Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Кітаптың қабырғалары...

02.10.2023 989

Кітаптың қабырғалары 14+

Кітаптың қабырғалары - adebiportal.kz

жағалауға дейінгі қашықтық бір бүтін оннан бес метр. мектепке алғаш барған күн сияқты сезіндім ескі-құсқы киімдер арасынан алған аяқ киіммен. сыртта өзіңе ұнамаған нәрсені swipe* жасай алмайсың. Адмирал көпірі – құдды бір асхана секілді, онда жоғарғы сыныптағылар сенің қара шашыңның қай жерде буға айналып, жоқ болып кететенін айтады. қайықтағы, салдағы, үрмелі үйректегі ықпалдыларға мен жаңбыр болып жауамын. шөл маған қарсы аштықпен бірігіп алған. скалитцер бұрышы бургерді, ал бургер өлімді  бүркемелейді. екі сағаттан кейін есімді кері қайырамын, mutterzunge* қасиетті өлең жолдарына суғарамын.

кotti* аумағында отбасылық мереке. anne* қай нәрсені де бастау алғашында қиын болады дейді. лимон шырыны қайта-қайта жиектасқа тамады, әсер етеді ұмытуға қарсы бір ғажайып нәрсе сияқты. адамдардың жүзіндегі қамығуда махаллядағы жазғы демалыстың табы бар. түнде жұмыс істейтін дүңгіршектер мен метро төбелеріне құдайға сенетіндер үшін белгілер қойылған. adalbert-/oranienstraße* бұрышындағы blumendilek* уағызға бір уыс таза топырақ сыйлайды. дұға сені жетпіс қадам әріде орналасқан смирна қаласына дейін апарады. қара шай ішіп отырып үш мың километр қашықтағы көлеңке орналасқан бабаның құлпытасы көзіңнің қарашығына оралады. 

mond heißt ay, und ei heißt yumurta. ол таңғы асқа жұмыртқаның орынына мен оған жалаңаш аспаннан айды алып берді деп ойлайды, осы қолдан боялған аспан денесін жердегі шөлмек қақпақтарынан жасалған станцияға орналастырады. оның «мен кішкентай адаммын, ғарышты бас бармақ, сұқ саусақ және ортаңғы саусақтан жасалған өзекпен айналып шығамын, қара» дейтін жүзі бар. кішкентай адам шлемін мұрыннан созылып шығып жатқан дұғадай темекі түтініне қарсы бұлғап қояды. кішкентай адам бұлт деп дауыстап айтады, орындықта бір бұлт жасаушы отыр, үстінде балықшы шапкасы мен топырақ түстес шортыдан тұратын қорғаныш костюмі бар, adam, ер адам дегенді білдіреді. ол құлдыраудан қорыққандағы көз жасы кітаптың қабырғасына тамады. Қиын уақыттарға арналған пластырь. ол жерден бір уыс бас әріпті жинап алады да сыбырлайды: иә, баба, қара, түн батты, енді барлық есімдер кері қайтады.

*swipe – телефон экранын жылжыту, саусақпен сырғыту мағынасында
*mutterzunge – неміс тілінде mutter – ана, zunge - тіл (ауыздағы тіл/дене мүшесі)
*кotti - Котбус қақпасының берлиндіктер қолданатын қысқаша атауы
*anne – түрік тілінде ана деген сөз
*adalbert-/oranienstraße – Адалштрассе-Ораниенштрассе көшелерінің қиылысы
*blumendilek – гүл сататын дүңгіршектің атауы
*mond heißt ay, und ei heißt yumurta – неміс тілінде mond – ай, ei – жұмыртқа деген сөз. Түрік тілінде бұл сөздер ay және yumurta деп жазылады.

Мұсылман болып ұшқанда

көз жасым жайнамаздың жиегінен шығып кетпейді. тіпті, жайнамаз жатқан еденге де, көшеге де, іргедегі үйге апаратын көпірге де сырғып жетпейді. көлкілдеп тұрған көз жасының деңгейі кірпік қаққан сайын жұқа, қара қастарымды көмгенше көтеріле береді, көтеріле береді. көзімді жұмған кезде өлі теңізді көремін. қарашығымды көмкерген қайдағы-жайдағы түстердей көз жасым да өлі теңіз секілді тұзға оранған. Құдайдың демі толқындардың үстінде тыныс алады. мұнда: яки ең төменгі нүктеде, аспаннан соншалықты қашық жерде, адам өзін барлық нәрседен асқақ сезінеді. қас қаққан сайын мүміндер үшін белгілер көрінеді.

платформалардың жанында, аялдамаларда, терминалда мен өзімді мұсылман сезінемін. кескінім дыбыс зорайтқыштан, асфальттар мен пластик едендерден көрініс береді. дыбыс зорайтқыштан шыққан қара шаштарым мені байлап алады. «қауіпсіздік мақсатында» деп тәртіп сақшысы зіркілдейді. мен іштей «кімнің қауіпсіздігі үшін?» деп салған жерде күңкілдеймін. ұшақ, екі тәртіп сақшысы және менің есімім, менің денемдегі меңдер. мәжбүрлі байланыс, амалсыз таныстық. бұл меңдерді nene* ешқашан санамаған, санасаң одан да көбейе түседі дейді. әжем адамдарды келбетіне қарап, алалау жөн емес дейді. үстіме кolonyaны* себемін. мен оны киемін немесе ол мені киеді.

жаңа жыл қарсаңында кельнмін*, төлқұжатта нафримін*, жалдамалы кісі өлтірушімін немесе жатып ішер біреумін. бұл бөгде есімдер шашымның арасында адасқан құмдар секілді жоғалған. әзірге: қауіпсіздікті тексеру және болар-болмас сыбдыр. үрейден пластикалық қолғап киіп, тінтігенде, менің бір аяқпен тұрып жалбарынғаным он жыл бұрынғы мемлекеттік мекеме ғимаратындағы үстелді есіме салады. мен келісім қағазына қол қоюым керек, конституцияға адал болуға ант беруім керек, әзәзілдің азғыруынан бас тартуым керек. мен мұнараның көлеңкесіне ұқсайтын күдікті жүздерге қайта-қайта қарап қоямын. иә, олар біздің жолымызды кес-кестейді, бірақ менің шалбарымның қалтасынан шыққан тасбиық тастары тізбектелген күйі бұлттан әрі асады.

«түрік әрқашан түрік болып қалады» дейді жаңағы адам. бұл маған неміс тілі мұғалімінің диктант оқып тұрғанындай естілді. әуежайдағы жоғалып кеткен адамдарға арналған терезеде бірінің артынан бірі ылғи да түріктер тұрады. бір түрік ұдайы французша терлеп-тепшісе, енді бір түрік әйел алғаш рет лондон маңынан ұзап шығып барады. қайтқан соң атам мен әжемнен сұрамасам, айда гастарбайтер болып жұмыс істей алар ма едіңдер деп; төсектің жиегінен бельгиялық вафли, қызыл шарап, балық пен чипсыдан қорғаныш мұнарасын тұрғыза алар ма едіңдер деп?

ылғи да түріктер тұратын терезеде рasskanten in нandflächen schneiden*, әлгі қызметкер менің әулетімнің мүшелерінің есімдерін дауыстап оқиды. 

бұл менің әулетімнің есімдері емес. «біз сириялықпыз» дейді dede*. «бұрын сириялық болған адам әрқашан сириялық болып қалады» дейді dede*. жаз сайын мен шайыр жағып, оған өзім тынысымды дарытамын.

сен құлпытастар сені оқитын сәтке кез болдың. мен жоғалмас үшін құлпытастардың қырымен алақанымды кесемін.

Қарсы алу ишарасы мені жүк беретін орын мен кедендік тексеріске апарады. күту залында джалабиялар мен хиджабтар, турбандар мен дамбалдар* ымырттағы түнгі көбелектердің қанатындай жалбырайды. мен спорттық шалбар кигеніме ыңғайсыздандым. Қалғандары үрейден тер сіңіп үлгерген киімдеріне ілініп тұрғанда мен мың бір минуттың подиумында тербелген бөкселеріммен олардың көк көздерін раушан суымен шайып өтемін.

егер тездетсем, онда мен қазір ұшатын рейске үлгеремін. сосын екі апта бойы әрқашан сириялықпын және әрқашан ливандық, әрқашан түрік корсетіндегі арабпын. өмір бойы мені төртбұрышты әріптер қоршап жүрді. осы жазда мен бабамның тілін жерден қазып алып, оны өзімнің ауыз қуысыма көмбекпін.

алдымен есіктер, содан кейін көздер жабылады. намаз бөлмесі ғарышты кезіп жүр. жалған бостандықтар мен жайнамаздың жиегіндегі шашақтар қиялымда қанат қағып, өседі. алдымен есіктер, содан кейін көздер ашылады. Он сегіз мың ғалам намаз оқу бөлмесіне енеді. екі полиция қызметкері иығымнан түртіп ұйқыдан оятты. супермаркеттің кассасындағы штрих-код секілді менің төлқұжатымның нөмірін орталық кеңсеге хабарлады. сонда, штрих-код оқыған есепшотты кім төлейді? пип, пип, пип. мен түбіртекті кірпігімді бастыра көзіме жабыстырамын. қас қаққан сайын мүміндер үшін белгілер көрінеді. 

 

* nene – түрікше әже деген сөз

* кolonya – ерлер қолданатын парфюмерлік-кометикалық иіссу. 

*кельн – 2015 жылдың 31 желтоқсанында шамамен Солтүстік Африкалық мыңға жуық адам жүзге жуық әйелге сексуалды зорлық көрсеткен.

*нафри – 2013 жылдан бастап неміс полициясында Солтүстік Африкадан шыққан жастарға қатысты кемсітушілік мағынасында қолданылатын термин.

* рasskanten in нandflächen schneiden – жоғалып кетпеу үшін паспорттың қырымен қолын кесу.

* dede – түрікше ата деген сөз

*джалабия, хиджаб, турбан, дамбал – мұсылмандардың діни киімдері.

Нөл, нөл, тоғыз, нөл*

естеліктер көз алдымнан көлбең етіп, жүйткіп өтеді. құдды фаһд балланның* әні таңдайында бүлкілдеп, түнді жырлағанда ербеңдеген dede*-нің қолы сияқты.

оған айт, ben* wald`da* жол бойында қарақат өсіп тұрған жердің жоғарғы жағында велосипед тебемін. дәруіш сияқты күлемін, алба-жалба үй киімімен жүремін, hek iddinya ilyom*. ай қайтадан түнекке сіңген кезде жамылға астындағы жұмсақ ойыншықтар сияқты еркіндікті өзімен ала кетеді. ұйықтар алдында анам дастархан үстін экзотикалық тағамдармен жайнатады, кола мен сниккерс, твикс және hanuta* вафлилерін, өзге де вафлилерді қояды. бұл - ақысы төленген жарнама емес, бұл - ығырыңды шығарып, шығын шақ келмейтін ауыздың қонаққа келуі. ортасында tavlaklatsch* сартылы нысанаға дөп келеді.

gol gol gol* төсек жамылғыларының дыбыс немесе жылу өткізбейтін материал ретінде пайдасы шамалы. бұл - ақысы төленген жарнама емес. бұл - ескі Subaru орындығына көмілген балалардың тәжірибесі. түрік поп музыкасы төрт күн бойы ойнайды. сен шекараны көріп тұрсың ба? қасық löp löp*, сорпа жұғыны қалмастан таусылған. басымызға күн түсіп, жүрек қаққанда көмектесетін 20 литр kolonya* иіс суы жүк салғышта сақтаулы. түк түсінбейтін адам ұятты білмейді. мен оны тілімнің астына жазамын.

taal* деген кел, lehoni* деген мына жерге дегенді білдіреді. nene*-нің жылы алақаны бетімді ақырын сипап тұрғандай жүзім жапырағы күрішті орап алады. балалардың қызу ортасы - сұр бейнелерден орнатылған қабырға.

олар еденді тым өте үлкен орамалмен безендірген де, гүлдер әдепсіз туристердің ауыздарының айналасында шашылып жатыр. қателеспесем, жоқ мен қателесіп тұрған жоқпын, біреу кілт салатын саңлаудан қара көзін алартып тұр және оның демі baba*-ның көз жасындай, қыш ыдысты құрсап тұр. dede*-нің бисмиллаһ деген соңғы дұғасын менің балам: «aс болсын!» - дегені екен деп ойлайды. мен ас үйден шыққан бойда, Құдайдың есімі аузымнан шығып кетеді. басқа жерлерде, электронды хат жіберген кезде франкфурт әуежайы, lufthansa, жұлдызды одақ деген сияқты сыбдыр естіледі. жамбастағы белбеу діңкеңді құртып, әрі уәде беріп қысады. ұшар алдында жарқыраған жолақтар жүз аяқ киімге тізе бүгеді. егер мен айтсам, менің балам «бисмиллаһ»-ны «ас болсын!» - деп ойлайды да, тек турист күле алатындай күледі. аяқ киім маhalle*-ден шығып, қаланың шекаралары, теңіз шекаралары, жатын бөлме терезелерінің шекаралары арқылы тікелей менің аузыма ұшады.

 

0090* - Түркияның коды

Фаһд Баллан*(1933-1997) - өз мансабын өткен ғасырдың 60-шы жылдарында бастаған белгілі сириялық әнші әрі актер.

dede* -  ата  ( түрік тілінде)

ben* - мен (түрік тілінде)

wald`da* -  орманда

hek iddinya ilyom* - Өмір осылай (араб тілінде)

hanuta* -  вафли

tavlaklatsch* - tavla -нард ойыны (түрік тілінде) + Klatsch- сартыл (неміс тілінде)

gol gol gol* - төсек жапқышты қозғағанда шығатын дыбыс

löp löp* - рахаттанып сорпа ішіп отырғанда шығатын дыбыс (сүлп, сүлп)

kolonya* - Германияның Köln қаласында шыққан атақты иіс су

taal* - кел (араб тілінде)

lehoni* - мына жерге (араб тілінде)

nene* - апа (түрік тілінде)

baba*- әке (түрік тілінде)

Mahalle* - қаланың бір ауданы, бөлігі

 

Автор: Озан Закария Кескинкилиш

Неміс тілінен жолма-жол аударғандар: Таңсұлу Рахимбаева, Райхан Шалғынбаева, Рауза Мұсабаева

Әдеби өңдеген: Еділбек Дүйсен 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар