Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Қойшыбек Мүбарак әңгімелеріндегі уақыт пен кеңісті...

29.08.2023 917

Қойшыбек Мүбарак әңгімелеріндегі уақыт пен кеңістік бірлігі 14+

Қойшыбек Мүбарак әңгімелеріндегі уақыт пен кеңістік бірлігі - adebiportal.kz

Қазақстан авторларының бірі Қойшыбек Мүбарак әдебиет әлеміне келген сәттен бері мистикалық шығарма жазумен айналысады. Қазақ әдебиетіндегі мистикалық туынды саналатын басқа шығармалардың көбінде мистикалық белгілер немесе элементтер басым болса, Қ. Мүбарак тек мистикалық туынды жазумен әуестенеді. Автор көптеген мистикалық әңгімелер жазғанымен, шебер мистик-жазушы деп есептемейміз. Өйткені, көркем туындыларының баяндалу, образ тудыру, сюжет құрастыру, бейнелеу, суреттеу, әңгімелеу жағына келгенде бірқатар кемшіліктер байқалады. Осы уақытқа дейін автордың тек мистикалық әңгімелер мен хикаяттардан тұратын «От ару» (2009, тек әңгімелер жинағы), «Жат құшақ» (2012), «Айдың соңғы сәрсенбісі» (2018) үш кітабы жарық көрген.  Зерттеу жұмысымызда «Жат құшақ» кітабындағы шығармалардың мистикалық қыры мен ондағы уақыт пен кеңістіктің әдеби-эстетикалық функциясын қарастырамыз. 

«Айдың соңғы сәрсенбісі» хикаятының құрылымындағы аптаның сәрсенбі атауы тақырыпқа шыққан. Яғни, шығармадағы сәрсенбі күні – мистикалық уақыт. Сәрсенбі күні Жалғас дүниеге келген және оның анасы, атасы, әкесі Жаныс қаза тапқан, әжесі атасына күйеуге шыққан. Автор бұл күнді Жалғастың «отбасына жабысқа пәлекет» деп шалдың сөзімен береді. Хикаттағы келесі мистикалық уақыттың бірі – түн. Автор оқиғалардың өту уақытын көрсету үшін тәуліктің түн бөлігін таңдап алады. Түн уақытында адамның кәдуілгі логикасына қайшы келетін түсінік ретінде мистика құбылысы пайда болады, яғни, аппақ қыз Жалғастың машинасының артқы жағында отырған сәт бедерленеді. Жалғас машинада ұйықтап кетіп, бірінші түс көреді, одан кейін түсіндегі өзін құшақтаған аппақ қыз машинаның артқы орындығынан көрінеді. Алайда аппақ қызды алғашқыда көргенде Жалғастың қорқынышы аса байқалмайды, яғни, автор кейіпкердің қорқынышын сипаттап жеткізе алмаған. Қараңғы жерде бірден пайда болған аппақ қыздан кім де болса зәре-құты қалмайтыны белгілі. Аппақ қыз Жалғасқа жер бетінде өзі сияқты басқа адам кездеспейтінін айтып, Айдың қызымын деп таныстырады. Жалғас оны Аққыз деп атағысы келетінін айтады (біз жұмысымызда арықарай бұл кейіпкерді аппақ қыз деп атаймыз). Мұның бәрін автор оқырманға сезім-әсерсіз, қорқынышсыз бейнелегендей әсер қалдырады. Хикаятта түн, аппақ қыз сынды мистикалық образдардан басқа тұмар, жол қарақшысы, құбыжық, бақсы шал сынды сакральды-діни және қорқыныш тудыратын демонологиялық, шамандық кейіпкерлер кездеседі. 

Тұмар халық арасында адамды тылсым күштердің зиянынан сақтану үшін мойынға тағылатыны белгілі. Сонымен қатар, тұмардың ішіне Құран кітабының аяттарын, кейде туған жердің топырағын да түйіп, мойынға тағып жүреді. Яғни, тұмардың бастапқы сакральды-діни, этнографиялық табиғаты өзгеріске түспей, шығармада сол функциясында бейнеленеді. Хикаятта аппақ қыз машинада түн қараңғысында екі алақанымен Жалғастың көзін жаба қалғанда жігіттің бойы бірден мұздап кетеді. Аппақ қыз одан бар-жоғын сұрап білместен бірден тұмарды талап етеді. Автор аппақ қыздың Жалғасқа және тұмарға қатысты тұстарын шығарманың арықарай бөліктерінде ғана түсіндіреді. Тұмарды қызға бергенде Жалғастың бойы өз өзіне келіп, жайлы сезімге бөленеді. Яғни, автор санасында да халық танымындағы тұмарға байланысты жалпы түсінік өзгеріске ұшырамаған, шығармада да сол күйінде интерпретацияланады. 

Автордың оқиғаларды асқан қарабайырлықпен баяндап жеткізуінен оның оқырманға композициялық бөліктерін жазушылық талғаммен, шеберлікпен құрастырып, тартымды, әсерлі шығарма ұсынуды мақсат тұтпағанын байқауға болады. Хикаяттың кейбір тұстарында оқиғалардың баяндалуы өте түсініксіз, жүйесіз шыққан. Мысалы, Жалғастың айдың соңғы сәрсенбісінде әкесі Жаныстың қаза табу сәтін жағымсыз қылықпен еске түсіреді (Мүбарак, 2012: 13). Автор Жалғастың қылжақы мінезін апасына еркелеп отырғаны деп сипаттайды, алайда хикаяттағы баяндау баланың ерке қылығын танытпайды, яғни, автор ерке баланың мінезін, сөз саптасын оқырманға сенімді әсер ететіндей етіп жеткізе алмаған. 

Хикаяттың оқиғалары өте тығыз баяндалады. Диалогтар кейбір тұстарда түсініксіз шығады, кімнің кіммен сөйлесіп жатқанын оқырман шатастырып алады. Автор оқиғаларды ретімен баяндау жағына жіті назар аудармайды. Сонымен қатар, хикаяда оқиғалар желісі екі мәрте баяндалған тұстар кездеседі. Мысалы, сәрсенбі күнгі болып келген оқиғалар Жалғас кейіпкердің әжесімен диалогы арқылы және шығарманың ортасында Жаныстың әжесінің әңгімелерін еске түсіру әдісімен беріледі. Хикаятта автор оқиғалардың мән-мазмұнын, орындалу уақытын Жалғастың әжесінің айтқандарын еске алуы арқылы таныстырады. Яғни, Жалғас сәрсенбі күні, яғни өзі дүниеге келген күні атасы буаз биенің ішінен тепкенде құлынның қиналған даусы естілген екен. Жылқының қарғысы дәл Жалғас дүниеге келген күнге сәйкес келгендіктен, өмір жолында ұдайы сәтсіздіктер мен қорқынышты құбылыстар кездесе береді. Атасының істеген күнәсінің себебінен Жалғастың әкесі Жанысқа ұдайы төбенің басынан құбыжық көрінеді немесе жолда кетіп бара жатқанда түйіншекке тап болады. Баяғы жылқының қарғысы құбыжық түрінде көрініп тұрады. Ал Жалғастың жолын қара мысық кесіп өтеді, басқа да мистикалық құбылыстар өміріне араласып тұрады. Кейіпкелердің басындағы оқиғалардан қарғыс атадан балаға зиянын тигізіп келе жатқанын байқауға болады. Хикаят арқылы ескі наным-сенімдегі бақсылық дәстүрдің сакральды қызметі де қайта жаңғыртылған. Мысалы, Жанысты бақсы шал ұдайы өзінің ала арқанымен құбыжықтың зиянды әрекетінен құтқарып отырады. Бақсы шал ала арқанды таратқан сәтте Жаныстың өлетінін де ескертеді. Ақыры жігіт құбыжықтың арбауына түсіп, арқанды отқа өртеп жібердіктен, сәрсенбі күні өзіне қол жұмсайды. Құбыжық Жанысқа арқанды өртесе өзі өлетінін, өртемесе баласы өлетінін ескертіп, оған шарт қойған болатын. Жаныс бірінші шартты орындайды. Жоғарыда түсіндіргеніміздей, баяғыда буаз жылқыны тепкендіктен, жануардың қарғысын алған әкесінің кесірінен Жанысты ұдайы мистикалық құбылыстардың зиянынан тұмар құтқарып қалады. Бір күні тұмарын байқамай қалдырып кеткен Жаныс қаза табады. Яғни, хикаятта қарғыс ұғымының магиялық қызметі мен тұмар адамды қорғап жүретін бастапқы сакральды функциясы көрініс тапқан. 

Автор бұл хикаяты арқылы жануарға немесе мал атаулына, әсіресе, буаз малды өлтіріп, теуіп немесе басқалай зиян келтірсе, міндетті түрде оның қарғысы тиетінін жеткізгісі келген. Сонымен қатар, тұмар бұйымының адамды тылсым құбылыстардың зиянынан құтқарып қалатын діни-мистикалық қызметіне де оқырманды сендіруді мақсат тұтқан. Автор адам атаулы мекен ететін әртүрлі реалды кеңістіктерде кез келген тіршілік иесіне зәбір көрсеткен адамға қарғысты дарытатын құбыжық, түйіншек сынды мистикалық құбылыстардың өмір сүретіні жайлы да танымдық-көркемдік ақпарат ұсынған. Жазушы мистикалық құбылыстардың қызметі мен табиғатын көркем шығарма аясында түсіндіру арқылы оқырманды кез келген тіршілік иесіне зиян тигізуден аулақ болуға үндейді және зиян тигізген жағдайда жазасыз қалмайтынын ескертеді. 

Қ. Мүбәрактың «Ақ көйлекті қыз» туындысын хикаятқа қарағанда әңгіме деп санауға болады. Өйткені туындының идеясы, кейіпкерлер жүйесі, бір-бірімен қарым-қатынасы, оқиғалар циклінің құрылымы, баяндалу әдісі, т.б. әңгіме жанрының атрибуттарына сәйкес келеді. Автордың шығармаларының бір ерекшелігі, тылсым, үрейлі оқиғаларды әрқашан кейіпкері еске түсіреді. Дәл осы шақта болып жатқан құбылыстар мен әрекеттер өте қысқа ғана баяндалады. Автор шығарманың басында кейіпкердің зиянды әрекеттерден зардап шегіп отырғанын немесе демонологиялық кейіпкерлерден қысып қысым көрген сәтін қысқаша таныстырады. Арықарай тылсым күштердің белгілі бір ауыл тұрғын(дар)ына жылдар бойы тигізіп келе жатқан зардабын кейіпкер тек еске алу арқылы ғана баяндайды. Бұл әңгімеде де осындай әдіс жүзеге асырылған. 

Туындыда автор бақсылық салт түрін қайта тірілтеді. Шаманизм дәстүріндегі бақсы шалдың функциясы бұл шығармада да өзгертілмеген. «Мен» деп бірінші жақтан баяндайтын кейіпкер ақ көйлекті қыз кейпінде көрінген сайтанмен кездескеннен кейін сөйлей алмай қалып, зардап шегеді. Бұл қатерден бақсы шал алып шығады. Шоқ болып қызып тұрған шымшуымды тілімен жалап жіберіп, сайтаннан қорыққан баланың арқасына басады. Сол сәтте бала өзіне келіп, тіл бітеді. Бақсылар жындар әлемімен байланысу үшін «сақылдаған сары аязда жалаң аяқ жүретіні, шоқтай қызған темір заттарды жалайтыны» (Абылқасымов, 1993: 117) ежелгі бақсылық салттан жақсы таныс. 

Әдетте демонологиялық кейіпкерлердің адамға жамандық жасайтын уақыты түн болып келеді. Ал бұл әңгімеде белгілі бір уақыт бөлігі алынбаған, тек малға тиісетін кезде түнгі уақытта малқораға және адам ұйықтап жатқанда келеді. Ал кеңістік ретінде бұлақ басы, таулы аймақ, мал жайылатын жерлер, яғни адам аяғы жиі баспайтын кең, ашық мекендер бедерленген. Мысалы, ақ көйлекті қыз жас балаға бұлақ басында, ал атасы мен жынды Темірханға Ереймен сайда кездеседі. Әңгімеде сайтан жылап жатқан нәресте және ақ көйлек киген келіншек (қыз) болып антроморфтанған формада көрінеді. Сонымен қатар, адамға магиялық әсер ететін зат, жануар ретінде күміс сақина, көк бұқа мистикалық оқиғалардың себеп-салдарын түсіндіру үшін таңдалған. 

Бұл әңгімеде сайтан бастапқыда адамға емес, Ақтаңгер жылқыға жолығады. Жылқыны иесі құрбандыққа шалғаннан кейін сайтанның зұлымдық әрекеттері арықарай жануардан адамға ауыса бастайды. Сайтанның бір отбасының жас баласына құрған тұзағынан ұдайы малды құрбандыққа шалу дәстүрі құтқарып тұрады. Әңгімеде Есен деген баланы туғаннан бастап оған жабысқан сайтанның зұлым әрекетінен бақсылар мен атасы Ақтаңгер ат пен көк өгізді құрбандыққа шалу арқылы аман сақтап жүреді. Ал сайтанды адаммен ұдайы байланыстырып тұратын зат – күміс сақина. Бұл сақина адамның үйінде сақталса, сайтанға әрдайым келуге мүмкіндік беріп тұрады. Сондықтан Әдеп бақсы шалдың магиялық әрекеттерімен әйел және нәресте кейпіндегі сайтан отқа өртеліп, жүзік те сайтанға сол сәтте қайтарылады. Сонда ғана отбасы сайтанның тұзағынан мәңгі құтылады. 

Автор бақсылық салт пен шамандық сенім жүйесінің ерекшелігін және мистикалық құбылыстардың табиғатын өте терең зерттегені және практикада ауылдың ақсақал тұрғындарының аузынан көп тыңдағаны шығармаларындағы баяндаулар мен сюжеттерді еркін құра білгендігінен айқын аңғарылады. «Оқырман» бағдарламасындағы сұхбатында автор туып-өскен жерімдегі көрген, білген құбылыстарым мистикалық шығарма жазуға түрткі болды деп атап өтеді («Оқырман» бағдарламасы, 2018).  Қ. Мүбарактың «Тораңғылы сиқыры» әңгімесінде ескі көне наным сенімге негізделген дүниетанымды жеткізу үшін емдік-магиялық әсері бар тұмар бұйымы мен бақсылардың болашақты болжау үшін қолданатын затының бірі – айна таңдап алынған. Өткен оқиғаларды есіне түсіру арқылы бірінші жақтан баяндайтын кейіпкер қайыршының айтуымен тұмарды айнаға ілгенде айнаның бетінде аппақ гүлге оранған қыз пайда болады. Алғашқы кезде баяндаушы кейіпкерге жолда отырған қайыршы тұмар береді. Өйткені қайыршы жапанда қалған жалғыз сіңлісіне жақсы жігіт жолыққанын қалайды. Баяндаушы кейіпкерді жақсы жігіттің санатына қосуына оның қайыршыға кездескен сайын ақшалай садақа беруі себеп болған. Қайыршының айтуымен жігіт кешқұрым айнаның бетіне тұмар ілгенде айнаның бетінде аппақ гүлге оранған қыз пайда болады. Қыз жігітке өзін жынның қызымын деп таныстырады. Фольлорист Б. Абылқасымовтың түсіндіруінше, «жын-шайтан қаскөй күштің бірі саналады және әртүрлі бейнеде көзге көрінеді (Абылқасымов, 1993: 99). Бұл әңгімеде жын айнаның бетіне аппақ гүлге оранған қыз бейнесінде шығады. 

 Әңгімеде жынның қызының мекені – Тораңғылы деген жердегі қараңғы қора және айна. Зерттеушілердің пікірінше, адамзат жарық әлемде өмір сүрсе, жындар ескі, қараңғы орындарда мекендейді (Абылқасымов, 1993: 127). Яғни, шығармада мистикалық әлем тудыратын ұғымның бәрі ескі ұжымдық мәдениеттен өзгертілмей алынған. Авторлық өзгеріске ұшырамаған. Реалды кейіпкер бақсылық салттың рәсімдерін орындау арқылы жанның қызына қол жеткізеді. Яғни, күн сайын өзінің үйінде тұмар ілініп тұрғанда айнаның бетіне шығатын жынның қызын құтқару үшін Тораңғылы деген жердегі ескі қораға барады. Жынның қызы реалды өмірдегі қайыршы әйелдің сіңлісі ретінде бедерленеді. Қайыршы әйел қызды құтқару үшін жігітке құпия қағаз береді. Қараңғы қораның қабырғасында айна пайда болып, оның алдына қайыршы әйел берген қағазды тұтатады. Сол сәтте күнде үйінде айнаның бетінен көріп жүрген қыз атылып шығып, жігіттің алдына түседі. Яғни, қыз құтқарылды деп есептеледі. Мұнда логикалық қайшылық бардай көрінеді. Өйткені қыз – жынның қызы деп таныстырылады және ол реалды адам болмағандықтан не үшін реалды адам арқылы құтқарылуы қажет?.. Автордың түсіндіруіне сәйкес, біз де реалды адам ретіндегі кейіпкер жынның қызын зиянды жағдайдан құтқарылды деп есептейік. Ислам әлемі мен жын-перілер туралы демонология ілімінде жынның оттан жаралғаны туралы айтылады (Абылқасымов, 1993: 106-107; Қасым, 2022). Оған қоса, бұрын бақсылардың адам баласын зұлым күштердің зиянды әрекетінен құтқаратын құралдарының қатарында от (жағу) пен тұмар болған. Бұл әңгімеде де автор бақсылық құралдар функциясын қайта тірілткен. 

«Тораңғылы сиқыры» әңгімесінде жердің қақ айырылуы, қалықтап ұшып жердің астына түсуі сынды мистикалық және фантастикалық мотивтер белсенді қолданылған. «Ертөстік» ертесігісінде Ертөстіктің аты Шалқұйрықтың шабысына шыдамай, қара жер қақ айырылып, батыр атымен бірге жер астына түсіп кететін еді. Аталған әңгіменің кейіпкері жынның қызына қол жеткізгеннен кейін жер екіге айырылып, астынан түсіп кетеді. «Ертөстік» ертегісінде Ертөстік Бапы деп аталатын жыландар ордасына тап болса, бұл әңгімеде жігіт пен қыз жер астында бақытты отбасылы ғұмыр кешіп, төрт балалы болады. Автор жердің асты әлемін жер бетіндегі адамзат өміріне қарама-қайшы сипатта, яғни бақытты өмір сүретін фантастикалық және мистикалық кеңістік ретінде бейнелейді. Жердің астындағы адамдар таңғажайып бақытты өмір сүреді. Автор мұндай фантастикалық уақыт пен кеңістікті шынайы адамзаттың өмірі өтіп жатқан жер бетіндегі әрекеттерді көрсету үшін модельдеген. Мысалы, жер астында ғажап отбасылық өмір кешіп жатқанда жынның қызы күйеуіне төрт баласымен бірге жет бетіне қайтатын уақыт жеткенін ескертеді. Күйеуі әйелінің тілегін қабыл алып, бастапқыдағы әйелдің мистикалық тәжірибесі бойынша балаларымен бірге қораның айнасынан атылып шығады. Сол сәтте балалары ғайып болады. Әңгіме аяқталатын осы тұста қызықты авторлық эксперимент жүзеге асырылған. Тораңғылы мекені немесе айна заты – реалды және ирреалды әлемнің түйіскен жері ретінде көрініс тапқан. Яғни, қораның қабырғасындағы айнадан жігіт төрт баласымен атылып шыққанда балаларының ғайып болуымен мистикалық әлемнің шекарасы тұйықталады. Тораңғылыдан, ондағы ескі қорадан шыққанда өзінің баяғы реалды өмірі басталады. Бір қызығы, жігіт-кейіпкердің реалды өмірде де төрт баласы болады. Оқырман жіті назар салып оқығанда осындай авторлық экспериментті байқай алады. Сонымен қатар, автор автобусқа мінгенде қарттық шағына жеткен шал күйінде суреттеледі және автобустың ішінде отырған өзінің шынайы өмірдегі төрт баласын көреді. Автор интерпретация бойынша жер астында – мистикалық, фантастикалық әлемде адамның қартаюы, өлуі немесе бақытсыз болуы деген физикалық әрекеттері жүзеге аспайды, ал шынайы әлемде өмір кәдімгі адамзаттың логика бойынша жалғаса береді. 

Түйіндеп айтқанда, Қ. Мүбарактың «Тораңғылы сиқыры» әңгімесінде демонологиялық персонаждар мен ұғымдардың, бақсылық рәсімдердің фукнциясын қайта жаңғырту арқылы реалды әлемнің құпия жақтары бедерленген. Көркемдік хронотоп ретінде түн, кешқұрым, айна беті, қараңғы қора, Тораңғылы мекені алынған. Аталған уақыт пен кеңістік параметрлері шығарма тудырушы элементтер ретінде қызмет атқарған. Қ. Мүбарактың «Суретші» әңгімесінің фабуласы мынадай. Шебер суретші ұстазы сыйлаған қылқаламмен ғана туындыларын өмірге әкеліп жүреді. Бір күні суретші мұрағаттан мыс табақтың бетіне салынған он бес ғасыр бұрынғы ханшаның бейнесін көреді. Суретші көру және есте сақтау қабілетінің арқасында картинаны бір көргеннен-ақ үйіне барып еркін сала береді. Суретші ханшаның бейнесін сызғаннан кейін айнаның алдына қояды. Айнаның магиялық әсерінен тіріліп кеткен ханшаның қолын суретші ұстай бергенде әйелдің қолындағы белгісіз зат жерге түсіп кетеді. Содан айнадан сақ тайпасының сарбазы шыға келіп, суретшіні өлтіреді. Тамырынан қан ағып жатқан суретшінің қанымен сарбаз айнаның бетіне «Өнеріңе рақмет! Біз бостандыққа келдік!» деп жазады. Яғни, оқырман бұл жазудан ер мен әйелге өнер бостандық сыйлағанын түсінеді. Автор шығармада суретші таланты мен сурет өнерінің ерекшелігін көрсету үшін мистика әлеміндегі айна функциясына көркемдік қызмет жүктейді. Айна бірнеше ғасыр бұрын қаза тапқан әйел мен ерге өмір сыйлайды және ханшаның қолындағы белгісіз заттың оны қорғайтын магиялық сипаты болады (немесе бұл заттан айырылғанда ғана ер адаммен табысты). Белгісіз затты автор «айна шығар» дегенімен, нақты не екенін атамайды. Айна – тірілтуші, байланыстырушы; белгісіз зат (немесе айна) құтқарушылық қызмет атқарған. 

Қ. Мүбарактың «Пері қыз» әңгімесінде аңыз және ертегі мотивтері қолданылған. Яғни, аңыз бойынша пері қызы жігітке өзі жолығып немесе кездесейсоқ кездессе, ертегі қаһарманы пері қызына көрмей-білмей ғашық болып, алып-ұшып іздейді (Сейсенбекұлы, adebiportal). «Пері қыз» әңгімесінде жігіт әжесінің айтып берген ертегісіндегі әдемі пері қыздың жолығуын төбе басына шығып тілейді, ұдайы күтумен жүреді (ертегі мотивіне сәйкес). Бір күні пері қызы жігітке түсінде кездеседі (аңыз мотиві) де, жігітке дуаланған су құйылған құтыны беріп, тыржалаңаш күйде төбе басына барып ішсе, қанат бітетінін айтады. Жігіт пері қызының айтқанын орындағанда пері қызы қасына жетіп келіп, өзімен бірге жасыл әлемге әкетеді. Сонда екеуі некелеседі. Алайда пері қызы жігіт адамзат өкілі болғаны үшін оның жанын ғана алып қалып, тәнін жерге жібереді. Түркі хикаяларында періге қатысты таныс сюжеттің бірі – пері әйел болуға некелескенде шарт қоятындығы және бұл шарт адам мен пері екі әлемге тиесілі екенін білдіреді (Түркі халықтарының хикаялары, 2014: 25). Бұл әңгімеде пері қызы тылсым (жасыл) әлемнің тұрғыны, сиқыры бар сұлу қыз ретінде бейнеленген және адамзатқа зияны тимейді. Өйткені перілер мұсылман және кәпір де бөлінеді. Мұсылман пері адам баласына зиянын тигізбесе, кәпір түрі тұзақ құратыны айтылған (Сейсенбекұлы, adebiportal). Аталған туындыда тылсым оқиғалардың жүзеге асуы үшін автор ұйқы уақытын, яғни түнгі мезгілді, төбе басын және аспан әлемін таңдап алады. Перілер адам көзіне көрінбей, тылсым әлемде өмір сүретіні белгілі. 

Қорыта келгенде, жазушы Қ. Мүбарактың мистикалық туындыларында шамандық, демонологиялық кейіпкер, ұғым және магиялық әсері бар заттардың мән-мазмұны, табиғаты көп трансформацияға ұшырамай, ескі наным-сенімдегідей функциясын атқарған. Сонымен қатар, көркем уақыт пен кеңістік координаттары әңгімелер мен хикаттардың белгілі бір поэтикалық элементін ғана емес, тұтас композициясын құраған. Шығармалардағы кейіпкерлердің қорқыныш, қауіп тудыратын әрекеттері, өздігінен орындалатын тылсым құбылыстар түн, кешқұрым, ұйқыдағы сәт, ескі, қараңғы қора, адам аяғы баспайтын ашық кеңістік, айнаның беті, талдың діңі, т.б. белгілі бір уақыт бөлігі мен мекендерде көрініп, жүзеге асады. Автор шығармаларының көбінде түркі халықтарының мәдениетіндегі бақсылық сарын салтын қайта жаңғыртқан. Түйіндеп айтқанда, автор халық арасында айтылатын тылсым оқиғаларды көп тыңдап, демонология, шаманизмге қатысты зерттеулерден мол ақпарат алғаны байқалады. 

Әдебиеттер тізімі

Абылқасымов Б. Телқоңыр (Қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғүрыптық фольклоры). – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1993. – 160 б.

Қасым А. Жындар әлемі жайында бірер сөз. Сілтеме: https://islam.kz/kk/articles/aqida/arturli/jyndar-alemi-jaiynda-birer-soz-3872/#gsc.tab=0. Қаралған уақыты: 09.08.2022. 

Мүбарак Қ. Жат құшақ: мистикалық хикаяттар мен әңгімелер. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2012. – 272 б.

Сейсенбекұлы Б.Қ. Пері. Сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/characters/view/162. Қаралған уақыты: 12.08.2022.

Түркі халықтарының хикаялары. Құраст.: Ш.И. Ибраев, А.К. Ахметбекова, П.Т. Әуеспаева. Алматы, 2014. – 415 б.

Оқырман» бағдарламасы. Қойшыбек Мүбарак. Сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=BHa_5CkWhJQ&t=2390s. Қаралған уақыты: 09.08.2022. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар