Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Гүлмира Сәулембек. Шығарманың толық мәнін ашу кілт...

28.08.2023 2182

Гүлмира Сәулембек. Шығарманың толық мәнін ашу кілті – оқырманда! 14+

Гүлмира Сәулембек. Шығарманың толық мәнін ашу кілті – оқырманда! - adebiportal.kz

Қадірлі оқырман, бүгінгі сұқбатымыз қазіргі әдеби үдерістің дамуына арналып отыр. Көптен көңілде жүрген сауалдарымызды белгілі ғалым, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы Сәулембек Гүлмира ханымға бағыттаған едік. Сол сұхбаттың қалпын бұзбай өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік. 

- Жазушының мақсаты неде – оқырманға мәнерлі сөйлеуді үйрету ме? 

- Қазіргі таңдағы жазушы оқырманға мәнерлі сөйлеуді үйретемін деп шығарма жазбайтыны анық. Әдеби шығармаларды жиі және көп оқуы ғана жанама түрде оқырманның сөздік қорын байытып, сөз сөйлегенде қисынымен қолдануға әсер етуі мүмкін. 

- Шкловский айтатын шеттету (отстранение) – жазушының бәрін елден ерек болуға мәжбүрлеу ме, тәрбиелеу ме? Қай жазушы осы тәсілді қолданып жүр деп айта аласыз? 

- «Шеттету» әдісі  ғана емес, жалпы әдебиеттегі жасалып жатқан түрлі тәжірбиелердің бір ғана мақсаты бар, ол – оқырманды тарту, таңқалдыру, қызықтыру. Виктор Шкловскийдің «шеттету» әдісі өз заманында Михайл Бахтин тарапынан сынға ұшыраған болса да, әдіс ретінде әр түрлі атаумен түрлі елдердің әдебиетін қамтыды. Шығармашыл тұлғалардың бұл әдісті қолданудағы мақсаты таным үдерісін ұзартуға, қиындатуға бағытталады. Зат пен құбылысты сырттай, қашықтан бақылай отырып, егжей-тегжейлі суреттеу. Жай ғана суреттеп қою емес, жер бетіне алғаш түсіп, айналадағы құбылыстармен, заттармен енді танысып жатқан Адам ата секілді таңдана, таңқала суреттеу. Әдісті қолдануда бейнені танып білу емес, бейнелену маңызға ие. Бұл әдістің басқа салаларды айтпағанда, әдебиеттің өз ішінде талай түлеп, өзгеше атауға, өзгеше мәнге ие болғандығын білеміз. Бұған мысал ретінде Бертольд Брехт театрының тәжірибелерін атауға болады.  Бұл құбылыстың мәнін кезінде Виктор Шкловский түсіндіріп, дәріптеді. Бірақ әдебиетті танушылар тек әдеби үдерісте болып жатқан құбылыстарды жүйелеп, талдап, былайша айтқанда белгілі бір қалыпқа салып түсіндірумен айналысады. Әдеби үдеріс әдебиеттанушылардың жетегімен жүрмейді, сондықтан мәжбүрлеу, тәрбиелеу дегенге келе қоймас. Бұл тәсіл заманында Лев Толстой, Антон Чехов, Николай Гоголь сынды жазушылар шығармаларынан орын алды. Орыс әдебиетінде авангардтық және футуристік бағыт өкілдері өз шығармаларында осы тәсілді пайдаланды. Дегенмен қазіргі проза өкілдерінің арасында «Дауыс» антологиясына енген жас қаламгер арасында Арман Әділбектің «Пойыз терезесіне түскен сағым» атты шығармасынан  осыған жақын құбылысты байқауға болады.

- Бүгінгі әдебиет жеке оқиғадан жалпыға ортақ тенденцияны көрсете алып жатыр ма? Мысалдар болса... Жадыра Шамұратова, Сәуле Досжан шығармашылығы... 

- Көрсете алып жүр дей аламыз. Күні кеше ғана Жадыра Шамұратованың «Балгер аралаған әпенділер» деген әңгімесін оқыған едім. Оқиға 90-жылдардағы студенттердің өмірінен алынған. Сол кездегі кеңестік идеологиядан босап қалған рухани кеңістікті түрлі мистикалық көңіл күймен толтырғысы келген қазақ қоғамының бет-бейнесін айқын бере алған. Сол тұстағы студент мен де сол атмосфераны сезіне алдым. Сәуле Досжанның «Үлкен үйдегі үрей», «Ауылдан шыққан миллионер» атты шығармалары да осы үдеден шыққан деуге болады. «Ауылдан шықққан миллионер» романында халықтың жаппай нарыққа бейімделуі сияқты үрдісті бір ауылдағы бірнеше кейіпкердің басынан кешірген оқиғалары арқылы бере алған. «Үлкен үйдегі үрей» романының мистикалық сипаты басым болғанымен, бұл романда да ұлт тарихындағы Қазан төңкерісі, кәмпеске науқаны, соның зардаптары айқын көрініс тапқан.

- Әдебиеттің міндеті не? Ол қазақ қоғамына маңызды тақырыптарды атап көрсетіп жатыр ма? Маңызы жоқты кім екшейді? 

- Менің ойымша әдебиет жекелеген шығармашылық тұлғалардан қалыптасады. Әрбір шығармашылық тұлға үшін айналадағы болып жатқан құбылыстардың, ұғымдардың құндылық деңгейі де, қабылдау үдерісі де, оны шығармашылық тұрғыдан қорытып оқырманға ұсыну тәсілі де әрқилы. Шығарма тудырарда сол әдебиетті құрайтын шығармашылық топ өзара ақылдасып жазбайды. Сондықтан да қазіргі таңдағы әдебиет әртарапты дамуда, яғни әдебиеттің әрбір жанрының жекелеген міндеті бар. Дегенмен, жалпылай алғанда, әдебиет ізгіліктің дәнін себуші екеніне ешкім дау айта алмайды. Екінші сауалға келсек, қоғамдағы маңызды мәселелерді шығармашылық қауым тереңірек сезініп те, жеткізіп те жүр. Қазақ қоғамы үшін маңызды тақырып көп, әдебиеттің әлеуметтік қызметі тұрғысына барлау жасасақ, поэзияның бұл қызметтін қалтқысыз атқарып отырғанын байқауға болады.  Ақындар мәңгілік тақырыптардан бөлек уақыттың өзі өзекті еткен мәселелерге үн қатуда ұшқырлық танытып отыр. Поэзияның дамуындағы осындай үрдісті айтпай кетуге болмайды. Әлеуметтік желілердің дамуы туындаған мәселеден жылдам хабардар болу және жылдам кері байланыс жасауға мүмкіндік беріп отыр. Осы мүмкіндікті ақындар еліміздің әлеуметтік мәселелеріне тіл қатуда оңтайлы пайдалануда. Мысалы, 2019 жылы Астана қаласында ата-анасы жұмысқа кеткен қараусыз бес сәбидің тірідей өртеніп кетуі, 2022 жылғы Қаңтар қырғыны елдегі барша әлеуметтік мәселелердің бетін ашты. Бес бөбекке айтылған жоқтауларында ақындар барша халыққа жұбату айтумен қатар, билікке сын да айтты. Халыққа белгілі ақындармен қатар көпшілікке танымал емес ақындар жоқтау айтып, өз көңілдерін өлеңмен білдіріп жатты. Әлеуметтік желі қолданушылары жоқтауларды көшіріп басып, таратып барша халықтың оқуына үлесін қосты. Жоқтаулар топтамасына тән ортақ ерекшелік − қоғамда шешілмеген әлеуметтік мәселелердің қоса қамтылуы. Аянышты өлімге аза тұтқан ақындардың көптігі мен бір мезетте жоқтау жырлар арнауының астарында аяныш, қайғы сезімін бастан кешіру мен көңіл айтудан басқа шарасыз халде еңбек етіп, ұрпағының қамсыз өмірін қамтамасыз ете алмаған қара халықтың шиыршық атқан мұңы жатыр. Светқали Нұржан «Өрт»,  «Ертек тыңдау», Темірғали Көпбай «Қасірет», Кеңшілік Тышқанұлы «Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз», Бейбіт Сарыбай «Жоқтау», Жарас Кемелжан «Үзіліп түсті бес тал гүл, сабағынан...», Мұрат Шаймаран «Шапағатшы», Несіпбек Айтұлы «Масқара!», Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Солармен бірге өзім де кеттім өртеніп», Серік Елікбай «Бес тиындық құны да жоқ - бес құрлық!»,  т.б. (бұл тізімді ұзақ жалғастыруға болады) ақындардың әлеуметтік мәселелерге батыл үн қатуын байқауға болады. 

Маңызы жоқты уақыттың өзі екшейді.      

- Адамды алдап тұрғанды анықтап көрсету – әдебиетке тән міндет пе? Қоғамды алдайтындар туралы қандай жақсы шығармаларды атар едіңіз? 

- Осы сұрағыңызға орай, алдыңғы сауалыңыздан өрбіген әңгімені жалғастырып айтайын. Сонда бұл сұрағыңыздың жауабы айқындала түседі ғой деп ойлаймын. Жаңа атап өткен ақындардың ішінен Светқали Нұржан бөбектердің өлімін «Өрт» деген өлеңімен жоқтаса, осы тақырыпқа 2 жыл араға салып қайта айналып келді. Бұған себеп − бес баланың өлімі ешбір сабақ болмай, түйткілді мәселелердің сол күйінде шешімін таппауы, халықтың биліктің берген уәдесіне алдануы. 

«Өрт» өлеңінде жоқтаумен қатар осы алдау мен арбаудың салдарынан туындаған мәселелерді қамтиды: 

«Шыңғырсаң да әлем менен күлемге,

Жан таппайсың қызыл өртке кірерге.

Бес бөбекке келмейді ешкім!

Өйткені,

БЕС МӘСЕЛЕ қаралмаған бұл елде!» - 

деп ары қарай «Қызылағаш» ауылының су астында қалып, Жаңаөзенде жұмыссыздардың арандап өлім құшқанымен жалғасын табады. Елді жайлаған заңсыздық, жемқорлық дерт болып жабысып, осынша қайғылы жағдайлардың алдын алу мемлекеттік деңгейде мүмкін болмағанына ашынған ақын: 

 «Ертек тыңдау» өлеңінде:

«Отыз жыл оттағаның – «ғажап ертек»,

«Ертекші», қараң батсын!

Маза бер!!

Кет!!!

Жасаған, «ертекшіге» жаза бер тек!

...Қыс болса-ақ Қазақстан жылынады,

Бес-бестен сәби өртеп!» –

деп билік басындағыларды батыл сынайды. Дәл осы сарында Темірғали Көпбай:

«Бетке басып жуастығын жабының,

Белгі беріп тұрғандай ма Тәңірім?

Отқа үйітіп періштелер арманын,

Керең билік қазып жатыр қабірін»,– 

деп жалғастырады. Ақындар іштегі қайғыны тарқатумен қатар ел ішіндегі «Үлкен алдау, Үлкен өтірік» туралы ащы айтып, ел мәселесіне көңіл аудартуды өздеріне міндет санағандай. Ашық айтылып, күнде көріп жүрген әлеуметтік мәселелерді шешуге тиісті мекемелердің талпынбауы осындай сыни пікірлердің шоғырланып, бір мезетте дүмпуіне алып келді деп болжаймыз. Мұндай мысалдарды әдебиетімізден көптеп кездестіруге болады.

- Әдебиет оқырман бойынан еркін таңдау жасай алатын азат тұлғаны тәрбиелей ала ма? Мысалы... Ролан Барт, Ханс Роберт Яусс, Вольфганг Изер, Умберто Эконың шығармалары..

- Мұнда аталған зерттеушілер әдебиетті сан қырынан қарастырған тұлғалар. Әрқайсының әдебиетке қатысты өз тұжырымдамалары бар. Бірақ олардың еңбектерінің бәріне ортақ тұсы автор-шығарма-оқырман үштігіндегі оқырманға басымдық беруінде. Вольфганг Изер мен Ханс Роберт Яусс мәтін мен оқырманның диалогына негізделген рецептивті эстетиканы екі  түрлі  ерекшелігі тұрғысынан қарастырса да, шығарманың толық мәнін ашу кілті оқырманда екенін басты назарда ұстайды. Ролан Барт пен Умберто Эконың зерттеулері мәтін мәні оқырманның мәтіннен тыс білім қорына байланысты екенін дәлелдеуге бағытталған. Қорыта айтқанда, аталған зерттеушілер оқырман автор ұсынған қорытындымен келіспеуге және оны өзінше тәмамдап, түсінуге, бастысы таңдауға құқығы бар деген тұжырымдарын ұсынады. Ал енді сұраққа тікелей жауап беретін болсақ, оқырман қашанда азат болған, оның азаттығы қалай көрініс табатындығы осы еңбектерде тұжырымдалған.

- Әдебиеттегі еліктеу, «мимесис» қазіргі таңда қаншалықты ұтымды қолданылып жүр? Нарративті емес мотивациялық шығармаларды атай аласыз ба? 

- Әдебиет табиғатында еліктеуші құбылыс. Шығармаға негіз болған сюжеттер өмірдегі оқиғалардың көркем жаңғырығы. Мимесис қашан да болған, бола да береді. Оны ұтымды қолдану я қолданбау, қалай қолдану, кімге еліктеу, несіне еліктеу, неге еліктеу жекелеген авторлардың қалауындағы нәрсе. Платон мен Аристотель заманынан келе жатқан ұғым бүгінде зор өзгеріске ұшырап, көптеген даму сатыларынан өткені мәлім. Сол мимесистің қазіргі трансформацияланған түрі ретінде интертексті атауға болады. Оның жарқын мысалы Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», Асылан Жақсылықовтың «Антұрғандардың түстері» т.б. шығармаларда көрініс тапқан.

- Әңгімеңізге көп рақмет! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар