Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Күңіренген күңгірт ойлар кетпейді...

20.10.2023 1023

Күңіренген күңгірт ойлар кетпейді 14+

Күңіренген күңгірт ойлар кетпейді - adebiportal.kz

                                               Тілес Жазықбай,

Ақжайық ауданы,

Батыс Қазақстан облысы

 

 

 

                  Өлең туралы өлең 

Сайрай берсін кеудеңдегі барың да, 

Тұлпар көңіл бас берместен арында, 

Басқа қайтсін өлең деген деміңді, 

Түсінбейді қасыңдағы жарың да. 

 

Ақындықты ардақ тұтып бойымда, 

Тоңмойынның не айтары ойымда. 

Кіл шабанның арасында қойторы, 

Тұлпар болып көрінерін мойында. 

 

Қиялдаймын қиын сонау биікті, 

Өлең солай тас емшегін иітті. 

Өз-өзіңмен сөйлесесің, ал өзге, 

Түсінбейдi бойындағы күйікті. 

 

Өлең, өлең мен өзіңе не дейін, 

Жорғасы жоқ, 

Жайдақ жүрген кедеймін. 

Сәуле сөнген санасызға сөз айтып, 

Тілі жоқты табындарсам демеймін. 

 

Өлең сенде өмір жолы тоғысқан, 

Ойды бөлме, 

Ойсыз сөйлеп оқыстан. 

Жалғыз шумақ жолға түссе жылаймын 

Жалғыз ұлы келген жандай соғыстан. 

 

Әлсіз жанмын, жинағандай қайта есін, 

Күн батқан соң көрсетеді ай төсін. 

Қараңғыда қара өлең деп қарманам, 

Қара басып, 

ол болмаса қайтесің?

 

Кешір, өнер 

мен әйтеуір қолыңда 

Соқпағым жоқ, оңым және солым да, 

Сақтансам да әлсін-әлсін құлаймын, 

Өлең сенің өзек жарды жолыңда.

 

  Ойшылдар өлшемі 

Күңіренген күңгірт ойлар кетпейді, 

Тілің қайда, тісің салсаң өтпейді. 

Көп досымның әлдиінен алған күш 

Бір дұшпанмен белдесуге жетпейді . 

 

Сөндірмес ем қызғаныштан өртенсе, 

Ай тұтылар ақ бетіне жер төнсе. 

Қуанғандар болған шығар о, тоба 

Мұқалмайтын Мұқағали ерте өлсе.

 

Адам ба адам, жауыздықтар тарайтын 

Жолдас бар ма жолсыз жолға жарайтын. 

Табыттағы Жұбанға да бір топ жан 

Жабырқаған жай танытып қарайтын. 

 

Қарайладым, мен жоғары ұшпадым, 

Шығармадым өлеңнің де ұшпағын . 

Бір төбеге иек артсам сол күні 

Бір адамға көбейеді дұшпаным. 

 

Шындыққа да келіп-ақ тұр тұспалым, 

Кімге керек менің биік ұшқаным. 

Қанатымды кеңірек бір жайғанда 

Қолдаушымнан көбейеді дұшпаным. 

 

Заман мынау, арсыз жоқ қой жасқанар , 

Өнер жолын кесе-кестеп тас қалар. 

Жақсы жерде бірде атым аталса 

Неге сонша ауырлайды басқалар. 

 

О, өнерім бар сырымды ағытсам, 

Төлеген боп қақпақылдай қағытсам , 

Арманым ғой сүрiнем деп қорқамын 

Өлең саған өлермендік танытсам .

 

Тарих

Тарихта қалды таза мұң болып,

Көже ішкен мынау көкірек пе екен?

Айта алсам дедім амалын тауып

Өткеннің бәрі өтірік пе екен?

 

Өлеңдетіп жүріп қазағы болған,

Өкпешіл жаннан дара тұрғанмын.

Топалаң тиіп, тозаңы қалған

Ел іші анау алақырданмын.

 

Өтті ғой жылдар, айларды жегіп,

Екінді-ақшам есте қалған ба?

Ақымақ қазақ айбарлы жүріп

Ақыры солай көштен қалған ба?

 

Екінді кезде ер салып атқа,

Көшімнің басын көтермек болдым.

 Еріксіз кеткен жар болып жатқа,

Қарындас жасын өтемек болдым.

 

Жуастар жүнжіп ақырған кепті,

Топжарған өлсе тоқырар алды.

Тоқтаусыз тонау тақырлап кетті

Ойран боп, ойран Отырар қалды. 

 

Бүркеніп аспан, қаптаған жұлдыз

Күлімдеген күннен көрік алсақ та.

Айлы бір түнде адасқан да біз

Аталар жолын көріп қалсақ та.

 

Отырған жерді ең биік төр деп,

Жағымпаз тірлік өтеліп жүрді.

Қып-қызыл болып, қызып бір сөйлеп,

Қып-қызыл жалау көтеріп жүрдік.

 

Желтоқсан желін соқыр мен керең,

Санасыз сөйлеп, самал деп тапты.

Аңқаулар айтып айдаумен өлең,

Арам мен арсыз амалын тапты.

 

Тамақтан орып, тұншықты өкпе

Сығымдап саусақ салғасын қатты.

Қанқызыл болып күн шықты текке,

Қияңқы тірлік жалғасып жатты…

 

Арамдық пен адалдық

 

Түйін түйем.

Ғұмыр-кеш мазмұнынан

Шырқыраған шындықты жазды бір ән.

Қара да тұр бүгінгі осы өмірің

Азса азады адамдық аздығынан.

 

Көрсем-дағы өгейлік күшік күйді,

Ар отына адалдық түсіп күйді.

Ел болудың алғашқы белгісіндей

Рушылдық күн сайын күшіктейді.

 

Қиянатын көрмеймін кемді күннен,

Күдіктендің, қарғам ау, енді кімнен?

Рушылдық әдетте білінбейді

Жер бетінің ғажайып кеңдігінен.

 

Жолсыздықты

Жалғыз мен қайдан бағам,

Еленбеді ау ел деген қайран бағам.

Арамдықтың шыбығы ескен жерден

Адалдықтың ақ дәнін қайдан табам...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар