«Ізгі ниетті ханзада мен қара ниетті ханзаданың хикаясы»
Бөлісу:
Ескі ұйғыр тілі дәуірінде жазылған «Принц Каляанамкара мен Папамкара» (Edgu Ogli Tigin ile Ayig Ogli Tigin) хикаясы – буддалық ұйғыр әдебиеті кезеңіндегі аса маңызды туындылардың бірі. Бұл шығарма ұйғырлардың чатик деп атаған хикая жанрына жатады. Бірі ізгі ниетті, екіншісі қара ниетті ағайынды екі ханзада – шығарманың негізгі кейіпкерлері. Ізгі ниетті ханзада тірі жандардың бір-біріне азап шектіруін болдырмау үшін Чинтамани асыл тасын табу мақсатымен сапарға аттанады. Шығармада осы сапар барысында қара ниетті ханзаданың ағасы ізгі ниетті ханзадаға жасаған опасыздығы мен ізгі ниетті ханзаданың асыл тасты іздеп табу жолындағы оқиғалары баяндалады.
Шығарманың негізгі қолжазбасы Францияның Париж қаласындағы Ұлттық кітапханасында (Bibliotheque Nationale) сақталған.
IX ғасырдың орта шенінде ұйғырлардың Дуньхуанға қоныстанған кезеңін және Шығыс Түркістанда орналасқан Дуньхуан үңгіріндегі кітапхананың XI ғасырдың басына қарай мөрленгенін ескере отырып, түркітанушы Джеймс Расселл Хэмилтон Франция Ұлттық кітапханасында (Bibliotheque Nationale) сақтаулы тұрған Париждегі нұсқаның қолжазбасының жазылған мерзімін
X ғасырдың орта шенінен кейінгі алғашқы онжылдықтарға жатқызуға болады деген тұжырым жасайды.
Хикаяның Париждегі нұсқасы 80 беттен тұрады және ұйғыр жазуымен,ескі ұйғырша қағазға түскен. Түркітанушы Габайн бұл мәтін тибет тілінен аударылған деп пайымдағанымен, Джеймс Расселл Хэмилтон аталған нұсқаны қытайша мәтіннің ең алғашқы аудармасы деп есептейді.
Ескі ұйғыр тілі немесе ескі ұйғыр түрікшесі – IX ғасырдан XIV ғасырға дейін әртүрлі мемлекеттерде қолданылған, түркі тілдері тобының Сібір тармағына жататын тіл. Бұл тіл көне түркі тілінің көктүрік (Orhon) кезеңінен кейінгі екінші тарихи кезеңін құрайды. Яғни көне түркі тарихының ең маңызды екінші кезеңін қамтиды.
Бұл кезең көптеген тарихи жазба мәтіндер қалдырған. Соның ішінде көршілес елдерден аударма жасау арқылы жарық көріп, ел арасында таратылған әдеби мәтіндерге, өлеңдер мен хикаяларға өте бай.
Атауы ұқсас болғанымен, бұл тіл қазіргі ұйғыр тілінің (шағатай тобына жататын) тікелей атасы болып саналмайды. Қазіргі ұйғыр тілі Қарахан әулеті қолданған тілден өрбіген деп есептеледі. Ал ғалымдардың арасында Ганьчжоу өңірінде қолданылатын батыс ұйғыршасы (Сары ұйғыр тілі) тікелей ескі ұйғыр тілінен тараған деген пікір бар.
Алдарыңызға қазақша аудармасы ұсынылып отырған «Ізгі ниетті ханзада мен қара ниетті ханзада» хикаяты сол кезеңнің өзінде балалар әдебиетіне берілген артықшылықтарды, халықты жас кезінен-ақ ізгілікке тәрбиелеудің түркілердің тарихи кезеңінен бері орасан зор маңызға ие бір мәселе болғанын көрсетеді. “Бу йіртінчү төрүсі антағ ол. Амрақ йіме адрылур. Севигйімесешилүр”, - дейді ізгі ниетті ханзадамыз хикаяттағы бір сөзінде... Яғни күндердің күнінде адам сүйіктісінен де, сүйгенінен де айырылуға мәжбүр болады дегені... Ханзадамыздың сонау «тарихи ғасырлардың» өзінде өмірде не нәрселерден айырылғанын, не нәрсеге қолы жеткенін білгіңіз келсе, әрі қарай оқыңыз...
Аудармашыдан
***
Әкесі ханзаданы серуен құрып, көңіл көтерсін деп, атқа мінгізіп,шығарып салды. Ал ханзада қаланың сыртына шыққанда шаруаларды бақылағанды ұнататын.Олар қуаң жерді суарып, ылғалды жерге егін егіп, қарға-құзғынды қырып, сансыз, он мыңдаған тіршілік иесінің өліміне себеп болып жатыр екен. Жер жыртатын уақытта сол өңірдің өзге тіршілік иелері – құсшы, бұғышы, балықшы, аң аулаушы, қақпаншы да өз тіршілігімен шұғылданып, кейбірі айуандық жасап, тіршілік иелерін қырып-жойып жатса, өзгелері өрмек иіріп, жүн иіріп, кендір иіріп, мата мен мақтадан тоқым тоқып, тағы сол секілді басқа да қолөнер ісімен айналысып, әрқайсысы өз кәсібін жасап, әркім өзінше бейнет шегіп жататын.
Ханзада атымен ел ішін аралап келе жатып, тағы бір тосын жайытқа тап болды. Алдынан біртүрлі адамдар кездестірді. Олар тіршілік атаулыға мейірімсіздік танытып, жылқы мен сиырды бауыздап, қой мен доңызды да аямай, қолдарына түскен барлық жан иесін қырып жатыр екен. Сойылған малдардың терісін сыпырып, қанын өзен қылып ағызып, етін қан аққан күйінде бөлшектеп, саудаға шығарып, сол табыспен өз күндерін көріп, нан тауып жеп отырғанын ханзада көріп, біліп, жүрегі сыздады.

Сонда Бурхан, яғни болашақ Будда болатын ханзада бұл елдің халқының ізгілікке қайшы ісін көріп, қатты қайғырды, жүрегі қапаланып, көз жасын төгіп қалаға қайтып келді...
Сол сәтте Махарит патша ұлының көңілсіз, мұңды жүзін көріп:
– Қымбатты ұлым, неге көңілің жабырқап,қабағың түсіп келді? – деп сұрады.
Ханзада көз жасын тыя алмай, әкесіне былай деп мұңын шақты:
– Бұл қандай азапты жер еді өзі! Мен не үшін дүниеге келдім? Мен неге мұндай тасжүрек жерде өмір сүріп жатырмын?
Әкесі хан былай деп тіл қатты:
– Неге жылап, мұңайып келдің, балам?
Ханзада әкесінің сұрағына былай деп жауап берді:
– Сыртқа серуендеуге шықтым, бірақ жол бойы көп кедей-кепшікті, бейнет шегіп жүрген жандарды көріп, көз жасымды тыя алмадым.
Әкесі хан былай деді:
– Қымбатты балам, аспан мен жер жаратылғалы бері бай да бар, кедей де бар. Сен олардың қайсы бірін азаптан құтқара аласың?
Ханзада жауап берді:
– Құт иесі әкешім, сіз мені жақсы көресіз бе?
Хан былай деп жауап қатты:
– Қымбатты балам, сені сондай қатты жақсы көремін, әрине. Мен сені алақандағы інжу-маржанымдай, көзімнің қарашығындай қатты жақсы көремін…
Содан соң патша ханзадаға қалағанын берді. Ел ішінде бір де бір кедей адам қалмауы үшін сарай қазынасындағы ақшаның барлығын дерлік халыққа таратып берді. Ал оның жомарттығы жайлы аңыз мен атақ-даңқы төрт тарапқа жайылды. Дегенмен күннен күнге қайыршылар азая қоймады, ханзада әкесінен тағы да бір қазына сұрады, хан тағы да берді. Ай сайын, күн сайын осылай үлестіріле берді, ақыры қазынадағы байлық сарқыла бастады.
Сол кезде қазынашы ханға былай деп мәлімдеме жасады:
– Мәртебелім, қазына босап қалды, егер байлық азайып, таусылса, біз ертеңгі күнге жете алмаймыз, күнәға батамыз, халықты аштықтан қырамыз.
Ханзаданың әкесі, мейірімді хан былай деді:
– Әке табыс тапса, оны ұлы үшін, ұлының болашағы үшін жиып термей ме? Қазынашылар өз қалауымен, ынтасымен қазынадағы маған тиесілі байлықты да берсін, ұлымның көңілін қалдырмасын.
Осыдан кейін ханзада күн сайын халыққа қаржыны кедергісіз үлестіруін жалғастырды.
Бұл кезде уәзірлер бұйрықты естіп, ханға келіп:
– Мәртебелім, ел мен төренің қолындағы күшті байлық ұстап тұрады. Қазына таусылса, ел мен төрені қалай бағындырамыз өзімізге? – деді.
Сонда хан былай деп жауап берді:
– Қымбатты баламның көңілін қалай жаралайын? Қазынашы мен өзге қызметкерлер біраз уақытқа мекеннен алыстап кетсін, ханзадам сол кезде жағдайды өзі-ақ түсінеді.
Содан кейін ханзада қайыршылар келгенде қазынашыларды таба алмайтын болды. Ханзада беретін ештеңе таппай, кедей-кепшік жылап кетіп бара жатқанда, ханзада да жылап отыратын.
Сол кезде ханзада ішінен былай ойлады:
– Қазынашы маған бағынады ғой. Әкем хан, халықтың сынына қалмау үшін осылай айтқан болар. Баяғыда біздің ел Будданы «әке» мен «ана» деп атайтын. Кім ата-анасының көңілін қалдырса, ол адам тозақтық болады, жазаланады. Ондай жан ата-анасына ұл-қыз болып жарытпайды. Ендеше мен әке-шешемнің көңілін қалдырмайын. Әкем хан, елдің сөзіне ілікпесін, жұрттың мазағына қалмасын. Өз еңбегіммен табыс тауып, сонымен қайырымды іс жасап, халыққа қамқор болайын.
Осы ойдан кейін бір байламға барған соң ол өзі танитын атақты адамдардан, ұстаздардан, данышпандардан:
– Адам қалай табыс тапса, мол байлыққа кенеледі? – деп ақыл сұрады.
Атақты адамдар әртүрлі кәсіптерді айтып берді. Бірі былай деді:
– Байлық табу жайына келсек, егін егуге жетер кәсіп жоқ. Кім де кім киелі топыраққа бір тұқым ексе, ол мың, он мың тұқым болып көбейеді.
Бірі былай деп тіл қатты:
– Кім де кім қой, ірі қара бағып, шаруашылық жүргізсе, жыл сайын өркендеп, байып отыратын болады.
Тағы бірі былай деді:
– Кім де кім сауда-саттық жасап, шығыс пен батысқа сапар шегетін болса, сол адам да байлыққа кенеледі.
Даналыққа ие, жол-жоралғыны білетін тағы бір данышпан былай деді:
– Байлық табу жайына келсек, егер адам мұхитқа сапар шегіп, терең тұңғиыққа сүңгіп, жүрегіндегі арманын орындауды ойласа, жетуі қиын чинтамани атты асыл тасты іздеп тапса, сол арқылы жер жүзіндегі барлық тіршіліктің тілегін орындай алады.
Ханзада олардың бәрін құптамады. Тек мұхитқа түсу туралы ойды ғана өзіне лайық көрді. Сосын сарайдағы әкесіне барып:
– Мұхитқа сапар шегуге рұқсат етіңіз, – деп өтініш айтты.
Әкесі хан бұл ұлының бұл тілегін естігенде ешбір жауап қата алмай, үнсізқалды. Өте қатты қынжылды... Сосын ұлына былай деді:
– Қымбатты балам, менің елімдегі барлық байлық сенікі емес пе? Енді қалауыңша ал да, бәрін халыққа садақа қылып үлестір. Неге қауіпті, түбі ажалға апаратын жерге сапар шекпекшісің? Мұхитта бес түрлі қауіп-қатер сенің жолыңды тосатын болады...
Бірінші қауіп: жыртқыш балық ояу болса, сен жасырына алмай оның аузына түсесің. Ол балық барлық адамды кемесімен бірге жұтып қояды...
Екінші қауіп: мұхитта су түстес таулар бар. Кеме соларға соғылып, бөлшектенеді. Адамдардың бәрі қаза табады...
Үшінші қауіп: суда өмір сүретін жын-шайтан кемеге соғылып, оны суға батырып жіберуі әбден мүмкін...
Төртінші қауіп: сол жын-шайтандар кемені үлкен құйынды жерге итермелейді. Су айналып келіп, сені жеңіп тынады...
Бесінші қауіп: мұхитты жерде аспан бұлттанып, қорқынышты дауыл соғады. Кеме аударылып, адамдар өледі. Осынша қорқынышты қауіп-қатерге бас тігу арқылы бізді түбі орны толмас қайғыға батырмақсың, – деді.
Сонда бурхан болатын ханзада әкесінің бұл сөзін естіп:
– Бұйрық берілсін, маған кедергі болмасын, мен мұхитқа бәрібір барамын, – деп сәлем жолдады.
Бірақ әкесі хан рұқсат бермеді...
– Бармайсың, – деп қатаң үкім шығарды.
Сонда ханзада басын иіп, жылап, жерге жатып алды. Орнынан тұрмады, тамақ ішпеді.
– Егер бұйрық бермесе, осы жерден тұрмаймын, тамақ жемеймін, осылайша түбі бәрібір өлемін, – деді.
Арадан алты күн өтіп кетті. Анасы, әкесі, елдің беделді кісілері жылап, қиналып ханзаданы тұрғызбақ болды, бірақ ол мүлде көнбеді.
Сонда анасы мен әкесі:
– Біз оған өзінің жағдайын ойлағанымыз үшін жақсылық келсін деп ақыл айтамыз, егер мұны түсінбесе... не пайда? – деді.
Ханзада ата-анасына жауап берді:
– Айдаһар хандығындачинтамани атты асыл тас бар. Егер құдіретті, қасиетке ие бір адам сол тасты тапса, барлық тіршілікке пайда әкеледі. Сондықтан мұхитқа барғым келеді, – деді.
Мұны естіген әкесі хан амалсыз көніп, қол астындағыларға бұйрық берді:
– Кім мұхитқа барғысы келсе, барсын. Ұлым ханзадаға серік болсын. Жолға қажетті нәрсенің бәрі беріледі. Жол көрсететін кеме капитандарына да менің сөзімді жеткізіңдер. Ханзаданы аман-есен апарып, әкелсін, – деді.
Бұл бұйрықты естіген бес жүз саудагер жиналып, сарайға өтінішін білдірді:
– Біз ізгі ниетті ханзадаға қызмет етуге дайынбыз. Ол өлсе, онымен бірге біз де өлеміз, аман келсе, онымен бірге біз де аман келеміз, – деп өздерінің сапарға баруға ниетті екендерінжеткізді.
Сол уақытта Баранас елінде жақсы, батыр, әрі жол білетін бір кеме капитаны бар еді. Ол бірнеше рет мұхитқа бес жүз адамдық кемемен сапарға шығып, бәрін аман-есен алып қайтқан болатын. Бірақ бұл адам дәл қазір сексен жастағы қарт еді және екі көзі де көрмейтін.
Сарайдағы бес жүз саудагердіңбәрі сол соқыр кеме капитанына өтініш білдіріп, алдына барды. Ханзаданың өзі де бірге барып, оның қолын алып, сарайға, хан әкесінің алдына алып келді.
Хан әкесі былай деп тіл қатты:
– Ең сүйікті ұлымды сізге тапсырамын. Оны аман-есен апарып, әкеліңіз, – деп бұйырды.
Сонда қария көз жасын төгіп, ханға былай деді:
– Тақсыр, қандай зәрулік туды екен, сонша асыл да ардақты ұлыңызды ажалға қиып, өлімге аттандырып отырсыз? Мұхиттың өзі – толқыны тулап, ағыны арындаған, айрықша қаһарлы да қатерлі мекен. Оған барған талай жан ажал құшқан. Жалғыз бір бала барып, ол жақтан не пайда таппақ? – деп сұрады ол...
Елдің бәрі ханзада үшін қайғығаберілді. Оның аман-сау келетініне шүбә келтіре бастады. Хан былай деді:
– Балама кедергі бола алмадым. Күшім жетпеді. Оны амалсыздан жіберіп отырмын. Енді сендер еңбек етіп, бірге барып оған жол көрсетіңдер, бұдан басқа қолымнан келер қайран жоқ, – деп бұйрық берді.
Қария айтылғандардың бәрін дұрыс деп тауып, жолбасшы болуға келісті. Сонда ханзадасының әкесі хан дайындық жасады. Бес жүз адамның ас-суын, жол-көлігін және қажетті нәрсенің бәрін толық беріп, оларды шығарып салды.
Сол кезде арам ойлы ханзаданың інісі ішінен:
– Әкем мен шешем ағам ханзаданы жақсы көреді, мені кемсітеді. Енді ағам мұхитқа барып асыл тасты әкелсе, тіпті қадірлі болады, ал мен бұлардың көзінде тіпті төмен дәрежеге түсіп қаламын, – деп ойлады.
– Сондықтан қазір онымен бірге барайын, – деп шешті. Содан соң әкесіне барып:
– Ағам ханзада өлімге апаратын жерге бара жатыр, – деді. – Мен мұнда қалай қаламын, тақсыр? Мен де барайын. Жақсы болса да, жаман болса да ағаммен бірге болайық, – деді.
Әкесі бұл баласының мінезі жаман болғандықтан, оны ұнатпайтын. Содан соң жай ғана:
– Барсаң, бар! – дей салды.
Сонсоң әкесі ханмен бірге ел-жұрттың бәрі жылап-сықтап, ізгі ойлы ханзаданы шығарып салып, мұхитқа аттандырды.
Мұхитқа жеткен соң, жеті күн аялдап, кеме жасады. Кемені жеті темір шынжырмен байлап берік қылды. Жетінші күні таң атқанда ізгі ойлы ханзада ел-жұртқа дабыл қағып, былай деп тіл қатты:
– Бәрің менімен бірге мұхитқа сапар шеккелі жатырсыңдар. Кім де кім өлім қауіпінен қорықса, алға шықсын. Мен сендерді қинап, өзіммен бірге мәжбүрлі түрде алып бармаймын.
Ханзаданың бұл сөзін естігенде ешкім мұхитқа сапар шегуден бас тартпады. Күннен күнге осылай дабыл қағып, жарлық берсе де, ешкім ләм-мим деп қарсылық танытпады. Жетінші күні темір шынжырды шешті. Темір арқан қозғалды.
Ханзаданың ниеті ақ, жүрегі таза болғандықтан, қауіпсіз, бөгетсіз түрде бірнеше күннің ішінде асыл тастарға толы аралға жетті. Сол жерде жеті күн аялдады. Жетінші күні әдемі, ерекше асыл тастарды жүкке тиеп болған соң, ханзада былай деді:
– Енді мен осы асыл тастармен елге қайтып оралсам, барлық тіршілік иесіне жеткілікті түрде пайдамды тигізе алмаймын. Сендер қайтыңдар. Ал мен тіршілік иелеріне толық жететіндей байлық табу үшін, бұдан да мықты Чинтамани асыл тасын алу үшін осы жерде қаламын.
Содан соң інісі,қара ниетті ханзада ағасы ханзадаға ақыл айтып, кемені тапсырып қайта жөнелтті. Ханзаданың қасында жолбасшы кәрі қария ғана қалды. Содан соң ізгі ниетті ханзада кәрі жолбасшының қолынан ұстап, жеті күн бойы беліне дейін, кейде мойнына дейін су кешіп, Күміс аралына, Күміс тауына жетті. Оның жері, құмы түгелдей күмістен тұратын еді.
Ханзада жол бойы қарияның шаршағанын байқап, оны демалдыруды ойлады. Бір кезде қарттың әл-дәрмені құрып, мүлдем жүре алмай қалды. Сонда ол ауыр күрсініп, ханзадаға былай деді:
– Балам, мына тұрған шығыс жаққа көз салшы. Алдымызда алтыннан жалтылдаған тау көрініп тұр ма?
Ханзада мойнын бұрып қараса, шынында да күн нұрына шағылысып, алтын түстес тау жарқырап тұр екен.
Қария сөзін жалғастырды:
– Сол Алтын тауға жеткеніңде көгілдір линхуа гүлдерін кездестіресің. Бірақ сақ бол: әр гүлдің ішіне бір-бірден улы жылан жасырынған. Олардың демі сондай уытты, алыстан-ақ түтіндей бұрқырап көзге көрінеді. Егер гүлдердің әрқайсысынан түтін шықса, бұл – аса қатерлі қауіптің белгісі. Сол линхуа гүлдерімен көмкерілген жолды басып өте алсаң ғана, одан әрі Айдаһар патшаның асыл тасы сақталған шаһарға жете аласың.
– Қала қоршалған, жан-жағында жеті ор бар, – деді қария әлсіреген үнмен.
– Әр ордың ішінде уы тасыған айдаһарлар мен жыландар жатыр. Егер сен оларды да ақылыңмен жеңе алсаң, қалаға кіресің. Сонда айдаһар патшасының алдына барасың да, іздеген асыл тасыңды табасың.
Қария ауыр тыныстап, көзін жұмып барып сөзін жалғастырды:
– Менің сапарым осымен бітті, балам. Енді сен жалғызсың, тақсыр. Қорықпа, уайымға берілме. Сен аман-есен жетесің елге. Бірақ... Будданың нұрын, шапағатын тапсаң, мені ұмытып кетпе. Мені ізгі жолшың, адал жолбасшың деп өмір бойы есіңде сақтағайсың...
Осылайша соңғы сөзін айтқан соң барып, қария жан тапсырды.
Ханзада терең күрсініп, қарияны жайлы жерге арулап қойып, жолын жалғастырды. Ақыры ұзақ жолдан кейін Алтын тауға жетті. Таудың қақпасына келгенде, алтын сәулесімен жарқыраған биік қақпаның алдында екі сұлу қыз тұр екен. Екеуінің де қолдарында нәзік түрде иірілген асыл жіп бар екен, сол жіпті баяу ғана иіріп отыр.
Ханзада оларға жақындап:
– Сәлем, арулар. Сендер кімсіңдер? – деп сұрады.
Қыздар:
– Біз қақпашымыз, – деді.
Ханзада қаланың ішіне кірді. Шығыс қақпасына келгенде төрт сұлу күң күміс жіп иіріп отыр екен, бұлар сол қақпаны күзететін қыздар. Ізгі ниетті ханзада кімсіңдер деп сұрағанда:
– Біз осы қақпаның күңдеріміз, – деп жауап берді біреуі.
Одан әрі сарай қақпасына жеткенде сұлу сегіз қыздың алтын жіп иіріп отырғанын көрді. Ханзада қыздардың жібектей жылтырап тұрған түрлеріне, күміс қоңыраудай сыңғырлаған күлкілеріне таңырқай қарады. Қақпаның алдында отырған сегіз арудың әрқайсысы қолына алтын жіп алып, майдалап иіріп отыр екен. Жібектей шаштары иықтарына төгіліп, күн нұрына шағылысып тұр.
Ханзада олардың сұлу бейнелеріне сүйсініп:
– Сұлулықтарың таудың нұрын да басып кеткен екен. Сендер айдаһар патшасының ханшайымдарысыңдар ма? – деп сұрады.
Қыздар бір-біріне қарап, күлімдеп:
– Жоқ, тақсыр. Біз айдаһар патшасының ханшайымдары емеспіз. Біз – сарай қақпасының күзетшілеріміз. Алтын жіп иіріп, патша сарайын күзетеміз, – деп жауап берді.
Сонда ханзада өтініш айтты:
– Жамбұдвип құрлығындағы Баранас елінің ханының ұлы – ізгі ниетті ханзада келіп тұр. Ішке кіргізулеріңізді сұраймын, – деді.
Қыздар ішке кіріп, хабарлады. Айдаһар патшасы ішінен ойлады:
– Ұлы, қуатты, киелі бурхан болмаса, сонша жолды артқа тастап, осы жерге дейін аман-есен жете алмас еді. Демек, бұл әулие бурхан болса керек. Кірсін, – деп бұйырды.
Ханзада ішке кірді. Айдаһарлар патшасы қарсы алып, қолынан ұстап, асыл таққа отырғызды. Ханзада оған ақылды, дана уағызын айтып, шын көңілден садақа берудің пайдасын үйретті. Айдаһарлар патшасы қатты қуанды, көңілі тазарды да:
– Неге осынша қиындық тартып,осы жерге дейін келдіңіз? – деп сұрады.
Бурхан ханзада:
– Менің бұл сапарым жеке пайда үшін емес, – деді ханзада байыппен.
– Жер бетіндегі барша тіршілік иесіне Будда нұрын жеткізу үшін келдім. Қарапайым халықтың қайғысын жеңілдетіп, бейшара, азап шеккен жандарға қуаныш пен тыныштық сыйлауды мақсат еттім. Сол себепті сізден Чинтамани асыл тасын сұрай келдім. Бұл тас арқылы бүкіл әлемге ізгілік нұры тарамақ...
Айдаһарлар патшасы:
– Жақсы! Бұрын да бурхандар бұл асыл тасты садақа үшін сұрап келген еді. Біз бәріне бердік. Сізге де береміз. Жеті күн бізбен бірге болыңыз. Бізге уағыз айтыңыз, біз ғибадат етейік. Бізге пайдаңыз тисін. Жетінші күні асыл тасты берейін, – деді.
Сол жеті күн ішінде ізгі ниетті ханзада айдаһарларға қызмет етіп, сый-құрметке бөленді. Жетінші күні айдаһарлар патшасы Нарата есімді айдаһарлар патшасының құлағындағы Чинтамани асыл тасын шешіп алып, ханзадаға беріп:
– Мен зор ықыласпен осы Чинтамани асыл тасын саған сыйға тартамын. Сен Будда нұрын тауып, әулиелікке жеткен кезде де бізді ұмытып кетпе. Бізді құтқар. Сенің құт-нұрың арқылы біз де осы күнәлі тәннен арылып, еркіндік пен ізгілік жолына жетейік, – деді.
Содан соң айдаһарлар патшасы ханзаданы көтеріп, теңіз жағасына жеткізді. Ханзада күтпеген жерден інісін кездестірді. Екі бауыр аман-есен қауышып, құшақтасып, жылап, кеуделерін шаттық кернеп сала берді.
Ханзада:
– Қымбатты інім, сенің достарың, біздің бес жүз жауынгеріміз қайда? Аман-есен елге жетті ме? – деп сұрады.
Қара ниетті ханзада:
– Олар мұхиттың тереңінде із-түзсіз жоғалды. Бақытсыздықтары мен сәтсіздіктері көп болып, бәрі апатқаұшырады, – деді інісі мұңға батып.
Ханзада бұл сөзді естіп, жүрегі қарс айрылып, көзінен жас парлады.
– Ал сен қалай аман қалдың? – деп сұрады ол толқып.
– Кеменің бір сынығына жармасып, сонымен су үстіне әрең көтерілдім, – деді інісі.
Аға ханзада ойланып барып сұрады:
– Асыл тасты таптың ба?
Қара ниетті ханзада қулықпен жымиып:
– Таптым, ағатай, – деді.
Ізгі ниетті, адал жүректі аға ханзада да жасырмай:
– Мен де таптым, інім, – деді.
Інісі:
– Сіз шаршадыңыз. Біраз демалыңыз, аздап ұйықтаңыз. Асыл тасты маған беріңіз, мен сақтап қояйын, – деді.
Сонда ізгі ниетті ханзада басындағы асыл тасты шешіп, інісіне беріп:
– Жақсылап сақта, ұры алып кетпесін, – деді. Содан соң ол ұйықтап кетті.

Қара ниетті ханзаданы ібіліс азғырып, миына арам ой келді. Ішіндегі қызғаныш пен ашу өршіп, ол өз-өзіне күңкілдеді:
– Анам да, әкем де мені ешқашан шын жақсы көрмеді. Бала кезімнен-ақ ағамды төбесіне көтеріп, соны мақтап, соны жақтап келді…
Енді бұл ағам асыл тастарды алып қайтатын болса, Көк Тәңірінің сүйіспеншілігіне бөленеді. Ал мен болсам босқа ел кезіп, түкке тұрмайтын жерді шарлап жүрген боламын.
Оның осы қызғанышы барған сайын күшейіп, зұлымдыққа ұласты.
– Жоқ, бұлай болмайды. Ағамның көзін зақымдап, екі көзін ойып тастасам, ол қайда бара алады? Көр соқыр күйде өзі-ақ опат болады… – деп ішінен сұм пиғылға бекінді.
Сөйтті де орнынан үнсіз көтеріліп, екі қамыстың ұшын пышақтап жонып, үшкірледі. Содан соң жасқанбай ағасының қасына жақындап келіп, екі көзін шаншып жіберді. Ағасы жан даусымен айқай салғанда, қара ниетті ханзада зым-зия болып қаша жөнелді.
Сонда ізгі ниетті ханзада бауырына дауыстап тіл қатты:
– Бауырым, қайдасың? Ұры келіп, екі көзімді ойып, зақымдады! – деп жылады.
Ханзада ауыр азап шегіп, балықша бұлқынып, шерінен сықтап көз жасын көл етті. Көңілі күйзеліп, үміті сөне бастаған еді. Сол сәтте аспан астында Ирши есімді Көк Тәңірі бар болатын. Ол әділетсіздікке төзе алмай, ханзаданың зар-мұңын естіп, жүрегі елжіреп:
– Бұл жігітті қалайша «ұры» деп ойлап қалдың? Ол – сенің туған бауырың еді. Бірақ сен оған сендің, ал ол сені сатты. Көз жарығыңды қиып, қара түнекке тастап, өзі қашып кетті. Бірақ енді жылама. Қайғыны қой. Тұр орныңнан. Мен саған жол көрсетемін, – деді.
Ирши тәңірінің мейірімі мен сөзіне үміттеніп, ханзада бар күшін жиып, орнынан тұрды. Көк Тәңірі оған елге апарар жолды нұсқап берді. Сөйтіп ұзақ та ауыр сапардан соң, ізгі ниетті ханзада туған еліне сапарға шықты.
***
– ...Кеме апатынан аман қалып, елге жалғыз өзім әзер оралдым, – деп баян етті қара ниетті ханзада әкесіне.
Әкесі хан бұл сөздерді естісімен, Көк Тәңірге жалбарынып, көз жасын төкті. Қатты күйзеліске түсіп, биік тағының үстінен жерге құлап түсті. Есінен айырылып, өліп қалғандай қимылсыз жатты. Біраз уақыт өткен соң ғана есін жиды.
Баранас елінің халқы да түгел қайғыға батып, ханмен бірге жылап-сықтады. Әкесі хан қара ниетті ұлына күдікпен қарап:
– Егер менің сүйікті ұлым шейіт болса, мына опасыздың жүзін енді қайтып көрмеймін. Ұлымның тірі не өлі хабарын анық естімейінше, бұл зұлым түрмеде отырсын! – деп бұйрық берді.
Сөйтіп, хан қаһарына мініп, қараниетті ұлын мықтап байлатып, түрмеге тастатты.
Ал ізгі ниетті ханзада болса, тағдырдың құт-берекесі мен өзінің адал, таза рухының арқасында, Көк Тәңірдің қолдауымен жолға шықты. Ұзақ жолдың азабына қарамастан, төзіммен жүріп отырып, ақыры қайын атасының еліне жетті.
Бұл елге ол бекер келген жоқ еді. Өйткені бұрын әкесі хан осы елдің ханымен құдандалы болып, оның сұлу қызын ізгі ниетті ханзадаға айттырып қойған-ды. Екі жақтың арасында достық пен сенім орнап, құда түсіп, уәделескен болатын.
Ханзада қайын атасының еліне табан тіреген сәтте, бұл кездесу жай ғана сапардың аяқталуы емес, тағдырдың жаңа сынақтары мен үмітке толы жаңа белестің бастамасы екенін сезді...
Шаһар қақпасының түбінде тыныстап отырған сәтінде, ханның бақташысы айқайлап, бес жүз сиырды айдап келе жатқанын көрді. Үлкен табын көшенің тар арнасын толтырып, дүбірлете өткенде, алдыңғы жақтан өр кеуделі, мүйізі ай тәрізді иілген алып бұқа бөлініп шығып, ханзаданың қасына таяды.
Бір мезетте буырқанған бұқа оны жерге сүріндіре құлатып, төрт аяғымен денесін басып, үстіне шығып алды. Бұл көріністі бақташы да, жұрт та аңғарса да, тоқтатуға үлгермей қалды.
Сиырлар толқыған өзендей ағылып өтіп болған соң, сол алып бұқа ханзаданың жанына еңкейіп, тілімен оның көзін ақырын жалады. Сиқырлы бір тылсымның әсерінен ханзаданың жарасы жазылып, көзінің нұры қайта оралды. Енді ол соқырлықтан айыққан еді...
Қақпаның күзетшілері оны сүйемелдеп, орнынан тұрғызды да, жолдың шетіне апарып отырғызды. Осы кезде мал айдап келе жатқан бақташы ханзадаға назар салып қарап қалды:
– Сіз бір қарапайым адамға ұқсамайсыз, үсті-басыңызда бір тектілік бар. Бірақ қалайша осындай мүшкіл күйге түсіп отырсыз? – деп сұрады.
Ханзада іштей толқып, ауыр ойға батты: «Егер шын тегімді айтсам, бауырымның қылығы әшкереленеді, ол өлім жазасына кесіледі. Бұған жол бере алмаймын» деп шешті.
Сөйтіп ол жай ғана:
– Мен соқыр, кедей, бейшара бір қайыршымын, – деді сабырмен.
Бақташы болса, оған жанашырлықпен қарап, өз үйіне ертіп әкелді. Үйіндегі барша жанға:
– Бұл кісіге ерекше күтім жасаңдар, – деп тапсырды.
Солайша ханзадаға бір айдан астам уақыт бойы қолынан келгенше күтім көрсетті. Алайда уақыт өте келе үй иелеріне ауыртпалық сала бастады. Бақташының да жағдайы мүшкіл еді. Үйдегілер ханзаданы жақтырмай, қашан кетер екен дегендей қылып, салқын сөз айтып, тамақты да ренжіп беретін болды.
Ханзада бұлардың көңіл күйін сезіп, іштей мұңайды. Ақыры бір күні бақташыға қарап:
– Мен енді кетейін, – деді байыппен.
Бақташы:
– Неге кеткіңіз келді? Көңіліңізді кім қалдырды? Кетпеңіз, – деді.
Ханзада былай деп жауап берді:
– Қонақтың ұзақ аялдауы жараспайды, – деді ханзада сабырлы үнмен.
– Сіз маған ағайындай, бауырдай болдыңыз. Егер жүрегіңізде маған деген ізгі пейіл, таза ниет бар болса, қазір маған бір қобыз тауып беріңіз. Өз қолыммен күй тартып, өз үніммен ән шырқап, өз несібемді өзім табайын.
Бақташы оның тілегін қабыл алып, бір шебердің қолынан шыққан әсем қобызды әкеліп берді. Содан соң ханзаданы қала ортасындағы ел жиналатын үлкен алаңға апарып отырғызды.
Ханзада қобыздың ішегіне жан бітіргендей аса шебер еді. Саусақтары ішектердің үстінде еркін сырғып, қоңыр әуен аспанға көтерілді. Күйге ілесіп, мұңды да, үмітті де қатар өрген әсем әнін шырқады.
Алаңға елдің бәрі жиналды. Тыңдаған жұрт ханзаданың әуезді күйіне, сырлы даусына тамсанды. Әні мен күйі жүректерді тербеп, тыңдаушылардың көзіне жас үйірілді. Олар оған аянышпен қарап, айналасын қоршап алды.
Сол кезден бастап, күн өткен сайын халық оған алуан түрлі дәмді тағамдар мен тәтті сусындар әкеліп, ерекше құрмет көрсетті. Ханзаданың өнері оны халыққа жақындатып, ел ішін қайырымдылық пен мейірімге толтырды.
Алаңқайға біртіндеп ел ішіндегі барлық жарлы-жақыбай, жадау-жүдеу кедейлер жинала бастады. Жүздері солғын, үсті-бастары алба-жұлба бес жүздей бейшара сол жерде ханзаданың мейіріміне бөленді. Ізгі ниетті ханзада олардың бәрін тамақтандырып, бір ай бойы асырап бақты. Кедейлер риза болып, оған алғыс жаудырып жатты.
Сол күндердің бірінде ханзаданың қайын атасының, алыстағы ханның бағбаны да оны көріп қалды. Сөйтті де, өз ішінен ойға шомды:
– Сарайдың ең дәмді, ең тәтті жемістерін әрдайым құстар шоқып, бүлдіріп кетеді. Сол үшін ханның қаһарына ілігіп, талай рет жаза алдым. Ал мына бір кісінің қасында қайыршылар да қуануда, адамдар да риза. Бәлкім, оны бақшама күзетші етсем, әрі өзім де бақылап қасымда ұстасам жақсы болатын шығар, – деп шешті.
Бағбан осылай ойлап, ханзадаға ұсыныс жасады. Ханзада болса қарсы болмай, бағбанмен бірге қайын атасының еліне қарай жолға шығуға келісті.
Елдегі барлық білгір данадан ақыл сұраса да, ешқайсысы бұл істің шешімін таба алмаған еді. Сонда көптеген данышпан әулиелер:
– Ел ішінде «соқыр» болса да, «дана» атанған бір кісі бар. Соған барып сұраңыздар. Бағбан сол соқыр адамды алып келсін. Сонда ғана жемістеріңізді құс та, қарға да бүлдіре алмайды, – деп кеңес берген еді.
Сонда бағбан:
– Алып барайын, – деген.
Ханзада бес жүз қайыршыға жейтін асын, ішетін сусынын, киімін, аяқ киімін, бәрін дайындап берді. Содан соң оларға былай деп тіл қатты:
– Мен енді сендермен екінші рет кездеспеймін. Буддалық нұрды тауып келейін, сол кезде сендердің бәріңді түгел құтқарамын, – деді.

Бұл сөзді естіген бес жүз кедейдің жүрегі езіліп, көздерінен жас парлады. Бұзауынан айырылған сиырдай болды:
– Сіз біздің анамыздың анасы, әкеміздің әкесі болдыңыз. Бізді адам қылдыңыз. Енді бізді осылай бейшара күйде тастап қайда кетесіз? – деп жалбарынып, тіл қатты.
Сонда ханзада сабырмен жауап берді:
– Бұл жержүзінің заңы осындай... Адам бір күні сүйіктісінен де, сүйгенінен де айырылуға мәжбүр болады. Бұл – тағдыр жолы, – деді.
Осылайша ол қайыршылармен қоштасып, бағбанмен бірге жолға шықты.
Бақшаға келген соң ханзада бағбанға ақыл айтты:
– Ең қажетті бірнеше жеміс ағашына қоңырау тағыңыз. Әр ағашқа бір-бірден арқан байлаңыз. Барлық арқандардың ұшын бір жерге жинап, қолыма беріңіз. Құстар қонған сәтте мен арқанды тартамын. Сонда ағаштар шайқалып, құстар үркіп кетеді. Содан соң олар бұл жемістерге жоламайтын болады, ал жемістеріңіз аман қалады, – деді...
***
Ханзада бір қолымен арқанды тартып, құстарды үркітіп отырса, екінші қолымен қобызын сарнатып, әуенін тоқтатпады. Сол сәтте патшаның қызы бақ ішінде серуендеп жүріп, ханзаданы көріп қалады да, жүрегі шоқтай лаулап, оған ғашық болады. Әкесіне барып:
– Мен осы соқыр қайыршымен тұрмыс құруды қалаймын, – деп өтініш айтады.
Патша қанша қарсы болса да, қызы дегенінен қайтпайды. Ақыры амалсыз келісіп, соқыр ханзаданы сарайға әкеледі. Сол кезден бастап қыз күйеуінің жанынан бір елі ажырамайтын болады...
Бір күні қыз күйеуінің қасынан шығып кетеді де, біраз уақыттан соң қайта оралады. Ханзада:
– Неге маған айтпай кетіп қалдың, қайда барып келдің? – деп сұрайды.
Қыз күйеуінен ештеңе жасырмайтынын білдіріп:
– Жасырар еш нәрсем жоқ, – дейді.
Сонда ханзада тағы да сұрақ қояды:
– Онда қайда болдың?
Қыз сәл кідіріп:
– Егер мен өтірік айтып, біреуге қиянат жасап, күнәға батсам, сенің көзің мүлде қараңғыланып, нұрынан айырылсын. Ал егер кінәм жоқ болса, жанарың жарыққа толып, күннің шуағын толығымен көре алатын күйге келсін, – деді қыз.
Дәл сол сәтте ханзаданың көзі жарқ етіп, нұрға толып, баяғыдай сау қалпына келді. Қыз күлімсіреп:
– Енді маған сендің бе? – деп сұрады.
Ханзада терең тыныс алып, басын изеп:
– Енді сендім, – деді.
Сол сәтте Қыз жүзіне мұң ұялатып:
– Сен шын мәнінде қайырсыз жан екенсің. Мен, ханның қызы болсам да, титтей де қиынсынбай, еш кемсітуге бой алдырмай, бар жан-тәніммен уақытымды сені емдеуге арнадым, – деді...
Алайда іштей өзі де күмәнданып:
– Онымен қоса сен ессіз, даңғой екенсің. Аузыңнан мұндай өтірік қалай шығады? Баранас елінің ханзадасы теңізге кеткен еді, әлі күнге оралған жоқ. Сонда сен қалайша “Мен – сол ханзадамын” дейсің? – деп қарсылық танытты.
Ханзада:
– Мен өмірімде ешқашан жалған сөз айтқан емеспін, – деді.
Қыз тағы да:
– Сөзіңнің рас не өтірік екенін кім біледі? Мен саған әсте сенбеймін, – деді.
Сол уақытта ханзада:
– Егер жалған сөйлесем, көзім ешқашан жазылмасын; ал егер шындықты айтсам, көзім бұрынғы қалпына келсін, – деп серт берді.
Осы сөзден кейін ханзаданың екінші көзі де жазылды. Қыз бұл жайды әкесіне жеткізді. Патша ханзаданы көріп, таңырқап қалды...
***
Баранас патшасының сарайында бір ерекше жабайы қаз бар еді. Бір күні патшаның жары қазға қарап былай деді:
– Сен баяғыда ізгі ниетті ханзадамен үнемі бірге жүруші едің. Енді оның тірі ме, өлі ме екені беймәлім. Сен оны сағынбайсың ба?
Қаз мойнын сәл иіп:
– Егер рұқсат етсеңіз, оны іздеп табуға аттанайын, – деп жауап қатты.
Патшаның жары қаздың мойнына хат байлап, аспанға ұшырып жіберді де, тағатсыздана хабарын күте бастады.
Қаз теңіздер мен мұхиттардың үстінен қалықтап өтіп, жердің төрт бұрышын түгел кезді. Бірақ іздегенін таба алмай, шаршай бастаған шағында Ли-ше-па еліне жетті. Сол жерде, сарайдың алдында отырған ханзаданы көріп, бірден қасына қонды.
Ханзада хатты ашып оқып шықты да, өз басынан кешкен барлық жайтты қағазға түсіріп, қаздың мойнына қайта байлап, оны кері ұшырды.
Баранас патшасы мен оның жары хатты оқып, ұлдарының тірі екенін естіген сәтте қуаныштан көздеріне жас алды. Патшалыққа жайылған бұл хабар халықтың да жүрегін шаттыққа бөледі. Алайда барлық пәле мен қастандықтың түпкі себебі – қара ниетті ханзада еді. Оны кісенге салып, зынданға қамады.
Патша Ли-ше-па билеушісіне хат жолдап:
– Неліктен менің ұлымды еліңде ұстап, бізді қайғыға батырдың? – деп сұрайды.
Қатты сескенген Ли-ше-па патшасы еш кідірместен қызын ұзатып, ізгі ниетті ханзаданы құрметпен қонақ қылып, салтанатпен еліне шығарып салады.
Ханзаданы анасы, әкесі және бүкіл Баранас халқы сән-салтанатпен қарсы алды. Патша мен жары сәнделген ақ пілге мініп, шеру басталды. Аспапшылар күмбірлете күй шертті, әншілер әуезді жыр шырқады.
Ізгі ниетті ханзада алдымен інісін сұрады.
– Ол зынданда жазасын өтеп жатыр, – деді жұрт.
Ханзада зынданға барып, інісінің кісенін шешті де:
– Асыл тас қайда? – деп сұрады.
Қара ниетті ханзада бұл сұраққа үш рет:
– Кез келген жерде, – деп жауап берумен болды.
Содан соң Ізгі ниетті ханзада ата-анасының алдына келіп:
– Егер бұл асыл тас шынында да тілегімізді орындайтын болса, анам мен әкемнің көзі ашылсын, – деп тілек тіледі.
Сол сәтте анасы мен әкесінің көз алдындағы түнек сейіліп, жарық дүние нұрын қайта шашты.
Айдың он бесі, таңсәріде ханзада шомылып, сәнді киімдерін киіп, биік мұнараға көтерілді.
Қолына жұпар аңқыған аршаны ұстап:
– Барлық әлемге ізгілік орнату үшін асыл тасты табу жолында қаншама қиындыққа тап болдым, – деді.
Сол мезетте шығыстан жұмсақ самал есіп, аспан ашылып, айнала тазара түсті. Көктен сәнді киімдер, інжу-маржан, алтын-күміс және барша жанға қажет игі дүниелер нөсер болып жауа бастады...
Сонда Бурхан (Будда) ханзада былай деп тағы да тіл қатты:
– Ұлы Баранас патшасы – менің әкем Шудодана, оның жары – менің анам. Қара ниетті ханзада – Девдатта. Ал Ізгі ниетті ханзада – бүгіннен бастап «МЕН»-нен басқа, өзімізден басқа ешкім де емес…
Бөлісу: