Рүстем Нұркенов. Таласбек Әсемқұловтың мелосферасы – көңіл түкпіріндегі күй
Бөлісу:
Белгілі жазушы, кинодраматург, күйші, әдебиет және музыка сыншысы Таласбек Әсемқұлов бүгін көзі тірі болғанда 70 жасқа толатын еді. Осыған орай эрудит, саңлақ өнерпаздың зерделі шәкірті Рүстем Нұркеновтың төмендегі мақаласын арнайы жариялап отырмыз.
Кіріспе орнына
Таласбек Әсемқұлов жайлы мақала жазуға ниеттенгенімізге талай жыл өтті. Қанша рет бастасақ та, жазғанымыз көңілімізден шықпай, өшіріп тастай бердік. Бірнеше нобай осылайша компьютер жадынан жоғалды. Өйткені жазғанымыз қарабайыр көрініп тұрды. Өмірі мен шығармашылығы, ерекшелігі мен жаңашылдығы... Мұның бәрі бұрын да жазылды, әрі болашақта түрлі қырынан әлі талай жазыла береді. Ал біз басқа жолды таңдадық. Таласбектің өнерін қазақ тілді ортада тың қырынан, көп айтылмайтын әрі академиялық білім беруде де сирек қолданылатын «мелосфера» ұғымы арқылы таныстыруды жөн көрдік.
Мақаланың бас буыны
Күйшінің тұлғасы дәстүрлі өнерде әрқашан ерекше орын алады. Ол өзіне дейінгі өнерді дайын күйінде қабылдап, оны жалғастырады. Бірақ жалғастырғанда сол қалпында қайталамайды, оны жаңаша кейіпке енгізіп, дәстүрге өз жаңалығын қосады. Қазіргіше айтсақ, бұл - интерпретация. Мұндай интерпретация дегеніміз өз бетінше ойға келгенді жөн-жосықсыз қоса беру емес, керісінше, күйшінің ішкі түйсігіне сүйеніп, дыбыс пен қағысты түрлендіру. Сөйтіп, күйді өзінше жаңа қырынан сөйлетеді. Әр күйші мұны әртүрлі жасайды. Бірі бағытты түбегейлі өзгертеді, енді бірі там-тұмдап қана өз «көңіл күйін» құяды. Ал осы түрлендірудің бастауы қайда десек, жауабы күйшінің өз мелосферасында жатқандай.
Изалий Земцовский есімді орыстың атақты музыкатанушы ғалымы деген бар. Қазір жасы тоқсаннан асқан. Өзі қазаққа күйеу бала. Алма Құнанбаева есімді музыкатанушы ғалым апамыздың жан жары. Екеуі қазір Америкада тұрады. Біз идея ретінде алған «мелосфера» ұғымы сол Земцовскийдің ойлап тапқаны. Алғаш рет бұл ұғымды 1992 жылы өз мақаласында қолданған.
Мелосфера деген не? Мелосфера - адам өмір бойы естіп (тыңдап) келген дыбыстардың жан дүниесінде қалдырған ізі мен сол іздің мағынаға айналған ішкі әлемі (кеңістігі).
Бұл жазғанымыз анықтаманың барынша қарапайымдалған түрі. Әрине, құр анықтамамен бірден түсіну қиын. Сондықтан нақты мысалмен көрсетіп көрейін.
Мысалы, адам бала күнінде әжесінің бесік жырын естіп өсті делік. Жылдар өте ол жырдың сөзін ұмытты, бірақ әуені мен сол кездегі күйі, яғни әлди сөз, күлімдеген көз, жылы оралған бөз сияқты сезімдер жүрегінде сақталып қалады. Бір күні көшеде әлдекім дәл сол әуенді айтып тұрса, ұмытылғанымен, жан түкпірінде сақталған естелік оянып, жүрегі елжіреп кетеді. Бұл жай естелік емес. Бұл мелосфераның оянған сәті. Яғни, дыбыс сезімге айналады.
Біреулер мелосфераны түпсанамен шатастыруы мүмкін. Әлбетте, екеуінің арасында белгілі бір ұқсастық бар, екеуі де адамның ішкі жан дүниесінде сақталып, санаға әсер етеді. Бірақ түпсана дегеніміз бәрі бар, көп нәрсе қамтылған әлдеқайда кең ұғым. Ал мелосфера тек дыбыспен, музыкамен ғана байланысты. Бұл адам өмір бойы естіп келген әуендер мен дыбыстардың көңіл түкпірінде сақталып, сезім пернелеріне айналған кеңістігі. Сол пернелер кейде саналы түрде, кейде бейсаналы түрде шертіліп, ішкі сезімді оятып жатады. Осы мағынасында мелосфера дегеніміз түпсананың музыкалық қабаты деуге болады.
Орта буын
Әр күйшінің мелосферасы деп оның дыбысты қабылдау қабілетін, музыкалық танымын және орындаушылық ерекшелігін айқындайтын ішкі әлемі деп түсіндірдік. Бұл кеңістік (музыкалық қабат) бір күнде қалыптаспайды. Ол бала кезден бастап естіген дыбыстар арқылы біртіндеп жинақталып, адамның жан дүниесіне таңбаланып қалады.
Таласбек үшін бұл кеңістік, ең алдымен, бала кездегі ортадан басталған. «Талтүс» романында бұл жайлы жақсы жазылған. Атасы Жүнісбай бастаған көптеген өнерпаздардың тартқан күйлері, салған әндері, олардың айтқан әңгімелері мен шежірелері бәрі де мұның бәрі болашақ күйшінің санасына ұялап қалды. Кейіннен бозбала шағында көрген күйшілерді, Алматыға барғандағы кезін тағы қосып қойыңыз. Осылайша Таласбек өмір бойы «көкейге күй қондырған мектептен» өтеді, яғни өз мелосферасын қалыптастырады.
Алыстан іздеп керек емес, Таласбектің кейбір авторлық туындыларында осы бала күнгі мелосфераның ізі анық байқалады. Мәселен, кей авторлық күйлеріндегі иірімдер мен сарындар сол атасы Жүнісбайдың шерткен күйлерін еске салады. (Бұл ретте біз 1965 жылы жазылған Жүнісбай Стамбайұлының аудио таспасы мен 1975 жылы жазылған Т. Әсемқұловтың жазып қалдырған аудиожазбалары негізінде айтып отырмыз.) Бұл ұқсастық әдейі көшірілген дүние емес, керісінше, санада қалып қойып, жылдар өте келе қайта келген көріністің бір түрі. Яғни, бала кездегі дыбыстар есейген шақта өздігінен жаңғырып, жаңа күй тілімен қайта туады. Осыны мелосфераның түкпірінен қайта оянған байырғы үн деп қабылдасақ болады. Сөйтіп, дыбыс түпсанада емес, толысып-жетілген шығармашылықта өмір сүруін жалғастырады.
Кіші саға
Күйді әркім әртүрлі тартады. Біреудің тартуында сол күйдің айтар әңгімесі бірден байқалса, енді біреуде дәл сол күй ақымақтың сандырағына ұқсайды. Бұл айырмашылықты тек шеберлікпен немесе техникамен түсіндіру жеткіліксіз. Мұндай айырманың тамыры орындаушының ішінде жатқан дүние - оның естіп өскен ортасында. Яғни, әр домбырашының өзіндік мелосферасы бар. Біреуі дала консерваториясының (құйма-құлақ) тәлімін алса, енді бірі қала консерваториясынан (нота арқылы) оқып жетіледі. Әрқайсысының бойына сол тәжірибе сіңіп, бос тұрған кеңістікті толтырып, кейін жеке қабатқа айналды. Осы қабат арқылы домбырашы сыртқы күйді емес, ішкі үнін жеткізеді. Таласбектің өнерін де осы тұрғыдан түсінуге болады.
Жүнісбайдың жиенін тыңдағанда, домбырадан жай ғана дыбыс емес, бір мағынасы бар үн естілгендей болады. Білетін адамға әңгіменің, бір ойдың ізі сияқты. Тіпті бір қарасаңыз күйді ол емес, әлдебір басқа біреу тартып отырғандай, ал Таласбек жай ғана тыңдаушыдай әсер қалдырады. Бұл құбылыстың ғылыми түсіндірмесі бар ма, жоқ па қайдам, бірақ Тәкең күй шерткенде тыңдарманға жеткізу үшін алдымен (жарықтың жылдамдығынан да жылдам микросекундта) өзі тыңдап алатындай. Кейін ғана өзінің елегінен өткенді тыңдаушыға ұсынады. Сондықтан күйшіні тыңдау дегеніміз нақты бір ойды түсінуден бұрын, оның тыңдағанын тыңдау. Бұл жерде білім емес, түйсік керек. Таласбектің шерту мәнері шеберліктен бөлек, оның ішінде қалыптасқан дыбыс әлемінің тереңдігімен ерекшеленеді. Міне, осы оның мелосферасы.
Үлкен саға
Енді тыңдаушының мелосферасы жайлы бірер сөз жазсақ деп едік. Бір ғалымның жазғанынан оқығанымыз бар, күй адамға бірдеңені жаңадан үйретпейді, керісінше, бұрын ұмытылып кеткен, бірақ көңілдің түкпірінде жатқан бір сезімді қайта қозғайды. Кейде бұрын естімеген күйді тыңдап отырып, соны әлдеқашан білгендей, бір жерден таныс сияқты қабылдаймыз. Мелосфера деген осы ғой. Әр қазақ күйді тыңдағанда делебесі қозатыны да сондықтан.
Әр тыңдаушының музыканы қабылдау ерекшелігі оның жеке мелосферасына байланысты дедік. Ал бұл құбылысты ұлт деңгейінде қарастырсақ, оны «ұлттық есту танымы» деуге болады (Земцовский мұны «этнослух» деп атайды). Мәселен, қазақ тыңдарманы үшін күй - ең таныс дыбыстық жүйе болса, жапондарда - хогаку, үнділерде - рага сол рөлді атқарады.
Айтпай кетуге тағы болмас бір жәйт бар. Күй тыңдаушыға бірдей әсер ете бермейді. Кейбір тыңдаушы күйге «үңіліп», тереңдей алса, енді бірі селт етпеуі де мүмкін. Бұл күйдің кемшілігі емес, тыңдаушының ішкі есту сезімімен тікелей байланысты құбылыс. Күй тек сол дыбысты өз ішінде сақтап жүрген адамға ғана әсер етеді. Басқаша айтқанда, тыңдаушыда соған сай мелосфера болуы керек. Егер адам өмір бойы мүлде басқа мәдени ортада өсіп, басқа музыкалық тілді бойына сіңірсе, оның ішкі дыбыс кеңістігі де соған сай келеді. Яғни, мелосферасы да шетелдік болады.
Қорытынды
Таласбек Әсемқұловтың күйшілік болмысы мен орындаушылық мәнері тек шеберлікке емес, өмір бойы жинақталған мелосферасына сүйенеді. Ол күйді жай шертіп қана қоймай, өзі тыңдап өскен, жылдар бойы көңіл түкпіріне орныққан дыбыстарды қайта тірілтіп отырған. Осылайша бізге тек күй емес, күй арқылы күйшінің ішкі әлемі мен өмір тәжірибесі жетті. Сондықтан бүгінгі сіз тыңдаған Таласбектің күйі, оның кешегі мелосферасымен үнсіз тілдесу деп білгейсіз.
Бөлісу: