«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Абай институты – қазақ тілін шетелдерге насихаттап, сондай-ақ тіл үйренушілерге инновациялық оқу материалдарын заманауи талаптарға сай әзірлеп отырған орталықтың бірі.
Қазақ тілінің бүгінгі беделін халықаралық деңгейге қалай көтереміз, сол секілді Абай шығармашылығын әлемге танытудың жолдары бар ма? Міне, осы секілді сауалдар төңірегінде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының жетекшісі ақын Айнұр Төлеумен аз-кем әңгімелескен едік.
-Айнұр ханым, амансыз ба? Әңгімемнің әлхиссасын мынадан бастасам деймін. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының қазіргі жетекшісі ретінде осы ұйымның мақсаты мен міндеттеріне кеңінен тоқталып өтсеңіз?
-Сәлеметсіз бе? «Әдебиет порталының» «Абай институтына» қызығушылық танытып, сұхбат құруына бек қуанып отырмын. Өзіңіз сұрақтың арасында тілге тиек еткеніңіздей «Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ ішіндегі үлкен бір жобаның бірі – Абай институты.
«Абай институты» жобасы қазақ тілін шетелде насихаттап, үйретуге арналған курстарды жүйелеу және әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсету арқылы қазақ тілінің халықаралық деңгейде танылуына зор үлес қосып келеді. Жоба аясында қазақ тілін үйренушілерге арналған инновациялық оқу материалдары әзірленіп, оқыту процесі заманауи талаптарға сай жүргізілуде.
Бұл аталған орталықтың алдына үлкен міндет қойған, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының елшіліктері мен еліміздің тілі мен мәдениетін қолдауға мүдделі отандық және шетелдік серіктестіктермен бірлесе әлем бойынша қазақ тілін насихаттау, қазақ тілінің беделін халықаралық деңгейге көтеру; қазақ мәдениеті мен тарихын, өнерін таныстыру; шетелдегі қазақ диаспоралары мен ирреденттері үшін қазақ тілін меңгеруді ілгерілету және Абай шығармашылығына арналған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге арналған бағдарламасы. Шетелдегі ҚР азаматтары мен қандастарымыз, сонымен қатар қазақтың тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытқан шетел азаматтарын контингент ретінде қамту үшін қызмет етіп жатырмыз.
- Биыл қазақтың рухани Гиппократы Абайдың 180 жылдығы елімізде ерекше аталып өтті. Сіздер Абайдың атын иемденіп отырған институт ретінде бұл шараға нендей үлестеріңізді қостыңыздар?
-Байқасаңыз сіз биыл деген сөзді айттыңыз. Ал біз Абай туралы күнде ойланамыз. Жұмысымыздың негізгі парасы Абай мұрасына қызмет етуден тұрады. Анығын айтқанда Абайдың мұрасын түсіну, жас ұрпақтың санасында Абайдың өмір сүруі - Абайға емес, өзімізге керек қой. Қазір әлеуметтік желілерде #Мені Өзгерткен Абай деген челлендж жүріп жатыр. Бұл эстафетаны біздің өміріміздегі Абайдың орнына қатысты дискурс пайда болса екен деген мақсатта жарияладық. Әркім өзі түйген, өзі түсінген Абайымен бөлісіп жатыр. Байқасақ, Абай бізді ғана емес алыста жатқан әміркен азаматтың да өмірін өзгертіпті. Бұл туралы материалды академик Таңат Аяпованың «Абай сөзінің құдіреті» деген жазбасымен https://abai.institute/ сайтына жариялап қойдық. Эстафета жалғаса берсе, әлі де «Абайды оқы, таңырқа» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, тың мәліметтерге кезіге береміз деп сенемін.
-Сұхбатты даярлау барысында сайттарыңызға кіріп жалпы жаңалықтармен танысып шықтым. Өзіңіз айтып өткендей, сіздер шетелде тұратын қандастарға қазақ тілін оқытады екенсіздер? Әрине, бұл қуанарлық жайт. Осы жасап жатқан игілікті істеріңіз жайлы мол мағлұмат бере кетсеңіз?
-Әлемдік өркениетте әрбір іргелі мемлекет өз тілін, әдебиеті мен мәдениетін халықаралық деңгейде танытуды, сол арқылы ұлттық тілдің мәртебесі мен әлеуетін көтеруді басты мақсаттарының бірі санайды. Бұл ретте неміс тілін үйрететін «Гёте институты», испан тілін ілгерілететін «Сервантес институты», түрік тілін дәріптейтін «Юнус Эмре институты», ағылшын тілін және мәдениетін насихаттайтын Британдық кеңес, сондай-ақ орыс тілі, әдебиеті мен тарихын әлемге таныстыратын «Русский Мир қоры» өз қызметін жүйелі түрде жолға қойып, әлемнің түрлі елдерінде кең ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осындай тәжірибелерді негізге ала отырып, қазақ тілінің қолданылу өрісін кеңейту және қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде дәріптеу мақсатында «Абай институты» жобасы жүзеге асырылды. Институттың құрылып, қазіргі жолға түсуіне қаншама мамандар еңбек еткенін айтуымыз керек. Бағдарлама 2020 жылы іске қосылып: Вашингтон қаласы (АҚШ), Ыстамбұл қаласы (Түркия), Омбы қаласы (Ресей) Антверпен қаласы (Бельгия), Горган қаласы (Иран) қалаларында 5 мектеп ашылған. Ал 2023 жылы әлемнің 9 мемлекетінде 10 офлайн сынып ашты. Биыл: Омбы, Ұланбатыр, Ыстамұл, Анкара, Париж, Вена, Лос-Анджелес, Будапешт сияқты 8 қалада қазақ тілі курсы жұмыс істеп тұр. Абай институты қазақ тілін үйретуге арналған әдістемелік құралдардың дамуына да барынша үлес қосып келеді. 2021 жылы Шетелдегі қандастарға арналған «Қазақ тілі әмбебап оқулығы» әзірленіп; А1 қарапайым, А2 базалық деңгейлері, 2022 жылы В1 орта және В2 ортадан жоғары деңгейлері дайындалып, www.abai.institute порталының «Кітапхана» бөліміне жүктелген. Бұл құралдардың игілігін көріп жатқан оқытушылардың бар екені қуантады. Нақтырақ айтар болсақ, Абай институты аясында қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде үйретуші мамандарға оқу-әдістемелік қолдау көрсету мақсатында жыл сайын онлайн біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылады. Биыл да «Қазақ тілін үйрету: отандық және шетелдік тәжірибе» деген тақырыппен біліктілік арттыру курсын абыроймен ұйымдастырдық. Олай дейтінім, курсқа әлем бойынша 80 адам тіркеліп, 52 маманға сертификат берілді. Онлайн форматта өткен бұл курста шетелде қазақ тілін үйретіп жүрген мамандар www.abai.institute сайтына жүктелген әдістемелік құралдар мен бейнесабақты қолданатынын үнемі тілге тиек етіп, алғысын айтып отырды. Бұл дәйек бізді шабыттандыра түседі. Шетелде Абай шығармашылығын, қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттау жұмыстарын қолдап, ұйымдастыру шараларына да қатысатын институт қазір уақытта, жоғарыда өзіңіз атап өткен Абайдың 180 жылдығына орай офлайн тіл үйренушілермен ашық сабақ өткізуге даярланып жатыр.
-Тағы бір сұрайын дегенім, сайттарыңыздан «Димаш әндері арқылы тіл үйрену» деген сөзді кездейсоқ оқып қалдым. Бұл қандай тәсіл? Мұны да ашалап айтып берсеңіз?
-Әнші Димаш Құдайбергеннің әлемдегі жанкүйерлері қазақ тілін үйрену үшін офлайн курстарымызға жиі келеді. Қазақ тілі- әуезді тіл ғой. Ал осы әуезді тілді ұлттық мақтанышымыз Димаш Құдайберген арқылы ән тыңдағанда әлемде бір құбылыс орнағандай болды. Димаштың фонаттары қазақ тілін үйренуге ықыласты екенін көрдік. Әншінің продюсерімен жолығып, қазақ тілін үйренгісі келетін фанаттардың көбіне қай әнді таңдап алатыны да анықталды. Осылайша, егер Абай институтының негізгі мақсаты қазақ тілін үйретуге арналған әдістемелік құралдарды бір жерге топтастыру, тіл оқуға көмек көрсету болса-онда неге Димаштың әні арқылы үйреншілерді қолдамасқа?! Осы мақсатта «Димаштың әні арқылы тіл үйрену» деген бөлім жұмыс жасап тұр.
-Қателеспесем шетелдегі қазақ диаспорасына арналған А1, А2, В1, В2, С1 іспетті әмбебап оқулықтар даярлайды екенсіздер? Әйгілі орыс ғалымы А.Н. Колмогоров «Оқулық жазу ұшақ жасаудан да қиын» депті. Бұл оқулықтарды кімдер жазады? Жазғанда қандай кәсіби талаптарға сүйенесіздер?
-Абай институты жалғыз емес қой. Мемлекеттік тілді халықаралық және ұлттық стандарттарға сай жетілдіру мақсатында қазақ тілінің әр деңгей аясында қолданылатын, белсенді лексика бірліктерін, грамматикалық құрылымдар минимумын әзірлеу, осы бағытта ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу бүгінгі күнде өзекті. Соныдықтан «Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығындағы» басқа да бөлімдердің еңбектері мен қажыр - қайратына арқа сүйейді. Атап айтқанда, Тіл- Қазынада «Әдістеме LAB» бөлімі бар. Онда мықты ғалымдар қызмет етіп жатыр. Зерттеушілердің әдістеме саласындағы зерттеу жұмыстарын практикалық тұрғыда Абай институты да жүзеге асырады. Оқулықты жазуда әлемдік тіл үйрету әдістемесі ғылымында қалыптасқан және қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориясы мен практикасында тиімділігі дәлелденген әдістемелік талаптар басшылыққа алынады. Оқулық контенті коммуникативтік және жеңілден күрделіге ұстанымдары, геймификация әдістеріне негізделеді. Оқу материалдары әр деңгейге сәйкес лексикалық минимумдарды және сөйлеу әрекетінің төрт түрін игеруге бағытталды.
-Институттың алдағы жоба-жоспары, келешекте қандай жұмыстарды қолға алғалы отырсыздар?
-Абай институты жобасы аясында ашылған шетелдік офлайн/онлайн курстарда қазақ тілін үйренуге арналған алдыңғы қатарлы IT платформаларды, оның ішінде https://tilqural.kz/, балаларға арналған http://balatili.kz/, қазақ тілінің орфографиялық электронды базасын https://emle.kz/, бекітілген терминдер базасын https://termincom.kz/ палтформалары мен https://tilalemi.kz сайтында орналасқан оқу-әдістемелік құралдарды толық пайдаланады.
Байқасаңыз, Абай институтының сайтында А1 деңгейлі қазақ тілінің бейнесабақтары тұр. Биыл В1 деңгейінің бейнесабақтарын дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Осылай қазақ тілін үйренудің жоғарғы деңгейіне дейін бейнесабақ түсіріліп шықса, әлемнің қай нүктесінде жүрсе де, кез келген адам қазақ тілін өз бетімен үйрене алар еді. Цифрлық контентті байыту- біздің күн тәртібімізден түспейді. Себебі технологияның қарышап дамуы- білім беру, оның ішінде жасанды интекллект арқылы тіл үйренуге мүмкіндік ашты. Біздің ендігі жоспар осы мүмкіндіктер аясында өрбитін болады.
-Әңгімеңізге көп-көп рахмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.