Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ретбек Мағаз. «Қазақстан Қалибек»...

05.02.2024 2385

Ретбек Мағаз. «Қазақстан Қалибек» 12+

Ретбек Мағаз. «Қазақстан Қалибек» - adebiportal.kz

әңгіме

–  Тоқта! 1000 юаньді тастаған Қазақстан Қалибек...

– …

Кеше түнде шағын бір қыстақтағы Уаң фамилиялы қытайдың оны-мұны сататын жұпыны дүкенінде, арақ ішіп, ұтысқа карта ойнаған – үш қазақ, екі қытай еді. 

– Әке, тұрсаңшы! Мамам тұрсын деп жатыр?

Қалибек, кішкентай қызының тәтті дауысынан оянды. – келе қойшы, - деп қасына шақырды. Маңдайынан иіскеп, – мектепке барасың ба? - деді бәсең. Сосын мамаң қайда? - деді нарау. Мектеп формасын киіп, арқасына сумка асынып алған Айзере әкесінің ұйқыдан ісіп кеткен көзінің айналасын нәзік саусақтарымен сипап тұрып құлағына сыбырлады: – Мамам жуынып жатыр, мен кеше мектепте алғыс хат алдым ғой. Енді ол әкесінің ұйпаланған шашынан иіскеді. Сосын мектепке кетпекке әке құшағынан шыға берген. Әкесі елжіреп кетті білем. Төсегінің аяқ жағында мыжылып жатқан шалбарына қолын созыды. Қалтасын ақтарып, бір уыс майда ақша алып шықты да, топанын түгелдеп сәл қарап отырып, арасынан он юаньді суырып алып қызының қолына ұстатты...

– Кешкісін тойға екеуіміз де барсақ дұрыс еді, - деді әйелі жұмысқа кеткелі жатып. Қалибек кешке қандай той болатынын есіне келтіре алған жоқ. Анығын сұраудан намыстанды. – Түстен кейін көмір түсірем, Уаң ағай машинасымен өзі әкеліп тастайтын болды, - деді сөзді бұрып. – Әйтеу сол қытайға жабысып қалдың ғой... - деп күбірлеп есіктен шығып кеткен әйелінің сөзінің соңын ол ести алмай қалды. Көрпесін бүркеніп қайта жатты. Бүркеніп жатып әйелін аяды: «Байұс қара қайыстай, бұл мұғалімдеріңді де үкімет аямайтын болды ғой қазір!» Қалибектің бұлай ойлайтын да жөні бар тұғын. Үкімет жақынғы жылдардан бері қазақ мектептерін жауып, қытай тілді мектепке айналдырған. Ішкі қытайдан кілең осы тілде сөйлейтін мұғалімдер алып келген. Содан бері қазақ мұғалімдерінің күні кете бастаған. Бұрынғы ауылда үкімет кадры атанып, жағасы кірлемей жүретін қазақ мұғалімдерінің бәрін бұл күнде «артқы шепке» ығыстырып тастаған; мектептің ауласын тазалайды, қақпасын күзетеді, асханада көкөніс аршып, ыдыс жуады дегендей. Әйтпегенде Қалибектің әйелі Сағыныш та талай жігіттің аузының суын құртқан сылқымның бірі еді ғой, шіркін! Енді бүгін асхананың ыдысын жуып қара қайыстай болып жүргені...

Әйелі кеткеннен кейін ол ұйықтай алмады. Орынынан тұрып жуынып, ас үйге барғанда үстел үстінде жатқан әлдебір тойға шақыру билетіне көзі түсті. Пейілсіз қолына алып, ашып оқи бастады. «Құрметті: Қазақстан Қалибек&Сағыныш...». Санасына «Мен неге осы «Қазақстан Қалибекпін» деген бір ой келіді. Бірақ көп ми жүгіртіп кеткен жоқ. Сосын шақыруды толық оқуға ерініп соңына үңілді. Сәл кідіріп қарап тұрып қайтадан үстел үстіне қарай сырғыта салып: – Ой, кешкісін Оралдың тойы екен ғой, сол-ақ кетсін Қазақстанына, -деді зілдене күбірлеп. Аздан соң Уаң фамилиялыдан телефон келіп, асығыс сыртқа шығып бара жатқанында басына: «Мен осы қай кезден бастап «Қазақстан Қалибек атандым екен» деген де ой келген. Бірақ сырттағы қарашаның қара суығы онысын тез ұмыттырып жіберді...

***

Қалибектің бала кезінде ешкімнің өзін бұлай «ат қойып, айдар тағып» атағаны есінде жоқ. Орта мектеп оқып жүргенінде сыныптастары бұның көзінің үлкендігіне бола «Алакөз» деп мазақтайтын-ды. Жеңгелері болса «Бадырақ қайным» дейтін. Ал ауылдағы үлкендер бұны әлде бір жерден кезіктіре қалса, түрінің атасына ұқсайтынына қарап: «Әй, мынау марқұм Бақырған шалдың дәл өзі ғой», - деп жататын. Кейін тоғызыншы сынып оқып, қаладағы мектеп интернатына кеткенде ауылдағы «Алакөз», «Бадырақтардың» бәрі ұмытылып кетті. Ол кезде сыныптастарынан озып бойының өскені соншалық, ондағылар мұны енді «Сырық» деп атай бастаған.

Сол интернатта оқып жүргенінде бір күні география пән мұғалімі Орта Азия жайында сабақ өтіп жатып, тақтаға «Орта Азиядағы дамушы ел – Қазақстан!» - деп бадырайтып тақырып жазбасы бар ма?! Балалардың бәрі аң-таң болды ма әйтеу, тақтадағы жазуды кезек-кезек оқып дабырласып елеңдеген. Бұл жолғы сабақты Қалибек бар зейінімен тыңдады. Ол түгілі әншейінде мұғалімнің әдейі қитығына тиіетін мазасыз балалардың өзі айрандай ұйып тақтаға телміріп қалыпты. Сыныпта бұған дейін болып көрмеген бөлекше тыныштық орнаған. Жай күндері оқушылар онша ұната бермейтін Дулат атты осы бір ебедейсіз мұғалімнің өзі сол сабақты ерекше бір ниетпен өткен сияқты болып еді ғой. Әлі есінде ол кез 1997 жылдар еді. Қалаға енді келген ауылдың өрімдей аңқау балалары жер бетінде «Қазақстан» деген ел бар екенін тұңғыш естіп тебіренген. Қоңыраудан соң жиылып әңгіме қылысқан. Тіпті сол күннен бастап қолына үнемі сарғайып кеткен ескі глобус ұстап жүретін сол бір ебедейсіз мұғалімді барлығы жақсы көріп кетпеп пе еді...

Осы бір сабақ Қалибектің өміріне үлкен өзгеріс әкелгендей. Содан бастап оның айтар әңгімесінің бәрі «Қазақстан» болыпты. Интернат жатақханасында кешкісін балаларды жиып алып сондағы айтатыны – ауылға барғанда әлде бір жиын-тойда топтасып отырып үлкендер әңгіме қылатын: «Ой, қазақтың көсемінің аты Нұрсұлтан дейді, ол ерекше кие қонған адам екен, адам емес тіпті пайғамбар деседі, Меккеге барып Қағбаны айналғанында өмірі көні кеуіп жататын құмды далаға жаңбыр жауыпты...», - деген сияқты жан тебірентетін, аңызға бергісіз әңгімелер екен. Ең ғажабы Қазақстан туралы естіген қысқа ғана дерегін күнде қайталап айтса да ешкім жалықпапты. Бұдан да ғажабы осы әңгімелерді айтып көпіріп жүргенінде ешкім мұны «Сен Қазақстан Қалибексің» деп көзіне шұқымапты. Кейін оныншы сыныпта жүргенінде партасына «Қазақстан» деп ойып жазып қойғанында да оны ешкім бұлай демеген. Тек Жиң есімді қытай мұғалімнің партасындағы сол жазуды қарындаш ұштайтын бәкісімен қырып өшіріп жатып: «Ей, Қазақстан! Кететін болсаң сол Қазақстаныңа кетпейсің бе?», - дегені есінде қалыпты!

Біреу саған: «Кет!» деп тұрса неге кетпеске. Одан кейін оқудың да не мәнісі қалды. Өйткені сенің Қазақстаның бар ғой. Қалибек одан кейінгі бір жылды дұрыс оқыған жоқ. Әлгі Жин есімді мұғалімге ерегесумен, әдейі қырсығумен өткізді. Тіпті сабақ кезінде қытай тілі оқулығын алба-жұлбасын шығарып құйрығының астына басып отырып, партасының астына жасырып «Қылмыс» романын оқитын. Бұл романды ол соңғы рет ауылға барғанда алып қайтқан. Ес білгелі тошала үйдің сырғауылында сыртын матамен ораған осы кітап қыстырулы тұратын. Әкесі: «Оны ұстауыңа болмайды, Құран кітап, құранды кішкентай бала ұстамайды», - деп ескерткен. Қалибектің бұл кітапқа деген әуесі осы «ұстауға болмайды» деген сәттен бастап артып, ұстап көргісі кеп жүретін. Бірақ «Құран» деген сөзден қатты қорқатын. Өйткені оның санасында «Құран» тек адам өлгенде ғана оқитын дүние ғой. Осы жолы ауылға барғанда сол кітапты алуға оның батылы жетті. Жетпегенде ше, ауылдағы өлім-жітімде тылсымға айналдырып айтылатын сол – киелі Құран түскен Мұхаммедті бұлар тоғызыншы сынып тарих оқулығында «Шапқыншы, дін жаратушы» деп оқыса, әуелі оқулықтың бір бетінде «Мұхаммед пайғамбар дін тарату үстінде» деген қыстырма суреті тұрса, ендеше ол да жәй пенде екен ғой. Сөйтіп әкесіне көрсетпей «Құранды» ұрлаған да кеткен. Бірақ ол «Құран Кәрім» болмай шықты. Әкесінің құрандай қастерлеп, жасырып, үрейленіп жүргені осы «Қылмыс» романы болып шыққан. 

Жин мұғалім Қалибектің ертеңіне жанашырлықпен қарайды дейсің бе?! «Өлсең өлем қап» дегендей бұл қылығын елемейтінді шығарды. Бұған тіпті ұрыспайтын да болып алған. Сөйтіп «11 сынып бітірді» деген аттестатын ептеп жүріп алған да, «Мен Қазақстанға кететін адаммын», - деп, мемлекеттік емтиханды да тапсырмай ауылға бірақ тартқан.

«Бақырғанның немересі емтихан тапсырмай қайтып келіпті. Қазақстан деген жерге кетеді екен», - деген бір сөз ауылды кезіп жүрді. «Онысы несі екен!» -депті Гүлзипа деген құмалақшы кемпір, – қағынған деген сол! Өзінің де маңдайы тайқы көрініп еді...». «Ол жақта көшеде адамдар мылтық ұстап жүреді екен, біреу атып кетсе қайтем жалғызым, бармайсың!» - деп кемсеңдеген көрші әйелдермен бірге әлдебіреудің жылдық асына барып келген шешесі. Сөйтіп бірер апта өткен. Бір күні таңғы шайды сораптап, үніз ұзақ ішкен әкесі дастарқан жиыларда ас қайырып орынынан тұрып бара жатып: «Барасың!» - деген қысқа ғана. Одан артық ештеңе демей сыртқа шығып кеткен. Бұл үйде әкесіне біреу қарсы келіп көрсін! Болды, бітті, «барады» деген соң барады. Қалибек енді шындап бекінді. Қалада жүргенде сатып алып сөмкесінің түбіне тығып жүрген «Дос-Мұқасан» тобының суретін алып, төсегінің басына жабыстырып қойды. Уақыт өтіп жатты, бұл енді жыл бойы құжаттарының реттелуін күту керек. Қазірше үйде бос сандалып жүрген. Үйдің ұсақ шаруасы әкесінен аспайды. 

«Қазақстандықтардың шашы ұзын болады екен, егер шашың ұзын болмаса қабылдамайды дейді», - деген бір күні қаладан келген бір білгір. Бұл енді төсегінің басындағы суретке қарап шашын өсіріп, онысын күнде таңертең ерінбей артқа қайырып тарайтын болды. Тағы біреуден: «Ондағылар ылғи костюм киіп жүреді», - дегенді естіп ауылға айына бір келетін қытай жәрмеңкесінен іздеп жүріп бір арзандау костюм, жағасы далиған ақ жейде сатып алды. Сол костюмін киіп, шашын артқа қайырып күнде кешкісін көшеге шығады. Аздап шар соғады, осындай бір өзгеше киіністі таңсық көріп көзін сатқан ауыл қыздарына қырындайды. Күндері осылай өтіп жатыр. Тығылып темекі шеккенді де үйреніп алды. Енді ауылдың қатын-қалаш, шал-шауқаны осы бір аяқ астынан қалыптасқан өзгеше үлгідегі адамға басында өсектей үрке қарап, кейін «Қазақстанға өстіп бармаса болмайды екен», - дегенге бәрі сенген, көздері де үйреніп кеткен. Көшеде көрсе қызықтай қарап іштерінен: «Қазақстан Қалибек кетіп барады», - дейтін болған. Тіпті бара-бара той-томалақта: «Әй, Қазақстан Қалибек кесе жалғап жіберші», - деп кәдуілгі сөз ретінде бұны өздіктерінен солай атап та кеткен. Бұл сөзге Қалибектің де құлағы әбден үйренді. 

Кең балақ шалбар, костюм киіп, шашын қайырған елден ерекше жігіт енді ауылда қалай тыныш жүрсын, жықынғы уақыттан бері ауылдың қолы бос жігіттерімен бірігіп сыра ішетін болған. Сыраны да жай ішпей шалқып өлең оқитын. Онысы қарапайым ауыл адамдарына тіпті қызық, тіпті салтанатты көрінді. «Мұқағали деген ақын өмірге разы болмай қатты ішіпті» деп бастайтын ол сөзін. –  Мен де өмірге разы емеспін, -дейтін сосын. –  Сендер түсінбейсіңдер, біз бәріміз «Қылмыскерміз», біз бәріміз құдіретті тергеушінің алдында отырмыз, соны білесіңдер ме?! Мен жүрегімді түсінетін далаға кетем, менің кеудемдегі кері дөненім Арқадағы айғырдың үйіріне қарап кісінеп тұр, сенбесеңдер тыңдаңдыр... 

Қасында отырған не бір білегі жуандар сөзіне шамырқанса да тиісе алмай қор болатын. Өйткені бұл осы топырақта пайда болған алғашқы өзгеше адам ғой. Сөзінің өзі құранның сөзіндей күңгірт, тылсым. Оған қайдан батылдары барып тиссін, киесі ұрып жүрер.  Енді ол ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейінгі тұрғындарына «Қазақстан» деген елді елестетіп тұратын бейнеге айналды. Атамай көрсін бәлем, ауыздарына өзі-ақ түсіп тұрған жоқ па, «Қазақстан Қалибек»!

Қалибек өстіп ұзақ шалқып жүру керек еді әттең... шалқып жүруге тиісті еді әбден. Бірақ өмір оны еркіне қоймады. Амал барма, көз көріп құлақ естімеген жерге жалғыз ұлына «Барасың» деп бір шәй үстінде ғана шешім шығарған көреген әкесін, тірі жан пендесі бетіне қарсы келе алмайтын айбатты әкесін, үй артындағы алып үйеңкідей мызғымас қайсар әкесін уақыт желі бір-ақ күнде теңселтіп тұрып алып ұрды... Сүйегі асыл жан жүзіндегі қызылы сөніп бара жатып бірдеңе демекші болған, әттең, айта алмады, үлгертпеді, қызыл сөнді, жоғалды, аппақ нұрға айналды...

Ол заманда тұмса табиғаттан әлі айырыла қоймаған қазақтардың екі-ақ түрлі ауруы бар болатын. Дала қазақтары негізінен сол екі түрлі аурудан ажал құшатын. Оның бірі – ауру деуге де келмейтін, төсек тартып жатып бала-шағасын ығыр етпейтін, аяқ асты келіп алып кете салатын жүрек талмасы. Енді бірі – жоғары қан қысымнан жығылу. Бұл да сол заманда еттен басқа ештеңе жемейтін қазекеңді көп азаптап кетпейтін. Көбісі жығылған жерінде кетіп жататын. Қалибектің әкесі жарықтық та осы аурулардың екеуі де бар еді. Бірақ ол кісі біріншісінен кетті. Ауырдым деп «қыңқ» етіп көрмеген, аттан түспеген жанның бір-ақ күнде, тіпті бірер минутта жарық дүниемен қоштасуы отбасыға ауыр тиді. Қалибектің сексеуілдің шоғындай жайнаған жастығын жас жауды. Арманына су себілді. Шешесінің самайын ақ шалды... «Жалғызым енді ешқайда кетпеші», - деді. «Басыңды құра», - деді. Жастықтың желігі деп сауық құрғаны болмаса жақсы атаның баласы ғой, Қалибек шеше үмітін ақтады. Тез шешім шығарды. Әке өмірден өткеніне жарты жыл толғанда ауыл мектебіне практикант болып келе қалған көрші қыстақтың қызы – Сағынышпен сөз байласты. Көңіл жарасты. Ақыры әкесінің жылдығы өткеннен кейін қалыңдық айттырып, ұрын барып, жол-жоралғысын өтеді де, көп ұзатпый бағзыдан жалғасқан қара шаңырақтың оң босағасын қызартты. 

Бірақ осы бір жаймашуағынан бұрқасыны көп жылдар оның «Қазақстан Қалибек» деген атын өшіре алған жоқ. Тіпті тұрақты сөз тіркесіне айналып кеткендей жұрт аузынан түспей қайталана берді-ау шіркін!

Бүгінде Қалибектің бір ұл, бір қызы бар. Тұңғышы – Ерасыл Қытайдың ішкі өлкелерінің бірінде университетте оқып жүр. Биыл бұйырса диплом алады. Ал кішісі – Айзере араға оншақты жыл салып дүниеге келген. Қазір мектепте. Енді ойласа қайран шешесінің де бақилық болғанына талай жыл болыпты-ау. Ол кісі Айзерені көрген жоқ. Ерасылдың маңдайынан иіскеді, аяқтандырды. Бірінші сыныпқа өзі жетелеп алып барды. Көңілі тоқ еді. Масаттанып марқайып жүрді. Жүрді де мына жалғандағы бар міндеті орындалғандай қыстың бір аспаны ашық, шыңылтыр аязды қызыл іңірінде құлады. Әлгі жоғары қан қысымнан. Көп жатпады. Айналасы бір аптада ойсыз-мұңсыз қалпы әке артынан аттанып кетті. 

***

Кешкісін тойға Қалибек барған жоқ. Жұмыстан шаршап келген әйелі біраз күңкілдеп өкпелегендей болды да, Айзерені ертіп өзі кетті. Ғалекең Уаң қытай әкеліп төгіп кеткен көмірдің шетін қайырып шошайтып үйген болып, сыртын ескі-құсқы киізбен жауып, етегін қамыспен бастырған болып біраз жүрді. Қараңғылық қоюлана айналадағы абыр-сабыр басылып, ауыл орталығындағы тойханадан шыққан музыка дауысы бұған анық естіле бастады. Енді шаруасын қайырып қойып, солай қарап темекі шегіп аз тұрды. «Барса-барсын, жолы болсын! -деді іштей, –  Ерасылым да барар. Енді ол алыстағы ұлын еске алып тағы бір темекі тамызды. Содан ол машинасын оталдырып, көрші қыстақтағы әлгі Уаң қытайдың дүкеніне кетпекке ыңғайланды. Жолда кетіп бара жатып өзді-өзіне күбірлеп: «Еее, Орал сені ол жақта ешкім «Қазақстан Орал» демес, ал мен мәңгілік «Қазақстан Қалибекпін» - деді өміріне разы кейіпте.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар