Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Есенқұл Жақыпбек. Өзге емес өзім айтам өз жайымды...

09.09.2023 1387

Есенқұл Жақыпбек. Өзге емес өзім айтам өз жайымды 14+

Есенқұл Жақыпбек. Өзге емес өзім айтам өз жайымды - adebiportal.kz

1. Кіммін? Немін?

Ақындық! Кім біледі оның қалай, қашан қонатынын. Ақындық адам басына салп етіп бірден қона сала ма, жоқ әлде «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» деп Қызыр Ілияс түсінде аян бере ме, жоқ әлде тұқым қуалай ма? Бәлкім туған үйі, өскен ұясына, қоршаған ортасына, кешкен мехнат – қорлығына байланысты немесе басқа да сілкіністерге байланысты мылқаудың тілі сияқты кенеттен тілің шығып, көмекейің бүлкілдеп қоя беретін құбылыс шығар ол.
Бәріміз бала кезімізде шексіз фанатизмге беріліп, ерлікке, ізгілікке, ғашықтық ғаламына бастайтын батырлар, ғашықтар жырын жаттап өстік, ертегі, аңыз оқыдық, абыз-жыраулар айтыпты деген асыл сөздерді құлаққа құйып, жүрекке сіңіріп өстік. Сөйтіп қияли болып, басымызға кітап жастап оқып жүргенде көзіміз кенеттен ашылып кетіп өмірді өз натурасы, өз күйінде байқап көрсек, дүние шіркін шындығына келгенде өте майда, өте жиіркенішті, өте-мөте пасық, сасық және қызуы демде тарап кететін алдамшы қызықтарға толы сұм жалған екен.

Бәлкім Ақындық осының бәрін көріп жаным шошығандықтан барып туған қопарылыс шығар. Мен байқұс әйтеуір осы алпысқа таяп қалған жасымда сол Ақындық дегеннің қай күні қай жағымнан жабысқанын есіме түсіре алмай, не одан айырыла алмай Алла Тағала өлшеп берген, онда да саған соның қадірін біліп жүрсін деп қарызға, аманатқа берген Ғұмырын жасап келе жатырмын. Осы күнде мені ақын емес дейтін пенде жоқ, тіпті атымды есіне түсіре алмағандар «Әй, ақын, бері қарашы», – деп шақырады.
Өзімнің ақын екеніме кейде сенемін, кейде сенбеймін. Мұқағали күнделігінде өлең жазғанда менің құлағыма біреу бірдеме деп сыбырлап тұрады дейді, менде ондай да қасиет жоқ. Әйтеуір тәнім – күйбең тіршіліктің құлы, жаным – өлеңнің құлы екендігі айдан анық. Күнделікті тіршілікте мінезсіз, ешкімнен асып бара жатқан ерекшелігі жоқ, тәуелсіз жалтақ, жасанды сөйлеп жіберуден де ұялмайтын жанбақының бірімін.

Ал, өлең жазғанда жаным кіреді. Өйткені ол кезде мен жылаймын, күрсінемін, қуанамын, сағынамын, сүйемін, жек көремін, жақсы көремін, боқтаймын, қарғаймын, дауылды күні ашық теңізге шығып кеткен шап- шағын ағаш корабль сияқты әждаһа толқындармен арпалысып, әйтеуір аударылып түспей шыбын жаным жаннан түңіліп барып барса келмес бір аралға жете жығыламын. Ертесін қайтадан «есектің артын жуып» ел қатарлы нәпақа тауып, ел қатарлы сөйлеп сөлпиіп жүре беремін. Алматыда әжептәуір журналда жүрген кезімде ешкім мені адам тұрмақ айуанның да қатарына қосқан жоқ. Сонда да болса «май қаңбақта ағалардың аты жуcап жатыр» деп ағаларды алыстан арқа тұтып жүре бердім... Үкімет үйінің артындағы қалың шыршаның түбінде түнеп шығып, таңертең қызметке келіп жүрдім.
Бірақ мен көкелердің көмегімен емес кейінірек ақындар айтысының арқасында танымал болдым, ел қатарына қосылдым. Енді маған не қыл дейсіздер? Мен сөйтіп амалдап, айтысқа кетпегенде баяғыда өліп қалар едім ғой.
Өлең жазу керек екен деп «бомж» болып кету керек пе еді? Жоқ, ондай жанпидалыққа мен бара алмадым. Өзімді қойшы, өзім дүниеге әкелген бала-шағамды бағу керек еді. Ауылға қайтып келсем отбасымның еңсесі түсіп кетіпті. Дереу «малтабар» ақын болып шыға келдім. Той басқардым, келіннің бетін аштым, жарапазан айттым, сыйлы кісі елге келсе алдынан шығып өлең айтып сұңқылдадым. Қысқасы мал табудың қамына көштім.Ара-тұра өлең менің түсіме кіріп жүрді. Бірдемелерді күбірлеп оянатын болдым. Мұқағали дұрыс айтады екен, кейде біреу құлағыңа сыбырлайды екен. Бірақ, тіршіліктің тауқыметімен жүргенде құдайдың құлағыма сыбырлағанын да елемейтін, естігісі келмейтін кездерім болды. Әдебиет алдындағы менің күнәм сол. Талай шығармаларым жазылып келе жатып, жарты жолда аяқсыз қала берді, қала берді.
Ешқашан өтірік айтып көрмеген бір наиб-имам досым айтып еді: – Бір рет жаназа шығарған, содан нәпақа тапқан молда екінші қайта шын молда бола алмай қиналады екен, мен соны өз басымнан өткердім, қазір жаназаға барғым келеді де тұрады, – деп. Сол сияқты менің де бірдемеге құнығып кеткендігім байқалды. Бірақ, байып кеткен түгім жоқ. Баяғы азаймайтын,көбеймейтін қоңторғай тірлік.
Балықшының байлығы,
Етек –жеңі кепкенше.
Ақындардың байлығы,
Той –томалақ өткенше.

2. Балалық

Бала кезде МТС-қа жанармай таситын өгіз арбаның артына, бөшкелердің арасына тығылып алып саяхаттағанды жақсы көретінмін. Бірліктен Тереңөзек деген жердегі МТС-қа жеткенше өгіз арба кемінде екі-үш сағат жүреді. Өгіз арбаны айдайтын кісі жер аударылып келген Нидәй деген әзірбайжан шал. Өгіз арбаға емес, мен сол Нидәйдің ұзын сыбызғысына қызығамын. Нидәй шал былай шыға бере сыбызғысын қолына алып мұңлы бір әуендер боздата жөнеледі. Боз даланың бозторғайлары әлгі сыбызғының ұшына қона жаздап шырылдап өгіз арбаның үстіне тұрып алады. Осылай бөшкенің артына тығылып алып сыбызғының күйін тыңдай-тыңдай Тереңөзекке жете бере МТС-тағы трәктірші әкеме көрінбей жасырынып, қайтқанда өгіз арбаға қайта мініп ала қоямын. Сыбызғы байқұс қара жолдың үстінде қайта өксіп қоя береді. Бір күні сыбызғы күйін тыңдап отырып, сұңқылдап жылап жіберіппін. Нидәй шал ұстап алып шешеме алып барды.

– Мына балаң жасырынып күйтыңдап жүреді екен, өзін шалық шалған сияқтыма қалай, әлгінде еңкілдеп жылап жіберді, әсершіл бала екен, мүмкін ақын болатын шығар, бәлкім бақсылығы бар шығар, бірақ мұндай баланы көзден тасақылуға болмайды, – деді.

3. Өскен үй. Орта

Алғаш өлең жазып жүрген кезімде әкем Серікбай аса жақтыра қойған жоқ. Әкем өлеңді суырып салып та, жазып та айта беретін кісі еді. Өзі шертпе күйдің шебері. Домбыраны қырнап тартатын. Бір күні кешке, қыстың ұзақ түнінде домбырасын тыңқылдатып отырып, өлең, өнер, ақындар жайында ұзақ әңгіме айтты. Соғыстың аржақ, бержағында Алматыда драма театрында жұмыс істепті. Ұзынағаштан Зәмзәгүл Шәріпова екеуі жотасы пышақтың қырындай арық атқа мінгесіп алып Алматыға барады екен. Алматыға жеткенше Зәмзәгүлдің екі шабы қып-қызыл болып қажалып барады екен.

– Әй, жарықтық Зәмзәгүл өнерді сонда да қоймай қойды, ақыры Алматыда қалды ғой, – деуші еді күрсініп.
– Ал, сіз ше, сіз неге ары қарай әртіс болып кетпедіңіз?

– Әкеден жалғыз едім. Өзім жетіммін. Соғысқа алып кететін болған соң әкемнің немере інісі Іңкәрбай, ол кезде НКВД-да істеуші еді,сол амалын тауып бұл өзі трәктірші еді деп бронмен алып қалды. Трәктір айдадық. Содан өмірімді шаң-топырақ басып қалды ғой, балам. Өнерге өміріңді қию керек. Ал мен осы тоғыз балаға қалай бір жапырақ нан тауып берем деумен қалдым ғой. Өлең жазсаң өміріңді қи, әйтпесе әлду-бәлду өлеңді әркім-ақ жаза береді, – деді.
Үсті-басы май сасыған, қызыл арақты көп ішетін менің осы жаман әкеме адамзатқа аты шыққан Мұхтар Әуезовтың өзі хат жазып, хат алмасып, Жетісудағы ақын-жыраулар туралы сұрап тұратындығын мен ол кезде қайдан білейін. Бәрін кейін біліп, түсініп жүрміз ғой.
Әкем айтпақшы өлең үшін өмірімді қидым ба, қимадым ба оған уақыттың өзі төреші болатын шығар. Өлең үшін ғана өмір сүріп, өлең үшін өліп кеткен бір ақынды көзім көрді. Ол – Жұматай Жақыпбаев! Ғашық жүрегінің ғазалдарын ғана жазып өтті Жұма-ағаң. Басқа нәрсеге бас ауыртқан жоқ. Және там-тұмдап, дәмдеп қана жазды. Дәндеп жазған жоқ. Өзін-өзі көрсетуге асыққан жоқ. Сонымен өзін-өзі сыйлата білді. Ал, қазіргілер өзін-өзі сыйлату үшін түрлі пендешілікке барып жүр.

4. Түп – тамыр

Менің әжем Шәрипа «көген алмай өлең алған» Екей деген елдің қызы екен. «Елу бақсы, сексен ақын туған» Екей қызы Шәрипаның туған ағасы Дулат болыпты. Сүйінбай ақын Дулатқа сүйсініп:
Жазба ақынның мықтысы Дулат ақын,

Қара өлеңді қағазда тулататын.

Жебір менен жегішті сынағанда,

Қасқыр көрген иттердей шулататын, – дейді екен.
Сөйтсе Дулат ескіше аса сауатты, өлеңді жазып айтатын мысқылшыл ақын болғанға ұқсайды. Сүйегі Түркістанда жатыр екен. Мұның бәрін Шалданбай деген қариядан естіп жүрміз ғой. Мені ақындар айтысында айтыс жүргізушілер «Айтыста – шақпа, жазбада – ақпа ақын» деп таныстырып жатушы еді, шақпалық пен ақпалықтың әсері, бәлкім сол Дулат ақыннан дарыған шығар, бірақ қазір сол шақпалықтан да айырылып қалған сияқтымын. Ешкімді сынап-мінегім келмейді. Бәлкім сынып кеткен шығармын.

5. Айтыс

Ақындар айтысында менің атым жеңумен емес, жеңілумен шықты. Өйткені ағысқа қарсы жүзетін албасты мінезім бар еді. Бірақ ол жеңіске бергісіз жеңілістер ғой. Оған өкінбеймін. Өкінетінім: ойын-тоймен жүріп талай уақытымды бекер өткізіп алыппын. Бір жақсысы, екі ауыз сөзім болса да елдің есінде қалып қойыпты. Соған мәзбін. Айтысқа қатысып жүріп, ел аралап, жер аралап, өмір таныдым. Соның бәрін өлеңіме арқау еттім. Әйтпесе өрісі тар тіршілікке құл болып, мүлдем өшіп кетер едім. Ептеп болса да өлең жазып жүрдім. Бірақ, бәрібір өлең жазатын ортаны сағынушы едім. Жазба ақын жолдастарым мені жек көріп кетті. Ал, мен оларды жек көре алмадым. Бұл заманда сол баяғы поэзияға адал достарымның өзі азайып кетті. Бизнесте, үлкен қызметте жүргендер бар, баяғысынша өлеңге адалдары аз қалды. Қазір олардың шегірткедей шенеуніктерден айырмасы аз. Енде мен оларды жек көруге айналдым. Бүгінгі күні жаным сүйсінер ешбір ортам, ешбір үйірім жоқ.
Жастық шақ біздің өтті ішіп,

Жұрт құсап жөндеп іше алмай.

Түспейтін көзге көп түсіп,

Түсетін көзге түсе алмай.

Жүрміз ғой бүгін көт қысып,

Ұшайын десе ұша алмай...

Ұшқым-ақ келеді, бірақ қанаттарымды зіл басып, тазқара құсап жалпылдап, самарқау ұшамын. Әйтеуір бірдеме жетіспейді. Жалпы ақындық дегеннің өзі қайда бара жатыр, оған ақылым жетпейді. Бәлкім білімнің, сананың саяздығы шығар. Ештеңе таппаған соң кешке жақын Алматыға тартып отырамын. Академ. театрға барамын. Жоғалған, іздеген нәрсемді тым құрмаса сахнадан көргім келеді. Ал, басқа жерлерден менің жан-дүниеме керекті ешнәрсені таба алмай, босқа шаршаймын. Жазушылар Пленумына бара қалсам текетірескен текелердің көпір үстіндегі сүзіскен сәттерін ғана тамашалап қайтамын.

6. Не жазу керек?

Осы сұрақ көкейімде ылғи тұрады. Бірақ елге керек, оқырманға керек нәрсені жазайыншы деп бірдемені жоспарлап барып үстелге отырғаныммен одан дым шықпайды. Жаным күйзеледі. Қағазға қарағым келмейді. Бәрібір үстелді шыр айналып жүріп аламын. Нені тәуір жаздым, нені жаза алмадым, қай жерде өтірік өлең жаздым, оның ақ-қарасын айыратын да мен емеспін. Оқырман өзі бағалай жатар. Не жазсам да шын жазғым келеді. Ол да қолдан келе бермейтін шаруа, ауылда бір жерлерде көпшілікпен бас қоса қалған жерде «жаңа өлеңіңді оқышы» дейтін сауықшылар бар.

Айтшы, айтшы деп жалынар,

Айтпай жатып жалығар, – деп Абай айтпақшы ол ортадан да түңіліп шыға келесің. Ұзынағашқа кейде мені Алматыдан іздеп келетін жас ақындар болады. Сонда бір жаным кіріп, мың жасап қаламын. Бірақ, ондай рахаттар аз. Өлеңде енді жаңалық аша қоймаспыз. Бүгінгі оқырман сол жастардың оқырманы болуы мүмкін. Біздің оқырмандарымыз бізден жалыққан сыңайлы. Енді езе берудің қажеті қанша. Басқа бір арнаға құлаш ұрып кету керек екендігін сеземін. Бірақ, өз құбыламды өзгерте алмай-ақ қойдым. Өмірдің ойлау формасы да өзгерді ғой, ендеше өлеңнің де ойлау жүйесі өзгеруі керек шығар.

Ал енді Абайдан, Мұқағалидан жалыққандар сандалыпты. Араға он жыл салып барып, осы екі алыпты қайта оқысаң, тағы бір жаңалық жарқ ете қалуы мүмкін. Себебі олар ақын ғана емес, әулиелер ғой. Поэзия алдында өз күнәмнан арыламын деп шынайы ниет білдіргендер араға он жыл салып барып қайта жазуы керек шығар? Жаңару керек. Бірақ қалай?
Жаңарудың, жаңалық ашудың жолын таба алмай, ақыры өзінің ақындық миссиясының орындалғанын сезіп, өзіне-өзі қол жұмсап өлгендердің сертін ойласаң жан түршігеді. Өзіне-өзі қол жұмсау – күнә. Одан да жазбай-ақ жан бағып кете бергенің жақсы. Құдай да тыныш, құда да тыныш, құлақ та тыныш. Өз абыройың өзіңде.

Өзіне керек өлеңді халық өзі-ақ тауып алады. Оған насихаттың керегі жоқ.Осы кітапқа соңғы бір-екі жылдың шамасында жазылған жаңа өлеңдерім енгізіліп отыр. Төрелігін өзіңіз айтарсыз, оқырман. Оған қоса ара-тұра арнау өлеңдерімді де осы кітапқа енгіздім. Мұндағы мақсатым жазылған дүниелерім жазылған күйде жеке архивімде сарғайып қала бермесін деген ой. Одан басқа ештеме емес. Көңілсіздеу өлеңдерім болса кешіре көріңіздер. «Поэт – это испорченная душа», – депті ғой Александр Блок. Бірақ өмірге ешбір өкпем жоқ. Өйткені поэзия болмаса менің өмірімде айрықша ештеңе болмас еді.

Ақынның «Тазқара құстың тағдыры» кітабынан 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар