Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Атадан туған аруақты ер...

20.10.2023 1118

Атадан туған аруақты ер 14+

Атадан туған аруақты ер - adebiportal.kz

Бұқарашылдық идеясын айқын танытып, қазақ қауымындағы таптық қайшылықтың шиеленіскен кезін, хан-феодалдар мен еңбекші халық арасындағы кескілескен күресті нағыз шындық тұрғысында жырлап өткен ақын –  Махамбет Өтемісұлы. Ол – елдің жоғын жоқтап, ар-намысын қорғаған күрескер ақын, Исатай Тайманов бастаған шаруалар қозғалысына бастан-аяқ қатынасқан, сол қозғалыстың ең бір табанды сарбазы, жалынды үгітшісі, өз кезеңінің ірі қоғам қайраткері. Ол 1803 жылы, қазіргі Гурьев пен Орал облыстарына қарасты Нарын құмында туған. 

Махамбет Өтемісұлының шығу тегіне байланысты ел арасында айтылып жүрген мынадай қызық дерек бар: «Жырлары киемізге айналып кеткен, ешкімге ұқсамайтын кесекті ердің сойы Нәдір шахтың ұрпағы екен. Түркілердің Афшар тайпасының тумасы Нәдір шах он  жыл қызылбас елін билеп-төстеген. Парсылар ақырында түбі шикі деп Нәдір шахты өлтірген көрінеді. Желкенді қайықпен Каспий теңізінің айдынының шығып кеткен Нәдір шахтың Мәлі деген баласын талығып жатқан жерінен Беріш руының адамдары тауып алады. Содан Құлмәлі Беріш есебіндегі бала болып Беріштерге сіңіреді. Құлмәліден Өтеміс, Өтемістен Махамбет туады».

Махамбет ел қамын, халық жайын ғана ойлаған – жорық  жырауы. Ақынның  сезімі мен сыры, ісі мен әрекеті, өмірі мен өлімі, адами тағдыр-талайы… – бәрі-бәрі  осы тақырып арнасында тасқындап ақты, талғамын тапты. Сонда мұның мазмұны мен пішіні бір ғана уақытта – Жәңгір хан тұсында, бір ғана кеңістік – Бөкей ордасында, бір ғана идеяда – қазақ халқының азаттығы мен бостандық жолында туған, қасыптасқан, дамыған. Махамбет шығармашылығы тұтастай алғанда автордың «сегіз қырлы, бір сырлы» автопортретін жасап, мұның өзі тек біздің ұлттық менталитетімізге тән ерлік пен елдіктің өшпес рухына айналып отыр. 

1925 жылы жарық көрген Халел Досмұхамедұлының «Исатай-Махамбет» атты кітабындағы пікірлерде Махамбеттің өзі де жас кезінде Жәңгірдің нөкері болғандығы, кейін Исатайдың жолдасы болып жанына ергендігі айтылады. Махамбеттің тарихшы А.Ф.Рязанов тауып мәлімдеген 1939 жылғы елде қалған жолдастарына жазған хаты мен  1845 жылғы Орынбор шекара комиссиясына баласы Нұрсұлтанды оқуға алуын сұрап, өз қолымен жазып жолдаған арызынан оның орысша, мұсылманша сауатты адам болғанын танимыз.  

Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова бір сөзінде: «Көп жылдарға дейін Махамбет туралы ештеңе жаза алмадым, себебі, қорқатынмын. Бас салып ол туралы бірдеңе жазу көргенсіздік деп ойлайтынмын», - деген екен.  «Фаризаның әдебиеттегі пірі – Махамбет», - дейді әдебиет зерттеушісі Н.Байоралова. Сондықтан, оның әйелден гөрі ер-азаматқа лайық сөз саптасын, әйелдіктен әлдеқайда биік жатқан ойлану дәрежесін, әйел қасиетін нәзіктік, жұмсақтық, бипаздық деп білетін түсініктердің барлығын ықтырып жіберетін айбын-сесін, әйелдік қазақ ақыны Фариза Оңғарсынова поэмаларының тарихи-сюжеттік негіздері көкірегінде соғып тұрған ер жүрегін салыстыруда Махамбет рухын баса айтуды жөн көрдік. 

Бұл – тектестік пен тамырластықтан туындап жатқан үндестік. Мұндай рухани туыстықтың тағы бір себебін ақын, ғалым С. Сейітов былай деп түсіндіреді: “...Әр тұста Махамбет атасын ауызға ала беретін ақын қыздың мұнысында мұрат тұтарлық бір сыр бар екен. 

 

“Жырлау керек, жетелейтін қиялдай бал арманға,

От ойнатар мұң тұнған жанарларға. 

Қиянаттан күрсінсе Батыр – Уақыт, 

Махамбетше турайтын қақыратып, 

Айбалта – жыр керек – ақ адамдарға”. 

Ақынның «Махамбет аудармашысымен әңгіме» атты көлемді өлеңі мен «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» атты поэмасында Махамбет тұлғасы одан сайын биіктей түседі. «Махамбет аудармашысымен әңгіме» атты көлемді өлең автордың ақын, ақындық туралы, оның қоғамдағы атқаратын қасиетті миссиясы жайлы, Махамбет секілді қайталанбас тұлғаның ақындық феномені хақында құнды туынды десек қателесе қоймаспыз», – дейді бұл турасында ғалым С. Мақпырұлы.

Түс көру – әдебиеттегі өзін-өзі ақтаған көркемдік-символдық қолданыстың бірі болып есептеледі. «Сондай-ақ, әдеби түс көру тәсілі қазақтың сөз өнерінде о бастан-ақ кейіпкер психологиясын, болмыс-бітімін, ойлау жүйесін, жалпы адамның жұмбақ жаратылысын ашудағы көркемдік қызметін анықтап алған. Оның дәлелі – қазақтың эпос жанрларында, аңыз-әңгімелерінде, бүгінгі көркем прозада, тағы басқа да жанрлық түрлерде кеңінен қолданылатындығында», – дейді көркем прозадағы түс көру тәсілін теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеуші ғалым Г.Пірәлиева. Бүгінде көптеген ақын-жазушылар түс көру процесін өз шығармаларында өте зор қызмет атқаратын құрал ретінде пайдаланады. Ал түстің кейіпкердің көңіл-күйін, санасында үздіксіз жүріп жатқан процестің бір сәтін белгілейтін көркемдік тәсілдің бірі екендігі белгілі. Ф.Оңғарсынованың бұл поэмасында психологиялық бейнелеу құралдарының бірі – осы түс көру тәсілі сәтті беріледі. Ақын лирикалық кейіпкердің түс көруі арқылы кейіпкерлерінің ішкі әлеміне тереңдей еніп, оның жан-дүниесінің ерекшелігін айқын аңғартады. 

Ұйқыңды аш, кәне, 

Сөзіме менің сал құлақ. 

Ақ найза алмас жырымды менің

Қалғандай бүгін тот басып, 

Тұрушы еді-ау от шашып! 

Ақынмын дейсің, аруағым атқыр, мылжыңдар, 

Күйбең тірліктің күйкі күндерін жүрсіңдер жырлап, 

оттасып. 

“Сүйдім” деп зарлап жырлайтындарың сондағы – 

өмірде тіпті жоқ ғашық. 

Поэмадағы Махамбет бейнесі – ақын рухын қалғып кетуден сақтап, үнемі қолдап жүретін жыр жебеуші іспеттес. Көркем образдың негізгі элементтерінің бірі – тіл, яғни сөйлеу даралығы. Поэма кейіпкері мінез ерекшелігімен қоса тілдік қолданыстарымен де дараланады, көркемдігі төмен, арзан сөздер ақын лексиконына жат. Батырлығы мен ақындығы қатар жарысқан Махамбетті дара тұлғасына сай сөйлету – кім-кімге де оңай еместігі анық. 

Ілияс Жансүгіровтың «Исатай, Махамбет» атты үш перделі, алты суретті трагедиясындағы өлең жолдарына назар аударайық. Фатима Ғабитованың беташарын беріпті: «... бұл пьеса екі вариантта жазылған болатын. Біріншісі –драмтеатрға арналып, қара сөзбен жазылған еді де, екіншісі – өлеңмен, либреттор ретінде жазылған еді. Бірінші варианты жоғалды. Театрда да архивте де жоқ. 5-томға енгізіп отырғанымыз екінші варианты».

Шығарманың әбден зерттеліп, ұзақ жазылғаны көрініп тұр. Кесек туынды. Махамбет заманының тынысы анық сезіледі. Тарихы құжат, тұғыры мықты. Бірақ... кейіпкерлер саны 60-қа жуық. Өлеңдер өте көп. Көлемі де  тым үлкен. Кітаптың өзінде 80 бет. Махамбеттің монологы:

Тыныштық жоқ тым маған,

Мен бір желмін зулаған.

Көшерімді жел білген,

Қонарымды сай білген.

Мен ебелек тынбаған,

Күйзеліп жатқан ел үні,

Күңіреніп жатқан шер үні,

Жаныма маза бермейді,

Ханмен табыса алмаймын,

Бимен белдесе алмаймын,

Оларды тілім жерлейді.

Махамбет поэзиясының ырғағы, мақамы, сөз оралымы, екпіні сезіліп тұрған жоқ па? Тағы бір жерде:

 

- Күн бар ма біздің елдің бағы ашылар?! – деген шерлі, зарлы сұрақ қойылады. Сонда хор:

- Хай, хай, дүние-ай, хай дүние-ай,

Кеттік түсіп не күйге-ай! – деп күңіренеді.

Бұл көне Грекия трагедияларына тән тәсіл. Хорға жүгінген автор мұны жақсы білген болды ғой.Қалдыбай айтады:

 

- Ей, Исатай, Исатай!

Ел болудан біз кеттік,

Еңіреп мынау халқың тұр.

Сонда қалың нөпір:

- Қан аралас көзден жас

Халқыңыздан ақты ғой, Исатай! – дейді.

 

Махамбет екпіндетіп, Исатайға былай деп сөйлейді:

 

- Ей, Исатай, Исатай,

Ала жалау ту алған,

Атаң сенің Ағатай!

Сен – сұңқар құстың сойы едің,

Мен –жаныңда жағалтай.

Енді трагедияның бір жерінде Махамбет налиды:

- Заманым менің тар болар,

Тура биде билік жоқ.

Бәрін айт та, бірін айт,

Қаумалаған қарындас

Қазақта бар да, менде жоқ.

Ілияс тіл қуатымен кейіпкерлерін мінездейді. Мысалы, Жәңгір ханның сөз қолданысы, тіл саптауы мүлдем басқа. Ол көбінесе араб, парсы сөздерін араластыра сөйлейді: ғариза, мұшауара, ихтилалшы, бәд фиғыл, һужум, фирман.

- Бұл муафиқ дәгіл!

Мен істей алмаймын һеш бірін.

 

Немесе:

- Мұнда жоқ не лазіз, не лаяқап!

Хан фирманына халық етсін имағат!

 

Немесе:

- Исатай, сен ата ұғлы, асыл зат,

На мағқұлды тарк ойла, не хажап?

Ғафил сөзге сатылма сен түзік бол,

Арамызда болсын сұлых уә сұхбат.

 

Әлбетте, мына сөздер мен тіркестердің біразы мен түгілі, қазаққа да түсініксіз, я көмескілеу. Ресейлік Генспен сөйлескенде, Жәңгір хан өзіне тән сөз оралымдарын пайдаланады:

- Рухсат айла, ұғлуғ дәреже иесі,

Уа хурметлу, хан-сұлтанның төресі,

Ғариза һәм уа ғайры ғайбатлар

Ғайыпәлінің қалдығының пәлесі.

Келесі бір Махамбетке арналған алғашқы туындылардың бірі де бірегейі Ы.Шөрековтың «Исатай – Махамбет» поэмасы. Қазақ әдебиетінде Ы. Шөрековтің “Исатай-Махамбет” поэмасын бастыру, пікір айту кеңес үкіметі орнағаннан кейін кең қанат жая бастады. “Исатай Махамбет” поэмасын алғаш оқырмандарға таныстырып, алғыс сөз жазған Халел Досмұхамедұлы. Оның 1924 жылы “Сәуле” журналының (“Қазақ әдебиеті – білім құрасымы”, №3 “Ақ жол” газетінің 416 санына қосымша) бетінде жарияланған “Қазақ батырлары”: “Исатай, Махамбет” деген шағын мақаласы осының дәлелі. Ғалым мұнда Ығылман ақын шығарған жырға емес, “Исатай-Махамбет” көтерілісінің туу себептеріне тоқталады. Бұл туралы М. Әуезов: “Тарихтың дәл суретімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Х. Досмұхамедовтың “Исатай, Махамбет” жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамет Кемеңгеровтің “Қазақ тарихынан” деген еңбектерін қарап өтсін дейміз” деген сөзі осыны қуаттай түскендей.        М.Әуезов 1927 жылы шыққан “Әдебиет тарихы” кітабында “Исатай-Махамбет” жырының мәнісін сөз ете келіп, осы жырдың авторы Ығылман мен Нысанбай ақын арасындағы ұқсастықты, бірлестікті көрсетуге көңіл бөледі. ...Ал, поэмада ол арада үлкен соғыс болады, Исатайлар жеңеді, Қарауыл қожа қашып құтылады. Тарихи тақырыпқа жазылған көркем шығармаларда ондай шегіністер болатыны табиғи нәрсе десек, поэма негізінде жоғарғы айтылған тарихи поэма болып қала береді. Бұл поэманың бір құндылығы міне осы тарихилығында деуге болады. Поэманы оқып шыққанда адам тек көркемдік әсер алып, өткендегі оқиғаны көз алдына келтіріп қана қоймайды, көтерілістің тарихынан да көп мәліметтер алады”, - деп нақты тарихи оқиғаның әдебиетте авторлық еркін қиял шегініс әдісімен көріну сырына теориялық түсінік те беріп өтеді.

Ы. Шөрековтің “Исатай-Махамбет” жырында Жәңгірге қатысты үйдің саны, салықтың түрін көрсеткен мына бір жолдар осы жырды, халықтық көтерілісті зерттеушілерді ойлантқаны белгілі.

Хан қарауы қазақтың, 

Отыз мың үй саны бар, 

Ересе болған есепте 

Сексен мыңдай жаны бар. 

Үй басына мал санап, 

Зекет түгел салынар, 

Хан салығы сол болып, 

Қазынаға алынар. 

Осы жайтқа байланысты Х. Досмұхамедұлы: “Қазақ хандарының бұрынғы тұрмысы Жәңгірді қанағаттандырмады. Жәңгірге салтанат патша тұрмысы керек болды. Салтанат құруға ақша керек. Елге түсетін салық көбейді...”, - деп ғалым жырда көрсетілген қоғамдық ахуалдың неден туындап отырғандығын айқандай түседі. 

Ы. Шөрековтің “Исатай, Махамбет” жырына алғаш алғы сөз жазып бастырушы ғалым. Х. Досмұхамбетұлының Махамбет ақын туралы айтқан пікірлері бастамалығымен құнды. Бірақ өзімізге белгілі Х.Досмұхамбетұлы 1939 жылы ұсталып кетіп, ақын туралы негізгі ойын айтып үлгере алмады. Х.Досмұхамбетұлының Махамбет жөнінде зерттеулері аздау болғанмен кейінгі әдебиет зерттеушілерге берері мол. Дауылпаз ақынның мұрасын ел аралап аяқтай жүріп жинап, бастырып өлеңдерінің варианттарын салыстырып, ақынның қай кезде, қандай жағдайда шығарғандығына ғылыми түсінік берген ғалым – Қ. Жұмалиев.  Қ. Жұмалиевтің 1958 жылы жарық көрген “Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері” кітабына пікір жазған ғалым А. Нұрқатов.  Осы кітаптың Махамбет тарауын сөз ете келіп, “солардың ішіндегі материалының молдығы, ғылыми және эстетикалық талдауларының тереңдігі мен құнарлылығы жағынан ең тәуірі – Махамбет туралы тарау. Бұл заңды да. Өйткені, біздің ғалымдарымыздың аға буынының ішінде осы бір тамаша күрескер ақынның дәл Қ. Жұмалиевтей беріле, ден қоя зерттеген ешкім жоқ. Шынтуайттап келгенде, оны Махамбет туралы ғылымның негізін салушы деп атауға әбден болады” – деп ғалымның бұл саладағы еңбегін дұрыс бағалай біледі.

Енді жырдағы Махамбет образына қатысты Қ.Жұмалиевтің пікіріне келетін болсақ, ол екі батыр образы жасалу жағынан бір-біріне ұқсастығын аңғартады. Мұны жырды оқу барысында көз жеткізу әсте қиын емес және бұған ақынның қос батырды бірдей сүйіп, бірін-бірінен асырмауды алдына мақсат етіп қоюы да негіз болса керек. Жырда Махамбет те Исатай сынды халық үшін қандай қиындық атаулы болмасын төзетін, төтеп бере білетін батыр образында суреттелуімен қатар қиын сәттерде қалың қолға рух беруші жауынгер ақын екендігін ғалым мына жыр жолдары арқылы дәлелдей алған. 

Бұл күнге дейін тудырып, 

Осынша қолды қырдырып, 

Тұрғаның ерлер қалай деп? 

Бәйге Тарлан астында, 

Жалғыз айыл төсінде, 

Ата аруағын қоздырып, 

Айырылды батыр есінен, 

“Ағатайлап” ат қойды, 

Аянсын батыр несінен. 

Жырдағы батырдың ерлік іс-әрекеттерін суреттейтін тұстар Махамбет образын ашуда жеткіліксіз екендігін түсінген ғалым, бұған басқа кілт іздегендігін байқаймыз. Бұл жолда зерттеуші тапқан тәсілдің бірі Махамбет образының Исатай образымен бірлік жақтарын сөз қыла бермей, оның орнына бұлардың айырмашылығын ашып көрсету деп білді. Ғалым Махамбет образын ашуда түрлі тарихи деректі жырымен бірлікте қарай біледі. Өзімізге тарихтан белгілі Исатай-Махамбет бастаған қол алдауға түсіп, жеңіліс тапқаннан кейін сегіз айдай қашып жүріп, 1837 жылдың қысында Жайықтың арғы бетінен бергі бетіне өтетіндігі. Сонда алғашқы 3 мың кейбір деректерде 3 жарым мың қолдан 40 шамалы ғана қалады. Жігіттің жігіттігі сыналар сәтте кейбірі жаси да бастайды, міне, жырда осы көрініс суреттелетін тұста Махамбет образының ерекшелігін ақын аша білгендігін ғалым мына жолдар арқылы дәлелдей алған. 

Жайық еді Төлеген

 Әңгіме топта қозғаған. 

Алла деп ауызын ашқанда, 

Тасқын судай жылысып, 

Бір сөзден бір сөз қоздаған

Қамауда қалған елді айтып, 

Үйренген жастан жерді айтып,

 Боталы нардай боздаған. 

Махамбет батыр секілді, 

Қайрат беріп сөз айтпай,

 Қайғыға салып сөйлейді, 

Қалған деп неміз тозбаған. 

Бұл жерде Ы.Шөрековтің “Махамбет батыр секілді”, “Қайрат беріп сөз айтпай” деп тұрғаны Махамбет ақын өзінің атақты “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңін осы мұз үстінде шығарған көрінеді. Мұны Исатай-Махамбет көтерілісін зерттеуші ғалым Х. Досмұхамедұлы да растайды. 

Қ.Жұмалиев Махамбеттің жеке адам ретіндегі қасиетінің бірі, өзі дұрыс деп тапқан жолдан, алдына қойған мақсатынан, қандай қиындық кездеспесін, тосқауыл тұрмасын болмайтын іс деп, бордай езіліп қайтқан кісі емес екендігіне дерек болар дәйектемелерді де көрсете біледі.  Мұны біз жырдан да, тарихшылар келтірген құжаттарданда көре аламыз. Исатай мен Махамбет образдарындағы айырмашылықтардың өзі осында жатқан сияқты. Біз өзіміз сөз етіп отырған жырда Исатай шешуші сәтте екі ұдай ойда қалып, солқылдақтық танытса, Махамбеттен оны көре алмаймыз. Сондықтан да Махамбет бітімгерлікке келген хан елшілерінің іштерінен қулық сауып жүргендерін Исатайға ескертеді. 

 

Хан елшісі келгенде, 

Махамбет айтты батырға: 

Осының бәрін өлтіріп, 

Бастарын деді қиялық 

Осылар бізді алдап жүр, 

Әскерге хабар жолдап жүр, 

Ендігі тілді тиялық 

Бекмағанбет туғаным, 

Өлтірем десең, маған қош, 

Жүрмеңіз менен ұялып.

Зерттеуші бұл жерде Махамбет ақын “Қара қазан, сары ауыз бала қамы үшін” жолында қарсы тұрған кімді болса да құрбандыққа шалуға дайын екенін аңғартады дейді. Ы.Шөрековтің “Исатай-Махамбет” жырын талдау барысында ғалым ақынның образ жасауда, оқиға желісін дамытуда, әлеуметтік өмір құбылысын суреттеуде тарихи жырдың жанрлық сипат талаптарына жауап бере алатын шығарма жасай алған деген қорытындыға келеді.  Қ.Жұмалиевтің аталмыш жыр авторының дүниетанымдық көзқарасын ашып көрсетуде көп жағдайда ақынның хан сұлтандарға қарсы кейістік көзқарасын мақұлдағанын аңғару қиын емес. Өйткені, зерттеуші өмір сүрген, кеңестік идеология билік құрған уақытта басқаша ойлау, басқаша пайымдау жасау мүмкін емес еді. Сол себепті, күні кешеге дейін Жәңгірдің кемшілігі теріліп, игі істері айтылмады. Бірақ бұған қарап, ғалым Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің мәнін түсінбеді, жырды дұрыс талдамады десек қателескен болар едік. Бөкей ордасы мен кіші жүз қазақтарының әлеуметтік, экономикалық жағдайлары, ішкі қыжыл, қоғамдық ахуал біршама дұрыс көрсетілді. Кейбір ру басыларының Исатай мен Махамбетке қосылуында бақай есеп жатқандығын да жан-жақты ашып бере алды. Қ. Жұмалиевтің “Исатай-Махамбет” жырына қатысты айтқан пікірлерін қорытындылай келіп айтарымыз, ғалымның шығарма идеясы мен ондағы образдарды ашып көрсетудегі пайымдаулары өміршеңдігімен, шынайылығымен қазақ әдебиеттану ғылымында құнды. 

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында сұрапыл жырлармен халықты күреске шақырып үндеген Махамбеттің ақындық дарыны ерекше.
Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы – өршіл жырлары болды.Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салды. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады. Жалғыздықтан күйінген ақын, өз сырын өлеңмен айта берді. 

Махамбет халық басындағы бақ пен сордың жалқылық мысалына жұбанбайды, заман дүмпуi тудырған iрi ағымдардың аққарасын саралап толғанады. Бұл ретте, оның санасы сергек, танымы терең, мақсаты айқын. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтiк теңдiгiн  Махамбеттен терең жырлаған, Махамбеттей жеткiзе жырлаған ақын қазақ топырағында некен-саяқ. Дәстүрлi талғамымызда хас өнердiң бойына сұлулық пен шындық тең бiтiп, қоржынын аудармауы керек. Махамбетте мұның екеуi де кәмiл. Ол сонысымен көшпелiлер мәдениетiнiң аса тегеурiндi соңғы тұяғы ретiнде мойын бұрғызады. Махамбет өзiнiң рухы асқақ жырларын жыршылығы тасып шығармаған. Оның бойындағы буырқанған аста-төк өнер күрес жолындағы ең оңтай қаруы болған.

Махамбет Өтемісұлы  – ұлт тарихында ақындық өнерді өмірмен өрнектеп, батырлық болмысымен биіктеткен тұғырлы тұлға. Ол батырлық даңқын ақындық қуаты арттырған, сол арқылы биік белеске көтерген. Ақын поэзиясы ел мүддесін, ұлт мұратын, әлеуметтік мәселелерді әр алуан қырларынан көрсетуімен маңызды. Махамбеттегі ұлттық рух, сол тілдің барлық болмыс, байлығын қолдана білуден туындайды. Ақын поэзиясынан жыраулық дәстүр мен жекешіл ақындық, даралығы астасып жатқандығын көреміз. Өмір мен өлім, ерлік пен өрлік, күн мен түн т.б. мәңгілік тақырыптарды толғаудан бастап, нақты кейіпкер, жеке адам басындағы күйді Махамбет түрлі әдіс-тәсілдермен оқырмандарға жеткізе білген. Оның өлеңдері, жыр, толғаулары оқырманның көкейіне бірден қона кетеді. 

Махамбет заманының озық ойлы, терең сырлы табиғи таланты деп балауға лайық ақын екендігіне көз жеткендей. Ақын – өз өлеңдері арқылы өзінің тарихтағы биік тұлғасын, әдеби образын жасап кеткен. Махамбеттегі ұлттық рух, оспа тіліміздің барлық байлығын сарқа пайдалануында десек артық айтқандық болмас еді. Сөз саптауы, сезім мен сырды жеткізу, бейнелеу тәсілдері мүлде бөлек. Сондықтан да біз Махамбет жырларын жазбай танимыз. Бұл ақын стилінің даралығы болса керек. Тағы да қайталай кететін ақын ерекшелігі халық поэзиясында тұрақтанған бейнесі сөздерді жандандыра, түрлендіріп, көркемдік әсерін арттыра қолдануда өзіне дейінгі ақын, жырауларымыздан дараланып тұрады.

Ойымызды қорытындылай келе, Махамбет ақын поэзиясын зерттеуде ерен еңбек еткен ғалым Р. Сыздықованың мына бір сөзімен түйіндей кетуді жөн санадық: «Осы аралықта – ескіні жинақтап, түйіндеп, жаңаны бастауда – қазақтың төл әдеби тілінде із қалдырған сөз шеберлері тұрады. Солардың бірі емес, бірегейі Махамбет Өтемісұлы болды. Махамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ әдебиет пен әдеби тілдегі орны жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол – жыраулар мектебінің нәрі мен барын алып, оны ақындық дәстүрге қиюластырған қаламгер».

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар