Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Қанағат Жүкеш. Әркім сөздік қорында барды ғана жүз...

04.08.2023 1705

Қанағат Жүкеш. Әркім сөздік қорында барды ғана жүзеге асыра алады 14+

Қанағат Жүкеш. Әркім сөздік қорында барды ғана жүзеге асыра алады - adebiportal.kz

Белгілі әдебиетші Бигелді Габдуллин «Парадоксы казахской литературы, или Почему в Казахстане сегодня не пишутся яркие произведения» («Казахстанская правда» 26.07.2023) деген мақаласында қазақ руханиятындағы өзекті мәселелердің бірін алға тартыпты. «Әдебиетіміздің мұңлы кезеңі келіп тұр. Бұл жылдары қазақ әдебиеті ақындары мен прозаиктерінің жарқын есімдерімен мақтана алмайтын болды. Өйткені, суырылып шығып жатқан шығарма жоқ» дей келіп, «мұның себебі не?» деген сұрақты қойған екен. 

Әдетте құбылыс біреу болғанымен, оны тудырып отырған себептер көп болады. Б.Габдуллиннің сұрағына қатысты әркім әр түрлі лебіз білдіріпті. Олардың арасында «адамдар кітап оқығысы келмейді», «барды бағаламай жүрміз», «кітап басу өндірісі дамымаған, мемлекет көмектеспейді», «жазылып жатыр ғой», «ұлы депрессия кінәлі»,.. деген сияқты жауаптар мен түсіндірулер бар. Әр лебізде белгілі деңгейде шындық бар екенін мойындай отырып, пікір білдірушілерге ризашылық білдірген жөн болар деп ойлаймын. 

Осы талқылауларды оқып отырып, үн қоспасыма болмады. Өйткені, тіл мен көркем әдебиет арабайланыстарымен айналысып жүргендіктен сұраққа жауабым дайын. Әлеуметтік лингвистика ғылымының қағидаларына сүйене, қазақ әдебиетінің қазіргісі мен келешегіне сипаттама беру қиындыққа соқпайды. Демек, бәрі тілмен байланысты деген сөз. Мұны толық түсіну үшін, жақсы шығарманы жазатын тілдің бастан кешіріп отырған күйіне назар салу керек.

* * *

Бұл жерде «жақсы шығарма» ұғымына түсініктеме беріп жатудың қажеті шамалы. Өйткені, бұл ұғым баршаға, жазушы, сыншы атаулыға таныс және ол туралы түсінік алуан түрлі. Сондықтан, қысқа ғана, тек бейтарап оқырман үшін, белгілі бір, жиі айтылып жүрген үрдістік (тенденциозный) сипаттарды еске түсірсек, соның өзі жетіп қалар деп ойлаймын. Сонымен жақсы шығарма – оқырманға берер рухани тағлымы бар, оны терең эмоциялық күйге түсіретін, саяси-құқықтық, ғылыми-танымдық мамұны терең, көркемдігіне көз тоймайтын, билікшіл идеологияның фарватеріне ілеспейтін, дәуір шындығын қоғамның даму үдерісі астарында объективті сипаттайтын, баршаға, соның ішінде, зерделі зиялыға арналған, әркімнің үйінің төрінде тұратын шығарма дей тұрайық. Негізінде жақсы шығарманың аталған сипаттамалардан тыс, өзге де қасиеттері бар екеніне қояр шегім жоқ.

Қазақ тілі мен бұл тілде жасалған көркем әдебиеттің өзара әсерлесуін олардың тарихи даму динамикасын салыстыра отырып, араларындағы детерминациялық байланыстарына үңіле отырып объктиаті зерделуге болады. 

Аграрлы қоғам түсындағы қазақтың жалпыхалықтық тілінің мейілінше жетілген кезеңі – ХІХ ғасырдың ортасына тура келеді. Қазақстан аумағы тұтасымен Ресейге бағыныштылыққа түскен, осы мерзімнен қазақ тілінің дағдарысы басталды. Ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Абайдың шығармаларынан біз орыс сөздерімен будандастырылған құрылымдарды ұшыратамыз. Әрине, тіл дағдарысы бірден интенсивті жүре бастаған жоқ. Созылмалды дерт сияқты, өзінің бүлдіруші миссиясы сезілетіндей деңгейге, ғасыр ішінде, біртіндеп жетті.

ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейінгі кезеңде ірі елді мекендерде әжептәуір бұзыла бастағаны сезілгенімен, ауылдарда әлі жалпыхалықтық тіл қаны мен сөлін сақтап тұрған болатын. Осы кезеңде балалық және жастық шақтарын өткізген М.Әуезов пен оның алаштық тұстастарының шығармаларында қазақ тілінің кең көсіле шабысы көрініс берді.

Қазақ тілінің интенсивті бұзыла бастауы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан, ауыл шаруышылығын ұжымдастыру және социалистік индустриализация науқанына тұстас келеді. Жергілікті халық біртіндеп индустриялы қоғам құруға қатыстырыла бастағанда, оның тілі ауылында қалып қойды. Тіл мен қоғамның даму үдерісіндегі деидентификация осыдан бастау алады. 

30-40 жылдары ауылдағы қазақ тілі инерциямен, өзінің табиғи тұнықтығын белгілі деңгейде сақтап отырған болатын. Балалық және жастық шақтарын осы тарихи кезеңде, ауылды жерлерде өткізген жазушылар арасынан салыстырмалы тәуір шығармалар бергендер болды. Бұл кезеңнің тұрпатты өкілі Ә. Нұрпейісов «Қан мен тер» трилогиясымен суырылып шықты. 

Тіл өз биігінде болғанда, әдебиет те сол шыңнан менмұндалап тұрады. Тіл дағдарысы күшейген сайын, әдебиет те батпаққа тереңірек бата түседі. 

Қазақ тарихының келесі кезеңі – 1950-1970 жылдар, саналы зиялының «тілім не болады» деген бастығырылған түс көруімен өтті. 

Осы жылдары әдебиетке ауыл жастарының үлкен шоғыры келді. Алпысыншыжылдықтар деп аталатын бұл шоғырдың қарасы мол, екпіні қатты, тындырғандары көпке ұнап, сырттай қарағанда, ұлттық әдебиетте серпіліс тудырғандай әсер қалдырды. Шынайылығында, олар жалпы сауатының төмендігімен, дүниетанымдарының тарлығымен, ұқсас сюжеттерге құрылған, үрдістік шығармаларымен әдебиетті теріске бұрып, сол арқылы халықтың санасына да «қазақ ауылда тұруы керек» деген, кесірлі сенімді ұялатып кетті. Ең трагедиялылығы сол, қазіргі қазақ халқы өркениеттен қорқатын, көң басқан ауылынан шықпайтын, ортағасырлық қараңғылықтан ләззат алатын, қой қорасының жанындағы итшілеген күйінен бақыт тауып, содан айырылмау үшін белеснді күрес жүргізетін қара нөпірге айналып алды (толығырақ қар.: Философия языка. Глава V. Какая культура создана на казахском языке). 

Қазақты өркениетке қостырмау амалын көтерген туындыларының әсерінен, онсыз да көзі ашылмаған ауыл қазағы, оянбақ түгіл, көрпесін бұрынғыдан қамти қымтап алып, аграрлық (феодалдық) қоғамның түнегінде түней берді. Қазір де осы ұстаныммен өмірін жалғастырып келеді. Қазіргі қазақтың рухани күйі осымен – өркениетке қосылмау идеясын бетке ұстап, бәріне қарсы, прогреске қарсы, соның ішінде, прогресшіл қайраткерлерге қарсы күресіп, тек кінәліні табуды кәсіпке айналдырумен жүріп жатыр.

«Оян, қазақтың» әлі өзектілігін жоймауы осымен түсіндіріледі. Қазіргі аяқ алысына қарағанда қазақ оянбақ емес. Алпысыншыжылдықтардың идеяларын санасына сіңіріп алғаны сондай: бұрын қазақ оянбақ еді, бертін келе оянуды қажет деп таппайтын болды. Қазір өзі  оянбау үшін күрес жүргізіп отыр. 

* * *

Негізгі тақырыбымызға қайта оралайық. Алпысыншыжылдықтар бастап берген, қазақ тілін қолданудағы аномалиялық ауытқу 70-80 жылдары тіл дағдарысының түп тұқианына жетті. Бұл кезеңде тілдегі және көркем әдебиеттегі тоқыраудың параллель, қол ұстасып жеткенін көру қиын емес. Қазақтың жалпыхалықтық тілі сөлі мен мәйегінен айырылып, сауатсыз ауыл тұрғынының аузында қателерге малшынған, алогиялық тіркестердің жиынтығына айналды. Тиісінше, әдебиет те қалаға қарсылардың ауыл субкультурасы мен өркениетке қарсылардың ауқымды контркультурасына айналды. 

Тілдің бұзылып бара жатқанын аңғарып, қатты шырылдағандардың бірі марқұм Қалихан Ысқақов болды. Ол «Бүгінгі прозамыз сауатсыз. Бір жолын шаршамай оқып шыға алмайсың. Маған бір қап прозаны әкеліп бергенде, жариялауға тұратын бір шығарма таба алмаймын... Қазіргі жазушыларда табиғатына қонған интеллект жоқ» дегенді қынжыла мәлімдеген болатын (Қазақ әдебиеті. 25-31. 05. 2012). Себебі, ауылдан шықпаған жазушының, бүлінген тілмен көркем әдебиетті жеткізер жері осы болатын. 

Адам өзінің сөздік қорында барды ғана жүзеге асыра алады. Аграрлы қоғам адамының лексиконы мен сөз қолдану ерекшелігі (лингвемасы) ауыл өмірін, малшылықпен байланысты оқиғаларды белгілі деңгейде сипаттауға келгенімен, индустриялы қоғамда болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларды ашып көрсете алмайды. Қазақ жазушыларының менталдық лексиконы олардың өздеріне аграрлы қоғамнан жырақтағы туралы ойлау мен ауылдан тысқары жатқан шынайылықты бейнелеуіне мүмкіндік бермейді.

Ұлттық көркем өнердің аграрлық мазмұны қазақ жазушыларының менталдық лексиконымен, лингвемасының аграрлық сипатымен және соған сәйкес келетін ойлау тұрпатымен шарттандырылып тасталған. Ол мазмұн  жазушының когнитивтік кеңістігінің айнадағыдай шағылуын көрсетіп береді. Санаға менталдық деңгейде сіңіп алған ауыл идеясынан арылуға жазушының интеллектілік қуаты мен ерік күші жетпейді. 

Ауыл социолекті негізінде жасалған шығармалар рентабельді бола алмайды, қала оқырманының рухани талабын қанағаттандыру деңгейіне көтеріле алмайды. Бұл – әдебиетшілерге шығарылған үкім емес, әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулерден туындаған қорытынды. Демек, қазақ тілі индустриялы қоғамның тіліне айналмаса, ол тілде қоғам мүшелері жаппай пайдаланатын контент құрылмайды. 

Кеңес кезінде қазақ жазушылары өздерінің шығармалдарында қалаға кеткендерді қайта ауылға шақырып қана қойған жоқ, ауылдың қараңғылығын ілтифатпен сипаттады және оны идеологиялық ұстаным ретінде бағдар тұтты. Бұл идея субөркениетті аймақта ұйықтап жатқан халықтың жұтаң санасына дөп келді, қазақтың ауылдық тұрмысымен біте қайнасып кетті. Ауылдың ұнамды жақтарын дәріптеудің астарында мәселенің екінші қыры – индустриялы қоғамға қауіпті және топас қарсылық жатты. Осылай көркем әдебиетте «ауыл ауруы» деген атпен белгілі шаруа субкультурасы мен контркультурасы пайда болды. Осылай әдебиеттің, мәдениеттің ғана емес, жалпы қазақ тілінің кемесінің жүзу арнасына жазушылардың қолымен су асты тасы жасырылып қойылды.     

Қазақтың рухани кеңістігіндегі контркультура идеясы екі бағытта жүзеге асырылып келеді: 

- кеңестік идеология тұрғысынан, Батыс мәдениеттеріне қарсы; 

- ауыл мәмбетизмі тұрғысынан, қала мәдениетіне қарсы. 

Бұқараның қазақ тілін үйренуге зауқының төмен болуының тереңде жасырынып жатқан себептерінің бірі осында – қазіргі қазақ әдебиеті контентінің замандастардың жүрегіне жол таба алмауында жатыр. Ұлт тағдырын тек ауылда шешу идеясының өзі ол баста адамзат өркениетінің дамуының әмбебап заңдылықтарымен үйлеспейтін, ұжымдық алжасушылық болатын. 

Өкінішке орай, қазақ жазушыларының басым көпшілігі аграрлық ортағасырлықтың батпағынан суырылып шыға алмады, индустриялы қоғамның талабына сай өмір сүріп, еңбек ете алмады. Тәнімен де, жанымен де, жазда жайлаудағы киіз үйінен, қыста қыстаудағы қоржын тамынан шықпай қойды. Өздерінің ауылдық субкультурасымен, өзгеге өшіккен контркультурасымен заманауи азаматтардан, әсіресе қала жастарынан іргесін аулақ салып, ұлттық мәдениетті де, тілді де қой қорасына қамап тастады. 

Қазіргі қазақ тілі аграрлы қоғамға тән сипаттамаларымен қалып отыр. Контенті сол қоғамның шынайылығын бейнелейтін материалдардан тұрады және ол ауыл адамының жалпақ тілі стилінде берілген. Оларда танымдық ауқымы тар, психологиялық әсері жағымсыз, мазмұны таяз, тұжырымдары дәлелсіз материалдар көп. Бұл аз болса, қазақтілді басылымдарда өркениетті қоғам адамын тітіркендіретін, олар қабылдай алмайтын идеялар өріп жүреді. Орыстілді тұрғындар аймақтық мазмұндағы материалдарға қызықпайды, онысымен қоймай, олар қазақ тіліндегі материалдарда көтерілген идеяларды қабылдамайды, ойларымен бөліспейді. Мәселен, ауылға шақыру идеясын көтерген материалға кім елең ете қояды? Ол ұранды кім қолдап жатыр? Қазақтілді баспасөз контентінің мазмұны мен көтерген идеялары орыстілді азаматтың жұмырына жұғын бола алмайды.

Формациялық дамудың төменгі басқышында түрған қоғамның мәдениетін формациялық дамудың жоғарғы басқышында түрған қоғамның адамы қабылдамайды. Қазақ жазушыларының жетістік деген санаттағы, таңдаулы шығармасы еркін нарыққа шығуға қабілетсіз. Сұраныс жоқ. Болмайды. 

* * *

Бір әдеби бағдарламада жазушылардың әңгіме талдап жатқанының үстінен түскенім бар. Сюжеті былай екен: жоғын іздеп жүрген адам көрші ауылға келіп, мал сойып жатқандардың үстінен түседі. Ол өзінің сиырын бірден таниды. Бірақ үндемейді. Тіпті терісін сыпырып, ет жіліктеуге көмектеседі. Артынан ұры әлгі адамның сиырын танып қойғанын біліп, үйіне барып, кешірім сұрап, өз еркімен айып төлейді. Талқылаушылар автордың тапқырлығын, мінездердің жақсы ашылғанын, әңгіме сюжетінің ширақтылығын айтып, керемет шығарма десіп жатты.

Осындай «керемет» шығармалар өзгетілді оқырманды селт еткізбейді. Ол «сиырын іздеп атқа қонды» деп басталған, бірінші абзацты оқығаннан ақ, шығармаңды лақтырып тастап, жүріп кетеді. Өйткені, бұл – мешеу қоғамның сұрқай адамдарының жирендіретін қылықтарын сипаттаған туынды. Оның үстіне, шығармада автор менталдылық қағидасына қайшы сублимацияға барып, ұрыдан мәрт жасап, рухани қортықты (ұрыны) бірден мораль үлгісін көрсетушіге айналдыра салған. 

Өзектілік деген ұғым бар. Мал ұрлау тақырыбы өркениетті қоғамдар үшін өзекті емес. Олар үшін мемлекеттің қаражатын миллиардтап ұрлап жүргендер туралы шығарма өзектілеу болар еді. Ондайға бара алмағанына қазақ жазушыларының «банк» семантикалық өрісіндегі лексиканы меңгермегенінің кедергі болғаны көрініп тұр. Соның салдарынан, жазушылар заманауи өркениетте болып жатқан орасан оқиғаларға бармайды. Ал «сиыр» тақырыбы олардың стихиясына дөп келеді. Осыны білген, өзін «елбасы» деп атаған «әлеуметтік-психолог» қазаққа «екі сиыр концепциясын» ұсынғаны белгілі. Осы концепт қазақ деген халықтың ғана емес, оның жазушыларының да менталитетін айқындап отырғанының куәсі болып отырмыз.  

* * *

Қазақ жазушыларының «өзекті» деп жабыла жұмылатын тақырыптары бар, әрине. Ол – Абайдың сөзі мен өмірі, М.Әуезовтың романы. Абайдың өмірінің әр кезеңі, «Абай жолының» әр тарауы қазақ театры мен киносына әлі мың жылға жететін материал береді.

Келесі көп қозғалатын тақырып – келін. Қазақ драматургтерінің де, киношысының да, телебағдарламашысының да айналдыратын, сүйікті тақырыбы осы. Келіннің шай құюы, сиыр саууы, енесімен шығыспауы, ұрсысуы, күйеуінен таяқ жеуі, баласын арқалап, төркініне қашуы, жаулығы, дамбалы,.. керемет қызық болып, жапа тармағай жазып та, көріп те жататындары осы. Қазақ әдебиетінің ғасырлық жетістігі саналатын, таңдаулы туындысы – Зейнеп апайының кітаптары. 

Заманауи батыстық постмодернистердің бірі Ю. Хабермас «тілдің өмір сүруі ол тілде жазылған, рухани кеңістікте тарала алатын сапалы контентке тәуелді» деген қорытындыға келген болатын.  Осы тәмсілге еріксіз мойын бұра отырып, біз қазақ тілі мен сол тілде жасалған контенттің сапасы арасындағы тура байланысты көруге міндеттіміз. Әдебиеттің тағдыры тілдің дамуы динамикасымен қабаттас келіп отыратыны туралы жоғарыда айттық. Іс жүзінде көркем өнердің барлық жанрларын талдай отырып, олардың қойнауларынан қазақ тілінің ауқымды деградацияға ұшырау айғақтарын ұшыратамыз. 

Әдебиеттің бүгінгі мүшкіл жағдайы: 

а). тілдің репрезентативтік мүмкіндігінің шамадан тыс әлсіреп кеткендігінен; 

ә). жазушының менталдық лексиконының қораштығынан; 

б) жазушының дүниетанымының ауыл шеңберінен аса алмай, өркениет кеңістігіне шыға алмай қалуынан көрініс тауып отыр 

* * *

Мартин Хайдеггердің түсіндіруінше, «болмыс тіл ғимаратында өмір сүреді». Қазақ тілін киіз үйден шығарып, қаладағы ат шапырым, зәулім сарайға енгізу керек. Сонан кейін ғана, ол көркем өнердің інжу-маржандарын бірінен кейін бірін дүниеге әкеле бастайды.

Көңілге медеу болатын, қараңғының арғы жағындағы жарықтың да қылаң беруі бар. Жастар арасында, әсіресе, соңғы жылдары елге келген жастар заманауи әдебиетке тәуір серпін беріп отыр. Қала өміріне шығарма жазуға бәйге ұйымдастырып жүргендер бар. Дегенмен, осылардың бәрі тілді әдеби нормаға түсіріп отырып, стильдерін түзеп, аномалиядан арылтумен қатар жүрсе, көркем әдебиет те тоннель түбіндегі жарыққа жақындай берер еді.

Тілді тығырықтан шығару амалдарын табу қиын емес, әрине. Тек, ол амалдарды қазаққа түсіндіру қиын болып тұр. Қазақ тілін аграрлық укладты ортадан суырып алып, индустриялы қоғамның жағдайына бейімдей дамыта отырып, оның ары қарай өмір сүруін қамтамасыз ету қажеттігі көрініп тұр. Тек сонда ғана, қалалыққа айналған тіл өзінің келешегін жасай алады. Сол кезде көркем әдебиет те шарықтай дамитын болады. Өркениеттің тәжірибелеріне, ғылымның сұңғыла зерттеулеріне сүйене отырып, бәрін жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мұны түсіну керек және бұған кірісу керек.

* * * 

8 701 270 26 47; kzhukesh@mail.ru. 03. 08. 2023. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар