Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Толқын  Қабылша. «Біз екеуміз ұқсаймыз, білесің ...

30.01.2024 2668

Толқын  Қабылша. «Біз екеуміз ұқсаймыз, білесің бе?! » 12+

Толқын  Қабылша.  «Біз екеуміз ұқсаймыз, білесің  бе?! » - adebiportal.kz

Жанарым  неге  жасаурай  берді?

Жанарым, саған  ұқсаған? 

Жазмыштан  тағы  аса  алмай  келдім,

Жасқанып  жарық  нұсқадан.

Жанымды бір мұң  қапсыра  құшты,

Қапсыра құшты  сағыныш.

Сол сезім  тағы асқына түсті,

Жан менен тәнім  жарылыс.

 

Жаңбырға  шаққан жалқы бір  мұңын,

Жанына сауға  сұраған.

Жүректің  мына жарқылы жырым,

Аршып  алатын күнәдан. 

 

Жасаурап  қалған қарашығыңдай,

Көрмеген   әр күн   жазалы.

Жаратқан менің  жанашырымдай,

Жаныма  өлең  жазады.

 

Жүректің мынау күйін түсінбей, 

Атады  сосын таңдарым.

Сен  келер күннің сүйіншісіндей,

Тағдырдан тостым қалғанын. 

 

***

Біз екеуміз ұқсаймыз,

Білесің бе?

Жолыққан күн  есімде, түн есімде.

Сенің  ыстық жүзіңде қалып қойған,

Мендік  ғұмыр,

Бір сенің үлесіңде.

 

Күлгеніміз  ұқсайды,

Кескінің де,

Күнді саған ұқсаттым, кешті күлген.

Жалынымыз ұқсайды жанып сүйген,

Біздер сүрген тағдырдың бес күнінде.

 

Көздеріміз ұқсайды,

Қарашығың,

Сол жанарда тәнті еткен бар асылым.

Сол жанарда мен кешкен бар ғажайып,

Сол көздерде жасыршы жан асылын.

 

Арманымыз ұқсайды,

аңсарымыз,

Түн де екеуміз, оянсақ, таңсәріміз.

Көктем де біз, күз де біз,

Мезгіл де біз,

Жан толқыныс, жан үміт, жан  сағыныш.

 

Білем, ертең, күмілжіп қыс келеді,

Дала, қала тым салқын түске енеді.

Біз жүрекпіз, жүректің дүрсіліне,

Сала алмайды, күз ызғар, қыс дерегін.

 

Жан сыңарын тапқанда,

Тән сыңарын,

Төгеді екен зеңгір көк тамшыларын,

Сол жаңбырда мен бармын, 

өзің барсың,

Маған  сол да жетеді, 

Жан шуағым!

 

*** 

Жаныңның жарық жұлдызын  жағып,

Сен  жетші  менің  қасыма.

Қарымтасындай  өткен күндердің,

Жылдардың  сенсіз  жасыған.

Жоғалтқан  қанша 

жалынсыз  күннің, түндердің , 

сәттің, мезеттің,

Өтеуіндей  боп  өзің  кезіктің, 

Тағдырға  артқам базынам!

Ақ сезім жырдың  алауын жағып,

Сен келген күннің  бақ бәрі,

Сен келген сәттер,

Оралады екем, 

жоғалтқан жастық шаққа мың.

Ұмытып  мұңды,

Ұмытып  шынды, ұмсынып ұлы  үмітке,

Сен келген күндер,

Сен жүрген  жолдар, 

Шырағдан  болды жаққаным.

Өлеңбаяным,

Жүрекке  жазған, 

Сөнбеген  ұлы  үмітім.

Өмірбаяным,

Кеудеме  жазған, 

Тәңірден  тілеп күні-түн.

Тағдыр  тосында, 

Өмір  қосында,

Өзекке түскен  өлеңім,

Екеуміз  сенген  арманның  бәрі,

Кездейсоқ  емес, сенемін!

*** 

Кеудені  бір күй  сығымдайтындай,

Аңсар ма, мұң ба, тым  алыс.

Жан мен  тән  сенсіз  жылынбайтындай,

Жолыққан  әр  күн  жұбаныш.

 

Көзіңнен  сүйем,

Сезіммен  сүйем,

Маңдайдан  сен  де  өбесің.

Жалған-ай  сезім отына  күйген,

Тапқанда  жүрек  егесін.

 

Тынысыңдамын,

Тынысымдасың,

Сәт сайын оны сезінем.

Тағдырдың сен де уысындасың,

Шықпадым мен де тезінен.

 

Тәңірден  тілеп, аспаннан  сұрап,

Алақан  жайдық  уақытқа.

Сағынып, сүйіп, күн  кешкен  жырақ,

Ғажап  қой, біздің  бақыт  та.

 

Аз  күн  көрмесек, алапат  құшып,

Сыймаймыз  мына  маңдайға,

Жүрекке, жанға  жарақат  түсіп,

Темір  татиды  таңдай да.

 

Тәңірім  сұлу,

Тәңірім жалғыз,

Жалт  бұрып, саған  қаратқан.

Қолдайтын  өзі,

Қорғайтын өзі,

Қоспайды  бірақ, Жаратқан.

 

*** 

Не ұсынып, 

не айтса да  құмбыл күн,

Мен өзіңмен шын қуандым,

шын күлдім.

Жалғыздығын еңcердім де мың жылдың,

Сенсіз өткен жылдар үшін, 

қынжылдым.

 

Мейлі, біреу мысқылдасын, күлсін  мың.

Сенсіз атқан таңдар үшін,

Күрсіндім.

Сен құшпайтын түндер үшін жыладым,

Сені тағы көру үшін ұмсындым.

 

Ұғынбаса, ұғынбасын  мына  әлем,

Ессіз сүйген пәктігіммен, күнәмен.

От боп жанған кеудемдегі аңсармен,

Мен әу бастан тек өзіңе сыңар ем.

 

Адасып  қап,

Жылдан, бәлкім, ғасырдан,

Жан  жарасын  жалқы  мұңмен  жасырған.

Мендік  сезім, 

сағыныш қой, сағыныш,

Өткен күн мен кеткен күнге бас ұрған.

 

Сенсіз өткен сәттер басып  еңсені,

Сенсіз өткен мезеттермен теңселіп.

Бұл сезімнің таппай қойдым  өлшемін,

Мәңгілік деп ұғайын ба мен сені?…

 

***

Адалдық  жайлы  айтылса  бір  сөз,

Келесің  көздің алдына. 

Келеді  бейнең, келеді  көзің,

Болады  оған жан  куә. 

Алдамас аппақ  аңсар үміттей,

Тұрады  сенің шық  бейнең.

Арылып  сосын күллі  күдіктен, 

Алдарқата  алмай көп күйбең,

Ақжелкен  мұңның жалауын  құшып,

Арзу  айтқым кеп  аспанға.

Адалдық  жайлы ешкім   жазбаған,

Жазғым  келетін дастанға.

Қайталап  айтып, сенің атыңды,

Күбірлеп  іштей Тәңірге.

Мінәжат  етем, мінәжат  етем,

Сен туған  көктем, сәуірге.

Алғыс  айтамын, Ғаламға  сосын,

Өзің боп  құшқан мезгілге.

Адалдық  жайлы жыр  жазып жүріп,

Өзіңді  таптым, сездің  бе?

Алладан  басқа құдірет  жоғын,

Тәу  етіп тағы  мойындап,

Сен  туған күнді, өлкені, жылды, 

Сүйген  сәт, уайым  жойылған. 

 

***

Сағыныш  дейтін алапат  мұңның,

Шарпыса  бір сәт  жалыны.

Тағы да сенің көздерің  тұрады,

Қиылып  қарап, сағынып.

Көздерің  тұрды, соншалық сұлу,

Соншалық  таза, күнәсіз.

Сол  қарашықтың ішінде  қалған.

Сезім де сұлу, шүбәсіз.

Өзгенің  бәрін тәрк  еткім  келер,

Сол  арман, сол күй, аңсарға.

Көзіңде сенің  жалт еткім  келер,

Жалт  еткен әр  күн, жан  сауға.

Тұп- тұнық  ардың ұстынындай  боп,

Тұрады сенің  кескінің.

Жалғыз-ақ  сені құшқым келеді,

Ақ сезім  жырды кешқұрым. 

Сүйініп  кешсем, ғұмырды  мына,

Тап- таза  ғаламшарыңды. 

Өзіңе ғана ақтарып  айтсам,

Жасырмай  жан аңсарымды.

Адалдық  десе, өзіңді ойлаймын,

Жоқ сынды  өзге ешкімім. 

Ақжауын  күндей сезімді  ойлаймын,

Болса  да жалған  бес  күнім. 

 

Бейопа  күннен, бейопа  жылдан,

Бодау  күй кешкен  арманнан.

Шын  бақыт тілеп,  шын  бақыт сұрап,

Қол  жайып күткен   таңдардан.

Жаратқан сені  жолдаған сынды,

Ақжүрек  мендік қалыпқа.

Ақжүрек  сенің болмысың, білсең,

Ұқсайды мендік  жарыққа. 

Безбені  бақтың немен  өлшенген?

Байыбын  оның кім  білген?

Бағамы оның  сәттерде, бәлкім?!

Бақытты болып  үлгерген... 

 

*** 

Не айтқың  келді, сен маған, кешіккен үміт?

Ене алмайтының  анық  қой, есіктен күліп.

Жанымды  сол сәт, аяз ба, 

мұң қарып тұрды,

Білемін, сол  бір аяздан қызғанып тұрдың.

 

-Есіктен күліп ену ме,

Тағдырдың  заңы? ! 

-Жазмышқа  әлде, ұқсай ма, жаңбырдың  бәрі?…

Білесің, кейде, 

Биік бар, қол жетпес заңғар,

Жүрек бар, 

таң бар, тілек бар, өзіңе самғар!

 

-Айтқың келе ме, үміттің  алдамайтынын?

Кей құста қанат болғанмен, самғамайтынын?

-Сенгім  келеді!

сенгеннің  жазықсыз бәрі!

Аппақ қар сынды аяулы, алғаусыз  хәлі! 

 

-Аппақ  қар  сенің  өзің  ғой, 

аспанға  ғашық!

Сен сүйсең, мен де күн кешем, шаттанып, тасып.

сертімді  менің  ұмытпа,

“Кешікпейді  Арман”

“Кешікпейді  Үміт” мен  сүйген көзіңде қалған.

-Тағы да мені, жұбатшы, сөнбейтін  үміт?!

Көзіңді қалай  ұмытам, “Сен” дейтін тұнық?

 

Тәңірім  құлақ аса  ма,

Тілекке  нәзік,

Көзайым  болған әр  сәтті  жүрекке жазып.

Түйіспес  мүмкін жолдардың сұрадық нарқын,

Тоғыспас сосын тағдырды сынадық, бәлкім?!

 

-Сонда да сені сүйемін, Сөнбейтін  үміт!

Көзіңде  сұлу кұн кешем, 

“Сен” дейтін  тұнық!

 

*** 

Ақ қардың  бүгін  жауғанын  көрдім,

Жанымды  жуып  әр тамшы.

Жан  менен  тәннің самғауын көрдім, 

Жалғаннан  безіп  алдамшы.

 

Алқызыл  гүлдің  арманын  көрдім,

Аңсарын  сездім, өлмеген.

Аңызақ  желге  маңдайын  тосқан, 

Аптапта ұзақ  шөлдеген, 

 

Солмаған  бір гүл жазмыш  па  еді?

Үміт  пе таңдай  шын  тамсар?

Сел болып құйған сағыныш па еді?

Сәттерді  көрдім, шын кәусар.

 

Ақ  жаңбыр сосын  жауғанын  көрдім,

Алғаусыз  мендік  сезімдей.

Алқаракөктің  таңдауын көрдім,

Ах  ұрған  мына өзімдей.

 

Қар болып  құштым, өмірді, сені, 

Ұшқындап  аппақ  бір  үміт.

Жап-жарық  сәуле  сағыныш па  еді?

Отына  тұрмын  жылынып...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар