«Абай академиясы» цифрлық онлайн платформасы ашылды
Бөлісу:
Бүгін Абай онкүндігі аясында мерекелік шаралар ресми түрде басталды Соның алғашқысы — ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай әзірленген «Абай академиясы» энциклопедиялық порталының таныстырылымы болды. Қазақ руханиятына жаңа серпін беретін ауқымды цифрлық жоба платформасы 8 жабық және 10 ашық модельге негізделіп, бірнеше құрылымдық бөлімнен тұрады.
Портал кітапханасының қорында 2 мыңға жуық кітап жинақталған. Алдағы уақытта қор кезең-кезеңімен жаңа басылымдармен толықтырылып отырады. Кітаптардың қатарында сирек кездесетін басылымдар мен архивтік мұралар да бар. Пайдаланушылар мұрағат құжаттарымен электронды нұсқада тікелей танысу үшін мүмкіндік жасалған.

«Абай академиясы» цифрлық онлайн платформасындағы Авторлар бөлімі бұрын-соңды болмаған мүмкіндікті ұсынып отыр. Енді әрбір автор жеке парақша құрып, ғылыми және әдеби еңбектерін электронды түрде порталға жүктей алады. Автордың жеке парақшасы 3 негізгі модульден тұрады, осылайша әрбір жазушының шығармашылығын жүйелі түрде таныстыруға және кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді.

«Абай академиясы» цифрлық онлайн платформасындағы Медиа бөлімі — ұлы ойшылдың рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды медиа архив. Мұнда Абай туралы түсірілген көркем және деректі фильмдер, сондай-ақ аудио-бейнежазбалар бір ортаға топтастырылған.

«Абай академиясы» цифрлық онлайн платформасында ұлы ойшылды таныту мақсатында интерактивті тәсілдер қолданылады. Пайдаланушыға үш тілде ұсынылған «Абай жолы» геймификацияланған бөлімі арқылы Абай туралы базалық мәлімет алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, Абай чат-боты әзірленуде. Жасанды интеллектке негізделген виртуалды көмекші. Болашақта жүйе қолданушы қойған әрбір сауалға Абайдың өзі жауап бергендей әсер қалдыратын интеллектуалды модельмен толықтырылмақ.
Бөлісу: