Тұрсынбек Кәкішев
Тұрсынбек Кəкішев 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Бөрлі аулында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші. Филология ғылымының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979). Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1950), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген (1960). 1944–1945 жж. Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгеруші, 1950–1958 жж. Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960–1968 жж. Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер. 1968 жылдан ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, профессор, филологияның сырттай (1978–1985), күндізгі (1985–1986) факультеттерінің деканы, көп жыл осы университеттің филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі, профессоры болған. Тұрсынбек Кәкішұлы 2015 жылы 7 қыркүйекте өмірден өтті.
Қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өнімді еңбек етіп келеді. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1–2-кіт., 1967), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан-Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды.
Қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографияларын жазды. Соңғы еңбегі жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді. «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Жасампаз өлке» (1989), «Сандалтқан «садақ» (2002) сияқты ғылыми-көпшілік кітаптары қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын іздестіру барысында өмірге келді. «Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) жинақтары, «Мағжан-Сәкен» ғылыми эссесі (1999), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002) кітаптары жарық көрген. Сәкен шығармаларының көп томдығының құрастырушысы (10 томы шықты).
Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Шығармалары: Қазақ әдебиет сынының тарихы. Оқу құралы. «Білім», 2003; Сәкен аялаған арулар. «Атамұра», 2004; Дәуір дауылпазы. «Қазығұрт», 2004; Толғам. «Қазақ университеті», 2004; Сәбит Мұқанов (К.Ахметпен бірге). «Арда», 2005; Кәкішев Тұрсынбек. Библиография. А., 1997; Дала дауылдары. Ғұмырнама. А., 2005. Әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері (Ж.Смағұловпен бірге). «Қазақ университеті», 2006; Саңлақтар. «Ана тілі», 2007; Көп томдық шығармалар жинағы. І том. «Қазығұрт», 2008;
Көп оқылғандар
Сағындық Рахымжан. «Инженю...» (әңгіме)
Өркениеттік өлшем: сана дағдарысының қазіргі сәті
Тарыдай болып кіресің...
Төлен Әбдік. Ол кезде бәріміз бақылауда болдық
Жүз кітапты қалай насихаттаймыз?
Айнаш Қасым. Сол қол (әңгіме)
Қазақ ертегілеріндегі фантастикалық элементтер
Ертегілер – көркем ойдың бесік жыры
Нұрбек Нұржанұлы. Қаһарман құмырсқалар (хикаят)
Ғабдул-Сәбит Юсупов. Детектив – күрмеуі қиын, күрделі жанр
Тіл білімінің атасы
«Көк есектің» кейіпкерлері кім?
Шәріп Айтмуханбетұлы. Әріптер тілдің тағдырына айналғанда
«Әдебиет танытқышты» тани алдық па?
Асылдың тұяғы, алтынның сынығы алпыс жаста
Көл қорыған қызғыш құс секілденіп...
Мақсат Тәж-Мұрат. Көксіл - ауа тұрғыны-2 (элегия#минор)
Жадыра Шамұратова. Нөлінші қабатта жоғалу
Таңдаулы 100 кітап анықталды
Абай тойы қалай өтті?
Айнаш Қасым. Ақ пен қара
Жарық пен көлеңкенің арасын жазу
Маржан Ершу. Жаңғырық (мистикалық микропоэма)
Жазушы және socialnetwork: идиократия қақпанында
Жазушы Қуандық Түменбай жетпіс жаста
Мұхарбек Жәкейұлы. Ай жарығында оқылған хат
Балалар әдебиеті кітаптарын мектепте қалай насихаттау керек? (Заманауи трендтер мен бағыт-бағдарлы әдістеме)
Нұрпейіс Байғанин – ұлт жыршысы