Басты бет
/
Авторлар
/
Д
/
Дүкен Мәсімханұлы

Дүкен Мәсімханұлы

І. Өмір жолы

     Белгілі қазақ ақыны, әйгілі аудармашы, көрнекті қытайтанушы-ғалым Дүкен (азан шақырып қойған есімі - Дулат) Мәсімханұлы  1963 жылы 20 сәуірде  Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Ақши деген жерінде   өмірге  келген. 

Дүкен Мәсімханұлына ақындық-шығармашылық қабілет пен қайраткерлік қасиет оған  атаның қанымен, ананың ақ сүтінем дарыған деуге негіз бар. Әкесі Мәсімхан Нақысбекұлы өз ортасына белгілі дін қайраткері, ұзақ жылдар ауыл имамы болған. Анасы Дәмеш Тұрлыбайқызы жас кезінде  белгілі айтыс ақыны ретінде танылған,  сондай-ақ халықтық жыр-дастандар мен ертегі-аңыздардың денін жатқа білетін енекөкірек кісі еді. Ал Дүкен Мәсімханұлының атасы – Нақысбек Жалпетекұлы 25 жасынан 75 жасында өмірден озғанға дейін  болыстық қызметте болып, ел басқарған көрнекті ел ағасы. Ол тарихта «Нақысбек шешен» деген атпен де белгілі. 

Д.Мәсімханұлы 1982 жылы туған ауданынан орта мектепті үздік бітіріп,  сол жылы Пекиндегі Орталық ұлттар университетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын  аудармашы-филолог мамандығы бойынша  1987 жылы бітіргеннен кейін, жолдамамен  Үрімжі қаласындағы ҚХР ШҰАР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтына бөлініп, онда  1987-1993 жылдары ғылыми қызметкер болып жұмыс  істеді.

1993 жылы ҚР Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен тарихи Отаны Қазақстанға оралған. Келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін Қазақстанда біржола қалып, ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етті. 2000-2002 жылдары  аталған кафедраға басшылық жасады.

1999 жылы академик Р.Нұрғалидың жетекшілігімен «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея(ХХғ. 20-50жж.)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 2008 жылы «Қазақ және Қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары негізінде)» деген тақырыпта  докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

2002 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ұстаздық қызметке шақырылып,  Астанаға қоныс аударды.

2003-2009 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті шығыстану кафедрасының доценті,  меңгерушісі; 2010-2019 жылдары ЕҰУ Филология факультеті  қытай филологиясы  кафедрасының профессоры,  меңгерушісі  болып қызмет атқарды.

2019-2020 жылдары ЕҰУ жанындағы Қытайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры

2020 жылдың маусым айынан қазірге дейін  Алматы қаласындағы ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры.

 

ІІ. Шығармашылық жолы

Шығармашылық жолын университет қабырғасында жүргенде бастаған Дүкен Мәсімханұлының қазірге дейін 40-дан астам кітаптары (әдеби, ғылыми-зерттеу және көркем аударма) жарық көрді. Бұдан сырт Дүкен Мәсімханұлының 500-ге жуық ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық және әдеби-сын мақалалары еліміздің іші-сыртындағы беделді ғылыми басылымдарда жарияланды. 

Сондай-ақ Д.Мәсімханұлы проза бағытында да үзбей қалам тартып келеді. Бүгінге дейін оның «Семген сезім», «Біздің нояндар», «Мысық дауысы», «Мао өлген күн», «Мұқаман мұғалім» секілді әңгіме-повестері республикалық және шетелдік түрлі басылымдарда жарық көрді. 

Сонымен бірге Д.Мәсімханұлы әр жылдары Коңфуцзы, Ли Бай, Ду Фу, Бо Цзюйи, Ваң Вэй, Мэн Хаоран, Ба Цзинь, Лао Шэ, Ай Циң, Мао Дун, Юй Гуанчжуң, Ван Мэң, Мо Янь, Чжаң Чэңчжы, Те Ниң, Бэй Дао, Гу Чэң, Чи Цзицзянь,Чэнь Дуңдуң, Чжау Лихуа, Диң Даң, Цао Шүй т.б. қытай ойшылдары мен әйгілі қаламгерлерінің таңдамалы шығармаларын түпнұсқадан тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынып келеді.

2010 жылы қазіргі ҚР Президенті (ол кезде ҚР Сенат төрағасы)  Қ.К.Тоқаевтан   қытайша-қазақша сөздік құрастыру туралы арнайы тапсырма алып, нәтижесінде жұбайы PhD доктор, доцент Айнұр Әбиденқызы екеуі он жылдай уақыттарын сарп етіп, қазіргі қытай тілінің 80 мыңға жуық сөзі мен сөз тіркесі қамтылған 110 баспатабақтан тұратын іргелі еңбекті – «қытайша-қазақша үлкен сөздік» деген атпен 2017 жылы жарыққа шығарды.

Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысының басты бағыттары: Қазақ-қытай әдебиеттерін салыстыра зерттеу; Қазақ-қытай мәдени-рухани қарым-қатынастарының тарихы; Қытай әдебиеті тарихының өзекті мәселелері; Қытадағы және Жапониядағы түркологиялық деректер мен зерттеулер; Қытай деректері негізінде ежелгі түркі мәдениетін зерттеу.

 

ІІІ. Басты шығармалары 

1. ЖЫР  ЖИНАҚТАРЫ

1. «Жүрекке саяхат» (жыр жинағы. 1991ж. ҚХР, Үрімжі). 

2. «Қарлығаш» (ұжымдық жыр жинағы, 1995ж. Алматы)

3. «Семсер суы» (жыр жинағы. 1998ж. Алматы). 

4. «Көкпар» (жыр жинағы. 2003ж. Алматы). 

5. «Алтынның буы» (жыр жинағы. 2007ж. ҚХР, Пекин) 

6.  «Алкүрең арман» (жыр жинағы. 2008ж. Астана). 

7. «Өз аспаным өзімде» ( жыр жинағы, 2014ж. Астана).

8. «Сап, сап көңілім» (жыр жинағы, 2020 ж. Алматы)

9. Жүрегімнің жұмбағы (жыр жинағы, 2023ж. – Алматы)

10. «Алтай би» (тарихи дастан, 2024ж. Алматы)

 

2. ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ ЕҢБЕКТЕРІ

11. «Жыр-Жебе» (монография, 2000ж. Алматы). 

12. «Сарап» (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы, 2001ж. Астана). 

13. «Сөз – желкен» (монография, 2005ж. Алматы). 

14. «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2007ж. Аламаты).

15.«Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (монография, 2010ж. Павлодар). 

16. «Қытай тілі фонетикасының негіздері» (телавтор – Қ.Мамытан, оқулық, 2002ж. Алматы). 

17. «Қытай филологиясына кіріспе» (телавтор А.Әбиденқызы, оқулық, 2004ж. Астана). 

18. «Лу Шүн әлемі» (оқу құралы, 2007. Астана). 

19. «Лу Шүнтану дәрістері» (оқулық, 2011. Астана). 

20. «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы» (ғылыми мақалалар жинағы. 2012ж. Астана) 

21. «Қытай туралы қырық сөз» (ғылыми-зерттеу еңбектерінің жинағы, 2014ж. Астана). 

22. «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2014ж. ҚХР Үрімші. Төте жазумен). 

23. «Азаттығым мен Қазақтығым» (көсемсөздері мен пәлсапалық толғамдар жинағы, 2014ж. Астана). 

24. «Дүкен Мәсімханұлы. Таңдамалы (үш томдық)» (І том: монографиялар. 2016ж. Астана).

25. «Дүкен Мәсімханұлы. Таңдамалы (үш томдық)» (ІІ том: әр жылғы зерттеулер. 2016ж. Астана). 

26. «Дүкен Мәсімханұлы. Таңдамалы (үш томдық)» (ІІІ том: әр жылғы зерттеулер. 2016ж. Астана). 

27. «ТҮРКОЛОГИЯ. Дүниежүзі түркологиясының тарихы» (ұжымдық монография, 2016ж. Алматы)

28. «ТЮРКОЛОГИЯ. История всемирной тюкологии»(коллективная монграфия, 2016 г. Алматы)

29. «TURKOLOGY. The History  of Global Turkology» (Multi-authored monograph,2016. Almaty)

 30. «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» (Құрастырғандар: Д.Мәсімханұлы, А.Әбиденқызы. 2018ж. Алматы). 

 31. «Основные фонетические знании китайского языка», соавтор – А.Абиденкызы, Д.Кулмаганбетова). Учебная пособия. 2020г.  Алматы)

 32.  «Ұлт пен рух» ( ғылыми зерттеулер жинағы, 2022ж. Алматы)

33.  «Новый Казахстан и страны Востока в меняющемся глобальном контексте» (коллективная  монография, 2022г.   Алматы) 

34. Шығыс әлемі: аңыз бен шындық (әр жылғы зерттеулер, 2023ж. – Алматы )

35. «Қытайдағы түркологиялық деректер мен зерттеулер» (монография, 2023ж. – Алматы)

36. «Қытай компартиясының Шынжаңдағы ұлттық саясаты» (монография, телавтор -  проф. Н.Мұхаметханұлы, 2024ж. – Алматы)

 

3. АУДАРМА ЕҢБЕКТЕРІ

37. «Жер шарының қызыл белдеуі» (аударма, роман. 1992ж.Үрімжі).

38. «Лу Шүн.Повесть және әңгімелер» (аударма, 2009. Астана). 

39. «Дүкен Мәсімханұлы. Қытай әдебиетінен таңдамалы үлгілер. І том, Лу Шүн таңдамалы шығармалары» (аударма,  2017ж. Астана). 

40. «Дүкен Мәсімханұлы. Қытай әдебиетінен таңдамалы үлгілер. ІІ том, Мао Дун. Түн (роман)» (аударма,  2017ж. Астана). 

41. Ба Цзинь. Әулет (роман, аударма. 2019ж. Алматы)

42. Мао Дун. Түн (роман, аударма. 2019ж. Алматы)

43. Лу Шүн. Қояншықтың қолжазбасы (әңгімелер, аударма. 2019ж. Алматы)

44. «Д.Мәсімханұлы.Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» І том (аударма,  5 томдық, 2023ж. – Алматы)

45. «Д.Мәсімханұлы.Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» ІІ том (аударма,  5 томдық, 2023ж. – Алматы)

46. «Д.Мәсімханұлы.Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» ІІІ том (аударма,  5 томдық, 2023ж. – Алматы)

47. «Д.Мәсімханұлы.Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» ІV том (аударма, 5 томдық, 2023ж. – Алматы)

48. «Д.Мәсімханұлы.Қытай қаламгерлерінің таңдамалы шығармалары» V том (аударма, 5 томдық, 2023ж. – Алматы)

 

4. БАСПАҒА  ӘЗіРЛЕГЕН  ЕҢБЕКТЕРІ

49. Ө.Тілеуқабылұлы. «Шипагерлік баян» (халықтық медициналық трактат. Төте жазудан қотарып, баспаға  әзірлегендер – Д.Мәсімханұлы, К.Елемес. 1996ж. Алматы)

50. Ш.Әлғазыұлы. «Атамекен» (Өлеңдер жинағы.  Құрастырып, алғы сөзін жазғандар – Д.Мәсімханұлы, Ж.Аупбаев. 2005 ж. Алматы)

51. Н.Ә.Назарбаев. «Көші-қон және қазақ әлемі» (мақалар мен сұхбаттар. Құрастырып, алғы сөзін жазғандар – Д.Мәсімханұлы, М.Қасымбеков. 2017 ж. Астана))

 

IV. Д.Мәсімханұлы туралы еңбектер

1. «Дүкен Мәсімханұлы. Шығармашылық және азаматтық келбеті»(Д.Мәсімханұлы туралы мақалалар және шығармаларының библиографиялық көрсеткіші. Құрастран  – А.Әбиденқызы. 2014ж. Астана). 

2. «Ғалым. Ұстаз. Ақын. Аудармашы.Азамат»( (Д.Мәсімханұлы туралы мақалар жинағы, Құрастырған – А.Тұрлығожаева. 2023ж.  Алматы)

3. «Дүкен Мәсімханұлы  шығармаларының библиографиялық көрсеткіші» (Құрастрған – Н.Дарбай. 2023ж. – Алматы )

4. Филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлының 60жасқа толуына арналған «Қазақстан және Шығыс елдері: тарихи-мәдени және саяси ынтымақтастықтың жаңа қарлары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. (мақалар жинағы, 2023ж. Алматы)

5. Орхан Сөйлемез, Өмер Фарух Атеш. « Дүкен Мәсімханұлы және оның поэзия әлемі» (монография және Д.Мәсімханұлы таңдамалы өлеңдерінің түрікше аудармалары, 2025ж. Түркие, Анкара.)

 

V. Сыйлықтары мен марапаттары 

 

Д. Мәсімханұлы бүгінге дейін – 

- «”Оғызнама” туралы зерттеу» деп аталатын еңбегі үшін Қытайдың «аз ұлттар әдебиетін зерттеу саласындағы үздік еңбек» сыйлығы (1990 ж.);

- Ғылыми-зерттеу мен әдеби шығармашылықтағы көрнекті жетістігі үшін бүкілқытайлық жастар сыйлығы (1991 ж.); 

- Әдеби шығармашылық және аударма саласындағы жетістіктері үшін ҚХР Жазушылар одағының «Тың талант» сыйлығы (1992 ж); 

-  «Қазақстан  тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі (2001 ж.);

- «Қазақстан  тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі (2011 ж.);

 - «Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі (2016 ж.);  

- «Астана қаласына  20 жыл» мерекелік медалі (2018 ж.); 

- ҚР «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы  (2010 ж.);

 - ШЫҰ-ның (Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы)  «Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық» сыйлығы  (алтын медаль. 2012 ж.);

- Ғылыми-зерттеу саласына және жас мамандар даярлау ісіне сіңірген елеулі еңбегі үшін  ҚР Ғылым және білім министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі (2013 ж.);

-  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»  атағы (2013 ж.);

-  Қазақстандағы ҚХР-ның Елшілігінің Құрмет грамотасы (2016 ж.);

 -  «Парасат» ордені (2022 ж.) 

- Халықаралық TURKSOY ұйымының алтын медалі (2023ж.)

-  ЕҰУ «Күлтегін» төсбелгісі (2023ж.)

- ҚР ҒЖБМ «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі (2024 ж.); 

-  «Райымбек ауданының құрметті азаматы»  атағы(2024 ж.);   

 - «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалі  (2025 ж.); 

- ҚХР Жазушылар одағының «Қытай әдебиетінің досы» сыйлығы(2025ж.) секілді көртеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері. 

Сондай-ақ ол ақын ретінде  бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жыр мүшайраларының жүлдегері. Түркияның Елазығ қаласында өткен түркітілдес елдер ақындары  фестивалінің (2011ж. және 2022ж.), Тайландттың Бангкок және Паттая қалаларында өткен дүниежүзі ақындарының поэзия фестивалінің (2024ж.) дипломанты.

 

VI. Қоғамдық қызметі

– Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі;  

– Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі (2003-2015). 

– Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі; 

– Дүниежүзілік қытайтанушылар  қауымдастығының мүшесі. 

– Қазақстан Республикасы Синологтар  қауымдастығының мүшесі. 

– ЮНЕСКО-ның  «Әлемдік жады» бағдарламасының  Қазақстан Республикасындағы Ұлттық комитетінің мүшесі . 

–  «Қазақстан шығыстануы» ғылыми журналының Бас редакторы.

 – Қырғызстан ОшМУ  «Шығыстану мәселелері» хабаршысы редакция алқасының мүшесі. 

– Әзірбайжан  Ғылым орталығы «Ежелгі дала» ғылыми журналы редакция алқасының мүшесі.  

 –  Қазақстан «Әлем әдебиеті» журналы редакция алқасының мүшесі, 

– Халықаралық  ақындар ПЕН клубының басқарма мүшесі; 

– Халықаралық  ақындар ПЕН клубы Алматы филиалының Төрағасы; 

Дүкен Мәсімханұлының өлеңдері мен  ғылыми-зерттеу еңбектері бүгінге ағылшын, жапон, қытай, орыс, польша,  түрік,  қырғыз, ұйғыр  тілдеріне аударылған.

Ол қазақ, қытай, орыс, түрік, ұйғыр, қырғыз, өзбек,  ағылшын (сөздікпен)  меңгерген. 

Көп оқылғандар