Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
«Тағдырға бас имеймін, Заңына бағынамын!»...

30.07.2023 1790

«Тағдырға бас имеймін, Заңына бағынамын!» 14+

«Тағдырға бас имеймін, Заңына бағынамын!» - adebiportal.kz

«Бір әуен басталады кешке мұңды, 

Ойлаймын өшкенімді, өскенімді.

Басында Алатаудың ала құйын,

Басынан Қаратаудың көш көрінді. 

Атқанда Хантәңірдің ала таңы,

Бауырында күнге ұмтылған балапаны.

Өзегін жарып шыққан өлеңімнің 

Заманның Шоған абыз – нар атаны!» - деп жырлайды өзін Шоған абыздың үзіліп түскен түймесіне теңеген ақын. «Шоған абыз» атты поэма жазған ақынымыз – Мақпал Мыса. Бұл тарихи тұлғаның болмысын бейнелейтін дастан түрік, орыс, ағылшын тілдеріне аударылыпты. Ел ішінде аты шыққан атақты абыздың ерлікке бергісіз төрелігі, жасаған ірілігі поэмада толық жырланған. Шоған абыз туралы бұған дейін мұндай көлемді дүние жазылмаған. Сол олқылықтың орнын толтырып, абызға арнап дастан жазған ақынның да бір жоғы түгелденгені анық. 

Бүгінде Мақпал ақын ел ішінде аты шыққан, өлеңімен оқырманына белгілі, поэзия деген әлемге қазығын бекем қадаған, келешек атты ғаламға нар атанға жүк болар өлең-жырын теңдеген, бірқатар мүшайраларда қанжығасы майланған, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дарын иесі. Ол мемлекеттік «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарының бірі. Бұған дейін «Алақандағы бақыт», «Мен керекпін», «Аспантаудың көктемі», «Шоған Абыз» атты төрт кітаптың авторы. Биыл «Құрақ көрпе» атты тағы бір жыр жинағы басылып шығып, жырсүйер қауымның қолына тиді. Мақпал ақынның туған жері – Нарынқолда таныстырылымы өтті. Осы уақытқа дейін Мақпалдың шығармашылығында жырланбаған тақырып жоқтың қасы. Күзгі әуендер, бойжеткеннің мұңы, махаббат жырлары, сапардағы элегия, табиғат таңғажайыптары, тарихи тұлғаларға тағзым, ғалам мен кеңістік арасындағы тылсым жайлы жырлары баршылық.  

«Өмір-өзен,

Тартады ағыс қайда,

Бұл қуаныш бастайды өрісті ойға. 

Зейнемхандай анашым Қайнардан кеп,

Құрақ көрпе сыйлады қоныстойға. 

Болмаса да ешкімнен ырысым кем,

Жаратылған жан едім жыр үшін мен.

Бұл көрпеде ананың махаббаты,

Бұл көрпеге ананың нұры сіңген. 

Діріл қақты жанымда бір ақ бұлақ,

Бір ақ бұлақ...

Кеудемнен жыр атқылап. 

Зейнемханның қолымен зер төгілген,

Пүліш көрпе кәдімгі құрақ-құрақ» - деген этнографиялық өлеңінде анаға деген сағыныш, ауылға деген сағыныш табы бар. Төгіліп түскен жырда тамырға тартар сүйініш пен өзекке сіңген діл жатыр. Қазақтың төрін құрақ көрпесіз елестету мүмкін емес дегенді ұғындырады. Заманауи дизайнмен әдіптелген бүгінгі тас қаладағы әйнек өмірдің аласапыран ағынында қазақтың киесін танытар кей ұғымның ешқашан ұлт жадынан өшпейтінін аңғартқандай. Лирикалық өлеңді оқи бастағаннан көңіліңде өз анаңның құрақ көрпе тігіп отырған сәттері жаңғырады. Сол көрпеге кеп жайғасып, әңгіме-дүкен құрған қонақтардың отырысы елестейді. Сол құрақ көрпеде алысып өскен талай қазақтың баласына бұл өлең етене жақын болары хақ. Мейірім мен сағыныштан, мұң мен сүйініштен, кие мен қасиетті сездірткен тұнық өлең. Өткен шақ пен келешектің ортасындағы осы сәтті құрақ көрпемен сәндеген қазақы танымның өзгеше пәлсапасын көрсеткендей. Өмірдің өзі құрақ көрпе. Қиюын келістіресің, құрақтарды бір-біріне үйлестіресің, түрін-түсін таңдайсың, құрайсың, жиегіне түйінін жүргізесің, астарын қаптайсың, жүнін салып қомпитасың, көктейсің – сонда ғана барып біткен іске ризашылығыңды білдіресің. Өмір – құрақ. Мәнін кіргізесің, мазмұнын толтырасың. Бұл өлеңнің астарында күллі қазақтың мейірімі жатқандай. 

«Күндер,

Сенен біреулер бақ сұрады,

Енді бірі тағдырын тапсырады. 

Күндер деген үмітің үкісіндей,

Күндер деген арманның ақ шуағы. 

...Жанына жайлау іздер жақсылары. 

Күндер деген жаныңның арай әні, 

Қасиетін білмеген қараяды.

Аялаған адамның сая бағы,

Күндер деген – өмірдің өткелдері,

Күндер деген – көңілдің көкорайы.

...Сырласармын өзіңмен талай әлі...» - деген жыры өмірдің бар мен жоғын бүтіндеуге арналған пәлсапа екен. Бұл өлең жүрегің қайғы-мұңнан қарайғанда табан тірейтін тұғырдай. Өткінші өмірдегі жанға қажеттіні іздетеді. Терең ойға жетелейді. Сартап болған санаңа сәуле түсіреді. Көңілді демдейді. Сергелдеңге түскен адамды серпілтеді. Өмірдің әр сәті маңызды екенін сезіндіреді. Адамның әр сезімі бағалы екенін түсіндіреді. Риясыз ықыластың шексіз бақытқа бөлейтінін көрсетеді. Өлеңмен сусындаған жан еріксіз шабыттанатыны содан. Сөзге мән беретін ақын барда, сөз киесі өшпейтінін тиянақтайды. Өлең деген өмірдің өрнегі. Өлең деген көңілдің пернесі. Өлең барда сезім ырықсыз. Сезім барда өлең шексіздікке айнала бермек. 

Мақпал ақынның «Түн ғазалдары», «Жолдар, жолдар», «Күндерім менің, күндерім», «Ботадай мөлдір әлемім» деген жырлары ақын мен ғалам арасындағы сезімді бейнелейді. Осы тектес өлеңдерінде ішкі бұлқыныстары, дүниетанудағы нәзіктігі, өмірлік мүддесі айқындалады. «Жалғыз желкен», «Күзгі әуендер», «Бір ғұмыр», «Анама» деген жырларында құс боп самғаған арман-мақсаты, өмірлік нәр алар анаға деген сағынышы, ақындарға деген зор құрметі сипатталған. «Бір жерлерде топырағынан ақын да, батыр да шықпаған ауылдар кездеседі. Біз ежелден батырлар елі, ақындар елі едік. Қазақ халқының құрсағынан әлі күнге дейін дарынды, қарымды ақындар туып жатыр. Туа береді! Бір-біріне ұқсамайды. Бірінің айтқанын бірі айтпайтын ақындар! Еуразия төсінде үш мың жылдай сайран салған Салт Аттылар тұқымының бойындағы қуат өлеңге ауысқан! Ештеңе жоқтан бар болмайды екен! Бардың базары тарқамайды. Түрленіп, түгенделіп, тереңдеп, молая береді. Менің көзім соған жетті. Мақпал – ақын! Мұқағалидың кіндігі түскен топырақтан тағы бір Ақын келді. Сүйінші!» депті Мақпал Мыса хақында ақын Серік Ақсұңқарұлы. 

Мақпал шығармашылығында ерекше орын алатын тақырыптың бірі сапарлаған жерлері туралы өлеңдері. Абай жұрты, Ертіс жайлы, Қордай асуы, Бішкек туралы, Үрімжі шаһары, Көкше, Баянтау, Қарағанды, Ақтөбе, Ыстамбұл, Қапшағай, Аспантау, Ақсу, Жетісу сияқты жерлерге арналған өлеңдері бар. 

«Ыстамбұл! 

Сен де көркем, мен де көркем,

Сыр тұнған сұлулыққа тұнған өлкең. 

Тербетсе көңілімді Мәрмәр теңіз,

Өзіңді өлеңіммен еркелетем.

Ыстамбұл! 

Сен де әдемі, мен де әдемі,

Бауырыңда тамыры бір ел бар еді. 

Атыңнан айналайын, Анадолы,

Бір келу әр пендеге арман еді» - деп жырлапты көңілі толқыған ақын. Шабыттана жырлағаны байқалады. Оның үстіне асқақ сезіммен жырлаған Ыстамбұлға деген ықыласы оқырманын да толқытады. Бірде қуанышты, бірде қайғысын жырлайтын ақын өлеңіндегі сезім пернесі ауысып отырады. 

«Күндер, күндер, зулайсың, зырылдайсың,

Арбаң сынған, содан соң бағың ұшқан, 

Атқан оқтай артыңа бұрылмайсың,

Ех, қайран, Қабірстан!...

Күліп батты деседі күн бүгінгі,

Шығарыңдар демеймін төрге мені. 

Таразыға салатын тірлігіңді,

Қабірстан – өмірдің соңғы өлеңі!» - деп мұңаятын кездері де боп тұрады. Меланхолияға бой алдырғанда жазылған өлеңде мәңгіліктің ізі бар. Мақпалдың өлеңдерінде шоқтығы бөлек бір тақырып – қыз махаббатына арналады. Махаббат лирикасы әр ақынның мұң-наласын арқалайтын ауыр жүк, бәлкім ұлы көш. Бірақ бұл көш әрбірінде әрқилы. Сүйіспеншіліктің табиғаты бір болғанмен, қолтаңбасы әр түрлі. 

«Өкпеледім,

Мен сені жек көремін.

Қашырмағын мазамды текке менің! 

Із боп қалдың, алдымда даңғыл едің,

Күз боп қалдың бір сәтте, көктем едің...

Мен сені жек көремін!

Сағынамын,

Қайтейін сыйласаң да жаныма мұң. 

Бұл беймәлім тағдырға бас имеймін,

Заңына бағынамын,

Сағынамын...» - деп бұртияды. Мақпалдың сезімі дара. Ешкімге ұқсамайды. Бағынуы да, бас игені де бөлек. Аласармайтын шыңы бар. Аласартпайтын «мені» бар. Сезімі көркем, ерке. 

«Таңғы тілегім – тағдыры талай,

Тәңір, ұлыңа шапағатыңды бер сыймен! 

Ардағым, айым, арманым-арай! 

Бекзат дидарыңды Күн сүйген, 

Және Мен сүйгем!» - деп сүйеді. Бақытын жырлаған ақындар көп емес. Бірақ мөлдір лирика тек махаббатпен туатыны ғажап. Ақын ырқы мен ықтиярын жаулап алған саф сезімнің тасқынында қалғандай. Шын сезімнен туған өлеңнің бәсі бөлек. 

«Махаббат, өртесе де өртің мейлі, 

Сол бір өрт мені ешқашан өлтірмейді.

Ақ қағазға төгілген мөлдір өлең,

Жанардағы жастай боп мөлтілдейді. 

Мөлтілдесін жас болып, мөлдіресін,

Мендік нәзік сезімді сен білесің. 

Шырағымдай алдымда жанып тұрған,

Тұмарымдай қастерлі сол бір есім» - деп шалқиды бір өлеңінде. Өмірді күнделікке теңеп, өлеңге мұңын шаққан ақынның іздегені тек ізгілік, қолдан келері тек бейнет. Құрақ көрпенің өрнегіндей құрақ-құрақ өмірден сұлулық пен әдемі сәттерді тізіп, алқа таққан Мақпал Мысаның өлеңдерінен кең байтақ даланың жұпары аңқиды, жүрегіне сезімнің періштесін қондырып, жалқы өлеңге жанының сәулесін төгеді. «Құрақ көрпе» атты жыр жинағы қазақ поэзиясына қосқан сәйгүлігі, мөлдір өлеңнің ақ айдыны іспетті. Бұл жинақ өлең әлеміне туын ерте жастан тіккен Мақпал ақынның толымды табысы екені анық. Десек те, бұл ақынның үлкен ізденісте жүргенін көрсеткен табысы. Әр жинақ сайын өлеңінің өресі өскенін, өзі де қаламгер ретінде толыса түскенін айқындап келеді. Әр шың келесі кезеңнің табалдырығы екенін нақтылап, ақын ізденісі еш тоқтамайтынын дәлелдей түскендей. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар