Көк перзенті
Көк түркі - заты бөлек Аспан түркі,
Ен жайлап кең Тұранды жатқан жұрты.
Ойы азат сұңқар сынды еркін самғар,
Рухы асау тұлпар сынды бостан тұрқы.
Күркіреп тау суындай даңқы естілсе,
Өңінен дұшпанының қашқан күлкі.
Байқалдай көл айтады естілігін,
Алтайдай тау толғайды тектілігін.
Тәңірім әділетті орнатпаққа
Жіберген Жер бетіне Көктің ұлын.
Жаһанды түркі даңқы, аты жарды,
Жігері жеңіс сайын тасыған-ды.
Ер түркі бүктіріпті тізеліні,
Жер қылып идіріпті басы барды.
Түркінің қаһарынан күйреген қас,
Тұяғы тұлпарының илеген тас.
Алтайдай аспан тескен айбыны асқақ,
Тәңірден басқа ешкімге имеген бас.
Түркінің жалын жаны лапылдаған,
Намысы найзағайдай шатырлаған.
Жұрты үшін қиыр жортқан Көкбөрідей,
Ұйықтамай түнде, күндіз отырмаған.
ІІ
Көк түркі - асыл нәсіл Көк перзенті,
Жауына жай боп тиген еткен серті.
Дәл Мәрмәр теңізіндей тасқан бағы,
Нақ Қара теңіз - мұңы кешкен, дерті.
Көк түркі - арда туған Көк баласы,
Ешкімнің бұл тумысқа жоқ таласы.
Бас қосса исі түркі ұлы күш боп,
Ол анық, тау селіндей тоқтамасы.
Жеткенде Ыстамбұлға баба жолы,
Түлеген қасиетті Анадолы.
Тамырын Көк түріктің іздегендер
Тарихтың тереңінен табады оны.
Тарихы Көк түріктің дастан ұлы,
Бабамыз қашап жазған тасқа мұны.
Бақытқа адамзатты бастайды әлі,
Бұдынын от-су қылмас Аспан ұлы.
Зер салсам бабам жүріп өткен ізге,
Жетелер Жерортадай көк теңізге.
Дегенмен түркі түбін білгің келсе,
Бауырым, Жерден бөлек, Көктен ізде!
Ашаршылық
(атамның әңгімесі бойынша)
Ғалымдардың деректері бойынша, қазақтар өз санының жартысынан астамынан айырылды, бұл ашаршылық салдарларын адамзат тарихындағы аса ірі трагедиялардың бірі деп санауға негіз болады.
Қ.К.Тоқаев. «Әке туралы ой-толғау» кітабынан
Ғасырда өткен кешегі
Тиді еліме кесапаттың кеселі.
Билегенде отаршыл тобырдың қарақшы-құзғындары,
Берекелі болмады бір күн дағы,
Ашаршылыққа ұрынды Алаш,
Миллиондап қырылды Алаш.
Ұлтқа қарсы бұл қастандық – қолдан жасалған құрдым дағы,
Ешбір халық көрмеген екен дәл осындай қырғынды әлі.
Қаңғып келген сауатсыз құзғын -
Қарғыс көрген қарақшы құзғын ел тізгінін ұстаса,
Қайбір тәуір заман орнасын?!
Олар тартып алуды ғана біледі
Бейбіт елдің ақырғы тұяқ, соңғы асын.
Тартып алды олар, қалдырмай мүлде мал басын,
Халықты қырып, тарих бетіне салыпты қара таңбасын.
Дүрбелеңнен сілкінді ес,
бас сауғалап үркін көш,
Қашқан-ды көрші елдерге,
Қиыр-қиыр жерлерге,
Түсінген соң мұнда қалып оңбасын.
Ел шетінде жендеттер «бай», «қашқын» деп, «жау» десіп,
Арыстарымды әруақ етті, кеудесіне қадап қорғасын.
Оқ тиіп, қансырап өлген,
Аштықтан қалжырап өлген әйел, сәбилерді көргенде
Тілін тістеп, шайқап тұрды Зар басын.
Таудай зұлымдық басып сорлаған елді
Аяп, булыққанда тыя алмады Сор жасын.
Бір нәресте іңгәлап,
Көзі-бетін тырналап,
Сүт ембекке ұмсынады
Өлі анасының шандыр омырауын жұлмалап.
Мұндай сұмдық қырғынға алғаш куә болып тұрып,
Өксіп-өксіп, боздай берді Қасірет,
Тілеумен болды тезірек келсе екен деп Ақырет.
Тіпті Ажалдың тас жүрегі шақалаққа елжіреп,
Ұзақ күтті әлдебіреу келіп қалар енді деп,
Нәрестені өлімге қия алмастан жылады.
Жылады Ажал! Бірақ бұл жаққа ешкім жетпеді,
Жете алмады, әттеңі.
Себебі бәрін қырып тастаған еді қызылдардың салған лаңы.
Себебі биліктегі жауыз қарақшы мен оның айуан әскері
Қасіреттен де қатыгез, Ажалдан да қатты еді.
Жоқ еді олардың жүрегі,
Бар болса егер, Өлімнен де сұм еді.
Қаттылығы емей немене,
Сұмдығы емей немене - жауыз жендеттер бұлданып,
Құдайдың суын қызғанып,
Жұртқа тіпті балық аулауға рұқсат та етпеді.
Сол залымдар қорлауға жанды тым шебер,
ас-су түгілі, қолдарында тұрса егер,
Қиналып азапқа батсаң да,
Тіпті тұншығып жатсаң да,
Қимайтын еді беруге бір ғана жұтым оттегі.
II
Мына өлкеде ақырзаман орнады,
Мәйіттерді көметін тірі жан да қалмады.
Ешкім қалмаған соң, әлгі өлген ана мен шақалақ қасында
Қарғыс айтып тасбауыр әмір мен ғасырға
Қасіреттің өзі жоқтау айтып, зарлады.
Құзғын билік құрған заманда
Қиянат келді адамға.
Өлтірді адам адамды,
Жеді де адам адамды.
Түрмеден келген құзғын, шибөрілер
Масаттанып күпсіне,
Алашты қырамыз деп,
Соның сүйегінің үстіне
Құдайсыз қоғам құрамыз деп,
Жоспар сызып, шаттанды,
Қанды қасап жасадық деп мақтанды.
тоқтаусыз зәбір көріп, үсті-үстіне қырыла берген
Қазақ құруға шақ қалды.
Бүгін жүрексіз, жетесіз әлдебіреулер
Шибөрінің қылмысын ақтағысы келеді,
Құзғынның қиянатын жақтағысы келеді.
Қырылғандар өздері кінәлі еді деп,
Бір лаң бастағысы келеді.
Сұмдықты жасырғысы келеді,
Қулықты асырғысы келеді.
Шындықты кері бұрмалап,
Бұл жұртты басынғысы келеді.
Не көрмеген халқым бұл?
Көрген аштық, соғыс, қуғын-сүргінді.
Мың құлады, мың тұрды,
Мың жылады, мың күлді.
Қаңғып келген құзғындар
Жарық күнімізді қасіретті түн қылды.
Мұң-күдікті күшіктетіп,
Үр үмітті тамырымен жұлдырды.
Мұны ойласам көкірегімді өтеді өксік-шоқ қарып,
Төгілер сырлар тым мұңды.
Ашаршылықтың миллиондаған құрбанын еске алып,
Аза тұтып өткізейік бұл күнді.
Жаратушымыз Жаббарға мың мәрте мінәжат қылайық,
Жылайық та дұға жасап сұрайық,
Зұлмат енді келмесін деп,
Ешбір жұрттың басына бермесін деп
мұндай сұмдық қырғынды.
Аштықтағы адамдар мен айуандар
(профессор Мекемтас Мырзахметұлының әңгімесі бойынша)
Әкеміз біздің ерте өліп,
Тағдыр болды боркемік.
Аштықта қалдық далада
Баспанамыз өртеліп.
Адамнан еді келген жұт,
Азық іздеп сенделдік.
Жездеміздің аулына
Аяңдауды жөн көрдік.
Көрші ауылдың жолында
Ілбідім анам соңында.
Жыл толмаған қарындас –
Бөпе бар шешем қолында.
Ал менің жасым үште еді...
Қамады бізді үш бөрі.
От болып жанып көздері,
Сақылдап тұрды тістері.
Жер тарпыды ырылдап,
Айбат қылды қырылдап.
Бейшара анам таяқпен
Қорғады бізді шырылдап.
Қанды ауыз жыртқыш алайда
Жасқағаныңа қарай ма?!
Үшеумізді қорғансыз
Жейтін болды қалай да.
Қасіретті сол жыл, сол айда
Ажал келген-ді талайға.
Адамға шапты қасқырлар,
Мал мен аң қалмай маңайда.
Бөрі көзі шоқтай қадалар,
Топырақ шашып табалар.
Анамды жесе қасқырлар,
Аман қалмайды балалар.
Шешемде қалмай басқа амал,
Сол жерге қызын тастаған.
Етегіне кіріп тығылған
Мені көтеріп қашты анам.
Бөпе даусынан шар еткен
Құйқаны тесті зар ескен.
Жан даусы сол нәресте
Шығатын емес әлі естен.
Ортаға бөпе тасталды,
Қасқырлар оған бас салды.
Сытылып шешем, бір белден
Арқалап мені асқан-ды.
Жанарынан жас тама
Тажалдан мені ап қашты ана.
Кейін қарасақ сол жерде
Бөпемнен қапты шаш қана.
Қойды ғой сонда қыз қалып,
Ай күрсінді, түн налып.
Жалғар деп шешем әулетті
Кеткен екен ұлды алып.
Кей кезде маған өкпелі
Есімде мені сөккені:
«Қыз орнына қалдыру
Керек еді – деп – сені».
Өкпелер, болса ісім кем,
Қызды аңсар шешем. Түсінгем.
Қарыздармын бөпеме
Тірі қалғаным үшін мен.
ІІ
Билік етсе де қайда-дүр,
Жауыздар бермес пайда бір.
Аштықта оңбай қырылып,
Жамылды қазақ қайғы ауыр.
Ашыққан ол кез аң дағы
Дәрменсіз жандарды аулады.
Ал аштық жасаған айуандар
Миллион жанын жалмады.
Ас табу болмай жеңіл іс,
Өлді адамдар, кеуіп іш.
Жадымнан кетпес мәйіттер
Шашылып жатқан көрініс.
Отарлық жүйе боп зындан,
Жарымын ұлттың жоқ қылған.
Қарындасымдай өзге үшін
Аштықта өлген көп құрбан.
Сол қызды ойлап күні-түн,
Лайланды көңіл-тұнығым.
Көре алмады анам қызығын,
Өре алмады оның бұрымын.
Көкірек толған зар десем,
Түсінер қайдан жан бөтен?
Кеше гөр, менің жолымда
Қиылып кеткен жан бөпем!
Үзіліп түскен жан бөпем,
Ғұмыры біткен жан бөпем!
Тумай да жатып таусылды
Қызығың тіптен, жан бөпем!
Езіліп көптен, жан бөпем,
Егіліп төккен зар көкең.
Көз алдында аңға туғанын,
Жегізіп, шөккен бар ма екен?!
Ортасында қасқыр, жан бөпем,
Не күйде жаның қалды екен?!
Көтеріліп көкке кеттің бе
Періште болып әлде сен?!
Айналайын, ақ бөпем,
Күнәсіз кеттің әсте сен.
Аштықпен елді қырғандар
Қандай бір опа тапты екен?
Оралар ойға аш күндер,
Бар еді жайым қасқыр жер.
Анашым, бөпем, сендердің
Арқаларыңда бастым жер.
Шығар деп менен есті адам,
Үміт артыпсың көп маған.
Қызыңдай жақын жаныңа
Бола алмасам, кешші, анам!
Зұлмат
(«Ататолғау» дастанынан үзінді)
Атамыздың көкірегінен көрдім талай сыр тыңдап,
Бұл далаға келген екен талай-талай сұм зұлмат.
Қызылкөздер жерді алмақ боп тарылтыпты ел өрісін,
Қолдан аштық жасап, қырған халқымызды сол үшін.
Зорлық жасап, малын тартып алған, балам, алдымен,
Аштан өлмей қайтсін енді малсыз қалған жан кілең!
Зұлымдар-ай! Жылқыларды атып қырған бостан-бос,
Дала кезіп сандалыпты азық іздеп босқан көш.
Сондай сұмдық замандарға куә болған көк пен бел,
Айдалада өліп жатты бұршақ теріп кеткендер.
Мына жерді, тау мен тасты тұрған сонда зар кернеп,
Мәйіттерді көмуге де адамдарда дәрмен жоқ.
Ата дұшпан қайткенменен істеп бақты дегенін,
Енді ешкім де көрмесінші адамды адам жегенін.
Ұмыта алман, сол көрініс қалып қойды ойымда,
Құмырсқадай қырылған жұрт, бір өзеннің бойында.
Ашыққан ел балық іздеп өзен жаққа шұбырған,
Ол да қорек бола алмапты-ау, жұрт қынадай қырылған.
Аспан мен жер бұрын мұндай зобалаңды көріп пе?
Бұл қазақтың сахарасы толып жатты өлікке.
Далалықты адамзаттың санатына қоспаған
Зорлықшылдың саясаты тек қырғынға бастаған.
Сталин мен қу жақ билік құрған сол бір заманда
Бір үзім нан жеу де, балам, арман болған адамға.
Ұмытайын десем дағы еш санамнан өшпейді,
Сол аштықтан қырылғандар көз алдымнан кетпейді.
Жіңішкені үзді заман, ал жуанды етті арық,
Біздер, балам, жолға шықтық Тәшкен шәрін бетке алып.
Арып, ашып сүйретілдік бір құдайға сыйынып,
Жол бойында жатты өліктер тау-тау болып үйіліп.
Тәшкен барсақ, салтанатын құрған онда тоқшылық,
Қазандары қайнап жатыр, ошақтардан от шығып.
Қырдан келген аш-жалаңаш жандар ғана жүр босып,
Ес жиған соң біраз қандас қайрат қылдық үн қосып.
Аштық қысып есеңгіреп, жұрт тоз-тоз боп босқанда,
Ұмытпаймын, ағайындар дәм-тұздарын тосты алға.
Бәйтерек те сынады екен, тынбай соқса дауылдар,
Оты сөніп қирап қалды тұтас қанша ауылдар!
Аштық деген айдаһар ғой аузын ашып жалмаған,
Қоныстарды көп көрдім мен бір де бір жан қалмаған.
Хайуанға да қас қылмаушы ек, кие деген ұғым бар,
Тұтас ұлтты жоймақ болды қанға тоймас зұлымдар.
Ел бар ма екен біздің елдей бастан кешкен зор қайғы?
Ұмыта алман сол зауалды. Ұмытуға еш болмайды.
Еске түссе сол қасірет, қаным қайнап кетеді,
Осы жерден тоқтатайын, болды, балам, жетеді.
Топан су
І
Күркіреп топан-сел ақты,
Айдаһардай жайпап бел асты.
Бір қалыпта ол тұрмайтын
Дүниеге көз ашты.
Қоныссыз қалған жарандар
Ашынып айтты сөз ащы.
Ағызып күшті-осалды,
Жер-әлемді қопарды.
Астын үстіне шығарып,
Үстін астына апарды.
Тау теңселді қақырап,
Азан да қазан атырап.
Дүрбелеңнен қашуда
Береке, жасы шашырап.
Бөлшектеп сел бүтінді,
Бездірді келіп құтыңды.
Жын соққан құдды атандай
Көбігін шашып құтырды,
Көктегіні төмен құлатып,
Жердегіні көкке ұшырды.
Талғамай жұтып барлығын
Аждаһадай ісінді,
Астаң-кестең боп дүние
Жұмырына жұтылды.
Көрінбей лай-балшықтан
Күннің көзі тұтылды.
Тәубесіне түсірді
Астамсып кеткен кісіңді.
Мәймөңкелеп менмен жан,
Қызарып қыздай қысылды.
Долы күшке болмай амалым,
Бұзылды бөгет-қамалым.
Құмырсқадай суға ақты
Мал-мүлкің, арбаң, адамың.
Аспанды жерге түсірді,
Тас-тауды бүктеп ысырды.
Тәкаппарды сорлы етіп,
Бетіне барып түкірді.
ІІ
Бейбіт жұрт та – бір момын су,
Иірімі терең ағын су.
Ал нөсерлеп дауыл тигенде
Есіріп, таппас дамыл су.
Жұрттың бағып қабағын,
Ескерсең тілек-талабын,
Елге еткен қызмет – Құдайға
Ғибадат еткен амалың.
Мұңы елдің жүрсе еленбей,
Қиянат көрсе өлердей,
Бір күні шыдам таусылса,
Арқырап тасыр өзендей.
Қаһарына оның ұрынған
Қиылып түсер, көгермей.
Сұрапыл күшке ол мінгенде,
Ордаға көктеп кіргенде,
Барыспын деп жүрген падишаһ
Мысықтай жүнжір бір демде.
Күш кірсе дүлей шалқарға,
Ойранын салар ортаңда.
Қалмассың аман сол селден
Қытай қорғанын салсаң да,
Қырық қабат қамалды ол
Айналдырар талқанға.
Қорамсаққа қол салып,
Қол салғанда мол салып,
Халық сорасын ағызып,
Қызыл қанын жерге тамызып,
Қиянатқа барсаң да,
Жарлығыңмен жай тастап,
Жендеттеріңді айтақтап,
Тасада тығылып қалсаң да,
Сел-нөпір тауып алады,
Бұғаулығын салады.
Кезіңде бастан бақ тайған,
Таба алмассың еш қайран
Қылмысыңнан қысылып,
От-ұяттан ысынып,
Шын пұшайман болсаң да.
Ар соты үстеп сор-қайғы,
Қыр соңыңнан қалмайды
Қиырға кетіп қалсаң да,
Бекіттіріп көр аузын,
Жер түбіне түсіп алсаң да,
Жұрт ызадан тасына,
Ақыретке дейін атыңа,
Лағынет айтар әр таңда.
Жұрт үшін емес, нәпсі үшін,
Ұшырып бастан бақ құсын,
Лаулап тұрған тозаққа,
Сорлатар мәңгі азапқа
Түсемісің сен сонда?!

Дүйсебай Дәуірбек Құдабайұлы – ақын, аудармашы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1977 жылы 8 сәуірде туған. Алматы қаласындағы №2 Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттың түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Мамандықтары: шығыстанушы, халықаралық құқықтанушы, экономист. Өлеңдері, мақалалары республикалық басылымдарда, сайттарда жарияланған. Жырлары әр жылдары Қазақ радиосының, Шалқар радиосының арнайы бағдарламаларында оқылған. Бірнеше республикалық мүшайрада жүлде алған. 2004 жылы «Сағынып жүрмін» атты жыр жинағы, 2013 жылы «Оянып кеткен ақ сәуле» кітабы Астанада басылды. 2021 жылы «Саңылауға түскен нұр» кітабы, 2022 жылы «Жұпар» атты аудио жыр жинағы Тегеранда жарық көрді. «Ер бақыты», «Ұрпақ туралы жыр» («Ататолғау»), «Тәубе» поэмаларының авторы. Иран әдебиетінен Сағди Ширази, Омар Хайям, Мөуләви (Руми), Хафиз Ширази, Фердоуси, Рудаки, Незами, Әттари, Пәрвин Еттесами және т.б. ақындардың өлеңдерін парсы тілінен қазақ тіліне аударған.
2007 жылдан бері еліміздің сыртқы саясат мекемесінде, елшілікте атташе, үшінші хатшы, екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші, басқарма бастығы болып жұмыс істеп келеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.