Эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат. “Көксіл - ауа тұрғыны” атты жазбасының екінші бөлімі оқырмандар назарына ұсынылып отыр.
Бір досым бар еді менің.
Ал оның жоқ екен досы...
Ерлан Жүніс
Ілгеріде шетін басып өттік қой, студент шақта едәуір «кәусарлатқанын». «Ойбуу, құдай ұрып қапты ғой Әндрейді» деп курстасымыз Иманбай Жұбаев өтірік ішін тартатындай («Әндрей» – алқаш сөзіне жалтарып қойған баламасы), одан соң да талай жыл «оборотпен» жүрді және де бір орында тұрып 180 алатын Мадзиратти секілді сутегі бомбасын қондырып қойған қос жұдырығын дереу іске қосады. Әсіресе «қызыл жаға» көрсе өршіп түсетін, тіпті бірде капитан шенді әскери қызметшіні бір теуіп аяғын сындырып, шүйт сотталып кете жаздаған – «удары» қатты еді марқұмның. Былтыр қара күзден бастап «оборотты» күшейткенінде бір-екі ай шылбырын сүйретіп кетіп қайтып келетін үйреншікті запойы болар деп онша мән бере қоймадық. Шынында да сүйтіп жүрді, өмірдің соққыларының астында да аяғына тұратын және қашанда жан жомарттығын жоғалтпайтын досым ала-шоласында Бейжіңге «Димаш» кітабымның шаруасымен жол жүргелі жатқан маған көмектесіп, өзі қызмет істейтін аударма бюросындағы Анар Құрманжан дейтін қарындасымыз арқылы арғы беттегі Акбар Мәжитпен ұшырасуымды реттеп берген-ді. «Қазақтың жанына дауыс берген Димаштан аянбаймыз ғой» дейтін.

Жаңа жылдан кейін жағдай өзгерді. Әлгі итішпестің соңына салынып түсті. «Неге?» деп едім, «Мәке, мен жалғызбын ғой, жалғыздықтан ішем» деді.
«Осы жерде келгенде Каспаров бірінші рет ойланып қалды» деп Котэ Махарадзе қыртатындай, осы жерде ойланып қалдым.
Жалғыздықтың жырын бір адам айтуы керек болса, мен айтайын. Тіпті интровертпін ғой мен деген – мойныма ит тірліктің қарғы бауы батып, адамдардан, қоғамнан шаршаған шақтарымда, күйбең тірліктің дүрбең шуларынан қашып «Жалғыздықты тапқан жалғыздықтан құтылады» деп оқшау кететін... Міне, ширек ғасыр, жалғыздық маған күнбе-күнгі ауыр еңбектің арқасында жалғыз болмауды үйретті. Мен осы жылдары жалғыздықтан, ол міндетті түрде сүйреп түсіретін депрессиядан, ол күйзелістің соңында тұратын өлім елесінен көңіліңді үнемі бірнәрсемен – еңбекпен, жұмыспен алаң ету ғана құтқаратынын доғал түйсікпен саналадым. Жапондар бақыттылықты қай жаста, қай кезде болсын қолының, миының жүрегі қалаған ісінен бос болмауы деп түсінеді екен, мен бұған жай іспен емес, мидың басқа нәрсені ойлауға мұршасын келтірмейтін қиын жұмыспен айналысуын үстер едім. Кісінің миы ауыр міндеттерді шешуге жұмыс істеп тұрғанда ғана көлденең күйікті ойларды жолатпайды.

Мен Мақует досыма осыны айттым. Аударма бюросымен арадағы тоқтаңқырап тұрған жобасын қолға алуды сұрадым. Негізі келісті, бюродан контракті бойынша аударылуы тиіс екі томның материалдарын да алдыртты, алайда кітаптар қалай әкелінді, солай қол тимеген күйі қалды.
Қазір отырып ойлаймын, досым соңғы жылдарғы адам айтқысыз, мігірсіз жұмыс істеуден, күніге жүктемеден итсілікпесі шығып қажыды ма екен деп. Сондай шақтарда – әсіресе біздің зиялы адамдарымыз үшін – өздері жасап жүрген істің қиюы қашып, мән-мағынасынан, қасиетінен айырылуы да кәдік. Түпкі нәтиже күткендегідей болмаса, еңбек қуаныш сезімін сыйламаса, моральдық жағынан көтермелеу көрмесе біздің барлық игі көркемдік ниеттеріміз құм сияқты бытырап, жоғала бастайды. Тай жегендей талабың мұқалады. Одан әрі, көркемдік қана емес, бүкіл жасап жүрген тірлігінің мәнін жоғалтады. Мұның аяғы – эскапизм, қоғамнан қашу, өмір сүруден безіну. Депрессияның басы – өзін ешкімге керексізбін дейтін торығу, депрессияның финалы – суицид. Тікелей өзіне өзі қол салу емес, өзін сол жағдайға алып келу. Орысша мұны «белое самоубийство» дейді екен.

Қазір ғой, мұның бәрін сымға тартқан күмістей етіп жазып отырғаным. Ал ол кезде, көптің ортасында отырып та жалғызсырауға болатынын білетін мен қияда өскен шынардай мүлдем жалғыз қалуға болады-ау деп тіптен ойламадым.
Сынақ әркімге әліне қарай беріледі, күштілерге жалғыздық тиесілі, себебі ол иманы күшті кемел адамдардың сыбағасы, содан да бұлар жалғыздық жағдайына күйзелу, торығу яки қасірет деп қарамайды, керісінше тыныс алар қолайлы орта ретінде қабылдайды деген сөз бар. Екінші жағынан, өзгелерден ештеңе дәметпейтін, еш нәрсе талап етпейтін мінездің сапалық қасиеті. Жалғыздық, әлсіздерді ғана құрығына түсіреді. Ішіне жын болып кіріп, одан сайын әлсіретіп, ызаландырып барып тұлдырлап, біржола күйретеді. Мен Мақсотты соңғы санатқа түгел-толайым жатқыза алмаймын, қанша сезімшіл болғанымен, ол өз бойынан қайрат-жігер таба алар еді, бірақ оның маңайындағы қайсыбір өмір жағдаяттары, солардың трагедиялық ретті қиылысуы адами қасіретіне әкеп соқтыруы мүмкін деп қаупайлаймын.

Ол жағдаяттардың ең үлкені – меніңше, оның айналасында сөйлесетін, сырласатын адамның болмай қалуы. Өмір қиындықтарына шыдас бергізетін де – осы аралас-құраластық пен әңгіме-дүкендер. Бұлардың ішіндегі неғұрлым маңыздысы – өнер арқылы болатын араласу. Мақсот бастан-аяқ өнер адамы болғандықтан, оның маңайы әрқашанда рухани жандарға, әріптестеріне толы болды. Өкініштісі, Мақует айрықша мінез ерекшелігінен солардың көбісінен айырылды. Ұнамаған адамын телефонда блогке тығады, бітті. Өмірі қайта шығармайды. Курстасымыз, ақын Жомарт Игіманның: «Қайта қайырылуы қиын, көңілі қалған адамның насыбай шақшасына дейін жек көреді» деген сөзі осы жерге әбден дәл. Және де, балдызы / қайнысы Дарханның жазуынша, өзі: «Мінезімнің кесірінен көбімен араласпай қалдым» деп, телефонның жылғасында айырылысқан әлгілерге өкпелемейді екен.

Сөйте тұра, біздің тұрғыластарымыздың арқасында жастарға ең жақын жүргені Мақсот шығар деп ойлаймын. Нұрымжан Мауыт, Ерболат Қамен, Әділбек Жапақ, Батыр-Болат Айболатұлы, Ғабит Молдамұрат, Мұрат Қожамқұлов, Ахмет Өмірзақ, Дәурен Берікқажыұлы, Нұрберген Мақым, Азамат Есенжол, Бақытбек Қадыр, Еркеғали Бейсенов, Аманғали Қалжанов, Ербол Жанатұлы... т.б. Мақсот Ізімұлының «шинелінен» шыққандар және бұлардың қай-қайсысы да ұстаздарының үстіне шаң жуытпайды.

«Пікірлесуіміз менің мәтінде жіберетін қателіктеріммен басталып, оның «киіз кітабындағы» екінің біріне оқылмаған өлеңдерімен жалғасып, ақыры торсионды алаңдардың ерекшеліктері туралы келіспеушілікпен бітетін» – Атырауда тұратын Нұрберген Мақымның осы жолдарын оқып отырғаныңда Макс үшін «ұрпақтардың алшайысуы» дейтін ұғым болмағанын, ол былай тұрсын, айналасын жастармен қоршау оның миының апгрейдіне айналғанын түсінгендей боласың. Жоғарыдағы тізімдегі Бақытбек пен Еркеғалидың Қосшыдан Астанаға көшіп кетуі Махуетті қамшы тиген жыландай қылды, бұрынғы тоғай аралап қыдырулар, кредитке алған белсебеттерімен шығандап кетіп әңгімелесулер тоқтаған 2024 жылдың жазы – оның өміріндегі күйзеліске толы ең ауыр, соңғы жолақтың бастамасы еді.

«Жалғыз болған жақсы ғой, бірақ сол жалғыздығымды айтатын біреудің болғаны одан да жақсы» – Хэмингуэйдің осы сөзі әсіресе ер адамға көбірек қатысты болуы керек. Еркек үшін деп айтайық, күні еңкейген шақта, жұмыс күнінің соңында үйінің табалдырығына келіп, есіктің аржағында сенің аяқ тықырыңды күтіп біреу тұрғанын білуден артық бақыт жоқ шығар, сірә. Жалғыздық – кездесу мен қауышудың алдындағы уақыттың бос кеуегі. Кеудеңдегі жұдырықтай бұлқын дамылдап алуы үшін берілетін тыныс, үзіліс. Содан кейін бір адам пайда болады да, саған қарап тұрып: «Міне, мен келдім, енді сенің жаныңдамын» деп ақырын ғана үн қатады. Сезімім құламай сенделіп, / Қиялым барады жерге еніп. / Қараңғы тып-тынық бөлмеде, / Жарқырап шам тұр тербеліп. /... Біреу келсе екен!.. (Табыл Досымов. Жалғыздық). Біреу келсе екен.. Адам қолындағы барын біреумен бөлісу, бере алу. Жалғыздық – қолыңдағыны бөлісетін, өзіңді бөлісетін біреудің болмауы. Таныс-біліс аткөпір, досжар көңілден де кенде емессің, бірақ жақын адамың жоқ, бұл – ешкім жоқ деген сөз.

Сол бір күндері Макстің Дарханмен бөліскен осы бір жан сырының ақиқатын мен анық білемін: бір күні менен екі мың теңге сұрады, неге деп едім, өзі көптен қамқор болып жүрген апалы-сіңілілі жетім екі қызға (күнгейден, біреуінің мүгедектігі бар) единица етіп саламын деді. Мен сықпыр соның өзінен күдік алдым-ау...

Қайғыны, задында, кісінің ақыл зердесі шақыратын болуы керек. Бір нәрселерді жақсырақ, тереңірек танып түсінген сайын соларды ұқпай-ақ қойсам болар еді деген ой меңдей береді.
Дәурен Берікқажыұлы жазады: «Махаңның алдына барғанда өзін рентгенге түскендей сезінетін адамдар көбіне одан қашқалақтайтын. Өнер дегенді, ғылым дегенді ұқпайтын, өмір көрмеген, тағдыр кешпеген, туа сап діннің догматигі немесе жан-дүниесі таза материалист боп жаратылған бүгінгі қоғам оған қалай төзіп жүргеніне қайран қалушы ем. Жеп тыныпты ақыры...»
Ал ол халқын, елін, жерін жүрегі тартып сүюші еді. Сол үшін қиналушы еді. Азап шегуші еді. Ашып айтпағанымен, оның бұл перзенттік жан азабы әрбір жазғанынан, әсіресе прозасынан «мен мұндалап» тұратын. Оның әңгімелері, хикаялары бастан-аяқ жалғыз тақырыптың – туған жерден қазығынан айналған ат сияқты шиырлап шықпауының сыры бар. Прозасының гүлтәжі – «Аяқталмайтын әңгімесіне» бір армян жазушысы ..... «О, родина! Сладчайшая и горькая» деген сөзін эпиграф етіп тағындырған да сол перзенттік махаббат. Соңғы кезде сол жалғыз қуат алар генераторына – туған өлкесіне, елге қарайғы ат ізін суытып кетті. «Осы мен елге жиі барып қойған сияқтымын, бұл жолы Тарзаннан (иттің аты) басқа ешкім қуанбады» деп күлдіретін. Тегіс жерде тәйкіден түсіретін белгілі әжуа-әзілі сияқты көрінгенімен, «мен білемін, адам неге күлкіні ойлап тапқанын, адам жаны азапты болғасын ойлап шығарған оны» (Ницще). Қырыққа бөлініп, құрыққа таласқан халқы жайында күйікті ойға беріліп, «Дариғашыл дарақылау ғасырда / Қазақстан емес шығар мынау Отан. / Қазақ емес шығармын, расында» деп кеткен Есенғали сынды көнекті қанша сыртқа салғысы келсе де, не шара, басқа шығар төрің де, кірер көрің де жоқ. Элиф Шафактың «10 мүйнет 38 секөнд» дейтін шығармасында өзінен өзекке тебілген бас кейіпкер әйел, бозқаңғыр, соның өзінде де ең басты нәрсені – жан дүниесінің тазалығын жоймай сақтап қалушы еді ғой, сол сықылды Мақсот та объективті түрде қоғамнан шеттетіле тұра жан ізгілігін, еліне, айналасына керек екендігін сезінгісі келген болуы. Біреу келсе екен деп. Дәл сол біреуді (біреулерді) өзін ішін кеулеген тұңғиық тамұқтан алып шығар саңылау, құтқару жолы көріп. Ондай құтылыс, сірә, ойындағысын іркілмей, ашық, әділ алға жаюдан басталмақ. «Мен жалғызбын, ағайын» деген жалғыз ауыз тұншығыңқы үннен. Ол соны айтты да ғой. Әрқайсымызға, жеке-жеке. «Мәке, мен жалғызбын ғой...». «Дархан, мен жалғызбын ғой...». «Бақонтай, менде жақын жоқ қой. Өмір бойы жалғыз келе жатырмын ғой ...». Сол кезде... сол шақта жол түбінде жылтыраған үміт шоғындай жылтырап, көкірегі сезімді біреу-міреу жанында пайда болар деп үміттенді.
Бірақ оған ешкім де ондай үміт сыйлай алмады. Ешқайсымыз. Тіпті өз кіндігінен ұзаған, өзі «ризамын оларға, бірақ сонымды көп білдіре алмаймын, тіпті жақсы көрем, сағынам деп өздеріне айта да алмаймын» деп кеткен Думан мен Дастан да бере алмады ондай үмітті. Жан бөлек.
Дүние өстіп құлазиды. Құлазыған да, Мақсотқа: «Көмбеңдер мені өлгенде, / Көмуге мені бола ма? / Шарықтап жүрген өр кеуде, Сыя ма, сірә, молаға!» деген жыр жолдарын айтқызған (Марат Отарәлиев).
Дүние өстіп тынады. Қай бір күндері мен мұны бүткіл жұлын-тұтам, жүйке- тамырыммен сезіндім де, жалма-жан отыра қалып, фейсбуктегі парақшама пост жаздым. Ол мынау: «Ол енді шашты нөлмен сыпырып тастап, ырғай сапты қаламын қолға алып, қорамсағын байланып, шамырқанып-шырқанып әңгіме жазбайды. Үстелге бөкенжалақ жалағандай зар күйінде төне отырып, бұла рухы буырқанып прозалатпайды. Ой сабақтау дағдысын, жазу машығын біржолата жоғалтады.
Ол енді қылқаламының бояуына нұр құйып, кенептегі тау басын қанкөбікке бояп сүгірет салмайды.
Оның көз жанары ендігәрі түсініксіз бір сәулемен жарқырамайды. Ол «Әлі-ақ кең даланы шулатасың» деген үкілі үмітті адыра қылады. Қия шауып құзды алмайды, оя шауып мұзды алмайды.
Ол енді кісіні қарадай ықтырып тұратын айбар-сесінен айрылады. Тұнжыр көзі шүңет дүкендерге бастайтын оқпан жол – көзелекке айналады. Шекер қосқан бал сынды мейірімділігінен, шыбын жанмен тең сынды сақи-мәрттігінен жұрдай болады. Жай, құбаша шал атанады.
Қосшының гүлзарлы көшесіне қалтақтап ол шыққанда, өлексе көрген гиеналардай қақақулап, бұғы қуғандай өкше ізінен қалмайтын сілімтіктерге жем болады.
Сау күнінің өзінде адамдарға сырторай, тіпті өзіне өзі тілдесуге қауқарсыз, «Бәрібір. Нөл мағаннан» басқа сөз білмес «жаманнан туған жасықтай, сабы да сынған қасықтай» құр сүлдерін сүйреткен, күні біткен, күші сарқылған, атаулы күнге дайындалған – Абай сыпаттап кеткен Онегиннің күнін кешеді. Бұдан әрі өмір сүруге ерік-жігері жетпейтін, мүмкіндік қадары – виталдық ресурсы сарқыла бастаған сүлде.
Іс тағдырға сызылды.
Неге, неліктен бұлай болды, жаншығар дос?
Ізет-үрметтің, бәлки ит пен битке беріп жатқан атақтардың жоқтығы ма? Адами жылу іздеген, жақсы көруден, сүйіспендіктен кем қалған, соларды аңсап таба алмай пұшайман күй кешуден туатын жан жалғыздығы ма? Өз өмірін басқа біреумен бөліспегеннен кейін, ендігі жерде шын сүйіспеншілікті бастан кеше алмаудың азабы ма?
Айта алмайды өзі де. Телефон трубкасының аржағынан үзік-үзік жетер дыбыстар соның бәрін Жалғыздық дейтін жалғыз ауыз сөздің қауызына сыйғызады.
Сонда сені құдай жалғыз жаратып па еді? Жалғыз жүрмесін деп жолдас-жора, өріктей ұлдар, алмадай немерелер бермеп пе еді? Талант, қабілет нығметімен ризықтамап па еді?
Жо-жоқ, осының бәрі мінезден. Мына жалғанда, адамның өмірінде нысанаға не нәрсе дәл тиеді десек, ол – кісінің мінезі, өмір сүру тақыреті екен. Мен соны білдім. Мінез – адамның тағдырын белгілейді екен. Эх, қарағайдың қарсы бұтағы болғанша, еменнің иір бұтағы болсашы...
Жалғыз ол ғана ма екен !? Қазақтың жел жағына ық болады деп жүрген талай жоталы жігіт, мінезді игере алмаудан, тәрбие қылып өзін түзете алмаудан «ұлы бойға қан жүгіртер, қайратты құрыш қылар» гефилте фишке ұрынып, ақыр соңында аяулы ғұмыр сапарын уақытсыз аяқтаған. Құдай өзі берген сыйын – талантты, қабілетті қайтып алады екен. Көк жүзінен бозартып Күнді, аспан төрінен қалқытып Айды көшіреді екен.
Иә, өмір бізді еркелетпеді. Оны да, мені де. Аузымызбен тістедік, арқамызбен көтердік. Бірақ, енді қарашы, адамдар бұдан да бетер жантүршігерлік жағдайда: қапас лагерлерде, ақсөңке ашаршылықта, қанды қасап соғыста жүріп те бойларынан жан сақтап қалуға күш-қайрат таба білді емес пе?! Сондай қайратты ақжарылқап бейбіт заманда неге таба алмаймыз өзімізден?!
Көзіме бірдеңе түсіп кеткен сияқты. Қиқым болуы керек. Бірақ, мына бір дымқыл нәрсе, жылтылы жылжып, жүзімді ашытқаны несі!?»
Пост фб-да Мақсотты білетіндердің арасында үлкен дүмпу туғызды. Жұрт оған жапатармағай хабарласа бастады. Менің күткенім де сол еді: осылай, қамшымен көзге тартып жібергендей, белден соққандай қылсам, намысына тиісем, бәлкім сонда оянар, дүр сілкініп, баяғы қалпына оралар яки қоғамдық пікір, тілеулес көңілдер ой салар, көңілін жадыратар, өмірге құлшыныс әкелері ме деген үміт. Пост жарияланғаннан кейін бірер күннен соң өзі маған бағыттап: «Мақсат, андағыны өшір» деп екі рет коммент берді, бірқатар әріп қателері болғанымен, осының өзі бірқанша үміт сыйлаған-ды және со күндері Бақытбекке: «Мақсаттың жазғаны дұрыс, бірақ мен жоқпын ғой» депті.
Бірақ жаңағы үміт, бұл – беті «қош, есен болға» әлдеқашан бұрылып қойған адамның бізді алдаусыратуы екенін сезбеппін. Жалпы, ол күндері оның бұл шешімінің күрмеуін шеше алмадым деп айттым ғой, ол күрмеудің жайын кейін, болары болып қойғаннан кейін барып білдім. Бетін топырақпен жасырып қайтқан күндердің соңында, пабликтерді ақтарып, қытайдың ци, үндінің прана, көнегректік пневма, аристотельдік энерджиа, тіпті бергондық элан виталдарды тізбектеп отырғанымның соңында акедия дейтін құбылысты кездестірдім. Не нәрседен болсын мән, мағына іздеуді жоғалту синдромын ғылым осылай атайды екен. Адамда ештеңе істемеуден басқа тілек, ынта қалмайды. Дәрі-дәрмекпен емдейтін жан жүйесі сырқаты емес. Акедия – кісі сүрсанамен, өзі де байыбына бармастан таңдайтын көңілдің күйі. Істеп жүрген ісінен еш мағына көре алмай қалатын торығу жағдайы (акедия). Тұлабойды бір ғана тілек – бәрін тастап, барлықсыздыққа, болмысыздыққа яки бақи дүниеге кету тілегі меңдеп алады. Кісінің сыртқы әсерлерге аулануынан, алағызуынан емес, өзімен өзі алысуынан болатын өте ауыр сынақ. Жалғыздық – өзі айналысып жүрген іске күмәнмен қарауға қосыла кеп, адамның бойындағы өмір сүруге деген құштарлықты өшіретін сынақ. Адам «Мен болдым, біттім» дейтін сәт. Таңертең оянып, көз алдыңнан алдағы аптаның бағдарламасын біртіндеп өткізесің, бірақ ол саған түк қуаныш, ләззат, күш, жігер, үміт сыйламайды. Орама, қайталама бекер өмір. Депрессияның ауылы алыстау, бірақ өмірдің мәні әлден өзін жоғалтқан. Осы қалпында акедия шығармашылықпен айналысатындардың арасында жиірек кездеседі екен. Менталдық қуатыңды сарқып алу, саған шығармашыл-ғылыми орта қоятын тым биік талаптар – міне, акедияның басталатын жері. Жұмысты әбден беріліп істейсің, бір салаға шұғылдана маманданасың, ал мұның әдетте қоғам құнттай бағалайтын байлық, мойындау, даңқ, ізет-үрмет әкелмейді, сол кезде бүткіл ынта-жігерің құм болады.
Бұдан құтылудың жолы – ілгеріде өзім түйсігіммен саналап жеткенімдей, ұдайы табанды еңбек етіп, өзіңді, миыңды бос қоймау екен. Ақыл-ойыңды, қиял-ғайбанаңды қаңғыртып бетімен жібермей, шұғылдана жұмыс істеу арқылы бұғаулап ұстау. Бұрынғы ғайып-ғадеттерден біржола, түпкілікті бас тарту. Ең бастысы, өзің тән алған, сырттан болатын қошемет-құрметке аса тәуелді емес, тереңдегі ынта-ықылас, қызығушылықтарыңды әспеттеу. Акедия осы қалпында күйзелу емес. Депрессияны психикалық-фармакологиялық препараттармен емдеуге болады, акедия адамның өз таңдауы болғандықтан, одан кісі өзін өзі ғана жазып алады. Өмірде бір жасаған таңдауымызды қанша қиын болса да қайтадан өзгертіп жатамыз ғой, бұл да сол сияқты. Демек, акедиядан аман шығуға болады, жалғыз-ақ шарт – одан әлгі күйге түскен адамның өзі шығуы керек, басқа ешнәрсе көмектесе алмайды. Басынан жыға қисая бастаған соңғы күндері Қосшыға, қасына бармақшы болып бірнеше рет оқталдым. Бірақ санамда: «Барғанда не істей аламын, оңтайлы нәтиже шыға қоя ма?!» деген сұрақ тұрды. Ұлдары да сондай ойда болды. Турасын айтқанда, күдер үзіңкіреген едік. Шешім қабылданған. Үкім түпкілікті. Шағымдануға жатпайды. Мұны Мақсоттың өзі де айтты. Нығырта, бірнеше қайталап. Жалғыз қорыққаны – денесінің бұзылып кетпеуі. Үйіне келген қайсыбір дос-жар жігіттерге бірінші этаждағы пәтерінің терезе қаңылтырының астына сап қойған кілтті көрсетіп, «Есікті бұзбай, осымен ашып кіріңдер» дейтін. Солай болды да... Ендеше не қайыр, не рауа, акедия жеңіс тойын мықтап тойлап жатса. Мен соны түйсігіммен ұқтым. «Адам баласы өзгермейінше, мен ешкімді өзгертпеймін. Сендер маған қарай бір қадам жасасаңдар, мен сендерге қарай жүгірем» – Үлкен кітаптағы үшбу сөздер қалай дәл айтылған.
Осы жерде акедияға қатыстырып екі өлең келтіре кетейін. Біріншісі – Макстің «Бокс» деген досы Болат Жетекбайдікі, «Үрейлі ой» деп аталады. «Өлгім келді.../ Өзімді өзім қинадым. / Өздеріңді қимадым. / Үнсіз жылап құшты мені нұрлы үміт. / Үйірілмей үгітілді иманым. / Орын жоқтай енді маған жалғанда, / Осындай бір үрейлі ойға барғанда: / Болыспасам болмайтынын түсіндім. / Балам жетер арманға. / Мендегі / Әлсіз шырақ сөне жаздап, сөнбеді. / Қою қара түнек-бұлт, / Төне жаздап, төнбеді. / Ажал ғана арылтар арқамдағы / ауыр-ауыр мұң-шерді, / Арттағыға артып кеткім келмеді».
Екінші өлең Табыл Досымовқа тиесілі. «... Мен өлермін бәріңді талақ қылып, / Мен өлермін аспанға қарап күліп. / Біреу айтар «Жарықтық от еді» деп, / Қыршын ғұмыр – жасымды санап тұрып. / Біреу күлер жеткенің осы ма деп, / Біреу жоқтап қайғырар басыма кеп. / Ей, дүние! Бірақ та саған қарап, / Күліп қалған бейнемнен шошыма тек!»
Бірі – акедияның ауыр сынағынан тақтайдай сыдырылып, таспадай тілініп барып шыға алған, екіншісі – ол қатерлі өткелден өте алмаған. Осы жерде мен әлгіндей жағдайға төбені тау дейтін жерден шыққан, шығармашыл тұлғалардың көбірек түсетінін байқадым. Ақындар Марат Отарәлиев, Табылды Досымов, актер Жексен Қайырлиев, жазушылар Рахымжан Отарбаев пен Қайыржан Жұмашев, енді міне, Мақсот... Бұлар күйініп өлгеннен алдамшы үмітке алданып жүре бермеді ме деп ойлайсың. Қайткенде де бұл дүние тіршілігінде бір ұрттам судай өмірден қымбат ештеңе жоқ, өйткені ол саған бір-ақ рет беріледі ғой, жалған деген күндеріңнен де қайырлысы қалады емес пе дейсің. Қанша өмір сүруден шаршасаң да, қанша жалғыздықтан шаршасаң да жеңісі көп өмірде жеңіліп, мына ақзер дүниені, алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз, балдай тәтті немерелерді тастап, өз еркімен кетуге, Болат жазғандай, шынында да бәр-бәрін соңыңа артып тастап зыту ғой. «Трудное это дело – родиться и научиться жить. Мне осталась задача куда легче – умереть» деп Януш Корчак айтпақшы.
Жоғарыдағы жігіттер негізінен – Қайыржан Жұмашевтан басқасы – өз ақырын ішкілікпен тездеткендер. Мұндайда шындық өмірдің кошмараларынан құтылу үшін созылмалы депрессияға түсті, салынып ішіп кетті деу өзінше бір сән сияқты. Мысалы, Джек Лондон өмірінің соңында терең күйзеліске түсіп, адамдарды жек көріп, бас көтермей ішкен екен деседі. Хэмингуэй, дәрігерлер өзіне төрт нәрсені – вискиді, әйелді, балық аулауды және жазуға тыйым салғаннан кейін «Бүйткен өмірі құрысын» деп қосауыз мылтыққа атылып өлген. Мұқағали есенинше, смеляковша яки зор таланты, ақындық қуаты бойына сыймай буырқанып ішіп кеткен-мыс. Ал Есениннің өзі «неге іштім» дейді. Оқиық: «...Тогда и я, / Под дикий шум, / Но зрело знающий работу, / Спустился в корабельный трюм, / Чтоб не смотреть людскую рвоту. / Тот трюм был — / Русским кабаком. / И я склонился над стаканом, / Чтоб, не страдать ни о ком, / Себя сгубить, / В угаре пьяном».
Ал Мұқағали неге іштім дейді? «Зәһәрмен жібітем деп қу таңдайды, / Сезімін өзін-өзі жұрт алдайды. / Жібітсем кейде мен де қу таңдайды, / Басымнан Алатаудың бұлты аунайды...»
Көріп отырғанымыздай, сөз шеберлерінің, шығармашылық тұлғалардың алкоголь арқылы сана ширықтыруы әрқалай екен. Соңғы кезде Мақсоттан «Мұқағали синдромы» көбірек байқалды. Қаламақы, сәлемақы деген сияқты жазушының сауаптары таусылып, сұрап ішіп кеткен күндері неге олай етесің десем: «Елу грамм ептесем, бүлкілдеп бойға жүгіріп болғасын тұла бойым жазылып, пора-пора терлеймін, бірақ арада екі сағат өткенде тағы да денем құрыстап, миым шағып, ауыра бастаймын. Содан құтылу үшін және ішем» дейтін. Рахаң айтатындай, «әр клеткасы арақ сұрап тұрады» екен да. Ал енді осының ар жағынан есениндік «себя сгубить, в угаре пьяном» – суицидалдық пиғылдың құлағы да үрпиіп көрініп қалушы еді. Яғни арақ, ішкілік – акедия тұтқынындағы кісіні өлім тұзағына тура бастап алып келер жолдың басы екен.
Ұлдары Мақсотты наркодиспансер стационарларында үш рет емдетті. Қанды тазартып, ауыр абстиненттік синдромнан алып шығатын арнайы капельницалардан кейін әке-көке, енді ішпеймін деп, араға көп болса бір жеті аралатып қайта бастайды. Себебі, біздің наркологтар ағзаны тазалауды, т.б. препараттық араласуларды білгенімен, ең басты нәрседен – клиникалық психологтардың көмегімен науқасты басындағы суцидал шалық ойлардан арылтудан мақұрым. Ал әлгіндей емдеу курсының әр күні – 28 мың теңге. Бір жатып шыққанында Мақсоттың өзі: «Бұлар бір ине шанышты, сол сірә мені мына керуеттеріне қайыра алып келетін ине болып жүрмесін» деп еді. Анығын Алла біледі деп айтайық, наркодиспансер жүйесінде ғана емес, жалпы біздің денсаулық саласында науқасқа әмиянға қарағандай қарайтын жаман бір пиғыл бар ғой. Дәрігерге көрінсең, бойынан мың қырық түрлі ауру «тауып», тұмсығыңды кіргізіп алып, теңгеге түсіруді ғана біледі. Жапонияда дәрігерлер өз учаскесінде науқас саны аз болғаны үшін өкіметтен едәуір ақша алады екен, бізде керісінше, сырқат саны көбейсе, дәрігердің табысы еселенеді...
Мақсот диспансерлерге қолын бір сілтегеннен кейін оның ішкілікке тәуелділігі ақырғы, төртінші дәрежеге өтті. Қураған шыбықтай тұралай бастады. Бұрын сырқыратып әкетіп бара жатқан сырқаты жоқ, еңгезердей жігіт, тіпті оның ауруханаға жатқанын естімеппін, ал мына сатып алған ауру – арақ, соның ішінде қайбір шамырқанған шәргез шарап дейсің, барып тұрған токсинді у буынын алып, жүрек, бауыр, бүйрек, көкет сияқты өмірлік маңызы бар ағзаларды жегідей жей бастаған еді. Кең сарай кеудесін ашып ешкіммен сырлас аспаған күйі көз алдымда біртіндеп өліп бара жатты...
Соңғы рет менің уатсабыма 1-маусымда кірген екен. «Не болды, Макс, әлі жалғастырып жатырсың ба?» деген сұрағыма жауабы: «Мәке, мен тірі өлікпін». Тірі өлік соғыста болған дегенді оқитын едік, олай деп жаны бар, бірақ қозғалуға дәрмені жоқ адамды айтқан екен. Мен сонда барып, соның алдында фейсбукке жігер жаныр пост емес, Ширвиндтің «Опережая некрологасы» сияқты азасөз жазғанымды түсіндім.
***
Тігіп берді мәңгі мекен – қосыңа Ай, / Сар далада қалды елігің жосымай... / Қойған асы суып қалалары дедің бе, / Сол қалада нең бар еді, досым-ай?! / Алпыс ассаң шарап та ауыр, ас та ауыр, / Көңіл босап, көзден ақса – жас та ауыр. / Маңдайымнан иіскейді дедің бе, / Нең бар еді тас қалада тасбауыр?! / Ұйқы көрмей түнді бұздық, таң бұздық, / Ақ қағазға арман сыздық мәңгі із қып. / Ол жақта да қыр соңыңнан қалмады-ау, / Сүмеңдеген белі бүкір жалғыздық... / Қылбұрауды қинап салып төзімге, / Сол қаладан мият табам дедің бе? / Нең бар еді қайыры жоқ сол істе, / Дайын тұрған жаныштауға, езуге?! / Ырыс – алыс, береке – жоқ, бақ – шашау, / Бұйырмаған тірлігінде жақсы атау.../ Бағытыңды бұрып берді бақиға, / Нең бар еді сол қалада, МАҚСОТ-ау?!
Бұл – Мақсоттың тамаша достарының бірі Кәдірбек Құныпияұлының «Нең бар еді?» атты қазанама өлеңі.
Ие, шынында да, сол күндері, шарасыздыққа шығып кеткен кезімізде Мақсоттың Алматыға оралуы да сөз болған-тын. Мұны «Жас ұлғайды, байсал тарттық, енді көңiлге нұр беретін, өмірге бір келетін не көрсе, бір көретін бір досың керек екен» деп жүрген мен де қолай көрдім. Не шара, аяғын үзеңгіге әбден салып тұрған ол әлгі вариантты да қабылдамады. Жанында тілін кәлимаға келтіріп, иманын үйіретін жан табылмай қалуына да бақтияр болды. Бір алған шешімінен қайтпайтын мұндай бірбеткей нойыт жанды мен көрмедім. Қырсықтығы бір атанға емес, қос атанға жүк еді. «Сен өлгенде біреудің бірдеңесі кетеді деймісің, сен кетсең ел қараң қалмайды, қазаны басқаның қайғысы басқа, аққу ұшып көлге кетті, ақсұңқар ұшып шөлге кетті, бәріміз баратын жерге кетті... та-та-та... жар басынан нар тайдылап, екі тумас ерім-айлап барып, бір төбенің етегіне тебе көміп тастайды. Үш-төрт күн яки он күн шуласар, тіпті он екі күн көз жастарын сығып сықсыңдаған болар, сосын өлесің Мамай, қор боласың – ұмытады, гөй-гөй тіршіліктеріне оралады» деп шамырқанып едім, оған да мәу демеді. Солай болды да. «Киоск звукозаписи около пляжа. Жизнь кончилась. И началась распродажа». Қате айтсам кешірім сұраймын, әйтеуір бір кезде Мақсот Ізімұлы аяқтарына тұруына, қаржы тауып, күн көрулеріне өлшеусіз үлес қосқан «Арыс», «Қазақ энциклопедиясы», «Ұлттық аударма бюросы», «Мазмұндама» тәрізді кедей емес ұйымдар қол көмегін беру тұрмақ, қазасына көңіл айтты дегенді естімедім. Шетелге кетіп, тұрмысы жұтаңдаған Купринге Бунин өзінің Нобель сыйлығы ақшасының бір бөлігін берген екен. Жартылай кедей Қазақстанның қаламгерлері Буниннің ширегіне де келмейді, өздері бұтын отқа қақтап отыр. Сондықтан тап осы жерде «Нәлеті біздің жүріске» деп таусылмай-ақ қояйық. Бір нәрсе анық: біздікілер кетіп жатыр. Өмірден кетулері міндетті емес. Бетінде ұяты бар, ары бар адамдар, тұтас типті, типаж жандар жайлап қана елеусіз жоқ болып жатыр. «Анайылық» деген сөздің мағынасын білетін жандар. Бөлмеге әйел адам кірген кезде түрегелетіндер. Өлеңнің бірінші жолын айтсаң, екінші жолын жалғастық жасай алатындар. Дауласқанда, қарсы жақтың сөзін бөлмей тыңдайтындар. Оқыған кітабы жайында сөйлесіп отырып аялдамасын өткізіп алатындар. Ақша, дүние-мүліктің жайына келгенде сөзінің жорғасынан жаңылып, мұзға түскен тағасыз аттай түйткілденетіндер. Жасы ұлғайған шағында өмір бойғы жиған ішкі сұлулығымен өңді, әдемі қалпынан айнымайтындар. Біздікілер кетіп, «олардікі» қалуда. Біз де кетіп барамыз. Мақсоттар... Әйтпесе, жерлеуіне жүздеген адам жинала тұра, керек кезінде ешкім оған көмекке келе алмағанын немен түсіндірерсің? Өмір аяқталғаннан кейін, тәммат тәмам біткен соң қалай өмір сүруге болады? Адамның суға шым батып бара жатқанын жанындағылар байқамай да қалады екен, себебі әлгі жағдайда кісі дыбыс та шығармайды, суда шылпылдата қолын ербеңдетпейді, содан да суға кеткен әр екінші бала ата-анасы яки басқа ересектерден көп болса, жиырма метр жерде шым батады екен. Ал біз Мақсоттың суға батып бара жатқанын көрдік, бірақ оны қалай құтқарарымызды білмедік. Дәурен Берікқажыұлының айтуы әбден дұрыс – Мақсотты жоғалту, бұл көптің кінәсі, бәріміздің кінәміз. Соның ішінде мен өзім де кінәлімін.

Енді менде дос азаймаса, көбеймейді. Жүрегімді жоғалтпай жазам десем де жоғалтып алам. Жаншығар досты жоғалту – бір есептен өзіңді жоғалту. Достың қазасы – сенің де қазаң. Мұндайда дос қазасын еріксіз өзіңе де өлшеу етіп, өзіңнің де бойыңнан қорқынышты бір симптомдарды іздей бастайды екенсің. Ажал жасы келіп отырғандардан бұрын жаныңда жарақаты бар адамдарға алдымен құрық салатынын бағамдайсың. Әрбердесін мына атжалман заманда жаны жаралы емес адам бар ма десейші, әуелі!? Жалғыздық, көптің ішінде жүріп жалғызсырау замандар бітіп, заманның ақырында тұрғанымыздың белгісі емес пе екен?! Мақсотқа сол өмірі не үшін берілді? Ертеңі жоқ, бүгінге ғана бар өлшеулі өмір. Ал маған ше?! Менің өмірім ше? Мені алда не күтіп тұр? Қалауым не менің?! Бұл өмір маған не үшін берілген?! Соңыма өмірлік тозбас азық қалдыру үшін бе? Соңымда нәсіл-нәсібім мен үшін дұғада тұру үшін бе? «Қайран да менің Жайығым. Сен салмадың – мен салдым. Қайырлы болсын сіздерге. Менен қалған мынау Жайық жұрт» деп, күңірене аттану үшін бе? Мүмкін тіпті Мақсот сол кетісімен бізден, радардан жоғалмаған да шығар, бізден – дүние тіршілігінен азаттанып, діндарлар айтатындай ана жақта шынымен де екінші радарлық өмірін бастап кеткен шығар?! «Свободен лишь тот, кто утратил все, ради чего стоит жить» (Э.М.Ремарк).

Абоненттік байланыстағы «Мақсот Мәке Дос» батырмасын жайлап қана бастым. Кідіріңкіреп, қоңырау барды. Жүрегім бір түрлі болып, тыңдай қалдым. «Абонент байланыс аясынан тыс жерде».
Әзірге...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.