Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Жамбыл өлеңдеріндегі нақыл сөздер...

16.08.2023 1375

Жамбыл өлеңдеріндегі нақыл сөздер

Жамбыл өлеңдеріндегі нақыл сөздер - adebiportal.kz

Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері – оның айтыстары. Осы айтыс өлеңдерінің  әрқайсысында Жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы кезінде Жамбыл патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының  қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Кеңес дәуірі жылдарында Жамбыл қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұынмен байытып жеткізді. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік пен озбырлықты жырлады. Мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтерді. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең  еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан кұралған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады .

Жамбыл - жыршылық өнердің де асқан шебері. Оның үздік шығармалары қырықтан астам шет ел тілдеріне аударылды. Жамбыл поэзиясына шетелдік атақты суреткерлер өте жоғары баға берді. Ғасырға жуық жасаған Жамбыл бірнеше заманның тірі куәгері бола жүріп, өз өмірін де, шығармашылығын да қазақ халқының өмірімен байланыстырып өтті.

Жамбыл қандай ортаға барса да басшылардың алдында өткір сыннан тайнбаған.Мысалы, бір сайлауда, сайлаушылар мен өкілдердің жиналысында Жамбылга сөз берген. Сонда ақын: Тойыңа келсем сыйым жок, Тентегіңе тыйым жоқ. Киелік десем киім жоқ, Базарға барсақ тиын жоқ, - деп шындықты жайып салған. Жамбылдың осы сөздері казіргі кезеңде де өзінің мәнін жоғалтқан жоқ деп оның еңбегін зерттеушілер өз еңбектерінде баға берген .

Жамбылды түрлі тақырыпқа арнап өлең-жыр жазды деуге болады. Олар жеке адамдарға, батырларға, түрлі оқиғаларға, т.б. арналған. Ғасыр жасаған ақынның бір толғауында былай делінген:

Жігіттіктің кезінде

Жігерлі болса, ер болар.

Тұрмаса жігіт сөзінде,

Нәсілі оның кем болар, - 

деп жырлайды. Нағыз жыраулық дәстүрдің озық үлгілі сөздерімен қатар нақыл сөзге айналған өлеңдері өте кең тарады. Жаман мен жақсыны ажырату, жалқаулықты сынау мақсатындағы өлеіңінде:

Жаманға ұйқы - жолдас, тамыр - тамақ,

Болмайды көңілінде басқа талап, - деген өлең жолдарының бірінші қатары қанатты сөзге айналған.

Жамбыл өлеңдеріндегі ой-түйіндердің жыраулар поэзиясы үлгісімен кең өріс алуы - әдеби-тарихи тұрғыдан негізді, ұлттық-тәлімдік тұрғыдан мәнді. Бұдан басқа "Тоқтағұлға", "Жаныс ақынға", "Сырттанға" сынды арнау өлеңдерде ақиқат жолы, өмір өрімі өрнекті өріс алса, керісінше "Абышқа", "Есенәлі мешкейге", "Тілеміске", "Шалтабайға", "Сәт сайланарда", т.б. ел үстінен күн көріп, айла-амалмен ар-намысты таптағандарға халық қарсылығын, уақыттың талап-міндеттерін нақты, жүйелі жеткізеді.

Ақын шығармашылығында өмір, уақыт шындықтарына суарылған дидактикалық сипат та, ұлттық-тәлімдік мәселелер де, қанатты сөз бен ұтымды ойлар да кең орын алған. Оқып көрелік:

«Көп қарға тең келмейді бір сұнқарға», «Көп жылқы тең келмеді бір тұлпарға», «Жақсының әрқашан да жөні бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға». Сондай-ақ «Атаңнан бата ал, балам, ел қадірін біл, балам», «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт» - деген өлең жолдары казір де қолданылып жүр. «Ақыл іске аспаса, жамандыққа бастайды». «Байлыктың түбі - пайдадан, өтірік-қулық - айладан», «Темір өзек пенде жок, өлмес адам елде жоқ» секілді өлең ұйқастары қанатты сөздердің қатарына енген.

Жердің селін жер жуар,

Елдің кегін ер қуар.

Дауыл турса, бұлт қуар,

Жердегі жауды жұрт қуар деген өлең жолдары ерік пен батылдықа арналып айтылған нақылға келеді.

Жаманның көңілі көкте, жерде басы,

Алыс қой аңғарғанға екі арасы.

Жақсының өзі кішік, ойы биік,

Бірдей ме екеуінің мәртебесі? - деп жақсы мен жаманның арасындағы өзгешелік пен адамгершілік мәселесін пайымдаған.

Жігерлі болса - ер болар.

Артықша туған азамат,

Халыққа үлкен бел болар.

Серт адамды байлайды,

Ер жігіт серттен таймайды.

Елдің серті - ер серті - деген өлең шумақтарында батырлық, өжеттік, сенім мен халық алдындағы үміт туралы мағыналы сөз де нақылға айналған.

Ақын ғаріп емес пе,

Байды өтірік мақтаса

Заман ғаріп емес пе,

Әділеттен аттаса.

Ерден бағы жанбаған әйел ғаріп - деген өлеңдері арқылы адам мен 

ақын, заманның шындығы, әділеттік, әйел бақыты жайлы өлеңдері халық арасына кеңінен тарап, қанатты сөздердің қатарына қосылган.

Жабы жүйрік болар ма - байлағанмен,

Жасық болат болар ма - қарағанмен - деген өлеңдері арқылы жүйрік пен әлсізді салыстыра

отырып айтқаны нақыл болса,

Шешен кісі сөз бастар,

Адал кісі - ел бастар -деген өлең жолдары шешендік, сөз тапқырлығымен ел басқарған ерлерге арналған қанатты сөздерге айналған.

Жамбыл шығармашылығындағы адам мұраты, ұлт пен ұрпақ қамы, ел-жер тағдыры, тарих пен таным тоғысы, ұлттық-тәлімдік мәселелер тәуелсіздік талаптарымен табиғи үндестік табады.

Бұларды білу, оқып-үйрену, танып-таразылау, үлгі өнегелік қырларын мұрат тұту - баршамыз үшін маңызды. Жыр жүйрігінің шығармашылығын айқындай түсетін қыры - "Жамбыл айтысы" деген даналық нақыл сөздер, әзіл-әжуа тақырыбындағы ұтымды ой, қанатты тіркестердің көптеп кездесетіндігін білеміз.

Дастан-толғаулары тарих пен таным, тұлға мен тағдыр, кеше-бүгін байланысын табиғи дамытып, сол арқылы өмір-уақыт шындықтарын шеберлік пен шешендік тұрғысынан терең толғайды.

Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы.Жамбылдың ұлылығы оны, тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы кешін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалык дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн берді.

Жамбыл - ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді.

Оны жинап  алып халқының қолына беру - біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» - деген еді Сәкен Сейфуллин.

Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық-жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М. Әуезовтың «Қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері XIX ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Жамбыл өзінің шын мәніндегі сөз зергері екендігін ісімен, жалынды жырларымен көрсете білді. Бір ғасыр жырлап өткен Жамбыл творчествосы сөз жоқ таңғаларлық табиғи құбылыс.

Жамбыл - халық әдебиеті үлгілерін жасаушылардың дастүрлі өкілдерінің бірі. Оның бойындағы туа біткен табиғи дарыны, қабілеті әмбебап өнерпаздық жаратылысымен ерекшеленеді. Жамбылдың күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастарды сезіне өлеңмен сөйлейтіні, қанатты ұшкыр ойлы тіркестерді қолданатыны, домбыра әуені мен өлеңді сөзді қосыла өретіні - ақындық шабыт нәтижелерін бірнеше өнер қосындылары арқылы дүниеге келетінділігін дәлелдейді. Дәурінің жыршысы болған Жамбыл Жабаев барша келешек ұрпаққа үглі болатындай өнегелі ғұмыр кешкен. Осынша ақынның ерекше табиғат болмысы мен тағдыр жолын тереңнен ұғынып, зерттеген ғалымдар аз емес.

Жамбылдың шығармалары - дәстүрлі халық өнерінің заңды жалғасы. Ұлы ақынның поэзиясындағы ақындық шығармашылық тұлғасына тең қасиеттер өз маңыздылығын сақтай отырып, талай ұрпаққа үлгі өнеге екені тарихымыздың мақтанышы.

 

Леспаева Аяулым

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті журналистика факультетінің 3 курс студенті 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар