Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Жоғалған отанды іздеу: Милан Кундера жайлы эссе...

31.07.2023 1271

Жоғалған отанды іздеу: Милан Кундера жайлы эссе 14+

Жоғалған отанды іздеу: Милан Кундера жайлы эссе - adebiportal.kz

 

Кейде ешқашан танымаған, ешқашан көрмеген жазушы, ақын, өнер адамы жайлы ойлауымыз мүмкін. Ол кім, қандай, не түрлі адам? Кейде оның барған немесе оның ішкен кофесін ішіп отырып, ол осы жерде не «көрді», не «сезінді» екен деп қиялға батамыз. Дәл осы жерде жазған өлеңін немесе романның кей үзіндісін/ оқиғасын есіңізге алып, одан әрмен қиялымыздың сыртына сапар шегеміз Өзіңізді бейне бір Сенаның жағалауында немесе Праганың көшелерінде жүргендей сезінесіз. Айналаңыздағы болып жатқан барлық оқиғалардан ұзап, өзіңізді бөлек бір тыныштықтың ішінде табасыз. Бәлкім, Салман Рушдидің айтатын ешқашан жете алмайтын қияли отанымызды тек ішімізден ғана табатын шығармыз дейсіз әлсін-әлсін. Ең қызығы, кей бір адамның қашып кеткен жеріне сен қашып барасың. Ал сен безіп кеткен жерді өзгесі жұмақтай аңсап келеді. Сонда бұл қандай парадокс дейсің ішіңнен?! Дәл мұндай күйді сізді қайдам, мен көп кешемін. Бірақ бұл өз көзіңмен ештеңе көре алмау дегенді білдірмейді. Бұл – біз бен сізді қамаған уақыт сыртындағы тым бөлек бір өмір секілді. Мысалы, мына бір жерде Сервантес құлдықта болған, әнеу жерде сенің ең жақын «досың» романын жазған. Бергі жағалауда Фалестің туған жері, батысқа қарай сапар шексең Трояның орны,  айта берсең жазып бітіре алмайсың... Өмір бойы «жоғалған отанын» іздеп өткен грек ақыны Иоргос Сеферистің туған қаласында тұрып, өзге түгіл өзіңмен бөлісе алмайтын ойлардың құшағында шылымыңды шырынын терең-терең тартып, жағалаудың арғы бетіндегі Грекияға/Афринаға көз саласың. Жағалаудан соққан жел болып ауада ұшып жүргендей сезінесің сосын. Азанда оянып, Агата Кристидің үнемі баратын наубайханасына барып, ыстық бәліш сатып аласың. Үйге келіп Шыңғыс Айтматов пен Маркестің дастарханында таңғы асыңды ішесің. Кеш бата Орхан Уәлидің баратын көпір астындағы кабакта аздап ракыдан ұрттайсың. Осылардың ішінде жүріп, айналаңдағы өмірді, бір-бірін қанағандарды, нам мен нанның артынан жүгіргендерді ұмытып кетесің. Себебі сіздің көрген/білген өміріңіз уақыттың сыртындағы тыныштықта өтіп жатқандай. Тым құрыса, аяғың мен қолың жетпеген мекендерге үстел үстіндегі кітап арқылы сапар шегесің. Сосын кеш бата теңіз жағалауында Овидийдің бейнесімен сұхбат құрып, тым өзгеше қиялға берілесіз. Бірақ байқап отырғаныңыздай біздің «достарымыздың» барлығы физикалық «өліп» қалғандар. Сол үшін олардың өлі/тірісі бізді ешқашан ойландырған емес. Десе де, кей автордың әлі өмір сүріп жатқанын білу саған айтарлықтай әсер етпесе де, бөлек сезім сыйлайды. Шала-пұла шетел тілімен оның почтасына хат жаза алатыныңды ойлайсың. Күннің бірінде онымен екі автор ретінде жолыға алатыныңды білесің. Себебі сенің «достарың» оның да «достары» екенін сезесің. Кей шығармалардағы ойларыңның ұқсас екендігі, әрі-берісі бірдей өмір сүріп жатқанымыздан бастау алатындай көрінеді. Бәлкім, әрбір танысымыздың дос болып кетпейтінін ескерсек, достарымызбен бізді дос қылатын «бір кеме, бір теңіз» шығар дейсің ішіңнен. «Құдайым, жаңбырдан қашып топанға тап болғанды шөлмен сынама» деп күбірлейсің сосын. 

Міне, сондай алып топанның ішінде кемесінің ескегін арқалап сапарға шыққан «алыс» достарымның бірі – чех жазушысы Милан Кундера болатын. Онымен алғаш рет танысқанымда ұзақ жылдар бойы көрмеген туған ағамды жолықтырғандай күй кешкем. Әрине, оның да өз алдына кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Десе де, маған жақсы дос бола білген еді. Дәл сол уақыттарда (бәлкім, сіздер ести-ести құлақтарыңыз жауыр болып кеткен шығар, бірақ сонда да тағы да айтуға тура келіп тұр) Мұхаммед Салихті аударып жүрген кезім болатын. Бір күні қызық мәліметке тап болдым: М. Салих әскери борышын Чехославакияда өтейді. Осылайша, әйгілі «Прага көктеміне» куә болады. Осы оқиғадан кейін небәрі 18 жасар М. Салих антисоветтік идеяларды санасында ту қылып көтереді. Бірақ қалай десек те, М. Салих қанаушы Кеңес Одағының құрамында әскери борышын өтеген (бұл айыптау емес, факт). Енді ең қызығы, Милан Кундера «Прага көктемі» кезінде қаналушы тарапта болады. Тек осы «Прага көктемінен» кейін ғана Кеңес Одағының қыспағына шыдамай, Францияға қоныс аударады. Осы «сүргінге» шыққалы бері ол да Овидий (...) Иоргос Сеферис секілді қаламгердің жолына түсіп, жоғалған отанын «іздеумен» өтеді. Кейде менің ойымнан сол «Прага көктемі» кезінде М. Салих пен М. Кундера жолықты ма екен деп деген ой кетпей қояды. Әрине, бір дастархан басында немесе қол алысып, саналы түрде жолықпағаны анық. Жолықса М. Салих маған айтатын еді. Десе де, кей сәттерде екеуі де бір-бірінен бейхабар бір көшеде кездесіп қалды ма екен, көздері сәтке болсын түйісіп қалған шығар деген ой келеді миыма. Бір мекенді, бір ауаны, бір уақытты бөліскені рас болса, олардың да байқаусыз да болсын жолығып қалу ықтималдылығы жоғары емес пе?! Сол оқиға кезінде екеуі екі жақта не ойлады екен, маған қызық?! Сосын  «Қаңтар оқиғасы» кезінде бізді автозакқа тиеген қара киімділердің не ойлағанын ойлаймын. Бәлкім араларында аздап өлең жазатыны бар шығар, бәлкім күнделік жазатын шығар, тым құрыса сүйген жары бар шығар. Бәлкім, ол да бірнеше уақыт бұрын бөлімшесінде, мен болсам үйімде бірдей Ремаркты  оқыған шығармыз. Бәлкім ол да кітабының ұшын қайырып, шығарманы аяқтай алмай «көшеге» шыққан шығар. Қолымнан қайырып жатып, Алматы Аренаға «Батыс Майданында өзгеріс жоқ» деген шығар ішінен. Бәлкім, І Дүниежүзілік соғыста Гитлер мен Ремарктың жолыққанын елестеткен шығар. Бәлкім, ештеңе ойлаған жоқ, ештеңе оқыған жоқ. Бұл тек менің кезекті қиялым ғана шығар. Бірақ бір көшеде бір уақытта бейхабар жолыққан М. Салих пен М. Кундерада барлығы басқаша болған-тын. М. Салих «Прага көктемінен» кейін Кеңес одағының озбырлығына толық куә болып, антисоветтік көзқарастағы шығармаларына қалам тербей бастайды. Ал сіздер ше, қара киімділер, «Қаңтар оқиғасынан» кейін қандай күй кештіңіздер?! Егер жазып жүрген күнделіктеріңіз болса, сол датаға қандай сөйлем жаздыңыздар екен?! Ремаркты аяқтай алдыңыз ба? Дәл мендей келесі шығармаңыз Сартрдың «Ставок больше нет» болды ма?! Субъективті түрде, пендешілікке салынып, жоқ дегім-ақ келеді, бірақ барлығының болу ықтималдылығы жоғары. Мысалы, араға жылдар салып М. Кундера да Кеңес Одағының құрамында әскерде болып, «Прага көктеміне» куә болған М. Салихтің де өзі секілді Еуропаға эмиграцияға кететінін білген жоқ қой. Өзі секілді оның да жоғалған отанын іздеушілердің қатарына қосылатынын білді дейсің бе?! Менің ойымша, жоқ. Себебі дәл мені автозакқа тиеп жатқан сәттеріңізде бір-бірімізді танымағанымыз секілді, М. Салих пен М. Кундера да бір-бірін таныған жоқ. Тіпті бір-бірі жайлы ойлаған да жоқ, ол оқиға кезінде де, кейін де бір-бірі жайлы ештеңені ойлады дегенге сеніңкіремеймін. Бірақ екеуінің де қаламгер екенін ескерсек, бір-бірінің кітабын оқып қалуы мүмкін. Екі автордың да кез-келген кітабындағы өмірбаянында «Прага көктемі» жайлы жазылған. Мысалы, М. Кундера «Прага көктемінен» кейін Францияға қоныс аударды десе, М. Салих «Прага көктемінен» кейін антисоветтік идеяларды қабылдап, Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін эмиграцияға кеткені жазылған. Бәлкім, екеуі де бір-бірінің өмірбаянын оқып жатып, сол кезеңді ұзақ-ұзақ ойлаған шығар. Осы жайттарды ойлап жатып, «Қара киімділер, сіздердің өмірбаяндарыңызда «Қаңтар оқиғасы» қалай жазылады екен?» деп елестетем кейде. Сіздердің бет-ауыздарыңыз қап-қара болып бүркенген үшін, қанша жерден суреттеріңізді көрсем де тани алмаспын. Бәлкім сіздер мені танитын шығарсыз?! Сол кезде қандай күй кешеді екенсіздер?! Араға қаншама жылдар салып, сол оқиғалармен қиялыңызда бетпе-бет келсеңіздер, қалай қабылдайды екенсіздер? Бәлкім, М. Салих секілді:

 

...ол тағы жарықты жақты,

қарады.

үстелде тып-тыныш пышақ жатыр.

жарықты қайтадан сөндіріп жатты.

 

«әлі де ол үстелде ме екен?» деп

жарықты жақты,

қарады.

әлгі пышақ әлі үстелде жатты... 

 

деп екі жол өлең жазар ма екенсіз. Я болмаса М. Кундераның «Бар болудың адам төзгісіз жеңілдігі» шығармасындағы Томас секілді:

 

«Эдип өзінің анасының төсегіне кіргенін білмеді, бірақ не болғанын түсінген кезде ол өзін кінәсіз деп санамады. Өзінің «байқаусызда» жасаған қасіреттерін көруге шыдай алмай, өз көзін өзі ойып, Тебаиді тәрк етті» - деп қалам тербейді ме екенсіз. Қалай дегенмен де, жанымызды тыныштандыру үшін бір өнер ойлап табуымыз керек емес пе?! Құдды бір Ницще түсінігіндегі өнер секілді. Әйтпесе ешқашан толтырылмайтын көз алдымыздағы хаосқа, бос кеңістікке қарау мүмкін емес, дәтіміз шыдамайды. Бір титтей болсын өнер жарату керексіз(дер). Мысалы, Ницще өнерді ақиқат емес, жай ғана иллюзия деп есептейді. Себебі біз сүрер өмір осы бір иллюзия арқылы ғана өз ғұмырын кешпек. Бірақ сіздер, қара киімділер, осы бір иллюзияның ішінде ешқашан ақиқатқа жете алмайсыздар. Өйткені бұл ақиқаттар иллюзия екенін ұмытқан иллюзиялар ғана. Ал айналаңыз «сансыз қабырғалар мен шығар есігі жоқ үлкен лабиринт». Себебі сіздің де, біздің ішімізде әлі «Қаңтар оқиғасы» аяқталған жоқ.

Дәл осы сөйлемдерден кейін ойыма Мартин Хайдеггердің «Only a God Can Save Us» атты мәтіні есіме түсті. Мәтінде «Бізді тек құдай ғана құтқара алады. Бізге қалғаны жалғыз ғана ойлау (Denken) және поэтикалық шығармашылық (Dichten( жолымен осы бір құлдырау (Untergang) кезеңінде құдайдың келуі немесе оның жоқ екеніне дайын болу. Себебі біз жоқ құдайдың алдында батып барамыз» дейді Хайдеггер. Біз, расында, батып барамыз ба, әлде батып кеттік пе, ол жағын сіздерге қалдырдым, қара киімділер. Бірақ біздің құлдырап жата жатқанымыз анық еді. «Қаңтар қырғынына» байланысты «Азаттық радиосының» жиналысында» атты өлеңімізде: 

 

...көпке дейін басымызды жоғары көтере алмай отырдық,

жоғары жақтан үмітімізді үзгеніміз соншалық,

ендігі жоғарының бар екеніне күмәнмен қарайтын секілдіміз:

тек қана көзімізді төмен салуға қауқарымыз жетеді,

тарихтың өзі көтере алмайтын кеудеміздегі ауыр қасіреттен

еңсеміз езіліп, еңкейе береміз –

бүгінге бөтен қап-қара түнекке құлдилап,

қарманар бірде бір ой таппай,

оянғымыз келетін тарихтың шейіттеріне тап боламыз еңкейген сайын 

 

–дегенімізде де осы бір құлдырауды айтқан болатынбыз. Бәлкім сіздер қап-қара бетперде артында халықты «қынадай қырып жатқандарыңызда» мұны ойламаған да шығарсыздар. Бірақ сіздер сол оқиға кезінде қанша жерден бет-ауыздарыңызды тұмалап алсаңыздар да, мен сіздерді танитын боламын. Себебі М. Кундера да «Прага көктеміндегі» әскерлерді ешқашан ұмытқан емес. М. Кундера ұмытпады екен деп, мен де ұмытпаймын деген сөз емес бұл. Бұл – адамның санасында қалатын мәңгілік қасірет және сіздердің жүздеріңізді ешкімнен шатыстыра алмаймын. М. Кундераның көз алдында «Прага көктемі» күні кеше ғана болғандай болып елестесе, менің де көз алдымда «Қаңтар оқиғасы». Сіздердің  әрбір қимылдарыңыз мен шығарған дыбыстарыңыз, айтқан сөздеріңіз... бәрі-бәрі санамда. Бірақ мұнда эмоциалды сөйлемдерден гөрі, рационалдылық маңызды. Мысалы М. Кундера мен М. Салихтың куә болған «Прага көктемінен» кейінгі М. Салихтің бейнесі біз үшін назар аударарлық нәрсе болуы керек. Шынымды айтсам, «Прага көктемінен» кейінгі М. Салихтің типтік образы сіздердің де болмыстарыңызда көрініс тапқанын қалаймын. Күндердің бір күнінде біз жазған мәтіндердің бірі болмасын бірі сіздердің қолыңызда түсетінін білемін. Сол кезде ұмытпағайсыздар, біздің жазған әр әрпімізде көзіміз бар. Одан ешқашан құтыла алмассыздар. 

М. Кундераның да әрбір мәтінінде көзі болды. «Прага көктемі» кезіндегі, одан кейінгі Кеңес Одағына тиесілі барлық әскер автордың кез-келген шығармасымен кездескен сайын, өз-өздерімен бетпе-бет қалғандай сезінді. Әрине, олардың не ойлап, не еткені бізге белгісіз. Бірақ объективті көз салсақ өте бақытты сезінбегені анық. Бәлкім «Прага көктемі» мен «Қаңтар оқиғасын» салыстырып жатқаның орынсыз деуіңіз мүмкін. Бірі, Кеңес Одағында, бірі тәуелсіз Қазақстанда орын алған қасіреттер. Десе де, қасіреттің үлкен-кішісі болмайды. Өлім орын жердің барлығы тозақ. Ешқайсысын ақтап алуға ешкімнің ешқандай моральдық құқығы жоқ. 

Осы және осы сарындас ойлардың ішінде жүріп Мұхаммед Салих пен Милан Кундераның бүгіндері кездескенін қиялдайтынмын. Бір дастархан басында екеуінің «Прага көктемі» жайлы ойларын, әрісі «жоғалған отандары» жайлы естігім келетін. Милан Кундера романындағы кейіпкер секілді ағынан жарылып: 

«Барлығы бізді жақсы өмір сүру үшін кетті деп ойлайды. Бөтен өлкеде өзіне кішкентай ғана мекен табудың қаншалықты қиын екенін білмейді олар. Жүрегіңнің астында әлі дүниеге келмеген сәбиің мен әлі тәйтәйлаған бөпеңді құшағыңа алып туған өлкеңді тәрк ету деген қандай ауыр екенін ойлаңызшы. Оның үстіне күйеуіңді жоғалту. Жоқшылық ішінде екі қыз баланы өсіру...»

Бұл 2000 жылы жарық көрген «Білмеу» романындағы Ирина есімді әйелдің сөздері. М. Кундера Ирина және Джозеф арқылы «таусылғандардың» оралуын жазады. Дұрысы, оралмау үшін оралғандардың қасіретін қағазға төгеді. Романның кей бөлімдерін оқып отырып, Қара теңіздің жағасында М. Салихтің Еуропада өткізген жылдары жайлы айтқан естеліктері есіме түседі. Үйсіз-күйсіз, құжатсыз, бейне бір аяғың ауада қалқып тұрғандай кешкен күйлердің қаншалықты азап екенін табаны топыраққа тиіп жүргендердің ешқайсысы ешқашан сезбек емес. М. Салихтің «Хорезімім» аты өлеңіндегі:

Күндеріме оралам ба сенде өткен?!

Қасіретті Отаным-ау, мұңдасым –

сені маған нүкте қылып көрсеткен,

жырттым бүгін дүниежүзі картасын

деген жолдардың қайғысын М. Кундераның шығармасынан да көре аламыз. Әрине, «жоғалған отанды» іздеушілердің ұқсас азаптары мен қасіреттерін соңсыз тізе беруге болады. Мысалы, М. Кундераның «Бар болудың адам төзгісіз жеңілдігі» атты романдағы Томастың көзқарасымен «Орыс басқыншылығы орын алған жылдар жаназа кезеңі еді» деген сөздері мен М. Салихтің «Басымдағы ақ, қар ғой, балам: аспаннан емес жерден жауған қар...» деген өлең жолдарының жатыры бір. 

Тіпті М. Кундера кейіпкері, Джозефтің тілінде «Совет одағы егемен болғысы келген ұлыстардың қарсылығына төтеп бере алмағаны үшін құлады. Бірақ бұл ұлыстар өз егемендіктерінен бұрынғыға қарағанда қазір әлдеқайда алыста» деген көкірегіңді ойып түсірердей пікірі мен М. Салихтің «Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті» атты өлеңіндегі:

 

Тыныштық бар елімде соғыстан да қауіпті,

және оларда мұң жұқпас денсаулық бар қалыпты.

 

Жаназалық күлкідей шаттығы бар елімнің,

мастығы бар бейне бір хәліне ұқсас өлімнің.

 

О, ұлтым-ау, ұйықтаудың үйретші енді өнерін,

көз жұмылмай, отыз жыл ұйықтай алмай келемін.

 

деген жолдарының әрпі басқа демесең, ғұрпы бір екеніне барлығымыз көзімізге тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Десе де, жоғарыда айтқанымыздай, «жоғалған отанды» іздеушілердің ортақ ойлары мен пікірлері таусылмақ емес, әрісі сіздің оқып отырған бұл жазбаңыз әуелде М. Кундера мен М. Салихтің шығармаларындағы ұқсастықтары жайлы айтуды мақсат тұтпады. Осы жерге дейін оқыған мәтініңіз менің «М. Салих пен М. Кундера «Прага көктемінде» кездесті ме?» деген қиялымнан түзіліп отыр. Әйтпесе ойымыздағы жазылар мәтіннің ауаны тіпті басқа арнада болатын. Ол ауан – М. Кундераның осыдан екі апта бұрынғы өлімі. Қаралы хабарды естіген уақытта Ақ теңіз тауындағы кампта болатынмын. Тау шөккендей күйге түскенім есімде. Әрине, М. Кундера менің екі туып бір қалғаным емес, әрісі пір тұтқан жазушым да емес. Тек кейде сырлас, кейде мұңдас «алыс досым» болатын. Шатаспасам, сол кезде Маржан Фарсадтың «Хоонейе Ма» (қаз. Біздің үйіміз) өлеңін тыңдап отырған болуым керек. Негізі бұл өлеңді көп тыңдаймын, оның үстіне соңғы уақыттарда М. Кундераның өлімі есіме түсе қалса, осы өлең тілімнің ұшынан түспей-ақ қоятын болды. Өлеңнің парсы тілінен тікелей қазақша бір бөлік аудармасы:

 

Біздің үйіміз өте алыста

Сабырлы таулардың артында

Алтын алқаптардың артында

Бос шөлдердің артында

 

Біздің үйіміз арғы жағалауда

Мазасыз толқындардың ар жағында

Кипарис ормандарының артында

Арманымызда, қиялымызда 

 

М. Кундера секілді Маржан да жылдар бойы отанынан жырақта өмір сүріп келеді. Ешқашан жете алмайтын, ешқашан ұласа алмайтын біздің үйіміздің тек қана қиялымызда, арманымызда екенін айтады Маржан. Маржанның осы бір өлеңін тыңдаған сайын ойыма оралу үшін сапарға шыққан Одиссей келеді. Әрине, бүгінге дейін Одиссей жайлы мыңқырған шығармалар мен зерттеу еңбектері жазылды. Оларды қайталамақ емеспін. Тек Одиссей Итакаға оралған сәтінде ешкім оған «Келдің бе?», «Не еттің?», «Жолын қалай өтті?» деп сұрамағаны жаныма батады. Тіпті өте жақсы сезінемін. Әйелі Пенелопаның өзі әуелде оны танымай қояды. Арып-ашып отаныңа келгенде сені дәл бұлай қарсылаудан асқан қасірет бар ма?! Бәлкім, Одиссей оралмау үшін оралғанын Итакаға табан тіреген күні түсінген шығар. Себебі оралу жолында әр аттаған қадамынан бақыт көрген Одиссей, Итакаға келген күні табанына астынан бақыттың мүрдесін ғана көре алды. Бәлкім грек құдайлары Одисейді Итакаға алып келу арқылы жазалаған шығар деп ойлаймын кейде. Себебі Одиссей Итакаға оралмау керек еді,  ол тек оралу үшін сапарға шығу керек болатын. Яғни, Одиссейді бақытты еткен Итакаға оралу емес, ешқашан жете алмай үйге жасаған сапары деп білемін. Бұл менің есіме Жак Лаканды салады. Лакан «қалаған нәрсемізге қолымыз жеткен сәтте оны қалауды доғарамыз. Қалауымыздың жалғасуы үшін қалаған затымыздың үнемі кем болуы керек. Себебі қалауымыз – «оралу емес», оралу жайлы қиял дейді. Осылайша, Одиссейдің Итакаға оралуы, оралу жайлы қиялының күл-талқанын шығарды. Сәлден соң біздің осы бір ойымызды М. Кундераның шығармасындағы нарратор да қолдай түседі: 

 

(Сапардан оралған соң) Одиссей Пенелопаға үйленгісі келетін және Итакада билік жүргізгісі келетін адамдардың барлығын өлтіріп, ештеңе білмейтін адамдармен бірге тұруға мәжбүр болды. Айналасындағылардың бәрі оған жақсы көріну үшін соғысқа бармай тұрғандағы есте қалған естеліктерімен бөлісіп бақты. Одиссейге Итакадан басқа ешнәрсе қызық емес деп ойлап, ол жоқта болған оқиғаны жіпке тізгендей қылып баяндап берді. Сосын қойған сұрақтарына жауап күтіп Одиссейден көздерін алмады. Одиссейді одәл бұай ешқашан жаны қысылмаған болатын. Ол айналасындағы адамдардан бір ғана сөз күтті: Айта ғой. Бірақ осы бір айналдырған бір сөзді ешкім айтпады. 

 

Жиырма жыл бойы тек қана қайтып оралуды ойлады. Бірақ ол қайтып оралған соң, оның өмірі, өмірінің өзегі, орталығы, қазынасы Итаканың сыртындағы жиырма жылдық саяхатында жатқанына таң қалды. Ең өкініштісі, ол бұл қазынадан итакаға оралған сәтте айрылып қалған болатын, енді тек ол жайлы айтып қана қайтадан қауыша алады. 

 

Калипсодан кеткеннен кейін, Фаиакияда кемесі апатқа ұшырап, сол елдің патшасы Одиссейді күтіп алады. Одиссей ол жерде бейтаныс, бөгде һәм бөтен болатын. Бөтен болғаннан кейін патша оған: "Сен кімсің? Қайдансың? Айта отыр!" деп қолқа салады. Одиссея дастанында төрт ұзақ бөлімі осы ақымақ фаяктарға Одиссейдің өзінің шытырман оқиғаларын егжей-тегжейлі айтуын баяндайды. Бірақ Итакада Одиссей бөтен адам емес еді, ол солардың бірі болатын, осы үшін де оған «Айта отыр!» деп қолқа салу ешкімнің ойына келмеді.

 

Бұл ұзын-сонар үзінді араға жылдар салып өз үйіне оралған Иринаға қарап айтылған нарратордың сөзі. Қаншама «сабырлы тауларды, алтын алқаптарды, бос шөлдерді, мазасыз толқындарды, кипарис ормандарын кешіп» Чехияға оралған Иринаның күйі Одиссейден өзгеше емес еді. Бір адам, құдайдың ұрып кеткен бір адамы Иринаға «не еттің, не қылдың?» демеді. Тіпті қасірет үстіне қасірет жамаған оқиға, Джозефтің отбасы мазары басында барғандағы сәт. Сөзбе сөз романнан үзінді келтіретін болсақ,

 

«Мазар тасындағы есімдердің көптігі оны мұңға батырды. Өлкеден кеткен соң, бірнеше жылдан кейін көкесінің, әпкесінің, соңында әкесінің көз жұмғанын естіген болатын. Қайтадан назар салып есімдерді оқи бастады. Араларында әлі өмірде деп ойлаған адамдардың есімдерін де оқығанда аспан айналып жерге түскендей болды. Бірақ Джозефтің бұл күйге түсінуіне олардың өлімдері себепті емес-тін. Қаралы хабарлары жайлы оған еш хабар берілмеуі еді. Коммунист жандармдардың отаннан қашқандарға жіберілген хаттарды тексеріп өткізетін, хатқа өлім жайлы жазуға қорыққан болуы мүмкін бе?! Өлім жылдарына қарады, соңғы жаназа 1989 жылдың аяғы екен. Олай болса, Джозефке жазбауларының себебі олардың қорыққандары емес қой. Шындық бұдан да қатты қайғылы еді: Ол енді олар үшін жоқ болатын». 

 

Иә, Джозеф те, Ирина да бейне бір Одиссей секілді енді олар үшін жоқ болатын. Ешкім оларға ештеңе демеді, тыңдамады, көрмеді, сұрамады. Әттең дейсің, әттең Одиссей (Ирина, Джозеф) Итакаға (Прагаға) оралмағанда ғой, мұншалық қасіретпен бетпе-бет келмес еді дейсің ішіңнен. Бәлкім, бір кеткен адамдардың үйі үйінен алыста ма екен деп күбірлейсің. Онсыз да бәрін тартып алғанын қоймай, оралу жайлы қиялының күл-талқанын шығаруға кімнің дәті барды десеңші?! Маржан Фарсадтың әніндегі «Біздің үйіміз арманымызда, қиялымызда» деген жолдарындағы қасіретті бақыт пен бақытты қасіреттің М. Кундераға қаншалықты әсер еткенін маған белгісіз. Тек білерім, М. Кундераның да үйі оның қиялында қалды. Ол ешқашан қиялының қирауына мүмкіндік бергісі келмеді. Солай бола тұра «жоғалған отанын» іздеді. М. Кундера үшін табу маңызды емес еді, маңыздысы іздеу болатын. Іздеді және өмір сүрді. Осы жерде қазақтың Асан қайғысы есіме түсті. Әсілі Асан қайғының да мақсаты – Жерұйықты табу емес, іздеу емес пе еді?! Жазбаның ауаны басқа жаққа бұрылып кету қаупі болса да, миымнан «Бізге тиесілі не?», «Бізге бөтен не?» деген сұрақтар шықпайды. Бізге тиесілі деп келген отанның хақиқи бізге бөтен екенін сезіну қаншалықты ауыр, қаншалықты қасіретті?! Одиссей Итакаға оралып, қиялы қирағанымен сапары бітті ме?! Ирина мен Джозеф Прага келіп, орналасуы жолдың соңы ма?! Жоқ. Әсілі, бізге тиесілі болғандар дүниелер бізге тиесілі болған сәтте ғана бөтенге айналады. Бәлкім, осы үшін бе екен, сүрген өміріміз де, кешкен күніміз де, жүрген жолымызда бөтен. Біздің жазба басындағы «оралмау үшін оралу» сөзіміздің мәні осы жерде ашыла түсетіндей. Себебі өзім деп келген мекеннің өзгелік екенін сезіген роман кейіпкерлері екінші мәрте сапарға шығуға мәжбүр. 

«Одиссея» дастанында біз көзге іле бермейтін тағы бір оқиға бар. Ол Чехияға оралған кейіпкерлер секілді Одиссейдің де екінші мәрте сапарға шығуы. Оқиға бойынша ОдиссейгеТейресия «Үйіңе барғанда, кеменің ескегін иығыңа артып қайтадан жолға шығуың керек. Жолда кездескен адамдардың бірі «Әй, бейтаныс, иығыңдағы жарқыраған қырманның күрегі не?» деп айтқан сәтте ғана сапарың аяқталады дейді. Себебі ешқашан кеме немесе кеменің ескегін көрмегендер оны қырманның күрегі деп ойлайды. Осылайша, Одиссейдің үйге қайтуы оны ешкім танымайтын алыс мекенге сапар шегуімен орын алады. Иығындағы ескекті қырман күрегімен шатастыратын адамдарға жолықтырғанша жер кезіп жүре бермекші Одиссей. 

М. Кундераның романында отанға оралған кейіпкерлер арасында Одиссейдің екіншісі сапарын еске түсіретін кішкентай ғана қызық диалог бар:

- Кешке үйіме жетемін.

- Үйім дегенде... дегің келгені...

- Данимаркада.

- Сенің бұлай айтқаныңды есту біртүрлі екен. Сенің үйің ендігі осы жер емес пе? деп сұрады Н-ның әйелі.

- Жоқ. Бұл жер емес. 

Өкініштісі, Ирина мен Джозефтің ығындағы ескекті ешкім сұрады. Олар қайтадан жолға шықты. Олар Чехияға оралмау үшін оралған жандар. Ал ендігі сапардағы бұл іздеу оларға тиесілі ме, әлде бөтен бе оны ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ олардың да үйлері тек қиялында ғана, арманында ғана екені ақиқат. 

Осылайша, өз романдарындағы кейіпкер секілді М. Кундера да «иығына кемесін ескегін асынып» екінші рет сапарға аттанды. Ол мәңгілік «шақырылғандар» қатарында. Ал шақырылғандар ешқашан адаспақ емес. Тек ендігі оның «жоғалған отанын» табылып, оралу жайлы қиялының екінші мәрте күл-талқаны шығуына еш мүмкіндік берме, құдай. Себебі М. Кундера және сапарластары, Ницщенің тілімен айтатын болсақ, қалағандарына емес, қалауларына көңілі түскен жандар. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар