Басты бет
/
Авторлар
/
Н
/
Нұрдәулет Ақыш

Нұрдәулет Ақыш

Нұрдәулет Бабиханұлы Ақыш

1950 жылы 15-маусым күні Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы Покровка (қазіргі Маңырақ) ауылында өмірге келген. Еңбек жолын осы аудандағы Жаңа Бозша ауылында қызыл отау меңгерушісі болып бастады. 1969-1973 жылдары Абай атындағы ҚазПИ-ның филология факультетін қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Одан соң Кеңес армиясы қатарында қызмет етіп келіп, туған ауданында аудандық оқу  бөлімінің инспекторы болып жұмыс істейді. 

Кейін Алматыға қоныс аударған соң, ұзақ жылдар бойы республикалық мерзімді баспасөз редакцияларында, кітап баспалары мен білім-ғылым саласында әр түрлі қызметтер атқарған. Солардың ішінде ұзағырақ істегендері – «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Заң» сияқты газет-журнал редакциялары мен Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы. Кейінгі жұмыс орны және лауазымы  – ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бас ғылыми қызметкер. 

Студент кезінде республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде «Қиянда» атты әңгімесімен көрінген қаламгер – бүгінгі таңда көптеген прозалық шығармалардың авторы.

Н.Ақышты жазушы ретінде таныта бастаған – 1977 жылы респуликалық  жабық конкурста жүлделі орынға ие болған «Жұмбақ іздер» атты шытырман оқиғалы повесі.  Жас оқырмандарға арналған бұл туынды бүгінгі күнде де балалар әдебиетінің тарихында аталып келеді. Жазушы әңгіме жанрында да үздіксіз еңбек етуде. Атап айтар болсақ, 1978 жылы Бердібек Соқпақбаев жылы лебіз білдірген «Қоңыр өгізден» бастап олардың арасынан  «Кәрі қыз», «Нағыз әже қайда?», «Көлік үстіндегі «қызыл көз», «Жаза», «Бұрынғы бастықтың әйелі», «Төрге шыққан кім?», «Жалғыздың шешесі», «Сынық домбыраның сазы», «Көнбіс бәйбіше», «Байлар кварталында», «Қалмақтан қашқан Қыстаубай», «Үнсіз қоштасу», «Махаббатпен арашалау», «Зары өткен перзент», «Сыйлашы жұлдыздарын жанарыңның» және басқаларын атауға болады.

Ал әр түрлі тақырыптарға жазылған «Күрмеуі қатты түйіндер», «Ұлы ғашықтар құрпағы», «Өксікті өмір», «Батпақты тоғай басында», «Ұры қыздың тағдыры», «Сезім жетегіндегі жігіт», «Рақымсыз көктем» және басқа повестері де  – оқырман назарын аударған шығармалар. 

Жазушы «Аласа таулар аясында», «Алтынсарин алауы»,  «Афанасий Латута» тәрізді романдардың да авторы. Олардың  кейінгі екеуі тарихи тақырыпқа арналған. 

Қаламгердің көркем шығармалары қазақ және орыс сыныптарына арналған мектеп оқулықтарына да енген.

Сондай-ақ, Н.Ақыш есімі бүгінгі әдеби процесті зерттеуші ретінде белсенді әдебиеттанушы ғалымдардың қатарында да аталып келеді. Әдеби сын саласына ерте араласқан ол 2004 жылы кандидаттық, 2009 жылы докторлық диссертация қорғаған. «Қазақ әдебиеті тарихы» академиялық көп томдығының 8-9–томдарын және көтпеген ғылыми жобалардың  авторларының бірі. «Зұлмат жылдары қазақ прозасында», «Қазақ мемуарлық романы», «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» (Екітомдық) деген жеке монографиялары жарық көрген. «Замана рухы» атты әдеби-сын мақалалары жинағы да  – осы саладағы таңдаулы еңбектерінің қатарында. Қазіргі таңда қазақ романдарын ұлттық тәуелсіздік идеясы тұрғысынан зерттеушілердің және         төл әдебиетіміздің тәуелсіздік дәуіріндегі прозалық шығармаларын  ғылыми айналысқа түсіруші әдебиеттанушылардың санатында.

         Н.Ақыш – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық ТүрікСОЙ медалінің, «Мәдениет саласының үздігі», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің, халықаралық «Жамбыл» және «Махамбет» сыйлықтарының иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі конкурсының, Жастардың «Жігер» фестивалінің жүлдегері, «Қазақстанның құрметті жазушысы»,  Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы.

                                 Жарық көрген кітаптары:

«Жұмбақ іздер» (1980, «Жалын»); «Үндемейтін ұл» (1982, «Жалын»), «Қиырдан келген көгершін» (1984, «Жалын»), «Сынық домбыраның сазы» (1986, «Жалын»), «Таң алдындағы дабыл» (1987, «Жазушы»), «Необыкновенное лето» (1989, «Жалын»), «Жатақхана қыздары» (1990, «Жазушы»), «Ұры қыздың тағдыры» (2001, «Нұр-Принт-75»), «Алтынбек» (2003, «Балауса»), «Зұлмат жылдары қазақ прозасында» (2005), «Қазақ мемуарлық романы» (монография), «Бейуақта жанған от» (2010 ж. «Нұр-Принт»-75), «Шығармалары» (1-2 томдар, 2011) «Момақан қыз» (2011, «Таймас), «Замана рухы» (2014), «Рақымсыз көктем» (2016), «Аласа таулар аясында» (2020), «Алтынсарин алауы» (2021), «Необыкновенное лето» (2021), «Тау ішіндегі тауқымет» (2021), «Нағыз әже қайда?» (2022), «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» (1-2 томдар), «Тау ішіндегі тауқымет» (2023), «Момақан қыз» (2025).

Көп оқылғандар