи Жиенбаев – «Бақ құсы» (таңдамалы лирика жинағы)

Жұмекен Нәжімеденов – «Менің Қазақстаным!» (патриоттық өлең)

Тұманбай Молдағалиев – «Қош, көктем!» (өлеңдер жинағы)

Қадыр Мырза-Әли – «Ой орман» (философиялық лирикалық өлеңдер жинағы)

Олжас Сүлейменов – «Аргамаки» (өлеңдер жинағы)

Марфуға Айтхожина – «Аққу жүрек» (өлеңдер жинағы)

Төлеген Айбергенов – «Бір тойым бар» (лирикалық өлеңдері мен поэмалары)

Өтежан Нұрғалиев – «Соғыстың соңғы жазы» (соғыс жылдарындағы тағдырларды жырлаған балладалар циклдері)

Фариза Оңғарсынова – «Дауа» (өлеңдер жинағы)

Исраил Сапарбай – «Аққу арман» (лирикалық өлеңдер жинағы)

Мұхтар Шаханов – «Танакөз» (махаббат тақырыбындағы поэма-дастан)

Жәркен Бөдеш – «Жұлдызтас» (өлеңдер жинағы)

Ақұштап Бақтыгереева – «Ана әлдиі» (аналар мен бала тақырыбына арналған өлеңдер)

Темірхан Медетбек – «Көк түріктер сарыны» (тарихи рухтағы поэтикалық цикл)

Жұматай Жақыпбаев – «Ләйлә» (лирикалық өлеңдер жинағы)

Кеңшілік Мырзабеков – «Іңкәр дүние» (өлеңдер жинағы)

Күләш Ахметова – «Құт» (өлеңдер жинағы)

Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) – «Қорқыттың көрі» (мифологиялық-философиялық жыр кітабы)

Нұрлан Оразалин – «Жетінші құрлық» (өлеңдер жинағы)

Жарасқан Әбдірашев – «Дала сенің ұлыңмын» (патриоттық өлеңдер жинағы)

Несіпбек Айтұлы – «Дариға, дәурен» (өлеңдер жинағы)

Серік Ақсұңқарұлы – «Адам ата – Һауа ана» (философиялық дастан)

Мейірхан Ақдәулетұлы – «Дәруішнама» (поэзиялық жинақ, философиялық толғаулар)

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – «Ақшам хаттары» (өлеңдер жинағы)

Ұлықбек Есдәулет – «Киіз кітап» (өлеңдер жинағы)

Есенғали Раушанов – «Бозаңға біткен боз жусан» (табиғат пен туған жер туралы поэзия)

Ғалым Жайлыбай – «Жаратқанның жазуы» (өлеңдер жинағы)

Светқали Нұржан – «Ай таранған түн» (өлеңдер жинағы)

Гүлнар Салықбай – «Жан» (лирикалық өлеңдер жинағы)

2. Эпикалық проза немесе романдар 

Міржақып Дулатұлы – «Бақытсыз Жамал» (қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі)

Жүсіпбек Аймауытов – «Ақбілек» (қазақтың алғашқы романдарының бірі)

Сұлтанмахмұт Торайғыров – «Қамар сұлу» (әлеуметтік-махаббат тақырыбындағы роман)

Мұхтар Әуезов – «Абай жолы» (тарихи-эпопеялық роман, төрт томдық)

Ғабит Мүсірепов – «Ұлпан» (тарихи роман)

Ғабиден Мұстафин – «Дауылдан кейін» (әлеуметтік-тұрмыстық роман)

Дмитрий Снегин – «Утро и два шага в полдень» (тарихи-революциялық роман-дилогия)

Саттар Ерубаев – «Менің құрдастарым» (өнеркәсіп тақырыбындағы роман)

Ілияс Есенберлин – «Көшпенділер» (тарихи трилогия-роман)

Әзілхан Нұршайығов – «Махаббат қызық мол жылдар» (лиро-романтикалық роман)

Тахауи Ахтанов – «Шырағың сөнбесін» (соғыс және отбасылық тағдыр тақырыбындағы роман)

Әбдіжәміл Нұрпейісов – «Қан мен тер» (әлеуметтік-тұрмыстық трилогия-роман)

Болат Жандарбеков – «Саки» (ертедегі сақ дәуірі туралы тарихи роман-дилогия)

Ақан Нұрманов – «Құланның ажалы» (тарихи роман)

Әкім Тарази – «Қорқау жұлдыз» (заман шындығын суреттеген роман)

Сафуан Шаймерденов – «Инеш» (Алматының соғыстан кейінгі өмірі жөніндегі роман)

Герольд Бельгер – «Дом скитальца» (депортация жылдарын суреттейтін әлеуметтік роман)

Сәкен Жүнісов – «Ақан сері» (тарихи тұлға өміріне арналған дилогия-роман)

Қабдеш Жұмаділов – «Соңғы көш» (тарихи роман-дилогия)

Әнес Сарай – «Ақ тымық күн» (Каспий маңы өмірі туралы тарихи роман)

Әбіш Кекілбайұлы – «Үркер» (XVIII ғасыр оқиғалары туралы тарихи роман)

Мұхтар Мағауин – «Аласапыран» (тарихи роман, екі кітап)

Кәдірбек Сегізбаев – «Беласқан» (XIX ғасырдағы шығыс өңірі жайлы тарихи роман)

Бексұлтан Нұржекеев – «Әй, дүние-ай» (1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс туралы тарихи роман)

Софы Сматаев – «Елім-ай» (1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» заманын суреттейтін тарихи роман)

Қажығали Мұханбетқалиұлы – «Тар кезең» (Сырым Датұлы көтерілісін баяндаған тарихи роман)

Валерий Михайлов – «Хроника великого джута» (1930-жылдардағы ашаршылық туралы деректі роман-хроника)

Смағұл Елубай – «Ақ боз үй» (тарихи трилогияның алғашқы кітабы, роман)

Әлібек Асқаров – «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (Алтай өңірінің тұрмыс-тіршілігін суреттейтін роман)

Таласбек Әсемқұлов – «Талтүс» (қазақ музыка әлемі туралы роман)

3. Хикаяттар

Бейімбет Майлин – «Шұғаның белгісі» (ғашықтық оқиға негізіндегі алғашқы прозалық хикаяттардың бірі)

Кемел Тоқаев – «Түнде атылған оқ» (қазақ әдебиетіндегі алғашқы детективтік повесть)

Морис Симашко – «Емшан» (тарихи баллада үлгісіндегі повесть)

Әнуар Әлімжанов – «Возвращение учителя» (әл-Фараби өмірінен сыр шертетін тарихи-философиялық хикаят)

Асқар Сүлейменов – «Бесатар» (астарлы ойға құрылған философиялық повесть)

Төлен Әбдік – «Парасат майданы» (қоғамның моральдық мәселелерін қозғаған психологиялық повесть)

Оралхан Бөкей – «Атау кере» (әлеуметтік-қоғамдық тақырыптағы повесть)

4. Әңгімелер

Тәкен Әлімқұлов – «Қараой» (Махамбет ақынның қазасы туралы тарихи әңгіме)

Оспанхан Әубәкіров – «Ымды білесіз бе?» (әзіл-сықақ әңгімелер)

Тынымбай Нұрмағамбетов – «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» (ауыл тұрмысы туралы юморлық әңгіме)

Дидахмет Әшімханұлы – «Самырсын сазы» (замандас өмірінен сыр шертетін әңгімелер жинағы)

Жүсіпбек Қорғасбек – «Жансебіл» (Соғыс жылдары хабар-ошарсыз кеткен жауынгер тағдыры туралы әсерлі әңгіме)

Роза Мұқанова – «Мәңгілік бала бейне» (Семей полигоны зардабын тартқан қыз жайлы психологиялық әңгіме)

5. Драма

Қалтай Мұхамеджанов – «Көктөбедегі кездесу» (қазақ қоғамының өзгерістері суреттелген сатиралық комедия-пьеса)

6. Мемуарлық туындылары

Сәбит Мұқанов – «Менің мектептерім» (автордың білім жолы баяндалған өмірбаяндық роман)

Бауыржан Момышұлы – «Ұшқан ұя» (балалық шағы туралы жазылған автобиографиялық повесть)

Иван Шухов – «Пресновские страницы» (қазақ жеріндегі орыс шаруалары өмірінен сыр шертетін автобиографиялық повестер циклі)

7. Публицистика және эссе

Тұрсынжан Шапай – «Қазақтың жаны» (қазақ халқының мінезі мен болмысы жайында философиялық публицистикалық эссе-толғаулар жинағы)

8. Балалар әдебиеті туындылары

Шерхан Мұртаза – «Ай мен Айша» (қоғамдық-өмірбаяндық сипаттағы роман)

Дулат Исабеков – «Қарғын» (қазіргі заман тұрмысы туралы психологиялық роман)

Бердібек Соқпақбаев – «Менің атым Қожа» (балаларға арналған юморлық повесть)

Сайын Мұратбеков – «Жабайы алма» (соғыс жылдарындағы ауыл өмірін бейнелейтін повесть)

Нәсіреддин Сералиев – «Дәукен атаның немерелері» (балалар өмірінен жазылған әңгімелер топтамасы)

Максим Зверев – «Кладовая чудес» (табиғат пен жан-жануарлар туралы балаларға арналған әңгімелер жинағы).

Біздің бұл топтауымызбен келіспейтін жандар болуы да әбден мүмкін. Бірақ қалай болғанда да негізгі сұлбасы осылай болса керек-ті.

Біздіңше алдағы кезеңде жүз кітапты осылай жанрлық немесе тақырыптық, дәуірлік т.б. сипаттарына қарай топтай отырып, білікті әдебиеттанушыларымыз бен жазушыларымыздың қатысуымен дөңгелек үстелдер, дәрістер, ток-шоулар т.б. форматта талқылаулар өткізілгені дұрыс деп білеміз.

Осындай іс-әрекеттер арқылы таңдалған жүз кітапты қалың оқырманға барынша жақын таныстыруға, олардың оқуға деген қызығушылықтарын оятып, ынта-жігерін арттыруға болады.

«Біткен іске сыншы көп, біткен іске сыншы көп» дейтін, қазақтың бір дөп айтылған сөзі бар. «Жүз кітап» ұлттық сауалнамасы жоба биылғы жылдан бастап тұрақты түрде жалғасын тауып, мұндағы тізім ары қарай жаңартылып отыратынын ескерсек, биылғы таңдалған кітаптарға қатысты, шығармашыл ортада, қоғамда арагідік естіліп қалып жүрген кейбір пікірлердің де түсіністікпен айтылуы керек шығар дейміз. «Көш жүре түзеледі» дегендей, ұлттық сауалнаманың салмағы мен әсері жылдар өткен сайын арта түсері сөзсіз.

Жүз кітапты жыл бойы насихаттау ләзім

Таңдалған жүз кітаптың тізімі жарияланған 10 тамыздан бері қарай де біршама күндер сырғып өткен екен. Оқушылар мен студенттер де сабаққа кірісті. Болашағымыз ретіндегі басты бағыт та оқу ордаларындағы білімгерлер болары сөзсіз.

«Бұл тізімге енген кітаптардың тоқсан пайызындағы ақпарат ескірген, бүгінгі жас ұрпаққа қажетсіз. Сол себепті батыстың озық ойлы авторларының туындыларын оқыту дұрыс», - дейтін пікірлер де көрініс тауып жатады. Иә қоғам және қоғам ақыл-ойының бір авангарды әдебиет те замандар өткен сайын ілгерілеп дамып отыратыны заңдылық. «Өткеніне қарайлай берген халық – кешіккен кембағал халық» дейтін айтылымды бетке ұстап, қазақ әдебиетінің кешегі дәуірін тұтастай мансұқтауға бола ма? Адамгершілік, мейірімділік, махаббат, обал мен ұят, қанағатшылдық, отаншылдық, төзімділік т.б. қай дәуірде де айтылуы, жазылуы тиіс мәңгілік ізгі қасиеттер емес пе? Мұндай айтылымдарға қатысты ойды эссеист, интелллектуал жазушы Мақсат Тәж Мұраттың мына үзінді пікірімен сабақтауға болатындай: «Бізде Кеңес Одағы тұсында өмір сүрмеген, сәйкесінше бұл кезеңнің шындығын білмейтін екінші ұрпақ өсіп келеді, ал батыстық «отарсыздану дискурсының» көздегені де осы орта. ... бұл компания – кеңес дәуірінің мистификаторларына өздігінен қарсы бола жүріп, оларды әшкерелеймін деп отырып өздері де радикал демистификаторларға айналып кеткен буынның өкілдері.» Сондықтан да «қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт» деп, осынау жүздікке енген әрбір кітаптағы мазмұны мен идея, көркем суреттерді ұлт руханияты тұрғысында көре, көрсете білсек, ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мысал үшін жүздікке енген Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» ел болып оқығаннан ұлттық тәрбиенің қаймағы қалыңдамаса жұқармайтыны анық қой? Мұндағы жүз бірдей туындыны түгел қамтып танытып шығу мүмкін емес. Дегенмен ертеректе мектепте, арнайы оқу орындарында оқытылатын «Жергілікті әдебиет» курсы бойынша да бір оқу жылы ішінде көп жұмыстар атқаруға болады ғой. Және мұғалімдердің мектеп бағдарламасы шеңберінен асып өзге мағлұматтарды беруіне мүмкіндік өте аз қазіргі кезеңде «100 кітап» – ұтымды бағыт. Тек оны насихаттаудың тиімді мүмкіндіктері, тетіктері қарастырылса дейміз. Расымен де жүздікке енген кейбір авторлардың есімі біртіндеп тарих шаңына көміле бастағаны да өтірік емес. Міне солардың есімдерін қайта жаңғыртып, олардың шығармашылығының заман сұранысына жауап берерліктей тұстарын айқындап, ондағы тарихи құнды деректерді қайта жаңғыртып, ол жіберген қателіктерінен бүгінгі, ертеңгі буынды сақтандыру керектігін айтып, оқырмандық талдаулар, ғылыми конференциялар, т.б. өтіп жатса – ешкім де, ештеңеден ұтылмайтыны анық қой? Сол үшін де «жаңбыр жаумай су болудың» еш қажеті жоқ деп білеміз. Тек лайықты таныту, насихаттау, тарату жұмыстары тиімді жүргізілсе болғаны. «Нағашыма да барайын, жолда тайымды да үйретіп алайын» демекші, көбінесе даталы жылдары ғана еске алынатын аға буын жазушылардың өмірі мен шығармашылығын жас буынға таныстырудың да реті туып отыр. 

«100 кітап» ұлттық сауалнамасы негізінде есімі таңдалған қаламгерлердің біршамасының туындылары қазіргі мектеп оқулықтарында бар екендігін ескерсек, әдебиет, тарих т.б. бойынша пәнаралық байланыс арқылы қызықты да танымдық сабақтар өткізудің зор мүмкіндіктері бар. Кезінде кітапты көп оқитын жас оқырмандарға берілетін төсбелгілерді қайта жаңғыртудың да еш әбестігі жоқ деп білеміз.

Таңдалған жүз кітап арқылы атқарылатын шаруалар биылғы жылдың соңына дейін емес, келесі жылдың 9 тамызына дейін жалғасын тауып қорытындыланып жататын болса, барынша тиімді болар еді. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», кітап оқитын халықтың болашағы жарқын. Жүз кітапты таңдаудың да түпкі мәні осы.  Болашағымыз жарқын болуы үшін кітап оқиық, жас буынды кітап оқуға баулиық! 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар